ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті жазушы, ақын, тарихшы, этнограф, аудармашы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазыналы қаламгер» атты әдеби кеш өтті.


Барған кезде зал толы балалар мен жасөспірімдерді көрдік, оларды мұғалімдері Сапарғали Бегалиннің балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесін көрсетуге, жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке, тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын оятып, әдеби танымын тереңдету мақсатында алып келгені анық. Жұртшылық алдына шыққан қаламгерлер де сөзін залдағы балаларға бағыттады. Ондағы ойы осы жерге келген балалар өздері үшін пайдала мағлұмат іле кетсін дегендік.
Әдеби кешті жүргізген Қазақ радиосының жетекші редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Жанболат Шәкім қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі С. Бегалиннің әдеби еңбегі мен өмір жолына аз-кем тоқталып өтті. Сапарғали Бегалин әдебиетке алғаш 1914 жылы «Айқап» журналында жарық көрген «Қазақ бозбалаларына» атты өлеңімен қадам басқан. Сондай-ақ аудармашылықпен де айналысып, Мысалы, Мамин-Сибиряк шығармаларын, Л. Соловьёвтың, А. Пушкин, М. Лермонтов, Т. Шевченко, А. Твардовский шығармаларын аударған.

Әдеби кеште кіріспе сөз сөйлеген Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы Аслан Ғафуров шараның маңыздылығына тоқталды. Кітапхана басшысы (іссапарға кеткен) Күміс Қарсақбайқызының құттықтау сөзі оқылып, онда Сапарғали Бегалиннің елуден астам қазақ әндері мәтінінің авторы екендігі де айтылды. Ол әндер қатарында атақты «Ақтамақ», «Ақкөгершін», сонымен бірге Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди сияқты композиторлардың әндері де бар.
Осы жерде баса мән беріп айтатын дүние - кітапхананың сирек басылымдар қорында Сапарғали Бегалиннің шығармашылық мұрасын айғақтайтын құнды дүниелер сақталған. Олардың қатарында жазушының 1948 жылы жарық көрген «Төлбасылар» атты очерк пен әңгімелер жинағы және 1957 жылы орыс тілінде басылып шыққан «Рассказы» кітабы бар. Сонымен қатар қаламгердің әр жылдары жарық көрген кітаптары мен түрлі басылым беттерінде жарияланған шығармалары да кітапхана қорынан орын алған.

«Біздің арамызда ақын, абайтанушы Алмахан Мұхамбетқалиқызы бар. Өткенде сөйлесіп тұрған кезде бір қызық деректерге куә болдым. Бұл кісі сіздер секілді оқушы кезінде балалар журналдарына, газеттерге өлең жіберіп, хат жазып тұрған. Ол кезде адамдар бір-біріне хат жазатын. Иә, сол кезде бұл кісінің өлеңдерін Сапарғали ағамыз қарап, республика бойынша іріктеп, болашағынан үміт күттіретін ақын деп басылымға басылған. Және басып қана қоймай, болашағынан үміт күттіретін ақын екенін айтып, бір ауыз жүрекжарды сөзін жазады. Сіздің Алмахан болуыңызға, абайтанушы болуыңызға сол кісінің бір ауыз лебізі, ықпалы болғаны анық» - деген жүргізушінің сөзінен кейін ақын, абайтанушы Алмахан Мұхамбетқалиқызы ортаға шықты. Ол ұлылардың мекені Семейден шыққан біртуар азаматтар жайлы айтып, Сапарғали Бегалиннің туған жері, атақты Абыралы жері туралы, Сапарғали Бегалиннің ұстазы, «алаштықтардың» ізін жалғаған қазақтың жастарының көзін ашқан, Семейдегі алғашқы , семинарияда ұстаз болған Нұрғали Құлжанов деген мықты ұстазы жайлы айтты. Одан әрі өзінің «Апама» деген өлеңінің шығу тарихын да айта кетті.

Келесі кезекте оқырман ретінде Марат Азбанбаев өзінің оқушы кезінде қолына түскен суретті кітаптың тарихын айтып берді.
«Ол кісі жазушы ғана емес, сол өзінің заманында, өзінің жас кезіндегі Семейде оқыған кездерін де жазып кеткен тарихшы деуге болады. Бір мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылы алғаш рет Қазақ Совет Республикасының автономия құруына байланысты Қарқаралыда той өтеді. Сол тойға Мұхтар Әуезов барады. Кейін зерттеу жұмысымен айналысып жүргенде Семейдің архивінде отырсам, Сапарғали Бегалиннің Мұхтар Әуезовтің Қарқаралыға бағытталған сапары туралы әңгімесін жаңағы активтік деректер дәлелдейді», - деді ол.

Педагогика ғылымының кандидаты, доцент Бижан Игенбаева: «Менің өзімнің педагогика саласында мұғалім ретінде қалыптасуыма және көрген-білгенімді жазып жүруде, сөйтіп, біртіндеп жазушылар қатарына қосылуға ықпал еткен - қаламгерлермен қызықты кездесулер. Сол кездегі Мұзафар Әлімбаевпен кездесу, сол кездегі Қадыр Мырзалиевпен кездесу... Міне, әлі күнге дейін біз ол жандардың өмірінен хабардар болғандықтан, олардың өлеңін жатқа білеміз. Олармен кәдімгідей рухани сырласамыз, ойымызды бөлісеміз», - деп балалар алдында шығармашылыққа келу жайында ойларымен бөлісті.
Жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева сөзін кітап оқудың ми қызметіне пайдасы жайлы айтудан бастады.
- Ал енді Сапарғали ағаға келетін болсақ, менің ойымнан Медеу ағаның сөзі кетпейді. Медеу Сәрсекеұлы осыдан бірер жыл бұрын дүниеден өтті. Москваның «ЖЗЛ» сериясынан үш бірдей қазақтың үш ұлы тұлғасын шығарған үлкен жазушы, фантастика жанрының негізін салушы Медеу аға кейіннен полигонды жазды. Сапарғали ағаның туған жері Абыралы, Абай ауданы. Мен де өзім Абай ауданының тумасымын. Сол аудандарда қырық жыл бойы полигон, ядролық жарылыстар болған. Сонда Медеу ағаның айтқаны, кейін жасы еңгейгенде елге келген Сапарғали ағай еңіреп тұрып жылады дейді. Сөйтсе, Дегелең тауы ядролық жарылыстан шөгіп кеткен ғой. «Тау жоғалды. Таудың жоғалғанын көріп тұрмын. Менің бала кезімде қандай биік тау еді мына тауым», - депті сонда ол кісі.
Енді мен бала кезімнен Сапарғали Бегалинді білдім. Қатты қызыққан әңгімем «Бала Шоқан» болды, сондағы анау Мысық деген бала керемет мүсінші болады ғой.
Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу: «Алматыдағы қалалық кітапхана Сапарғали Бегалиннің атында. Сапарғали Бегалин атында үлкен көше бар екен. Шоқан Уәлиханов туралы көптеген романдар, мақалалар, кітаптар жазылды. Зерттеу кітаптар қаншама. Бірақ, сіздердің қабылдауларыңызға, оқуларыңызға тілі жеңіл, балаларға арналған кітап осы «Бала Шоқан», - деп бұдан әрі Әлия Молдағұлова жайында да айтып өтті.
Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығына арналған іс-шараға № 32 мектеп- гимназиясының оқушылары және № 57, №59 мектеп –лицейінің, 101 жәйлі мектеп, оқушылары, ұстаздар, техникалық колледж студенттері қатысып, оқушылар ән салып, күй тартып, кезек-кезек өнер көрсетті.
