Марқұм, Бейбіт Құсанбек есімі көшілікке етене таныс. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар тұлға еңбек жолын телерадио саласында бастап, отандық ақпарат кеңістігінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Оның жүргізген сұхбаттары мен авторлық жобалары қоғамдық ойға қозғау салуымен ерекше еді. Әсіресе әдебиет пен өнер өкілдерімен жасаған сұхбаттары өз алдына жеке тақырып. Сол сұхбаттардың санатында қазақ поэзиясының көрінекті өкілі, Мұқағали Мақатаевтың жары Лашын Әзімжановамен жүргізген сұхбаты да жатады. Биыл Мұқағалидың туғанына 95 жыл. Біз осы орайда ақынның отбасылық өмірі мен шығармашылық әлеміне үңілген, осыдан аттай 26 жыл бұрын алынған сұхбатты қайра қағазға түсіріп назарларыңызға ұсынып отырмыз.
-Ол өзі туралы естеліктер жазылатынын ақындық түйсікпен біліп, айтып кетті. Естеліктер кітабы шықты. Күнделігі жарық көрді. Бірақ Мұқағали – бәрібір жұмбақ. Өмір заңы солай, уақыт өткен сайын Мұқағалиды көрген, білген адамдар қатары азая бермек. Әр келген жаңа ұрпақ Мұқағалиды жаңаша таниды, оның өлеңдеріне, өмірбаянына басқа көзбен үңіледі. Сол кезде қазір ұсақ-түйек, елеусіз көрінген нәрсенің өзі басқаша қабылдануы әбден мүмкін. Не десек те ақынның шығармашылығы мен ғұмырнамасына қатысты кез келген дерек құнды, ол болашақ үшін қатталып қала бергені дұрыс. Лашын апай, тарих қойнауына сіңіп бара жатқан ХХ ғасыр қазақ халқының ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев дүниеге келген, өмір сүрген, ал бақиға аттанғаннан бергі ширек ғасырда халқына кең танылған, махаббатына бөленген кезең болды. Жаңа ғасыр алдында ресми мойындалып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының» берілуі айрықша мәнге, ерекше символикаға ие. Ақын шаңырағын шын жүрегімізбен құттықтаймыз!
-Рахмет! «Ештен кеш жақсы» деген. Үкімет ең үлкен сыйлығын берді. Соңғы 16 жыл бойы поэзияға Мемлекеттік сыйлық берілмепті. Бұл сыйлығымен шынында да ғасыр шымылдығын жапқан сияқты болды.
- Сіздер қалай таныстыңыздар?
-Мұқағали біздің ауылға ауылдық кеңеске хатшы болып келіпті. Мен мектепте сабақ беремін. 1948 жыл, қазан айы, Ұлы Қазан революциясының тойы. Ол кезде бұл мереке керемет тойланатын еді. Кешке ауылдың бойдақ қыз-жігіттері жиналмақ екен. Мектепте бірге жұмыс істейтін әрі туыс болып келетін Күләнда деген қыз соған барамыз, сен де жүр деп үгіттеді. Басында тартыншақтап едім, Күләнда еркіме қоймады. Кешке мереке болатын үйге бардық. Кім бар, кім жоқ екенін білмекке есік алдына сәл кідірістедік. Төр жақта нарттай жігіт отыр екен, жаңа ғана өлең айтқан сияқты, жұрттың бәрі қошеметтеп жатыр. Жұрт бізді байқап, төрге шығарды, жаңағы жігіт орын ұсынып, күлімсіреп тұр, маңдайы кере қарыс, әдемі жігіт, ғашық болып қалуың әбден мүмкін.
-Содан ғашық болып қалдыңыз ба?
-Жоқ, ұнатып тұрдым. Бұл соғыс жаңа бітіп жатқан кез, барлық нәрсе тапшы. Дастарқанның олқысын ән-күймен, ойын-сауықпен толтыратын едік. Мұқағали деді. Жанымдағы қыз да әдемі ән айтушы еді. Ол бір әнді бастады, «қыздар, біз норманы орындадық, енді өлеңді сендер айтыңдар», мен қосылдым. Өлең айтып жатқанда Мұқағалидың бізге қалай жақын келіп, отырып алғанын байқамай қалыппыз. Мұқағали «Бір бала» деген әнді айтты. Дауысы өте керемет емес, бірақ аты «Бір бала» болып тарап кетті. Ең алғаш осылай ән арқылы құлаққа жағымды, жайлы әсер қалдырды. Кейін сол ауылға Мұқағалидың таныстығы басталды. Қай жерге барсақ та ән айтатын болдық. Ауыл кеңсесінің есік-терезесі батыс жаққа қарайтын. Мектептің мұғалімдер бөлмесі бар, қыста от жағылады, оның терезесі шығысқа қарайды. Мұқағали есікке асылып, бер жаққа қарап тұрады, мен ол жаққа қарап тұрамын. Ол кезде жылда бір сайлау болатын, сонда екеуміз де үгітші болдық. Бұл бізді жақын танысып кетуімізге септігін тигізді.
-Сөйтіп жақсы танысып кеттіңіздер. Ең алғаш көңілін қалай білдірді?
-Ең алғаш хат жазды. Бірнеше рет және өлеңмен жазды. Қасымдағы Күләнда: «Өзі ақын екен, өлең жазады, өте ашық жігіт», – деп айтты.
- «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған...»
-Иә, біз де ептеп жақындай бастадық. Күләнданың үйі бізге жақын, сол үйде бас қосып қала береміз. Мен де жауап хат жаздым. Ол да хатты жазып жатты. Сондай хаттарымның бірі бұрын бізбен оқыған, өзі өлең жазатын, көрші ауылда тұратын Дүйсенбек деген жігіттің қолына түсіп қалғаны бар. Мұқаң қосылайық деді. Біз үйде үш қызбыз, ортасында еркекшоралау болып өскенмін. Әке-шешем мені ерекше жақсы көріп, бетімнен қақпады. Ағам Әбдумүтәліп (Ораз Жандосовтың хатшысы болған, «халық жауы» болып ұсталып, босап, ауылға келген) бірден қарсы болды. Өйткені Мұқағалидың әкесі соғыстан оралмаған, екі інісі, екі шешесі бар, тұрмыстары қиын еді.
Әке-шешем оның өткір, биязы, иманды екенін білетін, сондықтан болар, «өзің біл» дегендей болды. Сол кездің қатаң тәртібімен той жасадық. Көп ұзамай Ләззат деген қызымыз дүниеге келді, бірақ ол алты айлығында шетінеп кетті. Мұқағалидың оған арналған «Қарасаздан шыққан қарлығаш» деген өлеңі бар.
-Мұқаң оқу іздеп Алматыға аттанғанда сізге оңай болмаған шығар?
-Үйленгеннен кейін екі жылдан сон Қарасаз ауылына көшіп келдік. Мұқағали орыс тілінен сабақ берді. Содан оны аудандық «Советтік шекара» газеті қызметке шақырды. Бөлім жетекшісі болып бір жыл жұмыс істеді. Кейіннен екі аудан қосылғанда Кегенге барғысы келмеді. Оқығысы келді. 10-класс бітіргенде шет тілдері институтының неміс тілі факультетіне оқуға түскен екен. Бірақ қаражаты болмағандықтан оқи алмаған. Отбасын асырау үшін қызметке кірген. Маған «бұрын отбасыма қарайладым. Енді сен барсың. Қатарымнан қалмайын. Оқиын. Сен рұқсат бересің бе?» деді. Содан заң факультетіне оқуға түсіп, оқып жүріп әскери жетекшімен келіспей, оқуын тастап кетті. Осыдан кейін радиоға диктор болып орналасты.
-Естелігіңізде «қызыл көйлегін жалаулатып келе жататын» деп жазыпсыз...
-Мұқағали қызыл түсті ұнататын. Қызыл крендешин көйлектерін үстінен тастамай киіп жүретін. Тоқаштың «Қызыл көйлекті Мұқағали» деген өлеңі бар.
-Тоқаш Бердияров қазақтың үлкен ақыны. Мұқаң екеуі жақсы дос болыпты. Естелігіңізде Тоқаңа өкпеңіз бар екенін жасырмапсыз.
-Тоқаш Мұқағалидан 6-7 жас үлкен еді. Оның үстіне ол кезде отбасын құрмаған. Мұқағалидың жанұясы, балалары бар. Ең алғаш Мұқағалиға ұрттатқанды үйреткен Тоқаш қой деп ойлаймын. Менің ескертпеме Мұқағали құлақ аспайтын. Ал Тоқашқа шаң жуытпайтын.
-1960-70 жылдары шыққан көп таланттардың бабаларымыз қауіп еткен «сары суға» үйір болуы неліктен? Бұған қоғам, заман итермеледі ме?
-Білмеймін. Мұқағали талантты адам болатын. Оның сол таланты жауыз арақты жеңді, әйтпесе оның астында қалатын еді. Күнімен қанша сауық-сайран құрып келсе де, түнімен өлең жазатын. Ертеңіне жоспарым орындалды деп өлеңін оқып беретін. Үйге келе салып, тамағын ішкен соң айтатын сөзі: «Үстелім таза ма?» еді.
-Мұқаң туралы аңыз әңгімелер көп. Соның ішінде шындыққа жанаспайтындары бар ма?
-Мұқағалидың 60 жылдығында бір белгілі жазушы оны кәріс қызға үйленді дегендей әңгіме жазды. Ет пен терінің арасындағы желіктей тыз еткен бірдеңе болса болған шығар, бірақ Мұқағали өз отбасынан ешқашан ұзаған емес. Бұл - жалған. Мен Мұқағалидан 2-3 жас үлкенмін. Ешуақытта сен үлкенсің деп айтқан емес. Кей кезде мен «үлкенмін, сыйласаңшы» десем: «Ой, Лашын! Ұлылардың барлығының әйелі өзінен, үлкен болған. Мысалы, Маркс, Лениндердің әйелдерінің жасын қарашы» дейтін еді.
-Мұқаңның бір жерде табан тіреп жұмыс істей алмауы неліктен? Өмірінің соңғы кездері тіпті көп уақыт жұмыссыз да жүрді ғой?
-Мұқағалидың мықты, талантты екенін бәрі білді, шеттетуге тырысты. Қызғанушылықты көралмаушылықтың салқыны болды. Ішеді дегенді сылтау етіп, жұмыстан шығарып жіберді. Ешкім оның бала-шағасы, отбасы бар екенін еске алмады.
-Кейде Сізге де кінә артқысы келетіндер бар сияқты...
-Қонақ қабылдауға бірде жағдайың болса, бірде болмайды. Сондықтан ренжисің ғой, соны айтып жүргендер бар шығар. Мұқағали өте қонақжай болатын. Келіңдер, үйге жүріңдер, көже бар, құдайдың дәмі деп жастарды ертіп келетін. Мен қазақпын ғой, әке-шешем де қонақ келсе құдайындай күтетін адамдар болған. Олардың тәлім-тәрбиесін көрген менің қонақтан қашуым ойға сия ма?
-Өмірлеріңіздің бәрі көңілсіздіктен тұрмаған шығар?
-Әрине. Мен Гоголь атындағы №20 мектепте сабақ беретінмін. Бір күні жұмыстан ерте келсем, есік ашық тұр. Ас бөлмеден Мұқағалидың «Лашын, тез кел, мен палау жасап жатырмын, үйде қонақтар бар» деген даусы шығады. Келген қонақтары – Ізтай Мәмбетов, Шәміл Мұхамеджанов, Әнуарбек Дүйсенбиев деген құрдастары екен. Ізтайға пияз аршытып қойыпты, өзі ет турап жатыр. Палау тез-ақ дайын болды. Мен дастархан жасап жібердім. Шәміл ұйқыдан тұрса керек. Мұқағали оған: «Дайын тамаққа келе саласың ба, бишісің ғой, Индияның биін билеп бер» деді. Шәміл бұралып билей кетсін. Бәріміз мәз-мәйрам болып дуылдасып отырдық. Мұндай қызыққа толы күндер де көп болды.
-Мұқаңның өлеңдері оптимизмге, романтикаға, нұрға толы. Өмірінің соңғы жылдары өлім туралы көп жазды. Өлім жайлы айтушы ма еді?
-Мұқағали әулие адам болатын. Ол өлетінін білді. «Сен, балаларды сақта, жылай берме, оқыт, өзің кеткенше менің тапқандарым жетеді. Саған, балаларыма, жететін қазынам бар» деп айта берді.
-Мұқаңның махаббат туралы жырлары баршылық. Сол өлеңдердің кімге арналғанын сұрап ашық әңгімеге шақырған кездеріңіз болды ма? Сізге арнаған қанша өлеңі бар?
-Фаризаға арнап жазды, онда махаббат туралы бір ауыз сөз жоқ. Жас кезінде бір ұнатып қалған қыздарға арналған өлеңдері бар. Маған арнаған өлеңдерін санағам жоқ. «Күрсінбеші», «Мен сені сағынғанда», «Сол сен бе едің...» тағы да сол сияқты көптеген өлеңдер жазыды.
-Өмірге қайта тусаңыз, ақынға жар болуды тілер ме едіңіз?
-Егер ол ақын Мұқағали болса, тілер едім, әрине. Мұқағали деген періште. Ешкімге жамандығы жоқ, ақкөңіл, мөлдір адам болатын.
-Жаза алмай кеткен дүниелері, жарық көрмеген қолжазбасы бар ма?
- «Таңғы ұйқының тәттісі-ай» деген поэма жазсам дейтін. Балаларды таң атпай ұйқысынан оятып, улатып-шулатып балабақшаға сүйрегенге жаны ашып, дұрыс көрмей жүретін. Үлгермеді. Оразақын Асқар екеуміз төрт томдығын дайындап қойдық. Бұрын жарық көрмеген 20 шақты өлеңі бар екен.
-Балаларыңыз туралы айтсаңыз?
-Екі қыз, екі ұл бар. Жұлдыз Заң факультетін бітірген, облыстық прокуратурада істейді. Отбасылы. Алмагүл кітапханашы, Шолпан әлем тілдері университетінің магистранты, екеуі де тұрмыс құрған, Айбар - құрылысшы, менімен тұрады, немереміздің алды студент.
-Ақынның 70 жылдық мерейтойы келіп қалды, қандай дайындықтар бар?
-Бір айта кететін нәрсе Мұқағали наурыз айында туған. Ақпанда туған болып жазылып кеткен. Себебі ол кезде сайлау науқанына орай паспорт таратады екен. Жасын толтыру үшін солай жаздырған. Мұқағали өзі көктемде, наурызда туғам деп үнемі айтып отыратын. Мерейтойына келсек - Министр А. Сәрсенбаевтың қабылдауында болдым. Алматы облыстық әкімшілігі тойын жазда өткізуді жоспарлап отыр. Жазушылар Одағы қаулы алып, Храпуновқа тапсырды. М.Мақатаев көшесіне ескерткіш қойылмақ. Реті келгенде айтып қалайын, кітап шығарып, сыйлыққа ұсынған М. Құлмұхамедке көп рахмет. Акырына дейін алып шықты. Жақсылығы Алладан қайтсын!
-Сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Деніңізге тек саулық тілеймін!
(2000 жыл)
