2026 жылғы 16 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық кітап күніне орайластырылған онкүндік басталды.
Осы он күндік аясындағы іс-шаралардың бірі – қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған «Қабдеш Жұмаділов: Ұлт жадын жазған жазушы» тақырыбындағы әдеби кездесу болды.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер, кітапханашылар, оқырмандар және елорда тұрғындары қатысқан бұл іс-шарада дәріс оқушы – жас жазушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің бірінші курс студенті Мұхамедәли Абдуллаев болды.

Армысыздар, қайырлы күн! Ең әуелі осындай үлкен аға буын ағалардың алдында мен секілді жас баланың сөз бастағанына әрбіріңіздің жүзіңізден таңданыстың табын танып отырмын. Бүгін сөз болатын Қабдеш ата туралы әрбіріңіз менен жақсы білесіздер. Мен – Мұхаммедәли (Мұқан) Абдуллаев деген қазақтың жас жазушысымын. «Жазушы» деп өзін сенімді айту – үлкен еңбекпен келетін нәрсе. Бірақ сіздердің қастарыңызда, сіздермен салыстырғанда, мен әлі ондай еңбек сіңірген жоқпын. Бірақ қазіргі қазақтың оқырманы сиреген әдебиетінде дәл біз секілді, осылай қысылмай сөз сөйлейтін, ойын қысылмай, еркін айтатын және соны Құдайдың берген қасиетті қаламымен ақ қағаздың бетіне түсіретін біз секілді жас жазармандардың шыққанына сіздер де қуанышты болатын шығарсыздар деп ойлаймын.

1871 жылы Парижге он алты жасар бала келіпті. Ол жас болса да осындағы әдеби ортаның ортасына қайнап түсіп, өзіне үлкен ағаларын сынап, алайда жөнді сөз айтып, Парижді дүр сілкіндіріпті. Оның есімі - Артур Рэмбо екен. Рэмбо он алты жасында әдеби ортаға біте қайнасып, француз әдебиетінің классик ақынына айналған тұлға. Мен де сіздердің алдарыңызда дәріс оқыдым демейін. Қабдеш атам туралы бір ауыз сөз айтсам, сіздер де маған ренжи қоймассыздар. Себебі ХІХ ғасырдағы француз ортасы, француз әдебиетінің өкілдері Рэмбоны қалай қабылдаса, сіздер де мен солай қабылдайды деп ойлаймын.

Өткен ғасырдағы америка әдебиетінің үлкен өкілі Хемингуэйдің айтқан жалғыз ауыз сөзі бар: «Жазушы болу қиын нәрсе емес: қолыңа қаламыңды аласың да, жазу үстелінде отырасың да, өзіңнің қаныңды төге бастайсың.» Яғни жазушы болу деген нәрсе – өзіңнің қаныңмен жазғандай, өзіңнің жаныңды жұлып жазғандай нәрсе. Яки қазақтың әр жазушысы, әсіресе қыспағы қатты совет дәуірінің жазушылары – сөздің майданына түскен жазушы» деп айтуымызға болады.

Біз бүгін сөз ететін Қабдеш атамыз – дәл Мұхтар Әуезовтердей қысым көрмегенімен, заманның қатты тұсына тап келді. «Алпысыншы жылғылар» деген термин бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетте дүркірете келген Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Асқа Сүлейменов, осы Қабдеш Жұмаділов бар, осындай жас жазушылар өзінен бұрынғы аға буынның ізін басып қазақтың әдебиетіне келді. Және жай келген жоқ, өзіндік тың идеямен, тың қуатпен, жаңаша жазумен келді. Мен атаған, атамаған алпысыншы жылдардағы қаламгерлер қазақтың әдебиетін дүр сілкіндірді.

Соның біреуі - Қабдеш Жұмәділов. Қабдеш Жұмаділовтің өзінің айтатын сөзі бар: «қыл көпір» деген. Бұл – бір дәуірден екінші дәуірге өтіп бара жатқан кездегі алмағайып кезең. Дәл осындай кезеңге қатысты ағылшындардың: «Бір ғасырдан екінші ғасырға өтіп бара жатқанда туыл» деген қарғысы бар ғой. Біз сондай бір заманда туылдық. Сіздер, өткен ғасырда туған ағалар, ол кісілердің көзін көрдіңіздер және қазақ әдебиетінің ең бір керемет шағын көзбен көріп қалдыңыздар. Ал осында отырған студенттер қауымы, біз секілді жастар ол кезді көре алған жоқпыз және көз жазып қалдық десек болады. Себебі заман алмағайып болды, ел болып етегімізді зорға жидық және осындай күнге жетіп отырмыз. Дәл осы кезеңде, қазақ әдебиетінің сол әйгілі өкілдерін көзімен көрген сіздердей кісілермен сұхбаттас болу, бір үстелдің үстінде бас құрау, ол – біз үшін де үлкен мәртебе екенін айтқым келеді.

Бүгінгі тақырып – «Ұлттың жадын жазған жазушы.» Әлем әдебиетінде басқа ешқайдан кездестіре алмассыздар, қазақ әдебиетінде тарихи жанр деген ерекше бір жанр бар. Тарихи романдар, тарихи шығармалар жазған, қазақтың тарихын тарихшылардан артық халыққа жеткізген халыққа танытқан – біздің жазушылар болды. Бұл үрдіс Мұхтар Әуезовтен басталды. «Абай жолын» тарихи шығарма ретінде жазып, қазақ даласының жарты ғасырлық суреттемесін бере алған үлкен жазушы болды. Одан кейін Есенберлиннің, Мағауиннің т.б. көптеген тарихи романдар шықты. Осылардың ішінде ойып орын алатыны, ол – Қабдеш Жұмаділовтің жасаған шежіресі. Қабдеш Жұмаділов қазіргі қазақ жерінде қалған қазақтың тарихын жазған жоқ.

Бізді, Қазақ жағында, Қытай жағында қалған қазақты қалай бөлді, біздің тарихымызды да совет дәуірінде дәл солай бөлді. Қабдеш атамыздың естелігінде: «1950 жылға дейін қазақтың даласында арғы бетте, Қытай жағында қазақ бар деген сөз айтылмады», - деп айтылған екен. Ал сол кездегі Қазақстандағы демографиялық есепті қараңыздар: елуінші жылдары ашаршылықтан, соғыстан селдіреп зорға дегенде жеткен екі-үш миллион ғана қазақ болды. Ал арғы бетте бір миллионнан астам қазақ отырды. Ол – үлкен қауым, үлкен диаспора. «Арғы бетте, Қытай жағында сендердің туысқандарың бар, сендердің қандастарың бар» деген жалғыз ауыз сөзді айтуға жарамады, совет үкіметі. Қабдеш Жұмаділов осы кезде, 1954 жылы келді. Сол кезде Совет үкіметі мен Қытайдың арасы жақсы кезде, жолдамамен келген ғой. Сондағы сәтін былай деп айтады: «Мені көруге қазақтың студенттері «зообаққа жаңа жолбарыс келді» дегенді естігендей болып келді. «Зообаққа жаңа жолбарыс келіпті» дегенді естігенде халық қалай шұбырса, олар да мені жаңа аң көргендей, солай қарсы алды. Менің сөйлегенімді естігенде таң қалды: «Ой, мынау қазақшаға судай ағып тұр екен ғой!» - деп таңданды», - дейді. Совет үкіметінің соншалық тұмшалағанын Қабдеш Жұмаділовтің осы жалғыз дауыс сөзінен көрсеңіздер болады.

Мен қаламгердің тұлғасын екіге бөлер едім. Бірінші – қалами қарызы, қалами атқарған міндеті. Екінші – азаматтық борышы. Қалами қарызын атқарған жазушылар көп шығар. Әлем әдебиетіндегі кез келген жазушыны, мысалы Бальзакті, Моруаны немесе Достоевскийді алыңыз: олардың жазушылық қалами қарызы өтелген. Бірақ азаматтық борыш, өзінің халқына еңбек ету деген нәрсе – екі жазушының біреуі атқара алмаған жұмыс. Мен жазушылардың атқарған азаматтық борыштарын дәл осылай бөлемін. Олар бұл борышты көбіне жас кезінде атқарыпты. Атап айтқанда: Мұхтар Мағауиннің «Алдаспанды жазғаны, қазақтың жырауларын тірілткені. Ол жазушы болмай тұрып-ақ осы жырауларды тірілтті. Осы еңбегі үшін-ақ ол Мағауин атануға, қазақтың үлкен қабырғалы тұлғасы болуға лайық. Дәл солай азаматтық борыш атқарған, сіздер танырсыздар-танымассыздар: Мұнайдар Балмолда деген жазушы бар. Қазір Орал өңірінде тұрады. Сол кісі де жазушы болмай тұрып, тоқсан бірінші жылы Орал ереуілінде он мың адамды көтеріп, халықты бастап шығып, казактардан Оралды қорғап қалған. Демек жазушы жазушылық міндетін атқармай тұрып, жазушы ретінде танылмай тұрып, осындай халықты бастап немесе тарихты қазбалау арқылы өзінің азаматтық борышын атқарып шыға алады. Қабдеш Жұмаділовтен де дәл осындай нәрсені көреміз. Жаңа айттық қой, ана жақта бір миллион қазақ қалып қойды деп, алпыс екінші жылы, ол Қытайға қайтады. «Бір қыс бойы дайындалып, қашуға жоспар жасап, халықты хабарландырып, құлағандырып, бір айдың ішінде екі жүз мың қазақты көшіріп әкелдік», - дейді, Қабдеш Жұмаділов. Мен оның ішінде көшкен қазақ боп жүрген жоқпын, ұйымдастырған, шекарадан алғаш бастап шыққан қазақтардың бірі болдым», - дейді. Яғни ол кісінің азаматтың парызы қаламгерлік қарызынан бұрын өтелген. Ол – сол алпыс екінші жылдың өзінде екі жүз мың қазақты соңынан ертіп Қазақстанға көшіріп әкелуі. Ал енді дәл осы нәрсе болмағанда не болар еді? Қазақстанда қазақтың саны төмендеп кеткен кезде екі жүз мың қазақтың қайтадан қазақтың даласына келіп қосылуы, ол деген – кәдімгі қанын жоғалтқан адамға қан құйғандай нәрсе деп есептеуімізге болады. Сондықтан Қабдеш Жұмаділовтің азаматтық борышы алпыс екінші жылы-ақ өтелді деуімізге негіз бар.

Қабдеш Жұмаділовтің романдарын білесіздер, бәріңіз таныссыздар, оқыған боласыздар. «Соңғы көш», «Тағдыр» және басқасын алып қарасаңыздар, арғы беттегі қазақтың тарихы, тағдыры бар. Ол кісінің бүкіл жазушылық жолындағы ортақ тақырыбы осы нәрсеге айналып кеткендей. Яғни арғы беттегі қазақтың тағдыры. Көшіп барған қазақтың көрген сүргіні мен қорлығы. Әлем әдебиетінде дәл осындай жазушылар болған ба деп ізденіп көрдім. Мысалы, Польшада еврей диаспорасының дәл осындай тарихын жазған Исаак Зингер дейтін жазушы болыпты. Америкадағы үнді диаспорасының тағдырын жазған Чумба Лахари, тағы да еврей дисапорасының тағдырын арқау еткен Сол Беллоу, т.б. атауға болады. Олардың қайсыбірін алып қарасақ та, ол диаспорлардың ешбірі елінен босып қашқан диаспорлар емес еді. Ал біздің Қабдеш Жұмаділовтің ерекшелігі – заманынан қыспақ көріп, бүтіндей көшіп кеткен елдің, етінен ет кесіп алғандай, қаншама мыңы көшіп кеткен елдің тағдырын жазып бере алғандығы. Және ол нанымды түрде, сенімді түрде жазды. Өзі «Таңғажайып дүниенің» ішінде: «Мен фактіге ғана сүйенетін жазушымын», - деп айтатыны бар ғой. «Оспан батырдың бейнесін аша алмадыңыз?» - деп сұрайды ғой. Яғни осындай кейіпкерлері бар, тарихи тақырыпты көтеріп отырған жазушының осындай нақтылығы, дәлділігі бізді таңғалдырады. Әйтпесе мысалы, «Оспан батыр біздің жерімізде өмір сүрді, қазақты көтерді, ана жерде, мына жерде соғысты» деп, көркем әдеби шындықпен келтірсе болушы еді ғой. Бірақ Қабдеш Жұмаділов қалай бар, солай ғана жазады. Бұл – ол кісінің документалист жазушы екенін де көрсетеді.

Тағы бір айтарым: жаңа «азаматтық борыш» деп айтып қалдық қой, Совет дәуірінде өмір кешкен жазушылар халыққа сыйлы болды және мемлекеттен де біразы жақсы лауазымдар иемденді. Олардың ішінде азаматтық борышты өтемегендер де болды.
Ал Қабдеш Жұмаділов арғы бетте қалған Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» дейтін романын өз қолымен шығартқан жазушы. Қажығұмар Шабданұлы – қырық жыл түрмеде отырған, қазақтың үлкен қаламгері. «Қылмысты» түрмеде жазып шыққан. Бұл кісі де «Дон Кихотты» түрмеде жазып шыққан Сервантес сияқты тұлға ғой. Қажығұмар Шабданұлы Назарбаевқа да хат жазыпты: «Менің артымда он бес томдық кітабым қалып бара жатыр. Іріктеп, түптеп қойдым. Еліңе апар, бас. Менің сөзімді жеткіз. Сосын Шыңжаңда жерленетін екі метр жер тауып бер», - деген сөзі Назарбаевқа жетті ме, жетпеді ме, бірақ елеусіз қалғаны ақиқат. Ал екі метр жерді тауып бере алмағанымен, Қабдеш Жұмаділовтің өзі жеткен мұрасын бастыруға үлкен күшін, қажырын жұмсады. «Қылмыс» деген – әрқайсысы бес жүз беттен тұратын, алты том жаңағы үш мың бетті кітап қой.

Алты томды үш жылда әупірімдеп жүріп, өзінің кітаптарын ысырып қойып жүріп бастырды. Сөйтіп оның ақшасын да өзі тапқызды, өзінің кітаптарын жариялататын ақшаға арналған қаржының барын соған құйды, басқалармен келісті, сөйлесті, сөйтіп жүріп өзінің шығармасы шықпай қалса да, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» дейтін романын бізге жеткізіп берді. Бұл өте бір ғажайып роман. Әсіресе сіздер, студенттер қауымы, оқысаңыздар екен деймін. Сіздердің тарихтарыңыз – мектепте оқытқан тарихпен шектеліп қалмайды: арғы беттегі қазақтың да тарихы бар, арғы бетте де біздің қаншама туыстарымыз бар, қазіргі Астанаға да келіп жатыр, олармен де аралас-құралас болып жатырмыз. Сонда байқайтынымыз: олардың бойындағы қазақтың сөзі, мінезі, салты сақталып қалған. Бірақ өте қынжылтатын нәрсе бар: шетелдегі қазақты ол жаққа сіңіру саясаты жүріліп жатыр. Дәл осылай «Соңғы көш» деп қазақты қайтадан бастап келетін тағы бір Қабдеш шықпаса, енді бір елу жылдың ішінде ол қазақтан да айырылып қалу қаупіміз бар, оны да жасырмауымыз керек. Сондай бауырларымызды әйтеуір заманның қыспағына шыдап жүріп, Қазақстанға көшіріп алып келген Қабдеш Жұмаділовтің еңбегі ол – бір үкіметтің жасай алмаған еңбегі. Арғы беттегі қазақтың тарихын түгендеп берген Қабдеш Жұмаділов - заманның заңғар тұлғасы және оның еңбегі де заманының үлкен жемісі.

Қазіргі әдебиетті білесіздер, оқырманы сиреді, жазушысы жаман болды деп айтпаймын, бірақ оқылмай жүр. Қабдеш Жұмаділовтің өзі айтатын «тіленшінің күйін» кешіп бара жатырмыз. Бірақ мен сенемін, осы отырған жастар, біздің буын – қазір кітап оқуға бет қойып келе жатқан буын. Әлі талай жазушылар шығар. Мүмкін, алдарыңызда отырған менің өзім бір кезде қазақтың үлкен жазушысы болатын шығармын, алайды ол анық дүние емес. Бірақ арттарыңызда отырған оқырман – бір кезде қазақтың әдебиетін оқитын, қазақтың әдебиетін танытатын, ақылды парасатты, сауатты оқырман болатынына мен сенемін. Осымен сөзімді тамамдаймын! Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!
Жазушы Әлібек Асқаров өзінің пікірін білдірді: «...Қабдеш ағамызбен талай жерді бірге араладық. Қазіргі заманда жазушылар бір дүниені: көркем әдебиет дегенді ұмытып бара жатыр. Неге «көркем әдебиет» дейді? Мақаланың тілімен бұрқыратып проза жазады. Жастарды кейде оқисың, қарайсың, сөйлесесің.

«Мұнда көркемдік жоқ қой, мынау мақаланың тілі ғой?» - десем, «Жоқ, ол ағылшыншаға аударылған кезде бәрі жатық болып кетеді!» - дейді. Көрдің бе, бүйте берсе қазақ өзінің тілінің мәйегінен айырылып қалады. Радионың, иә мақаланың тілі болып кетсе, көркем әдебиет көркемдігінен ажырайды. Көркемдік деген – гүл ғой. Ол гүл – адамның көңіліндегі гүл. Сондықтан менің білетінім: әсіресе Совет үкіметінде өскен жазушыларға, көңілдеріне келмесін, бірақ мына алпысыншы жылдары әсіресе Қытайдан көшіп келген үлкен қауым әдебиетшілер бізге көркемдікті алып келді. Біз жоғалта бастаған, ана эпостарда кетіп қалған көркемдікті осы кісілер қайта әкелді.»

Журналист, еңбек ардагері Қалибек Алтыбаев кемел жазушы Қабдеш Жұмаділовтің ел мен жерге қатысты үзеңгілесе жүріп біршама істер атқарған бауыры ретінде естелік айтты: «Құрметті жастар, аға буын өкілдері, зиялы қауым! Сөз Қабдеш туралы ғой бүгін. Келешегінен көп үміт күттіріп отырған менің немерем жасындағы мына баламыз баяндама жасап таныстырды. Саған келешекте үлкен ақ жол тілеймін!» - дей отырып, Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен тұлғалық қасиеттері туралы естеліктерін бөлісті.

«Қабдеш – ұлы тұлға. Міржақып Дулатұлының: «Абайдың өлген жылы бізден қанша алыстаған сайын, оның рухы бізге жақындай түседі» деген сөзі бар. мынандай сөзі бар. Қабдештің кітабын оқыңдар. Қабдеш аталарыңның рухы сендер демейді және қазақтың салт-дәстүрін, әдет ғұрпын миларыңа сіңіреді. Оның барлығы жазушының кітабында сондай керемет жазылған. Қабдештің атына өмірден өткеннен бес жылдан соң көше, мектеп атауы берілуі керек деген мәселелер көтеріліп жатыр. Осыны да қолға ала бастасақ, артық болмас деп ойлаймын». – деді.

Жазушы, композитор Ерғожа Тілепбердиев те Қабдеш Жұмаділов шығармашылығымен бала кезінен-ақ таныс болғанын айтып өтті: «Біз де ағамызды жақсы көреміз, кітабын бала кезімізден оқып өстік. Мен Нарынқол деген ауылда тұрамын, арғы жағымызда, Қытай елінде албан мен наймандар тұрады. Біздің Нарынқолда сексен пайызы сол жақтан келген, олардың талайының жарлары, балалары арғы бетте қалып қойған: жаңағы кісілердің жылап айтқан әңгімелерін естіп өстік қой.

Кейін Қабдеш ағаның кітабын оқығанда жаңағы мен естіген өмір түгел сол кітапта да тұрды: сол біздің ауылдағы адамдар айтып жүрген өмірдің бәрі сонда тұр. Қабдеш ағаның шынайлығы осы жерден көрініп тұр. Ол кісінің кітаптары Нарынқолға да ол кісінің өте етене, жақын болды. Бәрі жапа-тармағай оқып: «Мынау біздің өміріміз ғой!» - деп айтып отыратын. Мен де мына соның әсерінен біздің қазақтар Қытайдан келмей тұрған кезде «Қайтыңдар, елге қайтыңдар!» деген өлең жазған едім. Оны жастарға беріп: «Мә, мынаны таратып, Қытайға баратындарын беріп жіберіңдерші, ел ақырын-ақырын келе берсінші!» - дегенім бар еді. Міне, мұның бәрі сол кітаптың әсері болатын. Қабдеш ағаның атына алдағы уақытта мектеп, көше берілуі керек, мерейтойы лайықты атап өтілуі керек!» - деген ой-пікірін білдір.
Қабдеш Жұмаділов туралы жерлес бауыры Қызырбек Жанасұлы да бір үзік естелік айтты.

Осылайша Ұлттық кітап күні қарсаңындағы іс-шаралардың бірі өз мәресіне жетті. Қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің тоқсан жылдығына орай атқарылар істерге бұйырса алдағы кезеңде сіздер мен біздер молынан куә боламыз, құрметті оқырман!
