«Терминология – тілдің жүрегі», - дейді, қазақ тілінің терминологиясы жөнінде пікір білдірген қаламгер.
Қазіргі қазақ тілінің терминологиясына жаңа ұғымдар жаппай еніп жатқан кезеңде басты ұстаным қандай болуы керек? Бұл сұрақ қазақ тілінің болашағын анықтайтын өзекті мәселе. Әдебиетші ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Әбілмәжінмен болған сұхбат осы тақырыпты тереңірек талдауға мүмкіндік берді. Сұхбатта ұлттық тіл табиғатын сақтау, туыстас түркі халықтарының тәжірибесі, тілшілер мен әдебиетшілердің ынтымақтастығы, терминдердің мағыналық шығу талабы сияқты мәселелер қозғалды.
Сұрақ: Секе, қазіргі қазақ терминологиясына жаңа ұғымдар жаппай еніп жатқан кезеңде – қандай ұстанымды басты қағида санау керек? Ұлттық тіл табиғатын сақтау ма, әлде халықаралық терминдерге икемделу ме?
Серікбай Әбілмәжін: Ең бастысы – кіріп жатқан терминдердің барлығы ұлттың тіл табиғатын жоғалтпауы керек. Отарлық кезеңде зорлап таңылған алфавиттің әсерінен қазақ тілінің табиғаты өзгеріске ұшырады. Дұрыс қабылданбаған терминдердің әсері бірден білінбегенімен, түбі бір алдымыздан шығары анық. Біраз жыл бұрын латын әліпбиіне көшеміз дегенде сол кірген терминдерді қалай жазамыз деп бас қатырғанымыз шындық. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазуда бар жоғы 24 таңба, 33 дыбыс бар. Ал бүгінгі әліпбиімізде 42 әріп. Не үшін сонша көп? Ойланарлық мәселе.
Әрине кейбір салаларда халықаралық терминдерді сол қалпында қабылдау керек. Оның өз артықшылықтары бар. Бірақ қазақ тіліндегі дыбысталуына, үндестік заңына баса назар аудару ләзім. Қазақтың төл дыбыстарына бейімдеу, І, Ә, Ө, Ү сияқты әріптерді қосу арқылы тілдің табиғи әуезділігін сақтау керек. Мысалы, орыстар «national» сөзін «национальный» деп өз дыбыстауымен үндестікті бұзбай қабылдады. Ал біз бұндай сөздерді таза орыс тілінің фонетикалық дыбыс заңдылығына сай қабылдай саламыз. Термин қабылдауға көршімізге жалтақтаймыз да отырамыз. Халықаралық терминдерді орыс тілі арқылы емес, тіке қабылдайық. «Parking» сөзін қабылдар болсақ қазақша «паркиң» дейік, не үшін орыстарша «паркинг» деуіміз керек? Терминологиялық комиссия «искусственный интеллект» терминін «жасанды интеллект» деп бекітті. Неге «жасанды сана» емес? Бұндай мысалдарды жүздеп санауға болады.
Сұрақ: Өзіңіз негізі әдебиеттің адамысыз. Жалпы филологияның ішіндегі тіл, әдебиет деген егіз ұғым болса да, кейде тілшілер мен әдебиетшілер деген екі үйекке жіктелетін секілді. Терминология салада тілшілер мен әдебиетшілердің бірлігі қалай?
Әдебиетшілер мен тілшілердің арасында пікір бірлігінің болмауы жиі кездесетіні рас. Ақын-жазушылардың ұсынған терминдері тым түсініксіз, архаизм деп санайтын ғалымдарды білемін. Тілші ғалымдар көбінесе ғылымның қатаң қағидаларына жүгінеді. Ал ақын-жазушылар тілді негізгі «тұтынушы» ғана емес, тілді жасаушы деуге болады. Мәселен А.С. Пушкин шығармалары арқылы орыс тілін әдеби тіл ретінде қалай орнықтырса, біздің Ғ. Мүсірепов пен М. Әуезов шығармалары қазақтың жазба тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосты, байытты, дамытты.
Өкінішке орай қазіргі терминологиялық комиссия құрамында ақын-жазушылар аз, жоқтың қасы. Бұл үлкен мәселе. Термин саласында ғалымдар, ақын-жазушылар, қарапайым халық бірлесе жұмыс атқаруы керек. Сонымен қатар біздің архаизмге айналған сөздерімізді жаңа ұғымдарға балама ретінде алу арқылы оларды «тірілтуге» болады, тіл табиғаты мен әуезділігін сақтауға көп көмегі тиеді. Біз көшпелі өмірден қол үзгеннен кейін сөздік қорымыздың кемі 30 пайызынан айырлған елміз. Мысалы, қазақта тек жылқыға қатысты 60-тан астам сөз болған. Қазір ауызекі тілде бар-жоғы онға жетер-жетпесін ғана пайдаланып жүрміз. Түйе түлігіне байланысты да 40-50 атау болған. Қазір тарихи көркем әдебиетте болмаса, олардың бәрін күнделікті шаруашылықта пайдаланып жүрген жоқпыз. Бұл бір. Екіншіден отарлық кезеңде білім саласы, ғылым мен техникамыз өзге ұлт тіліне тәуелді болды. Сол үшін қаншама жылдар бойы қазақ тілінің дамуы тежелді. Кезінде алаш зиялылары жасап кеткен терминдер болмаса, бүгінде барлық ғылыми атаулар калька әдісімен алынған, дүбараға толы болар ма еді, қайтер еді?
Ғалымдар қабылдап, бекіткен терминдерді халық қабылдай ма, жоқ па? Бұл да үлкен мәселе. Халық тілді тұтынушы емес, жасаушы. Сондықтан терминологияға қатысты платформаларды дамытып, кеңінен насихаттауға баса назар аудару керек.
Өзіңіз Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығында қызмет атқардыңыз. Терминологиялық комиссияның жұмысына саяси биліктің ықпалы қаншалық? Терминді «тым қазақыландыру» жіберуге кедергі бар ма?
Серікбай Әбілмәжін: Мен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Терминологиялық хабаршы» бюллетенін шығаруға ат салысқаныммен, комиссия жұмысына тікелей араласпадым. Сондықтан кедергілер туралы нақты фактілерді айта алмаймын. Менің ойымша термин жасауда қазақтың байырғы шұрайлы тілін пайдалануға ашық кедергі жоқ деп ойлаймын. Бұрынғы президент бір сөзінде: тілімізге «көне грек тілінен еніп, «тастай батып судай сіңген» музей, архив сияқты әлем қолданатын сөздерді мұражай, мұрағат деп орынсыз қазақшаладық» деп кейістік білдіргені есімізде. Біздің елдегі тіл мәселесі тым жіңішкеріп, саяси мәселеге айналып кеткені жасырын емес. Сол тұрғыдан «аяқты аңдып басар» басар тұстарымыз бар шығар.
Сұрақ: Туысқан түркі мемлекеттері әсіресе Түркия термин жасауда көп атауды өз тілдеріне бейімдеген. Мысалы машинаны - арба, компьютерді - білгісайар, астрономияны - көкбілімі дейді. Жаңа атаулар пайда болғанда болмаса бұрынғы қолданып келген атауларды аудару қажет болғанда түріктердің дайын терминдеріне жүгінуге болмай ма?
Серікбай Әбілмәжін: Терминге байланысты мәселеге келгенде түріктектес халықтардың, әсіресе түріктер, көрші әзірбайжандарға міндетті түрде қараймыз. Бізде тікелей көшіріп алу емес, олардың қабылдаған сөздерінің негізін өзімізше ыңғайлауға күш салу керек. Ол жағынан комиссия біраз жұмыстар атқарды деп ойлаймын. Терминком сайтына кірсеіңіз, қабылдаған терминдерді басқа түрік тектес халықтар қалай, не деп қабылдап жатыр, бәрі тұр. Әрине, ол онсыз болмайды. Туысқан ұлттар бір-бірінің тіл жүйесіндегі терминдерін қалыптастыруға тіл жүйесіндегі мәселелерде көбінесе бір-біріне тәжірибе алмасу мақсатында көбірек бас қосып, бірлесе жұмыс істегеннен ұтылмайды. Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор жасау мәселесі түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік алған кезеңінен басталды. Алғаш рет Қазақстанда түркі тілдес мемлекеттер ғалымдарының 1997 жылы көптілді терминологиялық салыстырмалы сөздіктерін жасаудан бастауы – осының бір дәлелі. Түркі тілдеріндегі терминдердің тарихи даму жолдары әртүрлі болғанымен, жаңа ұғымдарды атауда бірлесе термин жасау көп жеңілдік тудырар еді. Мысалы, Әзірбайжанның Терминология комиссиясы (АНАС жанында) 2016 жылы түркі тілдеріне ортақ терминдер сөздігін жасауды бастады, 6000-нан астам сөз қамтылған (техника, компьютерлік ғылым т.б.) және оны әзірбайжан, қазақ, қырғыз, түрік, түркімен, өзбек тілдерінде шығару жоспарланған. Бұл сөздікте жергілікті нұсқалар көрсетіледі, мысалы: компьютер – қазақша «есептегіш» (бірақ терминком сайтында «компьютер» деп алынған), түрікше «bilgisayar» (білгісайар), әзірбайжанша «kompüter» немесе бейімделген «hesablayıcı». Тағы бір мысал – «интернет» термині: түрікте «internet» қалпына келтірілген, қазақта «интернет», бірақ ортақ сөздікте «virtual ortam» немесе ұқсас бейімдер талқыланады. Терминкомның қағидаттарында (4-принцип) туысқан түркі тілдерінен озық тәжірибелерді пайдалану міндеттелген, мысалы, сіз айтып отырған түріктің астрономия термині «gökbilimi» (көкбілімі) үлгісін қазақша «көктану» деп ыңғайлауға болады. Туысқан ұлттар арасында тәжірибе алмасу жиналыстары (мысалы, Түркі кеңесі аясында) жиі өтеді, бірақ әлі де үлкен бірлескен платформа (көптілді онлайн-сөздік) жасау қажет деп ойлаймын. Бұл жалғыз қазақтардың емес, күллі түркі тілді халықтарға ортақ мәселе.
Мысалы: жоғарыда айтқан 2023 жылы терминком Түркияның «bilgisayar» үлгісін ескеріп, «компьютер» орнына «есептегіш» немесе «білгіш» ұсыныстарын талқылаған, бірақ «компьютер» ресми қалды. Әзірбайжанның латын әліпбиіне көшу тәжірибесі (2021) қазақ терминкомына сабақ болды: олар «telefon» орнына «telefon» қалдырмай, «zəng» сияқты баламалар енгізген. Қазақстанда түркі кеңесі аясында 2024 жылы өткен онлайн-кеңесте 50-дей ортақ термин (мысалы, «демократия» – «халық билігі» баламалары) талқыланды, бірақ ортақ шешімдер жоқ.
Сұрақ: Атау беруде бізде мынадай бір ортақ қателік бар секілді. Жаңадан ату беріліп жатқан затқа, құбылысқа байланысты сөзде, сөзсіз сол заттың, не құбылыстың мағынасы шығып тұру керек деген. Ол заттың мағынасы шықпаса да қолдана беруге болмай ма? Мысалы түлкі дегеннің мағынасы не? Піл деген жануардың атының мағынасын түсіндіріп бере алатын адам бар ма қазір. Осындай тек мағынасына жабысып алып, атау беру термин жасауда көп қиыншылық тудыратын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
Серікбай Әбілмәжін: Иә, бізде жаңа затқа атау беру кезінде сөздің мағынасынан сол заттың сипаты, ерекшелігі көрініп тұру керек түсінік термин жасауды қиындататыны рас. Шетелден келіп жатқан қаншама терминдердің біз мағынасына мән беріп жатқан жоқпыз ғой. Toyota десе, оның жапондық әйгілі көлік маркасы екенін білеміз, Tesla десе, Илон Маскінің атақты көлік маркасы екенін түсіне қоямыз. «Оның мағынасы не еді», «Қандай мағына береді» деп бас қатырып жатқан бір қазақ жоқ. Ал, қазақша бір атау, термин ойлап тапсаң болды, ту-талақайын шығарамыз. Парадокс.
Ғылым кейде қатаң қағидаларға қатып қалады да, ғалымдар сол қағида шеңберіне қамалады. Тілді жасайтын халық. Ғалымдар мен әдебиетшілер он ойланып, жүз толғанып таппаған атаулардың сәтті баламасын кейде қарапайым адамдар тауып жатады. Мысалы, орыстар компьютердің бір құралы «mouseті» «мышь» (тышқан) деп ағылшын тілінен тіке аударған, қытайлар «шубияо» (қолмен көрсеткіш) дейді, ал қытай қазақтары бұны «тінтуір» деп атаған. Өте сәтті атау 2016 жылы «mouse» термині үшін «тінтуір» халық ұсынысы ретінде қабылданды. Мағынасы бар ма, бар. Ұстап аласың да компьютеріңізді тінтесің, не интернет әлемін тінтесіз, тімтінесіз, зерттейсіз деген ишара бар. Бірақ халық арасында әлі де сол орысша нұсқасын қолданып жүрміз.
Барлық жаңа заттарға осындай сәтті балама табыла кетуі қиын. Сондықтан кейде атау сол ұғымның, заттың қасиетін сипатын тек ишарамен ғана көрсетуі мүмкін. Мысалы мен «балкон» сөзін «самалдық» деп ұсынар едім. Көбіне балконда салқын самал есіп тұрады, басқа бөлмелерге қарғанда салқын, самалды болады. Бөлмеңіз ысып кетсе, балконға шығып салқын самал жұтасыз. Халық арасында бұдан да сәтті баламалар табылып қалуы мүмкін. Ал оның бәрін жинап, сараптап, пайдалану үшін жалпы халық өз ұсынысын айта алатын икемді платформа керек. Теле бағдарлама, ортақ чаттар, телефон қосымшасы, түрлі әлеуметтік желілерде арнайы аккаунттар ашу секілді алуан формада ұсынып, олардың ішінен ең икемдісіне баса назар аудару керек. Терминологиялық комиссия мүшелері фейсбук желісінде посттар салу керек. Мүмкін бұл жұмысқа арнайы SMM мамандарын тарту керек болар. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс пайдалану арқылы біраз шаруаның басын қайыруға болады.
Сұрақ: Шығармашылығыңызға байланысты бірер ауыз айта кетсеңіз. Кейбір қаламдастарыңыз поэзияны тастап, прозаға кетіп жатыр. Сізде қалай? Өлең жазып жүрсіз бе?
Серікбай Әбілмәжін: өмірден ерте кеткен Артығали ақынның «Екеуіміз жырлау үшін де, көңілге жағдай» керек қой деген жолдары бар еді. Біздің заманымыз шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік беретін заман емес. Көңілге де, өмірге де жағдай керек. Бұрын өлең көбінесе күзде «мазалайтын». Биылғы жыл басқа болды. Көктем айларында біраз өлеңдер жазылды. Кейде өлең өзіңді іздеп келетін сәттер болады ғой – дәл сол кезеңді өткергендеймін. Одан кейін аз-кем шығармашылық тыныс алдым. Бұл кезеңді тоқырау деп емес, керісінше, ішкі дайындық, жинақталу, оқу мен іздену уақыты деп қабылдаймын. Кейде өлең жазудан гөрі оқыған дұрыс. Өйткені жақсы дүниенің тууына ішкі қорек, рухани қуат керек. Сол қуат – кітаптан, ойланудан, еркіндіктен келеді. Сол себепті жұмыстан кеттім. Күніне сегіз сағаттық қатты графиктен еркіндеу, икемді кестедегі жұмысқа ауыстым. Уақыт – шығармашылық адамға ең үлкен кеңістік. Уақыт болса, ойыңды да, сезіміңді де қағазға толық жеткізе аласың. Біраз жылдан бері ойымда пісіріп жүрген бір неше поэма бар еді. Соған отырсам деймін. Прозаға кету арнайы жоспарымда жоқ. Бірақ көкейде жүрген, қара сөзге сұранып тұрған біраз дүниелер бар. Сәтін салса қағазға түсіп қалар.
Қазіргі қазақ әдебиетінде шығармашылықпен арнайы айналысып жүрген кәсіби жазушылар қатары аз. Көбі әр түрлі жұмыстарға жегіліп, уақыты мен ішкі қуатын басқа нәрсеге сарып етіп жатыр. Талантты, үлкен дүние ұсынуға мүмкіндігі бар қаламгерлердің жазуға мүмкіндік таппай, ит тірлік илеуінде жүргенін көріп, әдебиетіміздің алдағы болашағынан алаңдаймын. Шетелдегі секілді жазған дүниеңді басып, таратып, қаламақыға айналдырып беретін әдеби агенттік болса деп армандаймын. Көңілге демеу болатын бір нәрсе, бізден кейінгі буын әдебиетке басқаша келді. Ізденісі де, тақырыптық, формалық үлгісі де басқаша. Алдағы аз жылда әлемдік деңгейде оқылатын қаламгерлеріміз шығып жатса, үлкен мерей. Сол күнге жеткізсін деп тілеймін!
