Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨНЕР
/
Қайта оралған қара домбыра...

Қайта оралған қара домбыра

07.10.2025

1046

Қайта оралған қара домбыра - adebiportal.kz

Жақында жерлестерімізге Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында «Күй–қазақтың рухы, ән – алаштың салтанаты» деп аталатын әдеби-поэтикалық концерт ұсынылды. Осы шараға жобаның жетекшісі есімі елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де жақсы таныс көрнекті мемлекет қайраткері, ұзақ уақыт Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының ректоры, одан кейін тәуелсіздіктің елең-алаң шағында еліміздің Мәдениет министрі болып қызмет істеген Дүйсен Қасейінов арнайы келіп қатысып, жиналғандарға өзі бастамашы болған жаңа жобаның мақсаты, тындырып жатқан істері жайлы айтып берді. Дүйсен Қорабайұлын бұрыннан білуші едім. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы болған жылдары  Түркі дүниесін бүкіл әлемге танытамын деп жанын салып жұмыс істеп, жарқырап жүрген сәтіне куә болғаным бар. Дәл қазір ол кісінің осы қызметте тындырған істерін жіпке тізіп шыға алмаспыз. Тек екі бастамасына тоқтала кетейін. Біріншісі – Түркі дүниесінің мәдени астанасын белгілеуге негіз қалады. Сондай-ақ  түркі халықтарының өнер шеберлерінен құралған ән-би ансамблін құруға ұйытқы болған да сол кісі. Басқаларын былай қойғанда, Нью-Йорк, Париж бен Венада өнер көрсеткен бұл ансамбль дүниежүзілік қауымдастықты түрік мәдениетінің кәусарынан сусындатты. 

«Бәрін айт та, бірін айт», әркез терең білім-парасатымен дараланған Дүйсекең он төрт егемен мемлекетті, федерация субъектілері мен дербес өңірлерді біріктіретін халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ-дың басшысы қызметінде ұйымның беделін көтеріп, оны түркі бірлігін нығайтатын ірі құрылымға айналдыра алды. Ол аз десеңіз, тағы бір мақтанышпен айтатын жай, Дүйсен Қасейінов атақты Карнеги-холл сахнасында алғаш рет өнер көрсеткен қазақ музыканты. Түрік елінде Тәттімбет және басқа қазақтың атақты күйшілеріне ескерткіш қойғызғаны тағы бар. Бүгінде ол Дәстүрлі  музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі болып табылады.  Міне, осындай өнердің шын жанашыры бұл жолы біздің қаламызға астаналық күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Қайрат Айтбаевтың шашбауын көтеріп келіпті. Ал бұрын да Қызылжардың үлкен сахналарында өнер көрсеткен, 2007 жылы Англияда, 2010 жылы Францияда шықққан күйтабаққа шығармалары енген, Тəттімбет атындағы үшінші Республикалық конкурстың Гран При иегері, шертпе күйдің шебері Қайрат Айтбаев осыдан біраз жыл бұрын қолына тиген қоңыр домбырасының тарихы жайлы сөз сабақтап, оны жасаған шебер Айтбай Ізтолыұлының осы өңірдің тумасы екенін айтқанда залда отырған жерлестеріміздің елеңдеп қалғаны шындық. 

Бұл әңгімені бұрынырақта да естігенім бар еді. Егер Сәбит інім (Мауғазин) осы жайға назарымды аударып, қоңыр домбыраның өзімнің туған ауылым Балуанда жасалғанын есіме салмаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, кім білсін? Сәбит Мауғазин Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылының тумасы. Ана жылдары едәуір уақыт біздің ауылда басқарушы болған. Өте кішіпейіл, ішкі мәдениеті бай, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын азамат. Өнерге өзі де қаражаяу емес, домбыра шертіп, қоңыр дауысымен ән шырқағанда, тыңдаушысын баурап алады. Кітапты көп оқитынын білемін. Өзі де жазады. 

Сол Сәбитім бір күні таң атар-атпаста телефон шалды. «Аға, сүйінші хабарым бар, «Ана тілі» газетінде белгілі күйші Қайрат Айтбаевтың біздің өңірден шыққан есімі көп айтыла бермейтін, бірақ өз заманында атақ-даңқы алысқа жайылған күйші Нұрақай туралы зерттеу еңбегі жарияланыпты...» «Оған менің қандай қатысым бар?» деп ойланып қалдым. Сөйткенше болған жоқ, Сәбит: «Сол кісіге сіздің, біздің ауылдың (Сәбит Балуанды да өз ауылындай көреді) тұрғыны Айтбай деген кісі өз қолымен жасаған домбырасын сыйлаған екен. Осы жайында сіз не білесіз? Қайраттың мақаласын оқып шығыңызшы», – деді. Қайрат Айтбаев – есімі қазақстандықтарға жақсы таныс өнер иесі, көп жылдардан бері өңірімізді әнмен тербеп, жерлестеріміздің құрметіне бөленіп жүрген дәстүрлі әнші Жанат Айтбаевтың туған інісі. Бұған дейін ағайынды Айтбаевтардың концертінде болғаным бар. Мақала әдемі жазылыпты, жеңіл оқылады. «Көне аспап қолға тигелі де он жылдан асыпты. Домбыраны қағып-қағып жіберіп «Қоңыр» күйін тартқанымда «арманға жетті деген осы емес пе?» – деген едік. Әбікен репертуарын тарту үшін табиғи талант, дәстүрлі күйдің білгірінен көрген үлгіңмен қоса жақсы аспап керек екені де белгілі ғой. «Әбікеннің домбырасының үніне келетін аспап табылмайды-ау» деп күдер үзе қамығатын кездер де болды. Ақыры табылды. Домбыра болғанда да 1937 жылы жасалған өзі де қоңыр, үні де қоңыр, дыбысы жұмсақ әрі өткір, шерлі күйді шерткенде абызша күңіреніп күрсінетін, жайдары күйді тартқанда қаздай қаңқылдап, жаныңа сәуле түсіретін домбыра болып шықты» деп бастаған Қайрат Айтбаев домбыраның өз қолына қалай жеткенін, ағасы Жанаттың Сәбит Мауғазиннен қалап алғанын, содан өзіне ауысқанын айта келіп, Қызылжардан – Астанаға, Астанадан Алматыға шала-жансар жеткен домбыраға белгілі шебер Талант Тежекенов қалай жан бітіргенін жазады. 

Нұрақай күйші туралы бір-екі ауыз сөз. Нұрақай Дүйсенбіұлы  азан шақырып қойған аты Нұрахмет, «іліп қағып, байыппен шерткенде қолындағы домбырасы қылықты қыздай үн қатады» екен.  Домбыраның сыртына «1937 - жыл, 25 - декабрь, Ізтолыұлы Айтбайдан» деп ойып жазғанына қарағанда, Айтекең мен күйші бұрыннан таныс болған. Зерттеушілердің арасында күйшінің тапсырысымен жасалған болуы керек деген ойға тоқтағандар да болған. Жоқ. Өзі де бір кісідей күй шертетін шебер бұл домбырасын Нұрақайға сыйға тартқан. Оны домбыраның қабырғасына ойып жазған «...Ізтолыұлы Айтбайдан» деген сөздерінен де аңғаруға болады. 

Іле Қайраттың өзі де хабарласты. Білгенімді айттым. Айтбай Ізтолыұлы әкеме нағашы болып келеді. Өмірден озғанына алпыс жылдай болып қалды. Жүз жасаған адам. Бала кезімде талай рет көргем, үйінде болғам. Шебер болатын – ағаштан күбі, ожау, қасық жасайтын, сақина, білезік соғатын. Біздің үй ауылдың орта тұсында болса, ол кісі көшенің басында, ең шеткі үйде тұрды. Апам (анам) «Айтбай атаң ожау, қасық жасап қоямын деп еді, дайын болған шығар, алып келші» деп жұмсайтын. Мен көргенде Айтекең әбден жұқарған, қолтоқпақтай ғана шал еді.  Көп сөйлемейтін. Қашан барсаң да, шұқшиып, неше түрлі құрал-саймандардың ортасында бірдеңені тықылдатып отыратын. 

Қайрат Айтбаев мақаласында қазақтың Страдивариі атанған Қамар Қасымовтың «орыс аспаптары қатты ағашты сүйеді, қазақ аспаптарының жұмсақ үнін шығару үшін жұмсақ ағаш қажет» деп жазған сөздерін келтіреді. «Айтбай шебер жасаған домбыра ағашының жұмсақтығы соншалық, тұтас шабылған аспаптың шанақ тұсына тырнақ батырса, ойылып із қалып қояды. Шебер домбыраның қандай ағаштан жасалатынын жақсы білген. Демек, кезінде Біржан сал, Ақан серілерге домбыра жасаған шеберлерден үлгі көрген, не болмаса өзінше ізденген. Домбыраның мақпалдай жұмсақ үні осы сөзімізге дәлел болады. Бұл аспаптың үні Әбікен Хасенов пен Дина Нүрпейісова ұстаған домбыраларға ерекше ұқсайды. Ол аспаптарды Қамар Қасымов жасаған. Яғни Ізтолыұлы Айтбайды Қамар Қасымов сынды ерекше дарын иесі деуге негіз бар» деп ой түйеді.

«Айтекең домбыра жасапты» дегенде, таңғалған жоқпын. Өйткені ол кісінің қолынан шыққан ожау, қасықтардың өзі керемет бір өнер туындысы болатын. Бала кезімізде сол кісі жасаған қасықпен тамақ іштік. Сол әдетім өмір бойы сақталып қалды, әлі күнге тамақты тек ағаш қасықпен ішемін. 

Жоғарыдағы әңгіме құлағыма тигеннен кейін Айтекең туралы өз білетіндерімді жадымда тағы бір жаңғыртып, ол кісі туралы естігендері бар-ау деген адамдарды іздестіре бастадым. Алғаш ойыма оралған күйеу балам, өзімнен кейінгі қарындасыминың жолдасы Тұрар Тәнібаев болды. Олар, үй арасында үй жоқ, көрші тұрған. «Айтекеңді көрдік қой, ол кезде ойын қуып жүрген баламыз, аса мән бере қоймаппын, тек есімде қалғаны – өзі жасап алған қобызы болды, сол аспапта ойнап отыратын, – деді ол. 

– Ол кісі туралы Жанболған білуге тиіс, Айтекең соларға туыс қой, тіпті қоралары да ортақ болған, екі үйді жалғап тұратын». Жанболғанды танимын. Қазір Бескөлде тұрады. Ережеп деген атамыздың (ол да бізге нағашы) Жалбыр деген баласынан туған, көп қыздың ортасындағы жалғыз ұл. Ал Айтекең – Ережептің әкесі Нұртазаның інісі. Жанболғанның атасы ертерек қайтқанмен әжесі бертінге дейін болды. Сол кісіден естігені бар шығар деп ойлап едім, қателеспеппін. Кездескенде біраз жайдан хабардар етті. «Ол кісі қайтқанда мен әлі мектепке де бармаған 5-6 жасар бала екенмін. Бірақ әжем атамызды аузынан тастамай айтып отыратын, сол әңгімелер есімде қалыпты, – деп бастады әңгімесін Жанболған, – Айтекең жаратылысы бөлек, жастайынан өнерге құштар адам болғанға ұқсайды. Жігіт болып қалған шағында екі бағананың арасына арқан керіп, соның үстінде әрлі-берлі жүріп жиналғандарды таңғалдырады екен. Есейе келе қолөнерге ден қойыпты. Сақина, білезік, қыз-келіншектер тағып жүретін басқа да әшекейлер соға бастайды. Бірте-бірте аты төңірекке жайылып, «Шебер Айтбай», «Зергер Айтбай» атанады». 

Сол кезде қыздарын ұзататын ауқатты адамдар оны ауылдарына алып кетіп, айлап сақина, білезік, сырға, басқа да әшекейлер жасатады екен. Көрпе, жастық, төсеніш тігіп, қыздың жасауын дайындаумен де айналысыпты. Жанболғанның әжесі «осы маңайдағы әйелдерге ине ұстауды, іс тігуді, биялай, шұлық тоқуды үйреткен сол кісі» деп отырады екен.

Қазақта жігіттерге қарата айтылатын «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой, Айтбай атамыздың қырлары бұдан да көп болған сияқты. Әкем марқұм ол кісінің аңшылықпен айналысқанын, сан мәрте ұлпа қардың үстінде бұғып жатқан аппақ қоянды көзге атып түсіргеніне куә болғанын айтатын. Өз қолымен жасаған бес-алты шиті мылтығы болыпты. Өкінішке орай өзі қайтқаннан кейін әркімнің қолында кеткен. 

Байларға қызмет етіп, солардың көңілін тапқан атамыз сірә, дүниеге қызықпаған, өзінің өнерін табыс көзі деп бағаламаған  болуы керек, мүмкін,  «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей, оған көпке дейін үйленбегені де себеп болған шығар, қоңыртөбел ғұмыр кешті. Ағайындарынан іргесін бөлек салып, көрші Амангелді ауылында тұрған кездері де болыпты. Содан күндердің күнінде туыстары барып: «бұлай жүре бергенің дұрыс болмайды, ауылға кел, бірге тұрамыз», – дейді ғой, Айтекең айтқанға көнетін сыңай танытқанмен, шарт қояды: «Баян» кеңшарында орыстың жас келіншегі, соңында еріткен ұлы бар, әркімнің үйін паналап, қаңғып жүр, соны әперсеңдер, келемін».

Ақыры айтқанын істетеді. Нүрке (шын аты Нюра болды ма екен) әжеміз Айтекең қайтқаннан кейін де туыс деп біздің үйге жиі келіп жүретін. Анам ол кісінің атын атамай апай деп өтті. Өте кішіпейіл адам еді, қазақшаға судай болатын, мұсылмандықты қабылдап, намазға жығылып, сол ұстанымынан көзі жұмылғанша айныған жоқ. Тұрардың әжесі Рәш балаларына: «Нүркені орыс деп айтпаңдар, күнә болады» деп отырады екен. Айтекең мен Нүрке әжеміз екі сәби сүйіпті. Сексенбай деген ұлдары жастай қайтыс болса керек, одан едәуір үлкен Ермек деген қыздары өмірден бертін озды. Одан туған балалар бар. 

Қазіргі жастар ескіге аса қызыға қоймайды ғой, атамыздың алтын қолынан шыққан жауhар дүниелер түгел  сақталмапты. Жанболған ғана атамыздың көзі ғой деп 1904 жылы жасаған үстірігі (сүргі деп те атайды) мен ағаш ерін лақтырып тастауға қимай жүр екен. Үстіріктің қабырғасында ескіше жазу бар. Соған қарағанда, Айтбай Ізтолыұлы сауатты адам болған сияқты.

Сөзіміздің соңында, жоғарыда өзіміз сөз еткен Қызылжарда өткен ән кешіне оралсақ, осы концертте Қайрат Айтбаев Айтбай атамыз жасаған домбырамен Тәттімбеттің «Көкейкесті», Сарыжайлау», Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін орындады. Жиналғандар, негізінен жастар, бұл шығармаларды сілтідей тынып тыңдады. Қазір үлкен-кіші телефонға табынған заманда осындай құбылыстарға да таңғалатын болдық қой, оларды күйшінің шеберлігі, шерту мәнері де баураған шығар, ал менің ойымша, ғасырға жуық уақыт қолдан түспей келе жатқан көне аспаптың сиқырлы үні құлақтан кіріп бойды алды. 

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan