Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Қабыл Әбдірахманұлы. Жәми...

Қабыл Әбдірахманұлы. Жәми

17.12.2025

4246

Қабыл Әбдірахманұлы. Жәми - adebiportal.kz

Жәмидің құжаттағы аты – Жэми. Кәдімгі үнді фильміндегі қаһарман Жэми болсын деген анасының қиялымен қойылған есім. «Жәми» деп жұрттан ұялған әкесі айтады. Ал шешесі әдейі «Жэми қайдасың?» деп «э» дыбысына екпін түсіріп шақырады. Жұрт ыстық, тату жанұяда дүниеге келсе, Жәми байғұс қып-қызыл төбелесі елді мезі еткен жанжалұяда өмірге келді.

Жанжал неден болады? Сәл нәрседен. Көбіне әйел бастайды.

– Жұрттың еркектері еркек, - дейді, село әкімін мысал етіп. Отағасы үндемейді.

– Жұрттың еркектері пысық, - деп қайдағы бір кәсіпкерді үлгі қылады.

Отағасы тағы үндемейді.

Отағасы үндемеген соң, өзіне ауыз салады.

– Ой, бишара-ай, бір жұмысты келістірші! Қай дертіңе күйейін, қай дертіңе жанайын? - деп тиіседі.

Осы жерге келгенде отағасы домбыраның үзілген шегіндей тырс ете қалады.

– Тап шешеңді… - дейді.

Әйелге керегі де осы.

– Тап сенің де шешеңді! - деп қоя береді. Содан басталады концерт. Әйел жорта ойбайға басады.

– Мынау мені сабап жатыр! Ойбай! Милиция шақырамын! Жоқ қыламын! Түрменің төрінде шірітемін! - деп жарты сағат ойбайлайды.

Отағасы болса:

– Қай құдайыңды шақырсаң да, тап ха... беліне… - деп қырсығып жатып алады.

Содан бір-екі күн екеуі бір-біріне салқын тартып жүреді. Үшінші күні ерлі-зайыптылар болып қайта шүңкілдесіп отырады. Әйелі:

– Төбелесті сен бастадың. Менің не жазығым бар? - деп наз айтады.

Бұлардың бәрін әйел мекерлікпен жасайды. Мақсаты – үйдің «атаманы» болып жүру. Үйге кірген табыстың бір тиынына дейін өзі билеу. Ал оған отағасы көнбейді.

Жәми туған кезде «атын кім қоямыз?» деген мәслихат болды. Сонда әйелі:

– Махаббат туралы үнді фильмі бар ғой: «Танцор диско». Сондағы Жэмидің атын қояйық. Тұңғышымыз. Екеуміздің мөлдір махаббатымыздың куәсі. Құлынымыздың аты – Жэми болсын, - деді.

«Қаяқтағыны тауып жүрсің?» - деп отағасы айта алмады. Мекер әйел ғой:

– Осы үйдің еркегісің ғой. Жұртқа «өзім қойдым» дерсің. Сендерде дуалы ауыз «үлкенім» дейтіндей үлкенің де жоқ. Шетінен қатын айырған бірдеңелер ғой, - деп нығарлап қойды.

Сонымен ұланақтың аты Жэми болып кетті. Бұлардан ұят кете бастағанмен, елден ұят кетпейді ғой. Отағасының ағасы келіп:

– Бауы берік болсын! Күшігіңді «Жәми» деп атай беріңдер, - деді.

Содан отағасы жағы – Жәми, әйелдің төркін жағы – Жэми деді. Айтқанда да қыбы қанғандай сол «э» дыбысына екпін түсіріп атайды.

Айналып келгенде ойлары: бәрі жабыла жүріп отағасының сағын сындыру. Отағасының түк жазығы жоқ болса да, әйелдің ішінде бір ит инстинкт: «Осыны тұқыртсам» деп тұрады. Әйелдің өшпенділігі деген осы шығар.

Жәми мектепке барды. Сабаққа жүйрік болмады. Үйде қанша жерден «оқы, оқы» деп ұрысса да, көшенің тәрбиесі басқаша.

«Жігітке бедел – ұлы айқай мен қырғын төбелестен келеді. Жастық шағыңды беделге айналдырмасаң – беделсіз боласың. Төбелесте өзіңді дәлелдесең –сөзің сөз. Мықты болсаң — сен ереже шығарасың, қасындағылар соны орындайды. Мамаңның баласы болма, алаңның баласы бол. Ситуацияны шешуді біл. Кінәңді мойындама. Әлсіздерге ілдір. Әлсіздер күштілердің кінәсін арқалау үшін жаралған. Братандарыңа қызмет ет. Ақша тап», - дегендердің ішінде жүрді.

Абыройсыз жолмен кетіп бара жатқан еді, бәлкім бір пәлеге де ұшырар ма еді, кім білсін.

Сол бір күні бір кісінің үйіне ұрлыққа түсті. Үш бала болып қас қарайғанда шарбақтағы темір-терсекке қол салған. Көшенің басындағы темір қабылдайтын орысқа апарып өткізіп, мың теңгеге жетпейтін ақшаны үшеуі бөліп алды. Өздерінше «көп ақша таптық» деп мәз.

Таңертең темірдің иесі қасына ана екеуін ертіп келді.

– Жәми, темірдің ақшасын бер, - дейді көршісі.

– Не? Қайдағы ақша? Білмеймін…

– Ауламнан темір ұрлап, сатып жібердіңдер ғой!

Жәми үндемейді. Ана екеуі жыламсырап, бас изеп тұр.

– Мен мыналарды танымаймын, темір алған жоқпын.

– Қалай танымайсың, күнде бірге ойнап жүрсіңдер ғой.

– Ойнаймын, бірақ танымаймын. Темір алған жоқпын.

– Жүр, әйда, темір қабылдайтын орысқа барамыз. Сол айтты, үш бала келіп сатып кеткенін.

Жәми шешесіне қорғасайшы дегендей жыламсырап қарады.

– Әй, көрші! Алмадым деп тұр ғой. Алмаған баланы қорқытып мойындатасың ба?

– Машинамның темірі ғой. Әрқайсысы бір тоқтылық құны бар.

– Өзіңіз де жүріңіз, сенбесеңіз. Орыс айтып тұр: осы үшеуі әкеліп тапсырды деп. Мен темірді қайтып алуым керек. Бұлар оны өткізіп жіберген.

– Ойбай, қаншаға?

– 1000 теңгеге.

– Соны да ақша деп тұрмысың?

– 1000 теңге көп ақша емес. Бірақ бүгін 1000 теңгенің темірін ұрлағандар ертең миллиондарды ұрлайды ғой.

Енді байыбына барған әйел:

– Не дейді, ойбай, ұрлықшы атанғанша неге өліп қалмайсың? Бізді тірілей көмдің-ау! – деп ойбайға басты.

– Әкеңе айтайын! - деп телефоннан отағасына соқты.

– Мына арам сідігің ұрлық жасапты. Мелиса келіп тұр. Көршінің 500 000 теңге тұратын машинасының темірін ұрлап, сатып жіберіпті. Ал төле де құтыл. Қарызымыз аздай, өзі оңбағанның баласы оңушы ма еді. Өлтірді ит! Жама-а-ан болып тұрмын. Инсульт алып қалмасам болар еді…

Осы жерге келгенде тап бір әртісше «а-ых, а-уһ» деп буынып, болды да қалды.

Отағасы да:

– Ондайы жоқ еді ғой. Балалық жасаған шығар, - деп жайбарақаттыққа салған сайын, әйелдің осы тұқымда қайтпаған кегі, алмаған өші бардай:

– О, сорлы! Әлден балаға тілің өтпейді, сүмелек! Ертең бұл бала сені сақалыңнан сүйреп сабайтын болады, - деп қайдағы жоқты айтып, барқырады да қалды.

Отағасы ондай сөзге мән бермегенсіп:

– Ұрламаған шығар. Тек қасында тұрған шығар, көрші! Тамағы тоқ, көйлегі көк бала ғой. Не деп тұрсың? Орысың да құрысын, өзің де құры! Ішке кір! - деп Жәмиді жұлқып ішке кіргізіп, әйел есікті жаба қойды.

Аз-кем тұрып көрші кетіп қалды. Бір кезде әйел екі баланы ертіп, боқтанып бара жатқан көршісінің артынан:

– Көрші! - деді.

Көрші артына бұрылды. Өзіне қарай келе жатқан әйелді көріп, қаңтарылып тұрып қалды.

Әйел дым болмағандай келіп, сиқырлана күліп, көршісіне 500 теңге ұстатты.

– Бала ғой. Балаларға ерген шығар. Баламен бала боламыз ба? - деді.

Көршісі де жадырап сала берді. Манағы ашу, ашылған тұмандай тарап кетті. Әйелдің күлкісінде бір сиқыр бар еді. Көрші іштей оны жақсы көріп қалды. 

***

Сол күннен бастап Жәми өзгерді. Далаға көп шықпайды. Қолы қалт етсе, кітап оқумен болды.

Жәми мектепті «жақсы» деген бағаға бітірді. «Аты бірдің – жаны бір» деген рас-ау. Бойына ептеп гармонь тартып, ән салатын өнер де бітті. Үйдегі құдайдың құтты күні болатын төбелес пен қырғи қабақ ерегістің салқыны ма, біртоға, көп ашылмайтын, томаға-тұйықтау болып қалыптасты.

Грант иегері атанды. Педагогика факультетінің шет тілдері бөліміне оқуға түсті. Жоғары оқу орны – білім бақшасы. Сонымен қатар махаббаттың да, дерттің де ошағы.

Төртінші курсында топқа бір қыз келіп қосылды. Өте әдепті. Киім киісі де бөлек. Өңді адам киген киім де масаттанып, солқып тұратын көрінеді ғой. Шығыс шайырының бір жырында:

Қыз туфлиі сөйлеп барады тақ-тақ,

Таңдай қағып ием қандай сұлу деп паһ-паһ», - 

деген жолдар бар. Тап сол жыр осы бойжеткенге арналғандай. «Сіз» деп сөйлейді. Кейде «Ассалаумағалейкум» деп амандасады. Жатақханада тұрады. Намаз оқиды екен. Намаздың адам өміріне қандай пайдасы бар екенін кей-кейде айтып береді.

Ағасы ма, әлде жігіті ме, белгісіз, кейде жайын балықтың туысы болып келетін лақаның мұртындай, иегінде екі-үш тал сақалы бар жігіт осы Лаураны іздеп келеді. Жәми сол «лақа мұрт-сақалды» жігіттен Лаураны іштей қызғанатын. Бірде кітапханада отырған Лаураның жанындағы орындыққа отырды. Жәми қобалжи сөз бастады:

– Намаз оқисыз ба?

– Иә. Жай сұрадыңыз ба?

– Жай әншейін. Мен де оқысам ба деп жүрмін.

– Барлығымыз оқуымыз керек. Дайындалып жүрсіз бе?

– Дайындалып деп анау айтқандай дайындығым жоқ. Батырлар жырында айтылғандай, бір медеттің барын сеземін.

– Өте жақсы. Алайда тым-тым тереңдеп кетпеу керек. Жәми, сен жұма намазға барасың ба?

Жәми деген есімді сондай бір шырынға орап айтқандай болды қыз. Өз есімін естір құлаққа осылай жағымды етіп әлі ешкім айтпаған еді. Аңғал жігіт ағынан жарылды:

– Шынымды айтсам, мешітке барғаннан гөрі кәуапханаға барғанды дұрыс көремін.

– Жәми, сен де айтады екенсің-ау, - деді Лаура тұруға ыңғайланып.

Содан Жәми қиял әлемінде жүзіп жүрді. Шалқасынан түсіп, тәтті қиялға берілді. Айтпаса да түсінікті: көз алдында Лаура тұрады.

Буфетте Лаураға шай алып берді.

– Қой, ұят болады, - деп қыз азар да безер болды.

Бір күні университеттен Лаура мен Жәми қатар шықты.

– Әлі намаз оқып жүрсің бе? - деді Жәми.

– Иә. Бес уақытпен нұрланып жүрмін. Өзің ше? - деді қыз.

– Шынымды айтсам, мен…

– Иә, сіз?

– Намаз оқып нұрланған дұрыс шығар, алайда мен…

– Сізге не болды?

– Мен сені көрген сайын нұрланамын, - деді жігіт абыржып.

Қыздың бетіндегі алмалығына қызыл жүгірді. Қу қыз осындай сөзді Жәмиден көптен күткен.

Үнсіздік орнады. Автобус аялдамасына келгенде қыз: «Пока», - деді.

Жан сыздауығы жарылғандай, Жәми ерекше бір ләззатты күй кешті. «Тап осы қызға үйленемін», - деп жігіт өз-өзіне серт берді.

Лаура да иегінде екі тал сақалы бар, суқаны сүймейтін қысқа балақ жігіттен құтқаратын ақбоз атты ханзадам осы ма деп, группаластарымен түскен суреттерінің арасынан Жәмидің тұрысына қарап, ұзақ сүйсіне қарады.

Қабыл Әбдірахманұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan