Биыл ақын Серік Томановтың 70 жылдық мерейтойы. Осы бір мерейлі күннің алдында Серік аға туралы, ол кісінің біз білмейтін қырлары жайында ақынның жары Бибігүл Оразбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Бибігүл әпке, сұхбатымыздың басын Серік ағамен алғаш танысқан, ол кісіні жолықтырған сәтіңізден бастасақ... Ол кезде Серік аға қандай еді, сіз қандай сезімде болдыңыз?
– 1978 жылы арман қуып, Жамбыл педагогикалық институтына құжат тапсырдым. Алайда конкурсынан өте алмадым. Өзім секілді бірнеше қызбен бірге Жамбыл жүнді алғашқы өңдеу фабрикасына жұмысқа орналастық. Кадр бөлімінен шығып келе жатқанымда дәлізден қарсы алдымнан екі жігіт шықты. Солардың бірі қасымнан өтіп бара жатып «Қарындас, танысайық» деді. Мен жатырқай қарадым да, жауап қатпастан жылдам басып кете бардым. Сыртта мені күтіп тұрған қыздарға қосылдым. Олар да мен секілді түнгі ауысымға түсетін болыпты. Әлі ұзай қоймағанымызда әлгі екі жігіт артымыздан қуып жетіп, танысуға қайта өтініш білдірді. Байқауымша, қасымдағы қыздармен танысып үлгерген сияқты. Тезірек құтылу үшін атымды Роза деп өтірік айтып, кетіп қалдым. Кешке жұмысқа келіп, журналға қол қойып жатқанымда біреу «Бибігүл!» деп дауыстады. Басымды көтеріп қарасам Серік екен. Біз осылай танысқанбыз.
Дегенмен, «оңтүстіктің жігіттері алып қашады» деген сөз көңіліме үрей салып, Серікке көпке дейін жақындай алмадым. Киноға шақырса да бармай, қасымдағы қыздарды жіберіп, өзім үйде қалатынмын.
Бір жылдай жұмыс істеген соң Арқалыққа барып, Арқалық педагогикалық институтына оқуға түстім. Бірақ бәрібір Секең де қарап қалмады. Шегесін ілестірген Төлегендей, қасына Мыңжан деген әнші досын ертіп, Арқалыққа келді. Сол жолы екеуміз сөз байласып, менің келісіміммен алып қашуға уағдаластық. Алайда әкем батасын бергенімен, үлкен ағам рұқсат етпеді.
Серікпен алғаш танысқанда он сегіз жаста едім. Арада төрт жыл өтіп, жиырма екіге толғанда тұрмысқа шықтым. Сол жылдар ішінде арамызда сағынышқа толы хаттар үзілген емес. Біздің сезіміміз, махаббатымыз осылай басталды. Достарымыз бізді Қыз Жібек пен Төлегенге теңейтін.
– Көпшілік Серік Томановты ақын ретінде ғана біледі ғой. Ал ол кісі отбасында жар, әке ретінде қандай адам болды? Болмысында жұрт біле бермейтін ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз...
– Секең отбасында балаларына әрдайым мейірімді әке болды. Ол балаларына уақыт табуды ешқашан ұмытқан емес. Үй ішінде әдебиет, ғалам, астрономия, жаңа шыққан кітаптар мен әндер туралы әңгіме қозғап отыратын.
Өзі де жас ақындар мен сазгерлердің шығармаларын ықыласпен тыңдайтын, жаңалыққа ашық еді. Марал мен Еркін кішкентай кезінен-ақ оның тәрбиесін сөзбен де, іспен де көріп өсті. Қолдарына қалам мен қағаз беріп, өлең жаздырған күндері әлі есте. «Кітапты көп оқыңдар» дегенді жиі айтылатын. Сол әдет, сол үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді.
– Серік аға өлең жазғанда қандай күйде болатын еді? Тыныштықты, жалғыздықты қалайтын ба еді?
– Секең өлең жазарда күй таңдамайтын. Соған қарамастан, Секең өлең жазуға отырғанда үйде әрдайым бір тыныштық орнайтын. Бір ерекшелігі өлең жазарда қолын жуып, үстелдің беті тап-таза болса да, бірнеше мәрте үрлеп барып, қағаз бен қаламын қолына алатын әдеті бар еді. Көбіне түнде жазатын. Кейде мені қуана оятып алып «Бибка, шай қойшы, керемет өлең жаздым, тыңдашы», дейтін. «Сенің барлық өлеңің керемет қой», деп күлуші едім.
Кей сәттерде үйге асығыс кіріп келіп, қалам мен қағаз сұрайтын. Жол үстінде қалтасындағы бір жапырақ қағазға, ол да болмай қалса, сіріңкенің сыртына түсіріп алған өлең жолдарын үйге келіп толықтыратын. Апта сайын «Қазақ әдебиеті» газетін қалдырмай оқиды. Кейде Еркін мектептен қайтарда ала келетін. Сосын сол газет үйдегі әдеби әңгімелердің, ой бөлісудің өзегіне айналатын.
– Сізге, балаларына арнап жазған өлеңдердің шығу тарихы туралы айтып беріңізші.
– Секеңе бізге арнап өлең жаз деп ешқашан қолқа салған емеспін. Ол өзі «менің музам сенсің, Бибка», дейтін. Сосын «бар болмысыммен қабылдап, тұрмыстағы қиындыққа мойымадың. Жеке қалсам ұрысып, елдің алдында мерейімді үстем етіп отырасың», деп менің де мерейімді өсіріп отыратын. Мүмкін, сол сөздеріне, сол құрметіне іштей риза болған шығармын. Маралға арнаған өлеңі бар. Мектепті жақсы оқыған, зерек қызына деген әкелік разылықтың белгісі болса керек. Ал Еркін атасы мен апасының баласы болды. Бізді аса мойындай қоймады. Бірақ Секең әке-шешесінің немересіне деген мейіріміне ешқашан сызат түсірген емес. Әркімнің өз орны, өз үлесі бар екенін ол жақсы түсінетін.
– Өз өлеңдеріне қандай талап қойды? Жақтырмай жыртып тастаған, өртеп жіберген өлеңдері болды ма?
– Секең өз өлеңдеріне өте қатал еді. Жазып отырып, кейбірін қайта-қайта оқып, соңында жыртып тастайтын. Тіпті өртеп жібергендері де болды.
Ондайда мен өлеңге «араша» түсіп, қимай қалсам, ол: «Мұндай өлең жазсам, айына бір кітап шығарар едім. Ал мен үшін бір өлең болса да – нағыз өлең болсын», дейтін. Сол сөзден-ақ оның поэзияға деген тазалығы, өзіне деген аяусыз талабы байқауға болады деп ойлаймын. Өлеңді көбейту емес, өлеңнің салмағын арттыру Секеңнің ұстанымы басты еді.
– Ақын болу мамандық емес. Ақындық тағдырдан. Ал талантты адамның жары болу туралы не айтар едіңіз?
– Талай талантты ақындардың жарларын білемін. Әрқайсысының тағдыры бөлек болғанымен, ұқсас тұстары да бар. Секеңе кейде ішкі арманымды, өз ойымды айтып қалсам, ол қалжыңдап, «Менің ертегіме елітіп, соңымнан еріп кеткеніңді білмей қалдың ба?» деп қалжыңдайтын. Ал шын мәнінде олай емес еді. Сезім болмаса ертегі әсер етпейді ғой. Бізде сол сезім, махаббат болды.
– Серік ағаның айтылып үлгермеген ойлары, аяқталмай қалған арманы туралы айта аласыз ба? Нені жиі армандаушы едіңіздер?
– Әрине, «армансыз адам — қанатсыз құспен тең» ғой. Секең де арманы асқақ, ойы биік адам еді. Дін туралы өз ойлары, өмірге, адамдыққа қатысты ішкі тұжырымдары болатын. Ол бұл тақырыпта да үстірт сөйлеген емес, көп толғанатын. Елу жасқа толған мерейтойымды өзім өткіземін деп жиі айтатын. Оны да даңғаза үшін емес, мәні бар, деңгейі биік кездесу ретінде елестететін. Өлеңдерін жинақтап, кітап шығарсам деген арманы да бар еді. Сол кітаптан түскен қаржыға ауылдағы әр отбасына бір қап ұн таратсам дейтін. «Керемет кәсіпкер болмасам да, қолымнан келгенше ауылға көмектессем болды» деуші еді.
– Тәңір тағала өмір бергенде Серік ақын биыл 70 жасқа толар еді. Осы мерейтойға өңірде қандай да бір дайындықтар болып жатыр ма?
– Секең кеткеніне де жиырма үш жыл болыпты. Уақыт зулап өтіп жатыр. Биыл, Құдай өмір берсе, жетпіс жасқа келер еді. Осы мерейтойын кең көлемде атап өткіміз келеді. Әрине, жолында өз қиындығы да жоқ емес. ҚР Жазушылар одағының мүшесі болмағаны кей тұста көлденең шығады. Бірақ соған қарамастан, облыс пен аудан деңгейінде игі бастамалар қолға алынып отыр. Бұл – елдің, жұрттың жүрегінде Секеңнің орны бар екенін көрсетсе керек. Туған жерінде еске алу кеші мен Серік оқулары өтеді деп жоспарлануда. Облыс орталығында да ақын шығармашылығына арналған Серік оқулары, сөзіне жазылған әндерден құралған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылады.
