Қостанайлық ақын Абылай Мауданның «Дайдидау» поэмасы испан тіліне аударылды. Ол бұған дейін қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарық көрген еді. Шығарманың басты кейіпкері – қазақтың ғана емес, түгел түркінің алапат рухты ақыны Мағжан Жұмабаев.
Елімізді әлемге танытқан дара дарын Димаш Құдайберген орындайтын «Дайдидау» әнін арқау еткен кітап әншінің шетелдегі жанкүйерлерінің зор қызығушылығын тудырды. Қазақ қаламгерінің кітабына «құда түскендердің» бірі – мексикалық ақын Магда Евенгалиста. Оның шығарманы өз ықтиярымен тәржімалағанын естіп, мұхиттың арғы бетімен байланысқа шыққан едік. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Құрметті Магда, біз сіз туралы алғаш рет осы жылы ұлттық телеарна арқылы білдік. Ал сіз Қазақстан туралы алғаш рет қашан біле бастадыңыз?
– Осыдан 4 жыл бұрын Facebook желісінде кездейсоқ тараған бейнероликтен Димашты көріп қалдым. Оның музыкасы бірден баурап алды. Одан әрі әнші туралы ақпарат іздеп, шығармашылығын зерттей бастадым. Осылайша маған мүлдем жаңа әлем ашылды. Ғажайып бір елді, яғни, Қазақстанды таныдым. Қазақтармен достық байланысым орнады.
– Сіздің «Димашқа хаттар» (Letters to Dimash) атты жыр жинағының авторы екеніңізді естідік. Өзіңіз, шығармашылығыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Мен кәсіби жазушы емеспін. Негізгі мамандығым – салық және әкімшілік саласы, дегенмен өлең жазуды бала күнімнен жақсы көретінмін. Бір кездері бұл хоббиімді шетке ысырып, ұмыта бастаған едім, Димаштың арқасында шабытым қайта оянды. Жазғандарымның деңгейі қандай екенін білмеймін, бірақ әр сөзім жанымнан шығады. Өзге де «Dears» (Димаштың жанкүйерлері) менің сезімдерімді түсініп, қолдағанда қатты қуанамын.
– Кітап шығару сұраныстан туындады ма?
– Солай десек те болады. Әуелі Димаштың әнінен алған әсерімді жеткізу үшін жаза бастадым. Оларды Facebook-тегі «Letters to Dimash» парақшасына жариялап жүрдім. Көптеген жанкүйерлер жазылып, жылы лебіздерін білдіре бастағанда шынымен таңғалдым. Уақыт өте келе олар бұл хаттарды кітап етіп шығаруымды өтінді. Сөйтіп, сіз айтқан дүние жарық көрді. Оны ана тілім – испан тілінде ғана емес, ағылшын тіліне де аударып, кітап таратумен айналысатын арнаулы платформаға бердім. Кітаптың таралымына сол платформа жауапты. Жеткізу шығындарын есептей отырып, бағаны да өздері реттейді. Өз басым оқырманға салмақ түспеуі үшін мүмкін болғанша ең төменгі бағаны таңдадым. Көздегенім – табыс табу емес, жай ғана жазудан ләззат алу. Бұл кітап алдымен Димаш Құдайбергеннің тыңдармандарына арналған. Өйткені менің жазғандарымды, ондағы сезімдерімді тек солар ғана терең түсініп, қабылдай алады деп ойлаймын.
– Кітап оқырмандар арасында қаншалықты танымал?
– Қазіргі уақытта кітабымды Мексика ғана емес, АҚШ, Испания, Аргентина, Чили және Германиядағы оқырмандар да қалап, сұратып жатыр. Оған шексіз ризамын. Өйткені Димаштың есімінің өзі үлкен жарнама. Десек те мен жазушылыққа өте құрметпен қараймын. Негізгі мақсатым – «Dears» қауымдастығының Димашқа деген ықыласын, біздің бойымыздағы оның өнері оятқан сезімдерді тарих бетінде қалдыру. Бір-екі ғасырдан кейін, біз бұл дүниеден өткен соң Димаштың есімі музыка тарихындағы ең ұлы тұлға ретінде жарқырап тұратынына күмәнім жоқ. Мүмкін, сол кезде әлдекім шаң басқан бұрыштан менің шағын кітабымды тауып алып, кездейсоқ оқып отырып, біздің өз әртісімізді қалай жақсы көргенімізге және шексіз жарық жұлдыздың қалай туғанына куә болғанымызды білсе деген ниет.
– Димаштың өзі немесе оның ата-анасы сіз туралы біле ме?
– Олардың мен туралы білетін-білмейтінін дөп басып айта алмаймын. Бірақ өткен жылдың қазан айында Димаш Мексикаға келіп, екі мәрте концерт бергенде мен оған сыйлық салып жібердім. Соның ішінде аталған кітап та бареді. Мүмкін, Димаш жанкүйерлерінен алған көптеген тартудың арасында менің кітабым да жүрген болар. Сонымен қатар концерт алдында «Dears» кешін ұйымдастырушылардың арқасында кітабымның мұқабасына Димаштың қолтаңбасын алудың сәті түсті. Бұл мен үшін орындалған арман болды. Димаш жай ғана әнші емес, ол сана мен шексіздікті байланыстыратын, бізді ішкі нұрымызбен қауыштыратын көпір іспетті.
– Димаштың әнін тыңдап, өміріне өзгеріс енген түрлі тағдырларды естіп жатырмын. Оның шығармашылығы сізге қалай әсер етті?
– Әсері өте зор. Менің тарихым көптеген «Dears-тың» хикаясымен ұқсас: әдетте оның дауысы адамға ең қажет кезінде келеді. Ол маған үміт сыйлап, әлемді әлі де жақсы жаққа өзгертуге болатынына сендірді. Жасыратыны жоқ, қазір менің елімде және жалпы Батыста музыканың деңгейі төмендеп кетті; ол өнерден гөрі коммерциялық өнімге айналды. Мұндай музыка жастардың санасына кері әсер етіп, оларды қиын жолдарға итермелейді. Зорлық-зомбылықты, жат әдеттерді дәріптейтін мәтіндер жастардың санасын улап жатыр. Ал Димаштың нағыз өнерді қастерлеп, бейбітшілік пен бауырмалдық туралы үндеу тастауы – менің жас ұрпаққа деген үмітіме жан берді. Дүниеде әлі де сұлулық пен таза өнердің бар екенін түсіндім.
– Димашқа арнап қолдан тоқылған бұйымыңыз да көпшіліктің назарын аударыпты. Осы туралы толығырақ айтып бересіз бе?
– Бұл Димаштың 30 жас мерейтойына арналған, әртүрлі елден жиналған 30 жанкүйердің бірлескен жобасы еді. Әрқайсымыз өз елімізді сипаттайтын гүлді кестелеп шықтық. Бұл арқылы біз тіліміз, салтымыз бен уақыт белдеуіміз әртүрлі болса да, Димаштың үлгісіне еріп, ортақ тіл табыса алатынымызды және бірлесіп әсем дүние жасай алатынымызды көрсеткіміз келді. Бұл сыйлық Димашқа жіберілді. Кейіннен оның Астанадағы мұражайда ұйымдастырылған сыйлықтар мен костюмдер көрмесіне қойылғанын естіп, қатты қуандық.
– Білуімізше, мексикалықтар Димашты ерекше құрметтейді. Тіпті биыл отандастарыңыз Қазақстанның Тәуелсіздігі мерекесінде біздің Мемлекеттік Әнұранымызды шырқады. Мексикадағы өзге жанкүйерлерімен байланысып тұрасыз ба?
– Мексиканың әртүрлі қаласында Димаштың жеті бірдей «Жанкүйерлер клубы» бар. Ал мен – өзім тұратын елдің солтүстігіндегі Нуэво-Леон штаты, Монтеррей қаласында орналасқан «Dimash & Dears Regias» клубына мүшемін. Барлық клуб Димаштың музыкасын насихаттаумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып тұрамыз7
– Телеарнадағы репортаждан ұлыңызға домбыра тартуды үйреткіңіз келетінін білдік. Балаңыз бұл аспапты қалай қабылдады? Қазір қызығушылығы қандай деңгейде?
– Ұлым пианино және гитара сабақтарына қатысады, домбырамен танысқанда оған бірден көңілі ауды. Бұл аспаптың бізге жетуіне жазушы Абылай Маудан, «Алтын домбыра» музыка студиясының өкілі Назгүл Абайқызы, басқа да ақкөңіл жандар көмектесті. Тіпті облыстық Мәдениет басқармасы да назар аударыпты. Оларға шексіз ризамын. Қазір ол аспапты өз талабымен үйреніп жүр. Болашақта домбыра үнін өзі шығарған музыкамен ұштастыруды қалайды. Оны уақыт көрсете жатар.
– Қазір сіз Қазақстан және оның халқы туралы белгілі бір ой қалыптастырып үлгерген боларсыз. Димаштың Отаны туралы не айта аласыз?
– Мен әрдайым «Димаштай дарын одан басқа жерде дүниеге келуі мүмкін емес еді» деп айтып жүремін. Димаш та, оның туған жері де бірін-бірі толықтырып тұрған ғажайып бейне. Қазақстан – мәдениетке, музыкаға және сұлулыққа толы ел. Сіздер тарихты, өнер мен құндылықтарды жоғалтпай, ұлы әрі табысты мемлекет болуды әлемге үлгі ретінде көрсете аласыздар деп сенемін!
– Жақында сіз қостанайлық қаламгер Абылай Мауданның «Дайдидау» туындысын испан тіліне аударыпсыз. Қазақ ақынымен шығармашылық байланысыңыз қашан басталды?

– Димаш шабыт сыйлап қана қойған жоқ, ол маған әлемнің түкпір-түкпірінен тамаша адамдарды жолықтыруға көмектесті. Солардың бірі –ақын Абылай Маудан. Біз онымен пікір алмасып, алыс қашықтыққа қарамастан, дос болып кеттік. Хат алмастық. «Дайдидау» кітабы туралы алғаш әлеуметтік желіден білдім. Ол бұған дейін төрт тілде жарық көріпті. Мен оны пошта арқылы алдыртып, испан тіліне аудардым. Таяуда әдеби басылымдардың біріне ұсыну жоспарымда бар. Біздің елде оның оқырмандары көп боларына күмәнім жоқ. Жанкүйерлері Димашқа қатысы бар әр дүниені құрметтейді. Бұл – өте креатив идея! Димаш арқылы әлемге қазақ әдебиетін танытуға берілген зор мүмкіндік. Сіздердің жерлестеріңіздің поэмасы арқылы мен қазақ әдебиетінің дәмін таттым, ерекше ұнады, әсерлі туынды. Осындай тамаша поэманы испан тіліне аударуға рұқсат бергені үшін Абылай досыма алғысым шексіз.
– Бұл ән мен оның тарихы туралы поэма сізге қалай әсеретті?
– Ән шынымен ғажап! Мен тілін түсінбесем де ондағы мұң-заңды жүрегіммен ұқтым. Тарихын білгім келді. Түрлі қауесет әлеуметтік желіде желдей есіп жатты. Ал Абылай Мауданның туындысы менің алдымнан тағы бір әсем әлемді ашты. Ол – ақын Мағжан Жұмабаев. Бұрын ондай адам туралы мүлдем білмейтінбіз. Интернеттен іздеп, аударып оқып көрдім. Өте рухты, қуатты ақын екен. Қызығы, «Dears» арасында «Дайдидаудың» авторы идеологиялық себептермен 24 мамырда өлім жазасына кесілген, ал араға жылдар салып, дәл осы күні Димаш дүниеге келген»деген аңыз бар. Бұл жай қауесет болса да, Мексика тұрғындарының сондай аңызды тамсана айтып жүруінің өзі таңғаларлық.
– Сырт көзге испан тілді мексикалықтар музыка десе, ішкен асын жерге қоятын халық сияқты көрінеді. Ал поэзияға деген құштарлықтарыңыз қаншалықты жоғары?
– Мексиканың поэзиялық дәстүрі өте бай. Бізде бұл жанрдың Октавио Пас («Нобель» сыйлығының лауреаты), Сор Хуана Инес де ла Крус (барокко дәуірінің үздігі), Амадо Нерво (модернизм), Хайме Сабинес және Рамон Лопес Веларде сияқты ұлы өкілдері бар. Бұл авторлар махаббат, ұлттық бірегейлік, адам болмысы мен әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, испан-америка әдебиетін қалыптастырды. Болашақта Қазақстанмен әдеби байланыс орнатып, бір-біріміздің жазба мұраларымызбен жақын таныссақ екен деген тілегім бар.
– Соңғы сұрақ: Сіз әлеуметтік желіде сүйікті әншіңіз туралы үнемі жазбалар бөлісіп отырасыз. Димаш сіз үшін кім және Қазақстанға келу жоспарыңызда бар ма?
– Димаш мен үшін кім? Бұл сұраққа өз хаттарымдағы бірнеше жолмен жауап бергім келеді:
Димаш,
тұла бойы ән боп туған қымбаттым,
Адамзатқа асқақ үн боп тіл қаттың.
Құрлықтарды жалғайтұғын құдіретін сезіндім,
Мінсіз болмыс, үйлесімін Сенен туған ырғақтың.
Сендік әуен – адами рух, сарқылмайтын арман-ән,
Һәм көпір ол ұлт пен ұлтты жалғаған.
Әрине, Қазақстанға баруды шын жүректен армандаймын. Бір күні өмір маған осы арманымды орындауға мүмкіндік ұсынады деп сенемін. «Дайдидау» кітабындағы QR арқылы сол аттас ұлттық ресторанды барын біліп, мәзірімен таныстым. Қазақтың дастарханы да қызықтырды. Құдайдың әр ісі өз уақытымен болады, алдағыны өмір көрсетер.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Әңгімелескен – Жандос Жүсіпбек
