Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Қаламгер ұстаханасында» «Өнер. Өлең. Өмір» тақыры...

«Қаламгер ұстаханасында» «Өнер. Өлең. Өмір» тақырыбында дәріс оқылды.

18.02.2026

2692

«Қаламгер ұстаханасында» «Өнер. Өлең. Өмір» тақырыбында дәріс оқылды. - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы 2025 жылы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша дәрістер ұйымдастырған болатын. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасын таппақ. «Әдебиет порталы» өткен жылы оқылған барлық дәрістердің жазбаша нұсқасын жариялаған болатын. Бұл үрдісті биыл да жалғастырып отырмыз.

Жылдың алғашқы дәрісін 16 ақпан күні «Синтез» театрының көрермендер залында ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай «Өнер. Өлең. Өмір» тақырыбында оқыды. Дәріске ақын-жазушылар, журналистер, әдебиеттанушы ғалымдар мен өлеңсүйер қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы:

- Армысыздар, қадірлі әдебиетсүйер қауым! Бүгінгі дәріске қош келдіңіздер! Биыл мінеки, «Қаламгер ұстаханасы» дәрісін қайтадан бастағалы жатырмыз. Былтыр он екі лекция өтті. Биыл да он екі лекция жоспарлап отырмыз. Мұндағы айта кетерлік жағдай: бұрын дәріске тек қана Астана қаласында тұратын қаламгерлерді тартсақ, биылғы дәрістерде Астана қаласынан тыс өңірлерде, яғни Алматыда, облыстарда тұратын қаламгерлерді де шақырсақ па деген ойымыз бар. Соның ішінде басқа да бауырларымызды шақыру ойда бар. Мысалы, наурыз айында ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Сұлтан Раевпен осындай дәріс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Бүгін сіздердің алдарыңызда қазақтың ардакүрең ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ғалым Жайлыбай «Өнер.Өлең.Өмір» деген тақырыпта дәріс оқиды. 

Дәріскер сөз алды:

- Армысыздар, баршаларыңызға жаңа жыл  құтты болсын! Дәріс оқуға ұсыныс болған еді. Алғысымызды білдіре отырып, дайындалып келіп, сіздердің алдарыңызға шығып отырған жайымыз бар. Дәрістің негізгі тақырыбын «Өнер. Өлең. Өмір» деп таңдап алдым. Бүгінгі таңда өзімізге, өзіміздің шығармашылығымызға қатысты бір-екі дүниені мысалға ала отырып, сол ойды қорытындылап, сіздермен бөліссем деген дүние. 

ХХ ғасыр – күллі құндылықтарды қайта сараптайтын уақыт. Адамзат санасы жаңғырып, жаңа биіктерге көтерілген кезде оның рухани қажеттіліктері де кемелденіп, түрленуі заңдылық. Өнер атаулының шырқау шыңы саналатын сөз өнері де күрделі трансформация кезеңінде. Бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы менің шығармашылық зертханама арналғанымен, мен оның аясын біршама кеңіткім келіп отыр. Ақ пен қараның, ізгілік пен зұлымдықтың, руханият пен рационалдық сананың тартысы күшейген бүгінгі заманда өлеңнің ізашары өнердің маңызына тоқталсақ деймін.

Сондықтан дәріс мазмұнын үш бөлікке бөліп, Өнер – Өлең – Өмір тұрғысынан талдағанды жөн санап отырмыз.

Өнер

Адам жанының көркем өнімі саналатын өнер атты құбылысқа заман ойшылдары әр түрлі анықтама берген. Аристотель үшін «өнер – еліктеу» болса, Толстойша «адам өмірінің қажетті шарты». Ал Қорқыт бабамыз ажалды өнер арқылы жеңуге талпынған. Не де болса, өнердің өмірімізде алатын орны ерекше. Ол бұрын да солай болған, қазір де сол қалпынан ажыраған жоқ. Ал қазір дегеніміз не? Ол бір қолын өткенге, бір қолын келешекке тіреп тұрған уақыттың  болмысы. Сондықтан өнердің өткен замандағы маңызы мен келешектегі келбеті хақында танымдық барлау жасау – мәдениетті қоғамның мәйекті тақырыбы.

Адамзат тарихында өнердің қажеттілігі жайлы сұрақ қайта-қайта көтеріліп отырған. Өнер бізге не үшін керек? Онсыз өмір сүре аламыз ба? Жауап әр кез қарапайым болатын: «Ол не дегеніңіз! Әрине, керек. Онсыз қиын», - дейді. Ал одан да тереңірек «неге?» деген сұрақ қойылғанда, ойымыз он саққа бөлінеді. Ертеректе өнерді білім мен тәрбиеге қосалқы құрал ретінде ғана бағалады. 

«Жеткізу үшін шындықты, 

Өтірік қостым аздаған», - 

деген Қадыр Мырза Әлі өлеңіндегідей, өнерді адамгершілік пен даналыққа жеткізер «бал қоспа» деп санады. Тіпті ХҮІІІ ғасырдың соңындағы ақындар оны дәл осылай сипатап, халықты «алдап құтқару» идеясын алға тартты.

Так врач болящего младенца пред устами,

Склоняет, по краям напитанный сластями.

Фиал, где горький сок, обманутый пиет,

И жизнь ему обман навинный сей дает!

(Торквато Тассо «Освобожденный Иерусалим» в переводе А.Ф.Мерзлякова)

Антикалық дәуірден бері өнерді адам тәрбиесінің құралы деп қарағандар аз болмаған. Әдебиет сабағында біз әлі күнге дейін оқушыларға кейіпкерлерді үлгі етіп ұсынамыз: «Біреу – батыр,  ойшыл, елін сүйген тұлға. Бұған еліктеуге болады. Ал екіншісі – теріс жолға түскен бейшара. Бұған ұқсамаңдар!» Өнердің осындай педагогикалық қызметін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар өнер саясатта да, шешендікте де, идеологияда да үнемі пайдаланылып келген. Бұл жағынан ол – әрдайым көмекші, қызметші болып тұрады. Осы орайда «өнердің өз мақсаты бола ма?» деген сауал туындайды.

Бұл сұраққа хакімдер жауап беріп үлгерген, солардың ішінде мынадай ой бар: «Өнер ешқандай мақсатты көздемейді, ол өзіне-өзі қызмет етеді» деген. Біз мұны көбіне «эстетизм», «таза өнер» деп айдарлаймыз. Шынында да, мұндай көзқарас көбіне саясаттан, ғылымнан, пайдадан аулақ болуға шақырады. Алайда осындай түсініктің тереңірек негіздері де бар.

Осы тұста алдымыздан тағы бір сауал кесе-көлденең шығады. Өнердің өзі ізгі нәрсе ме? Бұл сұраққа да философия тарихында мынадай жауап берілген: өнер, көркемдік, шеберлік, әсемдік адамгершілікпен байланысты емес. Ізгілік – маңызды нәрсе, бірақ ол өнерді құрал ретінде пайдаланады және өнердің өзінен тыс тұрады. 

Бұл сұрақтың өте маңызды бір қыры бар. Ол – дін мен өнер. Бұл хақында әдебиетші Юрий Лотманның пікірін айналып өте алмаймыз. «Дін мен адамгершіліктің өнерсіз де дербес құндылығы бар, бірақ олар оны пайдаланады Мұнда да біз өнерді құрал ретінде көреміз. Ол біреуге қызмет етеді, ал осы тұрғыдан алғанда өнер адамгершілікке де, адамгершілікке жат дүниеге де қызмет етуі  мүмкін. Осы тұста біз аса маңызды сұрақпен бетпе-бет келеміз: өнер өте қауіпті болуы мүмкін. Бұл – қару, ол атылады. Бірақ кімді атады? Бұл енді оның кімнің қолына түскеніне байланысты. Көптеген антикалық философ Платонды еске аламыз, сондай-ақ Лев Толстой сияқты ойшылды да атауымыз керек. Бұл – сауатсыз адамдар емес, бұл адамдар өнердің қуатты қару екенін, оның әртүрлі қолдарға түсуі мүмкін екенін жеткізген». Ал И.Кант өнер тек ізгі қолдарға ғана түсуі мүмкін, ал егер ол ізгіліктен ада қолдарға түссе, онда ол өнер болудан қалатындығын айтады.

«Ораза, намаз – тоқтықта» деген сөз бар. Кей кісілер әлем халқы соғыстан көз ашпай жатыр, балалар аштан бұратылып жатқанда қайдағы өнер?» дейді. Рас. Бұл сөздің де жан бар. ХҮІІІ ғасырдағы орыс ақыны Державин өнерді лимонадқа теңейді. 

Поэзия тебе любезна,

Приятна, сладостна, полезна,

Как летом вкусный лимонад.

Оны ішкен жақсы, бірақ ішпей-ақ та қоюға болады. Бірақ қазақ «сөз қадірі – өз қадірім», «өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін әспеттейді. Шашубай «Малға кедей болғанымен, әнге баймын», - десе, Қасым Аманжолов:

«Өлеңнің отын жағып жылытармын, 

Өзімді, әйелім мен жас баламды», -

 дейді. Пушкин: «Слова поэта суть его дела» дейді. Поэзия – іс-әрекет. Демек бұл – Гамлет айтатын жай ғана « сөздер, сөздер, сөздер... ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлы айтатын «Асыл сөз».

Өнермен қолы бостар ғана айналысады деген түсінік әуелден бар. Ежелгі фольклорлық кезеңде көптеген халықтардың ақындары көбінесе соқыр болған. Өткен ғасырдың реалистік  бағытта ойланатын ғалымдары «бұл – қисынды нәрсе, себебі соқыр адам пайдалы ештеңе істей алмайды, сондықтан ол – ақын. Мысалы, Гомер соқыр болған, ол соғыса алмайды, сауда жасай алмайды, теңізде жүзе алмайды, сондықтан өлең шығарады» деп шорт кескен. Бір қарағанда ақылға қонымды сияқты. Бірақ бұл ХІХ ғасыр адамының, позитивтік көзқарастың тұжырымы.

Ал антикалық дәуірдің адамдары үшін соқыр – жұмыспен айналыса алмайтын адам емес, Құдаймен тілдесетін адам. Маңдайдағы емес, жүрегіндегі көзі ашылған жан. Құдай адамзатпен пайғамбарлар арқылы байланысқанындай, ақындарды дәнекер етіп сөйлесетін болған. 

«Ақындар айтып өтеді, 

Арманын бүкіл пенденің», -

дейтін Серік Ақсұңқарұлы осыны меңзесе керек. Сондықтан Гомердің соқыр болуы оның еш нәрсеге жарамсыз екенін білдірмеді, қайта оның ең жоғарғы нәрсеге, яғни жақсы сауда жасайтындарға, теңізде керемет жүзетіндерге, қылыш пен найзаны шебер сілтейтіндерге сеніп тапсырылмайтын міндетке арналғанын көрсетеді.

Біздің алдымыздағы Олжастар, Қадыр ағаларымыз болсын, біз көрген формацияда, кеңестер кезінде қайыршы, соқыр тақырыбына барудың өзі – аса бір қиын дүние болып елестейтін. 

Менің ойыма бір авторы белгісіздеу бір ақынның қайырышы туралы өлеңі түседі: 

Аяушылық ащы зармен тоғысқан,

Басқа бір ой үймелейді басыма.

Маресьев аяқсыз-ақ соғысқан, 

Жауларына деген ұлы кекпенен.

Гомер ақын соқыр еді жасынан,

Керең болып қалған еді Бетховен, - 

дейді.

Осы дүниелерді сараптай келе, өнердің «лимонад» қана еместігін ұғамыз. Мәселен, өнер – бастан кешпегенді бастан кешу, тәжірибесіз жерде тәжірибе алу мүмкіндігі. Бұл – өлеңге де қатысты. Сіздің Алтынорда заманын көзбен көре алмайтыныңыз белгілі, бірақ Мағауиннің атақты осымен аттар шығармасын оқып хандық дәуірде ішінде жүргендей хал кешесіз. Болмаса Даниэль Дефоның Робинзонымен бірге елсіз аралға тап болып, түйсігіңізге түнемеген сәттерге кезігесіз. Былайша  айтқанда, күнделікті жағдайдан мүлде басқа өмір сүресіз. Осылайша бірнеше басқаша бірнеше өмір сүріп тастауға мүмкіндік аласыз. Соның бәрі сіздің санаңызға тәжірибе болып жинақтала береді. Ал шын өмірде пластинканы қайтып ойнату мүмкін емес. Әр жаңа жағдай – мүлде басқа. Біздің үлкен қасиетіміз – болашақты үнемі өткен шақ арқылы түсінуімізде. Сондықтан да жасалып қойған өнер арқылы енді жасалатұғын өмірімізді бағдарлай аламыз. 

Өлең

Қазақ ақындық өнері өзінің бастау арнасын, асыл өзегін арғы арналардан алады. Арғы тарихтың бедеріне ден қойсақ, жыр ауызша әңгімелерінде өлең өнерінің үлгі-өрнегі молынан ұшырасады. Анахарсистен бері қарай тартқанның өзінде, асыл сөз арналары, көркемдік кеңістігі мың сан бояу өрнектерімен назар аудартады. Әрбір бедер баршасында өлең өнердің құбылысты көріністері ән сазына, сезімге, тасқа қашалған дастандар оның өзегіндегі елдік, ерлік шежірелер асыл мұраттар, еңбек болмысы, дәстүр тағылымы – өлең-жыр, дастандарының асыл арнасын құрайды. Ел әдебиетінің бірлігіндегі даму үдерістерінен, өлең өнерінің табиғатын, өлшем-өрнектерін, қысқасы, поэзия парасатына тән белгілі ерекшеліктерін молынан ұшыратамыз.

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары қазақ әдебиеті үшін үлкен олжалы кезең болды. Кеңес билігінің іргесі сетінеп, азаттық арманының кернеуі күннен-күнге күшейе түскен тұста, біздің қатарларымыз да осы өнер, өлең өлкесіне келді. Ұлттық рухқа суарылған жас ақындар өнер кеңістігінде елеулі деңгей көрсете білді деп ойлаймын. Жаңа мазмұн, өзгеше пішінде құрылған эксперименттер арқылы сол уақыттағы «жабық тақырыптарға» қаймықпай қарсы шықты. Қаймықпай қарсы шығып қана қойған жоқ, сол тақырыптарға барды. Міне, сол уақытта күллі қазақ әдебиетінің жаңа тынысы ашылып, қаламгерлердің ізденіс өнерінің елеулі жемісі көріне бастағандай еді.

Сол жылдары қазақ поэзиясының бақанын көтеріп, керуенін бастап келе жатқан Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Олжас Сүлейменовтердің қатарына теңізге құйған бұлақтай бір топ жастар да келіп қосылған болатын (Бұл арада өлара мезгілде өмір сүрген өз қатарларымды, қазір алпыс пен жетпіс ортасындағы үлкен буынды айтып жатырмын.) Жаңағы толқындардан кейін Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашевтер бастаған ағалардың ізін бастық, соларды көрдік, олардың бізге үлкен әсері болды. Белинскийдің: «Бұл поэзия ақындық деген – ұжымдық құбылыс. Пушкиннің маңайында Туманский, Богданович, Дельвиг, Козлов секілді ақындар болды. Бірақ солардың ортасынан Пушкин шықты», - дейтін сөзі бар. Меніңше, біз жаңағы атын атап отырған ағаларымыздың тұтас қазақ өлеңі көш керуенінде  бір-біріне әсер еткенін, солардың өрісін, көркемдік көкжиегін бағдарлай алдық, соларға іні бола алдық деп ойлаймын. Әдебиеттегі толқындар арасындағы осындай дүниелер әсер етпей қойған жоқ. Солардың бәріне іні болдық, солардың бәрінің қасында жүрдік. 

Хош, сонымен ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ поэзиясы қалай дамығанын сіздер де жақсы білесіздер. Бірақ ол кездегі үлкен бір қиыншылық: формациялар ауысып, нарықтық жағдайға көшкен кезде біздер қатарлардың кітаптары шықпады, ұзақ уақыт тұманды бір кезеңдердің ортасында жүріп қалдық. Шын мәнінде өлең, поэзия деген – ғайып дүние. Оны аян десеңіз де, шабыт десеңіз де, болмаса, пайғамбарлық уахи десеңіз де болады. Мысалы, Пушкиннің бір сөзі бар: «Өлеңнің бір шумағындағы бастапқы екі жолын ақынның өзі жазады, соңғы қатарын құдай жазады». Сол айтқандай, Мұхаммед пайғамбар айтты дейтін: «Менен кейін ақындар келеді», -  деген хадис бар ғой. Шығармашылық эволюцияны, шығармашылық беделді, ақындық рухты солай бағалаған дұрыс шығар деп ойлаймын. Сол ізгілік елшілерінің жүгін ақындар қай қоғамда да бөліп-бөліп көтерген. Осындай ойда жүргенде мен «Содом мен Гоморра» атты поэма жаздым. Осында отырған біраздарыңыз білесіздер. Бүгінгі тақырыптың айдары «Қаламгер ұстаханасы болғаннан кейін, екі шығармам туралы айта отырып, ойымды жалғағым келеді.

Ақындық рух әрдайым тәңірі тылсым әлемді аңсап тұрады. Сондықтан қалам иелерін Құдай хақында алғаш ойланып, дәріптеген пайғамбарлар ізбасарлары деп айта аламыз. Қасиетті төрт кітап: «Інжіл», «Забур», «Тәурат», «Құранды» қарасаңыз, осылардың бәрінің де адамзат баласын ізгілікке, парасатқа, жақсылыққа, махаббатқа, бастайтын ортақ арналары бар. Оны айтып тауысу тіпті оңай емес. «Інжілдің» ішкі аятынан шабыт алған шығармалар көп. Оларға, мысалы Дантенің «Құдіретті комедиясын», Гетенің «Фаустын», Андерсеннің ертегілерін т.б. жатқызуға болады. «Құран» рухымен ұштасқан көркем шығармалар аса көп. Мысалы, ислам әлемінің мәдени құндылықтарына айналған аңыз-әпсана, қисса-дастандардың дені «Құран» мәтіндерімен, ішкі тінімен астасып жатса керек. Оның қатарында «Мың бір түн» ертегісі, «Жүсіп пен Зылиха», «Мұхаммед пен Қадиша» секілді сюжеттік туындылар ислам руханиятының жауһаздары болып есептеледі. Барлық киелі кітаптарда поэтикалық құрылымы, пәлсапалық қисыны бөлек, азаматтық қоғамның заңнамаға негізделген, қалыптасқан жүйе болады. Мұндай жүйенің әлеуметтік табиғаты басшы мен оның қарамағындағы халықтың арасындағы бұйрық сипатында анықталады деп ойлаймын. Айталық, ардан кетіп, шариғат аттаған қылмыскерді шариғат заңы деп құн төлетуден бастап, өлімге кесуге дейін жаза түрлерін қолданған.

«Інжілдегі» Содом мен Гоморра апаты хақында баян – әлем әдебиетінің ең маңызды оқиғаларының бірі болып саналады. «Содом» сөзінің этимологиялық тамырына үңіллсек, «Содом» шу, аласапыран мағынасын үстейді. Осы арқылы «содом» лексемасы шырғаланған, шытқыраған, ретсіздік концептосферасына жақын қолданылады. Сондай-ақ зинақорлық мәнінде жұмсалады.

Осы Содом мен Гоморра жалғыз «Інжілде» ғана емес, негізі «Інжілдегі» аңыз кейіпкерлері секілді көрінгенімен, бұл «Құранда» да, «Тәуратта» да осыған байланысты аңыздар аз кездеспейді. Сонау бір жылдары Иордания корольдігінде болдым. Сонда Өлі теңіздің жағалауында бірнеше күн болдым. Құмдарын көрдім.  Садом мен Гоморра аңызын сол 2012 жылдардан зерттей бастаған едім. «Ұстахана» тұрғысында келтіріп отырғаным: осы тақырыпта отыз беттік шығарма жазып шығу үшін ондаған жылдар кететінін айтқым келген еді. Анау Эвфрат өзені, Шығыс Анадолы, Арабия түбегі, Африка құрлығының солтүстік батыс бөлігінде ежелгі әлемнің ең ірі өркениеттері пайда болғаны адамзат тарихынан белгілі.

Тарихтағы осы жерлерді мекендеген барлық халықтарға Алла-Тағала адамдарға дұрыс жол туралы хабарлаған, өз елшілерін жіберген. Өлі теңіз жағасындағы Лут пайғамбар уақытындағы қарғыс атқан қалалар ретінде Содом мен Гоморра қарастырылады. Бұл көлемді фольклорлық мұра секілді көрінгенімен, бүгінгі күнге оның үлкен шындықтары бар. Поэманың тізгін қағары сәтінде ілгерідегі ізгілік секілді Жаратушыдан медет сұралады. Бұл дәстүр бұрынғы өткен барлық шайырда болған деуге болады. «Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет» деп айтылатын қазақы дәстүр де жатыр мұнда. 

Хәкім Абайдың шығыс шайырларының әруағынан медет тілеуі де осы дәстүрдің негізінде жатыр:

Физули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси.

Хожа хафиз – бу һәммаси,

Мәдет бер, я шағри фәрияд.

Поэманың беташары Жаратқаннан медет тілеуден басталып еді. Осындай үлкен, ұлы тақырыпқа барарда ақынның сүйенері – Тәңірдің шарапаты, бабалардың шапағаты деп ойлаймын. 

Дүниенің жиналып бар сұмдығы,

Ғасырлардың қойнында жаншылды үні.

Саналыға селт етер сөз бастадым – 

Қаламыма Тәңірдің тамсын нұры!

Сюжет поэманың екінші бөлімнен басталады. Әзіреті Ыбырайым жары Сара және інісі Лұтты ертіп Бабылдан Харронға жолға шыққан болатын. Ыбырайым сонда қалады да, Лұт Содом шаһарына барады. Кейін інісіне Ыбырайым секілді пайғамбарлық аманат жүктеледі. Оның міндеті – Өлі теңіз жағасындағы осынау елді құдайдың алтын шынжырына жалғау. Ол дегеніміз – әбден тойынып мастанған, арақ-шараптың, ібілістердің мекеніне айналған Содом, Гоморра қалаларын құтқару.

Адамзаттың шайқалып тұнық ары,

Көз алдымда дүние құбылады. 

Қатынының қатыны төсін жалап,

Еркегімен еркегі ылығады.

Бұған қоса шаһар тұрғындары күн ұзаққа жол торып, келген мейманға тас ататын. Тасы кімге дәл тисе, соны азаптап, қорлайтын. Иә, бұл халық шайтанның шырмауына мықтап түскен еді. Сол аңыз бүгін бізге жетті. Бұл аңыз туралы әлемде небір үлкен-үлкен шығармалар жазылды. Анна Ахматовалардан бастап, ХХ ғасырдың ақындары осы тақырыпқа барды. Аңыз болса да мұндағы үлкен шындықта адамзатқа айтылар ойлар бар деп ойлаймын. Сондықтан бұл поэманы жазар уақытта ұзақ жылдар бойы осы тақырыпты үңіліп, қарап, көріп, жасалған дүниелер аз болған жоқ. Зинақорлық ібіліс, адам жанындағы небір дүниелер – осылардың бәрі шын мәнінде бүгінгі күнмен бірге қарастырылды. 

Поэманың бөліміне қасиетті жазбалардан эпиграф келтіріп отыруға тырыстым. Үшінші бөлім «Шұғара» сүресіндегі аятпен басталады. «...Бірақ Содом жұртшылығы оның насихатына құлақ аспайды. Бәз-біреулер оның пайғамбарлық уағызында фәнилік мүдде жатыр деп топшылайды. Сондықтан әзіреті Лұт оларға: «Уа жұртым! Әгәрәки тобаға түспесеңдер, жағдайларың тіпті қиындайды. Мәңгілік азапқа ұшырап, мына азғын істеріңнің сазайын тартасыңдар. Одан да қадір-халдерің аманда, тобаға келіп, Жаратушыға бас иіп, адамшылыққа бет бұрыңдар. Осы уағызымның астарында дүниелік пайда жатыр деп ойламаңдар. Мен бұл ісім үшін ештеңе дәме етпеймін. Себебі менің ақым Алла-Тағала ғана тиесілі». 

Алайда зинақор халық бұл сөздерді мүлде қабылдаған жоқ. Пайғамбардың өзіне қарсы шығып, оған екілене зекіп, сөйлейді. Одан қалмай Лұтпен ерегіскен күйде: «Әй, Лұт! Мықты болсаң құдайыңның қаһарын көрсет бізге. Азабын төндір. Біз сенің сөзіңе иланбаймыз!» - деп әзіреті Лұттың айтқандарын мансұқ етті.

Мүбәрәк пайғамбар халқының мұндай рәуіштегі сөз топшылауларын байқап, олардың тура жолға түспейтінін ұғады. «Құранда» айтылғандай, олар жүректеріне қап-қара мөр басылған, көздері перделеніп, құлақтары естімей қалған адамдар болған. Сонда пайғамбар олардың әрекеттерінен жиіркенетінін айтып, Хак-Тағалаға: «Тәңірім, мені және отбасымды мыналардың зұлымдықтарынан құтқар!» - деп дұға қылады.

Әрі қарай Лұт пайғамбарды құтқару үшін көктен жерге түскен үш періштенің жайы баян етіледі. Тәңірі-тағала оның тілегін қабыл қылған еді. Періштелер жүздерінен нұр тамған үш жігіттің бейнесінде келеді.  

Осы тұста поэманың маңызды кейіпкері бой көрсетеді. Ол Лұттың зайыбы Уахила еді:

...Сыртқа шығып жар салыпты, Уахила,

- Үйімізге қонақ келіп қалды, - деп.

Әрі қарай уақиланың портреті:

Хак пайғамбар қатын еді – Уахила,

Сайтан ойға жақын еді – Уахила. 

Бұл-дағы бір хатқа түскен оқиға – 

Имандының тырнағына тати ма?!

Осы тұста Уахиланың протогонистік позициясы анықталады. Пайғамбарлар Алланың дәргейінде кешулі болғанмен, олардың жарларының бәрі тақуа емес еді. Лұттың жағдайы да солай.  Бір кезекте бұл деталь Хауа Ананың Адам атаны бұйырылмаған жемісті жеуге шақырғанындай болып көрінгенмен, екеуінің мәртебесі жер мен көктей. Уахиланың дәл осы әрекеті кейінгі бақытсыздығының себепшісі болатынын астыртын ұқтырады. 

Уахиланың хабары желдей тарайды. Азған жұрттың барлығы анталап, Лұттың үйіне келеді. Бәрінің де ойында жалғыз нәрсе. Нәпсісін тояттандырып, қонақ жігіттерді қорлау. «Әй, Лұт! Есігіңді аш! Қонақтарыңды бер бізге!» - деп айқайлайды. Лұт қатты сасады. Осы орайда қонақжайлық туралы мәселе бой көтереді. 

Атасы Ыбырайым өте қонақжай адам. Ел ішінде қонақжайлық Ыбырайым пайғамбардан қалған деген сөз бар. Қонақ үйіне келіп түссе, үйдің иесі оның амандығына басымен жауап беруге тиіс. Дәл қазіргі жағдайда Лұт дәрменсіз болып тұр. Оларға сес көрсетіп,  қонақтарын қорлатпауға әлеуеті жетпей тұрғаны – ақиқат.  Осы жерден-ақ мәртебе жағынан Лұттың ағасы Ыбырайымнан көп төмен екендігін байқауға болады.

Хош, ентелеген көп дұшпан есіктен кірмей қойсын ба? «Әй, Лұт! Аш есікті! Кірсін мына пенделер. Өзіне тиісті жазасын тартады әлі өздері», - дейді, азап періштелері. Құлып ашылады. Анталаған азған еркектер кіреді де, періштелерінің нұрларынан көздері қарауытып көрмей қалады.

Бұл да бір символдық мән. Асылында олар бұрыннан соқыр еді. Олардың көкірек көздері әлдеқашан шел басқан.

«Талайдан тайраңдаған мына халыққа бұйрық түсті. Сол сәтте дүниеде болмаған үлкен апат болады. Кеш бата отбасыңды алып, лағынет қаласынан тезірек кет!» - деп ескертті періштелер. Олардың мұндағы келуіндегі басты мақсат та осы еді. Соңғы келесі бөлімде Ғайса пайғамбардың нәпсісін жүгендеген адамның Тәңірі алдында мәртебелі болатындығы жөнінде айтқан хадисін эпиграф етіп алдым. Осы бөлімде шегініс жасап, оқырманға ой қорытып алуға мұрсат беріледі.

Қара түнек түнеген мұнараға,

Қайдан, қашан келгенмін, бұл араға?

...Құлан көрдім құдыққа құлап өлген,

Жылан көрдім түсімде шұбар ала.

Осы тұста түстегі символдық бейне және «жылан» мотиві турасында сөз етіп көрейік. Психоанализдің негізгі қалаушы Зигмунд Фрейдтің пікірінше, түс – бұл біздің санамыздың оқиғаларды бейсаналық түрде өңдеу тәсілі. Бірақ түстердің символикасын түсінісу арқылы біз ең терең қорқыныштарымыз бен тілектерімізді түсіне аламыз.

Психолог, психиатр Карл Густав Юнг біздің түстерімізді түсіну арқылы біз жиналған білімнің үлкен резервуарына қол жеткізе аламыз деп санайды. Екеуі де түс жору доктринасы үшін өте маңызды болғанымен, олар жылан мотивтерімен түстері мағынасы туралы әртүрлі көзқарастарға ие болды. Фрейд түс рәмізіне тұрақты мән беруге бейім болды және оларға жыныстық сипаттағы түсініктемелерді жиі берді. Ол бәрі біздің қалауымыз бен құмарлығымызға байланысты деп есептеді.

Юнг керісінше, көптеген рәміздердің тек түс көрушіге қатысы бар екенін және мұнда олар қайшылыққа ұшырайды дейді. 

Зигмунд Фрейд бойынша жылан мотиві бар түстер – әр адамның репродуктивті органымен байланысты. Және ол қалыпты қатынасты білдірмейді. Осылайша «жылан» образы қолданылғанын байқауға болады. Әрі қарай түстегі сұмдығы тіпті күрделене береді.

Ілеспесе толқыным бір ағынға,

Қос бүйірді таянып тұрамын ба?

...Құлан көрдім құдыққа құлап өлген,

Құрбақалар ойнаған құлағында.

Поэмаға тән сипаттың бірі – әңгімелеу. Алайда монотонды мәтін оқырман қауымды жалықтырып, мазмұн мәнін алыстатып алатын болған соң, оқиғаның уақыты мен кеңістігін ауыстырып отырдық. Поэма желісі Лұт пен Уахиланың бейнебаян қатынасын баяндай келе, осы оқиғаның архетипті тұлғалары Адам ата мен Хауа ана оқиғасына аялдайды.

Қасиетті Кәлімнің Ағраф сүресін еске түсірейік: «Әй, Адам! Жұбайың екеуің жұмақты мекендеңдер. Ол жерден қалағанша ішіп-жеңдер., қызығына батыңдар, тек мына ағашқа жоламаңдар. Әйтпесе (өз-өздеріңнің обалыңа қалған) залымдардың қатарына қосыласыңдар (19-аят)». Бұл ескертуді Әзәзілдің азғыруымен екі мұңлық естен шығарады. Бұйырылмаған жемістен дәм татады. Солай бақыт бақшасынан қуылады. «(Сонда екеуі): Уа, Раббымыз! Біз өз-өзімізге қиянат жасадық. Егер бізді кешпесең әрі есіркеп рақымыңа бөлемесең, зиянға ұшырағандардың қатарында боламыз» деді (23 аят). Алла: «Бір-біріңе дұшпан болған күйде түсіңдер. Жерде сендер үшін біршама уақытқа дейін тұрақтайтын мекен әрі игіліктер бар» деді (24-аят). Адам мен Хауаның жаннаттан қуылу сюжеті  барлық діни мифологияда кеңінен тараған. Өткенге өкше тірей отырып,  болашақты бағдарлап отырған ақын ізгілік пен ібілістің жақсылық пен жамандықтың әзелден қатар жүргенін аңдап өтеді. 

«Содом мен Гоморра» поэмасының бесінші бөлімі «Ебі желі соққанда» деп аталады. Жоңғар қақпасынан дамылсыз соғатын дауылды желді халық осылай атап кеткен. Поэманың бұл мезетінде пайымсыз патшаның Ебі желін бітегісі келген әумесерлігі хақында баяндайды. Үңгірді таспен толтырғаннан кейін патша оның әскері аста-төк мейрам жасайды. Бірақ табиғат адамдардың санасыз әрекетін көтере алмайды. «Дауыл алдындағы тыныштық» былай бейнеленеді:

- Бір тыныш күй кешпеген өңір едің,

 деді патша,

- риза бол төңірегім!

...Жел иесі оянып қаһарланып,

Соқтырды-ай бір сол замат Ебі желін...

Ебі желін үңгірден үрлегенде патшаның жел бітеген тастары өз бастарына жауыпты-мыс. Осылайша табиғат заңына қарсы келген тасыр мінез «тас жауғырлар» Жаратушының кәріне ілігеді. 

Сайып келгенде «Ебі желі соққанда» өлеңі ортақ оқиғадан оқшау болғанымен, ойдан оқшау емес. Мұнда да өзінің ұлы табиғат алдында дәрменсіздігін ғапыл адам менмендігі мансұқталады.

Адам болмысына тән тағы бір сипат – ұмытшақтық. Оның жақсы және жаман тұсы болады. Жақсысы: адам белгілі бір мезгілден кейін қайғыны ұмытады. Олай болмаса адам біткен қыршынынан қиылар еді. Жамандығы: ұмытшақтық адамды ғапылдыққа әкеліп соғады.  Ал ғапылдықтың арты – өкініш. 

Сол себепті Алланың елшілері хақында әлімсақ уәдесін үнемі еске салып отырады. Өйткені адам құдайдың берген нығметін тез ұмытып қалады. Бақара сүресінің 44-аятында бұл туралы: «Сендер ел-жұртқа ізгілікті бұйырып, өздеріңді ұмыт қалдырасыңдар ма? Өздерің кітап (Тәуратты) оқисыңдар, еш ақылға салып ойланбайсыңдар ма?» - деп айтылады. Бұдан басқа аяттарда да инсанияттың әсте ұмытшақ жаратылыс екенін ескертіп отырады.

«Лұттың жарын еске алыңдар» дейді «Інжілдің» ілкі аятында (Лука 17:32). Расында Лұттың әйелі кім болған? Оның әлпеті қандай, нәсілі нешік? Ол туралы бізге беймәлім. Біз тек оның Лұтпен бірге шайтан шаһарын тастап шығып, ескі күндегі есіргі сәттерін қимай, жалт бұрылған сәтін білеміз.

Содом мен Гоморраның аңызында жаңағы Содон мен Гоморра – қос қала отқа оранады. Жалғыз Лұттың ғана отбасы Жаратушының фазылымен құтқарылады. Лұт пен Уахиланың қолынан ұстаған періштелер оларды қаладан алып шығады. «Арттарыңа қараушы болмаңдар», - дейді періштелер, Лұттың отбасына. Бірақ Уахила ол ескертуді ұмытып кетеді. 

Құдайсыздар қаласын қия алмай тұр,

Ұжмақ мекен осы - деп қиялдаған.

Соңғы рет жалт бұрылғанда Тәңірі оны тұз мүсінге айналдырып жібереді. Жаратушының жазасы өлең тілінде былай бейнеленеді:

Қыран құстың қиясы құздан болар,

Қарашада қақ тұрса ызғар қонар.

Есі адасқан ессіздің ескерткіші 

мұздан болар...

болмаса тұздан болар...

Енді аталған оқиғаның танымдық тамырында герменевтикалық, семиотикалық барлау жасап көрелік. Уахила неге шайтан шаһарын қимай қалды? Ол пайғамбардың жары бола тұра, неге құтқарылмай қалды? Уахила мен құдайдың арасындағы байланыс қаншалықты берік еді? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін біз оқиғадағы бірнеше мезеттерге көңіл аялдатайық.

Аңдасаңыздар, Лұттың отбасын күнәһарлар кентінен періштелердің өзі алып шықты. Бұл Лұттың үй-ішіне ғана бұйырылған бақ еді. Уахила қолын періштенің өзі ұстаған бақытты жанның бірі еді. Жалт бұрылып қарағанға дейін. Бұдан біз нені ұғынамыз? Тәңірдің алдында ешкімде жайдан-жай артықша құқық болмайды.  Мейлі пайғамбардың жары немесе ұлы болсаң да, тозақ отынан құтқарылдың деген сенімнен алшақ болған жөн. Христиандарда: «У Бога нет «внуков» деген дүниетаным бар. Құдайға апаратын баспалдағын әркім өзі қашау керек деген мағына жатыр, мұнда. Әйтпесе сондай ұлықтардың жақын адамы бола тұра, Тәңірдің кешірімінен тыс қалған пенделер аз емес. Мәселен, Елисей пайғамбардың қызметшісі Гизей, Апостол Павелдің шәкірті Димас, Иисус Христостың он екінші шәкірті Иуда Искариот.

Екінші, бұл тәмсілде құдайдың қаншалықты сүйікті досы болғанмен, оның шарттарын бәрібір орындау керек деген мазмұн менмұндалайды.

Үшінші, арға қиғаш келетін барлық істен жиіркену. Қолыңмен қарсы келе алмаған күннің өзінде, іштей жек көру керектігі осы сюжеттің басты нысаны. Уахила Содомнан шыққанымен, Содам оның жүрегінен шықпаған еді.

Өлең басына Анна Ахматованың «Лұттың жары» өлеңінен эпиграф алған болатынбыз. Онда әйел жанының дегдар мүсіншісі бір-ақ сәт көріп өлу үшін құрбан болған Уахилаға тәнті болады:

Кто женщину эту оплакивать будет?

Не меньшей ли мнится она из утрат?

Лишь сердце мое никогда не забудет,

Отдавшую жизнь за единственный взгляд.

Иә Анна Ахматова мұнда «Інжілдегі» ізгілік уағызынан гөрі, жалпы әйелзатының батылдығына басын иіп тұр. Мұнда басты деталь Содом емес, Лұттың әйелі. Ал біз бұл тақырыпқа басқаша жағынан келдік. 

Лұт және оның екі қызы өртке оранған шаһарға, Уахиланың мерт болған мекеніне бай-байлап қарап тұрады. Оқиға осылардың объективіне ауысады. Ауысады да, өлеңнің өзі болып сөйлеп кетеді. Қара қобыз күңіренеді, қаралы халық күйзеледі.  Сынық шанақтан сыңар қанат саз ұшып шулайды. Қара сабасы тілінген соң, ордағы әбжыланы зулайды. Көктем дүниенің көнеріп, қарағайдың басын шортан шалады. Поэмада Бұқар жыраудың түсі еске түсіріледі. Әуелгі әулиелер айтып кеткен «кіші қияметтің» басталғанын хабар етеді. Ақыры аяғында құдайсыздар дәуірінің Жаратқанның сотына келген сындарлы сәтімен бөлім аяқталады. 

Ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, жақсылық пен жамандық, тақуалық пен азғындық, періштелік пен сайтандық архетип ойлау жүйесінде ақ пен қара түстері арқылы көрнектеледі. Абайдың «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген ойын тиянақ қылатын болсақ, әуелі ақ түстің болғанын жобалауға болады. Расында да палитраның күллі түстерін қосар болсақ, ақ түс шығады. 

«Ақ қараның арасы» атты поэманың қорытынды бөлігі бар. Онда сақ-сақ күлген сайтандар салтанатынан қашып келіп ақиқаттың ақ шұғыласынан пана іздейді. Тіпті күнәһарлар  кентін тып-типыл еткен Жаратқан әміріндей, әлемге үн қатады. Жай ғана үн қатпайды, кесіп-тіліп айтады:

... Жолсыздықтан жоғалтады құт кейпің,

Иман нұры орнамаса санаға.

Ылығуы,

былығуы бітпейтін – 

Онда бәрі...

Содом менен Гоморра.

Артынша өзімнің ек-ақ түсті: ақ пен қараны ғана мойындайтындығымды ашып айтамын. Расында да ақ пен қараны ажырата білу – өмірдің басты мақсатына жетудегі алғашқы қадам. Ақты қара деп, қараны ақ деп білсе, ол адам – нағыз соқыр, ғапыл болмақ. Мұның астарында жақсы менен жаманның парқын ажырата алу жатыр. Хакім Абайдың: 

«Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», - 

деген сөзі ойға оралады.

Осылайша өлең нүктемен емес, леп белгісімен емес, сұрақ белгісімен аяқталады:

Тас жауады...

аулақ кетсең жер асып,

Ой мен Сана айналғанда масылға.

...Жаһандану кірді ме әлде,

адасып – 

Жиырма бірінші ғасырға?

Содом мен Гоморра – инсаният пен сайтаният некесінен туған қос шаһар. Оның аты тарихта күнәһарлар кенті деп мәңгіге бәдізделіп қалады. Тозақы тастардың астында қалған тозған қалалар адамзат санасына ұлы ескерту болып сақталары хақ. Лұттың пайғамбарлық миссиясы мен Уахиланың уақиғасы – ешқашан бітпейтін ғибрат ғазалы, сондай дүние деп ойлаймын.

Өлең жазатын адам өзінің кезеңдері келген кезде түрлі тақырыптарға барады. Өлең туралы бөлімде сол туралы айтқым келген. Менің «Қара орамал» деген поэмам бүгінге дейін әлемнің жиырма үш тіліне аударылды. Стокгольм қаласында «Опен Еуразия» деген поэмалар байқап өтіп тұрады. 2017 жылы сонда бәйге алды. Осы кітапта он алты тілдегі нұсқасы бар. Суреттерін әлем елшісі Кәріпбек Күйіков салған болатын. Бұл да «Содом мен Гоморра» секілді, оқиғалары – біздің жерімізде өткен, біз көрген тарих. «Хатынь қайғысы», «Хиросима-Нагасаки қайғысын білеміз. «Қарағанды лагері» деген болды. Біз сол жерде өстік. Аналарымыз көбірек отырғаннан кейін «АЛЖИР» лагері турал көбірек айтады. Ал «Қарлаг» сол кездегі КСРО-дағы ең үлкен лагерьлердің бірі болған. Адамзаттың қаншама асылдары осы лагерьде жазасын өтеген. Әлеуметтік зерттеушілер Қарағанды лагерін басқа қорлау лагерьлерінің ішіндегі тұтқындары ең көп аман қалған мекеме деп айтады. Осы жерде біздің қазақ деген халықтың өздері өзіне жетпей жүріп, соларға соншама жағдай жасағандығын көруге болады. Сол Қарағанды лагері туралы жазылған туындымның жолы болып кеткен сияқты. Орыс тіліне ғана аудардым. Қалған жиырма екі тілге өзінен өзі аударылып кетті. Қарағанды лагері туралы поэма қазір альбом болып шықты. 

Жалпы бізде ашаршылық туралы, осы Қарағанды лагері туралы жабық тақырып болмаса да, көп айтылмай келді. Көркем әдебиетте Жайық Бектұров ағамыздың «Таңба» романы бар. Оның өзі отыз-қырық жыл кешігіп шықты. Осы шығарманы жазу барысында «Таңба» романын, Солженицыннен бастап Варлам Шаломовтың «Колымские рассказы» романын оқыдық. Біздің қаламгерлер үшін осы бір жазуға тиіс дүние деп ойлаймын. Себебі, мен өзімнің осы тақырыпта жинаған дүниелерді кезінде Несіпбек Дәутаев ағамызға беріп едім: «Аға, сіздің табиғатыңызға келетін секілді. Елу-алпыс жыл бұрын біздің елде өткен оқиғалар. Дилогия, тіпті трилогия жазуға болады. Елу сегізінші статья бойынша жазаланғандар туралы», - деп. Ол кісі сонша бір қуанып алып еді. Өкініштісі, өмірден өтіп кетті. 

Осы арада тақырыпқа орай бір өлең оқып кетейін: «Мамочкина моласы». Бұл молада «Қарлаг» тұтқындары әйелдері мен олардың балалары жерленген. Зират Қарағанды облысы, Абай ауданындағы Жартас кентінің аумағында. Лагерьде халық жауының балалары да мерзімін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинаттарына тапсырды. Оның да вахтасы бар, қақпасы бар, барактары және тікенек сымдары бар: кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ. «Қарлагта» осындай жеті мекеме болған. Мұрағат деректері бойынша мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары болған. Мәселен, 1941-1944 жылдары 1924 бала, 1950-1952 жылдары 1130 сәби опат болған. 

Кімге ол күннің обалы?

Балалығын ұрлады,

Қызықтарын тонады,

Ессіз ғасыр адамзаттың алдында,

Жауап берген жоқ әлі.

Көкті кезіп кеткен кезде жыр құсым,

Мен олардың танып алғам түр-түсін.

«Мамочкина моласынан» естимін,

Сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін.

Аңызақта арай тілеп күнсіген,

Көктемдегі көк шыбықтың бүршігі ең.

«Мамочкина моласына» жеткенде,

Сақ-сақ еткен сол күлкіден түршігем.

Сол маңайдан естимін де тосын ән,

Тосын әнге қосыла алмай тосылам.

«Мамочкина моласының» қасында,

Сақ-сақ еткен сол күлкіден шошынам,

Сол дыбыстан шошынам.

Тайғақ кешіп тағдыр біткен тайғасын,

Ай арбаған асырады айласын.

Бірігуге ұран салған сол кезде,

Барлық елдің пролетары қайдасың?

Дыбыстарын жұртқа естіртпей былайғы,

Қарғамай-ақ қоғамды да, құдайды.

Жартастағы «Мамочкина моласы»

Сақ-сақ етіп күледі де, жылайды.

Қол бұлғаңдар, сол сапарға ермеймін,

Саны келіп, саны кеткен мендейдің.

Сай сүйегім сырқырайды жоласам, 

Енді қайтып бұл маңайға келмеймін.

Жартастағы «Мамочкина моласы».

Өмір

Бұл бөлімде өнер мен қоғам арасындағы байланысқа тоқталмақпыз. Қазіргі өнер, әсіресе поэзия, адамға қаншалықты жақын? Ол бүгінгі оқырманмен тіл батыса алып отыр ма? Әлде өз ішінде тұйықталып, элитарлық ойын алаңына айналып бара жатыр ма? Бұл – бүгінгі гуманитарлық ойдың ең өзекті сұрақтарының бірі.

Испан философы Хосе Ортега и Гассет «Өнердің дегуманизациялануы» атты еңбегінде ХХ ғасырға дейін өнер жалпыға түсінікті болғанын ата келіп, кейінгі жүзжылдықта оның этикалық және эстетикалық сипатынан біртіндеп ажырай бастағанын баяндайды. Бұрын аса жоғары бағаланған сұлулық, ізгілік, адам жаны мен сезімі жаңа дәуірдің талғам таразысында салмағын жоғалтты. Классикалық өнер иелерінің адам эмоциясымен жұмыс істеу тәсілін модернистер әйнек бетін әдейі қырнағанда туатын автоматты тітіркенуге теңеп, оны барып тұрған әділетсіздік деп бағалады. Осы арқылы олар өз туындыларын ойын ретінде ғана қабылдап,  онда ешбір адами сезімді, тіпті адамның өзін көрсетпеуді мақсат тұтты.

Өнер мен қоғам арасындағы байланыс дейміз. Ол бүгінде оқырманмен тіл табыса алып отыр ма жоқ па? Қоғамдық формациялар ауысқан кезде, адам психологиялары басқаша жасап жатқан тұста кейде: «Біз ұзақ екі дәуірді көрдік, екі түрлі қоғамды көрдік. Бүгінгі адамдардың жан дүниесіндегі мінездер, болмыстар, адамның табиғаты, әсіресе ұлттың табиғаты өзгеріп кетіп бара жатқан жоқ па? Қазақ өнері қайда бара жатыр? Біздің алдағы ізденістеріміз қандай болады?» - деп ойлаймыз. 

Біз алдыңғы буын ағаларымызды қатты жаттап өстік. Орыстарды да, басқасын да жаттадық, солардың әрқайсысының өлеңі біздің қоғамға ғажап әсер етті. Мәселе, Олжастың екі-ақ шумақтан тұратын «Арғымақтары» шықты. 

Дала қандай, даладағы ат қандай!

Нөсер шөпке белшесінен батқандай.

Құйғытсам бір, дала, қала болады-ау

Көз алдымда аунап бара жатқандай!

От тілгендей асау қанға, етіңе,

Арғымағым – шығып желдің өтіне.

Шабуылдап құрыш-болат тұяқпен,

Пергілеші жалпақ жолдың бетінде!

Олжастың, болмаса кешегі Қадырлардың жырлары біздің, жалғыз біздің емес бүкіл қазақ қоғамының арқасын қоздыратын еді. Қадыр ағамыз соншалықты бақытты деп ойлаймын, елу жыл бойы қазақ даласы, үлкені де кішісі де Қадыр болып жырлады. «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидарынан» бастап, «Көкпар», «Домбыра», «Желмая» болып жалғасып кете береді ғой. Сол кітаптарының бәрін оқыдық. Сол дәуірдегі қаламгерлердің барлығы өздерінің қоғамның, әдебиеттің, көркемдік кеңістіктің алдындағы міндеттерін атқарды. Кеңшілік Мырзабектің басқы шумағында «Тың жыртқан жылы» деп келетін «Боз бие» деген туындысы – тұтастай романға жүк болатын жыр. Болмаса Сәкен Жүнісов ағамыздың «Жапандағы жалғыз үйі» – осылардың бәрі сан буынды тәрбиелеп кеткен шығармалар болды. Олардың әрқайсысынан өнеге алдық.

Осы тұста Хосе Ортега и Гассеттің «Адамшылық аяқталған жерден ақындық басталады» деген пікірі ойды тіптен сапырып жібереді. Бұл тұжырымды бүгінгі күннің биігінен қайта қарасақ, қазіргі өнер мен поэзиядағы адамнан қашу, сезімнен безіну үрдісі адамзат санасының жаңа бір дағдарысына әкеліп соқпай ма деген заңды сұрақ туады.

«Неге ақындық аяқталған жерде?» деген ойға келесің ғой. Осы тұжырым сезімнен безіну  үрдісі емес, адамнан қашу емес. Жалпы кез келген өнердің түрі кәдімгі адамның жаны үшін, адамның дүниесі үшін жасалады. Осында талай ақындар, үлкен жазушылар отыр. Адам, қаламгер, суреткер өзінің не жазып отырғанын өзі біледі. Сенің шын дүние жасап отырғаныңды кез келген ғажайып сыншының өзі байқамай қалуы мүмкін. Болмаса сен халтураға барып отырғаныңды да білесің. Өлең деген – меніңше, ұйқас қана емес, оның ішінде адамның көзіне көрінбейтін ондаған жүздеген сауалдар, жұмбақ ғайып дүниелер бар.

Өнердегі дегуманизацияның негізгі белгілерінің бірі – түсініксіздік. Оның басты құралы – абстракция. Мәселен, Альфред Манесьенің «Минус он екі градус» картинасы пішінсіз жасыл-күлгін және қара дақтар аясындағы сары шаршылар мен үшбұрыштардың жиынтығынан тұрады. Микроскоп астындағы топырақ құрылымын елестететін «Солтүстік-батыс ағысы» картинасы да осы сипатта салынған. Мұндай бағытта қалам тербейтін авторлар адам болмысы мен көзқарасынан саналы түрде бас тартады.

Бүгіндері біз постмодернизм туралы айтамыз. Соғыстан кейінгі кезеңде модернге ең алғаш суретшілер барған. «Біздің ұлтымызға, ұлтымыздың жанына, әсіресе әдебиетімізге ол қаншалықты әсер етіп жатыр? Бүгінгі қазақ өлеңі, қазақ ойы, көркемдік дүниесі қай бағытта кетіп бара жатыр?» - деген ұғымда өмір сүріп жатырмыз. Өмірдің шындығынан алыс кетсе, өнердің де құны арзандайды деп ойлаймын. Негізі кез келген қаламгердің немесе суретшінің негізгі алатын нысанасы – адамның өзі болуы керек. Адамның жаны, табиғаты, болмысы болуы керек. Оны қабылдау – адамның жанындағы, жүрегіндегі, сезіміндегі, болмысындағы дайындыққа байланысты.

Рафаэль Альбертидің «Miss X» өлеңінде де жеке адам қасіреті көрінбейді. Қайғы ақынның өзінде емес, сыртқы объектілерде орналасқан:

«Күн электрошокерден өлді.

Ай күйіп кетті».

Ал италиялық футурист ақын Филиппо Маринетти футуристік манифесінде бұл көзқарасты ашық түрде мәлімдейді: «біз үшін адамның азап шегуі қысқа тұйықталудан кейінгі шамның азап шегуінен артық емес». Мұнда поэзия мен өнер адам тағдырының айнасы болудан қалып, суық концепциялардың ойынына айналады.

Ал ХІХ ғасырға дейінгі көркем өнер өмір шындығынан ешқашан алыс кеткен жоқ. Қалам иелерінің негізгі нысанасы адамның өзі болды. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, сол дәуірдегі романтизм мен натурализмді асқан шынайылықпен біріктіреді. Мұндай өнер туындыларынан ләззат алу үшін академиялық білім мен күрделі теориялық дайындық қажет емес еді. Қарапайым қабылдау мен сезімталдық жеткілікті болды. Осы тұрғыдан алғанда, ХІХ ғасыр өнер туындыларының бұқара арасында кең таралуы заңды құбылыс. Өйткені ол түсінікті әрі адамға жақын болды.

Енді эстетиканың негізгі категорияларының бірі – өнердің халықтығы мәселесіне назар аударайық. Расында да, қалың бұқара өнерді тек түсінікті формада ғана қабылдай алады. Бұл үшін оны кінәлауға болмайды. Өйткені өнер автор үшін емес, халық үшін жасалады. Осы ойды Алексей Толстойдың мына сөзі нақтылай түседі: «Сізді, жазушыны, елсіз аралға тастап кетті делік. Мәселен, соңғы күніңізге дейін адам баласын көрмейтініңізге және жазғаныңыздың ешқайсысы жарық көрмейтініне сенімдісіз делік. Сіз сонда да роман, драма немесе өлең жазасыз ба?» Бұл сұраққа жауапты ойшылдың өзі береді: «Әрине, жазбайсыз. Өйткені шығармашылық үшін керек екінші полюс – оқырман.» Осыдан кейін «түсінбесең, өзіңнен көр» деген пікірдің тым үстірт әрі жауапкершіліктен қашқан түсінік екені анық көрінеді.

Лев Толстой: «Ақиқат – қашанда қарапайым, өтірік – қашанда күрделі», - дейді. Мұндағы «қарапайым» ұғымын «қарабайырмен» шатастыруға болмайды. Бұл екеуі – мүлде бөлек мағыналар. Қасиетті кітаптардың барлығы қарапайым тілмен жазылған. Оны жетідегі бала да, жетпістегі дана да өз деңгейіне сай қабылдай алады. Ғылыми-техникалық үдеріс қанша өзгергенімен, адамшылықтың алтын өзегі өзгермейді. Бұл ойды Абайдың: «Қағида, шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерде өзгермейді», - деген тұғырлы тұжырымы терең дәлелдейді.

Әдебиеттанушы Юрий Борьевтің айтуынша, тұлғаның гуманистік бағыт-бағдардан және өзін-өзі бағалаудан тыс өсуі қоғам мен адамзат мүддесіне қайшы келетін қауіпті құбылыс. Характердің өзімшілдік негізде ғана дамуы адамдағы барлық адами құндылықтың жойылуына әкеліп соғады. Мұның көркем әдебиеттегі айқын көріністерін М.Булгаковтың «Ит жүрегі» мен америкалық фантаст Д.Шеллингтің «Таңғажайып бала» шығармаларынан көруге болады.

Қорыта айтқанда, көркем өнердегі дегуманизацияның қаншалықты қауіпті немесе қауіпсіз екенін әр оқырманның өз пайымына қалдырамыз. Ал біздің ойымызды Темірхан Медетбектің «Сауал» атты өлеңімен түйіндегіміз келеді. Бүлік салып, бой бермей жатқан баласына анасы өз бетінше тұрған ақынды көрсетіп: «Жылағанды қоймасаң, ана көке алып кетеді», - деп қорқытатын көрініс арқылы адамзат санасындағы ең терең қайшылық ашылады:

«Уақыттан, осы өмірден жаралған,

Бұл сауалға жауапты мен таба алман:

«Неге біздер, неге біздер адамды,

Тумай жатып қорқытамыз, адамнан?»

Автор мен оқырман жұрт арасындағы байланысты күшейту үшін де қазақ көркем ойын жасап жүрген осындағы біздің қанаттас қаламдас әріптестеріміз осы тұрғыда еңбек етуі керек деп ойлаймын. Жалпы бүгінгі дәрісте айтатын ойымның негізгі парасын осылай деп саямын. Рақмет! 

Дәрістің ресми бөлімінен кейін залдағы оқырмандармен сұрақ-жауап бөлімі басталды. ҚР Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы:

- Ғалым аға, көп рақмет! Шынымен де бүгін өте тамаша дәріс болды. Ғалым ағамызды ақын ретінде, азамат ретінде де бұрын өте жақсы білеміз, қадірлейміз. Облыста жүрген кезде, Жазушылар одағына барғанда біз Ғалым ағаны іздеп баратынбыз. Сол кезде, қай түкпірден келді деместен, тура өзінің туған бауыры келгендей күтіп алатын. Қазақтың қазіргі ең үлкен, ірі ақындарының бірі. Және бұл кісі – жауапкершілігі өте жоғары адам. Дәріске кәдімгідей дайындалып, жиырма беттік мәтін жазып алып келгенін көрдіңіздер! Ғалым аға, сізге көп рақмет!

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық:

- Ғалым аға, сізбен әңгімелескен сайын өзіңізден бұрынғы буынның өлеңдерін үнемі жатқа оқисыз. Осы қасиет қай кезде қалыптасты? Және өлең оқып берсеңіз?

Ақын Ғалым Жайлыбай сұраққа былайша жауап берді:

- Негізі ғылымда да бар, адамда «ритмический момент» деген болады екен. Жатқа оқитын жігіттер баршылық. Қайнар Олжай деген журналист азамат бар ғой. Өзі менімен құрдас. Қайнармен жолығып қалсам, екеуміз отырып, кез келген ақыннан өлең оқып жарысамыз. Қазір сәл-сәл ұмытып қалатын болып жүрмін. Өмір бойы жазушылармен жұмыс істедік ғой, бұл менің істеген жұмысыма қызметіме үлкен әсерін тигізді. Біз кезінде жылқы бақтық, кеңістікте өстік. «Арқаның Бетпақ деген даласы бар», - деп Сәкен Сейфуллин айтқандай, сол далада туып-өскен жылқышының баласымын. Жеті атамыздан жылқышылықты кәсіп еткен, «Біргебайдың қызылы» деген жылқының тұқымдары болған, соны баптаған, үш жүздің астында шапқан әулеттенбіз. Айдалада бес-ондаған жылқышылардың киіз үйі отырады. Жақын елді мекеннен ең кемі жүз шақырым алыс отырады. Асфальттің бетіндей теп-тегіс жазықта, отыз-қырық шақырым жерден көрініп, алыстан аттылы біреу келе жатады. Сол саған жеткенше, сен анау адамдарды сағынасың. Осы уақыттарда жаттаған болармын. Мен өлеңді қай уақытта жаттадым? Ол маған керек пе, керек емес пе? Бұл жөнінде ойланбаппыз да. Көп ақындарды білемін. Әлі күнге дейін есімде. Мәселен, Сәбит Мұқанов ағамыздың «Шаталов – менің жерлесім» деген өлеңі бар. Сәбеңнің ең соңғы өлеңі. Шаталов – Қызылжардыкі ғой. Ол ғарышқа ұшқанда Сәбит ағамыз қатты қуанып осы өлеңді жазған екен. «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетіне жарияланған кезінде, жаттап алыппыз:

Космонавтың жанымдай,

Жақсы көрем өңгесін...

Тонымның ішкі бауындай,

Менің де ұшты жерлесім!

Владимир Шаталов – 

Қызылжарлық бауырым,

Тиыш кеңісті қопарып

Гулетті Совет дауылын!

Жырақ жақта ұшып жүр,

Жұлдыздай аққан зымырап.

Советтік намыс үшін жүр,

Ерлік ісі тым ірі-ақ!

Самға, самға, жерлесім!

Ұшқыштың оз, бәрінен!

«Бұл не деген ер?!» десін,

Мекен тап ең әріден!

Қуанышпен қарсы алды,

Отаның, ұяң – Қызылжар;

Ақын ағаң жар салды, деп – 

«Сенде күндей қызу бар!»

Қазір ойласам, мұның бәрін не үшін жаттадым деп ойлайсың. Бір жолы Сәбит Мұқановтың поэзиясынан қорғадым деген бір жігітті сапарда кездестіріп, содан осы өлеңді сұрағаным бар. Ол басқаша сөйлеп кетті. 1971 жылғы газеттің номері де миымда тұр ғой, жатқа оқып беріп, соны қара дедім. Бәлен күннен кейін кешірім сұрап келді.

Тұрсынзада Есімжанов деген қазақтың ғажайып ақыны болған. Қазір айтылмай қалып бара жатыр, Ілиястың жерлесі. «Қабырға тал» деген кітабы болған. Ол кітап қазақ өлеңі үшін үлкен құбылыс болған, кезінде. Оның екінші кітабына Ғабит Мүсірепов алғысөз жазған. Сөйтіп жүргенде басына түскен жағдайдан болып көмескі тартқан тағдыр иесі. Кейінгі жылдары адаммен араласпайтын болып қалды. Алматыда жүрді. Алматыда партия мектебінде оқып жүргенде, бір күні көшеде кетіп бара жатсам, Тұрсынзада ағамыз Абай ескерткішінің алдында тұр екен. Барып сәлем бердім. «Сен мені танып тұрсың ба, әлде жай сәлем беріп тұрсың ба?» - деді. Сосын: «Мен адам баласымен сөйлеспеймін, мына шалмен (Абаймен) ғана сөйлесемін!» - дейді. «Сіздің өлеңдеріңізді жаттап өстік қой!» - дедім. Бұл кісінің өлеңдері ғажап. Мысалы, Ілиясқа жазған өлеңінде мынандай шумақ бар:

Дүлдүл боп жаралғандай бүкіл еңсең,

Мәреден Құлагерді күтіп ең сен. 

Қазақтың маңдайына өлең бітсе, 

Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен! –

деп оқимын ғой, басынан бастап. Осындай ақындарды біз көп оқыдық. Жаттауға болатынын да оқыдық, болмайтынын да оқыдық. Бұл – пайда болмаса, зиян әкелмейтін қасиет деп ойлаймын.

Келесі кезекте бүгінгі дәріске келген ақындар Кеңшілік Мырзабектің, өзге де ақындардың өлеңін жатқа оқыды.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan