Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан «Цифрлы дәуірдің көркем әдебиетке ықпалы» тақырыбында лекция оқыды. Бұл жолғы лекция Бөгенбай батыр даңғылындағы Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылды.
Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жиынды ашып, «Қаламгер ұстаханасы» жобасы жайлы айтып өтті. «Тағы да қайталап айта кетейін, кезінде біз көптеген ұлы қаламгерлерді жазып ала алғанымыз жоқ. Лекциялар, кездесулер болды, сұхбаттар болды, бірақ, өкінішке қарай, әдеби лекциялар жазып алмаппыз. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен біз осы лекцияларды бастап жатырмыз. Бұған дейін сегіз лекция оқылды. Бүгін біздегі тоғызыншы лекция, лектор – қазақтың көрнекті ақыны, белгілі ғалым және қаламында ешқашан жаңа трендтен қалмайтын ақын Оңайгүл Тұржан. Қазір шетелде жасанды интеллект арқылы кітап жазып, оны сатылымға шығарып, көптеген қаржы тауып отырған адамдар да бар. Бізде де салқыны сезіле бастады. Цифрлық дәуірдің көркем әдебиетке әсері жайлы тақырыптағы лекция өте қызықты болады ғой деп ойлаймыз», – деді ол.


Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан лекциясын еліміздің мемлекеттік рәмізі Елтаңбаның символдық сипатына қатысты бастады. Оның мәнісі неде екен деп отырдық. Сөйтсек, қатысушы қонақтар арасында сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков отыр екен. Оңайгүл апай сонау 1992-жылы «Жалын» журналында жұмыс істеген кезде бүгінгі Елтаңбаның алғашқы нұсқасын көрген екен. Бұл естелік лекцияның тартымдылығын күшейте түскені анық. Айтпақшы, лекцияның тыңдарман үшін қызық болған психологиялық интонациясы жайлы бір ауыз айта кетсек, Оңайгүл Ізтұрғанқызы ЖИ дамыса да, адам жазған шығарманың мәні жоғалмайды, керісінше жаңа рөлге ие болады, ал егер болашақ қоғам тек цифрлық дамумен шектелсе, онда рухсыздану қаупі бар деген ойды қызықты мысалдармен жеткізді. Оның «цифрлы ұрпақ өз талғамын жасайды, бірақ, бәрібір классикаға сүйенеді және дәстүрлі әдебиет іргетас болып қала береді, өйткені әдебиеттің архетиптері, адам табиғатын түсіндіретін іргелі мәтіндер қай кезде де, қандай жағдайда да уақыттан тыс тұрады. Қалай болғанда да адамды түсіндіретін мәтінге деген қажеттілік жоғалмауы тиіс» деген сипаттағы ойы аудиторияның басым бөлігіне жақын ой екені анық. Сонымен, енді лекцияға кезек берейік.


«Елтаңба бұл жерде – елдікті нұсқап тұрған тас-табан»
Қазір сөз қадірінен де көздің қадірі артқан заманда, яғни, визуалды қоғамның кезінде әлі де болса, сөз құнын кішірейтуге болмайды деген үлкен миссия тұр осы проектіде.
Оның да мәнісі мынада: Мысалы көлікті заводта .жасайды, жасағанда да тежегіші, двигателі немесе рулі қателеспейтіндей етіп, арнайы программамен жасайды, яғни, солға бұрам дегенде оңға бұрылып кетпейтіндей етіп жасап қояды ғой шеберлер. Ал адам олай емес қой. Міне, «баланы осылай кішкентай кезінде үйретіп жібердім, бітті, енді ол осы жолдан айнымайды, қате баспайды» дей алмаймыз.
Оның қателеспеуіне, қым-қиғаш ортада өз жолын дұрыс табуына бағдаршам болатындай әр түрлі механизмдер бар ғой.
Сондай бағдаршамның біреуі – Елтаңба.
Мысалы, Елтаңбадағы мифтік ат. 245 жобаның ішінен таңдалып алынған. 266 Жоғары Кеңес депутаттарының 237-сі Жандарбек Мәлібековке, 29 депутат Шота Уалихановқа дауыс берген екен. 1992 жылы қабылданған.
Цифрлы дәуірдің көркем әдебиетке ықпалы туралы әңгімені Елтаңбадан бастап отырғаным – мұндағы Әбіш Кекілбаев ұсынған және осылай көркем етіп өрнектеп шыққан Жандарбек ағаның түпкі ой-қиялына қандай қилы кезеңдерде Елдікті нұсқап тұратын осы тұлпардың шауып келгені анық. Бұл – тас-табан. Біздің көркем әдебиетімізге де тас-табан болып тұрған осындай архетиптер. Яғни, дәстүрлі ұстанымдар мен менталитеттік ерекшеліктер ғой.
Бір мысал. Таңертеңгілік екен дейді. Суда жүзіп келе жатқан бір үлкен балық анадай жерде топтасып кетіп бара жатқан кішкентай балықтарға қарап, «бүгін судың жағдайы қалай екен?» деп сұрапты. Сонда әлгі кішкентай балықтар бір-біріне қарап «су деген не?» депті. Екінші біреуі «мен суға барғым келеді» депті. Енді біреуі «сонда ол қай жақта?» деп сұрапты дейді. Содан әлгі үлкен балық су дегеннің не екенін түсіндірмек болады. Бірақ ол әлі күнге дейін су дегеннің не екенін кішкентайларға түсіндіре алмай жүрген көрінеді.
Сол сияқты сөзбен айтып түсіндірем десең де дәл мағынасын жеткізуге келмейтін, қолмен ұстап немесе көзбен бағдарлауға де көнбейтін бір әлем бар. Ол – рухани әлем.
Жаңағы Елтаңба – сол рухани әлемнің кішірейтілген визуалды түрі. Енді біз қазір сол рухани әлемімізді алаңдатып отырған бұрын-соңды өзіміз көрмеген бір цифрлы деген дәуірге қадам бастық.


Цифрлы аборигендер мен цифрлы иммигранттар
Марк Пренски деген америкалық ғалым қазіргі адамдарды екіге бөліп қарастырады: цифрлы аборигендер және цифрлы иммигранттар деп. Цифрлы аборигендер цифрлы технологиямен жақсы тіл табыса алатындар, яғни, олар бір-бірімен тумалас адамдардай. Ал цифрлы иммигранттар – цифрлы дәуірдің келуіне өздері себепші болғандығын әлі өздері түсінбей жүр немесе түсіндіріп бере алмай жүрген, қазір жасы 45-50-ден асқандар. Демек, бұл екі кезең адамдарының талғамы да әр түрлі болады.
Рухани әлемнің бір тармағы – көркем әдебиет десек, оның не екендігін түсіндірерміз, олай айтып, бұлай айтып, әлгі үлкен балық құсап, бірақ бәрібір «цифрлы аборигендердің» талғамы, сұранысы мүлдем басқа қиырларда ғой. Дегенмен, олар бәрібір өз әдебиеттерін өздерінің талғамдарына қарай өздері жасап алады. Олар оны «олай жасайды, былай жасайды» деп болжап айту да қиын.
Оларға «біздің деңгейімізде тұрыңдар» деп айта алмаймыз да, біздің айтқанымызды олар тыңдамайды да. Бірақ бұл олардың жамандығынан емес. Олардың талғамының мүлдем басқа қиырларда жататындығында. Дегенмен олар қайткен күнде де дәстүрлі әдебиетті тас-табан етіп алады.
Сол жібермейтін тұрған тін үзіліп кетпес үшін біз – әлгі цифрлы иммигранттар сол тінді мықтай түсудің барша амалын жасаймыз ғой.


ЖИ-дің көркем әдебиетке ықпалы
Сөйтіп жасайық десек, мына жақтан қапталдасып көркем әдебиетті жазып беретін ЖИ пайда болды. Міне, бізді алаңдатып отырған – осы ЖИ. ЖИ жазған көркем шығарма, яғни, біздің осы уақытқа дейін рухани тірегіміз деп келген рухани әлемімізді Елтаңбадағы мифтік тұлпар сияқты бағдаршамдық қызмет атқара ала ма?
Яғни, оның ұлттық көркем әдебиетке ықпалы қандай болады?
Әрине, ЖИ жазатын шығармалар тез жазылады, кейіпкерлері де тез-тез қимылдап, тез қайғырып, аз уақытта жазылып, тез өліп, шапшаң өмір сүріп, ұшқан жүрдек пойыздай өте шығады. Сондықтан да олардың әсер-қуаты ұзаққа бара алмайтын шығар. Оқырмандарын тез жалықтырып, оқырман келесі шығарманы асыға күтіп отырады.
Өйткені әдебиет қандай болса, оқырман да сондай жағдайға келеді. Яғни, нәрсіз тамақ жеген адамның тез қарыны ашатыны сияқты, ЖИ жазатын шығармалар топырлай келіп, нөпірлей сөніп, әдебиет алаңында аласапыран бірдеңе болатындай. Оны әдебиет деп айтуға бола ма, болмай ма – ол жағын уақыт көрсетер.


«Әдебиет порталы» маған бір қызғылықты сұрақтар қойды
- Болашақта ЖИ жазған мәтін мен адам жазған көркем туындыны ажырату қиын болады дегенге сенесіз бе?, – деді.
- Ол оқырманның танымдық деңгейіне байланысты. Талғамы терең оқырман ЖИ-жазушы мен адам-жазушыны бірден ажырата алады. Тіпті, кім болса да, ЖИ-дің жаттанды тіркестермен баяндалатын оқиғаларынан жалығатын болар. Оқырман қазы-қарта жегендей тамсанып, соңынан қымыз ішкендей рахат сыйлайтын, яғни, тұшынып оқитын әдебиетті аңсайтын болады. Олай болатыны – ЖИ алгоритмдермен жазады. Яғни, оның бойында талантты қаламгердің шығармашылықпен ойлайтын қасиеті жоқ. Яғни, қасиетсіз. Ол қуаныштың немесе қайғы-қасіреттің не екенін жан-дүниесінен өткере алмайды. Сондықтан да ол әдеби-тілдік қордағы бар тіркестерді ғана қолданады. Ал адам-жазушы жаңа тіркестер, жаңаша метафоралармен жазады. Бірақ ол оп-оңай ЖИ жазғандай тез жазыла салмайды ғой. Маған да өлеңді төгілдіріп жаза салу оңай емес. Өйткені ЖИ емеспіз, – деп жауап бердім.

Жазуға деген мотивация. Қайдан аласыз?
Гюстав Флобердің (француз) «Мадам Бовари» романын жазған кездегі сөзі: «Мынау жүрмей жатыр. Менің тіпті жер тепкілеп жылағым келіп отыр» деп жазыпты. Бірақ сөйтіп отырып та, жазуды қойғысы келмей отыр ғой. Кім оны мәжбүрлеп отыр? Жазбай-ақ қойсын. Жоқ, ол жанын жеп отырып жазып отыр. Өйткені бұл нағыз шығармашылық адамның жан-дүниесінің қажеттілігі. Жазбаса тұра алмайды. Немесе ауырып қалады. Немесе жүнжіп кетеді. Өзін мына әлемнің сыртына шығып қалғандай сезінеді.
Қадыр Мырзалиев өзіне өзі «құмырсқа ғұрлы жоқсың ба» деп, бөлмесіне құмырсқаның үлкен портретін іліп қойыпты дейді.
Бір мысал келтірейін: Маяковскийдің «Өлең қалай жазылады» деген мақаласы бар. Андрей Вознесенский: «Стихи не пишутся – случаются» десе, Платон «ғарышта мәңгі идеялар әлемі бар» екендігіне сенеді.
Эйнштейннің де айтқан сөзі бар «идеялар маған басқа әлемнен келеді» деген.
Саргон патшаның қызы Энхедуанна (Шумер дәуірі). Ең алғашқы автор. Сол кездің өзінде өзі туралы жазып былай дейді: «Ол ғарышты өлшейді, Жәннат өлшемдерін жердегі арқандармен тексереді...» Біздің ұғымымызға қиындау. Бірақ бұл да ғарыштық байланыстарға сілтеме жасап отыр.
Ойдың адамға қайдан келетіні – бұл жұмбақ, оны зерттеушілер де айта алған жоқ. Шығарма жазып отырған адам өзін Құдайдай сезініп отырады. Өйткені ол басқа әлемде жүреді.
Ал өзімнің жазу тәсіліме келетін болсам, мен ол туралы жарытып ештеңе айта алмаймын. Бірақ, адамды шабыт билейді дегенге сенем. Өлең жазу роман жазу емес. Жазып отырып тоқтап қаласың. Үйдің ішінде 10-15 минут жүресің де, отыра қаласың, сол кезде жазыла қалады. Әлгі таба алмай жүрген сөзде немесе түйінді немесе тіркесті, мына үйдің қай бұрышының кеңістігінен іліп алғаныңды ұқпайсың, әйтеуір жазылып кетеді. Бірақ үнемі олай бола бермейді, өлең сонысымен өлең.
Сонда менің ойымша – адамның санасы рухани кеңістіктегі кеніштермен тікелей байланысты болуы мүмкін. Яғни ғаламдық ақпараттық өрістен келеді.
«Су түбінде жатқан тас,
жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз.
Шер толқытса шығады».
Бұл – формула. Бұл формула ЖИ-ге жүрмейді.
Ол үшін ЖИ-ге шер керек, жел керек.Ал ЖИ қанша жерден жазғыш болғанымен, ол идеяны ғарыштан ала алмайды.
Ол сіздің жазғаныңыздағы тіркесті, менің жазғанымдағы тіркесті алады да, Яғни, ол да ұрлықтың жаңаша бір формасы болып шығады.
Цифрлы дәуірдегі ұрлықтың бір түрі.
Яғни, цифрланған ұрлық.
Ерекше дарындылар Мұхтар Әуезов сияқты, Әбіш Кекілбайұлы сияқты ғұламаларды ЖИ қалай жасайды? Мүмкін емес.




«Дарынды оқырманды да Құдай тағала өзі жаратады»
Дарынды оқырман ЖИ-ді қанағат тұтпайды-ау Өйткені Жасанды интеллект дегеніміз – ол алгоритммен жазады. Яғни, мынадан кейін мынау болады, мынадан кейін анау болады деген, оқиғалардың бұрыннан белгілі шынжыр сияқты тізбегімен жазады деп ойлаймын. Біздің қорқып жүргеніміз соншалық, ЖИ адам ойлай алмайтынды ойлап табады деп жүрген сияқтымыз.
Шебер стилист болуы мүмкін, бірақ онтологиялық тұрғыдан асып түсе алмайды. Өйткені адамның миы Құдай тағаланың өнімі. Оның авторы – Құдай. ЖИ – Құдай емес қой.
Ол тек бұрыннан бар, белгілі идеялармен жұмыс істейді. Яғни, ой мен идеяны басқа әлемнен тартып ала алмайды. Оның тірі әлеммен байланысы жоқ. Ал қаламгер ғарыштық тартылыстармен жұмыс істейді.
Бір мысал. Қырықаяқ өзінің қырық аяғын қалай басатынын түсіндірем деп жүріп, шатасып қалып, сүрініпті. Ол ойлап жүр, мен өзімнің қырық аяғымды өзім қалай басып жүргенімді ойластырып, осылай басып жүрмін деп. Шын мәнісінде бұл ұлы жаратылыстың ұлы заңдылығымен жүзеге асып тұрған қимыл еді. Оған өрмекшінің де ақылы жетпейді. Бұл не сонда? Әрине, бұл Жаратылыстық жүйе. Табиғат оны өзі жүйелеп, біріне бірі кедергі келтірмеудің адамның ақылы жете бермейтін жүйемен жасап қойған. Ал әлгі қырықаяқ оны өзі жасай қояйын дегенде бұл ол үшін ғаламдық шатасу басталды. Сүрінді, жүре алмай қалды. Дәл сол сияқты рухани жүйені де Жаратқан Иеміз өз заңдылықтарымен жасап қойған ғой.
Жаңаша жасауға болатын дүниелер бар, сол сияқты жаңашаға көнбейтін, цифрлауға да көнбейтін, көнсе шатасу басталатын жағдайлар да бар. Сондықтан цифрлы дәуірдің әдебиеті біздің ұлттық рухани әлемімізді қалай алып жүрер екен деген алаңдаушылығымыз бар.
Жаңаша жасаймын деп, адами құндылықтарды ақырзамандық ұстанымдар жеңіп кетіп, одан сусындаған цифрогенді ұрпақтың алдынан қырық түрлі қадам шығып, олар аяғын қалай басарын білмей, рухтың шатасуы басталып кетпей ме екен деген алаңдаушылығымыз бар.
Әрине, ЖИ қаламгерді көптеген қара жұмыстан құтқарады деп ойлаймын, осы жерде «Мадам Бовариді» жазу үстіндегі Флобердің: «Жүрмей жатыр. Менің тіпті жер тепкілеп жылағым келіп отыр» деп жазғаны қайтадан еске түседі. Сондай жер тепкілеп жылағысы келетін психологиялық ауыртпалықтан құтқаратын құрал ретінде өте маңызды.


«Адам жазған кітаптар» деген сөре болады»
Қазір кітапхана сөресінде «ЖИ жазған кітаптар» деген бір сөре тұрса, оқырман соған ерекше қызығушылық танытуы мүмкін. Өйткені бұл жаңа. Ал бір 15 жылдан кейін керісінше болады. «Адам жазған кітаптар» деген сөре болады. Бірақ ол жерде кітаптар өте аз болады. Бағасы өте қымбат болады. Мысалы, тағамдарда жазулы тұрады ғой «без ГМО» деген белгі. Дәл сол сияқты «Адам-Жазушы жазған» деген сияқты арнайы белгісі бар, бағасы әлдеқайда қымбат кітаптар пайда болып, ондай кітаптарды қолы жеткендер ғана оқитын, ал қолы жетпегендер қытайдың ірезеңке бәтеңкесін қанағат тұтатыны секілді, ЖИ жазған арзан кітаптарды ғана оқи алатын жағдай болатын шығар.
Негізі қаламгерлердің бәрі де білетін бір жағдай бар, ол – жазу процесінің өзі шын қаламгер үшін керемет рахат сезімін сыйлайды ғой. Жан-дүниеңмен беріліп жазасың. Басқа бір әлемде жүресің. Ол әлемде кейіпкерің екеуің ғана жүресің. Басқа ешкім жоқ. Ешкімді кіргізгің де келмейді. Ол әлемнен өзің шығып та кеткің келмейді. Оның оқиғасының ішінде өзің де әр түрлі толғанысты бастан кешіресің. Ал ондай сезімді бастан кешірмейінше қаламгердің дүниесі де сапалы болып шықпайды.


Болжамның да болжамы бар
Осы жерде бүгінгі лектор Оңайгүл Тұржанның лекциясының мына тұсына назар аударып көрейік. Лектордың болжамы бойынша, келешекте ЖИ-дің өзі адам жазған кітапты оқуы мүмкін. Өйткені адам жазған мәтінде рух бар, салмақ бар, өмірден келген тәжірибе бар. Ал ЖИ қанша керемет болса да, өзі жасаған дүниеден ондай рухты таба алмайды, сондықтан оған адам туындысы керек. Бұл ой технология дамыған дәуірде де адам шығармашылығының құндылығы жоғалмайтынын меңзейді. О. Тұржанның пікірінше, болашақта ЖИ бір авторды ұнатса, сол автордан көп кітап сатып алуы ықтимал. Ойлап қарасақ, бұл таңғалдыратыны өз алдына, экономика тұрғысынан да қызық болжам. Яғни, болашақта автордың табысы тек адамдарға емес, ЖИ оқырмандарға да байланысты болуы мүмкін болып тұр ғой. Ал ЖИ-дің кітап оқу қажеттілігін қалай түсіндіреміз? Шындап келгенде ЖИ барлық ақпаратты білетін, өзіне сіңірген сияқты көрінеді ғой. Ол деген тұтас ауқымды база. Бірақ оның өзіне жаңа контент керек. Өйткені оның мақсаты ұдайы жетілу, көбірек көмектесу, жаңа идея айту болғандықтан да адам жазған жаңа кітаптар ЖИ үшін де ресурсқа айналады. Кім білген, мүмкін болашақта шынымен де ЖИ кітапты біз сияқты айлап жүрмей, сәт арасында тез оқып, пікір мен рецензия жазып, сол кітапты насихаттайтын да шығар?
Бірақ, Оңайгүл апай бұл жерде цифрогенді ұрпақ тек экономикалық және технологиялық дамуды мақсат етсе, рухани тепе-теңдік бұзылатынын, сыртқы жылтыр ішкі мазмұнсыздықты баса алмайтынына баса мән береді.
Оған күмәніміз де жоқ, адамзаттың табиғи дамуы адам сезімі, адам рухы, адамдық мазмұн арқылы жүреді. Тек технологияға сүйену бұл табиғи заңдылықты бұзады.
Лекцияны жалғастырайық.

«Қазақ қаламгерлері ғана емес, әлем қаламгерлері алаңдаулы»
Шетелдік бір сайт қаламгерлер арасында сауалнама жүргізген екен. Оған 1200-ден астам қаламгер қатысыпты. Олардың 40 пайызға жуығы «қолданамыз» депті де, 50 пайыздан астамы «Жоқ» депті. «Бұл деген дьявол, оның көзін жоқ қылу керек» депті. Демек, ЖИ-ді қолданған күннің өзінде де, оны жөндеуге адам-редактор керек болады. ЖИ – редактор емес. Тек қазақ қаламгерлері емес, бұл мәселеге әлем қаламгерлері алаңдаулы.
Қазіргі қоғамды ЖИ жетектей бастаған кезеңде бұл тіпті алаңдаушылық туғызып отыр. Әрине, ЖИ – бұл көпфункциональды құрал. Оның тигізер қолғабысы ұшан теңіз. Ал қаламгерлер үшін оның құрал деңгейінен шынайы шығармашылық, яғни, жасанды интеллектіліктен де асып кететін шығармашыл интеллект дегізердей деңгейге көтерілуіне дейін әлі біраз уақыт өтетін шығар.

ЖИ-дің болашағы
Енді бүгінгі ЖИ-дің болашағы қандай деген ой келеді ғой. Менің ойымша былай, яғни, бұл тек қаламгерлікке қатысты ойым:
Енді автордың өзі жартылай ЖИ-ді қолданып жазған гибридті әдебиет пайда болады.
Және тағы бір болжамым бойынша былай болады:
Қазірдің өзінде оқырмандар дефицит қой. Келер күндері:
ЖИ-оқырманға таласатын болармыз, бәлкім. Олар жасанды оқырман болғанымен, ол өте мықты оқырман.
2. Бірақ, меніңше ол ЖИ-оқырман ЖИ жазған кітапты оқымайды, ол адам жазған кітапты оқиды. Өйткені адам жазған кітапта манағы ЕЛТАҢБАДАҒЫ тастабанның рухы көрініп тұрады. Ал рухты дүние өте салмақты болады.
3. Және әлгі ЖИ-оқырман бір автордың кітабы ұнаса, сол автордан тағы да кітап сатып алатын болады деп ойлаймын.

Ал кітап оқу ЖИ-ге қаншалықты қажет деген сұраққа келсек...
ЖИ интернеттегі барлық кітаптарды оқып тастаған ғой. Оған тың дүниелер керек, яғни, адамдарға қызмет көрсетуінің ауқымын кеңейту үшін, жаңа идеялар айту үшін керек.
Яғни, ол сіздің кітабыңызды сатып алады, сосын пікірін айтады. ЖИ қанша көп кітап алса, сол автор танымал болады және бай болады.
Және ЖИ-оқырман кітапты тез оқитын болады, ол адам жазған кітапты да 2-3 минуттың ішінде оқып тастап, 1-2 минутта пікірін айтып, тіпті рецензия жазып тастайтын болады.
Сіздің кітабыңыз ұнаса, оны басқа оқырмандарға және басқа да ЖИ-оқырмандарға насихаттай бастайтын болады.
Бұл менің болжамым.
Ал егер сол цифрогенді ұрпақ мұның не керегі бар деп, олар жасаған қоғам тек экономикалық және цифрлық тұрғыда дамыса, онда қоғамның сырты дамып, іші бос қалады. Дамудың табиғи логикасы бұзылады.


Лекция соңында қонақтар сөз алды
Жандарбек Мәлібеков, сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, профессор, «Барыс» орденінің иегері:
- Мен өзім үшін де жаңалық ашып отырмын. Сіздің сол 1992 жылдан бастап жаңалыққа құмар екеніңізді білемін. Кітап көп қой, сіздің әр жазғаныңызда ой жатыр. 1992 жылы Ташкенттен келе жатқан кезде «Жалынға» апарған едім елтаңбаны. Ол кезде елтаңба туралы түсінік басқа нәрсе. Біз әлі де Ботай заманындағы өз дүниемізді тани алмай, айта алмай келеміз. Қаламгерлердің ой-өрісі ғарышпен астасып жатыр дегенге келісем. Олардың өлшемі басқаша. Жасанды интеллект басқаша өлшем болады. Елтаңба намыстан туған, қазақтың дәстүрі, салты мыңдаған жылдардан бар екенін дәлелдеуден туған еді.
Шархан Қазығұл, жазушы-публицист, «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты:
- Шынымен бүгінгі лекция тек жасанды интеллект жөнінде ғана емес, өткен тарихты да қаузап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы шындықтарды да шығарып жатыр. Жақсы кітап оқысаң ой түйесің ғой. Сондай әсердемін. Мен өзім жалпы жасанды интеллектке қарсы емеспін. Өйткені кез келген нәрсенің екі жағы болады, пайдалы жағы, бір зиян жағы болады. Мына ең аяғы сіріңкенің өзі пайдасы бар, зияны бар. Тамақ пісіресің, сіріңкемен темекі тартасың дегендей. Екінші жағы өрт шығып, үйің өртеніп кетуің мүмкін. Сол сияқты қазіргі қоғамда, қазіргі жиырма бірінші ғасырда жасанды интеллект адамның еңбегін әлдеқайда жеңілдеткен сондай бір керемет құбылыс. Революциялық жаңалық. Иә, бірақ түптің түбінде бұл жалпы дұрыс емес деп ойлаймын. Түптің түбінде адам өзінің ең маңызды артықшылығынан айырылады. Даму үшін ақыл-ой керек болса, сол ақыл-ойдан айырайын деп тұр. Мысалы, жазушы болсын, ақын болсын, ешқандай ойланбай жасанды интеллектінің көмегімен еңбек жазатын болса, ол ақын-жазушы ойлау қабілетінен айырылады. Сол ойлау қабілетінен айырылған кезде адамзат өзі құриды деп ойлаймын. Адамның бойындағы ең жақсы нәрсе, ең керемет нәрсе бұл ойлау ғой. Ойлау. Сондықтан да сол ләззатымыздан айырылып қалмайық. Иә, жасанды интеллект жұмысымды жеңілдетсін, бірақ өзіңнің ойлау қабілетіңді одан да күшейте беру керек деп ойлаймын.
Сондай-ақ, ақын Арман Шеризат, Қабиден Қуанышбай, Дана Өмірбекқызының сұрақтары ерекше болды, мысалы, «Болашақта жасанды интеллектпен келісімшарт жасасып, шәкірт тәрбиелейсіз бе әлде тірідей шәкірт тәрбиелеуді жөн көресіз бе?» деген сұраққа ақын не деп жауап беруі мүмкін?
Лекция соңында оқырмандар сұрауы бойынша ақын өлең оқып берді.
Фотосуреттер Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы басшылығынан алынды.
