Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Құстың тілін білген ақын...

Құстың тілін білген ақын

06.10.2025

701

Құстың тілін білген ақын - adebiportal.kz

Өткен аптаның аяғында қазақтың айтулы ақындары еліміздің әр түкпірінен Астанаға ағылды. Оларды елордаға жинаған поэзияға, оның ішінде Есенғали Раушановтың поэзиясына деген құрмет еді. Атыраудан, Арқадан, Алматыдан келген ақындар Есенғали Раушановтың өлеңдерін жатқа оқыды. Есінде қалған Есенғали туралы естеліктерін айтты. 

Ақынның өлеңі «ақсұңқар құстай кеш түлеп, соңыра ұшса да» өлең сүйер әр оқырманның жүрегіне жетіп үлгерді. Кештің басы да бірден еске алудан, жазушы Әбіш Кекілбаевтың Есенғалидың поэзиясы туралы айтқан естелігінен басталды. 

– Әп, дегеннен бастап оның сөздері менің көңіліме қона кетті. Өйткені сөз саптасы бөлек. Ол кездегі кітаби поэзияға ұқсамайды. Оның үстіне сол кездегі жастардың аузынан шықпайтын, әжелеріміздің кебежелерінің бұрышында қалған, соғымның құрышы сияқты өте ескі, өте ежелгі, өте дәмді сөздер айтады. Әуезі де бөлек, көптен қаптан шықпай келе жатқан қара домбыраның тиегі қайта қондырылғандай, - деп баға берген еді кезінде Әбіш ағасы. 

Расында да Есенғалидың поэзиясынан сылдыр су кездестіру мүмкін емес. Себебі оның ізденуі ерекше, білімі ұшан теңіз болатын. Әр өлеңі ескі мен жаңаны жалғап жатады. Бір қарағанда қарапайым ғана өлең секілді болып көрінгенмен дәл солай жазу екі ақынның бірінің қолынан келе бермес еді. “Өлеңдегі тапқырлығы қандай болса, өмірде де сондай еді” дейді қаламдас достары. 

– Есенғали әдебиеттен өз орнын ойып тұрып алды. Ол әр өлең сайын, әр кітап сайын өсіп отырды. Мінезімен де, болмысымен де, әзілімен де, еркелігімен де, басын имейтін бірбеткейлігімен де нағыз ақынша өмір сүрді. Есенғалимен талай сапарлас болдық. Өзбекстанға барса өзбекше, Тәжікстанға барса тәжікше, батысқа шықса ағылшында сөйлей беретін. Қытайға барғанда да адамдармен тез тіл табысып кетті. Құстың тілін білген ақын ғой, сондықтан оған адаммен тіл табысу аса қиын болмайтын. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын басынан аяғына, аяғынан басына қарай жатқа оқитын. Ағылшын, француз, италия, неміс, иран, парсы, жапон әдебиетін керемет білетін. Соның бәрін қай кезде оқып үлгеріп жүретініне таңырқаушы едік. Бір сөзбен айтқанда батыс пен шығыс әдебиетін қатар меңгерген ақын болды. Бойындағы тұнып тұрған энергиясы да ерекше еді. Осыдан кейін Есенғалидың ұлы ақын болмасқа шамасы да жоқ еді, - деп еске алды ақынның қаламдас досы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулетов. 

Осылай деген Есдәулетов Есенғали ақынның қызы, «Жазушы» баспасының директоры Әйгерім Раушановаға ТҮРКІСОЙ Жазушылар Одағының дипломын және «Хәкім Абай» медалін табыстады. 

Әркімнің өз Есенғалиы бар

– Мен бүгінгі сөзді «бауырлар» деген сөзбен бастағым келеді. Себебі бәріміз Есенғали ақынның ізінен ерген бауырлары ретінде жиналып отырмыз. Есағаң өзінің бір сұхбатында «Поэзия азшылықтың несібесі» деген еді. Сол айтқандай бүгін нағыз поэзияның оқырмандары, тыңдармандары жиналып отыр. Әдебиетте «мектеп қалыптастырған ақын» деген түсінік бар. Ал Раушанов мектеп емес академия қалыптастырған ақын. Себебі өзінен кейін кеген әр буын Есенғалидың поэзиясына қызығады, еліктейді. Жыл сайын Есағаңды еске алу кешінің өтіп тұруы, еліміздің әр түкпірінен келген жастар оның жырларын жатқа оқуы да соның бір белгісі болса керек. Алматыдағы әр жылғы еске алу кешінен кейін мен жастарды Кеңсайға апарып, өмірден өткен қаламгерлердің рухына құран бағыштаймыз. Сонда қолына енді қалам алып, әдебиеттің ауылын бетке алған әрбір жастар маған қояр ең бірінші сұрағы, «Есенғали Раушановтың басына барамыз ба?» болады.  Есағаң туралы естелік таусылмайды. Себебі, ол кісі өзінен кейінгі барлық жасқа қамқор болды. Осы жерде отырған әр ақынның өз Есенғалиы бар. Біз бүгін осы кешке ағамыздың жырларын оқиық деп Алматыдан арнайы оншақты ақын келіп тұрмыз. «Раушановтың жырларын жатқа оқитын ақындар Астанада да жоқ емес, бірақ осы кешті бастаған өздерің. Сондықтан Астанадағы кешке сендер де барыңдар» деп Науат апамыз бізді бастап келіп отыр, – деді Бейбіт Сарыбай. 

– Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы үш жылда Есенғали Раушановтың кітаптары кітапханаларда азайып кеткендіктен ақынның шығармаларын, оның ішінде «Құстар біздің досымыз» атты кітабын қайта басып шығарып, еліміздегі барлық кітапханаларға таратылды. Биыл да жақсы жаңалығымыз бар. Есенғали ағамыздың толық шығармалар жинағы алты мың данамен шығарылып, қазіргі таңда кітапханаларға таратылып жатыр, - дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметов.

Бұл кеше Есенғалидың ақын інілеріне бөлек ақын Есенғалидың өзі де өлең оқыды. Әрине, экран арқылы. Бұл жолы да өз өлеңін емес, әдеттегідей ағаларының, Жұмекен Нәжімеденовтің «Қоңыр өлең» деген өлеңін оқыды. 

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,

көзін сулап, қалып еді қамығып.

Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –

қоңырқай ой маза берер емес түк.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі –

кеудем кейде қоңыр күйге толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен

қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –

шешем қалды қоңыр төбе басында.

Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде

қоңырайып отырамын үстелге...

Ақ емес, қара емес қоңыр. Бұл қазақтың өзінің түсі. Қазақтың түбі түркі, түлігі жылқы, түсі қоңыр. Оның жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай. Бұл жерде мен ойымнан ұйқас құрастырып отырғам жоқ. Осының бәрі Жұмекен ағаның өзінің өлеңі, - дейді Есенғали. 

Кешті тізгіндеп отырған ақын Бауыржан Бабажанұлы да Есенғали ағасының қасында біраз бірге жүргенін, оның терең білімі, әр саладан білетіні бір-бір ғылыми зерттеуге лайық еді деп еске алды. 

– Есағаңмен бірге сапарласаң әңгімесіне ілесу аса оңай болмайтын. Егер ол кісімен әлде бір өзенді жағалап серуендегендей болсаң ол өзенде қандай балық бар, қай жерінің тереңдігі қандай, қандай мемлекеттерді басып өтеді, қандай құстары бар бәрі-бәрін қамтып айтатын. Қалалар, мемлекеттер туралы да дәл солай терең білетін, - дейді Бауыржан Бабажанұлы.

Есенғали үнемі сөзінің арасына ағаларын қосып сөйлейтін. «Шіркін, менің ағаларым-ай! Елдің бәрі мені мықты ақын дейді. Олар менің ағаларымды оқып көрген жоқ қой» дейтін. Есенғали көзінің тірісінде өз өлеңінен көрі сол ағаларының жырын жатқа оқығанды жөн санады. Есесіне Есенғалидың жырларын өзінен кейінгі інілері оқып жүр. Бүгінгі кеште де солай болды.  

Сахнаға бірінен кейін бірі шыққан жастар ақынның өлеңін оқып, сөзіне жазылған әндерін орындады. Бейбіт Сарыбай, Ерғали Бақаш, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Біржан Ахмер, Шерхан Талап, Әсел Кәрібай, Бекзат Смадияр, Нұртас Тұрғанбек, Ділдә Уәлибек, Абай Ораз, Досхан Жылқыбай, Қарлығаш Қабай, Асылан Тілеген сынды ақындар Есенғалидың жырларын жатқа оқыса, Ақтаудан арнайы келген Айгүл Құбаш, Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Оразалы Игілік, әнші Тәуірбек Бозекенов, Абыл Аяш сынды жас әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелетті.

«Қара байыр қасқалдақтан» басталған жыр кеші: 

Жаз, сағынғаныңды жаз, сабырың сарқып,

Біз күткен шақты жаз маған.

Алау еріннің жалыны шарпып,

Үздіккен шақты жаз маған.

 

Жаз, торыққаныңды, қорыққаныңды,

Жалғыз қап шулы қалада,

Бекер-ақ қайта жолыққанымды,

Талай жыл салып араға.

 

Жаз, жалт етіп тағы жоқ болғанымды,

Бейуақ көрген түсіңдей.

Жаз, кетпеші деуге оқталғаныңды,

Түсініп тұрып түсінбей.

 

Егілсең, егіл теңселе барып,

Еңлігің менмін құлаған.

Жылаған да жөн, болса егер анық,

Жасыңды сүртер бір адам.

 

Көңілді бойлап хаттар аққанда,

Қою түндерге үңілем.

Жауап жазайын ақ парақтарға

Қара көзімнің нұрымен.

 

О, бәлкім, ұзақ келмейді хатым,

Оралам бірақ, сене гөр.

Жолаушы шығып өлмейді ақын,

Жоқ қарап жүріп өледі ол, - деген жырымен аяқталды. 

Кеш соңында сахнаға шыққан ақынның жары Набат Раушанова да ерекше тоқып сөйледі. 

– Дәл осы сахнаға ағаларың 60 жасқа толғанда екеуміз бірге шыққан едік. Өкінішке орай бүгін жалғыз шығып тұрмын. Өмірден бұлай тез кетемін деп өзі де ойламаған еді. 

Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма?

Біз өзіміз айналамыз «тауларға».

Мейірхандар қартаяды қудай боп,

Есенқұлға ақсақалдық ауғанда, – деп өзінің қатарластарымен бірге қарттыққа жетеміз деп ойлайтын. Бірақ Есенғалидың жазуы басқа, тағдырдың жазуы басқа болып шықты. Артында ұрпағы бар, өздеріңіздей оқырманы, іздеуші інілері бар Есенғали өлмейді деп ойлаймын. Бүгінгі кешті ұйымдастырған баршаңызға алғыс айтқым келеді. Енді осындай әдемі кеш әр жылдың қоңыр күзінде тұрақты өтіп тұрса, еске алуға арналған «Есенғали күні» қалыптасса деген тілегім бар, – деді. 

Ақын ағаларын сағынған інілері де, өлеңін сүйіп оқитын оқырман да оның жүрек пен жырда мәңгі жасайтынын, Есенғалидың «өлтірмейтінін» айтты. Кешті тамашалаған әрбір көрермен залдан шыққанда түрлі сезімді бастан кешіріп, бірі ыңылдап «Қара бауыр қасқалдақты», енді бірі Есенғалидың әлде бір өлеңін оқып, күбірлеп бара жатты.  

Айта кетейік, «Ұшты менің құстарым бұлттан әрі» деген айдармен өткен поэзиялық кешті Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan