Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ТАРТЫС (үз...

06.03.2019 10949

ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ТАРТЫС (үзінді)

ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ТАРТЫС  (үзінді) - adebiportal.kz

Қ.Ө.Əжиев
филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

«Көктөбедегі кездесу» драмасы Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазылған. Ол терең психологизмге толы, интеллектуалды-аналитикалық құрылымы бар, символдық образымен ерекшеленетін шығарма Пьеса оқиғасыз, сол себепті тартыс сыртқы деңгейде емес, іштей өрістейді. Бір мектепте, бір сыныпта оқыған төрт дос демалыс күні Көктөбеге шығады. Кейіпкерлердің бірі Көктөбені атақты Фудзиямаға теңейді. Бұл теңеудің символикалық мəні бар. Ертеде Жапонияда Фудзияманың басына шыққан монахтар адамға ашпаған сырын айтып, құдайдың алдында рухани тазарудан өтетін болған. Осыны еске алған актриса Гүлжан қатысушылардың əр қайсысына айтылмаған сырларын көпшілікке жайып салып, Көктөбенің басында тазаруды ұсынады. Құдайдың алдында шынын айтуға барлығы бірдей дайын болмай шығады.

Драматургтың шығармашылық табысының бірі пьесаның образдар жүйесіне тағы бір кейіпкер, Айша апайды енгізуі болды. Қарт мұғалім бұрынғы оқушыларынан олардың досы, сыныптасы Сабыр жайында сұрайды. Өйткені оның есінде бесеуі бірге оқып, бірге жүріп, майданға қол ұстасып бірге кеткен күйінде қалған. Өзінің ең талантты шəкіртін еске алу арқылы Айша апай Сабырмен байланысты сюжеттік желіні күшейте түседі. Қарт мұғалім есіне түсірген Сабырдың «Мəңгі талас, мəңгі дау» атты өлеңі оның асқан талант иесі екендігіне куə. Мұнда «Қайткенде адам қалады адам болып?» деген жолдар қайта-қайта қайталанады.

Өмір адамды күрес, соғыс, өлім тағы басқа жағдайлар арқылы сынайды. Адам өмір бойы адамгершілікке емтихан тапсырумен өтеді. Ең бастысы - қандай жағдайда да адам болып қалу. Соғыстың соңына қарай Сабыр «Дабыл үні өшкенде»атты поэма жазады. Жауынгерлердің рухын көтеретін өлеңдер жазумен белгілі болған оның бұл ісін достары түсіне алмайды. Жауды отанының шекарасынан қуып шыққандарына қуанудың орнына Сабырды «осының қаншама өмідіқыршынынан қиып, қаншама қан қазаға душар ететінін байқайсың ба», бұл жеңістің құны қанша деген сұраулар
мазалайды. Осы поэмасы үшін Сабыр жазаға тартылады. Төрт досының бірі оны сатып жіберген. Бірақ дəл қайсысы екені жұмбақ күйінде қалады. Тарихшы Мəмбет бүкіл қойылым барысында сатқын кім деген сұрақты қайта-қайта көтереді. Бірақ айналасындағыларға бұл мəселені қозғау керек емес. Барлығы да бұл тақырыпты жылы жауып қойғысы келеді. Олар ұзақ жылдар бойы бұл адам жайлы əйелдеріне де айтпаған. Бірақ Сабыр жарылмаған шиқан сияқты бəрінің есінде. Сол себепті сыныптастардың əңгімесі, олар оны қаламаса да, қайта-қайта Сабырға келіп тіреле береді. Өмірден жылы орнын тапқан Исабек пен Иосиф Патаевичтің айтуларына қарағанда, Сабыр бұл күндері ішіп кеткен, жанұясынан айырылған.

Драма кейіпкерлерінің өмірге деген көзқарастары əртүрлі. Олар сол себепті де ортақ нəрселер көп болғанына қарамастан, рухани жағынан бір-бірінен соншалықты алыс. Олар үнемі бір-бірімен сөз таластырумен болады. Сыныптастардың жүздесуі ұзақ сағынышпен күткен, рухани жақын адамдардың

кездесуі емес. Əңгімелерінен де көңілі жақын жандардың шынайы сөздерін ести алмаймыз. Олардың дауларының ең басты себебі табынатын құндылықтарының əртүрлі болуында. Мысалы, жақындығы сөздерінен аңғарылатын Мəмбет пен Алмагүл өзара қарым-қатынастың негізі бір-біріне рухани азық бере білуде деп есептейді. Иосиф Патаевич, Исабек, Мəмбеттің əйелі Əнуар тоғышарлық түсініктің шеңберінен шыға алмаған адамдар. Не актрисалық өнердің шыңына шыға алмаған, не ана бақытына қолы жетпеген
Гүлжан өзінің осындай жағдайына қатты қайғырады. Сол себепті автордың негізгі драматургиялық тəсіл ретінде дискуссияны таңдап алуы бекер емес. Пьесаны Сабырдың образымен байланысты сатқындық тақырыбы көктеп өткен. Бұл тақырыпты Моцарт пен Сальери жайлы репликалар күшейте түскен. Фудзиямаға шығу арқылы пьеса кейіпкерлеріне
сатқындық дертінен тазаруға мүмкіндік туған сияқты. Бірақ олар бұл мүмкіндікті пайдаланбайды. Авторлар пьесаға таудың етегінде тас тиіп қайтыс болған белгісіз əйел жайлы жаңа эпизод кіргізеді. Нəтижесінде кейіпкерлер бұл трагедияға əдейі болмаса да кінəлі болып шығады. Бірқатар сыншылар бұл көріністі артық деп есептеген еді. Бірақ осы эпизод арқылы драма кейіпкерлері кезекті сынаққа түседі. Мүлдем əртүрлі көзқарастағы адамдар ақыр соңында өздерінің шынайы орнын тапты. Сатқындар қашып кетті, ал адал адамдар қолымен істегенін мойнымен көтермек болып, қалып қойды.

Пьесада сатқын мынау еді деп нақты көрсетілмейді. Оның кім екендігі маңызды емес. Авторлардың концепциясы кінəліні
тікелей көрсетуден де кеңірек. Кім сатқын деген сұраққа жауап беру аз. Оқиғаның драматизмі сатқындық фактісінің өзімен тікелей байланысты. Мəмбет сатқын өзі емес екенін біледі. Соған қарамастан ол жақындарының бірінің сатқын болғаны үшін рухани күйзеліске түседі. Өйткені адам өзінің ғана күнəсі үшін емес, бүкіл адамзаттың күнəсі үшін де жауапты. Осындай рухани ізденістерімен Мəмбет өз жанұясының материалдық жағынан басқасына бас ауыртпайтын Досбергенге, жолы болғыш ғылым докторы Иосиф Патаевичқа, жағдайға бейімделгіш Исабекке, тоғышарлық көзқарастағы Əнуарға түсініксіз.

Сонымен Қалтай Мұхамеджановтың драмалары психологиялық мазмұнымен, философиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Көктөбедегі кездесу» атты драманың кейіпкері Сабыр ақынның өлеңіндегі «Қайткенде адам қалады адам

болып» деген жолдарды Қалтай Мұхамеджанов драматургиясының лейтмотиві ретінде қабылдауға болады. Оның драмалары мен комедияларының негізгі тақырыбы адам тағдыры, адамның кемшіліктері, адамның күрделі, қарама-қайшылыққа толы жан дүниесі. Комедияларында күнделікті тұрмыстың сынына түскен адам күлкіге айналдырылады. Драмаларында адам ерекше психологиялық жағдайлар арқылы: қасиетті тау Фудзиямада («Көктөбедегі кездесу»), жат елде («Жат елде»), қасіретке толы 1937-жылды еске алуда («Менің дертім») сыналады.

1. Жұмабек С. Қалтай Мұхамеджан. Титан драматург. (Замандастар айнасында) Шығармашылық портрет. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2007. – 240 б.

2. Мұхамеджанов Қ. Өзіме де сол керек.// Мұхамеджанов Қ. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 2-т. Пьесалар. Портреттер. Өнер жайлы ойлар. -Алматы: Атамұра, 1998 – 72-107 бб.

3. Мұхамеджанов Қ. Менің дертім.// Мұхамеджанов Қ. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 1-т. Пьесалар. Сахна сазы. Кинофильмдер туралы. - Алматы: Атамұра, 1998 - 89-121 бб.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар