Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨНЕР
/
Музыкотерапия – ең алғаш ежелгі Грекия жерінде пай...

Музыкотерапия – ең алғаш ежелгі Грекия жерінде пайда болған...

13.10.2025

4327

Музыкотерапия – ең алғаш ежелгі Грекия жерінде пайда болған... - adebiportal.kz

Сөз (әдебиет) бен саз (музыка) апалы-сіңілі адамдар секілді ғой. Рас, бірінсіз-бірінің еш мағынасы жоқ.Әйгілі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «...Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар» деп отырғаны сол. Біз осы мақсатта  қазақтың көрнекті қаламгері, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қызы, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаевамен аталған осы өнер тақыры жайында аз-кем тілдескен едік. 

-Алтын апай, алғашқы сауалымды мынадан бастасам деймін. Сіз қалай десек те ән өнерінің жампозы Жүсіпбек Елебековтың алдынан дәріс алған адамсыз ғой. Ол кісінің әнге, әдебиетке деген талғамы қандай еді? Сол кезеңге бір барлау жасап көрсек қайтеді?

-Иә, Жүсекеңе шәкірт болғаным рас. Шындығын айтқанда ұстазымның ең кенже шәкіртімін. Бір-ақ жыл алдынан дәріс алдым. Осы аз уақыт ішінде ұстазымның үйреткені де, алған тәрбием де өміріме жетті десем болады.

Жүсекең бір қарағанда қатал, сұсты көрінгенмен жүрегі жылы жан еді. Ол кісінің бар мақсаты ‒ шәкіртінің әнді илеп, нәшіне келтіріп айтуы болатын. Сондай сәттерде жадырап отыратын. Мен болсам ауылдан мектеп бітіріп келген жас қызбын, көбіне ғашық болып айтуды түсінбей отырушы едім. Кейде қаттырақ ұрысса жылап қалатынмын. 

Ауылдан ата-анамнан үйренген әндерді орындаймын. Бала кезімнен «Қазақ радиосынан» үйренген әндерім ғой. 

Жүсіпбек аға әннің санынан гөрі сапасына көңіл бөлетін. Сол себепті маған жеңіл орындалатын халық әндерін үйрете бастады. Бір күні маған «ертеңге дейін ұйықтамасаң да шертіп тартуды үйреніп кел» деп қатты тапсырды. Айнаға қарап отырып түні бойы дайындалып, шертіп тартуды үйреніп келдім. Саусақтарым шаршап қалды.

 Ағамыз қысқа қарай бір бүйрегі ісіп ота жасады. Бірінші семестрден кейін көбіне ем алып үйінде болды. Ауруханаға, үйіне барып көңіл сұрап тұрамыз. Көктемде Жүсекеңнің  опера театрына қарай кеткенін Хабиба апайдан біліп, сол жаққа барсақ, екі ақсақал театрдың алдындағы орындықта әңгімелесіп отыр екен. Амандасқан соң «мына кісі Қанабек аталарың болады, кітабы шығыпты. Жолдың аржағындағы кітап дүкенінен сатып алып келіңдер» деп жұмсап жіберді. Сол кітап ‒ Қанабек Байсейітовтың «Құштар көңіл» деген жинағы екен. Қанекең маған «Танымасақ та өміріңе тілектес атаң Қанабек, ‒деп қолын қойып бергені бар. Бұл 1977 жылдың көктемі еді.

Жүсіпбек Елебеков ағамызға менен гөрі әкемнің құрметі жоғары еді. Мен бесінші сынып оқып жүргенде үйге қонақ келсе ән айтқызып,  «менің қызым Жүсіпбектің шәкірті болады» деп мақтанатын. Ата-анам маған бала кезімнен бағыт-бағдар беріп, өнер жолына салды.

Жүсекеңнің алдында менен бұрын келген екінші курс студенттері Амангелді Жікенов, Келденбай Өлмесеков, Мәкен Мұқышева, Райхан Тергенбаева, Жанат Смағұлов, Бақыт деген ұл-қыздар бар еді. Олар менен гөрі ысылған, бір жыл болсын, күнделікті сабақ алған әншілер еді. Бірінші курсқа жалғыз мені ғана алды.

Жүсіпбек ағамыздың қағидасы, «әнді айтсаң да жаныңды жеп айтасың, жан-дүниеңді қосып, ғашық боп айт, жүрекке сал, сөзін анық айт, әр сөзге мән бер, шерткен кездегі шеберлікті қадағала, әнді бұзбай айт, иірімдерін әдемі келтіруге тырыс» деген сияқты ақыл-кеңесті көп айтып отыратын. «Әнді айта алмаған абалайды, домбыраны тарта алмаған сабалайды» деп әннің сырын жете үйрететін. Сонымен қатар «дауысыңды шығар, шығар дауысыңды» деп қайта-қайта ескертетін. «Сахнаға шыққанда сенен артық әнші жоқтай басыңды көтеріп, сәлеміңді беріп, еркін шығыңдар!» деп отыратын. 

Жүсекең атақты әнші Әміре Қашаубаевтан сабақ алғанын, Қали Байжановтан, ағасы Жақыпбектен көп үйренгенін, Шәкен Айманов пен Қалибек Қуанышбаевпен достығын, Рамазан Елебаевтан майдан даласында «Жас қазақты» қалай үйренгенін, Тоқбай ақынның өзін іздеп келгенін, одан да басқа небір естеліктерді айтып отырушы еді. «Жақыпбектің қасында мен әншімін бе?» деп ағасының дарынды әнші болғаны жайлы ұзақ толғайтын. 

Әміреден сабақ алып, сол кісінің әншілік жолын жалғастырған Жүсіпбек Елебеков, кейін өзі де артына Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Мұратбек Жүнісбеков, Мырзахмет Мұқаманов, Тұрсынғазы Рахимов, Ғалым Мұхамедин, Мара Есмұқанова, Кенжеғалы Тәшкенов, Әнуза Нүксінханова, Алмахан Кенжебекова, Амангелді Жікенов, Келденбай Өлмесеков сынды шәкірт қалдырған ұстаздардың ұстазы еді. Қазір сол шәкірттерінің біразы өздері де шәкірт тәрбиелеуде. 

1977 жылдың жазында Жүсіпбек аға екінші курс оқитын шәкірттерін ұясынан ұшыру мақсатында мемлекеттік емтиханға қатысты. Бәрі ойдағыдай өткеннен соң біз «Нұргүл» деген фотоательеге барып суретке түстік. Қас қылғанда сол суретіміз күйіп кетіп шықпай қалды. Қоштасарда шәкірттерімен қоштасып, «сен қызбен қоштаспаймын, жаңа оқу жылында кездесеміз» деген еді. Өкінішке орай Жүсіпбек ұстазымыз тамыз айының аяғында дүниеден өтіп, мен ұстазсыз, артынан жылап қалдым...

-Адамзаттың тарихы дегеніміз тұлғаның тарихы ғой. Мұны арнайы сұрап отырғаным, сіз қаншама қазақтың өнерпаздары мен қайраткерлері туралы радиодан жеке бағдарлама жасадыңыз? Қателеспесем бұл жайында «Ғажайып нәзік дүние» деген еңбекте жаздыңыз-ау деймін. Жалпы осы жолға бел байлауыңызға не себеп болды? 

-Мен өзі журналистика саласына кездейсоқ келген адаммын. Жүсекең қайтыс болған соң әрі-сәрі болып жүргенімде құрбым Гүлмайдан Сүндетова екеумізді бір жігіт жатақханаға келіп, әнімізді тыңдап тойға шақырды. Сонымен қатар «ҚазМУ-дың журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев сендермен танысқысы келеді, осы уақытта деканатқа келіңдер!» деп шақырып кетті. Біз деканатқа келдік. Темірбек ағаның жақын қарындасы тұрмысқа шығады екен. Соған қатысып, ән айтуымыз керек екен. Сөз арасында Темірбек аға «қоңыр домбыраларың бөгет болмайды, біздің оқуға түсіп алыңдар» деп қолқа салды. Мен әкем жазушы екенін айттым, келістім. Гүлмайдан оқуға түсуге келіспей қойды. Деканның ұсынысы бойынша мен осы мамандыққа бағытымды өзгертіп жібердім. Темірбек аға оқуға да түсірді, қамқор да болды, оқуды бітірер де жетекшім болып, сатирадан қорғатты, әкемдей қамқор болды. 

Ал 1990 жылы «Қазақ радиосына» келгенде екі миссиямен келгенімді енді түсініп отырмын. Бірінші миссиям, өнер адамдарын насихаттау болса, екінші миссиям, «Қазақ радиосының» тарихын жазу екен. Мен «Қазақ радиосының» 100 жылдығына орай «Ғасыр құрдасы ‒ Қазақ радиосы» деген екі томдық жинақты жалғыз өзім жазып, дайындап шықтым. Екі кітап мың бет болды. Ол да оңай болған жоқ. Осыдан кейін қазақтың өнер саңлақтары, қазіргі сахнада жүрген өнер адамдары мен көркемөнерпаздарының өмірі мен өнері жайлы «Ғажайып нәзік дүние» деген 600 беттік кітапты шығардым. Бұл кітап консерватория, өнер академиялары мен өнер колледждеріне таптырмайтын оқулық десе де болады. Қазір ұстаздар менің кітабыммен сабақ беріп жатыр. Бірақ кітап аз ғана данамен шығарылды. Әлі де демеуші қажет. 

Бұл кітап менің «Қазақ радиосының»  әуе толқынына дайындаған «Сағыныш сазы», «Өнерім-өмірім» және «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген хабарларымның мәтіні. Кейін интернеттен басқа да жаңалықтар шықса мақаланы толықтыра отырып, жинаққа дайындадым. Қазір интернет сайттары, республикалық, облыстық газеттер мақалаларымды насихаттап жатыр. 

«ҚазАқпарат» беттерінде 75 мақалам жарияланды. Сондай-ақ «Мәдениет» журналына он жылдан аса мақалаларым үздіксіз шығып тұрды. 

«Өткенсіз келешек жоқ» дегендей, сап-сабымен дүниеден өткен небір әнші-күйші, биші, композитор, режиссер, ақын ағаларымыз жайлы біз жазбағанда кім жазады? Бұл радиохабарлар ютуб арнасында тұр. Арасында «Шалқар радиосынан» беріліп тұрады. Сондықтан мен кім туралы жазғым келді, жазып үлгердім. Ендігі жерде халық игілігіне жарасын деймін. Жаңадан өнер жолына түскен студенттерге рухани азық болсын, білімдерін толықтырсын. Барды жарқыратып көрсету –  менің ең басты міндетім деп санаймын. 

-«Қазақ радиосын» айтқанды «Алтын қордан» аттап өте алмаймыз ғой. Ұзақ жылдар бойы осы бөлімде жұмыс жасадыңыз? Бұл жерде біз білмейтін қандай қазыналар мен жауһарлар жатыр?

-Мен он сегіз жыл «Қазақ радиосының» музыка редакциясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқардым. Кейінгі оншақты жылда «Алтын қор» бөлімін басқардым. Алтын қор дегеніміз телегей-теңіз білім. Ол жердегі мәліметтер газет-журналдарда, басқа да мұрағаттарда жоқ. Тек бізде ғана бар. Мен еңбек етіп жүргенде «Алтын қордың» жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашу керек» деп ұсыныс айтқан болатынмын. Әлі орындалған жоқ. 

Мен «Алтын қорды» басқармай тұрып, осы жерде эксперт редактор болдым, радиохабарларды көп тыңдағанмын.  Егер мен «Алтын қорды» білмесем, «Қазақ радиосының» кітабы да мағыналы шықпаған болар еді. Жазған мақалаларым, хабарларым осы «Алтын қордың» негізінде жасалды ғой. Мен тыңдамаған хабар некен-саяқ. Бірақ та білгенімнен білмегенім көп сияқты. Ол жерді қопара берсе талай жауһарлар әлі де жатыр. Мызғымай жатыр десем де болады. Тек осы істі жақсы көріп, жанашырлықпен қарағанда ғана нәтиже шығаруға болады деп есептеймін. Сырттан келіп кіріскен адам көп жайды ұққанша біраз уақыт кететіні сөзсіз. 

«Алтын қорда» дүниежүзінің музыкасы бар. Біздер кезінде бәрін де эфирге беруші едік. Қазір адам аз болған соң музыка редакциясы қазақ эстрадасы мен дәстүрлі өнерді көбірек насихаттауда. Бұрынғы үнтаспалардың сапасын жақсартып, дыбыс деңгейін көтеру үшін де көп уақыт, көп адам қажет. Сондықтан да көп дүние насихатталмай жатыр. Кеңестер Одағының әр ұлтының өнеріне тақырып қойып насихаттайтынбыз. Ресейден келген небір шығармалар; әдеби, музыкалық, тарихи хабарлар қаншама?! Тіпті В.И.Ленин, Н.К.Крупская, М.Горький, Ю.Левитан, В.Маяковский, Мұстафа Шоқайдың дауыстары бар. 

-Былтыр қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиетіміздің айтулы тұлғаларының бірі әкеңіз, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл болған еді. Осы айтулы шараға байланысты қаламгердің қандай дүниелері қайыра түгенделді? Өздеріңіздей ұрпақтарының тарапынан нендей жұмыстар жүзеге асырылды?

-«Ыстық қой кім-кімге де әке деген» деп жыр жолында жазылғандай, он баланы бейнеттеніп өсіріп жеткізген, жоғары білім берген әкеге деген құрмет ерекше. Былтыр әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл толды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтен көмек түгел жылы лебіз де болмағаннан кейін әкеміз өзіміздікі ғой деп осы тіршілікті бала-шағасы көтердік. Облыстық телеарна, кітапханалар өз үлесін қосты. Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап кітапхана еске алу жиынын ұйымдастырды, өзіміз ас бердік. Осы шарада маған ерекше көмектескен облыстық Погодин театрының директоры, жақсы атаның баласы Спартак Өмірзақұлы Рамазанов. Арнайы түсірілімге барған «Еларна» журналистерінің Шалақын ауданына, ауылға баруына автобусын берді. Ас берер алдында тағы да автобусын беріп, елге зират басына барып құран оқып, ауылдастарды шақырып келгеніміз осы Спартак Өмірзақұлының арқасы. Менің ол кісіге деген ризашылығым шексіз. 

Ұйымдастыру шараларына көбірек жүгірген жас ақын Самрат Құскенов екі мақала жазып, газеттерге шығарды. Іс-шараны өзі жүргізді. 

Әкеміздің «Ортақкөл әңгімелері» деген жинағын өз қаражатымызға шығардық. 

«Абай» телеарнасына «Ұмытпаймыз» деген хабарға түсірдік. Енді біздің қолымыздан келгені осы.

Бірнеше жылдан бері Қызылжар қаласынан көше сұрағанбыз. Бұл тілегіміз орындалмай жатыр. Кейде ойлаймын, «о дүниелік болған адамға соның бәрі керек пе?» деп. Әкем қазақ әдебиетінің тарихында аты қалды. Әрі қарай әке даңқын асыру, есімін жаңғырту ұрпағына ғана аманат екен. 

-Ана жолы телефонмен тілдескенімізде музыканың адамзат өміріндегі рөлі, оның адам ағзасына әсері жайында танымдық кітап жазып жатқаныңызды айтқан едіңіз? Қазір медицинада музыкотера­певт мен реабилитолог термині тең  қолдана бастады. Осы жердегі «реабилитация» сөзі латынның «rehabilitas» – адам­­ның за­қым­далған ағзасын қал­пына келтіру деген мағына береді.  Музыкада рефлективтік терапия (адамның есту, тыңдау, сезіну қабілетін дамыту), аспаптық терапия (қол, саусақтың қимылындағы моториканы дамыту), данс-терапия (тепе-теңдік қимыл-қозғалысты да­мытуға бағытталған), дыбыстық терапия (тілінің кемістігі бар жандар үшін), вокалды терапия (ән айтуда дыбыс шығару мен ты­ныс алу тәртібін үйретуге арналған) іспеті сан-салалы тармақтары бар. Сонымен бұл қандай кітап,  енді осы жайында кеңінен толғап айтып берсеңіз?

-Мен «Музыканың емдік күші» деген кітапты жазып бітірдім, қазір азын-аулақ мәліметтерді қосып отырмын. Әрине, бұл кітап тектен текке жазылмайды. Оның да бір себебі бар.   Жазып жатқан кітабымның басы осылай басталады: 

 «Туғанда дүние есігін ашады өлең,  Өлеңмен жер қойынына кірер денең», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, шыр етіп дүниеге келген нәресте алғаш анасының аузынан ана әлдиін естиді. Сол үнге жұбанады, сол әуенмен тәтті ұйқы құшағына беріледі.

Адам баласының өмір бойы аңсары да ән-күй, әсерлі әуен. Шаттанса жүрегі ән салып, мұңайса әсерлі әуен тыңдап, өзінің көңіл-күйін ретке келтіретін де сауықшыл көңіл емес пе?! 

Жан-дүниені тербейтін әсерлі де рухқа толы музыка ғарыштан қосылған нұр, Алланың бізге дарытқан сыйы деу орынды.

Қобызын тартып күңіренген Қорқыт, желмаясымен дала кезген Асанқайғы бабаларымыз тұрлаусыз ғұмырдан жұбанышын іздеген абыздар.

Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы, дабыл үні, ғасырлар сырын жеткізген шаңқобыз, жетіген үндері біздің тегіміздің рухани болмысын анықтайтыны ақиқат.

«Өмір – сұлулық патшасы» десек, сол қас-қағым тіршіліктің сәнін келтіріп, адамның жан-дүниесіне қорек беретін де осы – музыка.

Белгілі Қытай, Үнді, Египет және Ежелгі Грекия жерінде дәрігерлер мен емшілер, философтар мен музыканттар музыка мен биді емге қолдаған.

Ежелгі Мысыр музыкасының негізі – пирамидалардың қабырғаларындағы иероглифтердің арасында, ежелгі папирустарда, «Өлгендердің кітабы» және «Пирамида мәтіндері» атты жиынтықтар діни ұрандардың жазбаларында табылған.

Ежелгі әлемнің музыкасының даму шыңы Ежелгі Грекияның мәдениетінде байқалады. Негізі «музыка» терминнің өзі де ежелгі грек мифологиясындағы тоғыз құдай әйелдерді белгілеп, «музалар өнері» деген грек сөздерінен шыққан. Осы Грекияда алғашқы рет дыбыстардың математикалық өлшемдермен салыстырмалылығы Пифагормен ашылған.

Ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететіні жайлы ғылыми дәлелдеген. 

Эфритмия – адамның ән тыңдай, би билей отырып ішкі негізгі ырғақты табатынын, ол алғаш полистік ырғақ гармониясына, содан кейін космостық ритмге қосылатынын анықтайды. Адам әуен мен ырғаққа қосыла отырып, бойдағы қорқыныш, қайғы, қызғаныш, қызуқандылық, – жалпы айтқанда жүйке босаңдығын қалпына келтіре алады. Қысқасы, эфритимия ең қажетті құрал.

Пифагор, Гомер мен Гесиоданың жырларын өз кезінде адамның жан-дүниесін емдеуге қолданған.

Әнші Орфей ән орындап тұрып, адамдардың жан-дүниесіне әсер еткен. Дәрігер-емші Асклепиад музыканың үнімен дауласқан адамның дауын шешкен, ал труба аспабының үнімен саңыраудың құлағын ашқан, еститін қабілетін қалпына келтірген.

Ал Демокрит флейтаның үнімен жазылмайтын жұқпалы аруларды емдеуге ақыл қосқан.

Әлемге әйгілі Гай Гракх халық алдына шыққанда сөзі өтімді болу үшін өзінің ертіп жүрген музыкантына флейта ойнатып қойған.

Музыкотерапия ғылымы ежелгі Грекия жерінде пайда болып, кеңірек дамыған. Өйткені грек музасы Евтерпа музыка құдіретін игерген еді. Күн құдайы Аполлон – музыка мен медицинаның құдайы деп есептелген. 

Музыкамен емдеу кезінде салт-жорамен науқас адамдардың өзіне сағаттап ән айтқызып емдеген.

 Ежелгі Грек мұраларында сақталған Пифагор, Платон, Аристотельдердің тәжірибелері мен зерттеулерін мамандар қолдана білген. Осы ғалымдардың теориясы күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. 

Платон музыка арқылы жан-дүниенің бірқалыпқа келуіне әртүрлі тәсіл қолданған. Мысалға, бас ауруына дәрі бере отырып, музыкамен қосымша емдеген. Музыкасыз дәрі өз күшін жоғалтып алған. 

Аристотель Пифагор мен Платонның ісін алға апарған. Ол музыкамен науқасты емдеу – жанға әсер ететін музыкалық бояулар мен ритмдердің әрқилы әсер етуіне байланысты деп шешкен. 

Аристотель «Біз мұңды әуендерді тыңдағанда аяушылық, көңіл-күйдің түскен сәтін аңғарамыз, әсерлі әуенді тыңдағанда жанымыз рахаттанады. Кейбір әуендер тіпті жүйкені қоздырады» депті.

Міне, осы үрдісте музыканың емдік күші жайлы тақырып біртіндеп ашыла береді.

Жаның сүйіп тыңдаған әсем ән мен күмбірлеген күй адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, қайырымдылыққа, сабырлылыққа, тәубеге шақыратынын өзіміз сеземіз.  Терең де таза ой, өлшеусіз сезім, әсіресе аллаға деген махаббат арқылы ғана адам баласының алынбас қамалды бұзатынын мойындаймыз. 

-Сонда сіз бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?

-Отыз жылдан астам уақыт музыканың емдік күші жайлы көптеген кітаптар мен интернет желісіндегі мағлұматтарды оқып, ютуб каналындағы небір осы тақырыптағы видеохабарларды көріп жүрмін. Өзіме қажетін қағаз бетіне түртіп алып, көкейіме түйіп алған жағдайым бар. 

Шындығында да әу демейтін қазақ жоқ дегендей, осынау байтақ жерімізде, жомарт елімізде сауыққой халқымыз әлі күнге ойын-сауықта, той-томалақта, әртүрлі дәстүрлі жорағыларда ән айтып, домбыра тартып, қобыз ойнап, би билеп көңіл көтереді. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деп Абай бабамыз айтқандай, небір қуанышты күндерде немесе көңілсіз сәттерде де ән-күй адамның рухани жан серігі емес пе?

Жылдар жылжып, жаңа заман келіп жатса да адамзаттың аңсары, жан дауасы осы музыка болса керек.          

1999 жылдың көктемінде «Қазақ радиосының»  «Шалқар» арнасы жабылып қалып, Сауық Жақанова бастаған 300 адам бір күнде радиодан қысқартылып кеттік. Кейін 2 жыл 10 ай дегенде «Шалқар» арнасы қайта ашылып, өз орнымызға бардық.

2000 жылдың наурыз мейрамы кезінде мен халық емшісі Данагүл апайдың ұсынысы бойынша Түркістанды аралауға шықтым. Өмірі сол жақта болмағаннан соң маған бәрі қызық көрінді. 

Жолға шықтық. Екі көліктің ішінде  көптеген адамдар болды. Осы сапарымда бір көріпкелдердің маған  «Ән айтқанда жұлынның бір тамырын ұстап тұрады екенсің. Сол арқылы ем жүреді екен. Әніңмен кісі емдей аласың» дегені бар. Шындығында да кейіннен сахнаға шықсам да, кейбір отырыстарда ән айтсам да әнімнің әр адамға әртүрлі әсер ететінін байқай бастадым. 

Жалпы ата-бабамда емші, би, төкпе ақын, жырау сияқты қасиеті бар адамдар көп болған. Өз әжем Айткүл Жантөреқызы адамды үшкіріп емдейтін болса, анамның әжесі Нарым Бәшейқызы көріпкел емші болған. Нұралы атам төкпе ақын, Танаш би, Жүніс би өз бабаларым. Нағашы жұртымда Жұмағұл Бимырзаұлы Құнанбай қажымен Меккеге барған адам. 

Өзімде болған құбылыстар менің осы кітапты жазуыма септігін тигізді. Он сегіз мың ғаламда біз білмейтін құпия, ғажайып дүние көп болса, біз жан-дүниемізбен сезінген құбылысты зерттеуге, оқырманға ой салуға талпына білуіміз керек деп ойлаймын. Мен консерватория бітірмесем де өмір бойы өнердің ортасында жүріп, өнер зерттеушісіне, өнертанушысына айналғанымды сезбей де қалыппын. Өнер туралы өнерді сезген, өнерге жанашырлықпен қарайтын жан үлкен дүниелерді жаза алады, сонымен қатар жүрегімен сезе алады деп есептеймін. Небір ғасырдан бері келе жатқан музыкотерапия ғылымын тереңірек зерттеу музыканттар қауымына, өнер зерттеушілер мен теоретиктерге аманат. Біздікі, осы адамдарға ой салу, қанаттандыру және бағыт беру.

- Сіз кәсіби әншісіз ғой. Бүгінгі қазақ әнінің әлеуеті қандай? Жетістігі мен кемшілігіне де қатар тоқтала кетсеңіз? 

-Мен «Қазақ радиосында» отыз жылға жуық музыка тыңдадым. Әр шығарманы әуе толқынына жіберу үшін тыңдап аласың. Сол кезде кімнің жақсы, кімнің орташа, кімнің нашар орындағанын байқайсың. Тіпті таңғы уақытта қандай музыка, түсте қандай, кешке қандай музыканы беру керек екенін қадағалайсың. Ол уақыттың ерекшелігіне байланысты. Соған байланысты музыканы өте көп тыңдаған маманмын. 

Осыған байланысты да шығар, қай әншінің нәшіне келтіріп, не келтіре алмай жатқанын немесе өзіне лайық туынды таңдағанын, таңдамағанын, не әнінің иірімдерін қалай келістіргенін – бәрін-бәрін байқап отырасың. Кейде шебер орындаса риза боласың. Әр адамның дауыс мүмкіндігі, ерекшелігі, шеберлігі көрініп тұрады. Кейбір әнші ән айтқанда аса әшекейлеп, иірімдерді көп қосып кетеді. Кейбірі түпнұсқадағы әнді бұзып айтуы мүмкін. Осылардың бәрін аңғарып, кейде кездескенде ескерту айтып жатасың. 

Бүгін ұстаздардың ұстазы, Жүсекеңнің телқоңырының бірі, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың алдынан дәріс алған небір шәкірттері өздері де шәкірт тәрбиелеп жатыр. Жәнібек Кәрменовтың шәкірттері өз шәкірттерінің қанатын қатайтып жатыр. Ұлы ұстаздардан дәріс алған Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіман, Рамазан Стамғазиев, Ардақ Исатаева, Талғат Әбуғазы, Шолпан Дәржанова, Нұржан Жанпейісов, Бағлан Бәбіжан сынды дәстүрлі әншілер жылма-жыл шәкірттерін тәрбиелеп, өнер сахнасына дайындап жатыр. Консерватория, Өнер академиясын бітірген жастар бар. Жақсы әншілер көп. Бірақ оқу бітірген соң Мәдениет министрлігінің бұл жастарға қамқорлығы жоқ. Бәрі оқу бітірген соң өз күнін өздері көріп кете барады. Сөйтіп өнер тұншығып қалып жатыр десе де болады. Баяғыда оқу бітірген соң бір облыстың филармониясына жіберіп, жалақысын беріп, тұратын жеріне дейін қадағалап, жағдайын жасап жататын еді. Қазір дәл сондай қамқорлық жоқ десе де болады. 

Осы уақытқа дейін отыз жылдай эстрада төрге шығып кетті де дәстүрлі әншілерді насихаттау кемшін болды. Ендігі шыққан заң бойынша фонограммамен айтатын әншілер дәстүрлі әншілер сияқты өз дауысымен айта алса өркендейді, болмаса халық бұдан былай фонограммамен жазған дайын әнді айттым деп аузын жыбырлатқандарға, «Алдаркөселерге» алдана да қоймас. «Жұлдыздардың» саны азайып, көмескілене бастар деген ойдамын. Жалпы қазақ даласында дарын баршылық. Тек қолдап, қанаттандырып жіберер жанашыр болса...

-Қалай десек те талант-тылсыммен туыс. Маған адамның ғарышпен  байланысы бар секілді көрінеді де тұрады.  Өзіңіз білесіз, философияда бұл экзистенциализм деп аталады. Мұны өнерпаз ретінде сізден сұрауға толыққанды қақым бар деп есептеймін. Өнердің адамға беймәлім тылсым құпиялары жайлы не айтқан болар едіңіз?

-Экзистенциализм – адамның өмір мағынасын түсінуге ұмтылуы, тіршілік философиясы. Өмір мәнін тапқан адам, сіз – экзистенциалсыз. Енді философия тарихына үңілейік. Экзистенциализм философиясы алғаш ХХ ғасырдың орта шенінде Европада пайда болды деседі. Ол адамның өзіндік менін тану болар.

«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп Абай бабамыз айтқандай, әр адам өзінше бір жұмбақ әлем. Он сегіз мың ғаламның сырын бір Алла ғана біледі. Сондықтан әр адам «Мен кіммін, қандай мақсатпен бұл дүниеге келдім. Не бітірдім? Не бітіруім қажет? Менің ата-бабам немен айналысқан? Қандай жақсы қылықтарын, атқарған қызметін жалғастыруым керек? О дүние мен бұл дүниенің сыры неде?» деген сияқты ойларды ойламайды емес, ойлайды. Мен де әртүрлі сұрақтарға кейде жауап табамын, кейде таба алмайтын кезім  де болады. Кейде жауабын тапқанда қуанып қалатыным бар.

Мені ата-анам жақсы жолға салды. Республикалық эстрада-цирк студиясын бітіргеннен кейін журналистика факультетіне түскенде  әкем «өмірдің жарық жағын таңдаған екенсің» деп қатты қуанды. Иә, өмірдің жарық жағы өнер, әдебиет, журналистика ғой. Ылғи есімің ел аузында жүреді. Өзіңнің қабілетің мен қасиетіңді көрсете аласың. Нұрлы жолмен биіктей  бересің.

Мен орындаған әнімнің емдік күші бар дедім ғой. Мен оны осы уақытқа дейін жасырып келдім. Анама айтқанымда «басқа өнерің құрып қалды ма, емші дегенді атама» деп ойын шарт үзген. Содан бері осы тақырыпты жіті зерттегенмен сыртқа шығарған емеспін. Бүгін шындықты айтуға тура келіп отыр. Мен тек басымнан өткен екі жағдайды ғана айтайын. Бір күні «Қазақконцертте» қайырымдылық концертіне қатыстым. Қырық шақты әнші болды. Алдыңғы жақта ақын Нұртас Исабаев отыр екен. Сол кісінің сезінген жағдайы былай болыпты. Мен сахнаға шыққанда шулап отырған бала-шаға тынышталып қалыпты. Мен ақ шапаны бар костюммен шыққанмын. Ел көздерін төмен түсіріп әнімді тыңдап отырыпты. Сол жолы халық әні «Екі жирен» деген әнді орындағанмын. Нұртастың жұлынының тамырынан ыстық жүріп, көзін жұмып отырғанда үшінші көзі ашылып, балалық шағына кетіп қалыпты. Бәрін айқын көріп, бір құбылыс болғанын айтты. Сол түні таңға дейін шабыты келіп өлең жазған екен. 

Енді екінші жағдай, Жазушылар Одағында сахнада халықтың «Мұхида-Шайбан» әнін айтып тұрғанда денем жоқ болып кеткенін сездім. Қолымда домбыра, аузым ән айтып жатыр. Денем жоқ. Сонда да қорықпай әнді айтып болдым. Сол кезде денем өз орнына келді. Бұл ән айтқан кезде ғарыштық үнмен қосылудан болады екен. Сол сияқты отырыстарда отырғанда адамдар ән айтқанымда құбылысты байқап, сезіп отырады, ән біткен соң өздері сол жайлы айта бастайды. Бірақ өзім «біздерде мынандай бар» деп даурығып, жарнама жасап көргенім жоқ. Сахнаға да аз шығамын. Алдағы уақытта шағын аудиториядан бастап тәжірибемді жалғастырсам деймін. Осыған байланысты әуелі бұл ғылымды зерттеуге тура келді. Әр бастамаға жақсы дайындықпен келген жақсы. Бұл тақырыпқа менің айтар әңгімем ұшан-теңіз. Мен сізге тек бетінен қалқып ғана айтып отырмын. 

Менің осы күнге дейін жазып жүрген радиохабарларым, орындаған әндерім, жырларымның бәрі рухани сауықтыруға жатады. Емшілер адамның тәнін емдесе, біз адамның жанын емдейміз десек те болады... 

-Алтын апай, тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan