Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Отандық драматургияның бүгіні мен келешегі кең ауқ...

Отандық драматургияның бүгіні мен келешегі кең ауқымды қамтуы тиіс

10.04.2026

104

Отандық драматургияның бүгіні мен келешегі кең ауқымды қамтуы тиіс - adebiportal.kz

Өткен жылан  жылы, отандық театр өнерінің тарихына өзіндік бояу сіңіріп, бүкпесіз бұрылыс жасағаны баршаңызға мәлім. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі өте түйіткілді оқиғалардың күрделенуіне қарамай, тоқтаусыз аға ілгерлеп келе жатқан театр өнерінің қоржынына, бірқатар белгілі  аға буын авторлармен іні буын қаламгерлердің, заман талабына сай жазылған драматургиялық шығармалары, бірінің артынан бірі лек-легімен қойылып келеді. Әсіресе енді бой көрсете бастаған жас дарындардың жазылған пьесалары көзқарақты көрермендеріміздің көз аймына айналып, ел қошеметіне бөленіп отыр.  Бұл бүгінгі отандық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, соның ішінде ұжымдық жұмыс болып есептелетін театр өнерінің алға ілгерлеп келе жатқанның айқын көрнісі. Деседе дербес ойлап, діттеп істейтін бірқыдыру маңызды мәселелер де, театр әкімшілігіменен шығармашылық бірлестіктің көзге көрінбейтін қыруар жұмысын, қатардан тыс қалдыруға келмейді. Онда өнер өндірісінің жаңа кезеңге қадам басуы үшін, әр сәт сайын сабырын сарқитын сансыз мәселелер, бірінен кейін бірі туындап жатады. Ол мейлі киім үлгісі жағынан болсын, мейлі жарық мәселесі жағынан болсын бәрі-бәрі тағатыңды сынайтын, тәрбиеңді шыңдайтын үздіксіз жүріп жататын күрес алаңы.  Автор жазған ең әуелгі дүние әуелде електен өтіп, көркемдік кеңстің талқысынан сұрыпталғаннан соң, режиссердің ерік қалуы бойынша үлкен сахнаға қарай жол таратады. Осы барыста екшеп алынған пьеса реті келсе сан рет өзгеріске ұшырап, сан рет құбылуы да мүмкін. Себебі пьеса авторы дайындап әкелген дүние әуелде шикізат есебінде қаралады. Артынан пьесаны қоюушы режиссермен, образ сомдаушы актердің әр қилы бейнеге өзгеру барысында ептеп шынайы, көркем дүниеге қарай ойыса бастайды. Сол арқылы  бір жыл не кемі  3-4 ай көлемінде толыққанды, тиянақты спектакль жалпы көрерменмен қуышады. 

2025 жылы отандық театр сахнасынан бой көрсеткен бірқатар білікті авторлардың драматургиялық шығармалары көрермен көңілін толқытқаны  әммеге аян. Солардың арасында әріптесіміз жазушы-драматург, халқаралалық Алаш әдеби сыйлығының иегері Мадина Омарованың Атырау Жастар театрында қойылған, Қазақстанның Еңбек ері І.Жақановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Еділ-Жайық» мюзиклі (реж.: А. Маемиров). «Асылтас» қоғамдық қорының «Асылтас» жеке театры сахналаған «Мені тауып алшы» әлеуметтік драмасы (реж.: Е. Нұрсұлтан). қойылса, ал жазушы-драматург Қолғанат Мұраттың  Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Мұғалім» әлеуметтік драмасы,  іле-шала Тараз қалалық жастар театрында «Қиянат» детективі   ел назарына ұсынылып жатты.  Бұл бүгінгі атқарлып жатқан ұшан-теңіз еңбектің кешегі алптар шоғыры қалптастырған сан-салалы ізденіс жолының бір парасы ғана. Сонымен қатар белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанып жатқан «Менің Мұстафам» монодрамасы, Мемлекеттік қуыршақ театрында жүріп келе жатқан «Ұртоқпақ», «Ертөстік» деп аталатын балаларға арналған драматургиялық шығармалары сахналанса, өзіміздің үзеңгілес замандасымыз жазушы-драматург Әлібек Байболдың 2025 жылдың 10 желтоқсанында Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қойылған «Аңсар» драмасы (Режиссері — Ақылбек Хамитов) 2025 жылдың 27 ақпанында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Хеллоу Барселона» («Hello Barcelona») атты аудармасы қойылды. Сондай-ақ жазушы-драматург Жәнібек Әлікеннің Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сахналанған "Махаббатым сен" драмасы. (Режиссер. Бәзіл Сұлтанғазы)  "Айқаракөз ", "Өмір өрнектері" пьесалары Жаңаөзен халықтық театрында көрермен қошеметіне бөленсе, жазушы-драматург  Ақлима Сапардың Астана Жастар театрында сахналанған «Сүйікті етші, сүйіктім» әлеуметтік  драмасымен қатар, 2025  жылдың 7 сәуірінде Ақтөбе қаласындағы Д. Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы КММ «Уақыт» балалар театрында, Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» әңгімесінің желісі бойынша, әлеуметтік мәселелерді қаузаған тартымды қойылым, жас көрермендерге қарай  жол тартты. (Шығарманы сахнаға лайықтап, инсценировкасын жасаған: Әлібек Байбол, Ақлима Исмаил, Сағадат Ордашева. Режиссері — Фархад Шынтеміров) Ал бүгінгі өнер бәйгесінде өзіндік қолтаңбасы айшықталап, жалпы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп  келе жатқан қарымды қаламгер Алишер Рахаттың   Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында койылған “Қыр баласы” пьесасымен бірге ( Режиссері: Шағуан Үмбетқалиев) Өзгеэпик өнер кеңістігінде сахналанған “Құштар” деп аталатын интеллектуалды драмасы қалың елдің алқауына бөленіп, сүйспеншілігіне кенеліп  келеді. Бұл біздің бүгінгі көз көріп, куә болып отырған авторларымыздың бір жылдық табан ақы, маңдай терлерінің жемісі. Осы азаматтардың арасында оқ бойы оза шауып көш бастап, топ жарып келе жатқан жазушы-драматург  Айдана Алама, Қазбек Аманжолдың, Жақсылық Мұратбектің, Мия Әлғожайеваның, Манарбек Қыдырбайдың, Елдос Тоқтарбай, Сағадат Ордашев сынды драматургтердің республикамыздың түкпір-түкпіріндегі облыстық және ұлттық тетарларда сахналанып жатқан салмақты дүниелері, көзқарақты театр көрермендері мен театр әкімшілігінің қолдауына ие болған, өз бағасын алған өзекті дүние екендерінде дау жоқ. Бірақ осы жолда табандап күрес жүргізіп, күрмеуін шеше алғандардың саны саусақпен санарлық қана. Мемлекеттік деңгейде шығармашылықпен айналысатын өнер орталықтарыменен әсіресе театр ұжымына қатысты оң көзқарас болғанымен де, театрдың репертуарын байытып, кеңістігін кеңейтуде әлі де болса олқылықтар шаш етектен. Неліктен олай дейтін болсаңыз жауабы айналып келіп бір мәселеге тіреле береді. Ол авторларға төленетін қаржының тапшылығы дейді. Әр жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қомақты қаржылардың  кейде, қай мақсатқа тұралап жұмыс жасалып жатқанын ешкім де дәп басып айта алмайды. Себебін сұрасаңыз сан-саққа жүгіртеді. Сонда  өнерді ұйыстыра білетін басшының  толық қанды менеджер бола алмағандығынан ба? Жоқ әлде бөтен бір себептен бе, түсініксіз... Құдайға шүкір ортамызда жол көрсетіп, жаңа бетбұрыс жасағысы келетін іскер азаматтары  арамызда аз емес. Егер реті келіп, ораты туып жататын  болса сол жастарға мүмкіндік беріп, сынап көрулеріңізге әбден болатын сияқты. 

Театр өнері – ол жалпы адамзаттық үлкен құндылыққа айналған бірегей тірі организм. Онда кеше және бүгін һәм болашақ деп аталатын үлкен ойлардың толық жиыны өрбиді. Егер біз бүгінгі  ұрапақтың болашағына шынайы жан ашитын, бүйрегі бұратын ел екеніміз ақиқат болатын болса, онда жаңа кезеңге қарай қадам басуымыз керек тәрізді. Мұнда әуелі отандық драматургтерді  қамтамасыз ететін жүйені іске қосуымыз керек. Қашанғы басқа біреудің қаңсығын, өзімізге әкеп таңсық ете береміз. Біздің арамызда сен тұр, мен атайын дейтін қыз, жігіттер аз емес қой. Әр қайсысының уақыт талабына сай, ұтымды жазылған пьесаларын неге сахналамасқа. Мысалға ел тарихы, отан құндылығы, Алаш айбыны жайлы жазылған Елдос Тоқтарбайдың Қызылорда “Жастар” театрында қойылған  “Жас алаш. Шындық шырағы” атты тарихи драмасында, осыдан 100 жыл уақыт бұрын талай тарихтың ізі қалған Ақмешітке арман туын көтеріп келген Алаш қайраткерлерінің болмыс-бітімін бұрмаламай шынайы көрсетті.

 Драма сөз жоқ  алаш алыптарының көзі, ізі саналатын Гүлнар Дулатова апамыздың “Шындық шырағы” естелік кітабына негізделіп жазылған. “Біздің ең шуақты күндеріміз Қызылорда да өтті” деп басталатын Гүлнар Міржақыпқызының  қайталанбас тарихи тұлғалардың мемлекетшіл, ұлтшыл болмысымен қатар отбасындағы ақжарқын сәттерін, аға-іні, адал жар, қамқор әке ретіндегі үлгілерін шынайы, қаз-қалпында сахналауға тырысқан. Әрине Алаш қайраткерлерінің бейнесін сахнаға түгелдей алып шығуға жас театрдың әзірге шамасы келмейтіні кім-кім үшін де түсінікті. Сол себептен де Міржақып Дулатовтың бар бейнесін ашуға күш салып, Ахаңды жанама ғана сомдап, көптеген асылдарымыздың драмада тек атын атаумен ғана шектелген. 

Жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы  айтқандай “ Біз бергі жиырмасыншы ғасырдың өзінде-ақ ұлт ретінде соққыны үстін-үстіне көп алған, шер-шеменнен іші қатып қалған халықпыз. Сол шерді өз деңгейінде сыртқа шығара алған жоқпыз. Соны түгелдей шығарып тастаған кезде бойымыз жеңілдеп, баяғы қасиет-қабілетіміз қайта оянып, шерден босаған орын толып, жаңа биіктерге бой ұратын ұлт ретінде сапамыз артар еді. Спектакль жүріп жатқанда жан-жағымды байқап отырып, көзі боталаған көрерменді көп көрдім. Міне бұл іштегі шердің шығуы. Осындай спектаклдер, кинолар көбірек болуы керек. Жас ұрпақ үшін қажет ағартушылықтың бір парасы осында!” -  дейді. Енді ұзақтан ырғап, қысқадан күрмеп отырудың қажеті жоқ. Ұлттың оянуы, рухының қайта серпілуі үшін де әлі де болса осындай рухты дүниелер көп жазылып, көп қойылуы керек. Сонда ғана өзіміздің ұлттық келбетіміз, мемлекетшілдік дүние танымымыз біртіндеп алға шығады. 

Жасырары жоқ біз өнер тудырушы өрісі кең ойлы азаматтар ретінде ара-кідік кей тұста кенжелеп қалған, қоғамымызда әлі жалпыласып үлгермеген аса дәріптеле бермейтін  басқа жанрларғада баса назар аударғанымыз жөн. Мысалға опера жазу немесе балалар драматургиясына айырқша назар аударту сияқты ерекше жанар түрлеріне табандап кірісетін уақыт жеткен секілді. Ел болашағы бүгінгі жастардың қолында дейтін жасампаз ұранның жаңғырығына еліре бермей шынайы, нақты қадамдарға қан жүгірткеніміз әлде қайда абзалыр-ақ болар еді. Әуелі бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағына тәуелсіздіктің қадыры мен қасиеті туралы қаншалықты үгіт-насихат жүріп жатыр, соны анықтап алсақ? Біріншіден мұнда ұрпақ тәрбиесі отбасыдан басталатыны айтпасақта түсінікті. Бірақ балапандардың ой-көкжиегін кеңейтетін шағармалар қай деңгейде қолға алынып жатыр, және қалай жазылып жатыр? Әрі оны сахналау барысымен, жарнама жүргізіу үдерісі кемшін түсіп жатқан жоқ па? Бәрімізді ортақ осы сұрақтар алаңдатса керек. Құдайға тәуба, қазақ баласына арнап шығарма жазған авторларымыздың қатары кем емес. Егер реті келсе сол кісілердің жазғандарын талқыға салып, електен өткізу арқылы мейлі ол проза не поэзия болсын ептеп сахнаға лайықтап екшеп алуға болар еді ғой. Жазылған шығарма жақсы, көрнекті дүние болатын болса, онда автормен тікелей жұмыс жүргізіп, жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік туғызар едік. Сол арқылы тағы да бір сахна майдангері ортамызға қосылар еді. Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі отаншыл ұландардың ұлттық мәдениетін қалыптастырғымыз келсе, әуелі осы балалар драматургиясына, оның етек алып биікке көтерілуіне барынша жағдай жасағанымыз әлдеқайда маңыздар-ақ болғалы тұр. Қажет болса үлкен деңгейде үлгілі феситвальдер өткізу, Халқаралық деңгейде бәйге-байқау жариялау жаңа кеңістіктерге қарай жол ашар еді... Әр жолғы  айқасы толассыз жүріп жататын өнер майданында, үздіксіз еңбек етіп тер төккеннің нәтижесінде өткен жылан жылы біраз авторлардың еңбектері кітап болып басылып шықты. Сол авторлардың бірі де бірегейі жазушы – драматург Әлібек Байбол  екі бірдей драматургиялық кітаптің авторы атанды.  Оның бірі «Kitap баспасынан» әлем драматургиясына арналған  «Құбыжық»  (1-ші том)  және «Туған күн» (2-ші том) атуларымен  жарыққа шыққан еңбектері болатын. Онда автор Мариус фон Майенбургтің «Құбыжық», Валентин Красногоровтың «Мінсіз отбасы», Гарольд Пинтердің «Әліптеме», Кобо Абэның «Таяқ», Нил Саймонның «Әумесерлер», Родион Белецкийдің «Жалындаған жастық шақ», Рэй Кунидің «Туған күн», Сэмюэл Беккеттің «Огайо стиліндегі экспромт», Славомир Мрожектің «Теңізде», Сомерсет Моэмның «Сұлу мен отбасы», Теннесси Уильямстың «Айтулы ойын», Василий Шукшинның «Адамның өмірі» атты драмаларын қазақша сөйлетті. Сонымен бірге көрнекті жазушы-драматург  Елан Әлімжанның «Жанұран» драмалар мен комедиялары жинағы кітап боп басылып оқырман қауымға қарай жол тартты. Бұл кітап мазмұнына автордың «Шах Махмұт», «Төле би», «Абылайханның серті», «Сері мен сұлу», «Ақ періште – арманым!», «Бір қазаққа - бір қатын!», «Әйелдер бір іс бастады» деп аталатын комедиялар мен драмалары енген. Қорта айтқанда өткен жылғы атқарылып жатқан шауалар легі аз емес. Бұған дейін де істеліп жатқан шығармашылық ізденістің, бұдан кейінде жалғаса беретіні дауысыз...

 

Жақсылық Мұратбек

Жазушы-драматург,

Қазақстан Жаушылар одағының мүшесі

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының

Ғылыми қызметкері

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan