«Мысалы, мен Нобель сыйлығын алдым, ал бірақ содан не өзгерді?»
«Жабайы шалқан»
Жозе Сарамаго деген Нобель сыйлығын алған португалдық жазушының өмірбаяны қызық екен. Кілең бір кездейсоқтықтан тұратындай. О баста фамилиясы Жозе де Соуза болуы керек екен, бірақ Сарамаго болып кетіпті. Бұл сөз португал тілінен аударғанда «жабайы шалқан» деген мағына береді дейді. Қиын-қыстау кезеңдерде кедейлер осы көкөністі талғажау қылып күнелткен көрінеді. Неге екенін, Жозенің әкесінің әулетін де деревняда осылай атап кетіпті. Содан бір күні кедей шаңырақта тағы бір бала дүниеге келгенде, сол жердегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ерігіп отырған қызметкері баланың құжатына Сарамаго деп осы лақап атты жазып жіберіпті. Тіпті ол үшін ата-анасының рұқсатын да алмаған. Жозе мектепке барғанда ғана өзінің «Жабайы шалқан» екенін білген. Сөйтіп, солай қала береді.
«Бұл дүниеге айтар ештеңем жоқ» деп 19 жыл жазбаған
Бұл кісі жазушылыққа жеткенше механик болады, сызбашы, аудармашы, журналист болып жұмыс істейді. Алғашқы романын 1947 жылы жазады. Оны қазақшаға аударсақ «Күнәлі жер» деп аталады. Сосын 19-20 жыл бойына «бұл дүниеге айтар ештеңем жоқ» деп үнсіз қалған. Осы жылдары қаншама көп дүниені аударады, оның ішінде Гегельді аударады, Мопассанды, Бодлерді, Толстойды (французшадан) Кейін әдебиетке қайтып оралғанда ақын болып келеді. Ол жинақтарының аты да қызық екен өзі, біреуі «Возможные стихи», екіншісі «Вероятно, радость». Одан кейін португалдық диктатураға қатысты хроникалар жинағын шығарады. Сөйтіп жүргенде 1975 жылы қарашада Португалияда саяси оқиға болады, Сарамаго өзінің коммунистік көзқарасына байланысты сол елдегі ірі басылымның бас редакторлығының орындасарлығынан қуылады. Осы оқиға оның жазушылыққа бет бұруына әсер етеді.
Ақыры жұмыс жоқ, жазушы келесі кітабына материал жинақтау үшін Лавре деген деревняға барады. Бақылайды, сұрайды, көп тыңдайды. Сөйтіп «Жерден көтерілген» деген роман жазады. Жермен айналысатын португалдық Алентежу провинциясы туралы роман осылай жазылады. Сарамаго осы романнан бастап ешкім қайталамайтын, бірден танылатын стилін табады. Онда тырнақша да, сұрау бегісі, леп белгісі дегендер жоқ, шұбатылған ұзын сөйлемдер арқылы әңгімелеуші мен кейіпкерлері бір арнаға тоғысып, тап осы қазір айтылып жатқан ауызекі әңгіме сияқтанып, көп адамның даусынестіліп тұрғандай болады екен.
Алпыс жасында барып танылған
Сөйтіп жүріп алпысқа таяйды. Алпысқа келген шағында «Монастырь туралы естелік» деген роман жазып, айды аспанға бір-ақ шығарады. Әдеби ортада кеңінен таныла бастайды. Содан кейін тоқтамайды. «Иисустың Евангелиесі» деген романы шыққаннан кейін (1991 ж.) шу болады. Ол романда Христің өміріне өзгеше көзқарас бар болып шығады да, Португалия үкіметі католиктік ортаның қарсылығына байланысты кітапты Еуропалық әдеби сыйлыққа үміткерлер тізімінен алып тастайды. Сарамаго бұған қарсылық білдіріп, 1993 жылы әйелімен бірге Испанияның Канар аралдарындағы Лансароте аралына көшіп кетеді. Өмірінің соңына дейін сонда тұрады.
Нобель алып тұрып атасын есіне алған
Айтпақшы, Нобель сыйлығын алған кезде жазушылар баяндама жасайды екен ғой. Сарамаго 1998 жылы Нобель алған кездегі баяндамасында нағашы атасын ерекше атап өтіпті. Оқу мен жазуды білмейтін атасын өмірінде кездестірген ең дана адам деп есептейтінін айтқан.
Олай дейтіні, Жозенің ата-анасы 1924 жылы Лиссабонға көшіп келеді. Отбасы біраз уақыт жалдамалы бөлмелерде тұрып, тұрмыс тауқыметін тартады. Жазғы демалыстарда Жозе туған ауылы Азиньягаға, нағашы атасы мен әжесінің қасына баратын. Кейін жазушы сол ауылдағы күндерін балалық шағының ең бақытты сәттері ретінде еске алған. Ағаш жарып, жер өңдеуге көмектесіп, атасының жанында жүріп, оның әңгімелерін тыңдаған. Оқу мен жазуды білмесе де, атасы Жерониму немересіне өмір туралы көп нәрсе үйреткен. Сарамагоның Нобель сыйлығын алған кездегі баяндамасында атасына ерекше орын беруі де содан болса керек.
Кітапты көзін жұмып таңдаған
Жозе мектепте жақсы оқығанымен, ата-анасының қаржылық жағдайына байланысты орта білімін жалғастыра алмайды. Сөйтіп, кәсіби-техникалық мектепке түсіп, бес жыл бойы механик мамандығын меңгереді. Кейін екі жылдай автокөлік жөндеу шеберханасында жұмыс істейді. Сол жылдары Лиссабондағы қоғамдық кітапханаға кешкісін барып, кітап оқуды әдетке айналдырады. Оның кітап таңдағаны да қызық екен, кітап сөрелеріндегі кітапты көзін жұмып таңдайтын болған. Қолына не ілігеді, соны оқиды. Сол кезде жаңа бір жерді ашқан теңіз саяхатшысы сияқты сезімде болады екен. Осылай өз білімін өзі жеьілдіргеннің арқасында жан-жақты білім алады.
Романдағы сүйікті кейіпкері – ит
«Соқырлық» романын антиутопияны жақсы көретіндер жақсы қабылдауы мүмкін. Өзіме оқырман ретінде қиындау болғаныцн жасырмаймын. Оқи бастағанда бірінші байқайтыныңыз - жазуы өзгеше екен. Стильдік жағы ғана емес, жалпы сөйлем құрауы да бөлек. Мысалы, азат жол жоқ, диалогтардың алдында сызықша деген жоқ. Үтір қояды да, бас әріппен жалғастыра береді. Сөйлемдері ұзыннан-ұзақ. Ол кейіпкерлердің сөзін авторлық баяндаумен араластырып жібереді. Оны өзі «бұл мәтін ауызекі әңгімеге ұқсап, оқырманды шығарманың ырғағына жетелейді» деп түсіндіреді екен.
«Біз кімбіз? Неліктен дәл осындаймыз?» деген адамзат үшін маңызды сауалдарға жауап іздеген жазушы бұл шығармасында адамдардың барлығы бір мезетте көрмей соқыр болып қалса мына дүние не боар еді, қандай күйге түсер еді деген ой тастайды. Қорқынышты дерт ақырында емделгенімен, бір-бірін көрмейтін, бір-бірін байқамайтын адамдар өмір сүретін алып қала бұрынғы орнында қала береді. Оның қойнауында көзге көрінбейтін, бірақ үнемі төніп тұратын қауіп бар. Сарамаго бұл романын өзінің ең сәтті шығармаларының бірі деп санаған. Тіпті бір сұхбатында кейіпкерлерінің барлығы ұмытылып, олардың арасынан біреуін ғана сақтап қалуға мүмкіндік берілсе, ол жерден көтерілген Жоана Мау-Темпуды да, көріпкел Блимунданы да емес, көз жасын жалаған итті таңдар едім деген. Романдағы бір эпизодта болған жағдайдың сұмдығын жалғыз өзі ғана көріп жүрген басты кейіпкер әйел бар үмітінен айырылып, шарасыз күйге түскенде жанына бір ит келіп, оның бетіне сорғалаған көз жасын жалап жұбатады. Бұл ит - тұла бойы мейірім мен жанашырлыққа толы тіршілік иесі.
«Мен данышпан емеспін, тек өз жұмысымды атқарып жүрмін»,
1998 жылы Сарамаго португал жазушыларының арасынан алғаш болып, Нобель сыйлығына ие болған жалғыз қаламгер атанды. Нобель лауреаты атануы оның өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ол бес құрлықты аралап, ашық дәрістер оқыды, Еуропа мен Латын Америкасындағы бірнеше университеттің құрметті профессоры атанды. Алайда қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсіп, демалуды ойламаған, Лансаротеге оралған соң да жазуын жалғастырған. Жазушы Лиссабонда португал әдебиетін насихаттаумен қатар, адам құқықтарын қорғауды да мақсат еткен қор құрған. Дегенмен, қазіргі заманның ең ұлы португал жазушыларының бірі саналған Сарамаго өз елінде аса сүйікті тұлға бола қоймапты. Португалиялықтардың көбі оны тәкаппар әрі суық мінезді адам деп қабылдаған. Соған қарамастан, кітаптарын бәрі оқыған. Ал 1998 жылы Сарамаго Нобель сыйлығын алған кезде, отандастары бұл жетістікті зор қуанышпен қарсы алған.
Жазушы өзі туралы анау-мынау пікірге аса мән бермейтін адам болған. «Мен соншалықты жаман адам емеспін. Егер біреуге зияным тисе, ол тек тілімнен болуы мүмкін», - дейді екен ол. Өзіне көрсетілген құрмет пен берілген марапаттарға да сабырмен қарайп, «Мен данышпан емеспін, тек өз жұмысымды атқарып жүрмін», - деуі де көп нәрсені аңғартса керек. Ал қайтыс боларынан үш жыл бұрын берген тағы бір сұхбатында: «Менің бірдеңе деп шағымдануыма еш негіз жоқ, өмірде біз аса маңызды деп санайтын, бірақ шын мәнінде оған соншалықты мән берудің қажеті жоқ нәрселер көп. Мысалы, мен Нобель сыйлығын алдым, ал бірақ содан не өзгерді?» - депті. Жозе Сарамагоның денесі 19 маусымда туған еліне жеткізіліп, Лиссабонда өртеліп, жазушының қазасына байланысты Португалияда екі күндік аза тұту жарияланған. Бүгінде Сарамагоның шығармалары әлемнің қырықтан астам тіліне аударылған, соның ішінде орыс тіліне Кеңес Одағы кезінде-ақ аударыла бастаған көрінеді.
(Интернет материалдары бойынша дайындалды)
