Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Оразай Жеңісұлы: Алтай асып келеріңе сенемін......

06.05.2016 4335

Оразай Жеңісұлы: Алтай асып келеріңе сенемін...

Оразай Жеңісұлы: Алтай асып келеріңе сенемін... - adebiportal.kz



13162126_552581978279604_259230235_n.jpg

ТЕҢБІЛКӨК


«...Сүйек бүтін. Жара жазылды.
Әйткенмен... әуелгі, тума кебімді ұмыта алмайды екенмін.»


М. Мағауин


«Кесік бас – тірі тұлып»

Шайқы ғасыр шайқап өтті мені де.
Қапияда құйылғандай құмға арай.
Өріктінің өзеуреген деміне,
Өліктерін иіскеткен жылдар-ай!


Құлағымда қоңыр зарлық жел еді.
«Өткеніңнің қасіреті менмін»- деп...
Түсімде ылғи Алтай асып келеді,
Құйрық-жалы қан-қан болған Теңбілкөк.


Кісінесе көкірегі жыртылып,
Нырау тартқан алакөңіл мендегі.
Ұстамақ ем шылбырына ұмтылып,
Қоңыр-қоңыр тағы дертім меңдеді.


Көп өксиді, көп өксиді жануар,
Мұңы, Зары көз жасынан бұрқырап
Кәрі Алтайдың, бабаларға саруар,
Шым-шым ғана сүйектері сырқырап,


Өтті деймін тым үрейлі бал ашып,
Жыны қашқан бақсы-бұлттар басынан.
Қасірет-ай!...
Қанға толған қарашық,
Теріп алып жүрмін жылқы жасынан.


Таушымылдық гүлдеп жылқы жасынан,
Қан мен шерін тамырына тұндырған.
Рухым-ай! Ұры ажалдан жасыған.
Рухым-ай, сүйретілген шылбырға!


Содан бері ... айтқым келіп көпке сын,
Томағалау тарта берем өңімде.
Кісілігім кері кетіп біткесін,
Кісінегім келетіндей менің де.


«Осы күнім өр басыма салық»-деп,
Тірі тұлұпқа айналғанда мен бір күн,
Мінгіздағы Алтай асып алып кет,
Теңбілдім-ай! Теңбілдім-ай!
Теңбілдім!



ЖЕҢГЕ


Тағы мұңды қоштасуды қалай ма?!
Бұл қараша кетем дейді қалайда.
Су сұрасам айран беріп жеңешем,
У сіміріп жүрсің өзің алайда.


Менің де аққа белгілі ғой жарығаным…
Жүрегімді шоқып ылғи қарға - мұң.
Жылы күзді сен әліде күтесің,
Жылы жаққа кету - менің арманым.


Сағат санап солды неге өңді рең?
Жеңге, жеңге тоңды жаным, тоңды дем.
Қарашығың қара түнді суарған,
Шақтарыңды Ол білмейді.
Мен білем.


Жеңге, жеңге түсімде әлде өңімде,
Сынған айна сезімің бе, сенім бе?
Сенің ояу көздеріңді кезген Түн,
Тамағымды тырнап кеткен менің де.


Өкіндірген, өшіктірген, жандырған,
Тек сағыныш Түн ішінде жаңғырған.
Бірге қашып кетсек деуден қорқамыз,
Ол кісіден…
Одан бетер Тағдырдан.


Сенің жаның осы күзді қалай ма?
Мен кетемін жылы жаққа алайда.
Қара түнде қанжылаған қараша,
Жылатамын деп тұрғандай қалайда.



АҚ БАРЫС


Пешенеме пысқырмастан жазулы,
Бір бейітті іздеп шықсам қазулы,
Қарсы алдымнан борт-борт келген боз елес,
Ақ барысым, алты құлаш азулы.


Біздің туыс тағдырлардың қиысы,
Жүректен тыс, тылсым ғана ми ісі.
Жалқы өскен ем жөргегімнен, азулым
Жон теріңнің бұрық-бұрық етіп иісі.


Есіркесе түн мендей бір пақырды,
Алты қырдан ақ елесің шақырды.
Жалғыздықтың өлкесінде жаңғырып,
Дауысымыз қалды ма екен ақырғы.


Біздің тағдыр, біздің тағдыр зар аңыз,
Ауық-ауық асқынғандай жарамыз...
«Сығыр көздің» сұғы өткені мұң еді
Содан бері сирек тартты қарамыз.


Содан бері... көкіректе тоң қатып,
Жай ашуын оңға да атып, солға атып,
Құзар шыңнан қайтпай қойдық,
төменнен,
Қоңыр зарлық-желмен сәлем жолдатып.


Мейлі қоғам сөлкебайын бұлдасын.
Жалғыздығым менің сендей мұңдасым.
Және бізге өкпелеуге қақы жоқ,
Бауыздаумен былғап кетсек Түн басын!


Ақ барысым сені айуан демедім.
Дәуір төсін қан-қан еткен мен едім.
Алқымыңнан аспан түсі алаулап,
Алтай асып келеріңе сенемін.


САЙТАНКӨБЕЛЕК


Осы түн бозінген жыр боталады.
Бұлт мұңын жанарыма қотарады.
Сарылып жеткен сайтанкөбелегім,
Кірпігімнің ұшынан от алады.


Үркектей үнсіз қалам, тосыламын.
«Әй, қайда соғар» деумен осы лаңым.
Сабалап күйіп жатқан қанатыммен...
Ән салады Ол,
Мен оған қосыламын.


Солайша күн өреміз, түн өреміз.
Бұрымына жұлдыздың гүл өреміз.
Бос қабірдің тасына басымызды,
Сүйеп алып (неліктен?) түнереміз.


Соңғы айтқаны Дала, Жел, Тау болатын.
Ал сауғала жүректі, сауғала түн!
Жылай да алмай кеткен-ді қоштасарда,
Қолыма ұстата сап сау қанатын.


Алжасып біткен шақта ақылым да,
Күл болып кетті түннің жатырында.
Ол менің тағдырым ба дей беремін,
Өз отына өртенер ақырында.


Әй, Сайтанкөбелек-ай!


***


Көктем күліп құшақта
салады еске өткенді.
Қайта оралған көгершін
«саған хат жоқ» – деп келді.
Тағы бір гүл тым ерте
солар ма екен, япыра-ай,
Төге салсам жасыма
сіңіп алған өкпемді.


Өлі көктем тағы да
жансыз-жансыз сыр ақтар.
Сағаныш ол сағыныш
келер, кетер, жырақтар.
Сәулесінен шырақтың
шашыраған жалғыздық,
Жалғыздықтың көзінде
қарауытқан шырықтар.


Шегір көзді шырақтай
сәрі құшып өшем бе?!
Өткен күннің баянын
жарамайды кеш өңдеу.
Түнім, түнім, досым-ай
жұбанышым, мұңлығым.
Таң атпайды білсеңіз
менің ғана көшемде.


Әлі де ұзақ қараймын
әне-міне келердей.
Сағынамын, сағынам...
сорлы жүрек семер ме, ей?!
Көкірегі шер сыздап
түн асылса арқама,
Балапаным, сен бе деп,
селк етемін өлердей.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар