Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» шығармасы жайында
Жақында ғана ұстазымыз, Орду университетінің профессоры, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Филология факультетінің деканы Абдулкадир Өзтүрктің Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» атты шығармасын түрік оқырмандарға таныту мақсатында жазылған ғылыми еңбегінің, аудармасының жарық көргенін айтып, сүйінші сұраған едік. Бұл еңбекті жазу барысында шығарманың транскрипциясы мен аудармасы жасалып, тіл мен стиль ерекшеліктері де мұқият зертелген, талданған. Зерттеу үдерісінде мәтіндік талдау жүргізіліп, туындының мағыналық тереңдігі мен мәтінаралық байланыстарын ашу үшін пәнаралық әдістер де қолданылған екен. Бұл еңбек қазақ жазушысы Оралхан Бөкейдің көркем әлемін түрік оқырманына жақындатуды, шығарманың тілдік, стильдік және мазмұндық сипаттарын талдау арқылы қазақ пен түрік әдебиеттері арасындағы мәдени көпірді нығайтуды көздейді. Сонымен бірге кітаптағы «мәтіндік талдау» мен «сөздік» бөлімдері туындының тілін, мағынасын тереңірек ұғынғысы келген оқырманға бағыт-бағдар боларлық танымдық құрал ретінде де ұсынылған. Біз де «Атау-кере» туындысының түрік еліне жасаған бұл қадамына құт тілей отырып, ұстазбен жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– «Атау-кере» шығармасы – әрі жеке адамның, әрі қоғамдық өзгерістің тарихын бейнелейтін туынды. Сіздіңше, Оралхан Бөкей бұл өзгерісті қалай кестелейді және не себепті осы рухани, әлеуметтік түрленудің өзегіне «сапар» ұғымын қояды?
– Оралхан Бөкей «Атау-кере» шығармасында модернизацияның адам жанына салған жарасын «жол сапары» метафорасы арқылы бейнелейді. Ерік пен Тағанның тауларға қарай бағыт алған сапары – шын мәнінде, адамзаттың табиғаттан және өз болмысынан алыстау хикаясының аллегориясы. Бұл – екіншідүниежүзілік соғыстан кейінгі өз келбетін, құндылықтарын жоғалтқан қоғамның жоғалған мән-мағынасын қайта іздеу жолы.
Бөкей жеке адамның ішкі арпалысын қоғамның ұжымдық жадымен астастыра отырып, «өткен мен бүгін, табиғат пен адам, тұлға мен қоғам» арасындағы көзге көрінбес көпірлерді шебер ашып, айғақтаған... Шығарманың өзегінде жатқан осы сапар – қазақ халқының тарихи жадында жаңғырып тұрған рухани түрленудің де метафорасы іспетті. Себебі Бөкейдің түсінігінде, заманауи адам табиғаттан ажырап, жалғыздыққа ұрынған, ал табиғатты бағындырмақ болған сайын, өз ішкі үйлесімін де жоғалтқан...
– Шығармадағы кейіпкерлер – әсіресе Ерік, Таған мен Нюра әже – өздерінің жеке болмысынан бөлек, қоғамдық бейнелердің көрінісі ретінде қабылданады. Бөкей бұл кейіпкерлерді шығарманың көркем әлеміне қандай мақсатпен, қандай идеялық қызметпен енгізіп отыр деп ойлайсыз?
– Иә, Бөкейдің кейіпкерлері тек шығарманың бірер тұлғалары ғана емес; әрқайсысы өз дәуірінің рухын, бір болмыстың ыдырауын бойына сіңірген бейнелер... Ерік – модерн әлемге алданған, бұзылған адам типінің символы: білімді, қалалық, «ақылға жүгінетін» қазақ ретінде ол билікке, ақша мен пайдаға көбірек мойынсұнғанын, арқа сүйегенін көреміз... Бірақ бұл сүйеніші оны табиғаттан, адамнан, тіпті өз «менінен» алыстатады. Айна – сабырдың, дәстүрлі әйел болмысының иесі. Оның үнсіздігі – қоғамдағы өзгерістің ырқынан тыс қалған, езілген жандардың бейнесін көрсетеді. Таған – қоғамнан шеттетілген ойшыл, рухани жалғыздықтың кейпі. Оның «Неге біз осы?» деген сұрағы әрі жеке адамның, әрі ұлттық деңгейдегі кез келген тұлғаның өзін-өзі тануға ұмтылысын бейнелегені белгілі. Оның ішімдікке тәуелділігі – жай әлсіздік емес, қазақ қоғамының тарихи жаралары мен болмыс қайшылықтарының метафорасы.
Нюра әже – шығарманың ар-ұжданы. Ол – әрі қазақ, әрі орыс болмысының элементтерін бойына тоғыстырған аралас тұлға, сол арқылы кеңестік қыспақ пен мәдени ассимиляцияның жарасын өз тәнінде сезінген бейне... Бөкей осы кейіпкерлер арқылы жеке трагедиялардан асып, тұтас тарихи панорама жасай алды деп ойлаймын. Оның бұл туындысы осы қасиеті арқылы да тұтас қазақ әдебиетінің, түркі әдебиетінің биігінде тұруға лайықты деп ойлаймын.
– Шығармада аралар бейнесі жиі символдық деңгейде беріліп отырады. Аралардың бейнелеп тұрған үйлесімді жүйесі мен адамның орнатқан тәртібі арасында қандай байланыс орнатылған деп ойлайсыз?
– Аралар «Атау-кере» повесінің ең әсерлі аллегориялық бейнелерінің бірі. Бөкей табиғаттағы үйлесімділіктің адам қолымен қалай бұзылатынын көрсету үшін ара ұясының қоғамдық құрылымын айна ретінде пайдаланады. Аралар миллиондаған жылдар бойы еңбексүйгіштік, ынтымақ пен борыш сезімінің негізінде өз тепе-теңдігін сақтап келеді. Ал адам ақылын пайдаланып, табиғатты бағындырмақ болған сайын, өз экожүйесін күйретеді.
Жазушы бұл қарама-қайшылықты «қауіпті будан» ұғымы арқылы нақтылай түскен. Еуропа арасы мен Африка арасының будандасуынан туған «қатыгез ара» – адамның өз қолымен жасаған апатының символы. Осы тұрғыдан алғанда, «Атау-кере» тек қана қазақ қоғамының рухани күйреуін емес, жалпы адамзат пен табиғат арасындағы байланысты, адамның өз қолымен табиғатқа жасап жатқан зұлымдығын сынға алады. Аралар – табиғаттың үнсіз әділдігінің хабаршысы. Олар бұл туындыда адам жүзіне «айна» ұстаушы ретінде бейнеленгендей дерсің...
– Шығармада«арақ» көбіне бір мәселе ретінде емес, бір дерттің белгісіндей көрініс табады. Бөкейдің араққа қатысты сыны – тек жеке тұлғаның рухани күйреуін суреттеу ме, әлде одан да кең әлеуметтік кеңістіктің жарасын меңзеу ме?
– Арақ Бөкейдің қаламында жай бір әдет, не тәуелділік емес, ол – кей тұсында қоғамға өзін ұмыттырудың және кейбір тұста қоғамның өзін уатуының тәсілі ретінде көрініс табады. Тағанның ішімдікке бой ұруы – қазақ зиялысының ғана емес, тұтас халықтың рухани мең-зеңдігін бейнелейтін метафора. Кеңестік қысым, экономикалық күйреу, ұлттық болмыстың мүжілуі… осылардың бәрінің алдында қазақ адамы күресуді емес, ұмытуды таңдады. Нюра әженің: «Қазақтар бір күні атау-кересін де байқамай ішіп, тауысады» деуі – осы трагедияның түйіні.
Арақ – еске түсіруге емес, ұмыттыруға қызмет ететін, сананы жансыздандыратын құрал. Бөкейдің сыны жеке адамға емес, тұтас жүйеге бағытталған: адамды әрекетсіздікке үйреткен, ойланбай өмір сүруге мәжбүр еткен сол жүйеге...

-Шығарманың «Атау-кере» деген атауы көпқабатты символ іспетті. Сіздің ойыңызша, бұл атау шығарманың тұтас мағыналық әлемін қалай түйіндеп тұр?
– «Атау-кере» тіркесі қазақ мәдениетінде өмір мен өлімнің арасындағы шекараны бейнелейді. Шығарманы аудару, зерттеу барысында автордың дәл осы сөзді шығарма атауы ретінде таңдап алуы ерекше әсерге бөлегенін жасырмаймын. Бөкей бұл символды әрі жеке адамның, әрі қоғамдық дерттің аяқталуының нышаны ретінде қолданады. Қоғамның «Атау-кересі» – тек физикалық емес, рухани сарқылудың да көрінісі. Шығармадағы «атау-кере» ұғымы – яғни адамның өмірден өтер алдындағы соңғы асы – бір тұрғыдан алғанда, заманауи адамның өз құндылықтарын өзі тауысып жатқанын меңзейді. Осы тұста Бөкей терең ирония тудырады: адамзат өз «атау-кересін» өз қолымен әзірлеуде. Дегенмен шығарма тілі түңіліске толы емес. Себебі Бөкейдің мәтіндерінде табиғат әлі де құтқарылудың, «қайта туу» мүмкіндігінің үмітін арқалап тұрады. Бұған шығарманы зерттеу барысында толықтай көз жеткіздік.
– Шығармадағы өткенге оралу сәттері, әсіресе Нюра әженің естеліктері, қазақ халқының тарихи жадын қайта жаңғыртады. Бөкей бұл өткеннің баянын қандай көркемдік тәсіл арқылы құрастырады?
– Бөкей үшін естелік – моральдық жауапкершілік. Нюра әженің жадындағы суреттер арқылы ол оқырманды 1932 жылғы ашаршылыққа, 1937 жылғы сүргінге және екіншідүниежүзілік соғыстың қасіретіне жетелейді. Бұл өткеннің баяны – жай ғана тарихи дерек емес, азап пен төзімнің поэтикалық шежіресі. Жазушы кеңестік жаңғырудың күйретуші сипатын орыс текті әйелдің тілімен жеткізіп, ирониялық қарама-қайшы бейне жасайды. Осы арқылы ол «құтқарылу» ұғымын ұлтшылдықтан да биік тұрған «ар-ождан» мәселесі ретінде ұсынады. Бөкейдің тілі бұл тұста эпикалық жоқтауға айналып, тарих жеке адамның үні арқылы қайта сөйлейді. Бұл – қаламгердің шығармашылық шеберлігінің бір айғағы. Осы әрекеті арқылы Оралхан Бөкей өз туындысын ұлттық деңгейден алып шығып, адамзаттық деңгейге бірақ шығарған десек, артық айтпас болармыз.
– Мәтінде аралар әрі табиғи бір іс-әрекеттің, әрі қоғамдық тәртіп пен үйлесімнің нышаны ретінде бейнеленеді дегенсіз. Бөкейдің аралар жөніндегі аллегориясын қалай оқуымыз керек? Ал «қауіпті будан» метафорасы нені ишаралап, символдық деңгейде қандай мағынаны ашып тұр? Осыны оқырманға толығырақ айтып берсеңіз...
– Бөкей жасаған ара бейнесі шығармада екі қатпарлы қызмет атқарады:
бір жағынан – жайлаудағы тұрмыстың шынайы бір көрінісін, материалдық өмірдің бір бөлігі саналатын ара шаруашылығын берсе,
екінші жағынан – қоғамдағы тәртіп, еңбек әдебі мен ұжымдық үйлесімнің аллегориялық көрінісін бейнелейді.
Мәтінде аралар «қоғамдық құрылымның символы» ретінде сипатталады. Миллиондаған жылдар бойы эволюция арқылы өзара келісім мен әлеуметтік жүйе орнатқан, еңбекқорлық пен тәртіптің бейнесіне айналған тіршілік иелері ретінде көрініс табады. Ал адам – керісінше, уақыт өте жалқауланып, теледидар мен жеңіл дүниелердің ықпалында ұйқылы-ояу күйге түскен, қозғалыссыз өмірге дағдыланған пенде. Осылайша, мәтінде аралардың тәртіпті ұжымшылдығы мен адамның модернизация әсерінен босаңсыған дарашылдығы арасында өткір қарама-қайшылық орнайды.
«Қауіпті будан» тіркесі бұл ойды екі қырынан ашады. Биологиялық тұрғыда ол Африка мен Еуропа араларының будандасуынан пайда болған «қатерлі будан» – яғни «қатыгез ара» жайлы мәліметке сүйенеді. Бұл будан жергілікті аралармен араласа жүріп, олардың гендік табиғатын өзгертеді де, апатты салдар туғызады.
Символдық деңгейде бұл бейне – қоғамның ішіне сіңіп, оның мәдени және рухани құрылымын өзгертіп жіберетін жат ықпалдардың белгісіне айналады. «Будан ара» сол арқылы қазақ қоғамының өзге мәдениеттерді шектен тыс бойына сіңіріп, өз тамырынан ажырап қалу қаупін меңзейді.
Осы бейне арқылы Бөкей табиғаттың тепе-теңдігіне араласу мен рухани ассимиляцияның апатын бір метафоралық кеңістікте тоғыстырады: адам қолымен жасалған әрбір бұрмалау, жасандылық табиғатты ғана емес, қоғамның өз құрылымын да улайды.
Сөйтіп ара аллегориясы шығармада табиғат–қоғам–рух үштағанында ескертуші, ойландырушы мәнге ие болады... Бұл – түптеп келгенде, ұлттық жадты сақтауға арналған үндеу іспетті.
–Шығармада қайталанып отыратын бір тіркес бар: «Неге біз осы?..»
Бұл лейтмотив тіл мен баяндау стратегиясы тұрғысынан қандай қызмет атқарады? Қоғамдық әрі психологиялық тұрғыдан қандай жаңғырық тудырады?
– «Неге біз осы?..» – Тағанның аузынан шыққан, шығарманың өн бойында көп кездесетін лейтмотивтік мәнге ие қайталама сұрақ. Алғашында ол ішкі мұң мен жеке өкініштің бір көрінісі сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе қоғамдық ар-ожданға үндеу жасау сипатын алады. Тілдік тұрғыдан бұл қайталау – баяндаудағы уақыт қабаттарын өзара байланыстырып, оқырман жадында жаңғырық туғызады: сырттай қарағанда қарапайым сұрақ, шын мәнінде терең тарихи сілтемелер мен көпқабатты ізденісті қамтиды.
Шығарма құрылымында бұл сөйлем бір қарағанда «мәнсіз айтыла салған» бір тіркес ретінде естіледі, алайда оқиға дамыған сайын оның астарына ауыр мағыналар жинала береді. Тағанның масаңдықтан айығу кезеңдері мен кейінгі дәрістеріндегі ойлары бұл сұрақты әрі жеке рухани оянудың, әрі қоғамның ұжымдық ұмытшақтығына қарсы шыққан ішкі қарсылықтың үніне айналдырады.
Осылайша тілдік қайталау мәтіннің идеялық өзегін бекітеді: өткеннің жарасын елемеген, заманауи өткінші қызықтарға алданып қалған қоғамның өз-өзін сынауы. Сөздің қарапайымдылығы оның салмағын тереңдетіп, күрделі тарихи үдерістерді адамдық ар-ожданның айнасына айналдырады. Сондықтан да бұл лейтмотив оқырман жанында қатарынан үш түрлі сезімді оятады – жанашырлық, айыптау және өзін-өзі жауапқа тарту.
– Бөкейдің баяндау мәнерінде уақыт ауысымдары мен өткенге жасалған шегіністер – маңызды эстетикалық құралдардың бірі. Нюра әженің естеліктері арқылы өрілген өткеннің баяны тілдік әрі семантикалық тұрғыдан шығармаға қандай жаңа мән, қандай тереңдік дарытты деп ойлайсыз?
– Нюра әженің естеліктері шығарманың ішкі негізгі өзегінің бір бөлігін қамтиды. Баяндаушы уақыт дөңгелегін кері айналдырып, 1932 жылғы Ашаршылықтан бастап, 1937–38 жылдардағы қуғын-сүргін мен екіншідүниежүзілік соғыстың қасіретіне дейінгі он жылдық кезеңді Нюраның көзімен жеткізеді. Бұл баяндау стратегиясы екі тұрғыдан аса маңызды.
Біріншіден, жеке тағдырды (Нюраның өмірі, отбасынан шеттетілуі, сұраққа алынуы, күйеуінің айдауға жіберіліп, кейін майданға аттануы) қоғамдық жадтың шағын үлгісіне – бір микрокосмосқа айналдырады. Нюраның өмір жолы қазақ даласын терең сілкіндірген тарихи оқиғалардың адам санасындағы бейнесін көрсетеді.
Екіншіден, өткенге шегіністер шығарманың психологиялық тереңдігін арттырады: өткеннің жаралары бүгінгі күнге өтіп, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен таңдауларын түсіндіретін ішкі себептерді айқындайды. Тілдік тұрғыдан алғанда, Нюра әженің баяндауы туындыға эпикалық, естелік сипатты әуен дарытады. Жазушының Нюраны кейін мұсылман болған орыс әйел ретінде бейнелеуі – әңгіменің ирониялық әрі көпқабатты реңін тереңдетеді: өткен мен болмыс мәселесі этникалық өлшемде ғана емес, сенім мен рухани жатсыну тұрғысынан да қарастырылады...
Мағыналық тұрғыдан мұндай шоғырлану оқырманға кеңестік саясаттың әлеуметтік зардабын тікелей баяндаусыз, адамдардың тағдыры арқылы сезіндіреді. Осылайша, осы тәсіл тарихи деректің жеткізілуі мен эмоционалдық әсердің күшеюі арасындағы көпір қызметін атқарады.
– Алтай жайлауларының, Қатын суының және Мұзтаудың кеңістік ретіндегі бейнесі тілде қандай орын алады? Кеңістік, яғни мекен кейіпкерлердің ішкі түрленуімен, рухани жаңғыруымен қалай байланысады? Шығысқа сапарлап, табиғатын өз көзіңізбен көріп келген соң, Оралханның осы туындысын түрік жұртына танытуды қолға алғаныңызды да білеміз. Сол туралы айтып берсеңіз?
– Мекен «Атау-кере» шығармасында тек оқиғаның «фоны» ғана емес, мәтіннің тақырыптық және символдық өзегін құрайтын белсенді құрамдас бөлік болып табылады. Қазақстанның Алтай өңірі, Мұзтау тауы маңындағы Қатын өзені мен жайлаулар – шығарманның басты кеңістіктері. Иә, дұрыс айтасың, бұл жерді барып өз көзіммен көріп қайтуым Оралханды зерттеу барысында жұмысымды барынша жеңілдетті десем болады. Өйткені шығарманы жазу барысында Оралханның ең негізгі қозғаушы күші, яғни шабыты – осы жердің табиғаты болғаны мәтіннің өн-бойынан байқалып тұрады. Бұл табиғи мекендер кейіпкерлердің күнделікті тіршілігі (ара ұяларын күту, мал бағу, қысқа дайындық) мен рухани сынақтары өтетін сахнаға айналған. Ерік пен Тағанның сапары – тек географиялық қозғалыс емес, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған кеңістіктік көпір іспетті. Жайлау табиғатқа жақындықтың, демек, жад пен дәстүрлі тәжірибелердің әлі де өмір сүріп тұрған аймағы ретінде суреттеледі.
Кеңістіктің тілдегі көрінісі табиғаттың қаталдығы мен үнсіздігін адам жанының ішкі күйімен салыстырады. Мәтінде табиғат «қатал да, ешкімге сырын ашпайтын үнсіз табиғат» деп сипатталып, Алтай осылайша әрі тылсым, әрі қорғауға лайық рух мекені ретінде бейнеленеді. Сондықтан да кеңістік модернизацияның талқандағыш ықпалына қарсы бір пана, сонымен қатар өлшем беретін айна қызметін атқарады. Табиғатпен үйлесімнің және қала мен технология туғызған жасанды тәртіптің арасындағы қайшылық дәл осы кеңістік арқылы айқындалады. Сөйтіп, кеңістіктің бейнелері кейіпкерлердің рухани өзгерісін әрі қозғаушы, әрі түсіндіруші күш ретінде қызмет етеді.
– Тіл мен баяндау тәсілдері арасындағы ерекшеліктер – мысалы, жазушының кейде мәтінге тікелей араласып отыратын баяндаушылық тілі мен кей тұстарда нәзиралық сипатқа ауысатын (немесе үйретушілік сарындағы) мәнері – шығарманың эстетикалық үйлесіміне қалай әсер етеді?
– Шығармадағы баяндаушы кей сәттерде оқырманға тікелей тіл қатады, кейіпкерлердің ой ағымына өз сөзін араластырып, тіпті кейде оқиға желісінің шегінен шыға алмайтынын мойындайды. Осындай баяндаушының араласуы туындыға әрі шынайы, әрі тағылымдық (дидактикалық) үн береді. Жазушының мәтінге кіріп кетуі – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық жеткізуге ұмтылған ықыласының көрінісі. Шығарма тек жеке тағдырды емес, сонымен бірге оқырманға әлеуметтік үндеу тастайды. Сол себепті тіл кей тұстарда ескертуші, тәлім беруші сипатқа ие болады. Мысалы, «теледидардың ұйықтырып тастайтын әсері» секілді тікелей сыни көзқарастар дидактикалық үнмен беріледі.
Алайда бұл дидактизм туындының эмоциялық қуатын әлсіретпейді; керісінше, мәтіннің ар-ождандық үндеуін күшейтеді. Баяндаушының ойға араласып, пікірін білдіруі оқырманды енжар бақылаушы емес, ойлы сұхбаттас деңгейіне көтереді. Соған қарамастан, жазушы кейіпкерлердің ішкі монологтарына және табиғат көріністерінің нәзік суреттелуіне кеңінен орын беріп, эстетикалық тепе-теңдікті сақтағанын көреміз... Осылайша тіл дидактика мен лиризмнің тоғысқан туындысына айналады. Сол арқылы оқырман әрі ойлануға, әрі сезінуге шақырылады.
«Атау-кере» шығармасының символикасы мен тілдік өрнегі туындыны жергілікті бір оқиғадан асырып, оны жалпыадамзаттық тақырыптармен байланыстырады. Араның бейнесі арқылы берілген аллегория, лейтмотивтер, ретроспективті құрылымның эстетикасы, кеңістікті бейнелеудегі дәлдік пен баяндаушының кей сәттердегі тағылымдық үні – мұның бәрі біріге отырып, шығарманы жады, болмыс, табиғат және модернизация жайлы көпқабатты шығармаға айналдырады.
– Ерік пен Таған шығарманың сыртқы қабатын құрайтын екі бейне ретінде бір-біріне қарама-қарсы мінез иелері. Осы екі кейіпкердің арасындағы байланыс пен қарама-қайшылық шығарманың идеялық өзегінде қандай қызмет атқарады?
– Иә, Ерік пен Таған – туындының сыртқы шеңберін құрайтын «жол» баяндауының өзегінде тұрған кейіпкерлер. Жазушы бұл екі тұлғаны бір қоғамдық құрылымның ішінен шыққанымен, тағдыр мен дүниетаным тұрғысынан екі бөлек бағытқа бет алған адамдар ретінде бейнелейді. Бұл айырмашылық тек мінез бен темпераменттен туындамайды. Ол қоғамның өткерген рухани және моральдық өзгерістерінің, адамның сеніміне, ар-ұяты мен әділет ұғымына түсірген ізінің көрінісі.
Ерік – моральдық дағдарысқа қарамастан, ішкі ізденіс үстіндегі жан; оның шындықты табуға ұмтылысы өзіндік рухани есеп айырысуға жетелейді. Ал Таған – маскүнемдікке берілген, «Неге біз осы?» деген сауалды өзіне де, қоғамға да бағыттайтын кейіпкер.
Бұл екі адамның сапары мәтінде символдық мағынаға ие: орын ауыстыру – тек кеңістіктік қозғалыс емес, рухтың да бір күйден екінші күйге өтуі. Жазушы осы сапар арқылы адам мен қоғам арасындағы күрделі қақтығысты айқын көрсетеді. Еріктің ішкі үнсіздігі мен Тағанның ашық күйзелісі – бір қоғамның екі жүзі, бір жараның екі шеті. Тағанның үздіксіз қайталайтын сұрақтары жеке өкініштің қоғамдық ар-ожданға айналған нышаны тәрізді.
Осылайша, Оралхан Бөкей Ерік пен Таған бейнелерінің тоғысында адам жанының екіге жарылуын да, кеңестен кейінгі дәуірдегі қоғамның өзіндік болмыс дағдарысын да терең ойдың елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Екі кейіпкер де, әртүрлі жолмен болса да, бір ғана түйіннің төңірегінде айналсоқтап жүреді. Бұл түйін – өткенмен есеп айырысу және қайтадан адам қалпына келудің мүмкіндігі.
Ал Нюра әже – «Атау-кере» шығармасындағы өткеннің жадын арқалаған басты бейне. Шығармадағы уақыт ағымының кейінгі шегіністері дәл соның тағдырымен басталады. 1932–33 жылдардағы ашаршылық, 1937–38 жылғы қуғын-сүргін, екіншідүниежүзілік соғыстың қасіреті – бәрі де Нюраның жеке өмірі арқылы суреттеледі. Бұл авторлық шешім Бөкейдің баяндауына әрі тарихи, әрі эмоциялық тереңдік береді. Нюра әже – тек жеке тұлға емес, бүкіл қазақ халқының қасіретке, жоғалту мен төзімге толы ортақ тағдырының символы. Оның өмірі – ұлт бастан кешкен жаралы кезеңдердің, сол оқиғалардың адам жанында қалдырған ізінің көрінісі.
Жазушының Нюраны «кейін мұсылман болған орыс әйелі» ретінде бейнелеуі кейіпкердің символдық маңызын арттыра түседі. Бұл тек мәдени шекаралардың ашылуы емес, сонымен қатар рухани болмыстың, шынайы тиістіліктің айғағы іспетті. Нюраның өткенге оралтқан естеліктері – шығарманың сезімдік өзегі: ол – өткеннің куәгері әрі бүгінге жеткен ар-ұжданның үні. Бөкей дәл осы бейне арқылы кеңестік дәуірде тұншықтырылған ұжымдық жадты қайта жаңғыртуға тырысқан.
Осылайша Нюра әже шығармада әрі «ана бейне», әрі «жадының кеңістігі» ретінде көрінеді. Оның тағдыры арқылы оқырман тарихтың құрғақ дерегін емес, сол тарихтың адам жанына салған жарасын сезінеді.
– Айна кейіпкері сырт қарағанда шығарманың негізгі тұлғасы болып көрінбесе де, шығарманың тақырыптық өрімінде елеулі рөл атқарады. Ол нені бейнелейді, қандай құндылықтар мен қайшылықтарды өз бойына жинақтаған?
– Айна «Атау-кере» шығармасында тікелей негізгі рөлде болмаса да, жазушының адам табиғатына қатысты пайымдарын тереңдететін кейіпкер ретінде ерекше мәнге ие. Ол Ерік пен Тағанның «сапарының» желісінде үнсіз, бірақ әсерлі бір болмыспен көрінеді. Айнаның бар болуы – мәтіндегі әйел бейнесінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Нюра әже – өткеннің дауысы болса, Айна – бүгіннің үнсіз куәгері. Екі әйел кейіпкерді бір-біріне көрінбейтін нәзік байланыс жалғайды; екеуі де айналасындағы ерлердің іс-әрекеттерінің негізінде қалыптасқан әлемнің ауыр жүгін көтереді, бірақ оны әртүрлі жолмен жеткізеді.
Айнаның бейнесі ішкі беріктік пен рухани сабақтастықтың символы. Оның үнсіздігі – мойынсұну емес, қайта мәтін бойында жаңғырып тұратын төзімнің бір түрі. Бөкей осы кейіпкер арқылы қоғамдағы өзгерістердің әйел тағдырына әсерін ашық айтпай, астарлап сездіреді. Сонымен қатар Айна – махаббат, әділет пен адалдық тақырыптарының сезімдік өзегіне айналады. Осы қырынан ол сырттай ерлердің төңірегінде өрбитін оқиға желісін толықтырып, жұмсартады. Оның кейде көзге ілінбейтін, бірақ шығарманың адамгершілік үнін айқындайтын ерекше рухани іс-әрекеттері бар.
– Шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры мен мінезінде алкоголь, жалғыздық, опасыздық және әділет секілді тақырыптар жиі тоғысады. Бөкей осы ұғымдарды кейіпкерлерінің рухани әлемінде қалайша бейнелейді, олардың жандарының терең тұңғиығында қандай пішінге айналдырады?
– Бөкейдің кейіпкер әлемі – жеке тұлғаның ішкі күйреуін қоғамдық жағдайлармен астастыра суреттейтін кең өріс. Алкоголь бұл күйреудің әрі себебі, әрі белгісі ретінде көрінеді... Жазушы әсіресе Таған бейнесі арқылы ішімдіктің жалғыздықтан, тамырсыздықтан және тұлғалық дағдарыстан туған бір қашу жолы екенін көрсетеді. Тағанның ішімдікпен байланысы – жеке әлсіздіктің емес, қоғамның іштей бүлінуінің нышаны. Осы арқылы шығармадағы әлеуметтік сын тереңдей түседі... Кеңестік жүйенің адам рухына салған қысымы қоғамдағы күйзелісті ішкі дертке айналдырған.
Жалғыздық пен опасыздық ұғымдары да осы контексте қарастырылады. Еріктің ішкі үнсіздігі мен Тағанның өкініші – заманауи дүниенің рухани жатсынуы мен бір-бірінен алшақтығының айнасы. Әділет пен адамгершілік түсініктері кейіпкерлердің әрекеттерінен гөрі, олардың ішкі сұрақтарында көрініс табады. Әркім өз ар-ожданында бір сот құрады, бірақ бұл соттан ешкім толық ақталып шыға алмайды.
Бөкей бұл тақырыптарды айыптаушы үнмен емес, адам жанына түсіністікпен қарай отырып бейнелейді. Сол себепті шығарманың трагедиясы күнәдан емес, естеліктен, өткенді ұмытпайтын жүректің азабынан туады.
– Жалпы алғанда, Бөкейдің кейіпкер жасау шеберлігі қазақ халқының тарихи болмысымен қалай ұштасады? Жазушы тұлға мен қоғам арасындағы тартысты қай өрісте тоғыстырады?
– Оралхан Бөкейдің кейіпкер жасау тәсілі қазақ қоғамының мәдени, тарихи және рухани болмысынан нәр алады. Шығармадағы барлық кейіпкерлер – Ерік, Таған, Нюра әже, Айна – шын мәнінде қазақ халқының әрқилы бейнелерін танытады. Таған – өз құндылығын іздеген тұлға; Ерік – заман ағымында бағытынан жаңылған ұрпақтың нышаны; Нюра әже – халық жадын, ұлт рухының үзілмес арнасын бойында сақтаушы; ал Айна – үнсіз қарсылықтың, ішкі беріктіктің символы. Бұл көптүрлілік кей кезде «Құтты білік» атты түркі халықтарының тарихи ескерткіші іспетті жазушының қоғамды бір ғана үнмен емес, сан қырлы көзқарастар арқылы бейнелеуге ұмтылысынан туындайды.
Бөкей кейіпкерлерінің ішкі тартысын тікелей тарихи-әлеуметтік контексте қарастырады. Адам өз дәуірінің жүгін арқалайды, ал сол жүк оның болмысын қалыптастырады. Сондықтан да шығармадағы тұлғалар – жай ғана көркем бейне емес, қоғамдық рухтың көрінісі.
Бөкей үшін жеке адам мен қоғам арасындағы шиеленіс «Атау-кере» шығармасындағы шешімін күткен қайшылық емес, керісінше, адам тіршілігінің өзіне тән болмысы ретінде көрініс табады... Жазушы адамның ішкі жалғыздығы мен қоғам жадындағы тұтастық арасындағы нәзік тепе-теңдікті зерделейді, сол ізденіс шығарма кеңістігіне өз оқырманын да еріксіз жетелейді...
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет, ұстаз. Еңбегіңіз түркі жұртының, адамзаттың игілігіне қызмет ете берсін деп тілейміз.
