Өнерді сүйген жүрекпен жазған...
Шәрбану Құмарова ән де салған, би де билеген, қара сөз де жазған, ғылымға да бейімі болған Ол кейде «Әнші болсам, баяғыда халық әншісі болатын едім, сендерге ілесіп жазуға келіп нем бар еді» деп бірге жүрген досы Сайындарға (Мұратбеков) жорта өкпелейді екен. Ойлап көрсең, қалжыңдасар қатарың барда соның бәрі жарасымды.
Қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылар дегенде Сара Мыңжасаровадан кейінгі ойға оралатыны Шәрбану Құмарова. Кезінде «Қыз сыры», «Терезелер», «Сәуірдің ақ таңы», «Жердің тұзы» деген жинақтарын оқыдық (кейінгі романдарын оқудың сәті түспеді), бірақ, сол ертеректе жазған «Шылым», «Сандуғашым менің» деген әңгімелері әлі күнге дейін есімде, өн бойындағы бір жылуымен есте қалған болу керек. Одан беріде Шара Жиенқұлованың өмірінен жазған «Өмірім менің -өнерім» де өнерпаз тағдырының шынайы жазылуымен қаншама оқырманның есінде қалғаны анық.
«Прототип дегенді ұнатпаймын»
Шәрбану апайдың кейіпкерлері сенгіш, ақкөңіл, шетінен тазалығы басым адамдар. Мысалы, жаңа айтқан «Шылым» әңгімесінде жастай жесір қалған қазақ әйелінің бейнетке арқасын төсей жүріп, балаларын жалғыз өсіріп, жеткізіп, үйдің де, түздің де жұмысын істеп жүріп қартайған кезінде оңашада шылым сорып ойланып кететін кезі қандай табиғи, шынайы берілген! Немересі оны осы әдеті үшін айыптамайды, тіпті біртүрлі ерсі көрсе де, ол апасын түсінуге тырысады. Тек оның шылым тартып отырып күрсінгені ғана көңіліне алаң кіргізетіні болмаса. Соңында студент қыздың жұмысқа орналасып, елге келгенде апасына көйлек, жаулық, үнді шайынан бөлек жақсы сигара әкелетін жеріне ішің елжіреп кетеді. «Тек шылым тартқанда, күрсінбеші, апа», дейді ол сонда. Құмарованың әйелдері сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, ішкі әлемі күрделі. Олар үлкен сөз айтып, өз тағдырын жария түрде өзгертіп жатпайды, басқа салғанды көтереді, күтеді, сүйеді, кешіреді, олардың драмасы көбіне іште өтеді. Немесе «Сандуғашым менің» дейтін әңгімеде сүйген жігітіне адал, тіпті шешесінің көңілі үшін айттырып келген жігітке бір көнуін көніп қалса да, орта жолдан айнып, көліктен түсіп, үйіне қайтып келген қызбен бірге оның жігітінің тоң-торыс болып қалған күйіне сіз де кәдімгідей алаң боласыз. Ол заманның қыздарының оқыған жігітке қарамай, ауылда мал соңында жүрген жігітке жүрегін байлағанын бүгінгі қыздар қалай қабылдауы мүмкін?
Жазушының өзі бір сұхбатында «Прототип дегенді ұнатпаймын. Ешкімнің портретін де сипаттаған емеспін. Кейіпкерлерімнің бәрі қиялдан туған» десе де, бұл адамдар жазушының өз замандастары екені анық. Және бір байқалатыны, мысалы, қазіргі адам өзін қорғау үшін күмәнданады, іште есеп болады, әлденеден, әлдекімнен сақтанады. Ал Құмарованың кейіпкерлері кейде сол ішкі есептен ада. Сондықтан олардың әрекеті бүгінгі оқырманға бір жағынан ескішілдеу көрінсе де, екінші жағынан жылы әсер қалдырады.
Өнермен біте қайнасқан
Осыдан жеті жыл бұрын өмірден өткен жазушының биыл тоқсанға толатын жылы еді. Бірақ, оның жазғаны, бейнесі оқырман есінде. Жазушы жайында кеңірек біле түсу үшін «Қазақстан» арнасының «Келбет» хабарын көрдім, бұл кезде жетпіске келген жазушы апайдың даусы әлі де жақсы екен. Жазушы бұл хабарға өзінің туған жерінде түскен екен, бұл бір жағы тау, бір жағы су, бір жағы ну дегендей ғажайып әсем жерде тұрып, осындай жерде туғанына шын ризашылық білдіріп туған жеріне арнап ән салды. Сөзі өзінікі, «Қыз Жібек» операсының әніне келтіріп тебіреніп айтты.
Ән демекші, бұл кісі жастайынан өнерге құштар болған. Ол заманда жалпы елдің өнерге құрметі, ілтипаты бөлек еді ғой. Өзінің айтуынша, ауылға актерлер келгенде Шәрбану апай да солармен бірге гастрольде жүрген, анасы да рұқсат берген. Тағы бір кадрда жазушы зерлі қамзол киіп «Сұрмерген» әнін айтып тұрды. Шәрбану апай кезінде биші де болған. Шара Жиенқұлованың қасына ере жүріп, Мәскеуде, Қырғызстанда, Якутияда билеген, «Қырық қыз» ансамблінде болғанда «Ер Тарғын» операсының «Алтынай» деген биін билеген. О баста әртіс болам деп ойлаған, бірақ, тағдыр солай жазған болу керек, жазушы болған.
Ағалары алақанына салған
Ұлы Әуезовтің өзі Шәрбану Құмарованың дипломдық жұмысына жоғары баға берген, оның қабілетін сол кезде байқап, біраз адамға «мына қызды аспирантураға алып қалыңдар» деп тапсырыпты. Жазушы өзіне қамқор болған алыптарды зор құрметпен еске алады. Сондай» бір естелігін келтірсек, әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланып таныла бастаған бір күні жазушы қыз Жазушылар Одағына барады. Алдына шыққан ағайға «кітабымды шығарайын деп едім», дейді. «Кімсің?», «Құмаровамын», «Е-е, қарындасым, сені білеміз ғой, мені танисың ба?», «Сіз Зейін Шашкин шығарсыз», - дейді. Ана кісі рахаттанып күледі. Сөйтсе, бұл Жұмағали Саин екен, сол кезде редактор болған. «Сол кезде адамдар қандай кең еді» деп тамсанатын жері бар Шәрбану апайдың. Жоспар бекітіліп кеткеннің өзінде жас жазушының жинағын тізімге кіргізіп, сөйтіп «Қыз сыры» жарыққа шығады. Жазушы қыз болса өзін іздеп жатқанынан да хабары жоқ ауылда жатыр екен, сол кезде ақын Тұманбай Молдағалиев іздеп келеді, ол кезде алғашқы маркалы шыққан «Жигули» сатып алған кезі екен, «сені іздеп жатыр, сен мұнда ештеңемен шаруаң жоқ, жатырсың» деп алып кетеді. Сөйтсе, «ол қызды одаққа қабылдау керек» деп іздеткен Сәбит Мұқанов екен, қария жас жазушыға солай ақ жол тілеген. «Барсам, Одақтың үлкен кабинеті толған жазушылар, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған үлкен кісілер, мына кісілер сұрақ қойса қайтем» деп састым дейді жазушы, бірақ, жазушы ағалары ешқандай сұрақ қоймай, «әдебиетке келген қадамың құтты болсын, ақ батамызды бердік» деп мүшелікке өткізіп шығарып салады.
«Менің драмам сонымен аяқталды»
Мынадай естелік айтатын жері бар, ол кезде Ақселеу Сейдімбеков ауылда қой бағады екен, Шәрбану апайдың кітабын көргенде суретіне кешке шейін қарап, жазушы қызды бір көрсем, кездессем ғой деп армандаған екен. «Прозадағы санаулы қыздарымыз деп ағаларым мені аялады, маңдайымнан шерткен жоқ, таяқты кейін замандастарымнан жедім. Ол және «Кімнің тойы» деген комедияны қойғаннан кейін басталды. Оны Райымбек Сейітметов қойған еді. Атақты актерлер Қармысов, Сүртібаевтан бастап ойнаған, музыкасы, монологтары елге ұнаған, аншлаг болған қойылым еді. Соны біреу Ғабеңе жамандап барған ғой. Кейін Одақтың үлкен жиналысында Ғабең сынап, ақыры алып тастады. Сонда мен Ғабеңнен: «Аға, сіз өзіңіз сол қойылымды көрдіңіз бе?» деп сұрағым келген еді, бірақ, жастығым ба, жасықтығым ба, сұрай алмадым», менің драмам солай аяқталды, - дейді бір естелігінде.
«Баяғыда халық әншісі болатын едім»
Жазушы төрт кітапты қолмен жазған, жазуының түсініксіздігі сондай, Қабдеш Жұмаділов оны «Орхон-Енисей жазбалары» дейді екен, кейін жазғандарын өзі машинкаға басатын болған. Қарап тұрсаң, оның өзі қаншама еңбек, қатесі мейлінше аз болуы үшін өз жазғанын 5-6 рет көшіретін болған. Асқар Сүлейменов Шәрбану апайдың машинкасын көріп: «Ой, мынауың германский ғой», деп тамсанады екен. Ал жазушы оны «қара есегім» деп атаймын дейді. «Негізі сол түсқайта төрттен кейін отырамын, бір бастасам таңға дейін отырамын» дейтін жазушы жазу жазып отырып, классикалық музыканы, Бах, Шубертті тыңдайды екен.
Өнер адаммен біте қайнасып туады деген даусыз пікір. Шәрбану Құмарова осылай ән де салған, би де билеген, қара сөз де жазған, ғылымға да бейімі болған Ол кейде «Әнші болсам, баяғыда халық әншісі болатын едім, сендерге ілесіп жазуға келіп нем бар еді» деп бірге жүрген досы Сайындарға (Мұратбеков) жорта өкпелейді екен. Ойлап көрсең, қалжыңдасар қатарың барда соның бәрі жарасымды.
Бір кадрда бақты аралап жүрген жазушыны көрдік. «Күзді ерекше жақсы көремін, күз деген қайта түлеу ғой. Күзде тұрақтылық, салмақтылық бар, өзіңе-өзің есеп бересің», деді. Ойланып қаласың.
«Какая ты некрасивая»
Бірнеше өнерді бойына жинаған, өз дәуірінің мәдени ортасын көрген Шәрбану Құмарованың талғамы қалыптасуына оның 12 жасынан Алматыға келіп, қыздар мектебінде оқып жүргенде операға барып үйренгені де себепші болған шығар. Сол кезде Күләштің «Алтыншаш» болып, «Баттерфляй» болып ойнағанын көрген. Бірде атақты Рәбиға Есімжановамен батыр Бауыржанның үйіне барады. Батырдың жұбайы дастарханды жайнатып, бұлар жайғасып столға отырғанда батыр да бөлмесінен шығып орнына отырып, Шәрбану апайға «Какая ты некрасивая, ты кто» дейді. Сол жерде Рәбиға апай «бұл қыз «Әупілдектің» басқа нұсқасын айтатын қыз» деп жік-жапар болады. «Онда ән айт» деп, сол жерде «не красивая» деген сөзден көңілі пәсейіп қалған Шәрбану апай бір жағы намыстан да шығар, әуелетіп ән салады. Батыр оның даусына, әншілігіне риза болып, «Какая ты красивая» депті.
- Атың кім?
- Шәрбану.
- Бану деген не мағына?
- Ай деген мағына.
- Жоқ, сенің атың Шәрбану емес, Шаһарбану! Сен қаланың айысың, ты красивая!, - депті батыр сонда риза болып.
«Қыз тағдыры, тотықұс»
«Мемлекеттік сыйлықты алайын деп талпынған емеспін, талпынбаймын да. Оның азабы қандай екенін білемін», дейді жазушы бір жерінде. Бұл сол кездің адамдарына тән қарапайымдылық па, әлде оқырман махаббатынан артық ештеңе жоқ дегені ме, қалай десек те, жазғандарынан өмірге құштарлық, сергектік, дүниеге аңкәрлік сезіліп тұратын жазушы Шәрбану Құмарованың шығармалары, мысалы, «Киік оты» деген әңгімесі бүгінгі жастарға да оқуға тартымды болар еді. Құмарованың шығармаларын білмеу бір жазушыны ұмыта бастау ғана емес, тұтас бір дәуірдің әйел даусын, сол кездегі қазақ әйелінің ойлауын, сезінуін ұғуға деген талпыныс болмау деген сөз. Сондықтан қазіргі әдебиетте жаңа авторлармен танысу қаншалық маңызды болса, алдыңғы лектегі жазушылардың мұрасын қайта оқу да соншалық маңызды.
Мысалы, «Қыз тағдыры, тотықұс» деген дүниесінде екі дәуірдің қатар алынуы кездейсоқ емес. Меніңше, шығарманың негізгі салмағы дәл осы екі кезеңді салыстыру арқылы ашылады. Ол ескі заман мен өз дәуіріндегі қыз тағдырын қатар көрсету арқылы заман өзгергенімен, әйел тағдырына әсер ететін кейбір мәселелердің әлі бар екенін көрсетеді. Ескі замандағы Айнұрдың тағдыры өте ауыр. Бала батыр оны күштеп алып, зорлық көрсетеді. Қыздың өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндігі жоқ, тағдыры ер адамның зорлығына, әкесінің беделіне, елдің салты мен «абырой» түсінігіне тәуелді. Ал жаңа замандағы қыздың мүмкіндігі әлдеқайда көп, бірақ оның да жолында кедергілер бар: оқуға түсе алмау, баспана мәселесі, жұмысқа тәуелділік, адамдардың мінезі, қыздар арасындағы бәсеке, ер адамдардың көзқарасы... Айнұр мен Шынаргүлдің екеуіне ортақтық - екеуі де өз тағдырын өзі билегісі келетін қыздар. Айнұр ескі қоғамның қатал шеңберінен қашуға мәжбүр болса, Шынаргүл қазіргі қоғамда өз орнын табуға тырысады. Айнұрдың алдындағы қауіп ашық түрде көрінеді: зорлық, күш, ер адамның билігі. Шынаргүлдің алдындағы қауіптер тұрмыстық қиындық, әлеуметтік жағдай, адамдардың немқұрайлығы, қыздың арманына қолдау болмауы. Яғни жазушы екі түрлі дәуірдің екі түрлі қысымын көрсетеді.
Аты неге «Қыз тағдыры, тотықұс» қойылған дегенге келсек, бұл да өзімізше қисын, біз көркем шығармадан оқыған тотықұс бейнесі өз еркімен өмір сүре алмай, алтын торға қамалып өмір сүретін құс, бұл жерде жазушы өз еркі жоқ тотықұсты қорғансыз қыздың символына айналдырып отырған шығар дедік. Айтпақшы, шығармада автордың құмырсқалар әлеміне егжей-тегжейлі тоқталатын жері бар. Интернеттегі ақпараты сықасып тұрған қазіргі заман болса, таңғалмас едім, ол заманда басқашалау ғой, жазушы өз қауымында әрқайсысы өз қызметін атқарып, тіршілік үшін күресетін құмырсқаларды бақылай отырып, салыстырып, адамдар қоғамында кейде ақыл мен адамгершілікке қарағанда күш, өктемдік, жеке пайда үстем болып кететініне ой көзін жібереді.
Әдебиеттегі сіңлілерінің естелігі
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
«Шәрбанудың ұзату тойы әлі есімде»
- Шәрбану Құмарова бізден сәл естияр, біз оны аға ұрпақтың қатарында көрдік, оқыдық, таныдық. Біз оқуға келіп жатқанда, ол университетте, біз үлгі тұтқан Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділовтермен бірге курстас болып оқыған. Кейін жұмыс бабымен араласа келіп, оның қандай адам екенін білдік. Ол көпшіл, ақжарқын, қарапайым адам еді. Шәрбануға қазақ қызы ретінде қарасақ, ол айналасына мейірбан, жарқын жүзді, күлімдеген, ақжарқын адам еді. Студент кезінде университеттің әдемі студенті болған Шәрбануға Әбіш өлең арнаған. Біз оны өзіне оқытып, көңіл көтеруші едік. Кейін мен де оқу бітіріп, әдеби ортаға келдім. «Жазушы» баспасына жұмысқа орналасқанда, Шәрбану «Жалын» деген баспада. Бір есіктен кіріп-шығып, шай ішіп, араласып кеттік. 1971 жылы Фариза Алматыға келгесін, араласымыз одан да күшейе түсті. Көк базардың қасындағы баспалар үйі ол кезде ғажайып орта еді, оған журналистер, жазушылар, авторлар келеді, жазғандарын әкеледі, әңгіме-дүкен құрады, бүкіл газет-журнал шығады, редакторлардың бас қосатын ортасы да сол еді. «Пионер» журналының редакциясында Рза Қунақова, ол Шәрбанудың бала күнгі досы, екеуі алматылықтар, араларынан қыл өтпес достар, Рза Фаризаның редакциясында жұмыс істеді. Сөйтіп, біздің қыздар тобы кейде шыққан мақаланы талқылап, туған күнге жиналып, дастархан жасап, қазақи бауырмалдық өмір кешкен сәттер көз алдымда. Ол жылдар Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросы жан-жаққа, республика бойынша ауданға, ауылға үш жазушыдан жіберіп отыратын. Бір жылдар Шәрбану да ел аралап Қызылорда облысына кетті. Прозада өз қолтаңбасын қалыптастырған, «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істеген, сахнаға арнап пьесалар жазған және сол дүниелері қойылып жүрген ол сол кездің өзінде есімін қалыптастырып үлгерген еді. Оның елге шыққанда халықпен кездескендегі сәті сол кездегі ұрпақтың есінде қалды. Ол ән де айтатын, би де билейтін, күлдіре білетін, түрлі басынан кешкенін, шығармалары жайлы, шығармасының қалай туғанын айтатын әңгімешіл адамның кездесуі де әсерлі болады. Арал қаласына барғанда кездесуден кейін бір жігітпен танысады, оның бәрін келгесін Рзаға айтады, ол Фаризаға, ол «жақында той болатын болды» деп маған айтады. Біз солай тойға дайындалдық. Ол біз үшін жаңалық, себебі, қаламгер қыздарымыздың бақыт тапқаны, өз ұясы болғаны, жар сүйгені біз үшін ортақ қуаныш болатын. Сөйтіп, біз Шәрбануды аралдық Төлеу дегенге ұзаттық. Ол қазір той дегенмен, біз үшін үлкен бір әдеби қауымның бас қосқан кеші болды. Бүгінгідей шулаған берекесіз сөз, айқайлаған даңғаза музыка, селкілдеген би болған жоқ, ол тойға келгендердің парасаты, отырысы, әңгімесі бөлек еді. Тойға Кларасымен Әбіш келді, сол кездің өзінде театр, кино әлемінде аңызға айналып үлгерген Асанәлі Әшімов әнші Майрасымен келді. Шәкен Аймановтың жалғыз қызы Майраның әні қандай, олардың сөзі қандай, өнері қандай, елестетіп көріңіз. Елден келген қонақтар, ақсақалдар, журналистер, жазушылар бар, Оспанхан Әубәкіров болды, оның тұрысы да қызық еді. Ол жерде той екен деп анау-мынау айтылған жоқ, қаламгер жайлы толғаныстар, оның творчествосы жайлы айтылды. Осы жерде тағдыр шешілді, өмірдің көрінісі өтті, аздап шарап алынғаны болмаса, той мүлдем бөлек еді. Қазіргі тоймен салыстырсам, біз той өткізуді де өткізіп алған сияқтымыз.






(Фотосуреттер Ақұштап апайдың жеке архивінен)
Шәрбану Құмарованың үйі бұрынғы Комсомол, қазіргі Әйтеке көшеінің парк жағында болды. Ол үйге курстастары жиі жиналатын, Қалихан, Қабдеш, Әкім Тарази қолдары босаса, «Шәрбан, шай қойшы, барып әңгіме айтайық» дейтін. Ол кезде қазіргідей кафе, шайханалар жоқ қой, Шәрбану жүгіріп барып, көкбазарды айналып, үйіне оны-мұны тәттісін әкеліп... талай сол ортада болып, кейде әңгімелерін тыңдап, кімнің не жазып жүргенін аңғаратынмын. Шәрбану Құмарова қаламгер ретінде халықтың тілімен жақсы жазатын жазушы еді. Бала сияқты аңқылдаған, ақкөңіл, ақжарқын, қарапайым адамды көбіне бағалай бермейміз ғой, Еңбекшіқазақ ауданы, өзінің туған жерінің азаматтары жазушыны жоқтап, еске алып, кешін жасап, шығармасын іздеп отырса, жақсы болар еді ғой. Бұл адамгершілік әрі кейінгінің борышы еді. Әрине, оның жасасам деген жұмыстары көп болды. Қазақтың Шарасы жайлы кітап жазып кетті. Шарадай биші ол кезде Орта Азияда болған жоқ. Шәрбану оның әңгімесін өзінен естіп отырып жазған. Ол кітап та қайта шығарылса, қазіргі қыздарға үлгі болар еді.
Мағира Қожахметова, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
«Бұл кісі ешқашан ентелеген жоқ, билікке жағымпазданған емес»
- Шәрбану Құмарова өз заманының керемет талантты жазушысы болды. Өзінің замандастарының арасында өте беделді болған құрметті адаммен өте жақын араласпасақ та, анда-санда көріп тұрдық, бізді еркелететін, барлық 50, 60, 70 жылдық тойларына қатыстық, өзі сондай қарапайым болатын бұл кісі. Жалпы, Шәрбану Құмарова тек қана жазушы емес, әнші, биші болды. Өнер адамдарымен керемет араласты, Шара Жиенқұлова, Асанәлі бастаған топпен жақын араласқаны көз алдымда. Өзі өте шынайы, табиғи болатын. Бұл кісіде кеуде жоқ, тіршілікте адал тірлік кешкен өте әділ кісі болатын. «Кезінде Шәрбану Құмаровадан сұхбаттар алғанда ғой» деп мен қазір өкінем, бар ма екен сол жағы, білмедім, сол кезде сұхбаттар алғанда керемет болар еді деп. Ол сондай құрметке лайық адам, ешқашан ентелеген жоқ, билікке жағымпазданған емес, атақ-даңқ дегеннен алыс жүрді.

Ашхабадта өзбек, қырғыз, қарақалпақ, қазақ қаламгерлері. Фотосурет Мағира апайдың жеке архивінен.
Проза жазатын апаларымыз Сара Мыңжасарова, Әзиза Нұрмаханова бар, ешқайсысының үлкен атағы жоқ екен. Бірақ, әдебиет өкілдері шығармаларын зерттеп, талдап жазып жатыр, Жазушылар одағы 90 жылдығын өткізіп жатыр. Республикалық кітапханалар да насихаттап жатыр деген ойдамын. Адамның артында қалатын өзінің жазған шығармалары, біз ештеңе істемегеннің өзінде Шәрбану Құмарова әңгімелері, роман-повестерімен қазақ әдебиетінде қалады, есімі ешқашан ұмытылмайтынына көзім жетеді. Сырласып, жақын әңгімелеспегеніме қазір өкініп отырмын, саған айтатын керемет фактілер де болмай тұр, жалпы адам ретінде табиғи, шынайы, әділ адам болды, соның өзі оның қандай адам болғанын көрсетеді. Шәрбану Құмарованың оқырмандары өткен ғасырда қалай көп болса, келешекте де сондай болады деп ойлаймын, жазушыны қалай насихаттасақ та артық емес.
