Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ. Қасқыр атқан (әңгіме)...

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ. Қасқыр атқан (әңгіме)

16.04.2026

224

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ. Қасқыр атқан (әңгіме) - adebiportal.kz

Ауылдың тіршілігін бақылып, өткені мен бүгінін салғастырып, өзімнің де бала күнімде жүрген ізімде қайталап, ескі күннің естеліктерімен табысып, бек жайдарлы күйде жатқаныма алтыншы күн толған. Отбасымызбен кешкі асты ішіп, екі жақты әңгімелер айтып отырғанбыз. Әкем өзінің құтты орнында, мен есейгелі өзгеше отырысын көргенім аз екен. Үстелдің оң жағында, арқасын қабырғаға беріп, самарқау кейіпте отыр. Жасы келіп шашына ақ жүгіріп, жүзіндегі әжімі тереңдесе де, денесіне біткен бұлшық етінің бедері білініп тұр. Қимыла әлі ширақ. Шүкір! Әкем – әңгімешіл жан. Сонысына сай, тыңдауға да құмар. Қазір де, өзі әңгімесін айтып аяқтаса, маған құлақ түріп, жүзінен ризашылығы көрініп, жанарынан мейірім төге, қарап отыр. Кенет, сырттан дүрілдеген көлік дыбысы шығып, терезеге шағылыса жарығы түсіп, тоқтағаны білінді. Ағам шығып, қарсы алуға кеткен. Қайта оралмай, көп кешікті. Қалғандарымыз оны-мұны айтып, әрі-сәрі күйде қалдық. Әлден уақыттан кейін ағам да үйге кірді-ау! Қонақтардың бірге келмегеніне қарағанда, асығыс жүргендері белгілі. Бізге қызықтысы тоқтаған мақсаттары, айтқан бұйымтайлары еді. Ағам іле жауап беріп, қасқыр қарауға келген аңшылар екенін айтып жатыр. Ә, түсінікті! Әрі, қызықты...

Қыс басталғалы, жон тауларда ит-құстың жортуы көп болып тұрғанын келерден бұрын да естіген едім.  Жеке-дара ғана емес, үйірімен көрінуі – шопан біткенді алаңдатып қойғаны да бар. «Алды-жұтты, әкетті, қырды», – деген айқайдан ада болса да, апта салып, кейде күн аралатып ірі қараның жығылғаны, ұсақ малдың да жарылғаны естіліп тұрған. Енді соның алдын алу үшін ел ішіндегі аңшыларға хабар тараған-ды. Ең болмаса біреуін алар, болмағанда мылтықтың дауысы шығып, топты адамның ізін көрсе, бағытын ауыстырып, аз-мәз болса да тиылар деген ойлары. 

Жаңағы жолаушылардың жайы түсінікті болды. Ал, бұйымтайлары қасқыр қарауға атпен ілесетін «айдаушы» керек. Осы іске мекенді ауылдардың жігіттері шығуы лазым. Біздің ауылдан екі атты кісі дайын болғаны, үшінші адамға Қазақстаннан келіп, ерігіп, тау кезіп жүрген мені қолқалай, қоспақ – ұсыныстары. Өздері машинамен жайлау жұртқа дейін барып, теріскей жағының қасқыр жүреді-ау деген жолдарын қарауылдамақ... Мен, әрине, дайынмын. Өзіде жалғыз тау кезіп, тұрақ таппай жүрген жайым мынау. Жонға дейін қасқыр қарай, атпен барып-келу, олжалы қайтпасам да, қызықты серуен болары даусыз. Әнбе, жондағы Күрең айғырдың үйірін қораға әкеліп, жабулап, белгі тағамыз деген жоспар да болған. Барлығы белгілі болысымен, желпініп, баратынымды айттым. Әкем, ағам үшеуіміз ертеңгі жүрістің бағыт-бағдарын біраз талқылап, аңшылық ерте аяқталса, жылқы жайын да ескеретін болып келістік...

Бірнеше сағат көз шырымын алған болып, таңғы алтыларда тұрып кеттім. Қысқы түн ұзақ, дала әлі қараңғы. Біздің үйдің міністегі торы аты, мен келгелі қолда, көк шөпке байлаулы тұрған. Менен бұрынырақ тұрған ағам шөп салған екен, көк шөпті күтірлете шайнағаны қора сыртынан естіліп тұр. Жағымды үнге құлақ түріп, жұлдызы сиреген аспанға үңіле, біраз тұрдым. Дала тым тыныш. Жолға дайындалған торы аттан басқасы, жансыз жатқандай. Жұлдызы сиреген аспан аяздан шытынап тұрғандай, сөнердей өлі сағым бұлдырайды. Ызғарлы қыс демі жұқа киінген бойыма тарап та барады. Тітіркенген бойымды жия, үйге қарай беттедім. Келісілгендей, сағат сегіз аса жолға шығуым керек болған. Ағам екеуміз таңғы шай ішіп, бір қыдыру әңгімелер айтып, тағы отырыстық. Ағам балуан денелі, толық адам. Артық сөзге жоқ, болмысы – момын. Денесін көргеннің бәрі, «мына күшпен неге күреспейсің», – дессе, замандастары «мынандай дәу денем болғанда, ендігі «Аймагийн арслан» (моңғол күресінің атағы) болмасам да, «Сумын заан» алатын едім», – деп әзілдеп жатысушы еді.  Азан шақырған есімі Қуандық, Қолпи аталып келеді. Бір туғандардың ішінде қырда, яғни, мал бағуда қалған жалғыз осы кісі. Қалғандарымыз қалаға «керек» болдық. 

Сонымен, таң ағара менде атқа қондым. Негізгі бағытым, күңгеймен кетіп, қыраттап жүріп Үштастың төбесіне жету. Сол арада ауылдан шыққан екі «айдаушыға» қосылып, әрмен кетуіміз керек. Бұл, желтоқсанның соңғы онкүндігінің басы. Әр жылдармен салғастырғанда қар аз, атқа бөгет болар қабақ қар, омбы жоқ. Астымдағы торы жеті жасар, қысқы мініске алғаш түскен жылы. Аздаған үркектігі болмаса, аяқ-қолға жуас, елпектеп тұратын жануар екен. Күңгейді бөктерлеп, Үш Үйдің жұртына барып айылын төстей тартып, аялдап тұр едім, алыстан айқай естілді. Торы атта елең етті, соның бағытымен менде теріскейге қарадым. Тікжыра жағымен шыққан екі серігім Сарыалатасқа жетіп, қол бұлғап тұр екен. Мұның біреуі – Таубек (Тәукең) ағам, әкемнің ініс болып келеді, жасы елуге таяған, өз ісіне ұқыпты, бір тоға адам; екіншісі – жиен ағам Төлеужан, Төкен, Төкіш дейміз, кеңесті мәнерлеп айтатын, қалжыңбас кісі. Айхайды естіп, менде «әгугайға» салып әндете, қайта қозғалдым. Бұл кезде торы ат бусанып та қалған. Әрі қарай құмды, қиялау беткеймен жүріп, әрі қабақ қарды омбылаумен межелеген орынға жеткенше, буы бұрқырап, мойнын тер жауып та үлгерді. Кешігіп жеткенімді өзімде білгенмін, ағаларым Шаттының мойнағына қарай жортып барады екен. Мойнаққа қарайғы еңісті пайдалана, төрт аяқтатып менде арттарынан құйрықтатып үлгердім. 

– Ассалаумағалейкум! Қанжыға майлансын, жолсын болсын, – деп қатарласа, амандастым. Екеуі де жамырай аманымды алып, тізгін тежеді. Сөзді Төкен ағам бастап, «Сен мүлде қате жолмен келдің. Атыңды қинап, иір-қиырға түскенше, Көкмойнақ арқылы Қарақуыспен өтіп, Жолсаймойнақпен Тоғасбайды басып осында келетін жігіт едің», – деп таудың етегін ала жүретін, жаттық жолды айтып жатыр. Түндегі ұсыныс бойынша ол бағыт айтылмағандықтан маңызды болмады, әнбе, маған екі бағытта бірдей еді. Ары қарай желе-жортып Тіккүңгейдің төбесімен Жолсайға өткесін сәл аялдап, айналаға дүрбі салдық. Күн тастөбеге таяп қалған. Аспан селдір бұлтты. Қар құрсаған айнала – күн сәулесімен шағырая көрінеді. Саф ауа, құмар қанбайтын тұнықтық. Алтайдың сілемдегенген орқаш-орқаш тауларына көз жібере, төңіректі түгел шарладым. Маған маңыздысы осы көрініс. Қараған сайын, тау біткен өз биіктігін дәлелдеуге асығып, көкке ұмтылатындай. Бәрі биіктеп барады. Басқа әлемге үңіліп бара жатқан ойымды, ағаларымның дүңгірлей сөйлегендері бұзып жіберді. Теріскейдің быдырмақ, қабақтарынан құйрығын бұлғаңдата, ің шолыған жалғыз түлкі көзге түскен екен. Екеуі соны сөз етіпті.  «Таңнан көргеніміз жалғыз түлкі, кешке дейін Көкжалдың ізін де көре алмай, құр қайтып жүрмейік», – деп үшеуіміз іштегі күмәнды ойды сыртқа шығарып, біраз тұрыстық. Шынымен таңнан бергі жолда қарайған көрген былай тұрсын, қарға түскен із жоқ. Жер таза. Соңғы бораннан кейін тіршілік тоқтағандай, сүрі қардың бетінде майдаланған ескі сүрлеулер ғана...

Бағана, Үштастың төбесіне шыға бере, қызыл басталған. Биіктеп, жоғарлаған сайын жұлғылап, екі бетті дуылдатып барады. Аялдаған орнымызда шапан, тымақтарымызды қайта жымқыра, буынып, аттардың айылын да тартып алып, қозғалдық. Әрменгі сапарды үш бөлек жалғастыруға келісіп, Таубек ағам Жолсайдың Теріскейі арқылы Бейіттақтаны басын қырқып өтіп, Үлкентақтаны шолып, Ожырға үңіліп, Бекенсайына асатын мойнақтағы Серектастарға баруға; Төкен ағам Шолақтақтаға үңіліп, Қоңырдоң жағымен Бекенсайының басын шолып, жаңағы Серектастарға баруға; ал, мен Сулыиық пен Үлкентақтаның төбесін барлап баруға тиісті болдым. Жон таулардың да қары жұқа. Түртіп қалсаң, сарысы бұрқырайды. Басынан аяғына дейін сүрі қар сірейтін Айқабақтар  да әлі ашық. Тебінге жарап тұр. Күңгейлердің де қоқым шөбі арылмаған, жусан мен жирені де бүліне қоймағанға ұқсайды. Осындай қалыппен малдың ішінен шөп кетіп, қиналатын емес. Әткенмен, әупірімдеп қыс қысастығы басталады ғой. Әлі талай, көз қараттырмай қарлы демін үрлер...

 Жолдың қысқалығынан мойнаққа бірінші барып, күтіп отырдым. Әуелі, Төкіш келді, жүрген жолынан мол-мол шоғырлы ірі қара малдан бөтен ештеңе көре алмағанын айтып, осында аялдап, дүрбі салуды ұйғарды. Аттан түсе, жалданған қабақ қардың төбесінен келіп Шұңқыртақтаға үңіліп, көз жетер жерді бір шолып шықтық. Үлкентақтаның Серегінен қарасы көрінген Таубек ағам бізге қарай сәл қиыстап жүрді да, жалт беріп күңгеймен Шыңның төбесіне қарай кетті. Серек демекші, осы тастардың жаратылысы бөлек енді. Үлкентақта мен біз тұрған Бекенсайының мойнағы, Қасқақұмның төбесі, Байбаланың қыратын жағалай, Тымақтөбеге дейін жалғасқан биік-биік Серектастар. Жаратылысы бөлек дейтінім, кәдімгідей қолдан жинағандай әр-түрлі қалыпта орнай салған. Кейбірі көкке тік шаншылып, кейбірі баурына иіріле біткен; Жұмбақтас, Бітіктас, Қорғантас іспеттес десем де, неше сан дизайн табуға болады. Теңеуін келтіре жеткізсем, «Тау басындағы тасқалаға» – пара-пар. Серектастарға үңіле тұрып, барлаушылықты да қағыс қалдырмадым. Тәңертең машинамен қозғалған аңшылардың Қибаттың жайлауынан қаралары да көрінді. Бірден-екіден бөлініп Талсайды бетке алғанға ұқсайды.

 ...Біздің ауылдың ұсақ малы жонға қыстап, күзеудегі төбелі қораға түнейтінді. Ауылдың бес үйі отарға кезектеп келеді. Өрісі – Шың мен Ожырдың күңгейі. Сол күнгі ауылдың қойшысы – Қызыр ағам еді. Біз дүрбі салып, қарауылдап отырғанда қой Ожырдың күңгейіне айналып, қапталдап келеді екен. Қызыр ағам да сол маңайда жүрген болуы керек. «Тәукең, ағасына кетті. Бізге келмейді екен. Лақтырып кетті, жалқау неме...», – деп Төкен кеңкілдеп күле, – біз де қозғалып, жылқыларға барайық. Менің үйірімді түгендеп, жағдайын көрейік те, сенің жылқыларыңды айдап түсейік. Аңшыларға сосын барармыз,  – дегенді айтып атқа қонуға қамданды. Астындағы торысы танауынан буды будақдата, кекіл-жалын желпи, адымдай өрекпіп барады. Жасы да жеткен жуан ат. Алымды, сыйрақты, кеуделі-ақ. Мойнында, құлағында тік ұстайды. Ұстағалы да көп болмаған, іш тартқанмен еті қатып үлгермеген. Менің торымның таңертеңгіден екпіні қайтқанмен тебінді, қамшы бастырмай келеді. Қос құлағын қайшылай, елең қағып, сергек қалпын сақтауда. Қателеспесем, мініс көргелі қиыр жолға шығып, малшына терлегені осы шығар. Өйткені, өңге уақытта бір қой кезектен басқа жүріс жоқ. Болған күнде де, ағам қатты жүріске салмай, мүмкіндігіше, қыйнамай мінуге тырысады. 

Жаңағы аттаныстан кейін, Төкен ағам екеміз ауыл жайын, мал жайын, бала жайын, көш жайын біршама әңгімелеп Байбаладағы жылқыларға да жеттік. Әуелі, Серектерден төменірек Қасқақұмға айналатын терең қабаққа қарай көрші ағайын, маған нағашы, Төкенге қайынжұрт болатын Мақсырдың жылқысы тұр екен. Кеңшілік деген ұлымен сыйластығымыз жақсы, анда едім. «Жонға шықсаңыз, жылқымда қарайлай жүріңіз, санай жүріңіз», – деген өтінішін Төкенге де айтқаны бар екен. Еш қияндығы жоқ жұмыс. Екеміз екі жағына шығып, екі-екі қайталап санап шықтық. Екі бөлек – 26 тұяқ жылқы. Өңкей ірі, жабуланған жылқылар. Түгел ме? «Түгел. Әкелгенде осы қалпы болған. Күйлері де жақсы екен», – деп Төкіш, тізгін бұра, етекке қарай тайпалта жөнелді. Байбаланың бергі босағасының шыға берісінде біз іздеген екі бөлек жылқы тұрған. Санап, түгендеп, күйін білдік те, сонда аялдап, дүрбі салдық; аңшылардың қарауылдаған орындарын білгесін, жылқыны екі жақтап құлдата бастадық. Екі үйірде дін аман. Күйлері де жақсы. Тек біздің жалбас қарагер биенің өткен боранда шеткері қалғаны көрініп тұр. Жануардың мінер жақ қабырғасы мен сауырсынын ала сіресіп қар қатып, күн көзіне тиіп, ери, мұзға айналып қалыпты. Қол тигізссең сықырлап, денесі тітіркенеді. Жалбас – жылқыдағы ең кәрісі, кемінде 10-11 туған мама бие. Сондығы ғой, үйірдің шетінде қалып, боранға қабырғасын тосқаны...

Жылқыны етекке түсіріп, өргі ауылдың жайлау жұртына таман келгенде, Ожырдың суағарынан өте, бір аттының құйғытып келе жатқаны көрінді. Іштей болжап келеміз: астындағы аты Тәукендікі, бірақ, үстіндегі өзі емес. Шамасы аңшылардың біреуі барған ғой. Осы топшылауымызды нақтылау үшін Төкен ағам екеміз жылқыны төмен қарай тағы бір қозғап жіберіп, екі жайлаудың ортасын ала алаңқайда аттан түсіп, дүрбі салдық. 

– Иә, ат Таубектің торысы, үстіндегі Елік екен. Демек, қасқырды көрген сияқты. Мынау, иен қалған Көккөл жағын алғалы бара жатыр, – деп Төкіш дүрбіні сала, сөйлеп тұр. Мен қызық болса, осы жерде болар деп дүрбі орнына телефонның камерасын қосып алдым. Дүрбі көргенді бұлда жақындатады, көз алдыңа әкеледі. Қасқыр көрініп, мылтық атылар болса, таспалап алмақпын. Сөйтіп, аңшылар қарауылға алған Талсайдың қуыс, қойнауын біреуіміз дүрбімен, екіншіміз телефонмен шолып тұрғанда, Елік жаңағы біз өткен жайлаудың тұсында, биіктігі – кемі 300 метрге жуықтайтын тік-қия бар-тын. Сол қиямен тік шапшып барады. Қазір қар ұстап қалғанымен асты қорым, қарабұта, жыра-жықпыт, қойтастарға толы. Осы сәтте, жел лебі де білініп, көзге көрінер биіктерде ақжорға жүріп бастаған. Елік, қиялап Талсайдың үстіне де шықты. Анығында, аңшыны алып шыққан Тәукеңнің торысы да, жануар терін төге, бар күш-қайратын салған-ақ еді. 

Қияның шыға беріс үсті, жалғасқан жалпақ омбы қар. Елік тізгін тежеп, тоқтай бере, мылтықтың «тарс» еткен дыбысы да шықты. Мен камерамен қасқыр қайдан қашады деп, елеңдеумен тұрмын. Төкіште де сол жағдай. Аттарымыз да бастарын көкке көтеріп, үрке қарап, шылбырды тарқылайды. Елік аттан түсе, шылбырын тастай салып, жаяу жүгіре жөнелді. Қарауылға алмақшы шығар деп тұрғанда, қасқыр да көрінді. Төкіштен сүйіншілей сұрап, айқайлап тұрмын: «қасқыр әнеее келеді. Жаңағы оқ тиген екен. Бұралаңдап қалыпты». Талсайдың бізге қараған беті – жалпақ қарабұта, үстіне қарай жалғасқан созылмалы қабақ, бұйраттар болатын. Осы аралықта жаралы қасқыр бұлаталақтап, артын сүйрете, жанталасып келеді. Тағы оқ атылды, бөрі жалп етіп құлады, өлмеді. Жанды жеріне дарымағаны. Қараңдап, қозғалады. Жаны берік-ақ, жыртқыштың. Шамасы, денесін сүйретіп әлсін-әлсін жылжып келеді. Үшінші оқ «тарс» етті. Қарайған сұлба қарға сіңгендей жоқ болды. Бәрін жасырғысы келген ақжорға тебінін үдете түсті...

  – Ал, не тұрыс. Қасқыр өлді. Аңшыларға барайық. Сен ілесесің бе, әлде, жылқыңды айдап үйге кетесің бе – деп Төкен ағам сұрақ тастай, атқа мінуге ыңғайланды. Таңнан бергі жүрістің шарықтау шегінде бұрыла тартсам, күнімнің не қызығы қалады?

  – Кеттік. Ең жаманы, жылқыны қонаға айдап барармын. Ертең жабулармыз..., – дедім да, Төкішке ілесіп, тарта жөнелдім. Баналы бері, демдерін алып, оған қоса, мылтық даусы мен бөрі өлімінен елеңдеп тұрған қос торы қарды бұрқыратып жағаға қарай желе жөнелді. Мұздың қар құрсаған жіңішкелеу жерінен өте салып, өрге қарай бастырмалаттық. Қатшекеңнің бүркіт ұстап, дүрбі тартатын Қоңырдөңінің желкесімен өтіп, жалпақ Қарабұта мен түйе қорымның екі аралығындағы қой шұбыратын алаңқымен тіке тарттық. Бағанағы, Елік шыққан жердегідей қия болмаса да, бұл жерде біршама тік. Оның үстіне Қарабұта ұстап қалған сүрі қардың жұқа жерлері ойылып кетіп, аттың тебінін қайтарып жатыр. Олжаларын сүйреткен аңшыларға жеткенше екі аттың алқымы қайта қырау тартып, бозданып, танаулары да делдиіп алды. Екі бүйірлерін соға ентігіп, шелек-шелек бу тастайды. «Қанжыға майлы болсын», – айтып, амандасып, сәл бөгелістік те, келген ізімізге түсіп, ат жетектей қайта қайттық. Үш жерінен оқ тиіп, қарны жарылған қаншық қасқырды аңшылардың біреуі, омбы қар бітеген терең қабақтан төмен қарай зырғыта салды. Қиядан бізден бұрын түсті.

Аңшылықтың әңгімесі, етекке түскесін, басымыз қосылғасын басталды. Олардың ұзын саны алты. Барлығы қарулы: винтовка, карабиннен аралас. Бәрінде қос көзді винокаль. Жастары отыз бен алпыс аралығында. Үшеуі таныс, өзіміздің ағайындар: Бопыш марқұмның жалғыз ұлы Байқанат, Есілбай (Гончиг) марқұмың кенжесі Сұлубай, жоғарыда тілге тиек етілген Салдат марқұмның Елігі. Қалғандары Өлгейдің тұрғындары. Қыс түсе, ел ішін кезіп, аң аулайды. Бір жағынан кәсіптері. Өткен жылы да келіп, осы жерден қасқыр алғандарыда сөз етіліп жатты. Біздің сайда ит-құстың білініп тұрғанын Сұлубай ағам естіген-ді. Сосын, биыл да шақырған. Кеше кештетіп қыстауға келгені, сапарларын бастағандары екен. Айтуларына қарағанда, таңертең біз қозғалған межеден кешірек, сағат тоғызға қарай олар да жылжыған. Ауыл жайлауынан өте, Тасмойнақтың қабақ қарына келіп тірелген. Машина өте алмай, жігіттер сонымен арпалысып жатқанда, қарауылға шыққан Сұлубай қасқырды да байқаған. 

Жолдастарына қабар бере, жан-жаққа бытырай биіктерді алуға аттанысады. Көрінген қасқырдың саны үшеу; Қатшекең жайлауы тұсындағы дөңде қарға аунап, торуылдап жатқанға ұқсайды. Бәрі сәтіне салса, біздің ауылдың қойы Көкжырадан өткенде бір тіс салып қалуды жоспарлаулары бек мүмкін еді. Өйткені, өткен күндердің бірінде менімен бірге жүрген Тәукен ағамның қой кезегінде дәл мен меңзеген орында тапа-тал түсте қасқыр шауып, айқай-сүреңмен әрең айырып алған да жағдай болған. Сондағы тістінің адамнан қорықпайтынын айтып, «шамасы, енді дәніккен күшік қасқыр-ау», – деген топшылау айтылатынды. Аңшылар көрген бүгінгі бөрілер де сондай, қорқу, қашу жоқ. Таңғы аңдыстан кейін, жаңағы үш қасқыр жай басып жалпақ Қарабұтаға шығып, бауырын қарға төсеп түс ауғанша жатқан. Қарулылар далдалармен баспалап Қибаттың жайлау арқылы Талсайдың суағар жақ биігін алған. Бірнешеуі бергі етекте қалған. Тек, Көккөл жағы мен күңгейге қарсы беті қараусыз қалған. Аңшылар, Тәукең ағам бізден бөлініп, Үлкентақтаның серегі арқылы Шыңның төбесіне келгенде барып, атын сұрап алған. Біз жылқы айдап түскенде, Еліктің торымен бастырмалата тік шапшуының мәні осы екен. 

Елік торы атпен қараусыз тарапты алған соң барып, оқ шығарған. Әсілінде, аңшылар үш қасқырдың біреуі ғана қарауылға ілінді деп ойлаған. Өкінішке орай, алғашқы оқ атылған сәтте қасқыр атылған қабақтан төмен, жалпақ Қарабұтаның быдырмағынан тағы бір бөрінің атып тұрып, құйрығын бұтқа қысып, Талдыжыраның қотырына қарай безгені белгілі болды. Бұны етекте оқиғаны дүрбілеп жатқан Сұлубай көріп, оқ атуға алыс жер болғанын айтып, санын соқты. Ал, Тәукен ағам Шыңның төбесінде Қызыр ағаммен кездесіп отырып, дүрбімен тағы үш бөрінің Талсай көлінің тұйығына шығып кеткенін көрген. Қысқасы, жонды мекендеген топты қасқырдың жортуылы расталды. Суықсайға шекаралас Үерт (Тасқынды), Жалғызағашты мекендеген отарлар мен жонын қыстаған ірі қара малға маза бермей тұрған жыртқыштар осылар. Бұл сайлар – қар мол түсетін, үп еткен жел шықса, боран басталатын, екі күнінің бірі тұманмен өтетін суық жерлер. Қыстау жағына болмаса, жонына дала аңы тоқтамайды. Сол себепті, ит-құс пен өзге жыртқыштың аңдитыны отар мен жылқы-сиыр. 

Осы жолғы аттаныс, аңшылық өз мақсатын орындады деп ойладық. Тау арасына із түсті, бірнеше мәрте оқ атылды, жаңғырығы таяу таудың бәрін кезді. «Айдаушы» атағымен жолға шыққандар, үйірімен қасқыр үркітпесе де, «Жүйрікторының» тері бос кетпеді, олжа-бөрінің алдын орап, аңшыларға байлап берді, алымдылығын көрсетті. Бір қасқыр атылып, қаны төгілді. Сәлде болса, бес-он күнге тынышталар деген үмітпен улап-шулап үйге қайтыстық. Көңілдегі бір күмәнды ойды екі ағам, үшеуіміз біраз сөз қылдық та, «қойға шапқыш бір көкжал болса да, кеміді. Өзгесін қайтеміз», – деп әңгімені басқа арнаға бұрдық. Аңшылық ғана емес, күнделікті тіршіліктің ескі ғұрпын қай қазақ ұстанып отыр дейсің? Айтылатын бір-ақ ауыз сөз – түйінінде бар көңілдің ырзалығы жатқан... 

Бұл уақытта, олжаларын машина ашасына байлаған жолаушылар жайлау жолынан қарасын да жасырған. Артта қалған үшеуіміз, аттарымызды желіс-аяңға салып, кекілдерін желкілдете, Қадау ағамның жұртына келіп те қалдық. Тәңертең Төкен ағам екеуміз құлдатқан жылқылар биебау тұсына келіп, Аққашаның қабағында тұр екен. Төкен ағамның жылқысын сол жерге қалдырдық та, біздің Күрең айғырдың үйірін алдыға салып, «қыстау қайдасың» деп тартып келеміз. Бұл шамамен сағат екіге таяған, көлеңке де еңкейген кез. Таңғы жүрістен бері, аттар да, өзіміз де болдырдық. Аш өзекке түспесе де, асқазан ұлуға әзір. Артта қаншама шақырым қалды: иір-қиыр, өр-еңіс, тік-қия; жыра-жықпыт, бел, мойнақ, қырат-қырқа, қабақ-қабақ омбы қар т.б. айта берсең, қысқа бір күнге лайықты соқпақты шиырлаппыз. Ара-арасында күңкілдеп ұсақ-түйек бірдеңелерді сөз етпесек, ұзын-сонар әңгіме айтпай, көбіне аяңдап, арасында желе-жортып қыстауға да жеттік. Өргі қыстаудағы бастаудан атыма су ішкізіп, кешеуілдеп жеткен екі ағаммен қол бұлғап, қоштастым да, жылқының артынан құйғыта жөнелдім. Сол беті, үйірді өз қыстау қорамызға әкеліп, қамадым. Әкем мен ағам да дайын отыр екен. Үш жақтап биелер мен жабағыларды жабулап, құйрық-жалдарына мотордың қара майын сіңірген шүберектер байлап шықтық. 

Бұлда, дала малына қысқы боранда сеп болсын, ала-құла мен иістен қасқыр да жасқанар деген – қорғанудың, бес малды сақтап қалудың қамы. Бірақ, бұйырғанын жейтін Бөріекең, қас қылғандай жыртпай-бүлдірмей жабуын, жал-құйрықтағы шүперегін ғана қалдырып, «қан жылатып» кететінін қайтерсің?! Жалпы, таулықтардың екінші жұты – түз тағысы. Әр отбасы жыл бойы бірлі, екілі ірі қара, ұсақ малдан одан көбірек беріп шығады. Осылай, қыр қазағы несібесін малдан тапса, түз тағысы да таулықтардың еңбегімен хоректенеді. Көкжалмен жақындығымыз, болмысымыздың ұқсастығы туралы ертеден жеткен аңыз бар еді. Сол үйлесім, бірлікті қасқыр-қазақ әлі сақтап келеді-ақ! 

Қас қарая жоспарланған жұмыс та, өз мәресіне жетті. Жылқыларға бағытталған жұмысты тәмәмдап болысымен, Күрең айғырды мойын, жалынан сыйпалап қолға тұрғызып, ұстап алып, біраз сырласып бақтым. Жуас, жануар. Тайынын тағдырын білетін, көзіме ыстық қазанат. «Әй, Күрең айғыр! Дөнен шығатын жылғы қысың есіңде ме?», – деймін. Айғырым, иіскелей мойын бұрып, төңкере көз қиығын тастайды. Жәудіреген жанарында секем аз, мойынсыну мен илану бар. Тіл бітер болса, жануар сол қысты ғана емес, содан бергі өмірін түгесе баяндап берер ме еді?! Бірақ, бір-бірімізге мейірленген осы қарасымыз-ақ, көп көріністі түйсігімізде сайратты. Ол жайлы жаңа парақта сөз етермін... 

Күрең айғырды арқаннан босатып, маңдайынан бір иіскеп, үйріне қосып, жолға салдық. Ағам, жылқыларды жонға бағыттап, айдап кетті. Мен күндізгі сапарды ойымда қорытып, ымырт жабылғанша әкемнің жанында отырдым. Кеш мезгілінде осылай Іргетастың үстінде күбірлеп отыру – бала күнімнен бері әкем екеміздің әдетіміз еді...

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan