Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Рим Папасының Қасиетті мессасы...

13.09.2022 2736

Рим Папасының Қасиетті мессасы 14+

Рим Папасының Қасиетті мессасы - adebiportal.kz

2022 жылы 14 қыркүйекте Қазақстан астанасында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ҮІІ съезі өтеді. Жер шарындағы басты діндер мен конфессия өкілдерінің басын дөңгелек үстел басында қосу арқылы алуан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен татулықты, ынтымақ пен бірлікті нығайтып, қарым-қатынастың жаңа деңгейіне көтерілуін мақсат ететін бұл әлемдік маңызды іс-шара 2003 жылдан бері елорда төрінде әр үш жыл сайын шақырылып келе жатыр. Әлемдік жетекші діндердің басшылары мен ықпалды діни конфессиялардың өкілдері қатысатын бұл жиынның мәні мен маңызы зор. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі аясында жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі -  Рим Папасы Францискінің қатысуымен өтетін діни месса. Месса деген қандай рәсім? Оның шығу тарихы қалай? Католик дінінің Ұлы Даламен Қазақстанмен ежелден бергі байланысы, қазіргі жай-күйі қалай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Қасиетті месса – Рим католик шіркеуіндегі ең басты, ең маңызды, ең салтанатты діни рәсімнің бірі. Музыка – мессаның ерте заманнан бері келе жатқа, ажырамас құрамдас бөлігі. Рәсімнің барысында діни әндер айтылып қасиетті дұғалар оқылады.

Мұндағы орындалатын рәсімдерді кезінде Иса мәсіхтің өзі шәкірттерімен бірге жасаған деп саналады.

Қасиетті месса тек католик дінінің жүрегі Ватиканда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде өткізіліп тұрады және діни наным иелерінің бұл салтанатты іс-шараға деген қызығушылығы зор.

Қазақстан астанасындағы Рим Папасының мессасы қалай өтпек?   Месса рәсімі орындалу уақытына байланысты таңғы және кешкі месса болып бөлінеді. 14 қыркүйек күні түстен кейін, 16.45-те ЭКСПО павильоны маңында басталатын діни рәсмімге шамаман он мың адам қатыспақ. Қатысушыларды тіркеу бірінші қыркүйекте басталып, 11 қыркүйек күні аяқталды. 

Атап өтерлігі – бұл Қазақстанда өткелі жатқан бірінші месса емес. Алғашқы мессаны Рим Папасы ІІ Иоан Павел 2001 жылы 22 қыркүйектегі сапарында өткізіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жуық шетелдерден келген 35 мың католик христиандар, өзге діни сенім иелері қатысқан болатын. 

Католиктердің наным-сенімі бойынша месса орындалу сәті — Жаратушыдан тілек тілеп, қалағаныңды сұрай алатын ең қолайлы уақыт. Бұл кезде әркім өз басындағы қиыншылықтары мен проблемаларына медет сұрау үшін асығады. 

Месса (кейінгі латын тілінде - missa, - латын тілінен аударғанда жолдау, жіберу, тағайындау және т.б.) – католик дінінің басты құдайға құлшылық рәсімі. Оның барысында Евхаристияның құпиялылығы жүзеге асады. Бұл рәсім христиан православтардағы литургияға сәйкес келеді. Католиктік батыстағы кез келген құдайға құлшылық литургия деп аталады. Месса деген атау христиандық Батыста қазіргі заманның 4-5 ғасырында Евхаристиядағы құдайға құлшылық кезіндегі «Барыңдар, (жиналыс) жолданды» (латынша Ite missa est) деген айтылымнан шыққан. Қасиетті месса бірнеше бөлімнен, яғни бастапқы рәсімдерден, Сөз литургиясынан, Евхаристиялық құлшылықтардан тұрады және нан мен шарап Иса Мәсіхтің Денесі мен Қаны болып қасиетті күйге өтеді деген сенім орныққан. Мұндағы «евхаристия» – «алғыс айту» деген мағынаны білдіретін гректің эвхаристия деген сөзінен шыққан. Эвхаристия термині біздің дәуіріміздің 1, 2 ғасырында христиандардың Иса Мәсіхтің соңғы кешін ризашылықпен атап өтуінен бері пайда болып қалыптасқан діни рәсім.  

Осылайша тәуелсіз Қазақстанның тарихында католик дінбасының қатысуымен өтетін ең жоғарғы дәрежелі діни рәсім екінші рет ел астанасында өтетін болады. Осы ретте Қазақстандағы католиктер мен католик сеніміндегілердің қазақ жерімен байланысы туралы тоқтала кеткен дұрыс болмақ. Біздің елімізде Дүниежүзілік католик шіркеуінің құрамда бөлігі  Қазақстан католик шіркеуі өз жұмысын жүргізуде. Католиктердің саны шашамен 180 мыңның төңірегінде. Қазақстандағы католиктер діни рәсімдерді орындауда негізінен латын жоралғылы болып келеді және грек католиктік жоралғылы қауымдастық та бар.

Католик миссионерлері Ұлы Далаға әр кезеңдерде өз шолғыншы, уағызшы өкілдерін жіберіп отырған. Олардың кейбірінің есімдері отандық мектеп оқулықтарынан таныс. Әйгілі жиһангездер Жованни Плано Карпини ІҮ Бенедикт Папаның шыңғыс хан құрған ұлы империяға жолдаған елшісі болатын. Әулие ХІ Людовиктің елшісі Гильом де Рубрук Мөңке ханның заманында Қарақорымға келіп, мұндағы елдің тұрмысы, салт-дәстүрі туралы деректер қалдырғаны белгілі. Қарақорым қаласында католик шіркеуі, будда пұтханасы, ислам мешіті қатар өмір сүргендігі айтылады. Демек, католик дінінің Ұлы Даладағы көмескі ізі ондаған ғасырларға кетеді. 

Католиктердің қазіргі Қазақстан аумағына келіп мекендей бастауы – қазақ даласы Патшалық Ресейдің құрамына енген кезеңнен басталады. І Петр патша «Еуропаға есік ашқан» заманнан бастап неміс, француз буржуазиясы, интеллигенциясы Ресейге көптеп келіп орныға бастады. Ресейдің билік құрылымында, патша армиясы әскери қызметінде олардың рөлі жоғары болды. Германиядан қоныс аударушылар уақыт өте келе Ресейде ірі-ірі католик қауымдастықтарын құрады. Немістерден өзге қазақ даласына ерікті-еріксіз тап болған поляктар, чехтар, француздар, балтық бойы халықтар т.б. католиктер болатын.

Қазақстандағы алғашқы католик шіркеуі ХХ ғасырдың басында салынады. ІІ Николай патшаның жарлығы бойынша католик шіреуі православ шіркеуімен тең құқықты болып белгіленген еді. Бұған дейін католик қауымдастығы приходтары (махалла) православ иерархтарының рұқсатымен құрылып келген болатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында католик нанымды әскери тұтқындар мен қашқындар қазақ даласына көптеп келуі ғибадат орындарының жұмысын жандандырғанымен коммунистер билігі барлық діндерге тыйым салды. Тек 1977 жылдан кеңес үкіметінің рұқсатымен Қарағандыда католик приходы жұмыс істей бастаған. 1991 жылы 13 сәуірде ІІ Иоанн Павел Папа Қазақстандағы католик дінінің негізгі ошағы Қарағанды апостольдік әкімшілігін  құрды. Бұл католиктік әкімшілікке бүкіл Орта Азиядағы католиктік қауымдастықтар қараған болатын.

1992 жылы 17 қазанда Рим Папасы ІІ Иоан Павел Қазақстандағы Апостольдік нунция қызметін құрғандығы туралы жолдауын жариялайды. Қазақстандағы католик дінін ұстанушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының декларациясы мен ҚР Конституциясында көрсетілген құқықтар негізінде қызмет атқаруда. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылы БҰҰ қабылдаған «Жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның» 18-бабында «Әркімнің ойлау, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген болатын. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп жазылған. Ар-ождан бостандығы – жеке адамның ажырамас абсолюттік құқығы, діни сенім бостандығының негізі саналады. Қазақстан адамзат баласының бостандығы мен құқығын сақтауға кепілдік берген зайырлы мемлекет ретінде ел аумағында тіркелген барша дәстүрлі діни қауымдастықтарға өз жұмысын тиісті заңнамаларға сәйкес жүргізуіне жағдай тудырып келе жатыр.

Жер бетіндегі барлық діннің ортақ мақсаты – адамзат баласын ізгілікке, сабырлылыққа шақыру десек, мемлекет құрушы қазақ халқының айналасына топтасқан сан ондаған ұлт өкілдерінің өзара түсіністікте өмір сүруіне діндер съезінің және осының аясында өтетін Рим Папасының мессасы тек біздің еліміздегі ғана емес, барша әлемдегі бейбітшіліктің, татулық келісімнің сақталып нығаюына игі ықпал етеді деп сенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар