Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Оқушылар парағы. Қашаған Күржіманұлы. 10-сынып...

02.01.1970 5266

Оқушылар парағы. Қашаған Күржіманұлы. 10-сынып

Оқушылар парағы. Қашаған Күржіманұлы. 10-сынып - adebiportal.kz

Жыр жүйрігі қашаған…

Өмірі туралы жырларының бірінде:

Атам бір қайтып дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды.

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Сөйтіп басым қаңғырды, –

деп сөз өрнегінде көзін ашпай же­тім­діктің салмағы мойнына түс­кен­дігін баяндайды. Өмір өгейсіт­кенімен, өлеңі өгейлемей, тың­­да­ған құлақтың құрышын қандырған ақынның әдемі жырлары жүре келе көпшілік жиналған жерде елдің қуанышына айналып, жұртшылықтың құрметіне бө­лен­ді. Тіпті, оны жалшылық жұмыс­тан босатып, жұртшылық бас қосқан жерде өнерін жырлатып, тамашалайтын күнге жетеді. Айтулы жыраудың басына қонған бағы – өнермен қалай серік бол­ғаны туралы жыршы, немере інісі Шә­дімен Үсембаев өз естелігінде бы­лай дейді: «Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс кө­реді. Түсінде бір қара кісі келіп, бала­ның қолынан тартып тұрғы­зып: «Дорбалап аласың ба, қап­шықтап аласың ба?» деп сұрайды. «Бергеніңді аламын» дейді Қаша­ған. Қара кісі қолын жайып, бата береді: «Өнер бердім, елге шаш» дейді. Қашағанға жырдың бағы осылай қонған екен. Дауылпаз ақын өзінің төкпе жырының бірін­де таланты туралы айтқаны өте сәтті, нанымды шыққан дүние:

Менің атым Қашаған,

Тәңірім артық жасаған.

Адай түгіл Алшынның,

Алшын түгіл Алаштың,

Айтқышы едім қашаннан.

Ақын – халық қазынасы. Оның ерекшелігі де сол, халықпен бірге қайнаған өмірдің ортасында жү­реді. Сол арқылы халықтың барын базарлап, жоғын жоқтайды. Ал қалдырған шығармалары жинала келе халықтық мұраға айналады. Уақыт өте тарихтың тұғы­ры­на шыққан бұл мұраларды халық әспеттеп, кейінгі толқын-жастар­дың қолына береді немесе жас ұр­пақ­тың жүрегіне жететіндей етіп насихаттайды. Ақын көңілі­нен төгілген ақмаржан жырлардың бағасы сол жырлар халық санасына сіңіп, жүрек төрінен орын алғанда ғана беріледі. Міне, Қаша­ған ақынның жыр мұрасы да осындай биікке көтерілген кезде өзінің бағасын алды. Осы сөзімізге нақты дәлел, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқалы жыраудың 170 жылдығына арнаған құттық­тау хаты: «Қашаған Күржіманұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, өткір тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданында жоғары адамгершілік құнды­лық­тарды ту етіп көтеріп, халқы­мыз­дың орынды мақтанышына ай­нал­ған ерекше тұлға. Күллі мәдени мұралары­мызды, оның ішінде рухани құн­ды­лықтары­мызды жинақтау, зерттеу мен зерделеу – уақыт талабы. Ұлылар­дың мұрасы да, мұраты да, атақ, даңқы да, мерейтойы да кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұр­­пақ өседі де­сек, Қашаған ақынның мерейтойын Тәуелсіз еліміздің бола­шағы үшін баршамызға ізгілікті іс тындыруды міндеттейтін, ұрпаққа ұлағатты үлгі алуды аманаттайтын мерейтой деп білгеніміз жөн». Ақиқа­тында жан дүниесін тол­қытқан құбылысты жырдың бұла­ғымен суарған ақынның әр өлеңі жібек жіпке тізген меруерт мон­шақ тәрізді әдемі өрілген дүние. Ерек­шелігі – әр түрлі психоло­гия­лық сипатында. Көңіл-күйдің бір­де төмен, бірде жоғарылауы өмірін­дегі болып жататын сан ­қилы оқи­ғалардан туатын болса керек.

– Бұл дүниеде не жетім?

– Кім қажетсіз болса, сол жетім.

Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда,

Жастар елеп келмесе,

Қайғысы келіп күңіренген,

Күнінде асыл десең де,

Қартайған күнде ер жетім.

Қашағанның бұл өлеңі адам­ның басынан әруақытта өтетін алмағайып кезеңге арналған. Адам басындағы психологиялық күйді таразыға салып, сосын маржан сөзбен өру – ақынның ой еңбегінің бір жемісі. Бұл тұрғыда Қашаған үлкен психолог. Қандай уақытта қандай қиын-қыстау күй кешсе де рухын биік қойған тума таланттың шығармаларының тақырыбы сан алуан. Өлеңдерін өз өмірінен бастаған ақын елге, жерге деген сүйіспеншілігін жырмен дестелейді. Көзі жұмылғанша халқының ардақтысы болып өт­кен дарынның алмас жырлары­ның қатарында «Нұрым мен Қашаған» айтысы, «Қашаған мен Ізбас» айтысы, дастан-жырлары­ның сүбелісі «Адай тегі», «Атамекен», «Топан», «Қарасай-Қази», ж.т.б. шығармалары халық арасынан кеңінен тарап, өзінің лайықты бағасын алған.

Өнердің өркенін жайып, өрісін кеңейтіп, өмірін ұзарту – талант­тың еншісіне тиетін ұлағатты іс. Ол үшін ел аралап, жер аралап, өнерді бағалап білетін алқалы жиындарға қатысып, сол шаршы топтың алдында өнеріңді көрсе­тіп, сынақтан өтуің керек. Арқалы Қашаған да өз өнерін ел-жұртқа жария ету мақсатында ел аралап, жер көріп, халықтың ортасында жүрген. Маңғыстау, Хорезм аймақтары, Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған елдердің бәрін шарлап, өзекті шығармаларын ел назарына ұсынады. Бұл дәстүр бір жағынан Қашаған сынды тума таланттың ел-жұртқа танылуына септігін тигізсе, екінші жағынан қазақ жырауларының арасындағы өнер сайысының дами түсуіне, кеңінен таралуына мүмкіндік береді. Талантты талант танып, бұлбұл мен дүлдүлдің, ақын мен батырдың, жыршы мен жыраудың, күйші мен әншінің бас қосқан үлкен той, жиындары Қашаған жыраудың Құрманғазы, Мұрын, Ақтан, Мұрат, Балораз, Қоспақ, Қаш­қынбай, Ізімшайыр, Нұр­пейіс, Мұрын, Өмір, Ығылман сынды өнер жүйріктерімен, Адай­дың жеті қайқысы – Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сынды күйші, әншілермен жақын танысуына ықпал жасайды. Әрине, талант бар жерде талап бар, өнер бар жерде сайыс бар, бұл кездесулер жай бас қосу емес, тағылым алмасу, пікір түйістіру, сөз жарыстыру тәрізді мән-мағыналы жүздесулер екені түсінікті де. Жырау өнерінің кең қанат жаюына, өз тыңдарман­дарын табуына осы мазмұндас кездесулердің көптеп септігі ти­гені ақиқат.

Баршамызға белгілі Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерей­тойы 2011 жылдың тамыз айында Маңғыстау өңірінде әдемі етіп тойланды. Үш күнге созылған жыр дариясының тұлпардың тұяғында әндетіп бара жатқан­ды­ғын көзбен көріп, көңілмен тама­шалаған Қазақстанның халық жазу­шысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­баев­тың әр сөзінен бал тамған көне­көз шалдар туралы айтқанын есімізге алғанда көңіл толқиды. Сөз зергері Әбекең атышулы жыр дүлдүлінің сол мерекесінде: «Қа­шағанды көргендерден адам қал­май барады. Ат көтере алмайтын болғасын қара бурасына мі­ніп, қаракөлден жасаған тығырық бөркін едірейте киіп, ел аралап жүрген қара шал деседі. Қасына Аралбай, Сәттіғұл, Мұрын, Түмен, Сүгір, Шамығұлдар еретін көріне­ді. Қашаған өлгесін ол салтанат та көзден бір-бір ұшты.

…Қазіргі қолда бар Қашаған­ның шығармалары негізінен мар­құм Қабиболла Сыдиықов аға­мыз­дың еңбегі. Оған Мұрын, Жан­жі­гіт, Шамығұл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қо­бы­лаш, Сұлтандардың Қашағаннан айтқан жырларының қаншалықты толық екендігін ешкім білмейді.

Біздіңше, талай өлеңінің тек сұлбасы ғана жүрген сияқты. Қашаған жырлаған жырлар да толық сақталмаған. Қашаған тіріліп кетсе, өзінен қалған асыл мұраларды ұрпағына жеткізген Қабиболла Сыдиықовтай асыл ағамызға әбден риза болар еді» деп айтқаны көңілге түрлі ой салар орынды әңгіме. Жыр дүлдүлі Қа­ша­ғанның жыр мектебін қалып­тас­тыруға ықпал еткен алдыңғы аға толқын ағалары – Махамбет пен Абылдың мектебі деседі зерт­теу­шілер. Дауылпаз ақынның жыр­лары Қазақстанның батыс ай­мақ­тарына, қарақалпақ, түрік­мен елдеріне кең тараған. Табиғаты зерек ақын ескі жыраулардың әді­сімен ауызша жаттап алып, жыр­лаған. Қазан төңкерісіне де­йін Қа­­шағанмен жолдас болған Мұ­рын Сеңгірбекұлы, Сүгір Бе­ген­дікұлы, Бақтыбай Тайшанұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Ығылман Шөреков, Ыбыр Досалиев, Құмар Жүсіпов, Сұраубай Үттібаев, Өмір Көшекбайұлы, Шамғұл Ыбы­райым­ұлы, Шәдіман Үсембаев, Көшен Өсербаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев сынды ақын, жыршылар.

Көзі тірісінде жампоз жырау­дың өз аузынан жыр, дастандарын жазып алған Көшен Өсербаев пен Темірғали Күнтуғановтар болатын. Рухы биік қазақтың тағдыры қандай күйге түссе де, ұлттық ру­хани байлығын жоғалтпай, көзінің қарашығындай сақтаған халық. Осы сөзіміздің айғағы ретінде Қашағанның бүгінге жеткен айтыстары мен сүбелі шығар­малары айғақ. Көрнекті ғалым Қабиболла Сыдиықов: «Қазақстан Республикасының Ұлттық акаде­мия­сының ғылыми кітпахана қоры (398, 429-б), Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (258,387, 332, 328-б)Қашаған жырларының бірқатар жазбалары сақтаулы. Олар негізі­нен, Қазақтың ұлт мәдениеті инс­титутының 1939 жылғы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, тіл және әдебиет институтының 1947, 1957 жыл­дар­дағы экспедициялары жинаған, сондай-ақ, Бекарыстанов Зердебай, Сариманов Бисен, Күнтуғанов Темірғали, т.б. азаматтар тапсыр­ған нұсқалар» деп жазды «Қаша­ған Күр­жіманұлы» атты зерттеу еңбегінде.

Тума таланттың таңдай қақ­тырар асыл мұраларын шашау шығармай, тірнектеп жинап кеткен ғалым Қабиболла Сыдиықов туралы қазақтың көрнекті ақыны, поэзияның патшайымы атанған Фариза Оңғарсынова атақты жыраудың Маңғыстау топыра­ғында өткен 170 жылдық мерейтойында: «Мен Астанадағы ака­демиялық ұлттық кітапханадан Қашаған шығармасын таба алмадым. Екі күн іздеп, әрең дегенде осы Ақтауда тоқсаныншы жылдары компьютер шықпай тұрған кезде баяғы баспаханада Қа­би­болла ағаның шағын ғана алғы сөзімен басылған он бес-жиырма өлеңін тауып алдым.

…«Соңымда бір тұяқ қалмады» деп күңіреніп өткен Қашаған бабамыздың туғанына 170 жыл толғанын атап өту үшін осы жиынға атсалысып, жергілікті жерде болса да тойлап жатқан­да­рыңызға алғыс айтамын. Қашекең о дүниеде бір аунап түсіп, тұяқ­тарым, ұрпақтарым бар екен ғой деп риза болып жатқан шығар» деп еді. Сол ақын апамыз айтқан­дай, Қашаған ақынның асыл мұралары бір күндік, бір жылдық, он жылдық той тойлау емес, қазақ өнері мен әдебиетінің қазанында өмір бойы қайнап, өмір бойы сұрыпталып, өмір бойы зерттеліп, насихатталатын кесек дүниелер.

Қашаған Күржіманұлының ең өресі биік, сүбелі шығармалары­ның бірқатары туған ел мен өскен жерге, Отанға, атамекенге арнал­ған. Өзге ақындар тәрізді боямалап, әсерлеп, сөз айшықтарымен безендіру деген сияқты тәсілдер тума талантқа жат нәрсе. Арқалы ақын көзбен көрген көріністі сол қалпында-ақ боямасыз бере салады. Мысалы, «Топан» дастанында:

Бекіресі Жайықтың,

Асыл еді алтыннан,

Иісі жұпар аңқыған,

Байлығына қызығып, – деп төгілтсе, осы шығармадағы мына бір жолдар ел көрінісінен хабар бергендей:

Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен,

Бұл жетімдерге жем екен,

Жесірлерге кең екен,

Шөбі малға май болар…

Ақын – ел адамы. Оның кө­кірек-сандығынан туған жырлар өзі өмір сүрген ортамен бірге өрі­ліп отырады. Бұл табиғи заңды­лық. Ақынның даралығы, ерек­шелігі сол, ол туған халқынан бір сәт те ажырамауы керек. Төпеле­тіп жырлаған «Топан» дастаны 1900 жылы Жем өзені тасыған сәттегі оқиғаға арналған. Сөзбен сурет салған ақын бұл дүниеде то­панның елге әкелген зардабымен бірге сол елдің табиғатының ажарын, адам­дарға несібе-ырзық беріп отыр­ған өзендердің бағасын лайықты етіп, әдемі өрген.

Қай нәрсенің де өз сәтімен шы­ғатын уақыты болса керек, жырау шығармаларының баспасөз бетінде жариялануы 1930 жыл­дардың шамасы. Олай дейтініміз, дарабоз композитор Ахмет Жұ­банов күй атасы Құрманғазы­ның шығармаларын зерттеп, жинау үстінде атақты домбырашы Махамбет Бөкейхановтан «Көбік шашқан» күйінің тарихын, Хайролла Бегешовтен Қашағанның домбыра туралы жазған «Қолым­дағы қу ағаш» өлеңін жазып алады. Бұл деректер әр кезде баспасөз бетінде жарияланып келеді. Тамыры тереңге тартқан таланттың қайталанбас дарынды іздеуі кез­дейсоқ емес, бір құбылыс деп айт­сақ та болар. Сол сияқты, 1935 жы­лы «Әдебиет майданы» журна­лының 6 санына Аралбай ақын­ның баласына арнаған жоқтау өлеңдері жарияланған. Жұбанов­тың «Құрманғазы мен Қашаған» деген мақаласында арқалы ақын­ның домбыраға арнап шығарған өлеңінің тарихын былайша әңгі­ме­лейді: «Қашаған мен Құрман­ғазы бір күні ел аралап жүріп, бір дүмше молданың үйіне келеді. Молда шығып кеткенде кішкене баласы Құрманғазының домбырасын қолына ұстап, тамаша етіп отырады. Сырттан бір кезде молда келіп, баласына ақырып: «Ей, қолыңдағы қу ағашың не, таста!-дейді. Бала қорыққанынан домбыраны иесіне қайтарып береді. Сонда Қашаған молдаға қарап, домбырасын қолына алып отырып:

Қолымдағы қу ағаш,

Сөйлеп тұрған бұл ағаш,

Алып жүрген домбыра, –

деп көсіле жөнелген екен. Осы оқиғаға байланысты халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Жақсының сөзін тыңдасақ» деген шағын шығармасында бір әдемі пікір қағаз бетіне түсірілген: «Бүкіл дүниежүзінің дүйім поэ­зия­­сынан кәдімгі ағашты осыншама қадір тұтып, мақтауын жеткізген, аса жырлаған ақынды өз басым білмеймін.

…Жүрегімді жалғауға,

Нәсіп болар бұл ағаш.

Пайғамбарлар туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.

Жаратылыстың адамзатқа деген жақсылығын, өмір игілігін осыншама ұтымды суреттеп, ха­лыққа ұқтыру – халықтық тағли­мат­тың тамаша көрінісіне айнал­ғандай» деп аяқтапты өз пікірін халық жазушысы. Бір рулы елдің тарихына арнаған «Адай» деген дастанының жазылу тарихы батыс өңіріне белгілі ақын Таз Қаш­­қын­байдың: «Адайдың әкесі кім?» деген сұрағына жауап ретінде шы­ғарылған дүние екен. Қылжақ­ты сұраққа ақынның салмақты өлең­мен жауап беруі – біріншіден, ел тарихына немқұрайлы қарама­ғандығы болса, екіншіден, ақын­ның тегіне нұсқан келтіргісі келген менменсіген көкірекке өзінің биіктігін көрсеткен терең астарлы, мағыналы өлең. Бұл – елдің намы­сын қорғап, арын арлаған өршіл өлең деп айтуға тұрарлық шығарма. Сөз қаруында осалдық танытпаған Қашаған ақынның зерделілігі осында жатыр. Айтыс додасында алдына жан салмаған Қашағанның сөз саптасы, сөз қайыру мақамы сөз өнерінің шек­сіз мәңгілігімен тұтасып жатқан дүние. Ойнақы орам, шұрайлы сөз бір-бірімен қабысып, ақылмен астасып тұрған парасатты ойды туғызады. Мысалы, өзін төменде­тіп, тұқыртқысы келген Ізбасқа:

Сен бір жабы, мен – тұлпар,

Сен бір қарға, мен – сұңқар,

Тоғыңды шайқап бүлінбе.

Мен – мұхит жатқан тереңмін,

Шамшырақ жанған түбімде.

…Мен қайыртпай кеткен Қашаған,

Анау Таз Қашқынбай, Тама Ізімге,

Ұлық болар, Ізбас-ау,

Таласқан бізбен білімге! – деп қайырған шумақтар жақсының жағасына жармасқан жаманның маңдайынан атқан оқпен бірдей. Жырау мұраларына қалам тартқан филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов өзінің «Қашаған шығармашылы­ғы: Тарихилық. Деректілік.Көр­кем­дік» деген мақаласында тө­мен­дегідей тұжырым жасайды: «Отаршылдықтың қамытын киген ноқталы қазақ – нешеме асылдарынан, ардақты жөн-жосық­та­ры­нан, үлгі-өнегелерінен амал­­сыздан ажырап қалғаны мә­лім. Бұл ретте миы толық сезімтал Қашаған «қаңбақтай қара жер зыңырап, ауып кетпегей» деп тілейді. Ақынның қайғылы ой сарындары былайша өріледі:

…Тілінде бар жақсының

Діні кеткенге ұқсайды.

Өтірік сөздер көбейіп,

Шыны кеткенге ұқсайды.

Әкімнен кетіп әділдік,

Бай қайырсыз секілді.

(«Замана халі», 1912 жыл)».

2011 жылдың тамыз айында Маңғыстау түбегінде өткен Қа­ша­ған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойында бұрын ойда жүрге­німен, басы құралмай келе жатқан бірқатар шаралардың жүзеге асқаны барша жұртқа мәлім. Тойдың алғашқы беташары ре­тінде өткізілген ғылыми-тәжі­рибелік конференцияда оншақты ғалым баяндама жасап, Қашаған жыраудың шығарма­шы­лығын жан-жақты талқылады. Тойдың құрметіне өткізілген жыр мүшәй­расына Астана, Алматы қа­ласынан, еліміздің батыс өңірі­нен 20-ға жуық, айтыс өнеріне 10-ға жуық ақындар қатысты. Көп­тен бері тиянақталмай жүрген жыр жинағы «Қайыртпай кеткен Қашаған» дүниеге келді. Іші-сырты әдемі етіп, безендіріліп шыққан бұл шығарманың алғы сөзін жазған Маңғыстау облысы­ның сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев: «Ел ішіне тараған жырлары арқылы Қашаған атына жастайынан қанық болған жыр алыбы Жамбыл Жабаев:

Сүйінбай мен Қашаған,

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған, – деп Қашаған ақынды өзі пір санайтын Сүйінбаймен қатар қо­­й­ып, оның жырларынын өске­лең жастар үшін тәрбиелік маңызы зор» деп жазды. Осы шығарманың бір сүбелі бөлігін алып тұрған халық жазушысы Әбіш Кекілбаев­тың «Жыр-дария» деген еңбегін­дегі: «Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң, әр ғасырда әрқилы атал­ғанмен, ықылым заманнан жер үсті ғаламаттарының бәріне қа­тысып келе жатқан халқымыз­дың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұхитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алынбай туырылып тыныш тұрған қа­сиет­ті қара қазанының қақпа­ғын ашып, нәр татқандай, халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай тұнып тұрған кәусар көліне күмп бергендей боласың. Қашағанның уытты сөздері тасты ерітіп, қорғасынды қорытқандай, көңілді егілтіп, мұзды жібіткендей қуатты әрі жігерлі. Жетімдіктің, жоқшылық­тың тауқыметін тартса да, ертеңгі күнге деген үміті өмір-өнерінің көкжиегін кеңейтіп, өміріне сәуле түсірген жыраудың жаратылысы нәзік. Жауына өршелене қаһар­лан­­ғанмен, досына сондай мейі­рім­ді. Мұрат Мөңкеұлымен кез­дей­соқ жүздесуіндегі мына бір ай­тыс өл%D


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар