Бүгінгі қазақ әдебиетінде тым сирек жазылып жүрген жанрдың бірі – сатира. Кейінгі кезде күлдіргеннің бәрін сатира деп қабылдайтын болып барамыз. Ал, шын мәнісінде сатира мен әзілдің айырмашылығы қандай? Бұл туралы «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, жазушы-сықақшы Мұхтар Шеріммен сұхбаттасқан едік.
– Мұхтар аға, көпшілік сатираны сын мен күлкінің қосындысы деп қабылдайды. Ал сіз үшін сатираның ең басты миссиясы неде?
– Қате пікір. Сатира мен сынның, сатира мен юмордың ара-жігін қазақ сатирасының теоретигі, белгілі ғалым Темірбек Қожакеев әлдеқашан ажыратып берген. Мен одан асып кете алмаймын. Дегенмен өз айтарым бар: сатира «өлтіреді», әзіл – шала-жансар етеді. Турасын айтсам, сатира «саған жаным ашиды» деп жатпайды, сарказммен сойып салады. Жеріне жеткізе әшкерелейді. Ал, әзілдің мәні бөлек. Мұнда достық рәуіш бар, күле отырып, түзеуге тырысады. Сынның жөні бөлек. Сын – сатираның бір бөлшегі ғана. Сатираның «туған құдасы» – сарказм.
– Сол сатирада мысқыл мен мазақтың айырмашылығын қалай сақтау керек?
– Мазақтағанның бәрі сатира емес. Менің пайымдауымша, мысқыл – ирония. Мақсаты-жұмсақ сын айтып, астарлы күлкімен жеңіл ғана әжуалайды. Кішкентай балалар болады, әлі жетпейтінін білген соң, тілін шығарып, «тақырбас, тақырбас» деп мазақтап кетеді. Бірақ жеңіл күлкі. Келемеж деген не? Келемеж – сатираның ең қаттырақ, қақтап күлдіретін түрі. Бұл – мысқыл мен сарказмнан да өткір, бірақ көбіне әзіл мен әжуаның сыртында тұрған қылықты, мінезді, әрекетті әшкерелеу тәсілі. Келемеж – адамның, топтың не қоғамның мінін, кемшілігін өткір күлкі, кекесін арқылы мазақ етіп көрсету. Сондықтан, сатиралық келемеждеуде ащы мысқыл, сарказмның салмағы жатуы тиіс. Сарказм – ауыр бомба десек, мазақ (келемеждеу) – әскери дрон.
– Қазақ сатирасының алтын дәуірі деп қай дәуірді айтар едіңіз?
– Әрине, кеңес кезеңіндегі Оспанхан Әубәкіров дәуірі. Бір Оспанханның өзі сол дәуірдегі сатираның сайыпқыраны еді. Ол кісінің көзін көрдім, батасына алдым. Шіркіннің жазу стилі өзгеше еді. Бір ғана «Дігі-дік, дігі-дік» сатирасын алып қарасақ, есалаң кейіпкері арқылы есалаң қоғамды қалай әшкерелейді десеңші! Өкінішке орай, «өзі жоқтың, көзі жоқ дегендей, Осекеңнің аты жиі аталмайды, шығармашылығы жөнінде іс-шаралар атқарылмайды. Сол дәуірде Көпен Әмірбек., Ғаббас Қабышев, Садықбек Адамбеков, Асқар Тоқмағамбетов, Үмбетбай Уайдиндердің өзі бір шоғыр еді. Қазір көбі кетіп, азы қалды. Оспанхан Әубәкіров осы заманда туылған болса, сатирасын айға білер еді. Рас, ол кезде коммунистік цензура болды. Сықақшылар тек совхоз директорларынан ары аса алмайтын.
– Дегенмен сол дәуірде цензура қанша басым болса да, сатираның тісі өткір болғаны байқалады. Бүгінгідей еркін заманда қазақ сатирасы неге әлсіреп кетті?
– Оның рас. Кеңестік дәуірде цензураның қылышынан қан тамшылап тұрды. Сол кездегі министрлер мен Бас хатшыны сынағаның – молаға қарай уралап, туралап жүгіргенің. Бірақ соның өзінде, айттым ғой, совхоз директорларына дейінгі кеңістікте сықақшылар атой салды. Сарказммен іреп-сойды. Батылдық басым еді. Өткір фельетондар мен пародиялар жарияланып жатты. Бүгінде сатираның тұңғыш ұлы – фельетон «қайтыс» болып кетті. Топырағы торқа болғыр. Олардың қара шаңырағы «Ара» журналы «өртеніп» кетті... Өз басым сатираны фельетоннан бастағанмын. Оңтүстіктегі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде фельетондарды апта сайын бұрқырататынмын. Сонда деймін-ау, он теңге жеп қойған сатушы жұмыстан қуылып, жүз теңге жегендері сотталып кететін. Газет фельетоншыларынан партия қызметкерлері Әзірейіл келіп, жанын алатындай қорқатын. Қазір олай емес. Фельетон жазсаң, түрмеде отырып, жалғасын жазасың. Демократия мүгедек. Сатира әлсіреді деп жатады. Оны жазатын жауынгер сықақшылар аз болса, әлсіремей қайтсін? «Жалғыз өзі жауға шапты» дегендей, өзгелермен бірге сатираның қолтығынан демеп келемін...
– Қазіргі жастар мем мен скетчтер арқылы күледі. Ал, нағыз әдеби сатира сол форматта өмір сүре ала ма?
– Жастардың несіне мәз болып күлетіндеріне таң қаламын. Сен айтқан мем және қысқа ғана әзілдерінде не мағына, не сатираның ұшқыны да жоқ. Күлдібадам. Ол күлкі емес, күлкі болу. Анайы, жабайы сөздермен күлкі шақыру – нағыз топастық. Ал, әдеби сатираға сол форматтың керегі де жоқ. Түбі бір оқылады. Біздің ел ұялы телефонды енді көріп, соның шырмауында қалды. Мұндайды қазақ «түк көрмеген бейшаралар» дейді. Ал, шетел жастары ұялы телефон мен кітапты қатар ұстайды. Газет-журналдар оқиды. Яғни тепе-теңдікті сақтайды. Мен ойлаймын, өмірінде бір кітап оқымаған қазақ–жартыбас қазақ. Мұндай пайымға неліктен бардым? Кейінгі кезде сатиралық әзіл әңгімелерім мен өлеңдерім Бангладеш, Италия, Қытай, Косово, Швеция журналдарында жиі жариялана бастады. Тіпті сұраныс та бар. Маған хат келеді, «тағы бір сатираларыңызды жіберсеңіз» дейді. Бұл не? Бұл деген сөз шетел оқырмандары интернеттің құлы емес. Бізде желінің өзінен желіккен жастар әдеби шығармаларды «жеп қоярдай» оқымайды ғой. Керісінше, өсек пен төсекке лайықталған жазбаларды инемен құдық қазғандай іздеп тауып оқиды. Мәселен, әзілкеш Қабатов пен әйелінің ажырасқаны мен үшін түк қызық емес. Ол өздерінің отбасылық мәселесі. Ал соны әйелі жариялап, сұхбат беруі, сол сұхбатты тик-токшылардың аш қалғандай жалаңдап талқылауы ой-өрістерінің құлдырауы деп түсінемін. Сол «жылауық» сұхбат стористе пәленбай мың қаралым жинаса, қазақ қоғамына маңызды мақала мен әдеби жанр сатира аз қаралыммен шектеледі. Интернет беті шимай-шатпақ, бірін-бірі балағаттап жатқан жұрт, тұра қашқың келеді.
– Бүгінгі саяси сатира туралы не айтасыз?
– Саяси сатира деген президентті сынау емес. Ол биліктегі былықтарды әшкерелеу. Өз басым саяси сатира жазумен келемін. Бірақ «жалғыздың шаңы шықпас» деген ғой, бұл тақырыпқа қалам тербейтіндер жоқ десем де болады.
– Қазір жас сатириктер бар ма? Бар болса, олардың аяқ алыстары қалай?
– Осы сұрақты жиі қояды. Үнемі үнсіз қаламын. Үнсіз қалатын себебім, жарқырап шыққан жас сатириктерді көре алмадым. Мұның себебі де бар, біріншіден насихат жоқ. Екіншіден өте қиын жанр.
– Соңғы жылдары комедия жанрындағы фильмдер жиі түсіріліп жүр. Олармен шығармашылық байланысыңыз бар ма?
– Байланысым жоқ. Өйткені олар ақылды ақымақтар. Ақылды дейтінім – олар комедия жанрын таңдады, ақымақтар дейтінім – сықақшылармен байланысқа шықпайды. Өздері жазушы, өздері режиссер, бәрі өздері. Тіпті олар комедияның не екенін түсіне білмейді. «Ыржалақтатсақ болды» дегеннен әрі аса алмайды. Көрермен деңгейі де кино деңгейінен асып кете алмайды. Бүгінде «Тақиялы періште» сияқты мазмұнды комедия түсіретін режиссерлер әлі туыла қойған жоқ. Комедиялардың дені «пандемияға ұшыраған» комедиялар... Биыл «Супер бетсіздер» атты тәуелсіздіктен кейін тұңғыш сатиралық роман жаздым. Мақтанғаным емес, осы романда сатиралық комедияға лайықты тараулар өте көп. Кино түсірілуін қаламаймын да. Өйткені түсіре алмайды. Жақында «Ақылды ақымақтар» сатиралық романымды аяқтадым. Өмірде ақылды болып көрініп, ақымақ тірлікке баратындар көп қой...
– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Ел сіздің жазғандарыңызды оқып, күліп жүреді. Өзіңіз қаншалықты жиі күлесіз?
– Қоғам мен биліктің «беті» қалың кезде, несіне жетісіп күлейін?
