1976 жыл. Наурыз айы. Айнала быдыр болғанмен қыс көрпесін толық жапқан.
Ақырып келген ақпан тізгінді бергісі келмей бір ашылып, бір борап алағаншық жасап еді. Онысынан түк шықпады. Күн жоғары көтерілген сайын қар жұмсарып, отыра бастады. Төбелердің күнгей беті қарауытты.
Қора жақтан атжақты, сығыр көзді, жазық маңдай, қараторы, таяғын беліне ұстап бір кісі келе жатыр еді, келесі ауладан:
– Ай, Жақау, менің сары інгенім боталапты, – деп айғайлады қуанышы қойнына сыймай құлақшынын көтере киген көмекші шопан Ісім.
– Ай, бәрекелді, Ісеке! Сенің еңбегің сіңді ғой бұған, – деп кері жүре түсіп, көршісін күтті. Ісім де қақпаны бекіте сала шапшаңдатып жетті.
– Бұрнағы күні әлгі Қапиза бұзауларға шөп салып жүргенде қақпаны омыраулап шығып кетіпті. Оны байқамай қалыпты. Қойдан келсем, «түйе жоқ» деп қарап отыр. Іңірде шапқылап іздеп, мына Жалпақтың Сейт жағындағы быдырдан таптым. Іші ауырып боршалап кеткен ғой. Мұны ана жылдары Боздақтан бір бұзаулы қашарға айырбастап алып едім, – деп барып бір тоқтады да:
– Ал төл басталды. Енді сенің қатының да көпке бара қоймас, а,- деп өзінен төрт жастай кіші Жақауға қарады әзілмен. Екеуі таңғы ауамен біраз күлісіп алды да үйлеріне қарай беттеді. Бұл Аманкелді атындағы қой совхозының бірінші фермасының шопандары еді. Жақау – аға шопан. Ісімді көмекшілікке жіберген. Қосқызыл қыстауының екі жағында отыр.
– Әй, Жақау! Бір қапшық қи ала кел дағы. Әлгі келін белі ауырып тұра алмай жатыр. Құрғырды ауыр көтеріп қойды ма... Кішкене дем алып алсын, – деді де Мұқсина әже сушананың үстінде тұрған бөшкіден бір шелек су алып, қайта кірді. Жақау да отынын арқалап әкеліп, сенекке қойды да шайға кірді.
– Не болды? Ауырып тұрсың ба?, – деп пеш түбінде отырған Сағираның халін жүре сұрады да асығыс дастархан басына жайғасты. Кішкентай Сәния ұйқысынан ерте оянып, әкесінің алдына келіп отырды.
– Өй, Сәкөшжан! Сен неге ерте тұрдың. Саған жасайтын жұмыс жоқ қазір. Ертең қозы-лақтарың көбейеді. Сонда Жәкөн екеуің соларға сүт бересіңдер. Әзірге барып дем ал, – деп еді. Қырсығып отырып алды.
Бұл мезгілде Ісім торы атын ерттеп әкеліп, қораның алдына байлады да, қақпаны ашып, қойды өріске шығарды. Аға шопан Жақау да күні ертең-ақ төлдейін деп тұрған отарды байырқап, өріске қарай бағыттады. Сол сәтте атын жетектеп келе жатқан Ісім:
– Айтпақшы, Жақау, бір ақ құйрық қой алдыңғы аяғынан ақсап келді кеше. Соны ұстап қалмаса, отарға ілесе алмай қалуы мүмкін, – деді. Жақау қарайлап жүріп, әлгі қойды тауып алды да, бөлек қорада тұрған ауру қойлардың қатарына қосып жіберді. Бір тоқты орнынан тұра алмай жатыр екен көтеріп тұрғызып, алдына шөбін салды. Сөйтіп қорадағы малдың қамын жасауға кірісті. Кенет екі үйдің иті кезек үріп, жол жаққа шапты. Машинаның дауысын естіген соң Жақау да айырын қолына алған күйі сыртқа шықты да шәлуге сүйеніп сәл тұрды. Сөйтті де үйдің жанына келіп тоқтаған көлікке қарай жүрді. Машина үсті толған кісі. Екі жігіт көліктің арт жағынан секіріп түсті де, заттарын алып, үйге барды. Ал еңгезердей дәу қара бірден қора жақтан келе жатқан Жақауға қарай беттеді. Бұл – ферма меңгерушісі Қабден болатын.
– Ассалаумағалейкум, Қабеке! – деп Жақау алдымен басшыға 4-5 қадамдай жерден дауыстап амандаса кетті.
– Қалың қалай, Жақау? Ал не жаңалығың бар? Қой төлдетуге дайынсыңдар ма? Жүр, қораңды көрейік, – деп ауласын аралап кетті. Алдымен сақманшылар жататын жерді көрді. Дәрі қорабына дейін орнында тұр екен. Одан әрі жас төлдің орнын, козылы қой клеткаларына дейін аралап ауладан шықты да:
– Сонымен, Жақау, айтшы. Отырған жерің жаман емес. Пәдпәскің бар. Жем-шөбің жеткілікті. Міндеттемеңді орындауға толық дайынсың ба? Әр 100 саулықтан қанша қозы алуды жоспарлап отырсың, – деді социалистік жарыстың жүгі ауыр екенін меңзеп.
– Енді міндеттеме алдық. Соған сай 100-не 130-дан қозы алам деген жоспарым бар. Одан асырып жіберсем тіпті жақсы..., дей беріп еді:
– Асыру керек. Бал ашып отыратын уақыт жоқ. Социалистік жарыста жер шұқып қалмайық. Ал жақсы, – деп қатқылдау ескертті де көлігіне асығыс қозғалып кетті. Жақау айтайын деп тұрған сөзін айта алмай қалғанына өкініп төмен қарап тұр еді:
– Ассалаумағалейкум, нағашы, – деп үйден шыққан екі жігіт кішкентай Жәния мен Сәнияны көтеріп, жылдам жүріп келе жатыр. Сөйтсе бұлар әскерден жақында ғана келген Сақыш апасының балалары – Сағат пен Самат атты егіз жиендері екен. Банағының бәрін ұмытып, құшақтаса кетті.
– Кәдімгідей сыптиған қайыңқаптал жігіт болыпсыңдар. Иә, ауыл аман ба,– деп саулық сұрасып жатыр еді, қора жақтан көрші Қапиза да жаңағы жаңа туған түйесінің ботасын ауыздандырып келеді екен.
– Сәлембердік, апа, – деп әскерден келген жас жігіттер амандасып жатыр.
– Ай, Сағира, бүгін үй толды. Жиендер келіп жатыр. Сарбазға сақтаған сыбағаңды сал, – деді Жақау сырт киімін шешіп жатып.
– Мен шоланнан ет алып келейін. Сағираны көп мазалай бермеңдерші. Өзі жаңа ғана басын көтерді, – деп Мұқсина әжей сыртқа шығып кетті. Бұл кезде Сағираның да ай-күні жетіп отыр еді. Толғақ қысып, қайта-қайта ауырып қалатынды шығарды. Малшының қатынында демалыс болушы ма еді. Алдында бұзауға деп сонау пішеннен бір арқа жоңышқа арқалап әкеліп салған. Содан беліне зақым келтіріп алған болу керек.
Наурыз айы кірісімен қардың көбесі сөгіліп, тоң әлі жіби қоймағандықтан түстен кейін далаға кәдімгідей қақ тұратын болды. Төбелер қоңырайғанмен, көлеңке тұс баурайындағы қар біразға дейін жататыны белгілі. Қар астынан қылтиған қаудан шөп күйіс қайыруға болмаса, жазғы шөптің құнарындай малға қорек бола қоймас. Қыстан бауырын әрең алып шығып тұрған малдың да күйі белгілі. Кешқұрым ілініп-салынып келе жатқан ірі қараның қарасы көрінді. Жақау оларды орнына қамап, баспағын бөлек қорасына кіргізіп, малын жайлады. Сөйтіп жүргенде өрістен Ісім де қойын айдап жетті.
Кешкісін мәре-сәре болып, бәрі дастархан басына жайғасты. Көрші Ісім мен Қапиза да осы дастархан басында. Қыс бойы сақтаған соғымның еті бір табақ болып ортаға қойылды.
– Әкел, мен турай берейін, нағашы, – деп Сағат еттабақты өзінің алдына алып турады.
– Айтпақшы, жиен, есіңде ме? Мынау әлгі Сайлауқызыл жайлауында отырғанда далада туып қалып, бір аптадан соң тауып алған бұзау ғой. Енесі бізге көрсетпей жасырып, шолақшағылдың апанына туатын. Бізге ұстатпай бақырып, даладан далаға қашып... Сол шұбар бет тайөгіз осы.
– А-а-а, иә-иә! Ақыры қуған еңбегімізге бізге бұйырып тұр ғой,– деді Самат жиені күліп.
– Ай, мына жиендер әскерден келіп жатыр, Сағира! Мына Ісім екеумізге бірдеңеңді әкелсейші. Шаршағанымызды басайық, – деп сандыққа қарай қарады.
Қыстан шаршап-шалдығып жатқан екі шопанға біраз көңілді отырыс болды. Жиендер де әскердегі қызықты оқиғаларды айтып, нағашылап олар да бір мауқын басып қалды.
Ертесіне де сол қалыпты өмір жалғасты. Жақау бір жиенін ертіп, сары атанымен пішенге кетті. Бір аптаның төңірегінде жаппай қой төлдеп, сіңбіруге мұрша болмайды. Сондықтан қораның төбесіне шөп үйіп алу керек. Бір шанасын әкеліп, келесіге кетіп бара жатқанда Мұқсина әженің айғайлаған дауысы шықты. Үйге шақырып жатыр екен.
– Жиен, сен пішенге бара бер. Мен барып қайтайын. Тыныш па екен?, – деп иығына сүйеген айырын шанаға тастап, үйге қарай жүрді. Жақындай түскені сол еді алдынан Мұқсина шешесі шығып:
– Әй, Жақау! Келін толғатып жатыр. Мен мына Қапизаны шақырып келейін. Кіндік шеше болсын. Сен көп алысқа кетпе. Мына балаларды алдарқата тұршы, – деді де: « Әй, Алдай, әй, Алдай! Жеңілдігімен бере гөр» деп өздігінен гүбір-гүбір сөйлеп, көршінің үйіне кіріп бара жатты.
Жақау да қуанғаннан аң-таң тұрып қалды да кішкентай Жәния мен Сәнияны, оларға қоса көрші үйдің балалары Қарлығаш пен Жұмабек, Қанаттарды да киімін жөндеп жіберіп:
– Ай-и, Самат! Мына балаларды шанаға отырғызшы. Пішенге барып кішкене ойнап қайтсын, – деп дауыстады.
– Ал, балалар, барыңдар. Әне ағаларың күтіп тұр. Ойнап қайтыңдар, – деді. Өзі қапелімде не істерін білмей тұрды да не болса да отын тасып қоюды жөн көрді. Бір уақытта Қапиза сыртқа шығып: – Сүйінші, сүйінші! Бір батыр өмірге келді, – деп айқайлады. Қуанышты хабар айналаға тарап кетті. Жақау да үйге ылдым-жылдым кіріп шықты да: «Рақмет, рақмет, сізге! Мынау сүйіншің» деп бір көкқұлақты хабаршының қалтасына қыстыра салды.
Айдалада қуанышты бөлісе қоятын кім бар дейсің. Жақау не жасарын білмей абдырап, анадай жердегі биік көңнің басына шығып, жан-жаққа көз тастады. Көздің ұшында қалықтап бара жатқан ұшқан қарғадан басқа ештеңе көрінбейді. Бұл кезде Ісім атын шідерлеп тастап, зауал ауған соң Жолдаяғын ерте қойын Өтек жақтағы қара төбенің баурайынан төңкеріп, үйге қарай бағыттай бастаған бойы еді. Қойны-қонышы қуанышқа толы Жақау шыдай алмай жаяу тартып отырды.
– Әй-й, нағашы, қайда кетіп бара жатсың, – деді қорадағы малдың қамын жасап жүрген Сағат көріп қалып. Жақау бұрылып қарады да:
– Қой ауланың қақпасын ашып қой. Мен қой айдасып келейін, – деп бағытына қарай қозғала берді.
Ісім торы атының шідерін алып, жетектеген күйі отарды ауылға қарай шөлкеп келе жатты да, сонадайдан жаяу келе жатқан Жақауды көріп тұрып қалды. Апырмай, бұл былай келмейтін еді ғой. Жаңа ферманың машинасы көрініп еді. Бір нәрсе оқсамады-ау шамасы деп өзінен өзі күдіктене бастап, «шәйт-шәйт» деп қойын шапшаңырақ айдай бастады. Сөйткенше Жақау да терең жолдан өтіп, жақындап қалды. Ісім де сәл қобалжулы, қойынан оқшаулау жүріп алдынан шықты.
– Ай-и, Ісеке, – деді сонадайдан оның қобалжып келе жатқанын байқап.
– Сүйінші, сүйінші! Ат ұстарымыз бар, – деді бар екпінімен.
– О-о-о, құтты болсын, Жақау! Бәрекелді! Бұл неғып келе жатыр деп ойлап тұр едім. Жаңағы машина кім?, – деді сосын.
– Ой-й, кім болсын. Пермі ғой. Мал төлдетуге дайынсыңдар ма? Социалистік міндеттемеге мұқият болыңдар! Әр саулықтан қанша қозы бере аласың... Анау-мынау общим.
– Ай, Жәке! Малдың міндеттемесі қайда кетер дейсің. Өзіміздің міндеттемемізді орындап алайық – деп еді Жақау: – Ха-ха-ха! Ой, Ісеке! Қатырып жібердің, – деп ішек-сілесі қатып күлді.
Бүгінгі күн ерекше бақытты. Көңіл деген көк дөненің тулап тұр. Қойлары алдында. Біраз әңгіменің басын қайырып, екі шопан біріне-бірі сүйеу болып келе жатыр. Азын-аулақ малын жайлап келе жатқан Қапиза да емен-жарқын келе жатқан екі адамның сыйластығын көріп іштей риза. Қанша дегенмен аға шопанның қабағына қараған көмекшінің еңсесі сәл түсіңкі болатыны бар. Бірақ Жақау ондайдан ада. Қабақ шытып көрген емес. Кейде 4-5 жас үлкендігін сыйлап, қойға да өзі шығып келетіні бар.
Бұл хабар орталыққа жеткен соң, анасы мен сәби кішкене дәрігердің қарауында болу керек деп жедел жәрдем алып кетті. Бір аптадан соң сәби сәл тораланғасын қайтып оралды.
Сонымен Жақау бұл қуанышты атап өтудің қамына кірісіп, күнін белгіледі. Содан соң анда-санда сауық-сайранға мінетін көк жорғасын өрістен айдап әкеліп, қораға қамап ұстады. Былғары жүген, дойыр қамшы жаңа ерді салып, сәскеге таман қонақ шақыруға жолға шықты. Анадайда аңдып жатқан Көксерек те ере кетті. Ол Жақаудан қыл елі қалмайтын серігі болатын. Көптен мінілмеген көк жорға да жүрістен жаңылып, жорғасына шоқырақтап, шоқырақтап барып түсіп келе жатыр. Жолшыбай Жаманқарада отырған Сатанға қой бағып жүрген жерінен кездестіріп айтты да, әрі қарай бірден Көктөбедегі қайнағасы Ғазезге тартты. Салт бойынша алдымен сол кісіге амандасып, шақыру міндет. Ықыласын алу керек. Осылайша Көкшенің тері шыққасын қоңырлыққа басын босатып, бауырын еркін жаздырды. Қарсы соққан желден көзден жас парлап, Жақау да тақымын қысып, уақыттан ұтуды көздеп, біраз шауып алғанды жөн көрді. Суыт жүріс жер қоя ма, Көктөбенің де төбесі көрінді. Қайнағасы қора жақта жүр екен, бірден аттың басын солай бұрды.
– Ассалаумағалейкум, қайнаға! Хал-қуатыңыз қалай? Ал сүйінші! Жиенді болып жатырсыз, – деді бір баспақты атап жібереді-ау деген оймен. Денесінде артық ет жоқ, қу жақ, жерге жақын өскен бойы, шоң мұрынның екі қапталында сонадайдан көрінген көзі бар талайды көрген даланың ескі құлағы оған асықпады. Шаруа жайын, қарындасының халін сұрай үйге қарай ертіп жүрді. Отанасы Сұлудың түскі асының дәмін татып, «өмірге жиен келіп жатыр» деп құйған жүз грамды да қайнағасымен қағыстыра отырып, тамақтан өткізіп жіберді. Дегенмен жол ақысы жүру болған соң Жақау рұқсат сұрап, қозғала берді. Жорғадан да, Жәкеңнен де тер шыққасын енді ылғи суыт жүріске түсті. Сол қалыппен Өтектегі Сағынтай ағасына соғып, Смайылдағы Құрман құрдасына бестің шайының кезінде түсті. Құрман құрдасы темекісін шиырып, шәлудің алдында айырға сүйеніп тұр екен. Жақауды жүрісінен сонадайдан-ақ танып тұр. Келе аман-саулық сұрасып жатыр. Құрман:
– Ал қуанышың құтты болсын. Мына атты өлтіруге қалыпсың ғой. Не жалғыз сенің қатының ба туып жатқан, – деп баяғы қалжыңға басты.
– Иә, егіздеп айдайтын сенің қатыныңа қайдан жетейік, – деді Жақау атын бекітіп жатып.
Сөйтіп екі құрдас Қапураның шайын ішіп, біраз әңгіме-дүкен құрды. Енді Саздыда отырған Ризуан құрдасына соғып барып, ауылға қайту қажет. Сондықтан іңір түсе көк жорғасымен жаңа қыстақтың жолына түсті де тартты. Алайда Ризуан ауылға кетіп қалып, шақыруды үйдегі кісілерге айтып, жолға қайта шықты.
Сонымен сәрсенбінің кешкісіне шағын той басталды. Отқа піскен таба нан, сары май, қаймағы, тары, талқан, құрт, ірімшік жайнап дастархан жайыла қалды. Ал Мұқсина әжей сақтап жүрген үнді шайын ашты. Іні көршісінің бұл қуанышына Ісім домбырасы мен«Беларусь» атты гармошкысын ала келіпті. Осылайша ду-думан басталып кетті. Нағашыларының бұл қуанышына Самат пен Сағат та араласып, көңілді отырыстың көрігін қыздырды.
– Ісім, сен бір әуелетіп жібер. Ән тыңдап отырайық, – деді Жақау.
Өзі де әрең отыр екен гармошкысын ойнатып жіберіп: «Болсақ тағы жаңа таныс, жүзсек те алғаш қайықта. ұшқыр қиял кетті-ау алыс, бұйырмашы айыпқа» деп Шәмшінің әнін бастап келіп жіберіп еді қалғаны қоштай жөнелді. Бұл көркемөнерпаздар қатарын Самат толықтырып, домбыраның күйін келтіріп жіберіп, Құрманғазының күйін төкпелетті.
– Ал енді Мұқсина апа, Жақау мен Сағира! Өмірге Жанат атты сәби келіп жатыр екен. Бауы берік болсын. Кіндік шешесі Қапизаның да қолы құтты болсын, – деп Сағынтай тілегін айта келе: «Ал, жігіттер! Социалистік жарыста оза шабайық, малымыз төлді болсын» дегені сол-ақ еді Құрман:
– Ай, қошқар қарамаса қозыны қайдан табам. Әнәсін, пәленшетейін сәциәлистік жарыстың. Кімді байытам. Бәрібір Әнтеп екеумізге орден бермейді бұл совхоз. Мына Ризуанға береді,- деп әдеттегідей қисық мінезіне басты. Бірақ «Кімді байытам» деген сөзінің жаны бар еді. Оған қыңқ еткен Ризуан құрдасы жоқ. Шайын желдіртіп отыра берді. Ақсары жүз, шашын шалқасынан қайырған Сағынтай салмақты қалпын сақтап, сөзге қуғыншы болмады. Осылайша отырыстың соңы карт ойынына ұласып, біраз уақыттан кейін барып тарқасты.
Бұл күні Мұқсина қайта-қайта бастырылып, өз түсінен өзі шошып оянды. Ол бұрын былай түс көру дегенге көп мән бере қоймайтын. Жас ананы қорғаштап, түн сыртқа шығуға болмайтынын айтып, босаға таман жататын. Ойына алғысы келмесе де бір мазасыздық пайда болды.
Наурыздың 15-не жаппай қой төлдеп, қызу науқан басталып кетті. Түнімен қой күзету, жас төлдер күтімі, әйтеуір уақыт жоқ. Жақау жас қозыларды шешесіне табыстырып, қорада жүрген. Бір мезгілде машинаның дауысы шықты. Сыртқа шығып еді каникулға балаларды таратып жүрген көлік үйдің алдына келіп тоқтады. Балаларын сағынған Сағира көлікке қарай жылдамырақ жүріп еді, Ләйла, Қайрат, Әлия, Жаңылсын есімді балалары көліктен түсіп, мамаларын құшақтап жатыр.
– Әй-й, пері кілең. Қарашы, мамаларына шауып, – деп мына жақтан Мұқсина әжелері де келіп қосылды. Көршінің Әлия, Қуаныш атты балалары келіп мәз болып жатыр. Бүгін екі үйде де базар. Автодүкеннен алып сақтап қойған тағамдарын балапандарына беріп, ата-ананың мейірімі қанған күн болды.
Бұл далада перілер көшіп жүретін. Міне, осы бір сәтте пері Мәліғұн бұл үйде әлсіз жас ана барын біліп, соны айтқанына көндіріп, ілестіріп әкетуді көздейді. Тек үйдегі Мұқсина әже ғана үнемі кедергі жасап жүретін. Сонда да бір күні үйге кіріп, Сағираны арбап, құлағына сыбырлап кетеді. Оны бірақ жан баласы сезбейді.
Бір күні кеште Самат біраз уақытқа дейін радио тыңдап жатады да қалғып кетті. Таңда оянса Сағира айнаға қарап, шашын екіге өріп тұр екен. Ештеңе ойламастан қайтадан ұйықтайды. Сәлден соң Мұқсинаның: «Сағира жоқ» деп ойбайлаған жан дауысы шықты. Үй іші түгел оянып, сыртқа тұра ұмтылып, іздеуге шығады. Айналада жоқ. Жақау атқа мініп, шағыл кезіп кетеді. Бәрі айғайға басып, іздеуде. Тым-тырыс. Самат жүгіріп қораның төбесіне шығып, жан-жағына тесіле қарайды. Ештеңе көрмейді. Кенет көзі қой құдыққа түседі. Құдықтың қақпағы ашық қалыпты. Буы шығып жатыр. Айғайлап солай қарай жүгіреді. Дауысты естіген іздеушілер де тездетіп жетті. Самат алдымен келіп, қараса Сағира құдықтың ішінде ыңырсып жүр екен. Сол сәтте Жақау да жетіп:
– Ай, жазған-ай, жазған-ай. Сендер шошисыңдар, – деп құдыққа өзі түседі. Қапиза да дереу жетіп, құдықтан шығарып, үйге әкеледі. Тым әлсіреп қалған. Сәлден соң Қапиза:
– Мұның қалай? Не түртті сені, – деп сұрап еді.
– Болмады ғой, шық-шық, – деп айтып үлгереді де есінен тана береді. Көп кешікпей о дүниелік болып кете барды. Дүние астан-кестен. Кешегі қуаныштың бәрі бір сәт қайғыға айналып, сол сүйінішке келгендер енді күйінішке келіп жатыр. Жақау балаларын құшақтаған күйі отырды да қалды. Бесікте шырылдаған сәбиді Мұқсина әжесі бауырына басып, жұбатып отыр...
Ағайын-туыс, көрші-көлем бәрі осында. Қонақасы берілуде. Ісім қараңғыда сыртқа шығып еді батыс беттегі шағылда перілердің от жағып отырғанын көзі шалды. Отыра қалып бала кезінде әулие Аман атасы үйреткен құран сүрелерін оқып еді әлгі оттың қарасы көрінбей кетті.
Ертесіне қаралы жиыннан соң жиналған жұрт Сағираны сонау-у жақтағы қыратқа қарай алып. ұзап бара жатты...
«Орны бар оңалар» деген арада жылдар өтіп, балалар ер жетті. Бірақ Жақау да ұзақ ғұмыр кеше алмай, 1984 жылы Сағираның соңынан кете барды. Бар тауқымет Мұқсина әжеге түсіп, балалардың бәрін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп шығарды. Ұл ұяға, қыз қияға ұшқанын өз көзімен көрді. Соған шүкір дей жүріп, 1997 жылы 83 жасында Мұқсина әжей де өмірлік сапарын аяқтады.
Қайраттың балалары өсіп, үйлі-баранды болды. Анасынан қырқынан шықпай қалған Жанаты да жанып жүретін. Отбасылы болып, ұл өсірді. Домбырасын қолына алып, тойдың сәнін келтірді. Өлең өлкесіне құлаш сермеді.
Алайда тағдырдың желі қайта соғып, бұл жолы Жанатты да алып жықты. Иә, наурыздың 6-сы күні 50 жасқа толып, той-думан болып жататын еді. Әттең...
Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Біздің қырда бір оқиға осылай болып еді...
Жанай АМАНТУРЛИН, ҚР Ақпарат саласының үздігі
