Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Нәсіреддин Сералиев. Ақ қайың...

Нәсіреддин Сералиев. Ақ қайың

26.03.2026

144

Нәсіреддин Сералиев. Ақ қайың - adebiportal.kz

Үшеу едік.

«Махаббат жылғасына»  келіп  түстік. Алатаудың  ақбас шыңдарында  батар күннің  қызғылт  нұры ойнап  тұр,  ақ қармен шағылысып жалт-жұлт құбылған сәуле төменге селдірей шашырайды. Шатқалды әзірге жарық қып тұрған да сол сәуле.

Шөбі жапырылмаған жалғыз аяқ соқпақпен қазша тізіліп келеміз. Алда — мен, ортада — Құралай, артта — Кенжебек. Үшеуміздің де құшағымыз  толы  қызғалдақ. Бүгін  күн  демалыс болған  соң  тауға серуен құра шыққанбыз. Содан қалаға оралған бетіміз.

Жүрісіміз сылбыр. Әбден сілеміз құрыған. Бәріміз де үнсіз. Көңіл алабұртады, ой да тұрақтамайды... Шіркін, Құралай десе, Құралай-ау өзі... Әсіресе, манағы бір тастан енді секірейін деп жатқанда өзіме жалтаң етіп, жалт қараған сәті. Неткен жанар! Үріккен киік лағының көзқарасы...  Сол бір  қайталанбас  тамаша сәт  көз  алдымда өшпей қалыпты.

Мына  шатқал  не деген  ұзақ  еді?! Астау  іспеттес  тар шатқал «Махаббат жылғасы» аталуы неліктен? Жан-жағы тау, қалың өскен шырша. Табанындағы сусыз құрғақ жылғада теңкиіп-теңкиіп жатқан қой тастар. Бар көркі осы.

Сұлу сезім махаббатқа балайтындай еш кереметі жоқ. Әлде жұрт көзінен ғашықтарды қалқалауға қалтарысы, қалыңы мол болған соң осылай атады ма екен? Осыған арналған қазақ ақындарының өлеңдері де бар еді-ау...

— Қандай жақсы, құрдасым 

Қас қағысың, ымдасың. 

Кел, екеуміз кезелік 

«Махаббаттың жылғасын»...

осы кімдікі еді!

Маған ешкім үн қатқан жоқ. Жақсы өлең десе іздеп жүріп оқитын достарым,  неге  екені белгісіз  тым-тырыс...  Шаршап келесің-ау, Құралай... әйтпесе...

Тау  іші  кеугім тартты.  Айналаны  қоңыр күй  тербеді.  Қоңыр кештің мамырлаған сазына жарыса әлдеқайдан бұлақ үні келді. Күміс сыңғырындай тап-таза  нәзік  үнге елеңдеймін.  Бойым  шымырлап, жүрегім алып ұшады.

—Бұлақ үнін естіп келесіндер ме, сендер?

Тағы да ешкім жауап бермеді. Су үніне кенет сыңғырлаған қыз күлкісі қосылды. Ау, мынау Құралайдың күлкісі ғой.

Мен артыма жалт бұрылсам жан жоқ. Құралай да жоқ, Кенжебек те жоқ.

Алаңдап тұрып қалдым.

Енді бір сәтте Құралайдың сыңқылына сыбызғыны сүйемелдеген труба  секілді  Кенжебектің «ха-ха-хасы»  ұласты.  Олар кейінде қалыпты, алыста...

Менен жасырынып қалған-ау, ә? Оңашаланғылары келген ғой... Ішім  лезде  әлемтапырық болды.  Безгегі  ұстаған адамдай  денем ысыды.  Бір сәт  тоңғандай  қалтырап кеттім.  Тас  боп бітіп  қалды құлағым. Ертелі бергі қиялға шомдырған қоңыр әуен де, елеңдеткен әлгі бұлақ үні де ғайып болған.

Ау, не көрінді маған? Неғылған күй бұл мені қинаған? Басыма зың-зың  етіп  келген сұрақтарға  жауап  іздеп жатқаным  жоқ. Есеңгіреген қалпымда асыға басып, шатқалдан шығып, еңіске түстім.

Әлгінде табан астынан бітіп қалған құлағым Алматинка жағасына келгенде ашылды.

Бағанағы сылдырлаған сылқым бұлақтың орнына асау өзен тау ішінің тыныштығын бұзып, ашулы арыстанша арылдап-гүрілдеп құлап жатыр қалаға.

Мүмкін, Құралай мен Кенжебек мені іздеп шарқ ұрар?! Мейлі... Айқайлап «Махаббат жылғасын» бастарына көшірсе де мейлі. Мен аялдай алмадым... Қалайда осы сәтте кездескім келмеді олармен.Алматинканы жағалап қалаға жалғыз тарттым.

Бірінші тарау

Тентек  тау  өзені секілді  бұрқан-тарқан  бір алапат  күш  менің аяғымды жерге аннан-саннан бір тигізіп, дедектетіп әкеп қуып тықты бөлмеме.

Бөлме қараңғы болса да шам жаққаным жоқ. Кереуетке отыра кеттім.

Ау,  мұным  не? Неге  қаштым  осынша? Көңілімдегі  неткен алақұйын? Құралайды Кенжебектен қызғанып отырғаннан саумын ба, осы? Көкейімде сол  күдік,  жауап таба  алмай  қиналамын.

Көз    алдыма  Құралай   келді.    Сықылықтаған  күлкісін де естіп отырғандаймын. Қапасқа қамалғандай тынысым тарылды. Бөлме іші ысып  кеткендей.  Орнымнан тұрып  терезені  шалқасынан ашып тастадым.

Қызыл іңір. Терезе алдындағы дара өскен жас ақ қайың қызғылт нұрға  малынып,  еш нәрседен  бейхабар,  бейкүнә қалпында  баяу тербеледі...

Мен Құралайдың есімін тұңғыш рет осы ақ қайың түбінде естіп едім.

Көз алдымда көктемнің аласапыран күні. Бұлты тұтасып, қабағы қарс жабылған аспан. Барабанын гүрс-гүрс ұрғандай күркірейді. От шыбығын қызба дирижерше екілене сілтеп-сілтеп алады. Көктемгі жаңбырдың ірі тамшылары ақық моншақтарша сауылдайды. Көше жиегінде қыстан қалған кір-жағал күртік қар іріген айранға ұқсап, төменге жөңкіген селмен қосыла көшеді.

Бір  кезде  аспанның құрыстаған  арқасы  жазылды да,  жаңбыр пышақ  кескендей тиылып,  көк  күмбезі шайдай  ашылды.  Футбол алаңының ортасында ойыншысыз қалған доптай боп көк төрінен күн күлімдеді. Ауа жеңілдеді, әлдеқайдан ескен жылы леп әтір секілді бір қош иіс таратты. Көше жадырап сала берді. Жаңбырмен жуылған күн көзі, жылы леп мені де бөлмеден тысқа еріксіз шығарып еді. Терезе алдындағы мынау ақ қайың түбінде жалғыз отырғанмын сол күні.

Ұлпадай жұмсақ  ауа.  Тротуармен олай-былай  өтіп  жатқан адамдар  да көңілді,  маған  қарап жымиятын  сияқты.  Неге екенін білмеймін, мен де оларға қарап күлімсіреймін, әлде не айтқым да келгендей.  Кеудемде  әсем бір  күй  бар. Көше  жиегіндегі  арықпен құлдырап  аққан су  сылдырына  құлақ түрем.  Жанымдағы  көктем жұпарына жуынып, сыланған ақ қайыңға көз тігемін. Ол әппақ пәк денесіне көзім түскеніне қысылып, ұяла жымиғандай ырғалады.

Әлде неге елеңдеймін. Жүрегім лүпілдейді. Майда леп құлаққа әлдебір  саз  әкелді. Талып  жетеді.  Таныс емес,  жаңа  әуен. Ыңылдаймын, қосылғым келеді, бірақ тіл жетпейді. Бір шама еміс-еміс естіліп  тұрады  да, енді  бір  сәтте ертелі  бері  құлаққа сіңген жаңбыр тасырына, су сарылына, күлкі сыңғырына араласып кетіп, теңізге тамған тамшыдай жоғалады. Жаңа әуен құлаққа шалынғанмен көкейге күй болып құйылмай қинайды. Бірақ, сиқырлы саз жіпсіз матағандай.  Сәл қозғалсам  айрылып  қалатындаймын.  Міз  бақпай құлақ түремін.

Көктем лебіндей  жұмсақ  әуен тіл  ұшына  орала бергендей болғаны сол еді, кенет әлдекім артымнан кеп қапсыра құшақтай алды. Сол-ақ екен, домбыра ішегі үзілгендей сарын кілт өшті.

Күйіп кеттім.

—Қап?!

—Не  болды-ай,  қалқанқұлағым? —Алдымда  ақсиякүліп Кенжебек тұр.

Кенжебек —егіздің сыңарындай досым. Бір ауылданбыз. Сыр бойында Қашқансу табанында тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Бір мектепте оқыдық. Он жылдықты бітірген соң екеуміз де Алматыға оқуға келдік. Қаршадайымнан домбыраға әуес едім, осы талабым мені консерваторияға жетелеп әкелді. Консерваторияда оқып жатқаныма төртінші жыл. Кенжебек КазГУ-дің журналистика факультетінде.

Кенжебек әнші, қоңыр даусы бар. Оны біздің тілімізде лирикалық тенор  дауысты  әнші дейді.  Ол  менімен сегізінші  класқа дейін консерваторияға түсуге уәделесіп жүрді де, бір күні айнып қалды. Алматыға,  балалар газетіне  жіберген  бірлі-жарым өлең,  әңгімесі басылып, қанжығасы қанданған аңшыдай дәнікті де, сөзінен айнып, КазГУ-ге түсем деп шыға келді.

Екеуміз екі жерде жатқанмен бір-бірімізге күн аралатпай қатынап тұрамыз. Не ол келеді, не мен барамын.

Кенжебек мендей мінезі ауыр емес. Ашық. Аңқылдақ. Әрдайым жалаң қанжардай жарқылдап жүреді.

Менің  ашуымды  елең ғып  тұрған  ол жоқ.  Нұрлы  қой көзі күлімдеп:

—Өй, адам осындай күні де ашулана ма екен?—деп өңменімнен түйіп қалды,—қандай рақат күн, ә? Көктем деген осы ғой шіркін!

Амал  қанша!  Ойда жоқта  дағдарысқа  ұшыраған жандай  ішім жанып қала бердім. Ал оның мәз-мәйрам болуының себебі бар екен.

—Қуан, қалқанқұлағым,—деді ол,— бір жақсылық хабар әкеп тұрмын. Өзіміздің ауданның қыздары бізді вечерге шақырды.

—Қандай вечер?  Құралай деген қыздың туған күніне.

—Құралай?! Есімі әдемі екен.

—Өзі де әдемі. Во!—деп ол бас бармағын қайқайтып, таңдайын тақ еткізе тамсанды, — біздің ауданнан екен өзі. Соған қандай сыйлық апарамыз, ойласқалы келдім.

—Қайдам?!

—Қайдамы жоқ, бала. Осы вечерде бір көрініп қалуымыз керек. Мен бір идея тауып келіп тұрмын. Сен соған арнап ән шығаршы. Соны апарайық... Тамаша идея емес пе, ә?—деп ол мені сұқ қолымен түртіп қойды.

Тамаша! Сыйлыққа ән апарсақ, қыздарды есінен тандырар едік-ау! Бірақ әлгінде мазалаған құрғыр әуен де бұғалық түспеген асаудай қарасын көрсетпей жоғалды ғой. Өкінгеннен басқа не амал.

—Көрерміз,—дедім мен.

Бірінші  рет  Құралай есімін осылай  естідім.  Бірақ ол  кезде Кенжебек мақтаған соң әуестікпен елеңдегенім болмаса, басқа көңіл жоқ еді. 

Кешке арнап апаратын ән туған жоқ. Бейуақытта елеңдеткен ән сазы  жанға  елікпеген бүркіттей  қайрылмай  кетті де,  қаншама мазасызданып, пианино клавиштерін ұзақ түн сабалағаныммен қайта оралта алмадым.

Біз өнерімізбен қыздарға көріне алмайтын болдық. Ән орнына бір шоқ  райхан  гүлі мен  жапырақ  түстес жасыл  альбомды  құшақтап, сықия киінген Кенжебек екеуміз шақырылған сағатта жетіп бардық.

Досымның көкейін тесіп бара жатқан ойын-сауық емес, ойда-жоқта  бір  ғана көрініп  қалған  сұлу қыз.  ЖенПИ-дің  тіл-әдебиет факультетінің  екінші курсында  оқиды  екен. Қармақшыдағы орта мектепті бітіріпті. Бәрін ауылдас қыздарынан сұрап білген Кенжебек:

—Екі жылдан бері неғып көрмегенбіз?—деді.

—Қала үлкен, дүние кең емес пе? 

—Өмірбақи ұшыраспай кетуіміз де мүмкін еді-ау, ә?

—Сонда немене, арманда кетерміз дейсің бе?

—Ақан, қазір көресің... егер көргенде шалқаңнан түспесең, әкел қолыңды,—деп бір қойды ол, жатақхана табалдырығынан аттаған сәтте.

Кешке  келгендермен сәлемдесіп  жатқанда  қыздар жағына көзімнің қиығын көп салдым. Кенжебектің аузынан тастамай жүрген періштесі  қайсысы  болды екен?  Радиол  жанындағы жылтыр  көк көйлекті қыз болды-ау, шамасы. Бес-алты қыздың ішіндегі ең жасы да, ең көріктісі де сол. Қара торының әдемісі. Қою қара шашын соңғы үрдіспен төбесіне  өркештендіре  түйген. Жазық  маңдайын жабыңқырап тұрсын деп, кекілін түсіріңкіреп қобыратып қойыпты. Көзінің қиығымен уылжи амандасты. Өзіне тіктеліңкірегенімді сезіп қалғандай, ол үлкен қара көзін төңкере бір қарады да, назарын төмен салып, көкірегіндегі  жарқырауық  гүл түйреуішін  сүйріктей саусағымен шұқылап жымиып қойды.

Мен  шалқамнан  түскенім жоқ.  Бірақ  шалқамнан түспегенмен Құралайдың жіңішке, жып-жылы саусақтарын қысқанымда жүрегім біртүрлі дір ете қалғандай болды. «Осы ма?» дегендей Кенжебекке мойын бұрып ем, ол да Құралайдан көз айырмай тұр екен.

Бір кезде жігіттер мен қыздар дастарқан жаюлы столға араласып отыра бастады. Әлде өзіміз солай ыңғайландық па жоқ, әлде реті солай  келді  ме, Кенжебек  екеуміз  Құралайдың екі  жағынан шығыппыз.  Жаңа байқадым,  ортамыздағы  қыздың   күлгені,  жымиғаны әсем   екен. Маржандай ақ тістерін көрсете, бар пейілімен жарқылдап күледі. Жымиған сәтте қара торы өңінде нұрлы толқын ойнайды. Жылы шырайы адамды еріксіз қаратқандай.

Кенжебек шешен, епті жігіт. Ол Құралаймен ежелгі танысындай-ақ бірден  шүйіркелесті.  Сый-құрмет, ілтифат  көрсетіп,  жылы сөйлеседі. Аракідік өлең де оқып қояды. Тіпті біреудікі деп өз өлеңін де соғып  жібереді  ара-арасында. Не  керек,  ол көп  ұзамай-ақ  қыз назарын аударып  алды  өзіне. «Ауыр  адам  дегенше, ауру  адам десейші», — деп бекер айтпаған ғой, мен қызға жанаса алмай шет қалдым.

Кенжебек  әнді  де оздырды.  Ән  дегенде арқасы  қозатын досымның көзі жайнап кетті. Оның әншілігінен бәрі де хабардар екен. Ән туралы сөз шығысымен жұрт жабылып Кенжебекке қолқа салды.

— «Сырымбетті» айтайын, — деді ол.

Көзілдірікті сылыңғыр ұзынтұра  жігіт  аккордеон әкеп  тартты. Жіңішке саусақтары қарғатұмсықтың тамырындай арбиып, аккордеон пернелерін  тарс-тарс басып  аккорд  берді. Сол  кезде Кенжебек  те қоңыр даусын қосты. Жүрек дірілі даусынан сезіліп тұрды.

8Қысылыңқырап бастаса да ән әуенін дәл тапты.

Аулын қонған Сырымбет саласына, 

Болдым ғашық ақ сұңқар баласына...

Айтып отырған ақ сұңқарының баласы Құралай-ау, сірә. Соған ғана арнап отырғандай. Әйтеуір маған солай көрінеді.

Қоныр сазды үн бірте-бірте көтеріліп, шарықтай тасқындайды. Заңғар шың басына шырқап әуелеп барып қайтадан төмендеп шүйіліп ойнайтын қыранша қалықтайды....Қарындас-ау, Енді есен бол-ау.

Қысылмай еркін  шырқап,  еркін кеткен  Кенжебекке  Құралай ұрлана көз тастайды. Әнмен қосыла толқып, әнмен қосыла тебіреніп отыр. Бір сәт қара торы өңі күреңітіп, жүзіне суық толқын іркіледі. Енді бір сәтте жұмсарып күлімсірейді.

Әнді асқақ жігермен аяқтады Кенжебек.

—Тамаша!

—Браво!

—Тағы бір ән салсын! — Қошеметшіл топ жапырлай қол соқты.

Алақанын аямай соққан Құралайдың Кенжебекке қадала қараған көзінде сүйсіну бар еді. Қыз назарын ол да байқап қысылғандай... Көзін басқа жаққа тайдырады.

Біраздан кейін ән салу кезегі Құралайға тиді. Ол ұшар аққудай сілкіне тіктенді де, жайтаңдай көз тастады көпшілікке Еркін. Осындай кештерде ән салып жүргені көрініп тұр. Аккордеонын қайта-қайта қаңқылдатып аккорд берген ұзын-тұра музыкантқа бірден қосылды. Әнтек қатты бастады әнді.

Болсақтағы жаңа таныс,

Жүзсек те алғаш қайықта.

Шыңылтыр  ащы дауыс.  Құралай  салған жерден әнді  әуелетіп аспандатып  алды. Бәз  біреулердің  ән әуенін  өз  даусына шақтап көтермей тым биік алып, бара-бара үні жетпей ескі моторша қиқылдап қалатынын талай көргем. Сол сәт балғын қызды аяп кеткендей едім, жүрегім қысылғандай... Япыр-ай, даусы жетсе болар еді-ау... Қатты бұралған домбыра шегіндей ащы шерткен қыз үні енді-енді үзіліп кетуге қалғандай. Оң қасын дір еткізіп бір қақты. Менің де жүрегім дір еткендей. Бірақ қыз қиналған жоқ. Ән қайырмасын жас шыбықты игендей әсем қайырып әкетті.

...Самал болар толғандырған Айдын шалқар көл бетін...

Уһ, әйтеуір аман кетті-ау. Шың басына батыл да еркін шыққан альпинистей  қиын  жерден қысылмай  өтіп  кетті. Ашық  үнінде шыңылтыр да назды сыңғыр бар. Әдепкідей емес, қыз әні бірте-бірте баурап  алды. Әсерлі  саз,  күміс сыңғыр,  әлдилеп,  тұла бойымды шымырлатып,  қанға  сіңіп жатқандай.  Құралай  өзі де  әнге  ұқсап құйқылжып, құлпырып отыр.

—Молодец, Құралай!

—Дауыс деп осыны айт.

Ән  әсері  сиқыршыдай арбап,  жіпсіз  байлап тастады.  Жұрт Құралайды  қошеметтеп елеуреп  жатқанда  ғана әннің  аяқталғанын білдім. Сонша көп ішінде мен ғана қол соқпаппын, мен ғана үндемей қалыппын. Оның оттай жанған жүзіне қадалып, есімді жия алмай қалыппын.

Сәлден  соң  жұрт биге  шықты.  Би басталысымен  Құралайды Кенжебек қағып кетті. Билеп жүргенде аңғардым, Құралайдың дене бітімі келісті екен. Көк шыбықтай солқылдақ, сұңғақ аяқтары түп-түзу тоқ балтырлары бірін-бірі сүйкеп тұр.

Төсінде томпиған қос анары да қозғалған сайын дір-дір етеді.

Кенжебек манағыдан да еркін, күліп жүр, сөйлеп жүр. Не айтып жүр екен? Құралай да мәз-мәйрам, жанары жалтылдайды. Биге де оралымды. Биік өкшелі біз тұмсық қара туфли киген қасықтай аяғы жылдам көшеді.

Қыздар құрметіне  Штраустың  «Вена вальсі»  ойналған  жолы Құралай өзі  келіп,  мені биге  шақырды.  Жарқылдай келіп  қолын созғанда, кенет ұйқыдан тұрған жан секілді бір күйде едім.

Биледік. Әдепкіде  бойымды  билей алмадым.  Аяқ  алысымды музыка ырғағына ұйқастыра алмай кібіртіктеп қалдым. Қыз менің абдырап қалғанымды сезіп жымиып қойды.

Желді күнгі оттай шалқыған вальс екпіні сәлден кейін-ақ жүрек тыншытты  да,  өзінін толқынды,  ойнақы  ырғағына бағындырып дөңгелетіп ала жөнелді. Өте жеңіл билейді. Билеп емес, үлпілдеген ақ мақта  көтеріп  жүргендеймін. Тасқындап  буырқанған,  кей-кейде ышқынып көкке шаншылған құйындай ширыққан музыка Құралай екеумізді жерден көтеріп әкетіп, аспанға қалықтатып бара жатқандай да  болады.

Аузыма сөз түсер емес. Әлде не айтқым келеді. Бір қызық күлкілі әңгіме айтқым келеді. Бірақ ойыма ештеңе оралмайды. Тілімді жұтып қойғандаймын.

Құралайдың өзі тіл қатты.

— Сіз композиторсыз ба?

— Оны кім айтты?

— Естідім де,—деді ол қара көзін бір төңкеріп қойып.

— Неге ән салмай үнсіз отырсыз?

— Даусым жоқ.

— Қомпозиторда дауыс болмай ма?—деп таңданған ол оң қасын керіп қойды.

Тағы бір сәт үнсіз жүрдік.

«Көктем келді.  Көктем  айлары тамаша-ау»  дегім  келіп бір тұрдым. Бірақ бидің үстінде көктем туралы әңгіменің реті қанша. Өзімді-өзім іркемін.

— Кенжебектің әні ұнады ма?—деп бір кезде қойып қалдым. Ау, мұны неге сұрадым? Басқа айтатын ештеңе таппағаным ғой шамасы.

— Кенжебек — әнші! — ол шынымен  мақтап  қойды. Өстіп жүргенде вальс аяқталды.

Келесі  биде  шақырмақ болып  тұр  едім, тағы  да  Кенжебек найжағайдай  сарт ете  қалды.  Радиолға пластинка  қойып жүрген қыздарға алақтаймын деп аңқидым да қалдым.

Құралай  мен Кенжебек тангога баяу қалқып кете барды.

Сол түні жатақханаға таң алдында оралдым.

Кеш  әсері  көңіліме әбден  орнап  қалыпты. Шамды  сөндіріп көзімді жұмсам да болар емес. Ойымнан Құралай шықпайды. Төңкере қараған  жанарынан жарқ  еткен  ұшқын осы  қараңғыда  жалт ете қалғандай болады. Ашық даусы да бөлмеме өзіммен еріп келгендей, шалынады құлағыма. Кеште тартылған музыка, қыз-жігіттер даусы үздік-үздік естіліп қалатындай. Қыздар кұйған әтір исі де мұрнымды әлі қытықтап тұрғандай.

Әрі аунадым, бері аунадым. Ілінбеді көзім. Тұрып шам жақтым. Пианиноға келіп, әлгінде Құралай екеуміз билеген Штраустың вальсін ойнадым. Неге екенін қайдам, біреу қуып келе жатқандай асығып, пианино клавиштерін тапырлата қатты сабаладым.

Музыка сейілтпеді. Көңіл лепірді қайтадан. Қан тамырларым лүп-лүп соғып, тұла бойым қызды. Әр клавишті бір дыңылдатып, кешті тағы елестетіп, толқып отыр едім. Кенет бір жіңішке үнді клавишке саусағым тиіп тұрып қалдым. Нәзік үн. Бұлақ сылдыры ма? Бұлбұл үні ме? Көктем желі шайқаған балапан жапырақ дірілі ме?.. Елең еттім. Әйтеуір таныс үн. Қашан есіттім? Қайдан есіттім?

Алақанымен басқан көбелегін ұшырып алам ба деп қорыққан балаша мен де әлгі клавишті айрылып қалатындай-ақ тас қып басып жіберетін емеспін. Ептеп қайта басып көрсем. Әлгі ақ қайың түбінде құлақ елеңдеткен ызың...

Клавишті қаттырақ бастым. Сол-ақ екен, майда лептей таныс әуен ап-анық естілді. Жүрегім лүпілдеп әлгі үнмен тіл қатысқандай болды да саусақтарым клавишті жағалап жүріп кетті.

Қиналып шаршап  қалыппын.  Көз алдым  сағымданып, бұлдырайды.  Алдымдағы жылтыр  қара пианино  жалтыраған  көлге айналып, жайылып бара жатқандай. Әлгінде дүркіреген толқын үні де бірте-бірте алыстай түскен... Аппақ клавиш үстіне маңдайымнан бір моншақ үзіліп түсіп, тырс етті. Өзіме-өзім сонда келдім. Бір парақ қағазды әлі хат танымаған сәбидей шимайлап тастаппын. Қосаяқ ізі ме, нота ма? Өзімнен басқа тірі пенде айыра алар емес.

Нотаға түскен әнімді әбден шаршағанша ойнадым. Сонан соң құрыстанған денемді жазып терезе алдына келдім.

Таң  ата  бастапты. Көшеде  еш  қыбыр жоқ.  Ақ  қайыңда әлі ұйқысынан оянбаған, оның да сілесі қатқандай сөлбірейіп  тұр.

Шабыт ләззаты мен қуаныштан мен тастай қатып қалған екенмін. Кенет оянып кеттім. Тынысым тарылып, құлағым дуылдап барады. Көзімді ашып алсам, Кенжебек үстіме атша мініп алыпты.

—Тал  түске  дейін тырайып  бұл  не? Мысықша  пырылдауын қараш... Әй, тұрасың ба, тұрмайсың ба?—деп құлағымды уқалап отыр.

Менің басымдағы көрнекті нәрсем екі құлағым. Қайтадан пішсе бір  үш-төрт  адамға құлақ  шыққандай.  Табиғат ұста  басымды құрастырғанда басқасына таршылық еткенмен құлақ тұсында қолы ашылып  кеткен сияқты,  алақандай  теріні әкеп,  шықшыт  үстіне жапсыра-жапсыра салған. «Қалқанқұлақ» атанып жүргенім де осыдан. Кей-кейде құлағы  жоқ  қулардың «мына  қос  қалқанмен жүріп  сен композитор болмасаң, енді  кім композитор болады» деп  құлағымнан тартып-тартып қоятыны да бар. Қайда жұрттың қолына да, көзіне де түсетін осы құлағым.

Кенжебек еңгезердей неме, оны аударып тастауға болса да әлім келмейді,  дуылдап  бара жатқан құлағымды  жастықпен  басып, қорғаштай беремін.

— Тұрайын, құлағыма тимеш, тұрайын.

— Ә, солай ма екен?—деді қарқ-қарқ күлген Кенжебек үстімнен түсіп.

Бірақ тұрғаным жоқ.

— Мына шимайың не?—деді пианино үстінде жатқан нотаны алып Кенжебек.

— Той өткен соң даңғыра деп, ән шығарғаннан саусың ба?

— Шынында да ән шығардым.

— Тұр, ойнашы, көрейік...Мен енді оның жынын келтіріп, керіліп-созылып тәлімси түсемін. Әнге ынтызар Кенжебек  тұр-тұрдың  астына алып,  үстіме  төнеді. Оның ентелегенін, тағатсыз дегбірі кеткен кейпін қызық көріп жорта шіренемін. Әбден зықысын шығарып барып төсектен тұрдым-ау. Клавиштерді  бей-жай  басып ойнап  отырмын.  Кенжебек пианиноға сүйеніп құлағын тоса түседі.

— Көтеріңкіреп ойнашы,  шамалы.  Мынауың ойнақылықты сүйетін мелодия сияқты ғой. Ә... ә, осы темппен.

Енді лепіртіп ойнай бастаймын. Түндегі шабыт пен көңіл күйім қайта оралғандай. Бойыма тасқынды бір күш біткендей. Сол-ақ екен, Кенжебек  қалақтай  алақанымен арқама  салып  қалды. Оның  бір нәрсеге дән риза болған сәттегі әдеті. Арқадан қағып марапаттаймын деп тұрып, құшырланып қатты ұрып қалғанын өзі де сезбейді. Бұл жолы ашуланғаным жоқ.

— Жақсы екен, қалқанқұлағым! Мынауың лирикалық дүние ғой.

— Шын айт. Таң атқанша ұйықтамадым осы үшін.

— Жоқ, молодец! Сенен бір нәрсе шығады осы.

— Есіңде ме, Кенжебек, әнеукүні ақ қайың түбінде отыр ем ғой... Сен  келдің  ғой. Тап  сонда  осы әуен  мені  мазалап отырған.  Сен қапылыста келіп шошытқанда айрылып қалғанмын.

— Ә, осыған ашуланған екенсің ғой.

— Ие, сол әуенді түнде келген соң тауып алдым.

— Жоқ, бұл әнің маған қатты ұнап тұр. Көктем лебі естіледі, бір әдемі сыр бар.

Мен жуынып, киіндім. Пианиноға асылып ойға кеткен Кенжебек кенет жүзі құбыла қарады маған.

— Ақан, бір тамаша идея тауып тұрмын.

— Сен осы идея тапқыш боп кеттің-ау!—дедім мен күліп.

— Осы әніңді Құралайға арнасақ қайтеді?

— Құралайға?!

— Иә,... бір құртты бөліп жескен дос едік қой, осы әніңді қишы маған, Құралайға арнайықшы.

—Арнасақ, арнайық,—дедім  мен  де көп  ойланбастан.  Осы әнімді өзім де Құралайға арнап шығарғандай сезінемін. Көз алдыма тағы да Құралай бейнесі елестейді. Әнін де, сыңғырлаған үнін де естіп тұрғандаймын. Тұңғыш  рет  әнімнің қызға,  қыз  болғанда   да   Құралайға арналғанына қуанамын.

Кұралайға арналған ән осылай шығып еді.

Екінші тарау

Терезе алдында әлі отырмын.

Түн ортасы. Селдіреген бозғылт тұман көтеріліп, сейіліп келеді. Жұлдызы сиреген ашық аспан төсінде алтын түймеше жарқыраған дөңгелек ай кеш бойы тапжылмай отырғаныма таңырқағандай бақшия қарайды. Кеше тып-тыныш. Аяқ сыбысы азайған. Анда-санда зып-зып етіп таксилер өтеді. Манаураған ай сәулесі астында ақ қайың баяу 

13қалғиды. Мамықтай тыныштық пен үлбіреген ақ нұр, тәтті ұйқыда албыраған пәк арудай әлдилейді оны.

Тым-тырыс отырмын. Баяу, тәтті қалғыған ақ қайыңның ұйқысын қимаймын. Оятпаймын. Ақ қайың осы қалғыған күйінде бір түрлі сағыныш сазын шерткендей.

Мен  де  Құралайды сағынып  отырмын.  Оны тауға  серуенге барғаннан бері көргенім жоқ. Санап отырмын, аттай алты күн өтіпті. Содан  бері кешкі  орным  осы терезе  алды...  Құралайды Кенжебек сияқты мен де сүйеді екенмін. Сол үшін де қызғанып, беймаза күйге түсіппін.  Мені  таудан қаңбақтай  домалатып, бөлмеге  әкеп  қуып тыққан алапат, бұла күш те осы сезім екен.

Тобынан адасқан қаздай елеңдеймін. Сонау Құралайға ұшырасқан кештен бастап біз үшеуміз өрісі бір қозы-лақтай едік. Бір жүріп, бір тұратынбыз. Ойын-сауыққа барсақ та, серуенге шықсақ та бір жерден табылатынбыз. Әнді де қосылып, бірге шырқайтынбыз. Тобымыз әсте бір бөлінген емес еді. Енді міне...Ынтызар көңілім Құралайды іздеп шарқ ұрады. Арада алты күн емес, алты ай өткендей. Онымен бірге өткізген күндер қызық еді, көңілді еді. Құралайды көргенше ынтығып тұрушы едім. Осы кезде түсініксіз бір күйге түстік. Қанша ынтық болып тұрсам да онымен ұшырасқым келмейді. Әлде неден қысылатын сияқтымын. Әнеукүні тауда қарамай қашып кеткеніме қысыламын ба? Әлде Кенжебектен өзін  қызғанатынымды  сезіп қалар  деп  қорқамын ба?  Әйтеуір  қыз жүзіне тура  қарай  алмайтындай бір  қылмысым    бар  секілді.  Не  қылмыс ол? Қайта олар кінәлі емес пе? Жалғыз мені жол үстінде қалдырып екеуден-екеу  жасырынып  қалған... Жасырынып қалған. ...Соны ойласам-ақ кеудем жанып, мазасыз күй кешем.

Кенжебек өкпелі.  Бұрынғыдай  келіп-кетіп тұрмайсың  деп ренжиді. Кенжебекке бармағанда да сол Құралаймен кездесіп қалудан қашамын. Ұшырасқан жерде ол қысыла ма, әлде мен қысыламын ба? Ол жағы  белгісіз.  Әйтеуір мен  сол  қызды қинаудан  қашатын сияқтанамын да тұрамын.

Менің жайымды Кенжебек сезе ме, әлде сезбей ме, қалайда қыз жайлы тіс жарып үндемейді. Тек қана өзі іздеп келеді мені.

Таудан менен бөлініп қалатын күннің ертеңіне де өзі келген. Осы орнымда ойға шомып отырғанмын.

— Кеше  біздің  кейін қалып  қойғанымызға ренжіп  қалдың-ау, Ақан? — деді ол қасыма келіп.

— Жоқ, неге?

— Жоқ демей-ақ қой, білем ғой мен.

— Сонша нені біліп қала қойдың?

— Өкпелегеніңді де.  Біз  сенен әдейі  жасырынғанбыз.  Іздеп сандалсын деп. Нанбасаң Құралайдан сұра. Қалай десе де мен сенгенім жоқ.

Келген  сайын  Кенжебек: «Саған  не  болды осы,  далаға шықпайсың?» дейді. О деп, бұ деп шығарып саламын оны, мазалап жүрген ән  бар  екенін айтамын:  «Соны  жазып бітпей  ешқайда аттамаймын».  Бірде ол  Құралай  үшеумізге Алматыға  гастрольге келген  Новосибирь опера  театрының  «Кармен» спектакліне  билет алып келді. Қанша жалынып әке-көке дегенмен де бармай қалдым. Бұл  жолы да  әнді  сылтау еттім,  Құралайға  кездесуден қашып жүргенімнен хабары жоқ Кенжебек: «Өзің қызық болып барасың» деп қолын бір сілтеп кетіп қалды.

Құралай  мені  іздеп келген  жоқ.  Не деп  іздемек  ол мені? «Өкпелеме, тауда сені іздесін деп жасырынып қалып едік» деп қалай айтпақ қыз басымен. Не жасырыну сонда. Мені іздесін деп әдейі істесін-ақ.  Ал іздемей  қалғанымды  көрген соң  ізімнен  неге қуып келмейді екеуі! Егер адал болса. Бірақ арам болып не істепті олар маған? Бірін-бірі сүйсе, оңаша қалғысы келсе, айып па екен? Тіпті Кенжебек орнында өзім болсам  ше?

Олардың қуып келе алмағандары сондықтан. Өз істерінен кейін ұялып жүр. Құралайдың соқпай жүргені де сол.

Иә,  Құралай  Кенжебекті сүйеді...  Мен  одан босқа  дәметіп жүріппін. Босқа ма еді, бірақ? Құралай мені де жақсы көретін сияқты еді ғой. Өзіне арнаған әнімді тыңдаған сәті әлі көз алдымда.

Біз  Құралай, Кенжебек  үшеуміз  ғана едік.  Махаббат  жайлы тұңғыш әнім оңаша тыңдалып еді алғаш рет. Жүрегім аузымнан атып шығардай дүрс-дүрс соққан. Профессор алдында емтихан тапсыруға барғанда  да  мұндай толқып  көрмеген  шығармын. Клавиш  үстінде саусақтарым дірілдейді. Екі көзім нотада. Пианинода неше рет ойнап шықтым, жадымда жоқ. Әйтеуір балқып та, толқып та отырғаным есімде.

Бір кезде пианиноға сүйеніп тұрған Кенжебек төс қалтасынан қойын дәптерін алды. Мен жайлап аккорд бердім. Ол енді шабытпен бастады.

Сол көктемде көкте күлім қақты күн, Сол көктемді жүрмін әнге сап бүгін. Көз қарасың көңіліме гүл екті, Баса алмадым албырт көңіл аптығын.

Әдемі қоңыр дауыс ән шырайын шығарды. Ойнақылықтан гөрі сыр  сазын  құйып тұр  көкейге.  Ашық аспанда  сызып  ойнаған қарлығаштай құйқылжиды.

Кенжебектің әнді мөлдіреген сырға малып айтқанын осы алғаш көруім. Ол даусын әсірелеп, өрнектеп, әуелетіп айтуға құмар еді. Ал бұл  жолы басқаша  сілтеді.  Асыққан жоқ.  Баяу  ғана сызылтып, сезіммен  толқып,  ән ырғағын  әсірелемей  қаз қалпында,  өзіне  тән табиғи қоңыр үнмен шырқады.

Тартты мені өр көңілің, мінезің, 

Кеудемдегі жүрек өзің, гүл өзің. 

Қалқатайым, атыңды әнге қосамын 

Асылым да, арманым да бір өзің...

Ән  аяғын  да ол  сабырмен,  байыппен қайырды.  Кең  аспанда ұшып-ұшып барып, көз ұшында жоғалған құстай бірте-бірте баяулап, дірілдеп тынды.

— Құттықтаймын, — деп Құралай менің қолымды қысты. Қара көзі жайнап тұр.

— Әсерлі, әдемі ән екен.

Мұнан артық қандай қуаныш, қандай бақыт болушы еді. Мұнан артық қандай баға болушы еді. Қуанып, тебіренгенім сонша, құлағым шулады.

Қазір де құлағым шуылдайды. Кенжебектен неше өтініп менің осы әнімді қайта-қайта айта беруін тілеуші еді. Ән салынған сайын көзінің астымен қиыла қарайтын ол маған. Көз қарасында бір сыр бар ма деуші едім. Сөйтсем ол маған емес, әнге ынтызар екен ғой.

Әлі отырмын.

Түн ортасы ауып кетті. Ай жамбасқа келді. Ақ қайың   сол қалпы, сағыныштан  әбден    қалжыраған жандай толықси мүлгиді.   Біртүрлі мұңлы  да сырлы саздар келеді көмейге. Ыңылдаймын жайлап қана.

Кішкентайымнан ақ  қайыңға  ынтызар едім.  Сылаңдап өскен көркіне, сұлулығына қызығушы  едім. Табиғат  бар кербездігін де, жүрек қылындай нәзіктігін де ақ қайың бойына сыйлағандай көрінуші еді маған.

Ақ  қайыңға  ғашық едім.  Мен  оны қас  сұлуға ұқсатып қиялдайтынмын.  Мектепте  жүріп тұңғыш  рет  салған суретім  ақ қайыңға  арналып еді.  Ақ  қайың туралы  ән  шығару көкейімдегі арманым еді. Бірер рет әурелеп те көргенмін.

Бірақ түк шығара алмай шаршап қойып едім ақыры.

Соңғы кезде осы ару ақ қайың менің сырласым, мұңдасым боп алды.  Жан  сезім, көніл  күйімді  ұғатындай менің.  Дауылды  күні теңіздей аласұрған жан дүниемді сезгендей кейде қабырғасы қайыса, бүгіле ырғалатын сияқты.  Бірде  күбірлеп, бірде  шуылдап  тіл қатқандай да болады. Мен де кей уақыт өзімді осы ақ қайыңмен тағдырлас  секілді сезінем.  Дара өскен  ақ қайың кей  сәтте  серігін іздеген аққудай бір мұңды әнге салып сыңсиды.

Қазір міне сол ақ қайың көмейде бір сырлы саз толқытып тұр. Сағынышпен  зарыққан  ынтық ғашықтың  жан  сыры секілді...  Мен ыңылдаймын. Мұңлы да сырлы саз ән болып дірілдейді көмейімде. Әннің басы, алғашқы әуен, алғашқы ырғақтар... Бірнеше күннен бері мазалаған сағыныш сазы жағаға соққан толқындай екпіндеп, ілгерілеп  қайта басылады.

Пианиноға келдім. Көкірегімдегі күй сазы клавиштен үн қатады. Кейде бел ортасынан үзіліп қайта тіріледі. Алдымда жайылған ақ қағаз бетіне нота шимайлар көбелекше қонып жатыр. Ұйқы қашқан. Терезеден айдың бозғылт сәулесі төгіледі. Қалғыған ақ қайың ап-анық көрініп тұр. Ақ қайың қалғиды, мен ояумын. Тіл ұшына әлдекімнің бір шумақ өлеңі оралады.

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу, 

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу...

Терезеден  ай  сығалап өтті.  «Әй,  әлі ояусың  ба?»  деп жымиятындай. Иә, әлі ояумын. Жүрегімде тыныштық жоқ, мазасыз толқын  ғана.  Ынтығамын, сағынамын...  Ыңылдаймын,  клавиш те қосылып ыңылдайды. Ән ырғағы желді күнгі теңіз бетіндей толқып, кең жағалауға ақырын соғылып жатқандай.

Барады жылжып арада күндер, 

Сағындым сені, сағындымайым.

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу 

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу.

Мен  де  қалғи бастаймын.  Бар  денемнен әл  кетіп,  тыныштық тілейді. Ән менің сағындырып кездескен ғашығымдай, шаршасам да шыдаймын, тастап кетуге қимаймын.

Бозарып таң атты. Мен де төсекке құладым....Апырау, мынау ақ қайың табан астында қызға айналып кеткені қалай?!  Жапырақтары құстың  қанатынша  желбіреп, маған  қарап сықылықтап күледі ғой.

«Ақан, тұр, жүр кеттік!» Аумаған Құралайдың дауысы.

«Қайда, қайда кетеміз, Құралай?»

«Бүгін екеуміз  жасырынып  қаламыз Кенжебектен»  дейді сыңғырлаған сиқырлы қыз дауысы.

Ақ қайыңның жалбыраған жапырақтары ашық терезеден кіріп келеді... Жоқ, ақ қайың емес... Табанда Құралайға айналып барады, білектей қос бұрымы, қара мақпал шашы... Кенжебектен жасырынып келе жатыр ғой... Әрине, солай... Әйтпесе, терезеден кірер ме еді?!

«Кел»  деп  қолымды созғым  келеді,  қолым сынып  қалғандай қозғалмайды.

Кенет дүрсілдеп біреу келді. Құралайды шашынан бүріп сыртқа жұлқып тартып бара жатқан мынау... Кенжебек қой. «Ендігі қалғаны өз аяғыңнан жігіт іздеп терезеден түсу еді?» Түу, түсі қалай-қалай бұзылып кеткен. Өрт сөндіргендей.

«Не  дейді-әй  мынау!» Айқайлайын  десем  даусым шықпайды. Тұрайын десем тұра алмаймын. Біреу тас төбемнен қос балғамен ұрып жатқандай дүрс-дүрс етеді... Тағы да дүрс-дүрс.

Қатты булығып оянып кеттім. Жан терім шығып езіліп қалыппын. Басымды тұмшалаған одеялды серпе тастап көзімді аштым.

Әлде  кім  есікті дүрсілдетіп  ұрып  тұр. Бұл кім  болды  екен? Почташы ма?  Әлде  көрші студенттер  ме?  Өрт шыққандай  неге жанығады мына жұрт? Ашу қысып атып тұрып есікке бардым. Әлгі түс әсері ме, ішім суық қалтырайды.

Ілгекті ашып қалсам, Құралай. Түс жоқ, өң жоқ. Екі иінінен дем алып ентігіп кіріп келе жатыр. Менің трусишең жүргенімді елейтін емес, есікті қаусырып, шегінсем де тоқтаған жоқ, кіріп келді ішке.

— Е, Құралай, не болды саған? Кішкене...

— Кенжебек,—Құралай даусы дір-дір етеді. Сасқалақтап  тұрған мен    деселк  ете   қалдым.   Жүрегім мұздай боп  буын-буыным қалтырап кетті.

— Не болды оған, Құралай?

— Ауру...

— Қайда, ойпырым-ау?!

— Ауруханаға алып кетіпті.

Аржағын сұрауға  әлім  де келмеді.  Апыл-құпыл  киіндім де Құралайға ере шықтым.

Екеумізде де үн жоқ, томсырайып келеміз. Жайшылықта ашық күнгі көл бетінше құлпыратын Құралайдың қара торы жүзінде шырай қалмаған.  Көзінен жас  дөңгелейді.  Мен кеуде  сарайым  өртеніп жатқандай  алқынамын. Аяқ  астынан  душар болған  дос  сырқатын ойлаймын. Құлындай ойнап жүрген жігіт еді, ойпырым-ай неғылған ауру екен?

Ауруханаға келіп ординаторлар бөлмесінің есігін кақтық. Есіктен ақ  халатты,  көзілдірікті семіз  сары  әйел қарады.  Кенжебектің фамилиясын естісімен:

— Ә,  әлгінде  әкелінген студент  екен  ғой,—деді бізге жақындап,—дәрігерлер қарап жатыр. Консилиум. Бауыры ауырады екен. Әзір халі ауыр...

— Біздің үрейлі кейпімізді байқап қалды-ау деймін. Заматында өзгерді, күлімсіреп тіл қатты.

— Немене еңселерің түсіп кеткені.  Қой,  қорықпаңдар. Халі  ауыр  дегенім, жай  әзірге қиындау дегенім ғой. Бізде мақал бар: «Бауыры аурудан ажалға адам берген дәрігер түкке тұрмайды». Әлі-ақ тәуір болады достарың.

Үшінші тарау

Кенжебек тәуір бола қоймады бірақ. Ауруханада жатқанына бір жетіден асты. Диагнозы анықталды. Боткин ауруы деп танылды. Біз қайдан білейік, жұрт рас айтса, бауыры іскен, сары су жиналып оң қабырғасына жабысып қалыпты дейді. Алматыға оқуға келген жылы Кенжебектің сары аурумен ауырып қалғаны бар. Тәуір боп аяғына мініп кеткенімен  дәрігерлер  «сақтанып жүр,  құлантаза  айыққан жоқсың, бауырыңда қалған кінәрат бар» деп сақтандырып қойған, Аңқылдап жүріп  асқындырып  алған ғой.  Құралаймен  танысқалы сақтық, өзін күту дегенді мүлде ұмытып, кемерінен асып тасыған дариядай  шалқып   жүруші   еді.  Ауруханаға   әлсін-әлі барғыштағаныммен досымның кіріп, көңілін сұрай алмадым. Рұқсат етпеді  дәрігерлер. Баяғы  семіз  дәрігер әйел  соққан  сайын: «Абыржыма,  беті бері  қарап  келеді. Асықпа,  жолықтырамын досыңа»,—деп арқамнан қағып шығарып салады. Соның жылмаңдай бергенінен  де қорқамын.  Қашан  науқас жаны  иегінен  шығып кеткенше дәрігер ағайындардың жамандық айтпайтыны маған мәлім. Оның  үстіне  бүгін  түстен кейін  Құралай  соғып, мені  қатты қобалжытып кетті.

Құралай да бұрынғы сағымдай құлпырған көркінен айрылыпты. Ауруханаға барып келе жатқан беті екен. Жүзі тұнжырап, үрей табы сезілгендей.—Кенжебекке барып шықтым, — деді ол орындыққа сылқ отыра кетіп.

—Кіргізді ме? — Мен елеңдеп қалдым.

— Иә.. .Ауылдан келген қарындасы едім деп кірдім. 

— Тілдестің бе? Беті бері қарап па? Құралайдың түсі бұзыла түсіп, басын шайқады. 

— Сонда да, былай, тәуір ме?

— Жоқ,  сұмдық...— Құралай  суыққа   тоңғандай    тағы тітіркенді. — Нашар, шошып кеттім көргенде. Күп боп ісіп кетіпті. Өңі адам  қорыққандай сап-сары.  Көзіне  шейін сарғайыпты.  Қасында шыдап отыра алмадым.

— Неге?

—Қорқынышты сондай. — Құралай бір уыс боп бүгіліп төмен қарады.

—Еріндері добалдай. Сөйлеп еді, сұмдық. — Қыз басын тағы шайқады.

Құралайдың хабары  жанымды  аяздай қарыды.  Тұла  бойым тоңазығандай қалтырадым.

— Мені сұраған жоқ па?

— Жоқ.

Содан соң біраз үнсіз қалдық. Әлдекім көрінбей келіп екеуміздің де иығымызға, зіл қара тас бастыра салғандай еңсеміз түсіп кеткен. Құралайдың не ойлап отырғанын қайдам, менің миыма ештеңе кірер емес. Біртүрлі ішім алаулайды. Шекем зыңылдайды. Құралай қатты шошыныпты. Науқасы төмендеген ғой онда.

Үнсіздікті Құралай бұзды.

— Сіз көп сырласатын ақ қайың осы ма? — Ол бізге аңтарыла қарағандай сұлқ тұрған ақ қайыңға көз салып ойланып қалыпты.

— Өзі шынында да сұлу екен.

— Өй деп кім айтты сізге?

— Кенжебек айтқан. Айтқанда жыр қылған. Сізді қайыңның тілін түсінеді,  күбірлеп  сөйлесіп отырғанын  талай  көрдім деген. — Құралайдың  жүзінде сылтың күлкі жүгіріп өткендей...

— Ой, ол да құйқылжытқан екен. Соған сендіңіз бе?

— Сенбегенде ше? Әлде Кенжебек өтірік айтушы ма еді?

— Қыз маған сынай қарайтындай.

— Неге, бірақ...

— Мен қысылып қалдым.

Кенжебек адал ғой маған. Бірге өсіп келеміз ғой, оның жалған сөйлегенін еш көрген емеспін. Қайта біреудін өтірігін естісе, өзінің бес бидайы күйгендей қызарақтап қалады, Өмірде бір-бірімізді алдап көрген емеспіз. Құрдас бола тұрса да жасы үлкен ағадай болып, менің қамқорымды  соға жүретіні  де  бар оның.  Мектепте  жүргенде де біреумен шатаса қалсам, маған болысып, мені қызғыштай қоритын. Оның әлгі сөзді Құралайға айтуы анық. «Сенің жаның ақ қайыңмен туысып кеткен» деуші еді маған әрдайым. Әй, Кенжебек, Кенжебек...Ақ қайың жайлы ән шығармақ талабыма өзімнен бетер елігіп жүруші еді Кенжебек. Енді міне ән жазылды. Бірақ ол өзі ауруханада жатыр сарғайып. Менің көкірегімде ақ қайың әні мұңмен күңіренеді... Әлде Құралайға тартып берсем бе екен. Орнымнан қозғала беріп, өзімді өзім тежеп қалдым.

Тосын бір сезім кілт іркіп тастады. Досым ауырып жатқанда мұным  не менің? Әнімді   шырқап   мақтанбақпын ба,   Құралайға?

Әңгімеміз өрбімеді.  Қайтадан әдепкі  күйге түстік.  Тұнжырап отырған Құралайды:

—Қорықпа,   Құралай,    Кенжебек    жазылады, — деймін жұбатып.

—Қайдам?! — Ол терең  күрсінеді.  Үшінші жетіде  барып Кенжебектің беті  бері қарады. Көңілін сұрауға рұқсат алдым. Шағын  палата.  Кенжебектің койкасы  терезенің  алдында екен. Жастығын  биіктетіп,  кеудесін көтеріп  жатқан  сырқат досымның ұйпалақталған  бұйра   шашы көзіме   оттай   басылды.

Мені  көргенде  күлімдеп қоя  берді,  қолын созды.  Аяғымды  шапшаң басып мен  де  ұмтылдым. Елжіреп,  босап барамын.

—Кенже!—деп ұсынған қолына шап бердім.

—Ақан!—деді ол да қарлығыңқы үні бәсең шығып. Алғашқы минуттарда екеуміз  де тіл қатысқанымыз жоқ.

Ол үнсіз менің көзіме қарайды, мен үнсіз оның көзіне қараймын. Беті  қалыңқы,  қатты семіріп  кеткен  адам сияқты.  Бірақ  Құралай айтқандай  қорқынышты көрінбейді.  Қой  көзінің аясы  сарғыштартқан.. Гүлдей  жайнап тұратын  қызыл  шырайлы өңі оңған шүберектей боп-боз.

— Қалайсың? — деймін ып-ыстық қолын қысып.

— Тәуірмін. Ісік  енді-енді  тарап келе жатыр.  Түнеу күндері масқара еді. Құралай көрді ғой.

—Тамақ аласың ба?

—Тамақ болғанда бізге жеміс  пен қант  қой негізгі тағам. Қантты жүрек алмайды.

—Ем жасап жатыр ма?

—Күні-түні түйреп жатыр. Глюкоза дей ме? Дүниеде сонысы-ақ бәле.   Адамның жаны сүймейді тіпті.  Әйтеуір дәрі-ақ   көп.

Кенжебек көзін  жұмып бір сәт ойлы  жатты. Сосын жүзі тұнжырап күрсінді.

— Қанаты қырқылған құстай досыңның жатысы мынау... Енді қанат қаға ала ма, әлде қанат қаға алмай ма, ол жағы жұмбақ. Менің жанымды  өзіңнен артық  білетін  кім бар.  Әкемді  болса да  соғыс жалмады. Жалғыз шешем. Менің тілеуімде отырған жалғыз анам, сол жылап қала ма деп қабырғам қайысады.

— Қойшы, сен... Немене сонша таусылып?

— Таусылмаймын ғой. Сауығатын шығармын мүмкін. Әйтсе де ойсыз  адам  бола ма?  Әртүрлі  ой келеді  басыма.  Табан астынан қырсық шалады деп ойлап па  едім мен. Талай асыл арманым бар еді. Енді мынау... Қашан қатарға қосыларым белгісіз.

— Әй, қойсай...—Көзіме жас  тығылды. Бетімді бұрыңқырап  отырдым. — Дәрігерлер   не  дейді? Қорытындысын айтты ма?

— Бір профессор қараған. Операция жасаймыз депті. Бірақ кейін. Тәуекел де әйтеуір... көреміз де.

Палата ішін ауыр тыныштық басты. Күңгірт палата. Сұр бұлт Алматы аспанын құрсап тұр. Зілдей бір нәрсе менің де еңсемді езіп барады. Ол да үнсіз, мен де үнсіз. Әлгі ауыр әңгімеден кейін ары қарай сөз қозғау оған да, маған да қиын соқты. Палатадағы басқа сырқат адамдар біздің көңіл күйімізді сезгендей олар да тым-тырыс бола қалыпты.

Қамыққан дос көңіліне медеу боларлық не айтсам екен? Сөзге дегенде от  тартпайтын көне пештеймін, сорлы басым.

Аузыма ештеңе түспейді.

— Құралайды  көріп   тұрасың ба?—деді   әлден  уақытта Кенжебек.

— Көрем, сирек бірақ.

— Сабақтан қолы тимей жүр-ау деймін. Біраздан бері маған да соққан  жоқ. — Кенжебек  үнінен қамығу  байқадым.

— Құралайға арнаған әнің  жақсы болды. Кейде ыңылдап көңіл жұбатам.

— Айтпақшы тағы бір ән шығардым, Кенжебек. — Кенет есіме жаңа шығарған әнім түсті.

— А, айтшы кәне... — Кенжебек кеудесін көтере бір шынтақтай отырды.  Ән  десе жайнап сала  беретін баяғы мінезі.

— Ал кәне, жайлап айта бер....

Жаутаңдап көзім ілінбейді әлі, 

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу.

Барады жылжып арада күндер 

Сағындым сені, сағындым, айым.

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу, 

Ақ қайын сыртта қалғиды баяу.

Қайбір даусым  бар.   Баяу  ыңылдай түсіп,   айтып бердім әйтеуір.  ЬІрғағын біршама  жақсы  келтірген сияқтымын.  Кенжебек көңілденіп қалды. Езу тартып әзілдеді.

—Мықтысың, қалқанқұлағым... Мынау «Құралайдан» да мықты. Қайта айтшы.

Тағы да айттым. Жаңа әнімнің досымның ойынан шыққанына, көңілін сергіткеніне куанып отырып айтып шықтым. 

— Баяғыдан арманың «Ақ қайың» деген ән шығару еді. Ақыры арманыңа жеткен екенсің... Мынау шын жүректен шыққан ән ғой. Сағынған,  сарғайған жан...  Асығын  аңсап, түні  бойы  көз ілмейді. Терезе алдында ақ қайың. Басқа жан жоқ. Бар мұңын қайтсін соған шақпай. —Кенжебек көзінің астымен қадала қарап қалыпты маған. — Сағыныш... — Ажарсыз  өңінде біртүрлі  суық  толқын жүгіріп өткендей.  «Сағыныш»  дегеннен кейін  Кенжебек  көмейінде айтылмаған талай сөз қалған секілді. Әлде Құралай екеуі арасындағы маған бейхабар бір сырлары кенет есіне түсіп кетті ме, жоқ, мынау көзқарас... Кенжебек жүзінен белгісіз бір күдік, қобалжу білінгендей. Мана Құралай жайын сұрағанда да осыған ұқсас бірнәрсе байқалып еді-ау...  Әлде  шынымен-ақ... Екі  бетім    ду етті.  Жанарым  да тұрақтамай Кенжебек жүзінен тайқып кетіп еді.

Табан  астынан  қысылып қалғанымды  байқады  ма, Кенжебек ыңылдап ән салды. Ән құмар жігіт екі айтқанда-ақ қағып алыпты. Даусы бәсең, қарлыққан. Суыққа тоңған инеліктей дірілдеп шығады. Көбіне әннің мұңды пернесін басыңқырайды.

Әнді аяқтаған соң ол баяу жымиып қолымды қысты.—Әнің жақсы екен. Осындай күй қазір менің басымда да бар. Түн  бойы көз  ілмеймін.  Апамды сағынамын.  Сендерді  сағынам... Ойлаймын. Қой, қайт енді,  аз отырған жоқсың. Мен  өзіме-өзім келмеген  мең-зең  күйде орнымнан  тұрдым. Қайтқанымды тәуір көруінің өзінде де бір гәп жатқан жоқ па екен? Бәлкім, күйініп кеткен жайын аңғартып алғысы келмейтін шығар? Құралайда  көңілім бар  екенін  білетін еді.  Әрине,  әннің де  соған арналғанын  байқап қалды.  Күдіктенуі  де сол  себепті.  Білдіргісі келмегенмен  Құралайдың соғуы  сирексіп  кеткеніне ренжитіні  де көрініп тұр. Бірақ мен... мен туралы бекер күдіктенеді Кенжебек.

Қазір Құралайды сүйемін бе, сүймеймін бе? Бұл жайлы ойланып жүрген мен жоқ едім. Бірақ, бар білетінім — Кенжебек ауруханаға түскелі бері әдепкі лапылдаған сезімім жоқ. Бұрынғы Ақан емеспін, от орнында тек қоламта қалғандай...Сол  бетімде ординаторлар  бөлмесіне  соқтым. Кенжебектің операция жасайды деген сөзі көкейімде қалыпты.

Бөлім меңгерушісі, бурыл бас қарт дәрігер шошытып тастады мені.

— Жақын дос екенсің, жасырмай айтайын, інішек,—деді ол көзілдірігін алып, көкшіл көзін тік қадап маған.

— Науқасы өте қауіпті науқас. Қатерлі кезеңі. Түсінесің бе? Медицина тілінде кризис дейді оны. Бірде тәуір болса, бірде қайталап қалады.

— Қандай науқас   сонда?—дедім  мен,  үнім  қалтырап кетті.

— Бір сөзбен айтқанда бауыр ауруы. Жастықпен сақтантанбай, асқындырып алыпты. Оған қоса бүйрегінің нефриді бар екен. Екеуі қосылған соң оңай болсын ба?

—Тәуір болмауы мүмкін бе?—дедім дәрігердің мына сөзінен жүрегім ұшып.

—Жоқ,  тәуір  болады, қорықпа,—деді  ол  шошынған мені жұбатқандай  күлімсірей  түсіп.

—Тәуір болатынына  сенемін  мен. Бірақ, сары  аурудың  созылмалы түрі  циррозға  айналып кетуі  де кәдік... Оңайлықпен жазылмайтын сол науқас досыңның өмір бойғы серігі боп кете ме деп қауіптенеміз тек. Бірақ ең қатерлі кезеңінен өтті қазір.

Салым суға кеткендей дәрігер алдынан сүйретіліп әрең шықтым. Барғаныма өкіндім. Құралайдың өткен жолы ұшырасқандағы үрейлі жүзі елестеді. Жаңағы сөзді оған да айтты-ау мыналар. Шошынуының түрі жаман еді.

Қайтадан досымды ойлап жүрегім езілгендей. Нардай боп жүрген қайран досым, шынымен-ақ мүгедек болып қалармысың? Әтеңе нәлет қу науқас-ай жас шыбықтай жаңа көгеріп келе жатқанда қайдан оған жабыстың?!

Біреуге қуаныш,  біреуге  реніш әкелген  күндер  өтіп жатыр, Кенжебек әлі ауруханада, айыққан жоқ. Бірнеше күн сергіп басын көтеріп жатты да, тағы қайталап қалды. Әдепті ісіктен із қалған жоқ, енді  күрт жүдеді.  Пышақпен  сылып алғандай  жағында  қырым ет қалмаған. Көзі әңгел-шәңгел ін түбінде жылтырайды, Бұрын ат жақты сұлу жүзіне жарасатын бұйра шашы қазір жапсырма шаштай репетін алып қауқияды.

Мен күн құрғатпай көк базарды неше айналып шығып тапқан жеміс-жидектерімді  алып  барамын. Барған  сайын  жанында ұзақ отырып  қайтамын.  Ол бұрынғыдай  шешіліп  көп сөйлеспейді. Қаншама жүдегенмен де сыр бергісі жоқ. Бар құсасы ішінде. Бәріне де үнсіз шыдап, іштей бекініп жатқандай. Анада бір шешілгеннен кейін қайтып  ауруы  жайлы ләм  деп  аузын ашқан  жоқ.  Тек бірде «ауырғанымды  әзір  апама білдіріп  қоймаңдар,  жүрегі нашар  еді, байғұстың» деген.

Барған  сайын  оның әлдекімді  күткендей  алаңдап жататынын байқаймын. Тысыр еткен дыбыс естілсе болды, ол көз қиығын есікке аударады.

Кенжебектің сағына, сарғая күтетіні де аландап, іздейтіні де бір Құралай. Бірақ ол сирек қатынайды. Сөйте тұра Кенжебек оның аз соғатынын  жасырады.  Қайта маған  келем  деп емтиханнан  құлап қалмаса болар еді-ау деп жуып-шаяды.

Ауруханада Құралайды бір-ақ рет көрдім. Көптен кездескенім жоқ.  Жүдеулеу  көрінді маған.  Кітап  әкелген екен.  Онысын  үнсіз Кенжебектің бас жағындағы тумбочка үстіне қойды.

Құралай «тәуірсің бе?» деген бір-ақ сөзден басқа тілге келген жоқ. Көзі мұңменен кіртиіп Кенжебек жүзіне тұрақтамайды.. Жүдеп жатқан сәтін көргісі келмей қиналатын секілді.

Мен Құралайдан кейінірек шықтым. Өйткені қыз отырған он бес минут  ішінде  Кенжебек жүзінен  бір  құбылыс байқап  едім.  Оның Құралайға бір, маған бір қарай берген көзінде күдік тұрды. Тап өткен жолғы көз қарасы... Шын қызғанады екен. Соны ойлаған сәт тұла бойым мұздап кетті. Маған қарайлап бөгеле берген Құралайға ере шығуға батылым бармады.

Көшеде жалғыз келе жатып ұшы-қиыры жоқ ой кештім. Құралай Кенжебекке салқын тартып жүрген сияқты көрінеді де тұрады маған. Бұрын  онсыз бір  сағат  тұра алмайтын  емес  пе еді?  Кенжебек ауруханаға түскен күнгі бейнесі әлі көз алдымда. Тана көзінде жас дөңгелеп,  жан ұшыра  жүгіріп  келген... Қазір  бұрынғыдай  емес, біртүрлі. Сонау бір күндері Кенжебек туралы сөз қозғағанда әңгімеден тайқақтағандай болғаны  да  есіме түсті...  Шынымен-ақ  суынып жүргені ме? Әлде сырқат Кенжебекті аяп, ішінен қан жылай ма екен? Әйтеуір Құралайдың соңғы кездегі мінезі мен үшін жұмбақ. «Саған осы не болды» деп сұрағым келіп талай оқталамын да, бірақ бата алмаймын.

Әлде Құралай Кенжебек ауруынан айықпайды деп күдер үзгісі келе ме екен. Мұны ойласам өзімнің де зәрем ұшады. Бірақ шын сүйген болса, осындай қиын сәтте, ауыр хал үстінде неге суыйды. Қайта әр қашан жанынан табылмас па? Сүйген жүрек жаны бір, тәні басқа болмас па? Оның Кенжебекке аптасына бір соққаны тіпті аз көрінеді маған.

Құралай кеше ғана мен үшін еліктің лағы еді, бейқам, пәк жан еді. Әлде үркек лақ табан астында жалт бергелі жүр ме? Құралайды жаман ойға  қимаймын.  Сол сияқты  жаны  таза қыз...  Сонда  кімге сенуге болады?

Бұл күнде Құралайға деген өз сезімімнен із де қалмаған сияқты. Баяғы ынтызар көңілім тасып барып, су аяғы құрдымға сіңіп жоғалған дариядай сап басылған. Қоламта табы да өшкен. Оның орнын басқа бір сезім, сырқат досыма деген ыстық ықылас тартып алыпты. Оған қоса  Құралай басындағы  мына  өзгеріс... Менің  бір  мінезім —кіділеумін.  Бір нәрседен  секем  алсам көпке  дейін  сырттап жолай алмаймын. Тек Құралай беті өзгеруден әрмен болсын. Онда...Бірақ осы күдігімнің аяғына жете алмадым. Жазға салым маған қаладан бір-екі айға кетуге тура келді. Консерватория халық әнші-күйшілерінің  шығармаларын жинау  үшін  Жамбыл облысына аттанғалы жатқан бригада құрамына қосты да, Алматыдан аттанып кеттім. Кенжебекке қарайлай-қарайлай кеттім.

Төртінші  тарау

Алматының төбесі көрінді. Вагон іші абыр-сабыр. Түсуге асыққан жұрт  апы  кіріп, күпі  шығып  жатыр. Мен  жұрттан  оқшауырақ терезеден тысқа үңіліп тұрмын. Қазір ойлап келе жатқаным Кенжебек. Аптап күйдіріп қураған қурайды көзім шалса, Кенжебектің боп-боз өңі елестейді. Шаңы шығып жатқан сонау қара жолға қарап жүрегім біртүрлі өрекпіп, тебіреніп кетем. Жағасына сирек тал өскен жылға... Анадағы  «Махаббат  жылғасына» барғанымыз  есіме түсіп  көңілім қобалжиды. Сондағы бір сурет көзіме елестейді... Бізден оза биікке жүгіре  шапшаң өрлеген  Құралай  «Піл» тауының  қырқасына екеумізден бұрынырақ шығып еді. Жоғарыда, жел өтінде мойнына бос тастаған ақшыл нейлон орамалы желбіреп тұрған ерке қыз.

«Еһ-һе-ей, қайдасыңдар?»  деп  даусын соза  айқайлаған, «Мұндамыз»  деп біз  де  жеткенбіз. Сонда  Кенжебек  күн көзіне шағылысып,  жалтылдап  жатқан кар  жамылған  құзар шыңдарға арсалаңдай  қарап,  «Бір күні  ана  шыңдарға да  шығамыз!»  деген... Шыңға шықпақ түгіл ауруханадан шыға алмай жатыр-ау...Сапардан  бір  жарым ай  жүріп  жаңа оралып  келемін.  Мен шыққанда Кенжебек  сәл  тәуірлеу еді.  Кейін  телефон арқылы білгенмін.  Бұрынғысынан  жақсы, бірақ  әлі  ауруханада. Поезд перронға таянды. Екі көзім әлі тыста, перронда. Сеңдей соғылысқан халық. Алақтаған көпшілік. Гүл құшақтаған қыз бен жігіттер... Мені күтіп алар бір жан шыққан жоқ. Кім шықпақ?! Жалғыз Кенжебек қана еді. Ол болса ауруханада жатыр...Поездан түсісімен жатақханаға  келдім.  Чемоданымды тастап ауруханаға тартамын енді. Ең әуелі Кенжебектің халін білуім керек.

Жатақханаға кіре берістегі үлкен стол үстінде хаттар қобыраған күзгі жапырақтай төсек болып жатыр. Ауылдан келген хат болса ала кетейін деп соған бұрылдым. Ойлағанымдай-ақ менің атыма екі-үш хат бар екен.

Бәрі  таныс  қолдар. Мынасы қарындасымнан. Ау, мына  біреуі Кенжебектің қолы ғой. Көзіме оттай басылды. Алып жатып қолым дірілдеп кетті.

Бөлмеме кірісімен  әуелі  Кенжебектің хатын  ашып  оқыдым. «...Досым Ақан» деп бастапты хатын.

«...Қайда жүрсің, қалқанқұлағым-ау, бармысың осынау дүниеде? Тірісің бе? Командировкадан әлі келе алмай жүрсің бе? Әлде келсең де оны-мұныдан қолың тимей жүр ме?

Әншейін сағынған соң жазған назым ғой бұл, Ақаным. Ауылда жүріп  ат ізін  салмай  не болыпты  саған.  Бірақ пендешілік,  кейде күдіктенеді екенсің. Ұмытпасам командировкаңның бітер кезі жетті. Оралғанда өзім  күтіп ала  алмағанмен хатым алдыңнан шығып тұрсын деп әдейі жазып отырмын.

Тәуірмін қазір.  Аяғыма  міндім. Палата  іші  ғана емес, дәрігерлердің рұқсатымен аулаға да шығып қоям. Үміт оты қайта жанды...Қатты  сағындым.  «Ақ қайың»  әні  менің ермегім,  сендерді сағынсам соны айтамын. Біздің терезе алдында биік қайың бар, сен өмір бойы ғашық болатын қайың, сырласатын ақ қайың. Ғажап ағаш қой шіркін, ақ қайың! Қазір оның тіліне мен де түсінетін, оңаша түнде сырласатын болып жүрмін.  Бірақ  тағдыр менше  сырласуды  саған жазбасын...Құралай да көптен бері соққан жоқ. Әлде ауылға кетіп қалды ма? Әлде емтиханның әлегі ме? Әйтеуір соқпайды. Себебін аяғың жететін сен білмесең, қанаты  қырқылып  ауруханада жатқан  мен  біле алмадым?! Досың Кенжебек».

Басқа хаттарды  ашқаным  жоқ. Стол  үстіне  лақтырып тастай салдым да, көшеге шықтым қайтадан.

Қайдасың Құралай? Не болды саған, Құралай! «...Себебін  аяғың жететін  сен  білмесең?!» Әй  Кенжебек, Кенжебек...  Мені Алматыға  әлдеқашан  келіп Құралаймен қолтықтасып қыдырып жүр дегені ғой. Менің жанымды әлі түсінбейді екен. Бір кездегі дос көкірегіндегі бықсыған күдік енді қызғаныш өртіне айналыпты.

Арада хабарсыз жүрген айлар жатыр... Қам көңіл, құса  жүрек не  ойлатпайды.  Бірақ, не  болғанда  да Кенжебекті кінәлауға дәтім бармайды...

Менің  қазіргі  бар ашуым  Құралай  үстінде. Гоголь  көшесімен асығып келем. Құралайға жолыққалы келем. Осыдан бір-екі ай бұрын бұлай қарай баспайтын аяғым сайдан-сайға тиер емес. Өмірде маған бітіп көрмеген  бір  батылдық екі  қолтығымнан  көтергендей ұшып келем. Кенжебекке соқпай жүргені одан күдер үзгені ме екен? Бірақ, мен білетін Құралай ондай дәйексіз қыз сияқты емес еді ғой. Осындай кезде жалт беріп, тайқып шыға келу қандай сұмдық?! Жоқ, басқа бір себеп бар шығар әлде де. Әй, бір жарым ай бойы...Мен Құралайдан  түңіліп  те қоямын.  Алдымен  Кенжебекке бармай, Құралайға келе жатқаным да сондықтан. Күдік пен сенім жарыса мазалайды мені.  Анығына  жетпей тыншыр  емес  көңілім. Менің  қиялымдағы Құралай,  сонау  кезде ақ  қайыңдай  арманым болған Құралай екі жүзді, алдамшы жан боп шықса, қайтермін?! Сол оймен жаным ауырады.

Күн  тас  төбеде. Күйіп  тұр.  Қапырық ауа  ашу  тарылтқан тынысымды одан бетер буып, өкпемді сығып келеді. Маңдайымнан шып-шып шыққан терді әлсін-әлі сүртемін.

Есік қақтым. Толқыған көңіл әсерімен өзімді билей алмай қалдым ба?  Қаттырақ  ұрып жіберіппін.

Біреу іштен  атқып шыға  келді. Құралай.

— Ақанбысыз?! Сәләмәтсіз бе?! Қол алысып амандастық. Дәліз ішінің күңгірттігінен бе, жоқ, өзі жүдеген бе, қара торы өңі солғын көрінді. Жұмсақ үнмен жұмсақ алақан алабұртқан жүрек толқынын бір сәт саябыр  таптырғандай болды да, өзімді өзім билеп алдым,

Ол келгеніме қуанып қалды.

— Шынымен біркелмей кетер ме екен деп жүр едім.

— Күдер үзіп пе едіңіз бізден?

Есіктің аузында  тұрып  қалғанымызды енді  ғана  аңғарғандай Құралай ішке шақырды.

— Жоқ, рақмет, асығыспын.

— Ауылдасыз ба? Көрінбейсіз.

— Қыз үні кінәлағандай шықты.

— Поездан жаңа түстім. Командировкадан келемін.

— Осы  түскен  бетіңіз бе? — Құралай  жүзінде  қуаныш елп еткендей.

— Кенжебекке енді соғамын, — дедім Құралай жүзіне тіктеле қарап.

— Әуелі сізге келдім. Тәуір ме, қалай екен Кенжебек.

— Тәуір... — деді ол үні бәсең, түсі құбыла түсіп. Жүрегім аузыма тығылды. Алдап тұр. Алдағысы келеді мені. Кеше ғана Кенжебекті көрмей бір күн тұра алмайтын қыз, енді атын естісе түсі бұзылады. Уа, адам жүрегі неткен опасыз едің? Не көріп тұрмын мен?

— Соңғы рет қашан бардыңыз оған?

— Көп  болды... — Құралай  үні сыбырлағандай  әзер  шықты, назарын көтермейді.

— Сабақ... Жазғы емтихан, қол тимейді.

— Оныңыз жақсы  екен, — дедім  мен кекете  күліп, — жақсы екен. —Бір  сөзді қайта-қайта шегелеумен қызды қинай түскеніме рахаттанып қалғандаймын...

— Мен қазір ауруханаға бара жатырмын. Барасыз ба, Кенжебекке?

— Барайын... — Құралай менің бетіме әлі де қарай алмады. Мен — алда.  Құралай  соңымда, жуас  тайлақтай  үнсіз еріп  келеді.  Біз Кенжебек ауруханаға  алынған  күндегідей жол  бойы  бір ауыз  тіл қатыспадық.

Алматы аспанының мінезі қызық, бір үйдің ерке шорасындай шолжаң.  Әлгінде  ап-ашық еді,  лезде  ала бұлттаныпты.  Қапырық қабына түскен. Жүрегім қысылғандай лоблиды.

Беймаза, быж-тыж күй.

Ертерек келген екенбіз. Аурулардың тынығатын сағаты әлі біте қоймапты. Кезекші сестра көген көзқара қыз ішке жібермек түгіл сыртқа шақыруға да көнер емес.

— Енді жарты сағат. Оған шейін...

— Терезеден барсақ қайтеді? — дедім Құралайға. Көзіне көзім түсіп кетті. Мұңмен кіреукеленген үлкен кезін кең аша бір қарады да, мақұлдағандай жаймен ғана бас изеді.

Кенжебек жатқан палатаның терезесі ауланың ішкі жағын-да еді. Аула  есігінен  ішке кіріп  бұйра  теректердің арасымен  терезеге жақындадық.

Шалқасынан ашып  тасталған  терезеге таяна  бергенімізде әлдекімнің баяу ыңылдаған дауысы шалынды құлаққа. Біреу ән салып жатыр. Таныс ән, таныс әуен. Ау, даусы таныс қой, Кенжебек қой, мынау ән салып жатқан...Біз қалт тұрып қалдық. Кенжебектің қоңыр даусы. Бұрынғыдай емес, бәсең, әлсіз. ЬІңылдап айтқанмен сөздері ап-анық естіліп тұр.

Сырға толы әнің келді кұлаққа, 

Сүйген жүрек жатыр естіп жырақта. 

Махаббатта қуаныш бар, бақыт бар. 

Жаңсақ кетіп жарға соқпа бірақ та.

Ән  таныс  болғанмен, сөзі  басқа.  Шамасы Кенжебектің  жаңа жазған өлеңі ғой. Өз сыры, өз мұңы ғой мынау... Менің төбе құйқам шымырлап  қоя  берді.  Ән осымен  тынған  шығар деп  едім.  Олай болмады. Тағы да ән қанаты мертіккен қырандай жайлап:

Тартты мені өз көңілің, мінезің 

Кеудемдегі жүрек өзің, гүл өзің. 

Құралай қыз, атыңды әнге қосамын, 

Асылым да, арманым да бір өзің.

Құралайдың атын қосыпты. Бұрын бұл да жоқ еді. Құралай!.. Кенжебектің  жүрек  тынысын есітіп  тұрсың  ба, Құралай?..  Кенет көзіме жас толып қыз жүзіне жалт қарадым. Құралай терезе түбіндегі сұлу ақ қайыңға сүйеніп тұрып қалыпты. Қансыз боп-боз жүзін ағыл-тегіл жас жуып барады. Құралай жылап тұр.

Менің де көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan