Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры қойған жаңа премьера «Париждегі екі әйелге» бардық. Бірінші назарымызды аударғаны – спектакльді көруге келген көрермен арасында корей ұлтының адамдары көп болғандығы. Екінші ерекшелік – қойылым бастан аяқ дерлік корей тілінде жүріп жатты, ара арасында орыс тіліндегі монолог, диалогтарға түсініп алуға жақсы болды деп қуанып отырдық. Аударма болмады емес, болды, бірақ сахнаның төменгі жағында майда әріптермен жазылғандықтан, көрерменнің бірі оқи алды, бірі оқи алмағаны анық. Егер опера және балет театрындағыдай жазу жоғарыдан жүріп жатқан болса, бұл көрермен үшін ыңғайлы болар еді деп ойладық. Дегенмен, жалпы оқиға барысынан, өзімізге соншама жылы ұшыраған Раневскаяның әңгімесі арқылы біраз жайды түсіне алдық.

Чеховтың «Вишневый сад» пьесасындағы үлкен бақтың, үй-жайдың иесі болған жесір әйел, баласы суға кетіп қайтыс болғаннан кейін көңілдесімен Парижге кетіп, ол көңілдесі қарызға батып, соның қарызын жабамын деп ақшаны судай шашып, ақыры Ресейге оралып, атақты бағын, үй жайын көпес Лопахинге сатуға мәжбүр болған Раневская есіңізде шығар? Сол Раневскаяны осы қойылымнан да көрдік. Ал екінші әйел корейдің атақты суретшісі. Оларды осы жерде жолықтырған не жағдай?

Бұл спектакль екі әйелдің диалогы арқылы Корея халқының тәуелсіздік жолындағы күресін баяндайды. Тарихи оқиғаларды тек дерек ретінде көрсетпей, адам тағдыры арқылы тереңірек ашуға ұмтылады.
Жобаның ерекшелігі үш елдің актерлері бір сахнада өнер көрсетуінде. Іріктеу өткен жылдың қаңтар айында ұйымдастырылған. Кореялық PIAC театр компаниясының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Ра Чжин Хван Қазақстанға арнайы келіп, жергілікті актерлер арасында кастинг өткізген. Қазақстан атынан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Капаев пен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар Ресейдегі Электротеатр Станиславский және Оңтүстік Кореядағы PIAC театрының әртістері ойнайды. Бұл ынтымақтастық мәдениеттер арасындағы рухани байланысты көрсетеді.

Спектакль оқиғасы 1940 жылдардағы Парижде, Люксембург бағында өтеді. Мұнда Кореяның алғашқы кәсіби суретші әйелдерінің бірі, тәуелсіздік үшін күрескен На Хэ Сок пен Любовь Раневская кездеседі. Жаңа айттық, Раневская кейіпкері Антон Чеховтің «Вишневый сад» пьесасынан алынған. Режиссердің неге бұндай шешім жасағанын ойлап көрдік. Суретші На Хэ Сок өмірде болған адам, шынымен де Парижде тұрған, корей тәуелсіздігі үшін қайрат көрсете алған феминист, ақырында жоқшылықта қайтыс болған. Ажырасқан, еңбектерін сата алмай, сырқатқа шалдығып, қайыршылардың приютінде болып, ақыр аяғында моласы да белгісіз болып қалған бұл суретшіні корей халқы сурет өнеріндегі ерекше жолы бар новатор ретінде және әйелдер құқығын қорғаушы тұлға ретінде құрметтейді. Ал Раневская ше? Ол Парижге өзінің жеке басының жағдайымен келген адам. Спектакльде Раневскаяның қызы Аня кәріске тұрмысқа шыққан болады (Чехов шығармасында ол “мәңгілік студентке” шығатын еді ғой). Яғни біреуі қайраткерлік жолымен Парижге тап болса, біреуі тағдыр айдауымен тап болған деп қисын шығаруға болады. Чехов 1903 жылы осы «Вишневый садты» жазу арқылы жаңа дәуір туып келе жатқанын, баяғы мызғымас дворян мәдениеті кетіп, әлеуметтік өзгерістер келетінін болжағанын көреміз. Шынайы тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің сұхбаты арқылы өткеннің ауыртпалығы, ұмыт қалған есімдер, қайғы мен үміт мәселелері қозғалады.

Қойылым корей азаттық қозғалысын ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі диаспора тарихын, тарихи жад пен адамгершілік құндылықтарды сақтаудың маңызын да қамтиды. Сонымен бірге корей ақындары Юн Дон Джу мен И Юк Са шығармалары, сондай ақ Фёдор Достоевский, Александр Пушкин және Абай еңбектері мен қазақ әндері қолданылып, еркіндік тақырыбы жалпыадамзаттық деңгейге көтеріледі.
Спектакль Оңтүстік Кореяның ұлттық мерекесіне, яғни елдің азат етілуінің 80 жылдығына орайластырылған. Алғашқы премьерасы 2025 жылы Сеул қаласында өткен. Астанадағы көрсетілім Корея Республикасының Елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Жер бетіндегі халықтардың бір біріне жасаған үстемдігі жайлы жазылған тарихтың қалың парақтарында қаттаулы. Соның ішінде жапондардың корейлерге жасаған қысастығы, көрсеткен қорлығы, тарттырған азабы, шектірген қайғысын режиссер барынша анық, айқын көрсеткісі келгені сондай, мұны көріп отыруға да жүйке керек екен дедік. Жапонның қаруланған арнайы жасағы ұстап әкелген адамдарға көрсетпеген қорлығы қалмаған. Ғылыми, медициналық тәжірибелер жүргізіп, оба, сібір жарасы, холера қоздырғыштарының сынамаларын салып, рентген сәулесімен күйдіріп, мұзға қатырып, газ камераларына салып, ешқандай анестезия қолданбастан түрлі сынақтар жасаған. Жапонияның 1920-1945 жылдар аралығында ерекше күшейіп, Корея мен Қытайға басқыншылық жасаған кездегі тоталитарлық, милитаристік саясатын білетін жұртшылық үшін көп дүние түсінікті десек те, жапоннан бір, Сталиннен бір көрмегені қалмаған ұлттың бастан кешкен зары спектакль басталғаннан соңына дейін естіліп тұрғандай болды.
Сталин 1937 жылы 173 мыңнан астам корейді Қиыр Шығыстан Орта Азияға және Қазақстанға депортация жасап, жүк пойыздарымен қырық күн тасымалдағанда, жолда қаншама адам қаза тапқан. Қазақстан мен Өзбекстанның жағдайы ауыр аймақтарына келген корейлер НКВД бақылауында болды. Соның бәрінен өтіп, тірі қалған халық.

Менің түсінуімше, бұл қойылым тек тарихи оқиғаны баяндау емес. Ол өткенді еске ала отырып, бүгінгі адамды рухани тұрғыдан жаңғыртуға тырысады. Әртүрлі халық өкілдерінің бір сахнада тоғысуы өзара түсіністік пен құрметтің маңызын айқындайды. Автордың «Біз бір бірімізді шынымен қабылдай аламыз ба?» деген сұрағы қазіргі қоғам үшін де өзекті. Спектакль көрерменді ойлануға, тарихты ұмытпауға және еркіндіктің құнын сезінуге шақырады.
Тарихтың ең ауыр беттері сахнаға шыққанда, ол жай ғана өткен шақ болып қалмайды, бүгінгі ардың таразысына айналады. Егер біз өзгенің қасіретін жүрекпен сезіне алсақ, онда адамзат болашағы үшін үміт бар.



Фотосуреттер Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының баспасөз қызметі бөлімінен алынды.
