Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Серік Тұрғынбекұлы. Өлең – дертімнің дауасы болды...

Серік Тұрғынбекұлы. Өлең – дертімнің дауасы болды

01.03.2026

46

Серік Тұрғынбекұлы.  Өлең – дертімнің дауасы болды - adebiportal.kz

Бүгін қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы 80 жасқа толды. Ақынды мерейтойымен құттықтап, аз-кем әңгімелескен едік.

– Ассалаумағалекум, Серік аға! Биылғы мерейлі жасыңыз құтты болсын! Бүгін сізді туған күніңізбен «Әдебиет порталының» атынан арнайы құттықтап келдік. 

– Әлекімассалам, айналайын! Көп жасаңдар!  

– Пақуатты отырсыз ба? 

– Шүкір, қазір біраз тәуір болып қалдым. 

– Бүгін арнайы келгеннен кейін сізбен сұхбат құрсақ деп едік. Бізге замандастарыңыз туралы айтып берсеңіз. Алматыға алғаш келгеніңізде кімдер қарсы алды? Ол кездегі Алматының әдеби ортасы қандай еді? Алғаш араласқан ортаңызда кімдер болды?

– Ол кез бір дәурен еді ғой. Алматыға Кеңшілік досым менен екі жыл бұрын жеткен еді. Өздерің білесіңдер, Кеңшілік екеуміз бір ауылда тұрып, бір мектепте оқып тай-құлындай тебісіп қатар өстік. Сол Кеңшілік ауылда жүрген маған Алматыдан хат жазады. Алматының керемет екенін, ол жердегі атақты ақындармен бірге жүргенін айтып, мені де сол Алматыға қайта-қайта шақырады. Ол хаттардың бәрі менде сақтаулы тұр. Мен де Алматыға барайын десем ауылдағы жұмыстан босай алмай жүрмін. Бір күні қазіргі Астана, сол кездегі Целиноградта өлке ақын-жазушыларының сиезі өтетін болып, Торғай өңірінің атынан Сейіт Кенжеахметов, Таңатқан Сәтбаев үшеуміз келіп қатыстық. Алматыдан Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Әнуар Әлімжанов, Зейнолла Қабдолов секілді мықтылардың бәрі келген. Негізгі жиыннан кейін бірнеше секцияға бөліндік. Мен Ғали Ормановтың поэзия секциясына түстім. Сыншы Зейнолла Қабдолов әр секцияға кіріп, «қандай талантты жастар бар екен» деп қарап жүр. Сол жерде жастар жарысып өлең оқыдық. Ғали Орманов мен туралы: «Әй, мынау нағыз жүйрік болайын деп тұрған жігіт екен» деп өте жақсы пікір айтты. Зейнолла Қабдолов та: «Мен Серікті қайтсем де Алматыға алып кетуім керек. Бірақ бірден оқуға түсе алмайсың, алдымен сырттай бөлімде оқисың» деді.  Бірақ ол жолы Алматыға барудың сәті түспеді. 

Ауылда бірге оқыған Кәдір Жүнісов деген құрдасым бар, ол да Алматыда студент. «Серік, сен Алматыға баруың керек. Бір күні өзім билет алып, қасыңа еріп барам» деп жүретін. Сол айтқандай бір күні екеуміз Алматыға тартып кеттік. Ол жақта бізді күтіп алатын адам көп. Бәрі күтіп жүр. Екінші Алматы вокзалынан түстік. Кеңшілік бастаған бірнеше жігіттер күтіп алды. Анау да бізбен жүр, мынау да бізбен жүр деп жатыр. «Серік менімен кетеді. Мен бәрін реттеп қойғанмын» деді Кеңшілік. Сонымен Кеңшілікке ілесіп Алматының дуылдаған ортасына кіріп кеттік қой. 

– Бірден Жазушылар одағына барған шығарсыздар?

– Әрине,ол кезде бәрін сол одақтан табасың ғой. Жазушылар одағына барғанда өз үйімде жүргендей өзімді еркін сезіндім. Бірінші Тұманбай Молдағалиевті іздедім. Ол да одақтың ішінде отырады екен. Кабинетіне барып, сәлем бердім. Кеңшілік бәрін таниды, мені де «Мынау Серік деген ақын» деп таныстырды. «Ақын болса өлең оқысын» деді Тұмағаң. Өлең оқыдық. Түскі уақыт болып қалған кез еді, «түскі асты біздің үйден ішейік» деп үйіне ертіп барды. Жазушылар одағына жақын, кезінде Бейімбет Майлин тұрған үй екен. Содан кейін Тұмағаң туған ағамыздай болып кетті. Біз қазір сол Тұманбайдың ақындығын аса бағаламай жүрміз. Мұқағалидың өзі кездескен жерде «Тұмаш» деп алдын кесіп өтпей, Тұманбайдың ақындығын ерекше құрметтейтін.

Кейін басқа да ағаларыммен танысып, жақсы араласып жүрдік. Мұқағалиды күнде көреміз. Төлеген Айбергенов те бауырмал кісі еді. Кездескен кезімізде менің «Жұлдызға» шыққан бір-екі өлеңімді жатқа оқып берді.   

– Алғашқы кітабыңыз қай кезде жарық көрді? 

– Оқуға түсем дегенше де Алматыға бірнеше мәрте келіп-кетіп жүрдім ғой. Ақындардың бәрін танимын. Бір келгенімде Мұ­қаға­ли ағам жолығып: «Әй бала, сен Ал­матыға келгелi бiраз уақыт бол­­ды. Кiта­бың шықты ма?», дедi. Ол кезде кiта­­бым шық­паған, бірақ баспа­ға тап­­сырып қойғам. Баспаның бөлім бастығы Қадыр Мырзалиев кітаптың атын «Қобыз» деп қойды. «Менің алғашқы кітабымның аты «Домбыра» болған еді. Халық жақсы қабылдады. Сенің де кітабыңа жұғысты болсын, атын «Қобыз» деп қояйық» деген. Мұқағалиға осы жағдайды айтып бердім.   

Мұқағали ертеңінде Қадырға барып, менің қолжазбаны алыпты. «Серіктің кітабына мен пiкiр жазам. Одан кейін шығармай көр, Мырзалиев!» дептi. Екеуі құрдас. Бiр-бiрiмен қатты ойнайтын.

Алғашқы кiтабым осылай жарық көрдi. Қадыр ағам «Мұқағали саған жақ­сы пiкiр жазып бердi» деп құттықтап, қолымды алды. Бiрақ кiтаптың iшiндегі қобыз туралы өлеңім алынып қалды. 

«Құлаққа естiледi сенiң үнiң,

Қаңқылдап бара жатқан қаз даусындай», деген жолдар бар еді. Осыдан ескiлiктің сарыны көрініпті.

«Кітабыңнан бір-екі өлеңді алынып тастауы қалыпты жағдай. «Қобызың» бұл кітапқа енбей қалғанмен келесі кітаптарыңа шығады ғой» деген. Расында да солай болды. Одан кейінгі кітаптарға шықты ғой.

– Сол замандас, құрдасыңыз Кеңшілік Мырзабековтің де биыл сексен жылдығы ғой. Досыңыз туралы не айтар едiңiз?

– Кеңшiлiк екеумiз бiр ауылда өстiк. Бір партада отырдық. Бiр мектептi бiтiрдiк. Университетте де бiрге оқыдық. Өле-өлгенше жұбымыз жазылмады. Мен Кеңшілікпен тірісінде де таласқан жоқпын. Ол әдебиетке келгеннен өз жолын тапқан ақын. Мен оны барлық ақыннан биік қоямын. 

– Құрдастарыңыз Тынышбай Рақым әрі ақын әрі сазгер болды, Шөмішбай Сариев сазгерлермен жақсы жұмыс істеді. Сіздің де сөзіңізге жазылған біраз әндер әлі күнге дейін шырқалып жүр. Бас-аяғы қанша әнге сөз жаздыңыз?

– Оның нақтысын білмеймін. Шамамен екі жүздің үстінде болу керек. Әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтың жетпістей әніне сөз жазыппын. Олардан бөлек Кеңес Дүйсекеев, Еркеғали Рахмадиев, Сейдолла Бәйтереков, Марат Омаров, Марат Ілясов секілді бірнеше белгілі композитордың әніне сөз жаздым. Әсіресе Әсет Бейсеуов маған кез келген уақытта хабарласып, «Серік, осындай ән туды, осындай сөз керек» деп жазбасыма қоймайтын.  

–  Күнделік жазасыз ба? 

– Жоқ, күнделік жазбадым. Оған ықыласты да болған жоқпын. Кейде біреуге ренжисің, кейде біреулерді мақтайсың. Оның бәрін жазып отырғым келген жоқ. 

–  Сіз Астанаға қоныс аударғаннан кейін бірнеше поэма жаздыңыз. «Әдебиет порталына» жарияланған «Кейкі батыр» поэмаңыз жақсы оқылды. 

– Рас айтасың, Астанаға келгеннен кейін менің бір тынысым ашылды. Бұрын іште бұғып жатқан ойларым кеңістік тапқандай болды. Оның үстіне әйгілі Әбіш Кекілбаевтың өзі маған арнайы тапсырма берді. «Серік, сен бұрынғы сарынмен жүре берме. Сен кең тынысты ақынсың. Ірі тұлғалар туралы көлемді поэмалар жаз», деді. Сол сөз мен үшін бағыт, әрі жауапкершілік болды. Содан кейін қолыма қалам алып, «Кейкі батырды», «Махамбетті» жаздым. Уақыт өте келе бұл шығармалар қағаз бетінде ғана қалмай, сахна тіліне көшті. «Кейкі батыр» да, «Махамбет» те драмаға айналып, театрларда қойылды.

–  Осы драмаларыңыз туралы да сұрайын деп отыр едім. Драма жазуға не итермеледі? Әлде өлеңге, поэмаға сыймаған дүниені драматургиямен айтқыңыз келді ме?

– Мен Алматыда бірнеше жыл қатарынан Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасын басқарғанмын. Ондағы негізгі міндетім – театрларда қойылатын спектакльдерді сұрыптап, қабылдау еді. Астанаға қоныс аударғаннан кейін әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов мені шақырып алып, театрдың әдебиет бөліміне басшы етіп тағайындады. Сосын:  «Серік, алдымен Мұқағали Мақатаев туралы жаз, кейін Шәмші Қалдаяқов туралы, одан соң мен туралы жаз. Менің желтоқсан көтерілісі кезінде көрмегенім жоқ. Соның бәрін саған айтып берейін» деді. Осылайша бірнеше пьеса өмірге келді. Мұқағалиды да, Шәмшіні де көрермен жақсы қабылдады. Бүгінде олардың бірқатары Қостанай мен Жезқазған театрларының сахнасында әлі де қойылып жүр. 

– Кеңес кезеңінде ақын-жазушылар «ең бай адам» болған, көп қаламақы алған дейді. Сіздің сол уақытты ең көп алған қаламақыңыз есіңізде ме?

– Есімде жоқ. Бірақ ол кезде қаламақыны молынан беретін. Бір кітаптың ақысына бір «Волга» алуға болатын заман еді. Оның да өз себебі ғой. Ол уақытта «үкіметті мақтау керек» деген жазылмаған талап болды. Ленинді де, Сталинді де, Хрущевты да мадақтау міндет саналатын. Сол үшін үкімет ақын-жазушыларға ақшаны аямады. Сол дерт бүгінге дейін жалғасып келе жатыр ғой. Қазір де билікті мақтасаң атақ та бар, марапат та бар. Маған да сондай ұсыныстар жасалды. Бірақ мен президентті мақтап жазудан да, соның сыйлығынан да саналы түрде бас тарттым. Оған арым жібермеді.

– Осындай таза жүрегіңізбен, жалынды жырыңызбен барлық сыйлықтан биіксіз, аға! 

– Мен де солай деп ойлаймын.

– Абай «Сөз өнері дертпен тең» дейді ғой. «Поэзия жанның емі» деген де түсінік бар. Сіз үшін өлең дерт болды ма, ем болды ма?

– Мен үшін өлең – дертімнің дауасы болды. Қалам алып, өлең жазған сәтте жаным жеңілдеп, бойым сергіп сала береді. Өлең – менің ішкі ауыртпалығымды басатын ем секілді. Әншілер де сахнаға шығып ән салғанда дертін ұмытып кетеді. Мен де сондаймын. Өлеңге кіріссем, ауруым да, уайымым да уақытша шетке ығысады.

– Құдай қуат берсін, қолыңыздан қаламыңыз түспесін, аға! Ұзақ жасаңыз! Бүгін уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

– Рахмет, айналайын! Өздеріңе де шығармашылық табыс тілеймін! «Әдебиет порталының» оқырманы көбейе берсін! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan