Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Райхан Уалиханқызы: «Ерекше балалар әлемді бізден ...

Райхан Уалиханқызы: «Ерекше балалар әлемді бізден өзгеше қабылдайды»

20.03.2026

38

Райхан Уалиханқызы: «Ерекше балалар әлемді бізден өзгеше қабылдайды» - adebiportal.kz

«Ерекше балаларға арналған терапиялық ертегілер» жобасының авторы, әдіскер-зерттеуші, қоғам еріктісі Базарова Райхан Уалиханқызымен әңгіме

– Райхан Уалиханқызы, сіздің «Ерекше балаларға арналған терапиялық ертегілер» және ата-аналарға арналған әдістемелік нұсқаулық жобаларыңыз қоғамда ерекше қызығушылық тудырып отыр екен. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алған екенсіз. Құтты болсын!  Жалпы осы еңбектерді жазуға не себеп болды?

– Көп рақмет! Иә, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иелендім. Енді сол гранттың қаржыландыруымен осы жобаны жүзеге асырамын. Бұл жоба – өмірдің өзінен алынған қажеттілік. Соңғы жылдары елімізде ерекше балалардың саны артып келе жатқанын бәріміз байқап отырмыз. Оның ішінде цифрлық аутизм, сөйлеу мен қабылдау қиындықтары, ЗПР, ДЦП сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Мен ата-аналармен, мамандармен жұмыс істей жүріп, бір нәрсені анық түсіндім: балаға тек медициналық немесе педагогикалық көмек жеткіліксіз. Оған жан дүниесіне әсер ететін, оны түсінетін, қабылдайтын құрал керек. Сол себепті ертегі терапиясына бет бұрдым.

Райхан Базарова

– Ертегі терапиясының басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Ерекше балалар әлемді бізден өзгеше қабылдайды. Кейбірі сөзді толық түсінбеуі мүмкін, кейбірі эмоциясын жеткізе алмайды, енді бірі сыртқы ортаға жабық болады. Осындай кезде ертегі – ең жұмсақ әрі тиімді құрал. Ертегі арқылы бала өзін кейіпкердің орнына қойып, оның басынан өткен оқиғалар арқылы өз қорқынышын, ішкі күйзелісін жеңуге үйренеді. Бұл – балаға  тікелей үйрету ғана емес, жанама түрде дағдыға бағыттау.

– Сіздің ертегілеріңіз нақты қандай балаларға арналған?

– Біз 3–10 жас аралығындағы балаларды негізге алдық. Оның ішінде цифрлық аутизм, ДЦП, ЗПР, Даун синдромы, дислексия, дисграфия, эпилепсия, сөйлеу және есту қабілетінде қиындықтары бар балалар. Әр баланың қабылдау ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, ертегілердің құрылымы да соған бейімделді. Мысалы, ЗПР балалар үшін мәтін қарапайым әрі қайталамалы, ал сөйлеуінде қиындықтары бар балалар үшін дыбыстық элементтерге мән беріледі.

– Қазіргі таңда жиі айтылатын «цифрлық аутизм» мәселесіне тоқталсақ. Ертегі бұл жерде қалай көмектесе алады?

– Цифрлық аутизм – бұл баланың экранға тәуелділігі салдарынан «тірі» қарым-қатынастан алыстауы. Мұндай балаларға «телефонды қой» деп айту жеткіліксіз. Біз ертегі арқылы баланың қызығушылығын табиғи әлемге бұрамыз. Мысалы, ормандағы достар, сөйлейтін жануарлар, табиғатпен тілдесу сияқты сюжеттер арқылы бала экраннан тыс әлемнің де қызықты екенін сезінеді. Бұл – баланы мәжбүрлемей, жұмсақ түрде бағыттау.

Жоба авторы Райхан Уәлиханқызы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан грант алған сәті

– Жобаңызда ата-аналар мен мамандарға арналған әдістемелік нұсқаулық та бар екен. Оның маңызы неде?

– Өте маңызды. Себебі ертегіні дұрыс қолдана білмесе, оның әсері төмен болуы мүмкін. Әдістемелік нұсқаулықта біз ата-аналарға, педагогтарға, логопедтер мен дефектологтарға нақты бағыт береміз: ертегіні қалай оқу керек, қандай сұрақтар қою қажет, қандай жаттығулармен толықтыру керек. Сонымен қатар әр диагнозға арналған жеке тәсілдер көрсетілген. Бұл – теория ғана емес, тәжірибеге негізделген бағдарлық құрал.

– Ерекше баласы бар ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? 

– Ең бастысы – баланы ешкіммен салыстырмау. Әр бала – жеке әлем. Оны «неге басқалар сияқты емес?» деп емес, «оның ерекшелігі неде?» деп қабылдау керекпіз. Сондай қоғам қалыптастырайық!  Мұндай жағдайда сабыр мен жүйелілік өте маңызды. Кішкентай қадамдар – үлкен нәтижеге апаратынын ұмытпайық! Бір ертегіні қайта-қайта оқу емес,  бір әрекетті тұрақты қайталау – бұл қарапайым көрінгенімен, өте тиімді әдіс. «Қайталап істеу» дағдысы психикаға өзгеріс әкеледі. 

– Бұл жобаның қоғам үшін маңызын қалай бағалайсыз?

– Бұл тек балаларға арналған жоба ғана емес, бұл – қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған бастама. Ерекше балаларды түсіну – оларды қоғамға енгізудің алғашқы қадамы. Ертегі – барлығына түсінікті тіл. Сол арқылы біз бала мен ата-ананың, ата-ана мен маманның арасындағы байланысты күшейтеміз.

Әдіскер Райхан Базарованың «Асыл мирас» бейімдеу орталығында зерттеу жүргізген сәті

 

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Біз жобаны кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Аудиоертегілер, анимациялық форматтар, интерактивті қосымшалар жасау ойымызда бар. Ең басты мақсат – қазақ тіліндегі сапалы терапиялық контентті көбейту. 

  • Тамаша! Ертегі шынымен баланың өміріне әсер ете ала ма?

– Иә, әсер етеді. Кейде балаға ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ. Бір ғана дұрыс айтылған ертегі оның жүрегіне жетуі мүмкін. Ертегі – баланың жан дүниесіне жол табатын кілт.

– Іске сәт! Еңбегіңіз жемісті болсын! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan