Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Роза Мұқанова. Қазақ драматургиясы: сюжет, идея жә...

Роза Мұқанова. Қазақ драматургиясы: сюжет, идея және көркемдік тәсіл...

11.11.2025

3836

Роза Мұқанова. Қазақ драматургиясы: сюжет, идея және көркемдік тәсіл... - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті кездесуі өткен еді. Кездесу сәтіне орай 6 қарашада Астана қаласы, Орталық қалалық кітапханасында белгілі қаламгер, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова «Қазақ драматургиясы: сюжет, идея және көркемдік тәсіл» тақырыбында лекция оқыды. «Әдебиет порталы» лекцияны лектор стилін сақтай отырып, оқырман назарына ұсынып отыр.

 

Жазушы деген жазуға тағдырын ноқталағандар

 

Бүгінгі әңгімеміз – «қазақ драматургиясы, ондағы сюжет, тәсіл, идея» туралы болмақ. Барлық қаламгерлер сияқты мен де әдебиетке үлкен құштарлықпен келдім. Әдебиет мен үшін арман да, мақсат та болды. Осы жолда маған ерекше ықпал еткен адам – әкем, Қажығалым Қажығайұлы Мұқан.

Әкем өз заманында ауыл-ауылды аралап, ауыз әдебиетін жинаумен айналысты. Зерттелмеген, айтылмай жатқан, көмескіленіп қалған дүниелермен, айтыс ақындарының, әсіресе Әсеттің қолжазбаларын ел арасынан іздеп тауып, Ғылым академиясына тапсырып жүретін. Әдебиетке деген сол әкемнің махаббаты мен құштарлығы менің де әдебиетке келуіме себеп болды.

Кейін жазушылық жолда мен де өзімнен бұрынғы үлкен ағалар сияқты газет-журналдарға жазыла бастадым. Онда алғашқы шығармаларым жарияланып, сол қуаныштың дәмін таттым. Бұл әр жас жазушының өміріндегі ерекше кезеңі ғой.

Лев Толстойдың бір сөзі бар: «Көркем әдебиетпен айналысатын адамның жан дүниесі таза болуы керек» деген. Әдебиет тазалықтан, ақиқаттан, шындықтан жаратылады.

Сол сияқты Марина Цветаеваның: «Мен жазу үстінде Алланың алдында отырғандай сезінемін», – дейді. Бұл сөздер жазудың оңай іс емес екенін көрсетеді. Жан дүниеңді жайып салу, бойыңдығы сырды ашып тазару оңай емес. Ал тазару – азап!

Кейде біз: «Әдебиетке өмірбаяны бай адамдар келу керек», - деп жатамыз. Бірақ өмірбаянның бай болуы жеткіліксіз. Бастысы – жазу таланты бар ма, жазу мүмкіндігі бар ма, соған қарау керек. Егер табиғатынан талантты, қабілетті адам өмірлік тәжірибеге де бай болса, міне, сол кезде ғана ол үлкен туындыларды әкелуге себеп бола алады.

Мен күнделік оқуды жақсы көремін. Мысалы, Толстойдың күнделіктері – ерекше дүние. Немесе француз жазушысы Жюль Ренардың күнделігі. Көркем шығарманы оқығанда сен жазушының туындысын танисың, ал жазушының күнделігін оқығанда – жазушының өзін танисың. Оның кім екенін, қандай адам екенін танисың. Күнделік осы жағынан көмектеседі.

Ренардың айтатыны бар: «Он сегіз сағат бойы өгізше еңбек ете алатын шыдамды адам ғана әдебиет жасай алады». Бұл – әдебиеттің оңай шаруа еместігінің дәлелі. Ренар айтқандай: «Бұлар гений – олар қол қусырып өмір сүре алмайтын адамдар. Олар жазуға тағдырын ноқталағандар. Еңбектенген талант жер сияқты, өңделген сайын өнімін береді де тұрады», – дейді.

Сондықтан жазушылық үшін ең бастысы – еңбек пен төзім керек.

Жазушы Әкім Таразидің бір сөзі бар: «Жазуға отырар алдында сылтау іздеп қашқым келеді. Бір досым телефон шалып қалса екен, тауға қыдырып кетсем екен деп тұрамын. Өйткені жазу үстелі – басқа әлем, басқа процесс. Оны күрек ұстап жүрген адам да, билік басындағы адам да түсінбеуі мүмкін. Жазудың азапты екенін тек жазушы біледі».

Сонда тура жазуға отырған кезде не Қалихан телефон шалады, не Сайын Мұратбеков телефон шалады. Содан: «Сайыным-ай, Сайыным-ай, әрқашан қыдыруға дайыным-ай», – шыққан мақалы бар еді.

Сайын Мұратбековтің «Басында Үшқараның» деген шығармасы бар. Көп зерттеушілер осы туындыны неге Әкімге арнағанын білмейді. Кейбірі екеуінің достығынан деп түсіндіреді. Бірде осыны өзім Әкім ағаларыңыздан сұрадым. Ол кісі: «Әуелі оқып шық, содан кейін не сезесің – өзің айт», – деді.

Оқып шыққан соң байқадым: Мұратбеков «Басында Үшқараның» шығармасында дәл Әкім Таразидің ертеректе жазған «Аяз бен Бибі» әңгімесіндегі сөз саптау, диалог құру, диалогтағы юмор, шалыс сөйлеу, диалог арқылы образ жасау, диалог арқылы характер көрсетуді секілді тәсілдерді өте ұнатып пайдаланған екен. Осындай әдеби тәсілдегі ұқсастық. Өзінің жақсы көрген, өзі ұнатқан тәсілді, бағытты алып жүргісі келетін ұқсас тұстар бар екен. Десе де, әр жазушы өзіндік стилін, формасын анадан туғандай алып келеді. Сол табиғи ерекшелікті ешкім өзгерте алмайды. Мүмкін, уақыт өте жазушының ойы, көзқарасы өзгерер, бірақ қаламының табиғи қолтаңбасы өзгермейді.

Атақты жазушы Сергей Довлатов өмірінің соңында Америкаға қоныс аударып, сол жақта «Свобода» радиосында жұмыс істеген. Өте ерекше тұлға болған. Біз жаңа ғана жазушының азабы мен табиғаты туралы айттық қой, міне, соған байланысты Довлатовтың бір сұхбатындағы ойы есіме түседі.

Ол жерде жазушының биологиялық ерекшелігі туралы сөз қозғайды. Жалпы жазушы да, суретші де, композитор да – табиғатынан ерекше жаратылыстар. Олардың еңбегі қаншалықты ерекше болса, мінез-құлқында да сондай өзгешелік болады.

Сонда Довлатов мысал келтіреді: Мәселен, жазушының басынан ауыр қайғы өтіп жатыр делік – ең жақын адамы дүниеден озды. Барлығы қара жамылып, көңіл айтып, жаназаға жиналып жатыр. Ал дәл осы сәтте суреткер адамның жан дүниесінде бұлқынып, бірдеңе бас көтеріп, жанын жадыратып қуантады дейді. Ол сол ортадан бір кейіпкерді көреді, болмаса бір жаңа оқиға табады. Ішкі түйсігінен: «Міне, мен мұны жаза алам, мен мұны тірілтем» деген ой келеді.

Міне, бұл – жазушы табиғатының ерекшелігі.

Суреткер жұрт қуанып тұрғанда қуана алмауы мүмкін. Керісінше, жұрт жылап тұрғанда ол жымиып, күліп тұруы мүмкін. Осы ішкі кереғарлық пен қайшылық – өнер тудыратын тұлғалардың табиғатына тән қасиет. Мен үш болмысты - жазушы, суретші, композитор бұларды өнер тудыратын тұлғалар деп қараймын. Өнерді орындайтындар болады. Актерлар, күйшілер, тағы басқалары. Бірақ олар туған, жаратылған өнерді орындайтындар. Бәлкім, жеріне жеткізіп, тамсандырып, ең керемет биік ноталарды алып орындауы мүмкін. Бірақ өнер тудыратындар ол жаңағы тұлғалар.

Өнердің тууы – өте ауыр процесс. Ол кәдімгі қара өгіздей күндіз-түні жер жыртқан еңбекке ұқсайды. Сондықтан суреткерге шыдам мен денсаулық қажет. Кейде адамдар: «Онда тұрған не бар. Тапсырыс берсе болды, жазып бере салмай ма?» - деп ойлайды. Бірақ ол – мүлде олай емес. Образ жасау, сол образ арқылы идея айту, кейіпкер табу, сюжетті үйлестіру, оны ширықтырып, кульминациясына жеткізу, оның трагедиясын ашу – бәрі де күрделі шығармашылық процесс.

Жалпы, кез келген өнердің бастауы – әдебиет. Бүгінгі әңгімеміз де – кинодраматургия мен драматургия жайында. Бұлардың түп негізі көркем әдебиетте жатыр.

Көркем әдебиетсіз кино да, сахналық пьеса да өмір сүре алмайды.

Мысалы, Шекспирдің «Маргарет» пен «Король Лирін» алыңыз, Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін», «Анна Каренинасы», «Сергей Әкейі» мен «Қажы Мұратын» оқыңыз – бәрінің түбінде терең көркемдік, сауатты әдеби негізде жатыр.

Сол сияқты қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалар да кино мен театрдың арқауы болды: М. Әуезовтың «Қараш-Қарашы», «Қаралы сұлуы», «Көксерегі», Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібегі», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Дулат Исабековтың «Гауһар тасы», Ә. Кекілбаевтың «Күйшісі», Ә. Таразидің «Мұстафа Шоқайы» – бәрі де әдебиеттен, көркем прозадан бастау алады. Сондықтан да: «Әдебиет жоқ жерде кино да жоқ!» деген қанатты сөз осыдан шығады.

 

Көркем әдебиетті драмаға айналдыру тәсілдері

 

Енді драматургияның өзінен, драматургия жанрынан әлемге әйгілі Питер Шефер деген неміс драматургі болған. Соның «Амадей» деген фильмі бар. Бұл фильм Моцарт туралы. Бұл кино таза драматургиядан алынған. Драматургиядан алынып, кино болып түсірілгеннен кейін сегіз рет «Оскар» сыйлығын алған. Сегіз түрлі номинация бойынша: драматургиясы, режиссурасы, актерлік ойыны, үздік актері, музыкасы және тағы басқа салалар бойынша марапатталған. Бір фильм осылай сегіз рет «Оскар» алған.

Енді бізде мынадай ұғым бар: кейіпкерді идеалдандыру, идеалды кейіпкер жасау деген. Меніңше, идеалды кейіпкер болмайтын сияқты. Идеалды кейіпкер деген – қателік сияқты. Идеалдан, идеалды кейіпкер жасаудан суреткер қашу керек сияқты. Егер идеалды кейіпкер болса, ол аңыздардағы, Құрандағы, Інжілдегі, Тәураттағы мысалдардай болар еді. Мысалы, Адам Ата Хауа Ана идеалды қоғамнан қалай кетті? Бағыну керек заңға қалай бағынбады? Салынған тыйымға қалай көнбеді? Идеалды қоғамда өмір сүріп жатып, солай қателікке жол берді. Сонда идеалды кейіпкер жоқ деп ойлаймын.

Мысалы, Толстойдың «Сергей Әкейін» алсақ, мен бұл шығарманы ерекше жақсы көремін. Мен тек осы шығармадан мысал келтіре бергім келеді. Шығармада биік биліктің жоғары деңгейдегі өмір сүріп жүрген, жас әскери  Степан Ксатский  бейнеленеді.  Оның алдында үлкен карьера тұр. Бірақ қоғамдағы парықсыздықтан, сатқындықтан, өзіне ұнамайтын ортадан бас тартып, қашқысы келеді. Бір деревняға барып, дін жолында өмір сүргісі келеді. Қарапайым адамдардың арасында өмір сүріп, рухани тазарғысы келеді.

Шын мәнінде, ол деревняға кетеді. Бірақ деревнядағы жұрт оның артынан қалмайды. Өйткені оның білімділігіне, салиқалылығына, парасатына, ұстамдылығына, интеллектуалдылығына тәнті болып, оны пайғамбардай көреді. (Осы жерде идеалды кейіпкер жасайды Толстой.) Халық оны пайғамбар деп танып, етегіне намаз оқып, көлеңкесіне табынады. Деревнядағы қарапайым халық сондай деңгейге дейін сенеді оған.

Сол кездерде, оның замандасы болған, қыдырып жүрген бір әйел іздеп келеді. Түннің бір уағында: «Мен білетін Степан болса, ол біз сияқты еді ғой: қыдырғанды жақсы көретін, ішкенді ұнататын, тойлауды жақсы көретін еді ғой. Қалайша ол өзгере қалды?» - деп терезенің әйнегін қағады. Сол сәтте Касатский бұрынғы бикешті көреді.

«Ашуға болмайды, – дейді іштей, – мен дұғадамын, мен ол жолдан кеткенмін. Менің жолым басқа жол». Бірақ тағы ойланады: «Түн, дала болса суық, қараңғы. Тоңып қалады ау. Өліп кетуі мүмкін ғой», - деп қайта сиынады да, бір сәтте есікті ашып ішке кіргізеді. Әйел жылынады. Шешініп, Степанды қойнына шақырады. Сол сәтте Степан Касатский балтаны алып, өз саусағын шауып тастайды. Мұны көрген әйел шошып: «Мен не істедім? Мен нағыз күнәһар екенмін. Таза, дұрыс жолдағы адамды осындай жағдайға жеткіздім», - дейді де, сол бойы монастырьға кетіп қалады.

Осылай оқиғаның желісі жалғасып жатады, енді Сергейдің қылығына еріксіз сүйсінесің. Келесі бір сәтте бір көпес қызын алып келіп, емдеуді өтінеді.

- Мен емші емеспін, - дейді Сергей.

- Жоқ, - дейді көпес, - Бүкіл халық сіздің дұғаңыздың күшімен ғана жазылатынын айтады, - деп қызды тастап кетеді.

Қыз – жас, әдемі, күлкісі сыңғырлаған, дене бітімі мінсіз жан. Касатский қызығады. Есін жиғанда, жалаңаш қыздың жанында жатқанын көреді. Сол сәтте Сергий Әкей: «Мені қарғыс атты. Мен енді халыққа пір емеспін. Барлығы жасандылық, барлығы өтірік. Мен енді бұл деревнядан кетуім керек», – дейді. Осылай ол қашып кетеді. Бұл оқиға оқырманды да, көрерменді де ерекше әсерге бөлеп, оқырманды кейіпкердің ішкі күресімен магниттей тартып алады.

Дәл осындай ішкі арпалысты Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінен де көруге болады. Қаралы сұлу – өмірлік жолдасы шапқыншылықта қаза тапқаннан кейін: «Мен енді еркек көрмеймін. Осылай өтемін!», - деп, сөз салған болыс та, би де, басқа да адамдардың ешқайсысының сөзіне құлақ аспайды. «Отызға келдім, жесір қалдым, осылай мәңгі жесір қаламын», - дейді. Жұрт асқан сұлу болғандықтан жұрт оны «Қаралы сұлу» деп атап кетеді.

Көктем шығады. Жаз келеді, ел жайлауға көшеді. Бір тоғайдың арасында Қарагөз келе жатса, екі жас құшақтасып, сүйісіп, аймаласып, шер серпісіп, бір-біріне назын айтып, сықылықтап тұрады. Далада болса бұлбұл сайрап тұр. Осының бәрі ішкі жан дүниесін түлетіп кетеді. Енді түннің бір уағында отыз жасында өзімен-өзі арпалысып келген Қаракөз далаға шығады. Қара жыландай сезімін ықтыра алмайды. Төзімі жетпейді. Әдемі болып ай түсіп тұрған дарияға беттейді. Шашын жайып жіберіп, аппақ көйлегімен дарияға кеп құлайды. Күрсінеді, жүзеді. Аһлап-уһлеп суық суға шомылады. Сол кезде: Қарағым, Қарагөз, - дейді. Бір еркектің үні. Қарагөз: Кімсің? – демейді. Бұл кім? – демейді. Неғып жүрсің? - демейді. 

- Кел! - дейді. 

- Келші! - дейді. Бір сәтте қараса Қарагөз бұл ауылда ешкім оны бағалай қоймайтын, қой бағып жүрген, әркім бір қылжақ, мазақ қылатын. Сол ауылдың балағы биттеп жүретін, ынжық қойшысы Болат екен. Қарагөз сол Болаттың қойнында жатыр екен. Бұл да сол тәсіл. Бұл да табиғатқа, жаратылысқа қарсы шыға алмау.

Драматургия табиғатындағы қақтығысты не тудырады? Драматургиядағы қақтығыс (конфликт) деген не? Былайғы жұрт «қақтығыс» туралы дұрыс түсінбейді. Олар көбінесе, адамдардың бір-бірімен ұрысып, соғысып, көтеріліс жасағанын ғана қақтығыс болады деп ойлайды. Кешіріңіздер, бұл қақтығыс (конфликті) емес. Қақтығыс дегеніміз –  кейіпкердің, яғни персонаждың өз ішіндегі – санасы, эмоциясы, тәніндегі қақтығысы.

Енді осы туралы айта кетсек: Санадағы қақтығыс деген не? Мысалы, кейіпкердің: «Осы қадамым дұрыс па? Дұрыс емес пе?», «Бұл жерден қашсам ба екен? Қашсам қайда кетсем екен?», «Бұл қоғамда өмір сүргім келмейді. Бірақ қайда?», «Бұл әйелмен бірге тұрғым келмейді. Бірақ қайда барам?» бұл санадағы, адам санасының арпалысы, ішкі қақтығысы. 

Ал эмоциядағы қақтығыс дегеніміз – әділетсіздікке, қиянатқа, тағдырға айқайлағың келеді. Бірақ дауысың шығарма алмайсың. Жылағың келеді, маңайыңнан жасырасың. Күрескің келеді, бірақ дәрменсізсің.

Енді тәндегі қақтығыс дегенде мысалы, ақсақсың, мүгедексің. Бірақ қоғамға ақсақтығыңды білдіргің келмейді. Семізсің, ортаға ыңғайсызсың, арық болып көрінгің келеді. Арық болып көрінуге тырысасың. Арықтауды жолға қоясың. Ұрысың, көпке адал боп көрінгің келеді. Көріксізсің, сұлу көрінуің керек. Осындай тән, жан, сезім, сана айқасы персонажды кейіпкердің шындығын ашады. Енді бүкіл антикалық трагедияның үш алыбы: Есхил, Софокл, Еврипидтің барлық шығармаларында осы осы үш: сана, эмоция, тән қақтығыстары жүріліп жатады. Тағдырлар әр дәуірде, әр түрлі болса да әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Адам өзгерген жоқ. Адамның санасы өзгерген жоқ. 

Драматургия өмірдегі жадағайлықты тізбектеп драматургия болып кете алмайды. Кез келген шығармада сол. Мысалы, конкурстарда қазылар алқасында көп шығармаларды оқып жүрмін. Жастарды көп оқып, танығым келеді. Көңіліме ұнағаны болса, соларды алып шығып, дос болғым келеді. Шығармашылық байланыста болғым келеді. Бірақ барлығына ортақ бір кемшілік: олар өмірді қалай көріп тұр, сол қалпында жаза салады. Қалай оны сюжетке айналдыру, оны жоғары деңгейде жетілдіру дегенге бара алмайды. Не, білмей жатады.

Баяғыда Александр Пушкин бір университетке лекция оқуға келген ғой. Білетінінің бәрін айтқан. Лекциясын керемет қабылдаған жастар құрметтеп қол шапалақтап шығарып салады. Содан алып келген азаматтар:«Лекцияңыз өте керемет болды. Енді ертең түстен кейін келсеңіз», - деген кезде: «Ертеңге ештеңе қалдырмадым ғой дейтін. Бәрін бүгін айтып тастадым ғой», - дейтіні бар. Драматургияның тағы бір заңдылығы бұл міндетті түрде экспозиция болауы. Байланыс кульминациясы, шешілуі, тарқауы болуы керек.

Қалихан Ысқақовтың: «Көркем әдебиеттің парқын білгің келсе – алтынды жасықтан ажыратқандай етіп, кез келген шығарманы киноға айналдырып көр», - дейді. «Егер көркем шығарма, роман, повесть – киноға, спектакльге, драматургияға айналдыруға жарамайтын болса, интенировкаға жарамайтын болса, онда оның түбінің шикілігі бар. Оның бір қайнауы ішінде қалды», -дейді. Сондықтан көркем әдебиеттің ішінде осы айтқан талаптардың барлығы міндетті түрде болуы керек. Сол талапқа жауап берген роман да, повесть те әлбетте, өнердің басқа түріне айналады. 

Мен енді сіздерге қызық үшін Мұқағалидың әйгілі «Аршалы сай» деген өлеңін мысалға келтіргім келді. Барлығы дап-дайын. Бірақ не жетпейді, қазір соған тоқтала кетеміз. 

«Ауады да тұрады аңсарым-ай!

Әлі сен есімдесің Аршалы сай.

 Сол түні неге мені өлтірмедің?

 Сол түні риза едім алса құдай 

Сен куә Аршалы сай...» -

Осындағы экспозиция оқиғаның өтіп жатқан жері оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің, оқиға болып жатқан жердегі кейіпкерлер Аршалы сайда болып жатыр. Енді қараңыз. Екінші: 

«Сол түні мен аққуға тұзақ салып өлтіріп ем...». Күдік, оқиға басталып келе жатыр. 

«Сол түні неге мені аяп қалдың? 

Жаңадан ауызданған бөлтірік ем 

Бөлтірік ем, арлан боп аяқтанды...» -

Күрт өзгеріс. Өкініш, Аршалы сайдағы рахат жоғалды. Басқа шоқпар тиді. Үлкен бір трагедияның шеті шықты. 

«Шырылдап. Сонда сені оятқан кім? 

Есіңде ме? Көз жасы, жалынышты үн...» -

Қиянат болды. Қиянат жасалды. Оқиғаның шарықтау шегі, оқиғаның кулминациясы – қыздың көз жасы. 

«Сол түні неге мені аяп қалдың? 

Қара түннің ішінде қара бақтың

Атар таң, келер күнге қарамаппын. 

Тағдырдың өзі берген махаббатты

Тәрік етіп, мәңгілікке жаралаппын...» -

Қиянатты мойындау, өкінішін есіне алып, өзін жек көрді. Оқиғаның шешімі өзін жек көрумен, өзінен безінумен аяқталды. 

«Аршалы сай, неғылған көркем едің?

 Сол түні неге мені өртемедің? 

Сол түннің қияметін есіме алсам, 

Сенен де, өзімнен де жиіркенемін» -

Шешім шықты. Өзін ғана емес, өзінен де, қыздан да жиіркенді, безінді. Аққа қара жақ. Қыз намысы тапталды. Аршалы сайдың сұлулығы көкке күл болып ұшты. Драма бар ма? Бар. Оқиға бар ма? Бар. «Аршалы сайды» драматургия деңгейіне жеткізу үшін сюжет құру керек. Кейіпкердің образын ашу керек. «Не болады мына екеуіне? Немен аяқталды тағдыры? Автор нені меңзеді? Шығармадағы идея не еді? «Аршалы сай» арқылы не айтқысы келді?» Драматургияға айналдырар болсақ оқиға тереңдейді. Түпнұсқада жоқ эпизодтар қосылады. Қыз бен жігіттің образын аша түсетін детальдар енеді. Екі кейіпкердің тағдыры ширығады, шиеленіс туады. Оқиға барысында міндетті түрде жаңа кейіпкер қосылады. Сол арқылы оқиға күрделенеді. Басталуы да, аяқталуы да жаңа форма мен өзге тәсіл арқылы дамиды. Әдеби қалыптағы кейіпкерлердің динамикасы қозғалысқа, әрекетке көшіп, тіріліп қайта шығады. 

Осыған байланысты өзімнің бір мысалымды келтіруіме болады. Болат Атабаев деген өзінің қолтаңбасымен келген реформатор режиссер болды. Сол кісі Әуезовтың жүз жылдығына «Қаралы сұлуға» инсценировка жасап берсеңіз деді. Соны мен жасаудан бас тарттым. Сосын ол кісі Дулат Исабековке, Бикен Римова, Әлия Бөпежановаға ұсыныс жасады. Сөйтіп қайта айналып, маған: «Сен жасап берші», - деп келді. Өйткені ол кісі «Мәңгілік бала бейненің» режиссері болды. Он төрт-он бес беттік әңгіме болса да, оны драмаға, пьеса қылу үшін толық реконструкция жасау керек. Структурасын, бәрін өзгерту керек. Оған үлкен еңбек қажет. Өйткені Әуезовтың әңгімесін  драмаға өзгертейін деп тұрсың. Әуезовты пір тұтып өскен буынның өкілімін. Мен осыны жасаймын деп қолға алдым. Сөйтіп, өзімнің болашақта жазып, әңгімеге айналдырамын деп жүрген әдемі бір эпизодым бар еді. Сол эпизодты қоспасаң, «Қаралы сұлу» шықпайын деп тұр. Содан сол эпизод қосылды, дүниеге «Қаралы сұлу» келді, жақсы қойылды. Бірақ Болат айтты: «Екемізді сынауға Әуезов институтынан ғалымдар келе жатыр. Аямайтын сияқты», - деп. Себебі ол жерде өрескелдеу тұстары бар еді. Содан, ғалымдар, әуезовтанушылар келіп, көрді де: «Мұхтар Әуезов драматургиясын жасаймын десеңдер, ол сендерге кіріптар емес еді, өзі-ақ жасап кетуші еді. Талай драматургияның, талай классикалық пьесалар жазған Әуезовке «Қаралы сұлуға» пьеса жазу қиын емес еді. Сондай бір күдікпенен келген едік. Бірақ сендер жерге түсіріп алмапсыңдар. Керісінше шығарманы Болат екеуің көкке көтеріп алыпсыңдар. Қазіргі көрерменнің көзімен, қазіргі драматургияның әдіс-тәсілімен әдемі алып шыққан екенсіңдер», - деп риза болған еді. Талқылаудан кейін шығып келе жатсам, Мұрат Мұхтарұлы күтіп тұр екен. Сонда Мұрат аға: «Маған «Қаралы сұлу» қойылымы сондай ұнады. Мен тек ғана өзімнің анамды елестеттім де отырдым. Маған Қарагөз қайта-қайта Фатима Ғабитова болып, соның образында болып көріне берді», - деген еді. Осындай да тұстар болады.

Мен сіздерге «Амадей» туралы айтқан кезде, оның драматургиялық шығармадан алынғанын айтқан едім. Петер Шефер «Амадей» драмасын жазу барысында Моцарттың бүкіл музыкаларын, тілін білуін үшін енді кәдімгі өнертанушыдай зерттейді. Бірақ «Амадей» драматургиясын жасап, формасын шығарған кезде қатты қиналады. Өйткені ол әлемге әйгілі гений Моцарт.

«Оның замандастары, яғни, сол кездегі адамдар не айтты екен? Бізге жетпеген, академиялық әдебиеттен бөлек, қандай басқа деректер бар» - деп   мұрағаттардан Моцарт туралы замандастарының бір-біріне жазған хаттарын табады.

Сонда Моцартты жек көріп, әжуа, мазақ қылған сарай белсенділері, сарай ішіндегі қызметкерлер, театрдың директорлары, опера театрының директорлары ұнатпаған тұстарын жазады. Сондағы бәрінің тиісетін тұсы оның гениальный композитор екендігінде емес. Бәрінің айтатыны «Амадейдің күлкісі» дейді. Оның күлкісі: «Құдай айтқан күлкі» еді. Оның күлкісі: «Дебильге тән күлкі». Оның күлкісі: «Шайтан күлкі». Оның күлкісі: «Үрей тудыратын күлкі», - делінеді. Осы штрихты, осы детальды Петер Шефер керемет тапқан. 

Фильмде императормен кездесу кезінде де императорға «ақымақсың» дей алмай күлетін жері бар. Моцарт операдан соң императордан операның ұнаған-ұнамағанын сұрайды. Император: «Ұнады, бірақ ұнамаған жері бар», - дейді. Өйткені императордың құлағына: «Сіз оны мақтамаңыз. Оны мақтасаңыз, ол есіріп кетіп, сізді менсінбей қояды. Сіз оған бір кемшілік тауып айтсаңыз», - деп сыбырлап қойған еді. Таң қаған Моцарт: «Қай жері ұнамады, айтыңызшы?» - дейді. Сонда император: «Ноталарың өте көп», - дейді. Сол кезде Моцарт «Шайтан күлкісімен» күледі ғой. Киноға, ситуацияға сондай бір керемет акцент беретін тұста, режиссер осы күлкіні керемет ұстап алып, пайдаланады. Кейін Моцарт қайтыс болады, реквиемі ойналып жатады. Ақшасы жоқ, байқұс, қайыршы Моцартты табытқа салып қазылған шұңқырға әкеп лақтыра салып, атқосшылар арбасыменен кетіп бара жатқан кезде де, осы «Шайтан күлкіні» пайдаланады. Күлкі – кино тілімен айтқан кезде бүкіл шығарманы ашып беретін кілті болады. Сонда шеберлер, таланттар осындай бір ерекше тәсілдерді пайдаланады. Оны кейіпкердің, өмірдің  өзінен тауып жатады. Бұл үшін әрине қаншама ізденуге, зерттеуге тура келеді.

 

Автобиография, естеліктер туралы 

 

Шындығында автобиографиялық сипаттағы туынды жазу өте қиын, себебі ол нақты өмірге негізделеді. Егер ол адамның ұрпақтары тірі болса, тіпті де қиын. Өйткені идеалды кейіпкер болмайды, ал жазушы сол адамның шынайы табиғатын көрсетуге тиіс.

Мен өз шығармаларымда да өмірлік тұлғаларды идеалдандырудан қашамын. Мысалы, Фариза Оңғарсынова туралы жазған туындымда да осындай ұстаным болды. Көрермен бұл қойылымды өте жақсы қабылдады. Түркістан театрында өткен премьера кезінде көрермендер Атырау, Павлодар, Қызылорда сияқты қалалардан арнайы ұшып келді.

Дегенмен, туысқандары арасында «Ұнамады» деген пікірлер де болды. Олар кейіпкердің қоғамдағы рөлін көбірек көрсету керек деп ойлайды. Бірақ көркем шығарма мен автобиография – екі түрлі нәрсе. Суреткер сол образды жасау керек.

Сен ұлы ақынның замандасысың, сол дәуірде өмір сүріп жатсың. Ақынның табиғаты, оның ешкімге ұқсамайтындығы, ақынның ішкі азабы – бәрі де маңызды. Міне, осының бәрін түсіндіре алу, ақынның жұмбағын шешуге әрекет ету, оның өзгеше жаратылыс екенін көрсету – ол менің міндетім.

Бірақ оны тек қана баяндап айтып қана қою жеткіліксіз. Оны «действие» дейді театрда. Әрекет арқылы, түрлі детальдармен, эпизодтармен бәрін біріктіріп, үлкен образ жасау керек. Бұл – пианино пернелерін басқандай, клавиатурада ойнап отырғандай процесс. Бәрін біріктіріп, жаңа образды қалыптастыру керек. Жазудың мақсаты, әдісі – осы.

Бүгін біздің арамызда жастар отыр, студенттер отыр. Көбі әдебиетке келуден қорықады, алғашқы шығармаларын оқытуға ұялады, жүрексінеді. Кейде өздеріне сенімсіздік пен күмән туады. Бірақ менің ойымша, қорықпау керек.

Жазу керек, жаза беру керек. Жаза берген сайын ұштала түсесіздер, қанаттанып, өсе бересіздер. Егінші жерден мол өнім алғысы келсе, үздіксіз еңбек етуі керек қой. Әдебиет те дәл солай – еңбектенсеңіздер ғана жемісін береді.

Менің де әдебиетке келген алғашқы қадамым «Аида» деген әңгімемен басталды. Сол әңгімем туралы жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз өте жылы пікір жазды. Сол пікірдің арқасында мен Жазушылар Одағына мүше болдым.

Кейін Дулат Исабеков ағамыз да осы «Аида» әңгімемді оқып, қатты ұнатыпты. Ол кезде мені танымайтын. Бірақ бір күні Жазушылар Одағында Фариза апай мен Дулат ағай сөйлесіп тұр екен, мен қастарынан өтіп бара жаттым.

Дулат аға:

- Әй, бала, тоқташы! Сен Розамысың?

- Иә, менмін, - дедім.

- «Аида» әңгімесін сен жаздың ба?

- Иә, мен жаздым, - дедім.

Сонда Фариза апай:

- Мына қыздың «Аида» деген бір керемет әңгімесі бар, болашағы бар жазушы - деді.

Сол кезде Дулат аға да:

- Мен саған пікірімді жазып қойдым, барып алып кет, - деді.

Бірақ, бәлкім, жастықтың әсері ме, бәлкім, салақтық па, мен ол пікірді барып алмаппын.

Кейін университетті бітіріп, Жазушылар одағында жұмыс істеп жүргенімде, бір күні есікті ашып, Дулат аға кіріп келді. Қолымда бірнеше қолжазба бар еді.

- Роза, сен кімдердің шығармасын оқып отырсың? - деді.

Мен облыстардан келген авторлардың романдарын атап өттім.

Сонда ол кісі күліп:

- Саған сол үшін қанша төлейді? - деді.

- Жеті мың теңге, - дедім.

- Мен саған жетпіс мың берейін, «Жазушы баспасына» келесің бе, - деді.

Сөйтіп, мені «Оригиналды проза» бөліміне алып келді.

Бір күні Дулат ағай:

- Мен саған бір пікір жазып едім, сол пікірді алып кет дегелі неше жыл болды, ертең өзім алып келейінші? - деді.

Келесі күні ол кісі ескі қағаздарының арасынан жартысы сарғайған, жартысы аппақ парақты алып келіпті. Сол парақта менің алғашқы «Аида» әңгімеме жазған пікірі бар екен. Онда ол кісі өте жоғары баға берген, бірақ былай деп жазыпты: «Мен бұл баланың тағдырынан қорқамын. Бұл баланың тағдыры қалай болар екен?..»

Арада жылдар өтті, біз талай сапарларда, кездесулерде жүздестік, әңгімелестік, сонда ол кісіден: «Неге бұлай айттыңыз», - деп сұрамаппын. Тек Дулат ағай дүниеден өткеннен кейін, мұрағаттағы сол қағазды қайта оқып, көзімнен жас сауғалап отырып, алпыс жасқа келгенде ғана сол сөйлемге: «Неге солай айтты екен», - деп назарым түсті.

Кейде ұлы тұлғалар тек сенің шығармашылығыңды емес, тағдырыңды да көре біледі екен.

Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүрді, сол арқылы бізге де көп көмек көрсетті. «Қазақ әдебиетіне»  шығу оңай емес, тек классиктер ғана шығады. Ал біз жаңа ғана жазылған әңгімемізді Жүсіпбекке апарып береміз, ол әңгімемізді көп ұстамай шығарып береді. Бірде Жүсіпбек қоңырау шалып:

- Оралхан аға, сенің «Монастырь» деген әңгімеңе қол қоймай қойды. Әңгімеңнің аты ұнамай тұр. «Монастырь»  дегеннің орнына «Тәңір үй» деп қоя салшы, - дейді ол.

- Жоқ, мен «Тәңір үй» деп қойсам, ол ашпайды оны, - дедім.

- Бұл «Монастырь» деген сөзге неге жабысып қалдың, - дейді Жүсіпбек. Бірақ мен Мұқағалидың «Қазақта монастырь жоқ» деген өлеңі бар ғой. Соны куә қылып көлденең тартып, Жүсіпбекті көндірдім.

Біраз уақыттан кейін, екінші санында әңгімем шықты. Бір күні, Жазушылар Одағының алдында тұрсақ, Орағаң Алтайдың кер бұғысындай шайқалып, шашы қайырылып шығып келе жатыр екен. Ол жақындап, бізге бірдеңе дейін деп келе жатты. Сол күні «Қазақ әдебиетіне» менің әңгімем шыққан еді. 

- Роза, бүгін сенің әңгімең шықты, бірақ ол маған ұнаған жоқ деді.

Мұндай сөздерді естіген өте ауыр болды. Әсіресе, қасыңда дос-жолдастарың тұрса, көңіл-күйің одан бетер түседі.

Жаңабек Шағатаев деген жазушы бар. Біз бір буынның өкіліміз. Ол - бетке қарап сөйлей алатын, жүрегінің түгі бар адам еді. Сол Жаңабек Шағатаев:

- Ораға, сіздің «Қамшыгеріңіз» маған да ұнаған емес. Сіздің «Қамшыгеріңізді» ешкім түсінбейді. 

Оралхан да ондайды күткен жоқ. 

- Жақсы, көңілді тұр екенсіңдер, - деді де кетіп қалды.

Содан кейін жігіттер оған:

- Бітті, жұмысқа әрең тұрып едің, сені ертең жұмыстан шығарады, - деді жігіттер.

- Е, жарайды, мен қайбір жұмыссыз қалмай жүрген адаммын. Жұмыссыз қалсам қалармын, - деп жауап берді.

Ертеңіне Оралхан Жаңабек Шағатаев келсін деген. Бірақ Жаңабек кешігіп сағат он бірге қарай әзер келген. Орағаң тиседі ғой оған:

- Мыж-мыж болып, вагонның астында жаттың ба? Мынау джинсиің қандай кір ей сенің? Сен не жуынбай жүрсің бе? - деп әбден ығырын шығардың ғой. Сонда Жаңабек Шағатаев:

- Ораға, мен сіз емеспін. Мен сіз сияқты ваннға түсіп, жылы душ қабылдап, гардеробымда қай галстукты қай костюммен тақсам екен деп өмір сүріп жүрген жоқпын. Мен пәтерде тұрамын. Ақшам жоқ, жалаң аяқ кедеймін, - деп жауап берді.

- А, солай ма? Жауапты хатшыны шақыршы. Сен Жамбыл жақтан едің ғой. Сені бір айға еліңе жіберейін. Сосын жақсы қаламақы қойсын. Сол жақтан бірдеңе жазып кел, - деп бұйырады.

Иә, осындай жақсы ағалар болды. Біз кекшіл, ренжитін, қудалайтын ағаларды көрген жоқпыз. Біздің ағаларымыз бізден үлкен буын, олар тірі классиктер болды. Бірақ біздерге деген қамқорлығы біздің әке-шешемізден де артық болды. Мен өзім бүгінгі жастарға, бүгінгі әдебиетке келген зәру жастарға сондай қамқорлық көрсеттім бе, мүмкіндік жасай алдым ба деген сұраққа келгенже ұяламын. Біздің алдыңғы буын ағаларымыздың жаратылысы сондай болды. Олар өте мейірімді болды. Олар біздің кішкентай нәрселерімізді асылға балап, біздің алғаш жазған дүниемізді классика дей салды. Біз олай деп айта алмаймыз. Мен ғана ма, менің буыным да сондай ма? Білмеймін, мен енді өз басыма байланысты айтып отырмын.

Менің диплом жетекшім Сағат Әшімбаев болды. Ол ешқашан ашуланбайтын. Жалпы, өмірде мен жолы болған адаммын деп айта аламын. Өйткені мен тек жақсы адамдарды ғана кездестірдім, олар мені қолдап, көмектесті.

Сексен алтыншы жылғы «Желтоқсан оқиғасы» кезінде қуғындалған тағдырды мен де кештім. Маған да іс қозғалды. Сол кезде диплом жетекшім Сағат аға көп қолдау көрсетті. Қиын кезеңде мені университеттен шығарғай тұрған кезде мені қорғап қалды.

Сол кезде Сағат Әшімбаев «Талантқа тағзым» атты кітабын көрсетіп:

- Роза, Айналайын, мына кітапты көрдің бе? Түбі сөгіліп кетіпті. Мынаны мен өз қолыммен желімдеп бергенім құндырақ болады, - деді. Сол кезде мен бесінші курсты енді бітіріп жатқан студент едім. Сонда Сағат аға: Қазақтың Роза Мұқановасына!- деп қолтаңба қойып береді. Ол енді қандай үлкен құрмет.

Менің шығармашылығымда «Мәңгілік бала бейнесі» жақсы мақталып, қабылданды. Кейде шығармаларың жарияланбайтын кездер болды. Театрдан ығыстырылған сәттер де болды. Бірақ шығармашылық адамының басынан ол өту керек. «Менің жазғанымның бәрі шыға беруі керек» деп ойлау дұрыс емес. Шығармашылықтағы қиындықтар – ол адамды ширықтырады, дамытады. Сергей Довлатовтың: «Қиындық, трагедия деп қабылдап тұрған дүниенің өзі үлкен шығармаға алып келеді», - деген сөз бар еді. «Мәңгілік бала бейнесі» мен «Сарра» шығармаларынан кейін «Бағира – Шер» деген әңгімені жаздым. Бұл әңгіме менің ішімде ұзақ уақыт жатқан бір идеяның көрінісі болды.

Бұл әңгімеде мысықтың аты Бағира еді. Ол өзін-өзі он сегізінші қабаттан лақтырып өледі. Бұл оқиға маған қатты әсер етіп, ойландырды. Мысықтың не себепті мұндай қадамға барғанын, неге өзін-өзі лақтырғанын зерттеуге тура келді. Мысықтарда кастрация жасалғанда биологиялық өзгерістер, сонымен қатар үрей мен қорқыныш сезімдері пайда болады екен. Осы тұстарды зерттеп, түсініп, оқиғаның негізін жасадым.

Сюжет құрылғаннан кейін, мен параллельно осы оқиға мен бір отбасының трагедиясын бірге жаздым. Бұл әңгімені мен көп нәрсені ұната бермейтін, әдебиетке жоғары талаппен қарайтын Асқар досыма беріп едім, ол ұнатты.

Әңгіме туралы айтар болсақ, көркем шығарманы оқыған кезде, сен бір уақытта оның ішіне енбей тұрып, жазған шығармаңда бір шындықтың барын түсінесің. Жиырма жылдан кейін, отыз жылдан кейін оқысаң, басқа бір шындықты көресің. Әлемде тек он үш сюжет бар деп айтады, сол рас болуы мүмкін. Менің «Мұң» деген әңгімем де сол жиырма мен отыз жас аралығында жазылған болатын. Бұл шығарманың басты кейіпкерін: «күлгені  жылағаны сияқты, жылағаны күлген сияқты» деген бір сөйлем арқылы оның есінің дұрыс еместігін, психологиялық ауытқуларын білдіру үшін жаздым.

Енді қызық, әлемге әйгілі «Джокер» деген кино шықты ғой, бәріңіз көрдіңіздер. Сол Джокерде дәл «Мұңдағы» «күлгені  жылағаны сияқты, жылағаны күлген сияқты» басынан аяғына дейін, тура сол образды қайталайды. Джокер қатты ашуланған кезде, оны біреу қорлап, басынан өтпеген қорлықты көрсеткен кезде, ол сықылықтап, шегіп атып, есі ауысқан адамша күліп жатқанын көріп: «Бізді мазақтап тұрсың, сен бізді қорлап тұрсың» - деп маңайындалар оны быт-шыт қылып ұруға дейін барады.

Иә, осы «Джокерді» көрген кезде, бұл не қылған қайталау. Ортақ бір түйсіну ме? Ортақ бір ұқсастық па?- дедім. Суреткерлерде кейде осылай бір-бірін қайталаулар болып тұрады екен.

Шекспирдің шығармалары туралы зерттеушілер: «Сағаттың әйнегінен тек сандарды ғана көреміз». Бірақ Шекспирдің шығармалары тек сандарды көрсетіп қана қоймайды, оның ішінде осы сандарды қалай қозғап тұрған механизм де бар. Сағаттың сыртындағы сандарды бәріміз көреміз, бірақ оның ішіндегі механизмнің қалай жұмыс істеп тұрғанын, секундтың қалай жүріп жатқанын, минуттың қалай қозғалып жатқанын, сағаттың тілі қалай жылжып бара жатқанын көруіміз керек. Бұл күрделі процесс шығарманың тереңдігін көрсетеді.

Драматургияның күрделілігі осында – сыртқы көрініс пен ішкі құрылымның бірлігі. Шекспирдің шығармаларында, мысалы, «Макбет», «Король Лир» немесе «Гамлет» сияқты туындыларында осы әдіс-тәсіл сақталады.

Жаңа жастармен байланыс туралы айттық. Осы жерде Ренар Жюль туралы тағы да айта кетсем деймін. Ол жас кезінде Гюгомен дос болып, классиктің жанында жүреді. Бізде қазір де солай ғой. Аты шыққан, даңқыты классиктің жанында жүрудің өзі жастар үшін бір мәртебе. Егер ол танымал болса, ол тіпті жоғары мәртебе. Ренар сонда Гюгоның жанында күндіз-түні ойнап-күліп бірге жүрдім. Бірақ ешқашанда оған: «Менің шығармамды оқып, шығармама алғысөз жазып беріңізші», - деп айтпадым дейді. Ол бірде  маған: «Сен неге шығармаңды маған әкелмейсің?» - дейді. Сонда мен: «О, мэтр, мен әкелсем де сіздің уақытыңыз жоқ. Ол шығарманы оқымайсыз ғой», - деп жауап береді.

Жастар бізге туындыларын ұсынып, пікір алу үшін келіп жатады. Кейде қатарластарың да шығармаларымен бөлісіп жатады. Ағаларымыз, мысалы, Төлен ағаларым ерінбей оқып жатады. Мен өзімнің бір кемшілігімді ашқым келеді, сіздерге. Мен алғашқы сөйлемдерді оқып бастағанда, өзіне тартса, автордың бағы жанғаны, онда оны аяғына дейін оқып шығамын. Ал егер мәтін мені құрғақ нәрсемен қарсы алса, оны жауып қоямын. Мен классиктерді оқығым келеді, өзімде жоқ дүниені толтырғым келеді. Өзіме жаңа бір нәрсені алу үшін оқимын. Эгоистпін деп айтамын өзімді. 

Бірдеңе үйренгім келеді, жаңа жазушының өзімде жоқ ерекшелігін көргім келеді. Ал егер ондай нәрсе болмаса, мен үшін бұл қызық емес. Сондықтан мен классиктерге, әлі танып білмеген авторларға қарай ұмтыламын. Олар менің шығармашылығымды байытады деп ойлаймын.

Бұл менің адам ретіндегі кемшілігім бе, әлде ол табиғи құбылыс па? Әрине, мен оны анықтап айта алмаймын.

Бүгінгі кездесуде мен шығармашылығым туралы, жалпы драматургия жанрының ерекшеліктері мен жазудың тәсілдеріне тоқталып өттім. Осымен лекциямды аяқтаймын. 

Залдан Еуразия Ұлттық университетінің бір студенті сұрақ қойды. 

-Мұхтар атамыздың «Қуыршақ» деген әңгімесі бар ғой. Егер оқыған болсаңыздар, бұл шығармада жазушы адам тағдырына философиялық тұрғыдан қарайды. Кейіпкердің аузымен: «Сендер жазушылар үшін адамның тағдыры тек материал ғана ғой. Сендер біздің жанымызды қайдан түсінесіңдер?» - дейді. Осы сөздің өзінен жазушының адам жаны алдындағы жауапкершілігі сезіледі. Сол сияқты, Мұхтардың өз өмірінде де өкініш болған. Бірде бір абыз ақсақалдың үйіне барып, жыраудың жырын жазып алып отырып, қалтасында қойдың ақшасы бола тұра, аш отырған қарияға бермей кеткеніне іштей өкінгенін айтқан еді. Сол сияқты сіздің де шығармаңызға арқау еткен бір кейіпкердің тағдырын алып отырып, оған көмектесе алмағаныңызға налыған кезіңіз болды ма? Осыны айта кетсеңіз?

Роза Мұқанова: Менің де сондай бір өкінішім бар. Бір кезде ұлы актриса, СССР халық әртісі Фарида Шәріпова маған: Мен сенің «Патша қатыны – императрица» деген әңгімеңді оқыдым. Сол образды сомдауға дайынмын. Мен Қытай мәдениетін жақсы білемін, сол жерде туып-өстім, киноға түстім. Сен тек маған осы образды арнап жаз, - деді.

Мен ол кісінің өтінішін қабыл алдым, бірақ, өкінішке қарай, кейін оны жүзеге асыра алмадым. Уақыт өтіп, апамыз өмірден озды. Сол бір орындалмаған уәде менің ішімде өкініш болып қалды.

Кейін Гүлжан Асбетова хабарласты.

- Апаларыңның бәрі кетті ғой. Кезінде бәрі сенен: «Ананы жаз, мынаны жаз», - деп сұраған еді. Енді мен де жетпіске келдім, маған сахнаға лайық бір дүние жазшы, - деді. Сол сәтте менің есіме Фарида апам түсті. Сол кісінің аруағының алдында ішімде қалған өкінішті сезімде жүр едім. Гүлжан апама:

- Мен сізге жазамын, - дедім.

Осылайша мен жиырма жеті жасымда аударған Рабғузидің «Қиссасу-л-Әнбиясын»  қайта қолға алдым. Бұл туралы Мұхтар Мағауиннің өзі «Алтын Орда» романында: «Жас қаламгер Роза Мұқанова Рабғузидің «Қиссасу-л-Әнбиясын»  аударды. Өте жақсы аударма шықты», - деп жазған еді.

Сол Рабғузидегі Сарра – Ибраһим пайғамбардың жары. Оның ұрпақ жалғастығы жолындағы рухани миссиясы, аналық философиясы мені қатты толғандырған. Жиырма жеті жасымда мен ол бейнені түсіне алмадым, себебі ол кезде мен әлі өмірлік тәжірибесі аз, аналық мейірімнің не екенін білмейтін жас қыз едім. Ал елу алты жасқа келгенде мен Сарраның образын жасауға дайын едім. Осылайша мен «Сарра» пьесасын жаздым. Бұл туындыны Гүлжан Асбетоваға арнадым.

Алайда Гүлжан апай пьесаны оқып шыққан соң:

- Мен қорқамын, - деді. - Пайғамбар әйелінің образын сахнада сомдауға дайын емеспін. Оның үстіне тілің өте ауыр, менің жадым жетпейді, - деді.

Сосын ол маған кеңес берді:

- Менің шәкіртім, талантты актриса Сая Тоқманғалиева бар. Бұл рөл тура соның жанына жақын, - деді.

Шынында да, Сая «Сарраның» образын ғажап деңгейде алып шықты. Осылайша менің жиырма жеті жасымда ойыма түскен сюжет елу алты жасымда толыққанды драмалық туындыға айналды. Сол еңбегім кейін маған Мемлекеттік сыйлық әкелді. Жиырма жеті жастағы ойдың елу алты жаста пісіп, сахнаға шығуы – жазушы өміріндегі ең күрделі де қасиетті шығармашылық процесс екен.

Лекция барысында жазушы Асқар Алтай қаламдасына былай деп сұрақ қойды:

- Жалпы естеліктерге мен де сенбеймін. Өйткені естеліктер көбінесе өзін-өзі көтеру мен өзін жақсы көрсетуге бағытталады. Адам өз өміріндегі маңызды оқиғаларды сипаттағанда, көбіне сол оқиғалардан өзіне жақсылық, артықшылық іздейді. Егер біреу басқаны көтерсе, онда екіншісі өзінің абыройын арттыру үшін сол адамды төмендетуі мүмкін. Сондықтан естеліктерде көбінесе субъективтілік басым, ал бұл – меніңше, дұрыс емес.

Ал күнделіктер – бұл басқа әңгіме. Күнделік – шынайылықтың айнасы. Онда адам өз сезімдерін, ойларын, түйгендерін тек өзіне жазып, ешкімге көрсетпейді. Сондықтан күнделіктер шындыққа жақын. Оны оқыған кезде сол адамның ішкі әлеміне енуіңе болады.

Роза, осы естеліктерге қалай қарайсың? Бір ауыз сөзбен жауап бере кетсеңіз?

Роза Мұқанова: Орыстың ұлы ақыны Анна Ахматованың: «Мен мемуарларға ешқашан сенбеймін, өйткені мемуар әдеби жанр емес. Ол тек субъективті пікір мен көзқарастардың жиынтығы ғана», - деген сөз бар ғой. Мен де мемуарды оқуға құштар емеспін. Бірақ, сіз айтқандай, күнделіктер –  ол шын күнделік. Мысалы, Толстойдың күнделіктерін оқысаңыз, ол өзін-өзі қатты сынап, жек көріп отырады ғой. Толстой ұлы Толстой болса да, өзін қалай сынайды? Біз өзімізді өзіміз сынға ала білуіміз керек. Көп жағдайда біреудің сын-пікірімен келісу қиын. Бірақ әдебиетте жүрген біз сияқты ақын, жазушылар өзімізді сын көзімен қарағанымыз жөн. Жалпы, адам өзіне сын көзбен қарауы керек деп ойлаймын.

Сосын, тағы бір маңызды нәрсе, жақын адамыңды жазу өте қиын екен. Әкім Тарази ағаларың қайтыс болған соң, мен оның күнделіктерін оқыдым. Әкім Таразимен отыз сегіз жыл отасқаныма қарамастан күнделіктерін оқыған кезде санама төңкеріс жасады. Ол кісінің әдебиет туралы пікірі мен үшін өте құнды болды. Сол кезде мен Әкім Тарази туралы міндетті түрде жазуым керек деп шештім. Оның сексен жылдығына орай қаламгерлер бір дүниелер жазар деген ойда болдым. Мақала жазып, оның шығармашылығы туралы бірдеңе жазар деп ойладым. Басқа жұрттар: «Сексен жылдығым келе жатыр мақала жазсаңыз» деген ұсыныс жасап жатады ғой. Әкім ағаларыңда ол жоқ, сосын мен «Менің Таразиім» деп өзім жазып шықтым. 

Мен жоғарыда  айтқан  жаңа форма мен тәсілдер төңірегінде жұмыс істеп жүрмін. Басқаша жазғым келеді, маған дейін жазылмаған дүниелерді жазғым келеді. Бар арманым өзгеше бір жанрда, қазақ оқырманына жаңа бір жанрдың үлгісін ұсынсам деймін.  Әзірге сол мақсатта шама-шарқымша жұмыс істеп жатырмын.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan