Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Мерей Қарт. Кітап – жеке адамның емес, жалпы ұлтты...

Мерей Қарт. Кітап – жеке адамның емес, жалпы ұлттың интеллектуалдық тірегі

18.02.2026

3459

Мерей Қарт. Кітап – жеке адамның емес, жалпы ұлттың интеллектуалдық тірегі - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағының Абай облысы филиалының төрағасы,  ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Абай атындағы облыстық кітапхананың директоры Қарт Мерей Мейіртайұлымен руханиятқа қатысты ой қозғап, келелі әңгіме өрбіткен едік.

-Мерей аға, біздер газетші, кітапханашы, ақын-жазушы қауымды -оқитын адам аз,- деп шағым айтамыз. Ал шынында «оқитын нәрсе азайды», -дегенді естіп жүрміз. Қазіргі заманның адамын қалай газет, кітап оқуға тартамыз? Немен, қалай қызықтырамыз? Біз қызық емес болып қалмадық па?

-Қазіргі заманның адамын кітап оқуға тарту дейсіз...орынды сұрақ. Бұрын газет, кітап оқу деген адамдарда табиғи қажеттілік еді, өйткені ақпараттың басқа көзі аз болды. Адам білгісі келсе, кітапханаға баратын, газет ақтаратын, білетіндердің сөзіне тоқтайтын. Қазір ақпарат тым көп. Бұрын ақпаратты іздеп оқысақ, қазір ақпараттың өзі бізді іздеп жүр. Жылт етіп атып шығатын жарнама, сілтемелерді,-айтам. Ютубтегі сансыз көп арналар, подкастар. Телефоныңдағы 1040 чат. Бәрі айтып жатыр, сөйлеп жатыр. Бірақ ол ақпарат ойды тойдырмайды, тек уақытты жейді. Сол себепті бүгінгі адам «оқығым келмейді» демейді, ол «уақытым жоқ» дейді. Бұл – рухани емес, технологиялық шаршау. Немен, қалай, қызықтырамыз? Біз қызық емес болып қалмадық па?-дейсіз ғой... Қызықтыру деген сөзді біз көбіне жеңіл түсінеміз. Қызықтыру деген – кітапты яки газетті шоуға айналдыру емес. 

Қызықтыру – адамның ішкі сұрағын дөп басу. Егер журналист газеттегі мақаласында немесе жазушы өз кітабында адамның жан жарасын дөп тауып, дәл тисе еді, оны ешқандай жарнамасыз-ақ оқиды. Ал егер кітап адамның өмірімен қабыспаса, ең әдемі безендіру де көмектеспейді. Біз кейде өзімізді де сұраққа тартуымыз керек: кітапханашы, газетші, жазушы ретінде біз оқырманға не ұсынып жүрміз? Тек міндетті іс-шара ма, әлде шын мәнінде ойландыратын сөз бе? Кейде бір кітапты жан-тәнімен сүйіп айтқан адамның сөзі жүз афишадан әсерлі болады. Өйткені шынайылық – ең мықты құрал. Қазіргі оқырманға ақыл айтудың қажеті жоқ. Ол өзі-ақ бәрін түсінеді. Бірақ оған тыңдайтын адам керек, әңгімелесетін орта керек. Кітапхана тек сөрелердің қоймасы емес, ой алмасатын кеңістікке айналуы тиіс. Сонда ғана кітап тірі ағза секілді тыныс ала бастайды. «Біз қызық емеспіз бе?» деген сұрағыңыз ойлантып тастады. Негізі – ең ауыр сұрақ. Иә, кейде біз қызық емеспіз. Себебі біз қауіпсіз жолды таңдаймыз: ресми сөз, жаттанды тіркес, таныс сценарий. Ал оқырман қауіпсіздіктен емес, шындықтан қызық табады. Шындық кейде ыңғайсыз, кейде ауыр, бірақ әрқашан тартымды. Бұқараны қайтсек кітап оқитын, газет оқитын етеміз? Өлмейтін сұрақ! Бүгінгі адамның қолында бір ғана қалтателефон бар, бірақ сол телефон бірнеше рөлді қатар атқарып тұр. Ол – газет, ол – кітап, ол – кинотеатр, ол – мұрағат, тіпті кейде адамның сырлас досына айналып кеткен құрал. Осындай заманда «адам уақытын қиып, кітапханаға бара ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Бұл сұрақтан қашудың қажеті жоқ, қайта соған тура қарау керек. Иә, кітапханаға баратын адам бар. Бірақ бұрынғыдай көп емес екені де шындық. Дегенмен, бұл аздықты «жеңіліс» деп қабылдауға болмайды. Керісінше, бұл – жаңа кезеңнің белгісі. Өйткені бүгінгі кітапхана бұрынғыдай тек кітап сақтайтын орын болудан қалып, рухани навигация орталығына айналуға бет алды. Ақпарат көп заманда адамға ең керегі – бағыт. Кітапхана сол бағытты көрсететін мекенге айналуы тиіс. Соңғы жылдары республика көлемінде қолға алынған жобалар соның айқын дәлелі. Ұлттық кітап күніне орай өткізілген «100 кітап ұлттық сауалнамасы» – жай ғана рейтинг емес, халықтың рухани температурасын өлшейтін құрал болды. Egov арқылы жолданған бұл сауалнамада жұрт кітапқа қатысты өз пікірін ашық айтты. Соның нәтижесінде анықталған 100 ұлттық кітап – биліктің емес, оқырманның таңдауы. Бұл – кітапқа деген сұраныстың өлмегенін көрсететін маңызды белгі. Бұл бастаманың ең үлкен жетістігі – кітапты тек кітапхананың ішінде қалдырмай, қоғамның ортасына шығара білуінде. Қазір сол 100 кітап түрлі мекемелерде, ұйымдарда, оқу орындарында оқылып, талқыланып жатыр. Кітап бір адамның жеке шаруасы емес, ортақ рухани тәжірибеге айнала бастады. Бұл – кітап оқуды қайтадан мәдени нормаға айналдыру жолындағы үлкен қадам. Сол сияқты 2017 жылдан бері үзілмей өткізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы мен «KitapTime» республикалық фестивалі де формалды іс-шара деңгейінен әлдеқашан өтіп кетті. Бұл жобалар кітапты сахнаға шығарып қана қоймай, оқырманды сол сахнаға шақырды. Автор мен оқырманның, кітап пен қоғамның арасындағы қашықтық қысқарды. Кітап оқудың мәртебесі туралы сөз нақты әрекетке айналды. Ал кітапхананың өз ішіндегі жұмыстар мүлде басқа деңгейге көтерілді. Оқырмандар конференциясы сияқты форматтар – кітапты үнсіз оқып қоюдан гөрі, ойды ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң. Адам бір кітапты оқып келіп, өз пікірін айтқанда, ол оқырман ғана емес, сол кітаптың серіктесіне айналады. Мұндай ортада кітап тірі мәтінге айналады. Сонымен қатар түрлі конкурстар, әдеби челлендждер, шығармашылық жобалар кітапхананы формалдылықтан аршып, ойын мен ойдың тоғысқан кеңістігіне айналдырып отыр. Әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстар да осы мақсатқа қызмет етеді. Кітапхана оқырманды күтпейді, оқырманға өзі барады. Бұл – заман талабына сай, бірақ мазмұны терең тәсіл. Ең бастысы – осының бәрінің артында көзге көрінбейтін, бірақ шешуші еңбек жатыр. Кітапхана ұжымы күн сайын оқырманды тек ғимаратқа емес, ойға, сөзге, ішкі әлемге шақырып келеді. Бұл – статистикамен өлшенбейтін еңбек. Бірақ дәл осы еңбектің арқасында кітапхана бүгін де өз миссиясын жоғалтқан жоқ. Телефон қанша мықты болса да, адамның жанын ұстап тұратын мекен ретінде кітапхананың орны бөлек болып қала береді.

-Газет жаңалықты кеш жеткізетін құралға айналып бара жатқан жоқ па? Егер жедел ақпаратты бәрі телефоннан оқыса, қағаз газет не үшін керек? Бұл сұраққа сіз қалай жауап берер едіңіз?

-Бұл сұрақтың астарында бүгінгі заманның ең күрделі қайшылығы жатыр. Иә, телефон бір оқиғаны болған сәтінде-ақ жеткізеді, ал газет ол жаңалықты ертең немесе арғы күні ғана ұсынады. Осы тұрғыдан қарасақ, газет уақытпен жарыста жеңіліп жатқандай әсер қалдырады. Бірақ мәселе уақыттың жылдамдығында емес, уақыттың мағынасында деп ойлаймын. Мәселен, кітапханада өткен бір мәдени шара туралы ақпаратты газетке жолдаймыз. Мақалаңыз шықты,-дегенді шыны керек бірнеше күн күтіп қаламыз. 

Бұл – бүгінгі жедел ақпарат заманы үшін үлкен үзіліс, үлкен пауза! Қазір көптеген газеттердің онлайн нұсқасы бар, бұл – уақыт талабына сай жасалған дұрыс қадам. Онлайн формат газеттің жеделдік мәселесін біршама шешіп отыр. Бірақ мен дәстүрлі қағаз газеттің миссиясы мүлде басқа деп санаймын. Қағаз газет телефонмен жарысу үшін емес, телефон бере алмайтын нәрсені беру үшін керек. Ол – салмақ, талдау, жинақ, тарихи жауапкершілік. Біздің кітапханада мерзімді басылымдар бөлімі бар, оның ішінде сирек қор ерекше орын алады. Көптеген оқырмандар дәл осы сирек газет-журналдарды көру үшін арнайы келеді. Қалаға келген қонақтардың өзі уақыт тауып, сол қорлармен танысуға ұмтылады. Бұл – қағаз газетке деген сұраныс мүлде жойылмағанының айғағы. Газет бір сәттік ақпарат көзі ғана емес, уақыттық құжат екенін осы жерде анық сезінесің. Біз кітапханалық тараптан газет-журнал материалдарын оқырманмен белсенді бөлісуге тырысамыз. Мерзімді басылымдар негізінде түрлі тақырыптық көрмелер жасақтаймыз, бір мақаладан басталған әңгімені кеңейтіп, талқыға саламыз. Сонда газет оқылмайтын дүние емес, ой қозғайтын себепке айналады. Бұл жерде газет кітапхана үшін серіктес, ал кітапхана газет үшін тірі аудитория болып шығады. Меніңше, қағаз газет бүгін бір маңызды функцияны өзіне қайтарып алуы керек. Ол – сараптама, таным биігіне көтерілу. Ақпарат тым көп заманда адам қайсысы маңызды, қайсысы өткінші екенін айыра алмай қалады. Газет сол ағынның ішінен қоғам үшін қажет, ертеңге қалуға лайық ойды іріктеп берсе, ол өз орнын сақтап қалады. Газет жедел емес, дәл болуы керек.

Әрине, бұл редакциялардың жауапкершілігін арттырады. Газет-журналдардың жанданып, тоқтап қалмауы ең алдымен сол редакциялардың өзіне байланысты. Жаттанды мәтін, құр есеп, ресми мадақпен газет алысқа бармайды. Ал егер газет оқырманға «сен үшін менде ой бар» деп айта алса, оны іздейтін адам әрдайым табылады. Сондықтан қағаз газет не үшін керек деген сұраққа мен былай жауап берер едім: қағаз газет – жедел ақпарат үшін емес, жад үшін керек. Ол бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да алдындағы жауапкершілікті арқалайтын дүние. Телефон жаңалықты жеткізеді, ал газет уақытты сөйлетеді. Осыны ұмытпаған газет ешқашан кешікпейді.

 -Аудандық газеттің артықшылығы неде болуы керек? Ұлттық, республикалық басылымдармен жарыса алмайтыны анық. Онда аудандық газет қандай «нишаны» ұстауы тиіс?

-Аудандық газеттің артықшылығы неде деген сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өйткені аудандық басылымның табиғатының өзі көпқабатты. Ол ұлттық не республикалық газеттермен жарысу үшін емес, өз орнын дәл тану үшін өмір сүреді. Ауқымы шектеулі болғанымен, оның жауапкершілігі кемімейді. Керісінше, жауапкершілік дәл осы жерде еселене түседі. Расында да, аудандық газет үлкен саясатты, халықаралық жаңалықтарды немесе ел көлеміндегі процестерді қамти алмайды. Бірақ бұл оның әлсіздігі емес, табиғи шегі. Сол шектің ішінде ол әлдеқайда терең, әлдеқайда нақты жұмыс істей алады. Аудандық газет – үлкен картаның бір нүктесі емес, сол нүктенің ішкі рельефін көрсететін құрал. Бұл – оның басты ерекшелігі. Меніңше, аудандық газет ең алдымен сол ауданның айнасы болуы тиіс. Бірақ бұл айна тек жақсыны ғана көрсетіп тұратын жалтыраған бет болмауы керек. Ол айнада өмір қандай болса, солай көрінуі қажет. Қуаныш та, күйініш те, жетістік те, кемшілік те – бәрі сол газет бетінде өз орнын табуы керек. Өйткені халық өзін сол айнадан тануы тиіс. Аудандық газеттің өміршеңдігі оның жергілікті мәдениетпен байланысына тікелей тәуелді. Кітапхана, мәдениет үйі, мектеп, өнер ұжымдары – бұлар ауданның рухани қаңқасы.  Кітапханада өткен бір шара, мәдениетте қойылған бір спектакль, ауылдағы бір қарапайым оқырманның пікірі – мұның бәрі газет үшін «ұсақ жаңалық» емес. Керісінше, бұлар – жергілікті өмірдің тамыр бұлқынысы. Аудандық газет сол тамырдың соғысын халыққа сездіре алуы керек. Бұл – үлкен басылымдар атқара алмайтын миссия.

Тағы бір маңызды мәселе – халықпен байланыс. Аудандық газет халықтың үстінен сөйлейтін емес, халықпен сөйлесетін басылым болуы тиіс. Біреудің арызы, біреудің алғысы, біреудің ұсынысы бар. Газет соларды тыңдай алса ғана сенімге кіреді. Тыңдай білмейтін газетке оқырман да сенбейді, жазылушы да болмайды.

Қазір ешкімді күштеп газетке жаздыра алмайсыз. Бұл – ащы шындық. Газет өзін оқытудың амалын өзі табуы керек. Ал ол амал – мазмұнда, тілде, шынайылықта. Егер газет оқырманға керек сөз айта алса, оны ешқандай науқансыз-ақ іздеп табады. Ал керісінше болса, жазылу азаяды, содан кейін редакцияның тағдыры да қыл үстінде тұрады. Сондықтан аудандық газеттерге «жатпай-тұрмай жұмыс жасау керек» деу – жай ұран емес, өмірлік қажеттілік. Бұл жұмыс тек мақала санымен өлшенбейді. Бұл – халықпен бірге тыныстау, бірге ойлану, бірге күйіну деген сөз. Осындай күйге түскен аудандық газет қана өз нишасын табады. Ал өз нишасын тапқан газет ешқашан артық болмайды.

-Газет тілінің басты дерті қайсы? Жасандылық па, ресмилік пе? 

-Газет тілінің басты дерті қайсы дегенде, мен көп ойланбай жасандылық дер едім. Иә, тым ресми жазасыздар,-деп жазғырып жатады. Ресмилік – жүйенің талабы. Бірақ сызып берген шеңбердің ішінде отырып та, шедевр жасауға болады. Жазарман қауымды құртатын - осы жасандылық. Әкімдік өткізген іс-шараны өтті, кетті,-деп қана жаза салады. Шындап келгенде, сол жиналыста аудан, ауыл тағдырына әсер етерлік маңызды мәселелер қозғалған болуы кәдік! Мақаланы жазу керек боп қана жазудың кесірі осы жасандылықты тудырады.   Мұнан кейінгі мәселе. Қазіргі газет беттерінде тапсырыс көп. Ақшасы төленіп, ұзыннан ұзақ жазылған ода мақалалар көп. Мұндай мәтінді оқыған қарапайым оқырман бәрін бірден аңғарады. Халықты алдау оңай емес, әсіресе сөз арқылы алдау қиын. Бір-екі рет тапсырыс мақала оқыған адам үшінші рет сол газетті қолына алуға құлықсыз болады. Өйткені ол газеттен өзін емес, біреудің мүддесін көреді. Ал оқырман газеттен ең алдымен өзінің үні мен мұңын іздейді. Табылмаса – кетеді. Кейде газетті ұстап тұрған жарнама сияқты көрінеді. Бірақ бұл – үлкен қателік. Жарнама газетті уақытша асырауы мүмкін, бірақ оны рухани тұрғыда тірі ұстай алмайды. Газетті ұстап тұратын жалғыз күш – оқырман сенімі. Сенім кеткен жерде таралым да, бедел де бірге кетеді. Мұны газет шығаратын әр адам терең түсінуі керек.  Газетті тірі ұстайтын жалғыз күш – оқырман сенімі. Сенім жоқ жерде таралым да, ықпал да болмайды. Сондықтан газет халықтың жағында болуы тиіс деген сөз құр ұран болып қалмауы керек. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, соны айту, сол сөзбен өмір сүру – газеттің шын миссиясы.

-Журналист болу – ақпарат жеткізу ме, әлде ой қозғау ма? Бүгінгі журналистің басты миссиясы қайсы болуы керек деп ойлайсыз? 

-Бүгінгі журналистің ең басты миссиясы – өкімет пен халықтың арасындағы көпір болу. Бұл көпір тек ақпарат тасымалдамайды, ол екі жақтың да үнін еститін, екі жаққа да жауапкершілік жүктейтін өткел. Халықтың мұңын билікке жеткізу – бір міндет, ал биліктің шешімін халыққа түсіндіру – екінші міндет. Осы екеуінің ортасында журналистің ар-ұяты мен адалдығы тұруы керек. Егер журналист тек ақпарат таратушыға айналса, ол хабар таратушыдан алыс кетпейді. Ал егер тек ойшыл боламын деп, нақты деректен ажыраса, ол қоғамнан алыстайды. Жақсы журналист болу үшін дәлдік пен тереңдік қатар жүруі қажет. Бірінсіз бірі журналистиканы әлсіретеді. Сондықтан журналистің кәсіби өлшемі оның қанша жаңалық бергенімен емес, қанша ой оятқанымен өлшенуі керек. Ақпарат уақытша әсер етеді, ал ой ұзаққа қалады. Сол ой арқылы қоғам қозғалады, сұрақ қояды, талап етеді. Бұл – журналистиканың ең үлкен қоғамдық күші. Қорытқанда, журналист – тек куәгер емес, тек баяндаушы да емес. Ол – қоғамның ар-ожданымен тілдесетін тұлға. Ақпарат пен ойды тең ұстай алған журналист қана халық сеніміне ие болады. Ал сенімге ие болған журналистің сөзі де, салмағы да бар.

-Газет кітапқа жол ашуы мүмкін бе? Мысалы, бір мақаланың өзі оқырманды кітапханаға алып келетін механизм бар ма? Немесе журналистиканы экспресс әдебиет дейміз. Өзі жазған қысқа мақаланы өрбітіп, журналист кейін ірі роман, әңгіме жазып жүр ме?

 -Журналистиканы «экспресс әдебиет» деуіңіз орынды. Журналистика – өмірмен тікелей бетпе-бет келетін жанр. Ол адам тағдырын, уақыттың тынысын, қоғамның күйін ұстайды. Сондықтан журналистиканың ішінен әдебиетке өту – тосын құбылыс емес, табиғи құбылыс. Тек әр журналистің ішінде жазушы ояна бермейді. Кейде бір қысқа мақала – үлкен шығарманың алғашқы нобайы болып шығады. Бірақ мақала автоматты түрде романға айналады деу қате. Бұл жерде жанр емес, көзқарас шешуші рөл атқарады. Егер журналист оқиғаны факт ретінде ғана емес, адам тағдыры ретінде көре алса, сол жерден әдеби ой басталады. Бұл тұрғыда Есболат Айдабосынның жолы жақсы мысал бола алады. Ол журналистикада жүріп, телеарнаға түсірген сюжеттерін кейін көркем оймен қайта өңдеп, әңгіме мен романға айналдыра алды. Яғни, журналистика оған материал ғана емес, өмірлік мектеп болды. Мұндай мысалдар журналистика мен әдебиеттің бір-біріне жат емес екенін дәлелдейді.

Сонымен, газет пен кітап – қарсы емес, серіктес ұғымдар. Газет кітапқа жол аша алады, ал журналистика әдебиетке апарар баспалдақ бола алады. Бірақ бұл жол автоматты түрде емес, ойдың, ізденістің, ішкі дайындықтың нәтижесінде ғана ашылады. Екеуінің тоғысқан тұсында ғана шын мәніндегі рухани мәтін дүниеге келеді.

-Газет бетінде әдебиет пен философияға орын бар ма, әлде ол «артық салмақ» па? Қарапайым оқырманға «терең мәтін керек емес» деген уәжге көзқарасыңыз қандай?

-Газет -  халық айнасы. Әр бағыттағы газеттер бар ғой. Мысалы: саяси газеттер, спорт газеттері, әдеби газет және тағы басқалары. Әр газет өзінің мазмұнына тиеселі бағытпен айналысқаны жөн... Сондай-ақ, қазір шынында да қарапайым оқырман болсын, кім болсын терең, шұбырыңқы, ұзын  сонар жазылған мәтін қажет емес. Қысқа, нұқса қажет. 

-Газет пен кітапхана бірігіп, қоғамға қандай жаңа формат ұсына алады?

-Газет пен кітапхана бірігіп қоғамға қандай жаңа формат ұсына алады деген сұрақ – «бір нәрсе ойлап табайық» деген жеңіл әңгіме емес, бүгінгі рухани кеңістіктің тамырын ұстап тұрған салмақты мәселе. Өйткені қазір кітапхана да, газет те бір-біріне ұқсас күй кешіп отыр: екеуі де оқырман назарын телефон мен әлеуметтік желі ұрлап әкеткен заманда өз орнын қайта анықтауға мәжбүр. Сол себепті «жаңа формат» дегеніміз – сыртқы әдемі пішін ғана емес, оқырманмен қайта жалғанатын жаңа байланыс мәдениеті. Кітапхананың ішінде бүгіннің өзінде өмір сүріп тұрған форматтар аз емес. Оқу клубтары бар, пікір алмасу алаңдары бар, оқырмандар конференциясы сияқты қалыптасқан үлгілер бар. Бұлар – тек шара өткізу үшін жасалған дүние емес, оқырманды бір кітаптың төңірегіне жинап, ойды сөйлететін орта. Мен бұл форматтардың кітапхана ішінде өміршең екенін жоққа шығармаймын. Өміршеңдігі – көбіне оқырманның өз таңдауына, белсенділігіне, сол ортадағы шынайы атмосфераға байланысты. Ал газет пен кітапхана бірігіп, «міне жаңа формат» деп бірден бір нәрсені кесіп айту қиын. Себебі кез келген формат алдымен қағазда емес, тәжірибеде сынақтан өтеді. Әртүрлі тәсілдерді қатар жүргізіп көрмей, біреуін «ең дұрысы осы» деу – ерте жасалған қорытынды. Оның үстіне әр ауданның, әр қаланың оқырманы бөлек: бір жерде пікір алаңы жүреді, бір жерде тірі әңгіме өтеді, бір жерде клуб тұрақты болады. Сондықтан жалғыз әмбебап рецепт жоқ. Дегенмен, газеттің кітапханамен серіктестікте атқара алатын бір ерекше рөлі бар: ол – кітапханадағы әңгімені қоғамдық кеңістікке шығару. Кітапханада жақсы талқылау өтті делік, бірақ ол сол бөлменің ішінде қалып қойса, әсері шектеулі болады. Газет сол талқылаудың ең мәнді тұстарын ықшамдап, оқырманға жеткізсе, кітапханадағы сөз қалаға, ауданға тарайды. Яғни газет кітапханаға «қатысушыларды» емес, «тыңдаушыларды» көбейтеді, ал ертең сол тыңдаушылардың бір бөлігі қатысушыға айналып келеді.Өміршең формат қайсы дегенде, мен біреуін ғана бөліп алып, шорт кесіп айтудан сақтанар едім. Бірақ бір заңдылық бар: бүгінгі оқырман ең алдымен тірі қатынасқа зәру. Оқу клубы да, пікір алаңы да, конференция да тірі қатынасқа негізделсе ғана жүре алады. Егер ол тек жоспар үшін өтсе, адамдардың ішкі сұрағын ұстамаса, онда форматтың аты бар да, заты жоқ болып қалады. Демек, өміршеңдіктің өлшемі – сыртқы форма емес, ішкі мазмұн. Газет пен кітапхана бірлескен жұмыста алдымен өзара мақсатты дәл айқындап алуы керек. Газетке кітапхана «ақпарат көзі» ғана болып қалмауы тиіс, кітапханаға газет «хабарландыру тақтасы» болып қалмауы тиіс. Екеуін қосатын ортақ нүкте – оқырман. Оқырманға пайдалы, қажет, жүрекке тиетін сөз керек. Сол сөзді таба алса, формат өзі-ақ табылады.Сондықтан мен бұл мәселені «алдағы уақыттың еншісі» деп жай ысырып тастамас едім, бірақ дәл қазір «мынау – жалғыз дұрыс жол» деп асығыс айту да артық. Дұрысы – бірлескен тәжірибелерді көбейту: бірде клубты газетпен жалғап көру, бірде пікір алаңын газет бетінде жалғастыру, бірде тірі әңгімені тұрақты айдарға айналдыру. Содан кейін ғана нақты дерекпен: «міне, біздің оқырманға осы формат жүрді» деп нық айтуға болады. Қысқасы, газет пен кітапхананың жаңа форматы – «жаңалық» үшін жаңалық емес. Ол оқырманды қайтадан сөзге, ойға, кітапқа жақындататын жол болуы керек. Ал жолдың қай тармағы өміршең болатынын оқырманның өзі таңдайды. Бізге керегі – сол таңдауға мүмкіндік беретін тірі орта мен адал әрекет.

-Соңғы сауалым, газет оқымай, кітап ашпай, қоғам қалай ілгері жүрмек? 

 -Сіз бұл соңғы сауалыңызбен сұрақ емес, қоғамның қазіргі диагнозын қойғандай болдыңыз. Осыған дейінгі айтқанды бір пысықтап, қайта еске түсіріп, сараптап жауап беріп көрейінші: Қазіргі қоғам өзін ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатыр деп есептейді, алайда бұл дәуір ойдың емес, ақпарат ағынының үстемдігімен сипатталады. Ақпараттың көптігі әрдайым білімнің көптігін білдірмейді, кей жағдайда керісінше әсер береді. Адамдар бұрынғыдан да көп оқып жатқандай көрінгенімен, терең ойлауға уақыт бөлмей барады. Бұл құбылыс қоғамның интеллектуалдық сапасына тікелей ықпал етуде. Сондықтан мәселе ақпараттың көлемінде емес, оның мазмұны мен игерілу тәсілінде.

Бүгінгі әлеуметтік желілер адамды ойлауға емес, тез реакция жасауға үйретеді. Қысқа мәтіндер мен бейнежазбалар санаға әсер етсе де, танымды тереңдетуге қауқарсыз. Мұндай ортада адам бір жаңалықты толық түсініп үлгермей жатып, келесі ақпаратқа ауысады. Нәтижесінде ой жүйелілігі әлсіреп, зейін тұрақсыз бола бастайды. Ал газет пен кітап керісінше, адамды баяу оқуға, салыстыруға, қорытынды жасауға мәжбүрлейді. Осы арқылы олар ойлаудың мәдениетін қалыптастырады.

Газет оқымайтын қоғамда қоғамдық күн тәртібі әлсірейді. Мұндай қоғамда басты мәселелерді кәсіби журналистика емес, әлеуметтік желідегі алгоритмдер белгілейді. Ал алгоритмнің мақсаты шындықты жеткізу емес, көп қаралым жинау екені белгілі. Сол себепті маңызды тақырыптар көлеңкеде қалып, даулы әрі эмоциялық контент алдыңғы қатарға шығады. Газет болса, оқиғаның сыртқы көрінісін ғана емес, оның себебі мен салдарын талдайды. Бұл – қоғамның ойлы түрде дамуына мүмкіндік беретін басты факторлардың бірі.

Кітап – жеке адамның емес, жалпы ұлттың интеллектуалдық тірегі. Кітап арқылы ұрпақтар арасындағы тәжірибе, ой, мәдени код сақталады. Егер қоғам кітап оқудан алыстаса, онда тарихи жад әлсірейді. Әр жаңа буын бұрынғы қателіктерді қайта қайталауға мәжбүр болады. Кітап оқитын адам тек ақпарат алмайды, ол өзін, өз қоғамын тануға ұмтылады. Осы қасиет қоғамның рухани тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Оқымайтын қоғамда сыни ойлау әлсірейді, ал бұл өте қауіпті құбылыс. Сыни ойы жоқ адам ақпаратты тексермейді, салыстырмайды, эмоциямен қабылдайды. Мұндай ортада жалған ақпарат, арандату, манипуляция тез таралады. Бұл мәселе мәдени деңгеймен ғана шектелмей, ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер етуі мүмкін. Себебі ойлау қабілеті әлсіз қоғамды басқару оңай. Сондықтан оқу мәдениеті – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ мүддесі.

Газет пен кітапты оқу – жеке адамның ермегі емес, қоғамдық жауапкершілік. Егер қоғамда оқу беделді құндылыққа айналмаса, онда білім емес, көрініс алдыңғы орынға шығады. Жастар білімге емес, жылдам танымалдыққа ұмтылады. Бұл ұзақ мерзімде қоғамның сапасын төмендетеді. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру – тек мектептің немесе отбасының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ келісімі болуы тиіс.

Қазіргі заманда «ой гигиенасы» ұғымын енгізу аса маңызды. Адам өз ойына да күтім жасауы керек, қалай денсаулығына мән берсе, солай ақпарат тұтынуына да мән беруі қажет. Ой гигиенасы дегеніміз – ақпаратты сүзу, тексеру, асықпай қабылдау. Ұзақ мәтін оқу арқылы зейінді жаттықтыру – осының бір бөлігі. Газет пен кітап бұл тұрғыда ең тиімді құрал. Олар адамды сабырлы ойлауға үйретеді.

Қоғамда оқу мәдениетін жандандыру үшін жүйелі бастамалар қажет. Мысалы, ұлттық оқу минимумы енгізіліп, әр азаматтың базалық деңгейде кітап оқуы қалыпты құбылысқа айналуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдық оқу клубтарын дамыту маңызды. Кітапты жеке оқу пайдалы болғанымен, оны талқылау ойды одан әрі тереңдетеді. Газет материалдарын ортақ талқыға салу да қоғамдық ойды қалыптастырады. Бұл – ойлы қоғам құрудың нақты жолы.

Қорытындылай айтқанда, қоғамның ілгерілеуі жылдамдықпен емес, тереңдікпен өлшенеді. Газет пен кітаптан қол үзген қоғам сырттай дамып жатқандай көрінгенімен, ішкі сапасы әлсірей береді. Ал ішкі сапасы әлсіз қоғам кез келген сын-қатерге төтеп бере алмайды. Газет пен кітап – қоғамның ойлау қабілетін сақтайтын тірек. Оларды сақтау – өткенге байлану емес, болашаққа жауапкершілікпен қарау. Сондықтан оқу мәдениеті қай заманда да қоғам дамуының басты шарты болып қала береді.

                                                      Сұхбаттасқан: Жазира ҚАЖЫҚЫЗЫ

                                                                               

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan