Ғылымнұр Кәдірбайдың «Қаракеңгір жағасында» атты өлеңі философиялық тұрғыдан бізге киелі мекеннің тілдегі көрінісі сияқты көрінеді. Аталмыш өлеңді оқыған кезде Қаракеңгір өзені мен (ондағы) хандар кесенесінің не үшін киелі екенін түйсіне бастайсың.
Қаракеңгір бойына бармасаң да барғандай күй кешесің немесе сол кеңістік өлеңнің тілі арқылы дәл сенің қарсы алдыңа келгендей болады. Басқа бір сөзбен айтқанда, Ұлытауда жатқан кесенелі кеңістік өлеңнің тілі арқылы Қазақстанның бір шетіндегі оқырман үшін алыста (өз алдына) жатқан бір дүние болудан шығып оған келіп тіл қатып тұрған жанды құбылысқа айнала бастайды. Кеңістіктің тіл қата бастауы, оның қарсындағы адамға (оқырманға) ашыла бастауынан белгі береді. Егер адам да оған қарсы жауап бере бастаса/ашылса, онда араларында бір диалог алаңы қалыптасады. Өз кезегінде бұл диалог алаңы адамның киелілікті тәжірибе ету үшін бір есік рөлін ойнайды. Өйткені кеңістік осы диалог алаңы арқылы адамды қарабайыр өмірдің ішінен суырып алып жан мен сананың аңсауы болған басқа бір биік дүниеге қарай жетелейді. Дәл осы жерде яғни адамды рухани бір әлемге қарай жетелей бастаған кезде ғана киелі кеңістік/мекен шын мәнінде ортаға шығады. Өйткені ол киелілік потенциалын физикалық құрлымынан емес, қашанда атқаратын функциясынан алады.
Осы жетелеу қызметі тұрғысынан қарағанда киелі кеңістік, қарабайыр дүние мен рухани бастаудың, Серікбол Қондыбайдың сөзімен айтқанда, Ілкі Төрдің арасындағы бір ара(дағы)[1] кеңістік болып көрінеді. Өйткені ол бір жағынан физикалық жаратылыс (өзен) және адам қолымен тұрғызылған құрлыс (кесене) ретінде осы дүниеге тән екенін көрсетсе, енді бір жағынан адамды рухани әлемге жетелеуі арқылы метафизикалық сипатын әйгілейді. Яғни бұл не толықтай мына дүниеге, не толықтай ана дүниеге жатпайтын екі арада тұрған бір кеңістік деген сөз. Сол үшін киелі кеңістікке кіру, қай кезде де екі дүниенің арасында тұрған бір ара кеңістікті тәжірибе ету болып шығады. Ал қандайда бір кеңістікті тәжірибе ету, түптеп келгенде адамның өзін, өзінің бұдан бұрын байқамаған қырларын тәжірибе етуі болса, онда екі дүние арасында тұрған бір ара кеңістік саналатын киелі кеңістікті тәжірибе ету дегеніміз адамның өз болмысының ақ- қарасы мен ала- құласын тани бастауымен бірдей. Бұл бейне адамның есікте тұрғанына ұқсайды; бөлменің ішін де сыртын да көру мүмкіндігіне ие болады.
Бұл тұрғыдан алғанда бізше Ғылымнұр Кәдірбайдің өлеңі оқырманға осындай «ара кеңістік» тәжірибесін жасайтын алаң/мүмкіндік ашуымен құнды. Өйткені ақынның өзі өлеңімен Қаракеңгір жағасының бір ара кеңістік екенін көрсетуге талпынған. Қараңыз, автор салған жерден былай дейді:
«Қаракеңгір өзені
Фәниден басталып сағасы бақиға сіңеді.»
Көріп отырғаныңыздай автор, Қаракеңір өзенін фәни мен бақи арасын жалғайтын бір көпір (ара кеңістік) ретінде көреді. Оның бір басы фәниде тұрса, енді бір басы бақиға жалғасып жатады. Бұл жерде екі дүниені де «көруге» болады. Жалғасы:
«Аққан суды жаралы қанатымен сабалап
Ақ айдында көгала үйректер шуласып жүреді».
Бізге бұл жолдар, киелі кеңістіктің бүгінгі ахуалына болған күйініштің бейнесіндей сезіледі. Себебі осы екі тармақ алдында айтылған ойды бекіте түсуді емес, қайта «әттеген-ай»-ын білдірердей... немесе айтылған ойдың бір «бірағы» сияқты... Мұндай бір-біріне қарсы, шарпысқан көңіл толғаныстары ақынның киелі кеңістікті тәжірибе ете бастағанын көрсетердей. Ал жалпылай айтқанда өлеңнің өзі осындай қарама-қарсы күйлердің шарпысуынан туған деуге болады.
Екінші шумақта да ара кеңістік бірден көрінеді:
«Қаракеңгір өзені
Қара жерден көк аспанға қарай ағады.
Арғы жағадан ардагер ерлер көрініп қалардай
Ай жамалды арудың ал индігі ауады».
Бұл тармақтардан қасіретті тағдырдың шынайы бейнесін көресің. Жаның ауырады. Осынау шумақта Қаракеңгір өзені өмір мен өлімнің арасындағы шекарадай (ара кеңістік) елестейді. Соғысқа кеткен ер азаматты күткен ару өзеннің арғы жағасына қарай көз салады; бейне екеуін бөліп тұрған соғыс емес, ағып жатқан өзен сияқты. Ару қыз неге (басқа жерге емес) өзеннің арғы жағасына қарайды? Өйткені санасын торлаған үйрейдің ішінен үміт іздейді. Осылайша оның көңілінде үрей мен үміт шарпысады... Хабарсыз кеткен азаматтың өлімі жайлы ойдың көңілге салған үрейі мен кейде тосынан шыға келетіндей сезіле беретін өлмес үміт... Сондықтан бұл жерде өзен, қыздан алыс та емес, сондай- ақ оны қарсы жақтан бөліп тұрғаны үшін жақын да емес бір шекараны бейнелейді. Тағы да «ара кеңістік»... Қыздың өзеннің аржағына қарауы осыдан.
Өлең үшінші шумаққа ауысқанда киелі жердің «ара кеңістік» бейнесі тіпті айқындала түседі.
«Қаракеңір өзені
Жарық күн мен қара түннің арасын жалғайды.
Тәңірдің дидарын көруге асыққан қағандардың
Шырлап ұшқан шыбын жаны алты қатқа самғайды».
Шүбәсіз, ақын Қаракеңір өзенін дүниеге тән екі жақтылықтың (дуалитенің) тоғысқан жері ретінде көреді. Яғни бұл дүниенің орталығы деген сөз. Ал дүниенің орталығы қашанда екі дүниенің жалғасқан жерінде (арада) тұрады, сондықтан адамның жаны Тәңірдің дәргейіне осы жерден көтеріледі. Ақынның бейнелеуінде Қаракеңгір өзені бір түрлі аспан қақпасы сияқты елестейді.
Ары қарай ақын Қаракеңгір өзеннің «ара кеңістік» ретінде өмірден гөрі өлімге көп куә болғанын жырлайды. Алаша мен Жошы хандардан басқа атаусыз, белгісіз кеткен ерлердің де ізін жоқтайды. Бәлкім осы арқылы ақын біз тарих деп жүрген дүниенің қандай жұтаң, сараң екенін сынағысы келген де шығар. Өйткені тарих көбіне-көп көзге көрінген мен хатқа түскен деректерге ғана сүйенеді емес пе?! Ақын сол үшін тек Алаша мен Жошы ханның ғана аруағына мінәжат етуді қиянат деп сезінеді. Ақынның тілімен айтқанда: «Алаша мен Жошы хандардың мазары, атаусыз қалған оғландардың гөй-гөйінен тоңады». Бұл тармақтарды оқығанда тұтас қазақ даласының ойы мен қыры белгісіз жатқан кесенелер іспетті сезінесің; бәрі киелі сияқты көрінеді де, адамға қалағанынша әрекет етуге мүмкіндік бермейтіндей болады.
Бұдан ары өлеңнің соңына дейін Қаракеңгір өзеннің «ара кеңістік» рөлі басқаша бейнеде жырланады. Мысалы ол «уақыттың қаралы шеруі өтетін жолды біледі» және мәңгі рухтарды мәңгі мекеніне жеткізеді. Өз қолымен ұзатып салған өмір салтанатын өзі жоқтайды. Алайда, бір жақсысы, ол жерде тек қасірет қана тумайды, сонымен бірге сүттей әппақ таңдар да нұрға бөленіп атады. Яғни ол ара кеңістік ретінде өлімнің ғана емес өмірдің де жырын жырлайды. Өйткені өмір мен өлім әмәнда бір қайнардан бастау алады.
Өлеңнің әр тармағын жеке-жеке талдап беру, біздің міндетімізге кірмейді. Біз осы жазбада өлеңнің бізге сөйлегендерін яғни өлеңмен арамыздағы диалогты ғана ортаға салуға ниеттендік. Гадамерше айтсақ, өлеңнің көкжиегі мен біздің таным көкжиегіміз ұштасқан жерін ғана тілге тиек еттік. Басқаша айтсақ, өлең мен біз бір-бірімізге қаншалық ашылдық, соны сөз етіп отырмыз. Бұл бейне өлең авторының Қаракеңгір жағасына келіп хандардың басына зиярарат етуіне ұқсайды. Егер ақын зиярат етуге келген жеріне ашылмаса, ол жер де ақынға ашылмас еді. Сол сияқты Қаракеңгір жағасының да оған айтар ештеңесі болмаса, онда ақын да оған ашыла алмас еді. Бұл киелі жер ретіндегі Ұлытаудың тарихи орнымен бірге ақын ретіндегі Ғылымнұр Кәдірбайдың танымдық дайындығына тікелей байланысты. Бір киелі жерге келген адамдардың әртүрлі әсермен қайтатыны да осыдан.
Біздің шамалауымызша, Ғылымнұр Кәдірбай Ұлытау жеріне келгенде шын мәнінде өз тұрып жатқан жерден басқа бір кеңістікке келгенін түйсіне алған. (Келген күйіңде кері қайтсаң, онда келдің не келмедің не?!) Өйткені оның өлеңінде жекелеген құбылыстар, тұтас бір кеңістіктің тіліне айналып кеткен. Яғни өлеңде кеңістік өзенімен, мазарымен, тауымен, қоғасымен, желімен, аруағымен тұтастай бір дүние ретінде ақынның алдынан шығып оған тіл қатады. Оны басқа бір әлемге жетелеп кетеді.
Аталмыш өлең бір қарағанда өткен өмірді жоқтаған ақынның монологы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес, қайта бұл ақынның сол кеңістікпен құрған диалогтың ішінен туған. Себебі егер монологтан туғанда, өлеңде ақынның позициясы алдыңғы орынға шығып кетер (арнау өлең болар) еді. Ал бізге ақынның өлеңі арқылы Қаракеңгірдің жағасы тіл қатып отырған жоқ па?!
Өлеңнің бұндай жетістігін тілдің киелілікке кеңістік ашуы деуге болады. Яғни Ғылымнұр Кәдірбайдың өлеңі арқылы Қаракеңгір жағасы өзінің не үшін киелі екенін әйгілеп тұр. Мысалы, оқырман ретінде мен аталмыш өлеңді оқымастан бұрын Қаракеңгір жағасына келсем, оның киелілігін мұншалық сезіне алмауым мүмкін еді. Ал осы өлеңді оқыған соң Қаракеңгір жағасына болған санамның ашықтығы тіпті де арта түсті. Бұл сана үшін Қаракеңір жағысы туралы тарихи деректерді оқудан да ықпалды құбылыс. Себебі өлең деген – өнер. Ал өнер, Хайдеггерше айтқанда, бұлыңғырланып кеткен дүниелердің шын мәнінде не екенін көрсету үшін бос алаңдар (мүмкіндіктер) жаратқан кезде іске асады. Өйткені, адамның үнемі қайталауы (айтуы, істеуі т.б.) нәтижесінде дүниелер оған тым етене болып кетеді. Осы себепті адамның көзі дүниелердің шынайы болмысын байқамайтын дәрежеге жетеді. Бұл жағдайды бәрімізге таныс мына ән сөзінен анық көре аламыз: «жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды». Өнердің ең басты міндеті, сол дүниенің болмысын қайтадан ашыққа шығару арқылы адамның танымын жаңартып отыру. Бізше Асқар Сүлейменов «бейнелеу тілі ескірді» дегенде, тілдің болмысты сөйлетуден қалғанын айтқан болса керек.
Сол сияқты Қаракеңгір жағасының да үнемі қайталаулар мен науқандардың кесірінен киелілігі бұлыңғырланып кетеді. Әсілінде Қаракеңгір жағасына бару, ол жердегі киелілікті тәжірибе ету, онымен жүздесу сол арқылы арылу болса, бара-бара бір музейге барып көріп қайтқан сияқты тенденцияға айнала бастайды. Ал осындай жағдайда Ғылымнұр Кәдірбайдың өлеңі, осы көмескіленіп кеткен киелілікті – киелі жердің мәні мен болмысын – қайтадан көрсетіп беріп отыр. Үстеп айтар болсақ мұны өлеңнің киелі кеңістікті жаңадан жаратуы десе болады.
Қаракеңгір жағасында
Қаракеңгір өзені –
Фәниден басталып сағасы бақиға сіңеді.
Аққан суды жаралы қанатымен сабалап
Ақ айдында көгала үйректер шуласып жүреді.
Қаракеңгір өзені –
Қара жерден көк аспанға қарай ағады.
Арғы жағадан ардагер ерлер көрініп қалардай
Ай жамалды арудың ал иіндігі ауады.
Қаракеңгір өзені –
Жарық күн мен қара түннің арасын жалғайды.
Тәңірдің дидарын көруге асыққан қағандардың
Шырлап ұшқан шыбын жаны алты қатқа самғайды.
Қаракеңгір өзені –
Бойына тірілерден гөрі өлілер көбірек қонады.
Алаша менен Жошы хандардың мазары,
Атаусыз қалған оғландардың гөй-гөйінен тоңады.
Қаракеңгір өзені –
Жасыл түндерде иіріміне шоқ-шоқ жұлдыз құлайды.
Жел жапырған қалың қоғамен бірге теңселіп,
Түн баласы үлбіреп үббе қыздар жылайды.
Қаракеңгір өзені –
Уақыттың қаралы шеруі өтетін жолды біледі.
Мәңгі рухтарды су аяғы құрдымға жеткізіп,
Соларды жоқтап боздайды шерлі жүрегі.
Қаракеңгір өзені –
Ұйқысы қашқан қарттай ай астында дөңбекшіп жатады.
Ұлытаудың жақпар-жақпар жартастарынан сығалап,
Сүттей аппақ тағы бір таң нұрға бөленіп атады.
Қаракеңгір өзені...
Ғылымнұр Кәдірбай
Ерсұлтан Әлайдар
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы,
Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері
"Жас Алаш" газетінен
[1] Бейне коридор секілді ортада тұрған.
