Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Мен тарихқа қалай келдім?...

Мен тарихқа қалай келдім?

27.09.2025

869

Мен тарихқа қалай келдім? - adebiportal.kz

Бүгін «Қаламгер ұстаханасы» жобасымен үшінші лекциямыз болғалы жатыр. Алғаш мына қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдікпен бір кездесу өткіздік. Өткен аптада Тұрсын Жұртбаймен осы жолы мінекей, Қойшығара Cалғара ағамыз келіп, «Түркінің көне тарихы» атты тақырыпта бізге лекция оқиды. Біздің бұл лекциямыз Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында жасалып отыр. Бұл дәрісті күллі жұртшылық, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі адамдар, тіпті болашақ ұрпақ та өзінің қажетіне жарататын болады. 

 

Мен ештеңе көріп отырған жоқпын. Шамасы менен жас балалар, жас азаматтар сияқты. Айналайындар, аман-сау, барсыңдар ма? Бұл кездесу маған ерекше әсер ететін сияқты. Өйткені мен қаламдастарымның алдында арнайы осылайша сөйлеп көрмеппін, бірнеше рет конференцияда, мамандармен де жекелеген тақырыпта сөйлеп жүрміз ғой. Ал қалам иегерлерімен кездесу бірінші рет екен. Сәтімен болсын бәрі! Кездесуіміз бүгінгінің тарихы, қазақтың көне тарихы жөнінде екен. Кез келген халықтың тарихы, былай образды айтқанда шеті мен шегі көрінбейтін ұлы теңіз сияқты. Оның тереңінде жатқан асылдарды, бергі бетіндегісінің де бәрін көріп-білу оңай шаруа емес. Сондықтан оның бәрін бір адам қамти алмайды. Ал енді менің айтатын шаруамды түсіну үшін мынаны айтайын: біз мектепте, университетте, институтта оқыған тарих, тіпті Ұлт академиясының Тарих институты шығарған академиялық «Қазақстан тарихы» туралы еңбектерде де (тәуелсіздік алғаннан кейінгі төрт томдық пен бес томдықта) жоқ дүниелерді айтамын. Бұл айтатындарымды осы жерде тілшілерге сұхбат беруде шет жағалап, қазақша толық айтпағанмен, жобалап айтып жүрмін, бірақ жай жұрт үшін түсінуге қиындау екен. Кейде біреудің айтқан фантастикасындай көрінеді. Оқымай, білмей келгендіктен, шын мәнінде қазақ халқының, жалпы түрік халқының жазылған шынайы тарихы жоқ деп ойлаймын. Тарихымыз бар, бірақ біз оқыған тарих еуропалық таным‑түсінікке, орыс оқиғаларының мүддесіне құрылып, жазылған тарихтың бір мазмұндамасындай ғана. Оның өзінде де қазақ халқының тарихы емес, қазақ мемлекетінің тарихы көбіне археология, қазба деректеріне негізделген. Кейінгілері көне жазба деректермен тіркелген. Ал қазақтың өзінің ауызша тарихы есепке алынбаған. Сондықтан менің сөздерімді бірден қабылдай бермеулеріңіз мүмкін. Дұрыстап түсіну үшін әуелі өркениетке ертерек жеткен, қазір мықты деп есептелетін халықтардың көне замандағы шындықты жазған ғалымдарының төрт‑бес пікірінен қысқаша үзінді келтіргім келеді. Солардың әрқайсына зер сала тыңдасаңыздар, менің сөзім де түсінікті бола бастайды. Әйтпесе, бір қиял‑ғажайып ертегі айтып отырғандай болып кетемін. 

Ендеше, әңгімені созбай бастасам, он үшінші ғасырда өмір сүрген әрі химик, әрі геолог, әрі математик, әрі физик, әрі дінтанушы – талай ірі мамандықтың иесі, заманында «ғажайып доктор» атанған ағылшын ойшылы Роджер Беконның мынадай сөзі бар екен: «Біз, еуропалықтар, түріктерді неліктен және қалайша жабайы етіп көрсететінімізге таңқаламын, түріктердің адамгершілігі, рухани тәрбиесі, ұлттық бірлігі арқылы әлемдік мәдениеттің өріміне қосқан үлесін біле тұра, көре тұра, оларды ұлы халық деп мойындамасқа амал жоқ», - дейді. Бұл –  он үшінші ғасырдың адамы, ағылшын азаматының сөзі. Менің айтып отырғаным – түріктің дәуірлеп тұрған заманында да түріктей қоғам болмаған, өздерінше өмір сүрген деген емес, бұл – дербес ғалымдарының бағасы.

Екінші бір француз ғалымы – әрі жазушы, әрі математик, әрі физик, әрі жаратылыстанушы Жорж-Луи Леклерк де Бюффон былай дейді: «Дүниежүзіндегі алғашқы мемлекет туралы сөз болғанда, көне заманда Каспийдің шығысында жасаған бір халық ғылымды, өнерді және басқа игіліктерді өмірге әкелуімен ерекше құрметке лайық».

Он сегізінші ғасырда өмір сүрген француздың тағы бір ұлы ғалымы Шарль Луи де Монтескьё де осы іспетті ой айтады: «Қазіргі халықтардың ішінде жауынгерлік ерлігі мен даңқтылығы жағынан әлемде бірде‑бір халық түріктерден асып кете алған жоқ. Бұл халық шын мәніндегі әлемнің әміршісі болды, басқа халықтарды құдай осыларға қызмет ету үшін жаратқандай еді. Әлемде болған ең ұлы империяларды құрған да, оларды құлатып‑құртқан да осы халық. Тек жеңістерге мәз болып, сол жеңістердің ұрпаққа жеткізер тарихын толық жазып қалдырмаған».

Тағы да осындай, әрі ақын, әрі тарихшы Альфонс де Ламартин түріктің ерекшелігін айта келе былай дейді: «Меніңше, адамзатта осындай даңққа бөленген түріктерге дұшпан болу – бүкіл адамзат баласына дұшпан болу ғой. Құдай мені сондай күнәлі болудан сақтаса екен деп тілеймін», - дейді.

Бұлардың бәрін ғалымның пікірі десеңіз, шведтің королі Карл он екі де түріктердің тұтқынына түскен адам. Содан босап шығып, еліне келген соң, атақты корольдердің бірі ретінде жаңа соғыста жастай қайтыс болды. Естелігінде өзі: «Мен түріктердің тұтқынымын. Бірақ, әділетті елде тұтқын болудың өзі қандай бақыт», - деп айтады. Қарапайым адам емес, қорламаса, тамағын берсе, соның өзіне-ақ риза болатын. Жалпы, өздеріңіз де талай кітап оқыдыңыздар ғой, тарихта да, жазушыларда да «тұтқын болған адамның бақыттымын» дегенін оқыдыңыздар ма? Осындай шетелдің басшысын да таңқалдырып, мойындатқан жұрттың тарихын қай жерден оқып, қайдан көріп жүрсіздер?!

Міне, сондықтан да түріктерді сыпайылап айтқанда, «өз аталарын мақтай береді» дейміз. Әйтпесе, бәрін аңыз ғой, әңгіме ғой дейді. Айтқаным – жазба деректерге сүйенген әңгіме.

Менің мамандығым – журналист. ҚазГУ‑дің филология факультетінің журналистика бөлімшесін бітіргенмін. Ол кезде журналистика жеке факультет емес болатын. Содан кейін он жыл, тіпті жиырма жеті жылым осы журналистикаға кетті. Сол кәсібімнен демеу алып, жазушы боламын деп талпынып, жаздымповестер де, әңгімелер де жаздым. Сөйтіп, алғаш бір конкурс болды, «Жалын» журналы жариялады. Сол конкурста бәйге алып, жас кезім ғой, «жазушы болып қалған екенмін» деп, жұмысты тастап, Алматыға бардым. Жазушы болайын деп. Бірақ, мен барғанмен, Қойшығара деген жазушы келеді деп күтіп отырған да адам жоқ, білетін де адам жоқ екен. Жұмыссыз қалдым. «Журналистикаға қайта барайын ба?» десем, намыс жібермейді. Алматыда жұмыс істейін десем, не журналы алмайды, не газеті, не баспасы қабылдамайды. Сөйтіп, азғантай жинаған ақшам таусылып, әжептеуір қиындықта қалдым.

Сол кезде өзімді бақытты адам санадым. Маған кілең жақсы адамдар кездесті. Бір жақсы адам қол ұшын беріп, мені «Социалистік Қазақстан» газетіне орналастырды. Осы газет мені адам қылды. Оған дейін мен жай ғана жазушы болам деп талпынып, көркем, қызықты бірдеңе жазуды ғана мақсат ететінмін. Ал жазу арқылы ой айту, ұрпақты тәрбиелеу, ұрпақтың санасын ояту, көкірегіне сәуле түсіру деген ұғым ол тұста менде болмапты.

Ал «СҚ»-ға келгенде, бұл өте беделді газет еді. Қазақстан Компартиясының, Совминнің және Жоғарғы Кеңестің органы болғандықтан, оған шығу атақты ғалымдар мен жазушылар үшін де арман саналатын. Мен әдебиет бөлімінде қызметкер болып істедім. Жағдайым тіпті жақсарды. Сол арқылы қазақтың талай ұлы ғалымымен де, көзі тірі алып жазушыларымен де жолықтым. Сәбит Мұқановтан бастап талайынан сұхбат алдым. Әсіресе, Бейімбеттің тойында Сәбитпен жеті күн бірге болдым. Марғұлан бастаған ағаларымыздың тәрбиесін көрдім, біразынан интервью алдым. Сөйтіп, олар аға мен іні болып, менің көзімді ашты.

Мен Ахмет Байтұрсыновтың ауылынанмын. Бірақ университет бітіріп, «азамат болам, жазушы болам» деп келгенде Ахметтің атын білмей келдім. Өйткені біздің ауылда оның аты аталмайтын. Кейін Ахмет ақталды. Ақталғаннан кейін кітаптары шықты. Сөйтсем, сол өлеңдерінің біразын бұрыннан жатқа біліп жүр екенмін. Сол кездің өзінде біздің ауылда шығарма, өлең деген болды. Мен соғыстың алдындағы баламын ғой. Соғыс кезінде ағаларымыз елге хатты өлеңмен жазды. Жиын‑басқосуларда сол өлеңдер оқылып, кейде қаза болғандар жайлы зарға ұласып, әйелдердің дауысына дейін жететін. Ал ол кезде Байтұрсыновтың шығармасы түгіл, атын атаудың өзіне қауіп бар еді. «Пәленшенің үйіне түсіпті» деген сөздің өзі адамды «халық жауы» қылып жіберетін. Ол заман сондай болатын.

Ал «Социалистік Қазақстанға» келгелі үлкен ағалармен таныстым. Сол кісілер маған газет қиындысын, журналдарды, Алаш азаматтарының кітаптарын берді, солар туралы талай әңгіме айтты. Сол әсерлер санамды жүз сексен градусқа бұрып жіберді деуге болады. Содан бері газетке жазатын шағын хабардың өзінде ұлтқа қатысты бір қайырым қоса кететін дәрежеге жеттім. Сөйтіп жүріп, «жазушы болам» дедім, бірақ «тарихшы болам» деген ой жоқ еді. Жазушы болу үшін тек оқиға құрау емес, сол арқылы бірдеңе айту керек екен. Ағалардың арқасында тарихқа қалай келгенімді айтып отырмын. Бәлкім, біреулеріңізге ой салар.

Әлгі ағалардың ақыл‑кеңесімен материалдық та, рухани құндылықтардың да әрі кетсе мыңжылдықтан аспайтынын көрдім. Мәңгілік құндылық – жер екен. Мен осы жер туралы жазғым келді. Соған іздендім. Қоқан хандығын білетін шығарсыздар, кезінде ол біздің Қазақстанның оңтүстігінің біраз жерін жаулап алған. Сонда қазақтарға көрсеткен зорлық‑қиянаттары сайрап жатыр. Қоқан хандығында қызмет дәрежесі жөнінен төртінші орын саналатын «датқа» лауазымына дейін көтерілген қазақтар болғаны айтылады. Солардың бірі – шешендігімен аты қалған Досбол шешен.

Сері әнші Иманжүсіпті білесіздер ғой. Сол Иманжүсіптің атасы Тұрғанбек датқа Қоқанның қиянатына қарсы көтеріліске шыққан. Көтеріліс жеңіліп, содан кейін көтерілісшілердің бәрін қырып, қырық адамды қазыққа отырғызған. Төрт баған қағып, төрт адамды керіп қойып, екі жағына қазан асып, суды қайнатып, үстіне ыстық су құйып, денесін ағызып өлтірген деген сөз бар. Осындай азапты көргенде Досбол датқа елімен біздің жаққа қашып келіпті.

Біздің елде, менің кіндік қаным тамған жерде, Көкалақ деген жер бар. Соның жанында Сейітқұл қорғаны бар. Сейітқұл деген кісіні білесіздер, Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгімесінің кейіпкері сол. Ол да бір кезде осы жаққа келіп, қорған салып, отырықшы болған. Кейін ол кісі қайтыс болғаннан соң, сол жерге Досбол келіп орналасқан. Міне, содан бері Қоқанның жасаған қиянаттары туралы біздің елдің үлкендері талай әңгіме айта беретін. Кейін заман өзгеріп, Досбол да кетіп қалды.

Мен Қоқан хандығын бір жылдай зерттедім. Сөйтіп, жазам деп, романның тақырыбын белгілеп, жоспарын жасап, бірінші тарауын жазып біттім де, ең жақын досыма көрсеттім. Бес жыл бірге оқыған, бірге тұрған, бірге үйленген досым – Кәрібай Ахметбеков. Бір ғажабы, мен Алматыға келгенде өзіммен бірге оқығандардың көбі менен сәл бұрын екі‑үш роман, кемі бір роман шығарып, белгілі жазушы болып қалған еді. Кәрібайдың да «Ақдала» деген екі томдық романы бар еді. Соған барып, бірінші тарауды көрсеттім. Ол алып қалып, оқып шықты да, кейін хабарласты. Барсам, ең бірінші айтқаны: «Жақсы жазған екенсің. Бірақ мынауың шықпайды. Шықпағаны былай тұрсын, сотталып кетуің мүмкін», – деді. «Неге?» деймін. «Сен Қоқанды жазып отырсың, Совет өкіметі тұсындағы қимылға да тиіп кетесің. Қоқан – кішкентай хандық, СССР – империя. Кез келген сөзіңнен ертең ұстап алады. Ақтап ала алмайсың. Болмайды», – деді. Бүкіл арман‑жоспарым сол сәтте күйді. Айтқаны көкейіме қонды. Оны жазам деп біраз тарих оқып, аздап багаж жинап едім – соның бәрі жайына қалды. Мәңгіріп қалдым, не істерімді білмеймін. 

Біз шағын үйде тұратынбыз, екі подъезі бар. Соның бірінде Сәбит Мұқановтың баласы, этнограф Марат Мұқанов тұратын. Бір күні ойымда ештеңе жоқ, сол кісінің қасынан амандаспай өте шығыппын. Ағай есіктің алдында отыр екен: «Әй, батыр, қарайламай кетіп барасың ғой!» - деді. Сонда барып бұрылып, кешірім сұрадым: «Ойбай, аға, оймен кетіп бара жатқам, байқамай қалыппын, кешіріңіз», - дедім. «Жүзің сынық қой, ауырып жүрсің бе?» - деді. «Иә, жаным ауырады», - дедім. «Өйдөйт, жаныңа не болды?» - деген соң, болғанның бәрін айттым.

Ол кісі: «Досың дұрыс айтқан. Шынында, кітабың шықпай қалуы бір басқа, қуғын‑сүргін көрмесең де, бақылауда болып, жазарыңа кедергі келер еді. Болмайды. Егер жер мен тарих жайын жазам десең, саған тақырып айтайын. Қытайдың Геродоты атанған Сыма Цянь деген кісі бар, соның еңбектерінің аудармалары бар. Соның бірінші томында «Ғұн империясы» деген бөлім бар. Сол Ғұн империясының негізін қалаған кісі туралы: орыстар «Моде» дейді, біз «Мөде» дейміз. Сол кісінің «Земля – основа государства» деген сөзі бар. Міне, нағыз идея – осы. Ертең бірдеңе болса, «Қытай дерегіне сүйендім» дейсің, ешкім саған таласа алмайды.

Ал мен оның тілін де, Мөдесін де білмеймін ғой, енді не істеймін? Содан бастап Қытайды оқыдым. Үш жылдай әртүрлі аудармаларды тауып алып, ақтарып шықтым. Бағыма орай, сол кезде Россияға Қытайда жүрген мамандар оралып, Таскин, Малякин деген синологтардың еңбектері тарай бастады. Бұған дейін біз Ғұн империясын «Хунну» деп атайтынбыз, олар келіп «Сунну» деп оқитынын айтты, біз оны «Ғұн» деп алдық. Осы кітаптардың бәрін оқып шықтым. Оқығаннан кейін бұрынғы ұғымым, «жер туралы жазамын» деген ойым – бәрі өзгеріске түсті. Мәселе тым тереңде екен. Біздің бүкіл тарихымыздың талай тұсы дұрыс жазылмағаны, шындықтың бұрмаланғаны жөнінде біраз нәрсе көрінді.

Әрине, бір Қытай дерегімен ғана шектеліп қалуға болмайды. Содан кейін алты жыл бойы зерттедім, бір күн академия кітапханасында, бір күн Ұлттық кітапхананың қорында. Оқып‑зерттеп жүріп, тарихқа біржола кірістім. Сонда көргенім – біздің тарихтың қатты бұрмаланған жерлері бар екені, жасалған көренеу қиянаттар. Онымен бірге сол кезеңде Алаш азаматтары да ақталып жатты, олардың еңбектерін де оқыдым, не үшін күрескендерін зерделедім. Осыдан кейін ойым да өзгерді. Жазудағы түпкі мақсат – тек оқиға баяндау емес, сол арқылы бірдеме айту екенін анық түсіндім.

Сөйтіп жүргенімде Ақселеу Сейдімбековпен жақын араластым. Екеуміз «Социалистік Қазақстанға» бір жылда келгенбіз, арада бір‑екі ай ғана айырма бар шығар. Келген күннен бастап жақсы қатынаста болдық, ақыры ағалы‑інілі болып кеттік. Ол менен үш жас кіші еді, өте ұшқыр жігіт екен. Менің зерттеп, біліп жүрген дүниеме оның да бұрыннан ықыласы болыпты. Қазақстанның бүгінгі территориясы, шекараны бекіту жайлы басқосуларда айтылған әңгімелер, Әлімхан Ермеков – бәріне ортақ қызығушылығымыз болды. Таптырмайтын серігіме айналды.

Бір күні арнайы келіп, ұзақ әңгімелестік. Ол кезде екеуміздің де әдебиеттен үш кітаптан шыққан, жылдық қорытындыда мақталған кезіміз. Сонда Ақселеу: «Қойшеке, біз мұнда тамақ асырауға келген жоқпыз ғой. Алматыға жазушы боламыз деп келдік. Талабымыз жаман емес: сенің де, менің де кітаптарым шықты, жыл сайын мақталамыз. Бірақ бұл – шедевр болғаннан емес, салыстырмалы дүние. Жазғанымыз орта қол, орта қолдан сәл ғана жоғары. Қазақ халқы орта қол жазушыға зәру емес. Әдебиет – төрт құбыласы түгел елдің ұрпағын моральдық‑эстетикалық тәрбиелеуге арналған құрал. Ал біз сияқты үш жүз жыл бодандық көріп, тамырынан, тілінен, ата дәстүрінен ажыраған халықтың кейінгі ұрпағын тәрбиелеуге танымдық дүние керек», - деді. «Мен Қарағандыдан Алматыға келгеннен бергі еңбегіңді бақылап жүрмін. Өзім де тарихқа бармақ едімТүрік қағанаты туралы, жұрт сүйіп оқитын бір жақсы дүние жазам деп дайындалып жүр едім. Бірақ ойымды өзгерттім. Сен тарихты менен гөрі жақсы білесің. Бүгіннен бастап әдеби шығарма жазуды қой, мен де қояйын. Сен  тарихқа кіріс, мен мәдениет пен өнерге ден қояйын», - деді.

Сол күні екеуміз төс қағыстырып, қол беріп серттестік. Ақселеу өле‑өлгенше әңгіме де, новелла да жазған жоқ. Есесіне, жазған дүниелерінің алды – «Күмбездер», содан кейін «Түрік әлемі», «Түріктің ауызша тарихы», «Түріктің күйлері», «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың шешендік сөзі», «Қазақтың қара өлеңі», ең соңында «Қазақтың бейпіл сөзіне» дейін шығарды. Соңғысына жинақ жасап жүргенде мен қарсы болдым: «Ертең жабылып талайды, керегі жоқ», - дедім. Ол: «Жоқ. Мәдениетке қатыстының бәрі – қазақтың дәстүрі, салты, дүниетанымына қатысты сыңар  сабақ жіп далада қалмауы керек. Ертең ұрпақ өзі таңдап алады», – деді. Сөйтіп, талай жылын соған арнады.

Мен де бір әңгіме, бір повесть жазбай, тарихқа ауыстым. Тарихи шығармамен айналыстық. Алғашқы кезде совет заманы ғой, әдеби‑тарихи тақырыпта шығарма жаздым. Роман‑эссе жанрын алғаш қолдандым десе де болады, ойыңды оқырманға түсіндіруге, өзің түзеп, мәселені әр қырынан қаратуға өте қолайлы екен. Соны жазғаныма Ақселеу риза болды да: «Енді бірыңғай тарихқа шық», - деді. Сөйтіп, біржола тарихқа кеттім. Қазір, шамамен айтқанда, елу бес жылым сол тарихқа кетті. Журналистік, әдеби кітаптарды айтпағанда, тек тарихтың өзінен ғана қырық кітап жазыппын. Қырық ертегі емес, өзімнің бағалауымда, егер бірдеңе түсінетін болсам, әр кітапта бірнеше тарау бар, сол әрбір тараудың өзі докторлық диссертацияға тақырып боларлық дүниелер. Ешкімге өкпем жоқ. Барлығы жарық көрді, соңғы бітірген кітабым ғана әлі шыққан жоқ, содан басқаның бәрі шықтыКөп болса алтауы мемлекеттік тапсырыспен шықты. Алды мың данадан, кейін бес мыңнан шығара бастады. Қалғандарын оқушыларым шығарып берді.

Кешегі коронавирус деген бәледен өлім аузынан қалдым. Соған дейін өздері менде өшередте тұратын. Өздері телефон соғып: «Қалыңыз қалай? Не істеп жатырсыз?» - деп хабарласады. «Мынаны мен шығарып берейін», – деп алады да, соның бәрін шығарады. Тиражы жүз мың, екі жүз мың, әрі кеткені үш жүз мың дана. Ол ешкімге тиген жоқ, он бес данасын әкеліп береді, қалғанын өздері сата ма, достарына бере ме – өздері біледі. Оны жұрттың бәрі біледі деп есептемеймін. Ал интервьюді журналист азаматтар алып жүр, осында ақырындап бәрін кертіп айтып отырмын. Соңында берілген комментарийлерде көпшілігі жақсы‑жақсы тілек айтады. Бірақ халықтық қозғалыс деген бар ғой, қазір кез келген тақырыпты шулап қояды. Сегіз жүз жылдан асты – Шыңғыс ханға күні бүгінге дейін таласып келеміз. Бүгін бірдеңе жазыңызшы, ертеңіне шу ете қалады. Ал мен әлемдік деңгейде үш жаңалық аштым. Осы деректердің арқасында қазақ әдебиеті тарихына қырыққа жуық жаңалық пен каталог түзедім. Біреуіне де ештеме жоқ. Тек біреуін ғана Қорқыт пен Түрік қағанаты дәуіріндегі үш бірдей қағанның уәзірі болған Тоныкөк екеуінің бір адам екенін дәлелдеген мақаламды Түркияның екі журналы көшіріп басты. Ал басқасына не тарихшы, не жазушы, не журналист – біреуі бір ауыз сөз айтқан емес. Мен сіздерге әлгі кісілердің атын атап, еңбектерінен мысал келтіріп, өз ойымды айтуым да содан. Енді айтарымды дұрыс қабылдасаңыздар деймін. «Міндетті түрде шындық» деп қабылдамай‑ақ қойыңыздар, өз пікірлеріңізбен салыстырып, «осылай да болуы мүмкін екен» деп ой жіберіп қарасаңыздар көп зат түсінікті болады. Иә, айта берсе сөз көп.

Бірінші, дүниежүзі тарихы, соның ішінде өз тарихымыз, Кешегі Совет Одағы кезіндегі тарих бізді көшпелі халықтар дейді. Адамзат баласын типтендіргенде үш тегін: европеоид, негроид, монғолоид деп бөлдік. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында адамзат баласының тұқым‑қуалаушылық қорының молекуласы сақталатын генетикалық материалды анықтайтын ДНҚ тәсілі шықты. Сол генетикалық тәсіл табылғанға дейін «түрік» деген атау тарихқа дұрыстап кіргізілмеді. Оның орнына «көшпелілер», «номад» деген ұғым жүрді. «Номад» – гректің сөзі. «Номадус» дегеннің анықтамасы – ірі елді мекендер мен қалалардың төңірегін жағалап күнкөрісін табатын, ешбір кәсіппен айналыспайтын дала кезбелері. Мұны Американың Рахве деген ғалымының «Номадизм» деген үш томдығында айтады, көне энциклопедияларда, көне антропологиялық сөздіктерде де осылай берілген. Ал орыстар «nomad» сөзін «кочевники» деп аударды. Біз өзімізді ешқашан «көшпелі, көшпендіміз» деп айтпағанбыз. Жаңа термин болғаннан кейін аудармашылардың бірі «көшпелі», бірі «көшпенді» деп берді. Тіл ғылымының заңдылығы бойынша атау сөз «кім? не?» деген сұраққа жауап береді. «Көшпелі»  де «көшпенді» де ол сұраққа жауап бермейді, атаулық қызмет атқармайды. Бізде «көшпелі құм», «көшпелі бақыт» дегендер бар – сапалық белгі. Ал «көшпенді» деген сөз қолдан жасалған. Мынандай отрицательный сөздер бар ғой «жуынды», «тастанды» сияқты, жасанды жұрнақпен шыққан. Бүгінде мектеп оқушысынан бастап академикке дейін осы екі терминді салыстырып болды. Бұл – өзімізді өзіміз бағаламаудың, өз тарихымызға оң көзбен қарамаудың, жұрт айтқанды ойсыз қайталаудың бір көрінісі деп есептеймін. Әсіресе орыс тілділер «номадизм», «номад» дегенді қолдануды білімділіктің бір үлгісі деп санайды. Ал мен соңғы кітаптарымның бірінде «көшпенді» де демеймін, «көшпелі» де демеймін «көшкінші» деймін. Бізде «көшкінші» деген сөз бар: рудың да, тайпаның да, жекелеген кісінің де аты кездеседі. Біздің «көшкіншілік» маусымға байланысты жартылай отырық, жартылай көшіп жүрген тірлік.

Сол сияқты адамзат тарихын біз бірнеше дәуірге бөлеміз: көбіне «тас дәуірі» дейміз де, одан кейін адами өмірбаянымыз басталған кезеңдерге келсек, құрал‑жабдық атауларымен атай береміз: алтын дәуір, күміс дәуір, қола дәуір, мыс (жез) дәуір, темір дәуір. Ескі тарихта да болған, бірақ оларда бұл металлдың аты ғана емес, адамның азат ұрпағының даму сапасын көрсетеді. Біз көбіне археожіктеумен «палеолит, мезолит, неолит» деп үшке бөлеміз, ал әлгілер беске бөледі: алтын дәуір, күміс дәуір, қола дәуір, жез дәуірі, темір дәуірі. Адамзат осы төрт‑бес дәуірдің әрқайсысында даму шыңына жеткен соң өзін‑өзі құртқан. Бір өркениет құлайды содан кейін қайтадан жабайы тіршілік басталып, «тас дәуірі» тәрізді кезең қайталанады, қайта өркендейді де, тағы құлайды. Қазіргі біз бесінші дәуірде жүрміз. Осыған дейінгі төрт дәуірдің үшеуінің қалай кеткенін тарихтан еш жерден толық кездестіре алмадым. Ал төртінші дәуірдің қалай кеткені туралы толық дерек бар. Ол дерек, мысалы, «Махабхаратада» (Үндістанның дастаны) жазылған. Онда қалай басталып, қалай болғаны түгел баяндалады. Оның ішінде сегізінші бөлік пе еді, нақты есімде емесСамара ханы Радха (Рада) туралы дастан бар, соның бір жыры екі жүз отыз жолдай тура осыған арналған. Онда бүгінгі біз таңғалып жүрген дрон да, робот та, ұшқышсыз ұшақ та, атом бомбасы да – бәрі де бар; атом бомбасы әр жерде жарылған. Атлант туралы бір аңыз айтамыз ғой – Европа мен Азияны жаулап алмақ болған жорығында осылардың бәрі қолданылып, дүниежүзілік апат болған. Жаңбыр ғана емес, теңіз‑мұхиттар төңкерілген топан жүрген. Тағы бір, әлі адамзат баласы жасап үлгермеген «балғыр көзі» деген тетік бар, оны төрт адам іске қосады екен, соны іске қосқанда әлгіндей ақырзаман орын алғаны айтылады. Ал ақырзаманның қалай болатыны, қалай тоқтайтынына дейін жазылған бірнеше дерек бар екен. Бәрі де айтылмай келген. Мысалы, Му мен Атлант екеуі бір түнде кеткен деседі. Алпыс төрт миллион халқымен Му деген континент бір түнде жер астына кеткен. Мудың қалай кетіп, қалай тоқтағанына дейін баяндалады. Оның алдында біздің Нұқ пайғамбардай сақтандырған оқиға бар ғой, адамзатқа ортақ сияқты. Әлемде Нұқ пайғамбарға ұқсас жеті адам туралы айтылады. Олар алдын ала хабарлаған, бәрін ескерткен. Мысалы, гректерде баяғы атақты Прометейдің баласы Девкалион туралы айтылады. Тауратта Ной, Вавилонда Ксеркс, Мексикада Натана, Авестада Ирима – осы сияқты жеті адам апаттың боларын алдын ала жеткізген. Соның ішінде насихатшылар да болған: қара киім киген бір адам халық жиналған жерге барып, «сендердің сарайың да, алтың да, күмісің де, билігің де құтқара алмайды, сұмдық апат болады, алдын ала сақтаныңдар» деген. Соның төртеуінде де айтылғандары, төрт жерде жазылса да, салыстырып қарасаңыз, бәрі бір көріністі көзбен көрген адамдардың сөзі сияқты. Бұлардың бәрі айтылмай келген дүниелер. Осылай кете берсе, бірінен бірі шыға береді. Негізгі тақырыпқа келейін. Бізді «көшпелілер» деп айта береміз ғой, ал біз ешқашан да көшпелі болмағанбыз. Надандықпен бізді «жабайы көшпелі халық», «өркениетке жеткен халықтың игілігін қиратушы тағылар» деп танытты. Ал шындап келгенде, сол өркениетті жасаған өзіміз екенін жоғарыда аталған авторлардың сөздерінен көрдіңіздер. Ең ғажабы – бүкіл адамзат баласы түріктен жаратылған деген, алғашқы тіл де түрік тілінде болған деген пікір бар. Мұны қысқаша ғана түсіндіріп кетейін.

Бірінші адамзат баласы жаратылғандадіни кітаптарда айтылады, Жаратушы әуелі он сегіз мың ұлы ғаламды жаратқан: жан‑жануарды да, жерді де, аспанды да, бәрін. Содан кейін «өзімізге ұқсатып адам жасаймыз» деген, сол адамды жасаған. Одан соң адам жалғыз болмасын деп қабырғасынан Хауа анамызды жаратқан. Мұның бәрін аңыз‑діни кітаптардан білесіздер. Сол алғашқы кезде адамзаттың бәрінде тіл болмаған, сөйлеу болмаған: жан‑жануар да, адам да бәрі дыбыспен сөйлескен. Бұны үн кезеңі дейді екен. Кейбір ғалымдар «дыбыс кезеңі» деп те атайды. Бұл біраз заманға созылған. Одан кейін ым кезеңі басталған. Ым кезеңі – ең ұзаққа созылған кезең; ғылымда қазір «адамзат баласының дүниетанымының әліппесі» деп жазылып жүр.

Осы тақырыпты қозғасам, Евразия университетіндегі математик Рысқұл Ойнаров деген азамат еске түседі. Оның «Ойнар терезесі» деген, әлемдік деңгейде мойындалған теориясы бар. Сол кісімен әңгімелескенде, мен «әуелі ым болды, содан кейін сөз пайда болды» дегенмін. Ол: «Дұрыс айтасың. Ым кезеңі – терімшіліктен аңшылыққа шыққан кезде пайда болған», - деді. Ақылға келеді: айқайлап белгі бере алмайсың, сондықтан ымдайсың. «Сен былай бар, сен ана жаққа бар» дегендей. Ол кезде аңды қоршап алып, жерді шұңқырлап қазып, соған құлатып алатын. Баяғы кітаптардан оқыдық қой, мамонтты шұңқырға құлатып, таспен ұратын. Сол сияқты аң аулаған.

Сол жерді қазып, сүйекпен, ағашпен бекіткен. «Қаз» деген тайпаның аты да содан шыққан дейді. Ал алғашқы, әлемде ең әуелі жаратылған тайпаның аты – «тұр»: екі аяғымен тік тұрған – «тұр». «Төр», «түр»  бәрі содан тарайды деген сөз. Міне, осы ымнан кейін барып сөз шыққан. Сөз – адамзат баласының адами тірлігінің бастамасы. Көкіректен шығатын дыбыс жан‑жануардың бәрінде бар: жыланда да, құста да, аңда да. Ал сол көкіректен шығатын дыбысты сөзге айналдыратын құдірет тек адамда ғана бар.

Алғаш жаратылғанда адам Жаратушының сүйікті жаратылысы болды. Ең бірінші кезең – алтын дәуір. Ол дәуірдегі адамдардың тұруы, жасауы бөлек болған. Кейін келе адамдар бұзыла бастап, сол кезде елін де құрта жаздаған. Сол алтын дәуірдің ғұламалары «Өзіңді таны» деген бағдарламаны жасаған. Ал құлдыраудан кейінгі дәуірдің ғұламалары «Өзіңді өзің таны» дегенді айтқан. Біздің бүкіл тірлігіміз, түптеп келгенде, осы екі бағдарламаның төңірегінде.  Жаңа айттым ғой: бәрін Жаратушы жаратты дедік. Соның ішінде Алла тағала өзіне ұқсатып, ең сүйкімді жаратылым етіп адамды жаратты. Ал сол адамға жан‑жануардың ішіндегі ең қажетті қасиеттерін дарытқан, оның үстіне адами қасиет қосуды да ұмытпаған. Көрдіңіз бе, «өзіңді таны» дегеннің өзегі – осы адами қасиетті тану. Әр адам өзін өзгеден артық көреді. Ешкім ешкімнің ішіне кіріп шыққан жоқ: кім не ойлап отыр, не қойып отыр, не істемек – өзіне ғана мәлім. Мәселе – өзің. Сен хайуан емессің, адамсың, тегіңді біл. Адам болып өмір сүр, адамдық қалпыңды сақта – айтпағым осы.

Келе‑келе адамзат өзін «біз» және «басқалар» деп бөле бастады. Еуропалықтардың «Евросинтезм» деген ағымының әлегінен, Еуропа мен техникалық игіліктерге алғаш қол жеткізген елдердің азаматтары өздерін ерекше санады: «біз» – жеңіске жеткендер, елді жаулап алған мемлекеттер, халықтар; ал қалғандары – «басқалар». Әуелде «біз» аз еді, «басқалар» көп болды. Кейін өркениет алға басқанда бұл бөлініс өзгеріп, «тарихи халықтар» және «тарихи емес халықтар» деген ұғым пайда болды. «Тарихи халықтар» – игілікті, өркениетті жасаушылар, мәдениеттілер; «тарихи емес халықтар» – жабайылар, тағылар, қиратушылар. Одан соң ғылым, сана, қоғам өзгергенде тағы да жаңарып, «отырықшылар» мен «көшпелілер» дегенге көшті. Қазір оқулықтарда бар – өзіміз де оқыдық.

Ал біздің бағдарлама – «өзіңді өзің таны» және «адам бол, адамдық қалпыңды сақта». Айналаңдағы өзге де – сен сияқты адам: біреуге қандай қиянат жасасаң, соны өзіңе жасалғандай сезін. Бұл – адамгершілікті айшықтайды. Ал анадағы бөлініс бәсекеге, бірін‑бірі озуға, бірін‑бірі жазғыруға итермелейді. Мәселен, ғылымда да, дінде де адам өмірге періштедей болып келеді – тарих та соны айтады, ғылым да, дін де мойындайды. Қазақ қоғамы мұны ерте таныған. Қазақ бірінші туған баланы «нәресте» дейді. «Нәр» – ана сүті. Демек, нәрестенің санасында әуелі анасының емшегінен келген сүттен өзге ештеңе жоқ. Періште болып тұрған сол баланы пенде қылып шығаратын – өзіміз: бала өсіп, естігенін‑көргенін бойына сіңіріп, жан қалауына, бейіміне қарай жол таңдайды да, пенде болып шыға келеді. Бұл – ұзақ әңгіме. Менің соңғы кітабым дәл осы пендеге айналу туралы.

Енді бір ой туады: «Ондай дерек еш жерде жоқ қой. Жарайды, солай-ақ делік, бірақ мұны дәлелдейтін дерек қайда? Кітаптарда жоқ, философтар айтпаған, тарихшылар, генетиктер де үнсіз емес пе?» дейтіндер бар. Жауабы – сөздің өзінде тұр. Інжілдің төрт авторының бірі – Жохан – «Әуелі Сөз болды» дейді. «Сөзді Құдай жаратты» дейді. «Сөз Құдайға айналды» дейді. Осы «әуелде Сөзді Құдай жаратты» дегенге мен келіспеймін: Сөзді – адам жаратты. Әр сөз – бір ұғымның аты. Ұғымдар жиналғанда, сөз арқылы сенің таным‑түсінігің қалыптасады – мәнісі осы. Ал «Сөз Құдайға айналды» деуін түсінуге болады: ол – сөздің құдіретін түсініп, сөз әлемінің заңын меңгергендер үшін солай. Ата‑бабамыз да білген: «Сөз – өліні тірілтеді, тіріні өлтіреді» дейді. «Сөз – таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтпейді» дейді. Мәңгөбей айтады: «Естіге айтқан асыл сөз – шыңға тіккен тумен тең. Ессізге айтқан асыл сөз – құмға төккен сумен тең». Қысқасы, бәрі – сөзде.

Сөзді адам жасайды дегеннің айқын дәлелі – Ахмет еңбегі. Сондай‑ақ осы заманда ғана дүние салған Ыслам Жарылғапов та бір өзі жүздей жаңа сөз жасап кетті: «аялдама», «мұздақ» дегендер – соның сөздері. Демек, сөз арқылы бүкіл тарихты да тануға болады.

Ғылым да мойындап отыр: әуелі дыбыс болды, сосын амал (ым) болды, одан кейін сөз пайда болды. Ал сөз болған соң, әрбір ұғымды сөзге айналдыру керек – оған ат беріледі, есім беріледі. Мысалы, «тау» – көп сөздің бірі сияқты көрінгенмен, ұғымдық мәнінде – жер қыртысының ең биігі. Ал есім ретінде – сол биіктіктің аты: «тауға бар» десе, өзенге не орманға бармайсың, тура тауға барасың. Яғни кәдімгі кісінің аты сияқты.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Мен қазақ тілінен өзге тілді дұрыс білмеймін, орысша түсінем, оқимын, аударамын, бірақ басқа тілдерді білмеймін. Сонда да ғалымдардан сұрастырдым: дыбыстан кейінгі ең көне кезең – ым. Қазақта «ым» ұғымы айрықша: қазақтың танымдық сөздерінің көбі ымға «тұғыр» етіп жасалған. Әуелде сөз – бір буынды сөздерден жасалған. Кейін бір буындыға бір буынды қосып күрделенген, одан үш буындыға өткен, соңыра жыр‑жырлаулар туған.

Мысалға сөз жасаудың бір тетігін айтайын: «ым‑ды біл» – «біл»; «ымды іл» – «іл». Бізде «ым», «ыл», «іл» деген түбірлер бар; дүниенің ең басында тұрған «а», «ің/ін» тәрізді түбірлер де бар. «Ілдің бе?» – «ілім». Ілім – бастау. «Ілімді алдың ба? Енді соны біл».  «Біл» мен «ым‑ды» қоссаң – «білім» шығады. Міне, сөздің, ұғымның, танымның тірегі – осы.

Жалғасы бар… 

Лекцияны көшіріп, дайындаған: Балнұр Қызырбекқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan