Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Салтанат Қайырбек. «Келешекте әншілерді классифика...

Салтанат Қайырбек. «Келешекте әншілерді классификациялаудың жаңа  кезеңіне келеміз...»

03.11.2025

3717

Салтанат Қайырбек. «Келешекте әншілерді классификациялаудың жаңа  кезеңіне келеміз...» - adebiportal.kz

Қытайдың «Әке баладан қанша жас кіші болса сонша жас үлкен» деген нақыл сөзі бар. Әрине, біз бұл нақылдан кейінгі буынның жаңа уақытты бағамдауы мен сезінуінің аға буыннан әлдеқайда үлкен екендігін, сондай-ақ келер мезгіл мұрагерінің кім екендігін мойындаған да әділ   бітімгершілік  жатыр. 

Рас, жастың аты қашанда жас. Сондықтан жастарды қадери-қалімізше бақылап отыруға тырысамын. Өз басым батып бара жатқан күн шапағынан емес, шығып келе жатқан күн шұғыласынан ерекше жаңалық күтемін. Өйткені жаңа күн жаңалықтың шын есімі. Жастар қазір не жазып жүр, біз  оларға қай жағынан ілесе алмай (немесе түсіне алмай) қалып қойдық, міне, бұл сауалдарды кез келген зерделі жан өз-өзіне қояды деп есептеймін.  Сұхбатымның кейіпкері ақын, Салтанат Қайырбек те осындай сергек, саналы жанның бірі. Қазіргі қазақ қоғамындағы орын алып отырған кез келген құбылысқа дербес пайым таныта алатын қаламгердің соңғы жылдары жазып жүрген поэзия мен музыка, нейролингвистика, оның ішінде балалар медиаконтентіне қатысты тақырыптарының  негізінде  бірнеше сұрақтар  даярлаған едім. Енді сол сұхбатты назарларыңызға ұсынсам деймін.

-Салтанат, сіздің «Барокко болмыс» кітабыңыз жайында ілгеріде аз да болса үн қатқандықтан ең әуелі ол еңбек жайында емес, поэзияның өзіңіз үшін орыны жайында сұрасам деймін. Мұны арнайы айтып отырғаным «Абай және кваттық секіріс» атты бір жазбаңда «Өлең – сөздің патшасы…» –  деп жазды Абай. Біз мұны көбіне поэзияның сөз алдындағы үстемдігі деп білеміз. Бір қарағанда, өзі сөзден құралса, өлең қалай сөзге патша болады? Иә, студент кезімде осыған тереңірек үңілгендей болған бір филологтың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» емес, «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» болу керек деген баяндамасын тыңдағам. …Ал поэтикалық күй – одан да терең: ол сана мен бейсананың түбінде, лексикадан тәуелсіз өмір сүреді. Бұл – поэзияның өзі. Мұны кез келген адам сезіне алады. Бірақ бұл күйді өлеңге айналдыратын сөздерді іріктей алу – тек ақынға берілген өнер» дейсіз. Осы жердегі «ақынға берілген өнер» түсінігін тереңірек қаузап айтып берсеңіз?

-Ақпараттың дамыған заманында, әсіресе материалдық емес құндылықтар жөнінде сөз қозғағанда барынша дәйекті, негіздемесі бар жауап бергім келеді. Сол ұстанымыма сай, сізге атақты дәрігер, нейробиолог Родольфо Льинастың шығармашылық құбылыс жөнінде айтқан тұжырымдамасын мысал етсем деймін.  Оның пайымдауынша, шығармашылық дейтін құбылыстың негізінде жатқан нейрондық үдерістердің рационалдылыққа еш қатысы жоқ. Яғни, мидың шығармашылық әлеуетті қалай тудыратынына назар аударсақ, бұл мүлде рационалды процесс еместігін көреміз; шығармашылық ойланудан емес, түйсік пен ішкі серпіннен туады. Басқаша айтқанда трансценденталды (яғни, «санадан тыс», «шектен асқан», «материалдан жоғары») күй ғой. Енді  «ақынға берілген өнер» түсінігін тарқату үшін, Моцарт сынды генийлердің ерекшелігі болған «абсолютті слух» дейтін музыкалық қабілетті сөз еткім келеді. Мәселен, Оксфорд университетінің профессоры Фредерик Оузли деген  музыкант 5 жасында «Әкем соль минорда сіңбіреді» деген екен. Ол найзағай  «соль», жел «ре»,  ал даңғылы бар сағат «си минорда» дыбыстайтынын айтқан. Және мұны зерттей келе ғалымдар музыканттың дәл айтқанына куә болған.  Сол сияқты, дыбыс маманы Сотольвата музыкалық қабілетімен ғана plusia gamma дейтін көбелектің секундына 46 рет қанат қағатынын дәл айтқан. 

Осы сынды мысалдар қаншама. Бұл дегеніміз – ерекше дарын, құдірет, құдды инфрақызыл жарықты көзбен көретіндей таңғажайып қасиет сынды көрінгенмен, ол осы қабілетке ие адамдар үшін жай ғана қалыпты жағдай.  Демек, поэтикалық таным да сондай. Ол ұшқан құстың қанат қағысынан да, тұрмыстық күйбеңнен де өлең көре алатын, оған лайықты сөз тізбегін таңдай алатын қасиет. Тәңірдің жаратып қойған тылсым әлемінен алған әсерді сипаттауға сөз табу, әсіресе, формасына дәл түсу, ой мен өлең ырғағын, ритмін интуитивті дәлдікпен тауып, төгілген өлеңді «құйып алу» да математикалық дәлдік демей, мөлдір өнер демей не?! Өзіңіз де ақынсыз ғой, аға, верлибр емес өлең жазатын ақын үшін мұндай дәлдіктің жанға сыйлайтын ләззаты қандай екенін білесіз ғой. (Әсте верлибрға қарсылығым бар деген сөз емес.)

-Әнді дауыстан гөрі парасат пен пайым айтады дегеніміз дұрыс шығар. Осы жерде Фридрих Ницшенің «Қанмен жаз, сол кезде қанның рух екенін түсінесің» сөзін сәл өзгертіп «Әнді адамгершілікпен айт, сол кезде әннің парасат екенін түсінесің» деп айтқан болар едік. Адам мінсіз емес қой. Әсіресе атағы алысқа тараған адамға суьбективті пікіріңді білдірудің өзі машақатқа пар. Нені ишаралап отырғанымды өзің де түсінген боларсың деп үміттенемін. Мұны тіліме тиек еткенім ілгеріде Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әніне қатысты тамаша талдауыңды оқығаным бар. Соңғы кездері музыкаға байланысты осындай ойларың қызық. Бұл тақырыпқа қызығып, қалам тартуыңның басты себебін түсіндіре кетсең? 

-Әрине, нені меңзеп отырғаныңызды түсініп отырмын. Жалпы, әуелден музыкаға қатысты қалам тербеуімнің бастауы нейробиология саласы екенін атап өткім келеді. Поэтикалық шебер Пастернактың «Во всем мне хочется дойти До самой сути» дегеніндей қаламгерлігіме қатысты айтылатын кейбір сынға жауап іздеп көргім келді. Менің өлеңдерімді замандастарым я кейбір алдыңғы буын өкілдері күрделі әлде идеяға жазылған, мимен жазылған, ал жүрекпен жазылған өлең басқа болады, мейлі кейде әлсіз болса да,  жүрек сезіледі деп сынағанын бірнеше рет естідім. 

Сөйтіп, іштей ойландым, осы маған өлең қалай келеді деп. Сөйтсем, маған ол ырғақпен келеді екен. Демек, бұл – идеяға жазу дегенді жоққа шығарады. Идеяның басымдылығын ассоциативті ойлау нәтижесі деп қарастырған жөн деп шештім.  Өлеңнің маған ырғақпен келуін іздене келе нейробиологиялық, оның ішінде музыкалық галлюцинация сипаттарына ұқсаттым. 

Мынандай қызық дерек бар. Ол 1983 жылы The New York Times газетінде жарияланған. Дональд Хенеган деген автордың жазуынша, Ленинград қоршауы кезінде Шостакович басынан жараланған. Композитордың басына неміс шрапнелінің жарықшағы тиген, ал бірнеше жыл өткен соң, рентген тексерісі кезінде оның миының есту қыртысы маңынан металл сынығы табылған. Содан кейін ең қызығы, ол басын иығына жақындатқан сәттерінде түрлі әуендер еститін болған. Бас миының ауыр жарақатын, нейрохирургиялық операциядан өткен адам ретінде бір кездері осыған ұқсас құбылыстарды өзім де өткергенімді байқадым. Тіпті Тәттімбет атындағы өнер колледжінің концертмейстері Евтухова Яна есімді өнер жанашырымен бірге сағаттап отырып, миымдағы музыкаларды нотаға түсірген кездеріміз болған. Және бұл құбылысты қазақылыққа салынып, тартыншақтап, әрі қарай жетілдірмедім, соған ғылыми тұрғыда қарап, зерттеп жүргенім де осы ғана. Біздің менталитетте зерттеу, қызықтау деген ерігудің синонимі болып кеткендей көрінеді маған. Бала кезімде дәстүрлі әнші боламын деп ойлағанмын. Операциядан кейін  миымда өзім дөп түскен ноталарды өмірде қате дыбыстай бастадым. Бұл үлкен күйзеліске әкелді. Нейробиолгияда ми зақымданған бөлігін өзі басқа дүниемен алмастырып, компенсация жасайды екен. Бәлкім, сол – поэтикалық таным шығар, әлде өлең формасын ырғақпен ұстай алуым шығар.  Бұның бәрін айтып отырған себебім, сіз екеуміз сөз етіп отырған, әйгілі адамның аты асқақтап тұрғанда сын айту машақатына тікелей қатысты. Ол пайымдар – өзге ізденіс пен өзге мақсатта жазылған ауқымды ойтолғамның бір тармағы ғана екенін айтқым келеді.  Өзіме назар аударту я біреуге күйе жағуды мақсат тұтпақ түгілі өз арпалысым, өз ізденісім бір басыма жетіп артылады, және жылт еткен дүниеге марқаятын жандардың қатарынан емеспін. 

Өз кезегімде, мұндай сипаттағы сын-пікірді әлеуметтік желіден жариялау үшін де бір қайсарлық керек екен.  Қайсарлығым жоқ емес, жариялағаныма қарағанда. Бірақ,  аса сезімтал екенімді байқадым. Ендігі де тек ғылыми журналдар мен конференцияларға ұсынған абзал деп шештім. 

Нейробиологиялық зерттеулер туралы ауқымды ізденісімнің бір тармағы болған бұл тақырыптың сыры осы. Жалпы мидың әнді қабылдауы тұрғысынан қарағанда әуеннің өзі тілдің сипатына сай силлабикалық және мелизматикалық болып бөлінеді екен. Сәйкесінше мидың әр түрлі қыртыстары,  когнитивтік немесе рефлекстік бөліктерінің белсендірілуімен түсіндіріледі. Тереңнен қаузай берсек, ғылыми мақаламның ішіне түсіп кетеміз. Дейтұрғанмен, академик Б. Г. Ерзаковичтің зерттеулерінен мысал келтіріп, менің мақаламның ұлтқа жанашырлық сипата жазылғанын  айта кеткім келеді.  Ол қазақ халық әндеріндегі интонациялық тұтастық, поэтикалық мәтінмен үйлескен құрылым екенін, хроматизмге шектеулі қатынас – мәдени кодтың өзегін айқындайтын феномен екенін жазған. Сондай-ақ А. В. Затаевичтің мына пікірін келтіреді: «Хроматизм казахскому народному песенному мелосу чужд…», Бұл пікір қазақ музыкасының әуендік табиғаты европалық (әсіресе романтикалық) хроматизмге сүйенбейтінін дәлелдейді. Lomax силлабикалық құрылымы басым тілдерде (мысалы, жапон, түрік, қазақ) әннің сөздік компонентіне тәуелділігі жоғары екенін, ал мелизматикалық тілдерде (мысалы, араб, афроамерикалық стильдер) дыбыс динамикасы алдыңғы орында болатынын атап өтеді. Қазақ әніндегі вокалдық интерпретация - бұл тек техникалық орындаушылық емес, ұлттық кодтың көрінісі. Сондықтан қазіргі эстрадада байқалатын мелизм мен хроматизмнің көптеп қолданылуы ұлттық поэтикалық интонацияға, ұлттық кодқа кері әсер етуі мүмкін. Мәселен,  Tarkan – заманауи поп икон, бірақ оның барлық әнінде түрік вокал интонациясы, мелизм мен ырғақтық тұрақтылық бар. Оларбатыс формасын алғанмен, мағына мен дыбыста – түрік болып қалады. 

Мен атап отырған проблема ескерілмеген жағдайда ұлттық музыка жаһандық трендке бейімделіп, өзіндік бояуынан айырылады. Жаңа ұрпақ «қазақша ән» мен «қазақылық» арасындағы айырмашылықты сезбейді.  Мәселен, қазақша  әнді кез-келген стильде: джазз, рок, соул, регги т.с.с айта беруге болады. Бірақ сөздің интонациясы мен сөздің бояуына келгенде,  вокалдық интерпретацияны тиісінше жеткізе алмағанда ұлттық код әлсірейді. Жалпы, вокалдық интерпретацияның озық үлгісі ретінде Жұбаныш Жексенұлын айтар едім. Сондай-ақ халықаралық вокалдық байқаулардың стандарттары, халықтардың мәдени идентификациясын әлсіретудің саясаты екені тұжырымдаған шетелдік ғылыми мақалаларды да көзім шалғаны бар. Тіпті балаларға арналған вокалдық байқаулардың өзі де мәтін, оның интерпретациясын әннің маңызды компоненті деп қарастырмайтынына налимын. 

Әсте бұл ұлттық бірегейлікке дағдарыс тудырады. Семантикалық емес, эффектіге бейім, жаҺанданудың ұранымен жүріп ішкі үнін өшіріп алған ұлттар қаншама?! Бұдан туындайтын ой – ұлттық кодты сақтауға вокалдық интерпретациясы шебер әншілерге деген құрмет, наградалар болса, ол ұлттық  идеология жолында салмақты шешім болар еді деп ойлаймын. Вокалдық интерпретациясы мықты дегеніміз – кітап оқитын ұлт дегендей, кітап оқитын әнші ғой. Келешекте әншілерді классификациялаудың да жаңа  кезеңіне келеміз деп ойлаймын. 

-Ендігі сұрақты балалар әлеміне қарай бұрсам деймін. Қазір балаларымыздың тілі қазақша шығуының өзі үлкен мәселеге айналды. Бұл кез-келген ақылы бар ата-ананы алаңдатады деп ойлаймын. Маған оқуға ұсынған соңғы ғылыми жобаңда осы тақырыпқа талаптанып жүргеніңді байқадым. Енді осы жайында кеңінен тоқтала кетсең?

-Әр нәрсені өз атымен атап барды бар, жоқты жоқ деу керек-ақ. Менің екі кішкентайым бар. Кенжем екі жастан асты. Негізгі заттарды орыс тілінде атайтынын жасырмаймын.  Ал тұңғышым  он жаста. Осы екі аралықта қазақ балалар контенті жасалмады емес, жасалды.  Бірақ, орыстілді контенттерге төтеп бере алмады. Әлбетте, сан туралы сөз қозғау орынсыз болар. Сапасы тұрғысынан салмақтауға негіз бар. Бұған дейін жазылған әлеуметтік, лингвистикалық талдаулар мен зерттеулер проблеманың негізгі себебін гаджеттермен тікелей байланыстырумен тоқтаған.  

Осыған орай, ауқымды зерттеуімнің тағы бір тармағына тоқталамыз. Ми қыртысының әртүрлі аймақтары зат есімдер мен сын есімдерді өңдеуде бөлек белсендіріледі деген деректер нейропсихолингвистикалық зерттеулерде дәлелденген. Қазақ тіліндегі кейбір балаларға арналған медиаконтентте нақты зат атауларынан гөрі дерексіз ұғымдар көбірек қолданылады.

Мәселен,  «Балапан» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Сәби» мультфильміндегі мәтінде:
«Арай төгіп күліп таңына,
От береді үміт бағына.
Кіп кішкентай сәби жүректің
Көз тоймайды қылықтарына.
Уақыттың гүлі,
Бақыттың нұры,
Уақыттың гүлі бәрі бәрі бәрі сәбиде» деген өлең жолдары бар. 

Берілген саундтрек мәтінінің лексикалық құрылымына жасалған талдау оның негізінен дерексіз зат есімдерге (үміт, уақыт, бақ, бақыт, нұр) сүйенетінін көрсетеді. Нақты күнделікті зат атаулары (доп, қасық, үй, ойыншық) кездеспейді, ал қимылды білдіретін етістіктер тек күліпбереді сияқты шектеулі үлгіде көрінеді. Мұндай ерекшелік танымдық тұрғыда маңызды кемшілікке әкеледі, себебі алты жасқа дейінгі балалардың сөздік қоры ең алдымен нақты зат атаулары мен әрекеттерді меңгеруге негізделетіні белгілі.

Осыған байланысты зат есімдердің ерте игерілуі тіл дамуының табиғи заңдылығы болып саналады. Бұл механизмдер медиалық факторлармен де тікелей байланысты. Орыстілді балаларға арналған өнімдерде noun-dense сценарийлер кеңінен қолданылады: әрбір зат экранда көрсетіліп, оның атауы бірнеше рет қайталанады. Римдегі Sapienza университетінде  жүргізілген «Ана мен бала тіліндегі зат есім мен етістіктің жасалуы: Сабақтастық, тұрақтылық және өмірдің екінші жылындағы болжам» атты зерттеуде «Егер бала тілдік тәжірибесінде зат есімдер орнына сын есімдерді жиірек қабылдаса, онда ми қыртысындағы объектілік желілердің жеткілікті белсенбеуі байқалып, бұл сөйлеудің басталу қарқынын кешеуілдетіп, тіл дамуының жалпы динамикасына теріс ықпал етуі мүмкін» деп жазылған.

-Енді сол ғылыми жобаңнан бірнеше сауалды өзіңе қойып көрейін... «...Қазақ тілінің морфологиялық жүйесі икемді болғанымен, қазіргі балаларға арналған медиаконтентте зат есімдердің негізгі қоры жүйелі түрде ұсынылмайды. Баланың күнделікті өмірінде жиі кездесетін үй, асүй, ойыншық немесе киім атаулары қазақтілді материалдарда жеткілікті қайталанбайды. Сол себепті қазақтілді балалардың алғашқы белсенді сөздік қоры көбіне орысша зат есімдерден құралады. Қазақ тілінде керісінше сын есімдер мен белгілер (қызыл, көк, үлкен) жиі айтылып, нақты зат атаулары кейінге шегеріледі...» дейсің. Мен бұл ойыңды түгелдей дерлік түсініп отырмын. Енді осы ойларыңды оқырманға барынша байыпты етіп айтып берсеңіз?

-Көшпелі өмір салты заттың атын емес, түсін атап түсіндіруді орнықтырды.  Қазақ мәдениетінде «жылқы» деп жалпы атаудан гөрі оның нақты түрін ажырату маңыздырақ болған.  Қазақ тілінде заттың нақты атауын атамай, оның түсіне немесе белгісіне сүйеніп айту дәстүрі («қызылды әперші», «қараны ки») көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Бұл құбылысты жылқы мәдениеті айқын көрсетеді. Мәселен, егер Еуропада жылқы түсінің шамамен 60, Ресейде 40 атауы болса, қазақ халқы жылқының түсін 300-ге жуық ерекше атаумен жіктеген (Ахмет Тоқтабай, Қазақ жылқысының тарихы). Мұндай бай түс атаулары (жирен, боз, қарагер және тағы басқа) жылқыны тек түсіне қарай ажыратуға мүмкіндік берген. Қазақ халқы өзге халықтардағыдай атқа жеке лақап ат қоймаған, керісінше оның сыртқы белгілерін (әсіресе түсін) негізгі сипаттаушы ретінде қолданған. Осы мәдени тәжірибе тілдік сананың дағдысына айналып, заттың атын емес, түсін немесе белгісін айту әдетін орнықтырған.

-Заттың жекелей атауын емес, түсін түстеудің көшпелі өмір салтынан қалған әдет екенін айтасың. «...Осы мәдени тәжірибе тілдік сананың дағдысына айналып, заттың атын емес, түсін немесе белгісін айту әдетін орнықтырған. ...Қазақтілді медиаконтентте, керісінше, зат атаулары жүйелі түрде ұсынылмайды. Әдетте ән айту, әңгімелеу, немесе жалпылама баяндау басым болады да, зат есімдер абстрактілі ортада «жоғалып кетеді». Нәтижесінде бала қазақша «шелек» сөзін емес, оның түсін білдіретін «қызыл» сияқты сипаттамаларды көбірек естиді. Бұл когнитивтік даму мен сөздік қордың құрылымын өзгертіп, тілдің негізгі категорияларын кейінгі орынға ығыстырады» дейсің. 

-Бұл зерттеу қазақтілді балалардың тілінің орысша шығуын «гаджеттен» көруден гөрі, зат есімдерді ұсыну дизайнына байланысты екенін алғаш рет көрсетеді. Сөйлеу тәжірибесінде заттың атауын оның белгісімен (түсі, пішіні, қасиеті) жүйелі түрде алмастыру әдетке айналғанда, бұл келесі салдарға әкеледі: сөздік қордың жұтаңдауы: зат атаулары қолданыстан шығып, олардың орнын көзге бірден түсетін сын есімдер басады;  Нейробиологиялық тұрғыдан, ерте жаста нақты зат атауларының орнына дерексіз есімдер мен сын есімдердің басым ұсынылуы мидың заттық репрезентацияны құру үдерісін кешеуілдетіп, сөйлеудің басталу қарқынын баяулатуы мүмкін; бұл құбылыс кей жағдайларда ЗПРР (тілдік дамудың кешеуілдеуі) белгілерін күшейтетін фактор ретінде қарастырылуда. Осындай зерттеуімнің барысында келесідей ұсыныстарды алға тартамын: 

-Қазақша ядролық зат есімдер корпусы жасалып, мультфильмдерге, қосымшаларға, оқулықтарға енгізілуі тиіс.

-Контент өндірушілерге «ата-көрсет-қайтала» моделін міндетті сценарий стандарты ретінде енгізу қажет.

-Мемлекеттік тапсырыс арқылы шығатын ерте жасқа арналған мультсериалдар зат атаулары негізінде жасалуы керек.

-Соңғы сауалым тағы да балалар танымына қатысты. Айтпағым, «Сандықтағы жәндіктер» атты ертегің туралы. Еңбектің баланың тілін ұстартып, артикуляциялық аппаратын дамытатын ерекше әдістемелік құрал екендігі сөзсіз. Дәл осы еңбегіңді  әйгілі балалар жазушысы Агния Бартоның стилінде жазуыңның себебі не?

-Бізде балалар әдебиетін шебер жазған ақын-жазушыларымыз аз емес. Бірақ маған түсініксіз бір себептермен балаларға арналған оқулықтар, әсіресе бастауыш сыныбында ұсынылатын тезис мәтіндер, өлеңдер болсын, тіл сындыратын, күрделі, «рухани» Һәм «патриоттық». Меніңше, балабақшадан кеше келген,  немесе тіпті балабақшаға да бармаған балалар мектепке келгенде бірден «Томиристі», «Алаш алыптарын» я өзге де «ұлы» тақырыптардан бастағаннан гөрі, қызылды-жасылды көзбен көріп, қолмен ұстайтын қарапайым заттар туралы оқып, жазуы керек. Балаларға арналған кез-келген зат туралы, мәселен қасық, шанышқы, орындық, аспашам, көрпе, тарақ т.с.с заттарды яндекс музыкаға әлде гуглге енгізе қойсаңыз орысша тақпақтар шыға келеді. Ал қазақ тілінде тіпті құлыншақ туралы тақпақ кем де кем. Орыс тілінде торай секіріп, жуынып, тісін ысып, жайлы төсегіне маужырап ұйықтап, аспандағы жұлдыздарға тамсанып, ойнаған ойыншықтарына қайырлы түн тілеп, ертеңгі күнін ойлап, ауа райын болжап жатады. Ал біздің балалар әдебиетінде осы сынды тізбек жоқ. Балаларды ұйықтатуға арналған әндердің өзі тек эстрадалық концептуалды емес әндер ғана. Арнайы жобалар жоқтың қасы. Егер қандай да бір жоба болған болса, сөзді маманына емес, композиторларымыз өздері жаза салатын бір салғырт та кәсіби емес әдет бар. Бұл да біздегі тіл мен мәдениет ахуалының бірден-бір көрсеткіші деп білемін. Мұндай мемлекеттік, ұлттық маңызы бар жоба жұмыла жүзеге асуы керек. Әр істі өз маманы жасап, мамандар, продюссерлер жеке мүддеден өсіп, ұлттық мүддені ойлайтын дәрежеде болғанда ғана біртұтас, сапалы өнім шығады деп ойлаймын. Агния Барто, Корней Чуковскийдің өлеңдері күні бүгінге дейін орыс тіліне қызмет етіп тұр. Сапалы ұрпақ тәрбиелейтін салмағы бар өлеңді  оңай «жаза салу» еш  мүмкін емес.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan