Наурыз – қазақ халқының ең көне әрі ең қастерлі мерекелерінің бірі. ХХ ғасырдың басында кеңестік кері саясаттың салдарынан бұл мерекені атап өтуге қатаң тыйым салынып, ол 1926 жылдан кейін халық өмірінен толықтай аластатылған еді. Қайыра айтайық, 1926 жылдан бастап Кеңес өкіметі Наурыз мерекесін атап өтуге ресми түрде тыйым салды. Оған «діни мейрам»,«ескіліктің сарқыншағы» деген секілді небір жалған айыптар тағылды. Соның салдарынан бұл мейрам ел жадынан ептеп ұмыт бола бастады. Осылайша, ұзақ уақыт бойы ұмыт болған бұл мейрам тек 1988 жылы ғана қазақ топырағында қайтадан жаңғырып, араға алпыс екі жыл салып барып әрең оралды.
Әрине, жеңіл орала салған жоқ. Ол үшін біршама еңбектер жасалды. Тұлғалар тарапынан тер төгілді. Бәріңіз білесіздер, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халықтың рухына ауыр соққы болып тиді. Үш күнге созылған жастар көтерілісі елдің еркіндікке деген ерекше ұмтылысын көрсеткенімен, бұл қарсылық жоғары билік тарапынан аяусыз басып-жанышталды. Осы оқиғадан кейін халықтың еңсесі түсіп, ұлттық рух пәс тартқандай ауыр ақуал орынады. Дәл осындай кезеңде ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қаламгер «Наурызды тойлайық, ағаш отырғызайық» деген тосын үндеу жариялады. Бұл үндеу ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртуға деген ерекше бастама болып, халық тарапынан жаппай қолдауға ие болды. Сол кезде наурызтанушы ғалым Тоқтасын Өмірзақ «Ұлыстың ұлы күні» деген ғылыми әрі танымдық мақаласын 1988 жылы «Горизонт» және «Өркен» газеттерінде арнайы жариялады. Наурыз тақырыбына түрткі болған осы жайт кейін келе Алматы қалалық атқару комитетінде арнайы жиынның өтуіне де себеп болды. Жиынға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Наурыз мерекесін қайта жаңғырту мәселесін талқылады. Олардың қатарында Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Мардан Байділдаев іспетті белді ғалымдар болған еді. Олар бұл бастаманы қызу талқылап, Наурызды қайта тойлау қажеттігін дәлелдеді. Осылайша жиында Тоқтасын Өмірзақтың қос газетте жарияланған жазбасы себеп болып, 1988 жылдың 22 сәуірінде Алматы қаласының Калинин ауданында тұңғыш рет Наурыз мерекесі ресми түрде тойланды. Кейін бұл мереке жыл сайын дәстүрлі түрде сабақтастық алып, 1991 жылы Қазақстанда ұлттық мереке ретінде жарияланды.

Наурыздың тарихы мен танымы
Енді осы орайда наурыздың тарихы мен танымдық мәніне аз ғана тоқтала кетсек. Көне тарихи деректерге сүйенсек, Ефрат пен Тигр өзендерінің бойында ірі екі мемлекет – Вавилония мен Ассирия атты қос ел өмір сүрген екен. Вавилония халқы тарихта көбіне «халдейлер» деген атаумен белгілі болған. Халдейлердің мәдениеті мен ғылымы сол кезеңдегі ең дамыған өркениеттердің бірі ретінде саналған. Әсіресе астрономия ғылымы ерекше дамыған көрінеді. Ең ірі жетістігінің бірі уақытты дәл есептейтін ғажайып күнтізбесі еді. Олардың күнтізбесі негізінен Ай қозғалысына негізделген. Бір жылы он екі айдан тұрған, ал әр айдың ұзақтығы 28, 29 немесе 30 күн болып саналған. Кейбір жылдары есепке кірмей қалған күндер қосымша ай ретінде қарастырылып, оны он үшінші ай ретінде есептеген. Осылайша жыл санау жүйесі табиғат құбылыстарымен тығыз байланыста жүргізіліп отырған. Кейбір зерттеушілер қазақ халқының халықтық күнтізбесі мен байырғы халдейлік уақыт есебі арасында белгілі бір сабақтастық бар екенін айтады. Мұның басты себебі – ежелгі дәуірде бұл өңір халықтарының байырғы түркі тайпаларымен мәдени әрі шаруашылық байланыста болғандығында еді. Мұндағы табиғат құбылыстарын бақылауға негізделген уақыт өлшеу тәсілдері көшпелі халықтардың өмір салтына да сәйкес келген. Халдейлер жаңа жылды күн мен түн теңелген сәттен бастап есептеген. Бұл уақыт табиғаттың жаңарып, жаңа тіршілік кезеңінің басталуын білдіреді. Кейінірек біздің заманымызға дейінгі 558 жылы ежелгі парсылар Кенгерлер мен Халдейлердің жерін жаулап алғаннан кейін олардың күнтізбесін қабылдаған. Осы кезеңнен бастап көктемгі жаңа жыл мерекесі парсы мәдениетінде де кең тарала бастаған. Жыл басын білдіретін «жаңа күн» ұғымы халдей тілінен парсы тіліне аударылып, «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген сөздерден құралған. Осылайша «Наурыз» атауы дүниеге кеген. Кейін келе бұл уақыт есебі мен атау рим-латын тілдеріне аударылып, Еуропа елдеріне тарады. Уақытты есептеу жүйесі «календарь» деген атаумен әлемге белгілі болды. Осы календарь (күнтізбе) дегеннен шығады ғой. Алғашқы күнтізбеге қатысты алуан пікірлер көп. Айталық, кейбір зерттеушілер жер бетіндегі ең алғашқы күнтізбе жүйесі ежелгі Мысырда пайда болған, ол Сүмбіле жұлдызының тууы мен Ніл өзенінің тасу кезеңін бақылау арқылы жасалған дегенді де алға тартады.
Енді мынаған келейік. Ежелгі Шумер халқының атауы туралы да қызықты ғылыми пікірлер бар. Белгілі неміс ғалымы, шумеролог Адам Фалькенштейн шумерлердің атауы кейінгі аккад тілінде өзгеріске ұшырағанын дәлелдеген. Оның пікірінше, шумерлер өздерін «Кенгер» деп те атаған. Бұл атаудың түркі дүниесімен байланысы болуы мүмкін деген де жорамалдар мол ұшырасады. Мысалы, Қазақстанның Қаратау өңірі мен Сырдария бойын мекендеген көне Қаңғар тайпаларының атауы, сондай-ақ Орталық Қазақстандағы Кенгір өзенінің атауы осы көне этнонимдермен үндеседі. Сонымен қатар қазақ арасында кездесетін Кеңгірбай, Сеңгірбай сияқты адам есімдері де бұл атаулармен тарихи үндестік танытуы жайдан-жай емес деген пікірлер де ғалымдар арасында айтылып қалады. Кейбір зерттеушілер мұндай ұқсастықтарды ежелгі халықтар арасындағы мәдени байланыстардың белгісі ретінде де қарастырып жатады. Бұдан бөлек, аспан әлеміндегі жұлдыздардың қозғалысына негізделген уақыт есептеу жүйесі де бұл халықтардың дүниетанымында белгілі бір ортақтық болғанын көрсетеді.
Бұл мәселеге қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан да назар аударған. Ол өз еңбектерінде көне халықтардың мәдени байланыстары туралы айта келіп, жаңа жыл мерекесінің тарихи тамыры тым тереңде жатқанын атап өтеді. Осы деректерге сүйене отырып, кейбір ғалымдар Наурыз мерекесі тек Иран мәдениетінен тараған дәстүр емес, керісінше одан әлдеқайда ертерек қалыптасқан өркениеттік құбылыс деген пікірді айтады. Яғни бұл мереке халдейлер мен кенгерлер сияқты ежелгі халықтардың мәдени мұрасы ретінде кейінен парсыларға өткен. Біз бұдан ежелгі халдейлік күнтізбенің Иранға еш қатысы жоқ екендігін көреміз.
Жалпы көне, көп мәселені Иранмен байланыстырып жүрген мәселеге қатысты тарихшы Жамбыл Артықбаев былай дейді. «Біріншіден, Парсы (фарс) Ирандағы 31 уалайаттың бірі. Парсы тілі біздің жыл санауға дейінгі ІІ мыңжылдықта өлген. Оның орнын солтүстіктен, соның ішінде Арқа мен Түркістаннан келген ариан (иран тілі) басқан. Яғни «парсы» деп сөйлеудің өзі қате. Парсылар бар, әрине, көбінесе жабық, дүмше, діндар, сиқырға сенетін қауымдар (Иранның кейде мемлекетінің атын ауыстыратыны да солардың ықпалы, мына моллакратия да солардың әсері). Парсының өз тілі баяғыда жойылып кеткен себепті одан қазақ тіліне сөз кіруі мүмкін емес.
Екіншіден, қазақ тілінде иран сөздеріне ұқсас, мағыналас сөздер бар, оны мойындау керек. Неге десеңіз иран (ариандардың) түп негізі біздің жерде. Иран-Тұран болғанбыз, қазақ Жәмшид патшаның заманы дейді. Одан Афрасияб-Қара хан тағы басқа көп әңгімелер бар. Сол заманнан қалған ортақ сөздер көп. Мысалы, Құдайды сіз Құдай дейсіз, саха да, иран да -Құдай дейді. Енді осы Құдайды кім кімнен алды? Сіз Наурыз дейсіз, Иран да, чуваш та Наурыз дейді...» деген пікірді алға тартады.
Сонымен, қазақ тілінде бұл мереке екі түрлі атаумен ел санасына орыныққан. «Наурыз» және «Ұлыстың ұлы күні». Бұл атаулардың бәрі айналып келгенде бір-бірімен мағыналас болып, жаңа жылдың басталуын білдіреді.
Сөз жоқ, халқымыздың мәдениеті мен рухани өмірінде ерекше орын алатын мерекелердің бірі осы Наурыз мейрамы. Бұл күн табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің қайта жандануын білдіретін ерекше кезең ретінде бағаланады. Наурыз – тек көктемнің келуін білдіретін табиғи құбылыс емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі, тарихи жадын сақтап келген маңызды мәдени құбылыстың бірі.

Сондықтан да қазақ халқы бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Жоғарыда айттық. Наурыз мейрамы адамзат өркениетінің ең көне дәстүрлерінің бірі. Оның тарихы мыңдаған жылдарға барып тіреледі. Күн мен түннің теңелуі, табиғаттың қайта жандануы, жердің көктеп, малдың төлдеуі – осының барлығы халықтың жаңа жылдың басталуын дәл осы уақытпен байланыстыруына негіз болды. Ежелгі халықтар уақытты есептеу үшін мынадай бірнеше түрлі күнтізбелерді пайдаланған. Ғалымдардың айтуынша, әлемде мынадай үш негізгі күнтізбе жүйесі болған:
Күн күнтізбесі
Ай күнтізбесі
Жұлдыз күнтізбесі
Күн күнтізбесі Жердің Күнді айналу қозғалысына негізделген. Ай күнтізбесі Ай фазаларына байланысты қалыптасқан. Ал жұлдыз күнтізбесі аспандағы жұлдыздардың қозғалысын бақылау арқылы жасалған. Көшпелі халықтар көбінесе жұлдыздар қозғалысына сүйенген. Олар Сүмбіле сияқты жұлдыздардың тууы мен батуын бақылап отырған. Түркі халықтары табиғат құбылыстарын ерекше қастерлеген. Күн мен Ай, жұлдыздар қозғалысы олардың өмір салтында маңызды рөл атқарған. Көшпелі халықтардың күнтізбесі табиғат заңдылықтарына негізделген. Сондықтан күн мен түн теңелген уақыт – табиғаттың жаңа кезеңге өтуін білдіретін ерекше сәт ретінде қабылдаған.
Көшпелі халықтардың өмір салты табиғатпен тығыз байланысты болғандықтан, көктемгі жаңару кезеңі олардың тұрмысында ерекше маңызға ие болды. Осы жағынан келсек, наурыз мейрамы – тек қазақ халқына ғана емес, көптеген халықтарға ортақ көне дәстүр. Мысалы көптеген елдерде Наурызға ұқсас мерекелер болған. Мәселен, ежелгі гректер оны «Патрих», тәжіктер «Гүл гардон» немесе «Гүлнаурыз» десе, татарлар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», ал чуваштар «Норис ояхе» деп атаған.
Бұл деректер Наурыздың адамзат өркениетіндегі орны ерекше екенін көрсетеді. Сол секілді ежелгі замандарда көптеген халықтар жаңа жылды наурыз айында бастаған. Кейін христиандық күнтізбенің енгізілуіне байланысты Еуропа елдерінде жаңа жыл 1 қаңтарға ауыстырылды. Мысалы, Ежелгі Римде жаңа жыл наурыз айында, ал Еврей халықтары жаңа жылды көктемгі кезеңнен кейін бастаған. Англия елінде XVIII ғасырдың басына дейін жаңа жыл 26 наурыздан басталған. Кейін христиан дінінің таралуымен бірге жаңа жылды қаңтар айының бірінші күнінен бастау дәстүрі қалыптасты. Ресейде бұл өзгеріс XVII ғасырдың соңында жүзеге асты.
1699 жылы Ресей патшасы І Петр жаңа жылды 1 қаңтардан бастап тойлау туралы жарлық шығарды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі парсылар халдейлерді жаулап алғаннан кейін олардың уақыт есептеу жүйесін қабылдап қана қоймай, оны белгілі бір дәрежеде діни сипаттағы мерекеге айналдырған. Ол кезеңде парсылардың негізгі дүниетанымы отқа табынушылықпен тығыз байланысты болған. Сондықтан жыл басын қарсы алу рәсімдері де көбінесе от культімен сабақтас жүргізілген. Осы себепті Наурыз мейрамы алғашқы кезеңде табиғи жаңа жылдың басталуынан гөрі діни рәсімдерге көбірек ұқсап кеткен. Уақыт өте келе бұл мереке түрлі халықтардың мәдениеті мен дүниетанымдық жүйелерімен толығып, көптеген діни және мифологиялық элементтерді бойына сіңірді. Соның нәтижесінде Наурыз мейрамы бірнеше түрлі наным-сенімдердің синтезі ретінде қалыптасты. Мысалы, үй аластау, отқа май құю, от арқылы тазарту сияқты рәсімдер парсы халықтарының отқа табынушылық дәстүрлерінен келген. Ал Ай мен Күнге табыну, ақ шашу немесе су бүрку сияқты ырымдар шамандық дүниетанымның белгілері болса, Ұмай ана, Үтбикеш сияқты мифологиялық ұғымдар түркі халықтарының тәңірлік сенімдерімен тығыз байланысты. Ал бақсы-балгерлік дәстүрлердің кейбір элементтері орта ғасырлардағы тарихи кезеңдермен байланыстырылады. Кейбір зерттеушілер бұл үрдістердің белгілі бір бөлігі Шыңғыс хан дәуіріне тиесілі екендігін айтады.
Қазақ мәдениетінде Наурызға қатысты аңыз-әфсаналар негізінде қалыптасқан басты бейнелердің бірі – Қыдыр ата. Халық сенімі бойынша, наурыздың жиырма бірінен жиырма екісіне қараған түні даланы Қыдыр ата аралайды екен. Сондықтан бұл түн «Қыдыр түні» деп аталады.
Қыдыр ата – адамдарға бақ-береке әкелетін, көбіне ақсақал бейнесінде көрінетін мифологиялық тұлға. Аңыздарға қарағанда, ол жер жүзін аралап жүріп, ізгі ниетті адамдарға игілік дарытады. Кейбір халықтық әңгімелерде Қыдыр атаның назары түскен жерге береке қонып, тіпті тастың өзі еріп кетеді деп айтылады. Халықтық түсінік бойынша, Қыдыр ата әрбір адамға өмірінде үш рет кездесу мүмкіндігі беріледі. Ол кейде қарапайым қайыршы немесе қария кейпінде көрінуі мүмкін. Сондықтан адамдар кез келген адамға құрметпен қарап, мейірімді болуға тырысқан.
Қыдыр ата туралы түсініктер ислам мәдениеті арқылы да кең таралған. Бұл атау көбіне «Нұр», «Қызыр ата», «Қызыр түні», «Қызыр қамшысы» сияқты ұғымдармен байланысты қолданылады. Ислам дәстүрінде Қызыр кейде Ілияс пайғамбар есімімен қатар аталады. Құран мәтіндерінде Қызыр туралы бірнеше деректер кездеседі.
Кейін қазақ топырағында ислам діні таралғаннан кейін бұл мереке жаңа мазмұнмен толықты.
Сонымен осы ойлардан түйін жасар болсақ, наурыздың бір ғана танымдық мәні бар. Ол – барлығын біріктіретін ортақ идея ретінде табиғаттың жаңаруы мен жаңа жылдың басталуы еді. Көптеген халықтарда бұл мереке түрлі салт-дәстүрлермен бірге атап өтілген. Мысалы, кей елдерде адамдар от жағып, оның үстінен секірген. Бұл – тазалық пен жаңарудың белгісі деп есептелген. Басқа елдерде адамдар бір-біріне гүл сыйлап, жаңа киім киіп, мерекелік дастархан жайған.
Ал қазақ халқы үшін наурыз – тек жыл басы ғана емес, ізгілік пен жаңару мерекесі. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, ақ тілектерін айтады. Қариялар жастарға бата беріп, ренжіскен адамдар татуласады. Бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызу дәстүрі де осы күнмен тікелей байланысты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз де осы дәстүрдің мәнін білдіреді. Сондай-ақ бұл күні мұқтаж адамдарға көмектесу, жетім-жесірге қамқорлық көрсету, ағайын-туыстың арасын жарастыру секілді ізгі істер жасалған. Осындай салт-жоралғылар Наурыздың тек табиғаттың жаңаруын ғана емес, адам жанының да жаңаруын білдіретін мереке екенін дәлелдейді.
Бұл күні адамдар таңертең ерте тұрып, бір-бірімен көріседі. Көрісу – қазақ мәдениетінің маңызды дәстүрлерінің бірі. Адамдар бір-біріне құшақтасып амандасып, жылы лебіздерін білдіреді.
– «Ұлыс бақты болсын!»
– «Төрт түлік ақты болсын!»
– «Пәле-жала жерге енсін!» деп біріне бірі ақжолтай тілек айтқан.
Халық арасында «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген сөз бар. Бұл сөз осы күннің кешірім мен бірлік күні екенін көрсетеді. Бүгінде Наурыз мейрамы елімізде кеңінен тойланып, ұлттық мәдениеттің маңызды белгісіне айналды. Бұл мереке халықты бірлікке, татулыққа, мейірімділікке шақырады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні – өткен тарихымызды еске түсіріп қана қоймай, ұлттық рухымызды жаңғыртатын ерекше мереке екендігі анық.

Осы орайда мынабір дүниені айырықша айта кетсем деймін.
Халық түсінігінде бұл мейрам тек табиғаттың жаңаруын ғана білдірмей, қоғамдағы үйлесім мен теңдіктің негізі ретінде қабылдаған.
Ежелгі аңыздарда айтылғандай, дәл осы күні «хан мен қара теңеледі» деген түсінік қалыптасқан. Бұл сөз билік басындағылар мен қарапайым халық арасында уақытша болса да әлеуметтік айырмашылық жойылып, бәрі бірдей мерекелік көңіл күйге бөленеді дегенді ишараласа керек.
Сонымен қатар Наурыз мерекесінде халықтың айтқан өтініші мен тілегі де билік тарапынан еш ескерусіз қалмаған. Қарапайым халықтың даты мен шағымдары мереке күні ерекше назарға алынып, хан оларды кері қайтармай тыңдаған деген де мәліметтер бар.
Мұны арнайы айтып отырғанымыз, «Хан мен қара теңелген» тұсты біз де пайдалана отырып ел тізгінін ұстаған ел Президентіне мынадай наз айтсақ па дейміз. Қашанда сөзге қонақ берген, сөз құнын өз құным деп түсінетін халықтың ұрпағымыз ғой. Сондықтан бұл тілегімнің ешбір әбестігі жоқ деген пікірдемін.
Біздің сізге айтпақ ақжолтай тілегіміз мынау ғана. Ұлыстың ұлы күнін тура жаңа жылды қарсы алатынымыздай, (наурыздың жиырма бірінен жиырма екісіне қарағын түні) қолыңызға шара толы қымыз алып, қараша халқыңызды жыл басымен құттықтасаңыз екен дейміз. Осыны жыл сайын дәстүрге айналдырсаңыз нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл ел бірлігі үшін де, әрі Әз наурыз мейрамына ерекше әр беретін игі бастама болар еді. Ендеше, табалдырығымызды аттаған жылқы жылы баршамызға құтты болып, еліміз аман, егемендігіміз мәңгі баянды болсын дейміз!
