Қысқы кеш шумақтары
Бұрқасын соқса буырқанып қаңтар, ақпанда,
Бұла жыр өріп, ұйқысыз жетем ақ таңға.
Бал дәурен кездер, жарқылдап өткен кешегі,
Батпастай жұлдыз көгіме менің жаққан ба?
Барқыт бел жатыр, жамылып аппақ көрпесін,
Бозала таңда, боз қырау құрсап жер төсін.
Болмысым қалап тұрса егер бұл бір сәттерді,
Бұйдасын тартып, жылжытар сәтқой жыр көшін.
Болдырмай шапқын, болат тұяқты тұлпардай,
Бабалар салған бұралаң жолдан бұлтармай.
Бұлттарды бұзып, бұлдырап көктен саулаған,
Биіктен ілгін несібеңді батыл сұңқардай.
Боркемік болмай, ұрпағың ізді жалғасын,
Батылдық басым, мінезі бейне қорғасын.
Басыңа берген тәңірдің сыйы бал жырлар,
Баршаға жетіп, батадай орта шарласын.
Жылжиды жылдар, жырақтап бізден алысқа,
Жат болып туыс, айналар бөгде танысқа.
Жабырқап жүрсең жаныңа азық болатын,
Жылуын сыйлар, жыр көштен бірақ қалыспа.
Боз жорға сынды тайпалып сірә жүргесін,
Бозала таң ед. Мен үшін қазір күн бесін.
Боран мен бұрқақ, аяз бен суық, шабыт бер,
Болдырмай жетсін мәреге менің жыр көшім!
Тәуелсіздік күніне
Көк түріктің ұрпағы,
Көк туың бүгін желбіреп.
Көппенен астың қырқаны,
Күн сүйіп көктен елжіреп.
Күй ойнап шалқар даламда,
Күткен күн жылдар қазағым
Қастерлеп сені ғаламға,
Көл-көсір жырлар жазамын.
Көмбелер алда бәйгенің.
Көш бастаған жас ұрпақ.
Көшіне әлем сай дедім.
Қылаңда өрге, шын шырқап.
Қаншама қаның төгілді,
Қарасам жолың ақтаңдақ.
Көбесі мұздақ сөгілді,
Хас ерлер шығып «Аттандап!»
Құрсауын бұзған көк мұздың,
Қылшылдаған жастарым.
Құз басына із сапты,
Бәйгеге тігіп бастарын.
Күн күліп әр кез алдыңнан,
Көк аспан болсын мәнгі ашық.
Қырандар бүгін талпынған,
Қалықтап ұшссын шыңды асып.
Толқыған мөлдір Қаракөл
Алтайдың салқын төсінде,
Қаракөл атты жайлау бар.
Келемін сақтап есімде,
Құзар шың көкшіл қойнаулар.
Мүлгіген асқақ қарлы шың,
Ақ бұлттардың мекені.
Таппайсың мұндай төрді шын,
Тудырған ұлдар жетелі.
Көкдара анау көсілген,
Көзіңе оттай басылған,
Көк қайнар ағып төсінен,
Төскейден құлдап жосылған.
Самала өпкен салқын төс,
Ақ шаңқан үйлер қондырған.
Есімнен кетпес толқын кеш,
Жүректің отын жандырған.
Толқыған мөлдір Қаракөл,
Көкейге қондың ән болып.
Есімде менің дара көл,
Сыйлаған бақыт тең бөліп.
Жаңаарқа толғауы
Сарыарқаның жүрегі,
Ұлылар туған Жаңаарқа.
Ақ орданың тірегі,
Тектілік тұнған Жаңарқа.
Арқаның нағыз кіндігі,
Дәстүрге берік Жаңаарқа,
Ұлы дала түндігі,
Рухқа серік Жаңаарқа.
Әнмен күйдің ордасы,
Дүлділдер туған Жаңаарқа,
Ортаймаған олжасы,
Түрені тыңнан Жаңаарқа.
Саңылақтардың мекені,
Сал серілер түлеткен.
Тудырған ұлдар жетелі,
Елімен жерін жыр еткен.
Даласын кезсең далиған,
Дархандық қонар бойыңа.
Жамылған шапан шағидан,
Абыздар түсер ойыма.
Әріңен ешбір таймағын,
Жарқырап тұрған Жаңаарқа.
Қазына тұнған қойнауың,
Арайлап атар таң алда.
Өлең – өмір
Өлең өрдім ақ қыстың аяздында,
Моншақ жыр боп бүгінім, баяғым да.
Қиялардан қысылтпай алып шығар,
Болғандайсың сиқырлы таяғым да.
Көктемеде көсілттсем жыр арғымақ,
Үн қосатын жағадан сан бал құрақ.
Қоңыр кеште қолыма қалам алсам,
Аспанынымнан сыр айтқан ай салбырап.
Талай жазым өтіпті назыменен,
Жаза алдым ба білмеймін нағыз өлең.
Жастық шақтың жайқалған гүл бағында,
Әуен қапты шалқыған сазы терең.
Қоңыр күзбен шабытым шарықтады,
Жабықпады күз -көңіл, торықпады.
Жел айдаған ауада жапырақ пен,
Сыр шумақтар жадымда қалықтады.
Өмірімді тербетіп өлең керім,
Қалам алсам қолыма тереңдедім.
Поэзия әлемі тартқан сайын,
Қанат жайып кеткендей өрем менің.
Алыстап сен кетпеші өлең менен,
Айнадай тағдырымды көрем сенен.
Көмейімде үйіріліп жыр тұрғанда,
Жерім жоқтын ешқашан төмендеген.
Күзгі элегия
Тамылжып тамыз тұр еді,
Бақ іші сыңсып ән салып.
Әр кешім сұлу жыр еді,
Айналам тыңдар тамсанып.
Паш етіп мезгіл шындығын,
Күзгі жел ызыл ән салды.
Көңілдің желпіп түндігін,
Қыркүйек міне қарсы алды.
Саксофон үні құлақта,
Көңілсіз мынау күзгі бақ.
Гүл көктем бізден жырақта,
Оралмас сол бір ізгі шақ.
Шуағын шашып төбемнен,
Жадырап шығар күн қайда?,
Алыспын жастық сенен мен,
Келмейсің енді ыңғайға.
Сары жонда қалған балалық,
Сарқылмас бүгін сағыныш.
Көңілді кетті ала ғып,
Сананы түртіп сағым күш.
Қоштасып тағы күз кетер,
Қыс өтер, келер көктемім.
Көңілде қалған мұзды ерітер,
Құлпырған шақта көк белім.
