Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Махат Садық. Гёте мен Несіпбек...

Махат Садық. Гёте мен Несіпбек

15.12.2025

3392

Махат Садық. Гёте мен Несіпбек - adebiportal.kz

«Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...». Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының осы аталы сөзі орда бұзар отызға толмай тұрып, аға ақын Мұқағали Мақатаевтан бата алған сөз зергері Несіпбек Айтұлына арналғандай. 

«Бостандық жырының бозжорғасы» атанған, әр өлеңі әнге сұранған, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңітіп, тұлпарға қанат бітірген, эпикалық кең тынысты поэмалары арқылы алаш тарихының алып панорамасын сомдаған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының шығармашылығының асыл арқауы ұлт рухының болмыс-бітімімен қабат өріліп, өлеңді кие тұтқан қара орман халықтың бөлінбес ырысы сынды қастерлі құбылысқа айналды. Бүткіл адамзаттың тұлғасына айналған әйгілі неміс ақыны, талантына әлем бас иген классик-жазушы, философ, ғалым және өз заманының ықпалды мемлекеттік қайраткері Йоганн Гётенің «Отанды отты жүрекпен сүю керек» атты философиясындағы жырларын оқығанда Несіпбек Айтұлының: 


Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз, 
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?! 
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп, 
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз. 
Біздің Отан өліп, қайта тірілген, 
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген. 
Опат болған ерлер рухы оянар, 
Отан деген лебіз шықса тілімнен. 
Отанменен аспандағы Күн егіз, 
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін, 
Бодандықта болған біздер білеміз! 
Керек қылса жолында оның құрбанбыз, 
Бәріне де белді бекем буғанбыз. 
Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді, 
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!» -деген жыр жолдары еске оралады. 


Гёте де ұлтты жаудан қорғаған неміс батырлары туралы көп өлең жазған. Ерлердің ерлігі жырлау – ұлтымыздың ұлылығын паш ету деген. Гетені зертеушілер мындай эпизодті еске алады. 

1827 жылдың мамырында өткен арнайы жиында Гёте: «Адам баласының бойындағы ғаламат қуаныш пен ерекше бақыт шуағын – туған жерге сүйіспеншілік сезімінен көреміз дейді. Отанды сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күю. Жер мен еліңді жаулаған басқыншының тозағына қарсы тұру, ерік – жігеріңді оятып дұшпаныңды қуып шығу, сол сәттегі азаттықтың пейіштегідей жәннәтіне бөлену. Шаттықтың шырқау шыңы - өз Отаныңның заңдары сені қорғайтынын көру. Адам үшін одан артық бақыт болмайды», - деп ойын түйеді. 

Несіпбек ағамыз да тәуелсіздікті талмай толғайтын, ерлікті тынбай жырлайтын елдік пен ерліктің классик жыршысы. Тәуелсіздікпен бірге ақынның тынысы кеңейгенін, өрісі ұзарғанын кейінгі дастандарынан анық байқаймыз. Гёте Германияны сырт жаудан азат еткен немістің ержүрек герцогтары мен графтарын қалай әспеттесе, Несіпбек те Алаштың арыстарын солай дәріптеп: «Отанның амандығы – ұлы бақыт, Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!» – деп қазақ үшін көздің қарашығындай қасиетті Отан, ел, жерді жырлайды. Әр шығармасы «Аққудың көз жасындай көлге тамаған», мыңдаған оқырмандарының жүрегінен орын алды. Иоган Гёте Германияны қалай жырласа Несіпбек Айтұлы да тәуелсіздік пен қазақтың ерлік тарихын, Шоқанша айтсақ, «рыцарлық дәуірді» ең көп жырлаған қаламгер. Тұтас баһадүрлік дәуірдің келбетін көркем сөзбен кестелеп толық картинасын жасаған ақын. 

Гете немістің абызы. Мемлекет Гетені толық қамқорлыққа алып, шығармашылығына кең мүмкіндік жасаған. Заңға қайшы демей үйінде кітап жазып шалқасынан жатқан Гетеге үкіметі ең жоғары жалақыны төлеген. Ғұмырында ешқандай ауыртпалық көрмеген. Жазғандары неміс ұлтының жаны мен болмысы. Оны адамзаттық құндылық ретінде насихаттап жіберген тағы Герман билігі.

Әділетті ел, адал азамат ұғымына бет бұрған қазақ қоғамы өз билігінің қолдауымен жаңа көзқарас бағдарын қабылдауда. Ұлтты ағарту жолында Гете биігіне жеткен Несіпбек ағынымен алға жүзген, құлашын кең сермеген жас жырауларымыз бар.

Ақын Қалқаман Сариннің «Үш қасиет» толғауымен танысқанымда, Несіпбек Айтұлының: 
Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғызы еске оралады...

Бар екенбіз, нар екенбіз!

Қалқаманды қайталап оқып, Несіпбек рухына тамсанамыз...

Қолыңдағы өз туың, өз байрағың, 
Байрақ деген бағалы сөз ғой, жаным. 
Өлгеніңше құлатпа, биік ұста, 
Сөнгенінше суалып көз қайнарың. 
 
Аузыңдағы өз үнің, өз ұраның, 
Шырқа, кетсін ғаламды кезіп әнің. 
Дақ түсірме даңқына, жатыр мұнда 
Абыройың, 
Айбарың, 
Сезім, 
Арың! 
 
Төріңдегі өз белгің, өз елтаңбаң, 
Адам бақты жаңа атқан сезер таңнан. 
Аманатқа қиянат жасап алма, 
Құдіреттің қарап тұр көзі арқаңнан. 
 
Ту, 
Әнұран, 
Елтаңба - үш қасиет, 
Үш қасиет ұғынсаң күшті өсиет. 
Айбарымен, 
Үнімен, 
Өр рухымен, 
Тұрар сені сүрінген тұста сүйеп.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan