Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Сұлтан Раев. Әуезов болмағанда Айтматовтың да болу...

Сұлтан Раев. Әуезов болмағанда Айтматовтың да болуы екіталай еді...

03.03.2026

306

Сұлтан Раев. Әуезов болмағанда Айтматовтың да болуы екіталай еді... - adebiportal.kz

Былтырдан бері Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қаламгер ұстаханасы» атты жоба жүзеге асқан болатын. Осы жоба аясында он екі дәріс оқылып, оған Астана қаласында тұратын танымал қаламгерлер тартылған еді. Осы он екі дәріс бойынша оқырмандар тарапынан да ерекше қызығушылық танылды. Барлық дәрістің жазба нұсқасы «Әдебиет порталында» толықтай жарияланған болатын.

Биылда осы жобаның басы қасында жүрген Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы былай деді:

«Біз осы жобаның аясын кеңейтіп, енді республика көлеміндегі қаламгерлерді тартуды ұйғарып отырмыз. Бүгінгі кездесудің жөні мүлде бөлек. Дәріске күллі дүрік дүниесіне танымал даңқты жазушы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Қырғызстанның халық жазушысы, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты қазақ халқының шынайы досы – Сұлтан Раев келіп отыр. Сұлтан аға, қош келдіңіз! Бүгін сіз «Әдеби процесс және әдеби интеграция» тақырыбында дәріс оқисыз. Қазақ оқырманы сіздің шығармаларыңызды жақсы біледі, қызығып оқиды. Туындыларыңыз қазақ тіліне аударылып, кеңінен таралуда. Бұл ретте әрине, аудармашылардың еңбегі ерекше зор. Кезінде біз Шыңғыс Айтматовты қалай сүйіп оқысақ, бүгін сіздің де шығармаларыңызды сондай ықыласпен қабылдап отырмыз. Ендігі сөз кезегін өзіңізге берсек» деді.

Құрметті бауырлар, қадірлі қауым! 

Алыстан шақырып, алтын уақыттарыңызды бөліп отырғандарыңыз үшін айырықша алғысымды білдіремін. Лекция оқу – мен үшін ресми баяндама жасау емес, ой бөлісу, ортақ мәселелерді бірге таразылау деп түсінемін. Сондықтан бүгінгі «Әдеби процесс және әдеби интеграция» тақырыбының төңірегінде еркін пікір алмасуды жөн көрдім. Қазіргі түркі әдебиеті, соның ішінде Орталық Азия кеңістігіндегі әдеби үрдіс жаңа кезеңді бастан өткеріп отыр. Кеңес дәуірінде әдеби байланыс, рухани интеграция белгілі бір жүйемен дамыды. Жазушылар арасындағы шығармашылық достық, өзара қолдау, аударма ісі тұрақты жолға қойылған еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет өз ішкі мәселелерімен көбірек айналысып, әдеби байланыстар біршама әлсіреді.

Қырғыз әдебиеті үшін Шыңғыс Айтматовтың орны ерекше. Ол әлемдік деңгейге көтерілген тұлға ретінде әдебиеттің биік өлшемін қалыптастырды. Сол биіктен түспеу біздің басты межеміз десек те болады. Айтматовтың шығармашылығы тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани жетістігі болды. 

Оның шығармашылық жолында Мұхтар Әуезовтің қолдауы мен қамқорлығы айрықша рөл атқарғаны белгілі. Егер Әуезовтің қолдауы болмағанда, Айтматовтың әлемдік аренаға шығуы қиын болар еді. Дәлірек айтсақ, Әуезов болмағанда Айтматовтың да болуы екіталай еді...  Шыңғыс Айтматовтың ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов. «Ұстаз» ұғымы ұлттық мәдениетімізде әрдайым дәнекер рөлін атқарған. Өнер – өзге өнерді тудырады. Бірақ сонымен бірге ұстаздың құндылығы мен ұлылығы оның шәкіртіне үйреткен өнері арқылы өлшенеді. Бұл – мәдениеттің өлмес, көне феномені. Біздің Шыңғыс «Манаспен» өмір сүрді, одан рухани қуат алды. «Манас» ол үшін алтын құзырет еді, Шыңғыс мәңгілік күшті сол жерден алды. Ол «Манаспен» өмір сүріп, ғұмырын соған арнады. Бұл қасиетті ол өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовтен мұра етті. Қиын кезеңдер келгенде, тек «Манас» үшін ғана емес, күллі қырғыз халқы үшін сын сағаттарда Мұхтар Әуезов ұлы эпосымызды қорғап шықты, қазақ бола тұра қырғыз халқына теңдессіз қызмет етті. Өйткені дәл сол кезде қоғамымызда опасыздар мен қара ниеттілер көбейіп, «Манас» эпосы туралы жаман сөз айтып, оны халық тәрбиесіне «зиянды» деп жариялаған еді. Эпикалық мұраға, тіпті Айтматовтың өзіне қарсы қуғын-сүргін басталғанда, дәл Мұхтар Әуезов оның қорғаушысы болды, осы айтыс-тартыстарға белсене араласты. Басқасын айтпағанда, Айтматовты өз жазушыларымыз талап жатқанда басын тігіп араша болған да осы Мұхтар Әуезов десем еш артық айтқаным емес. 

Бүгінде бізге дәл осындай рухани байланыс қажет. Әдебиет – тек көркем мәтін ғана емес, халықтар арасындағы сенім мен түсіністіктің көпірі.  Әдеби интеграция – ортақ тарих пен мәдени тамырды тереңірек танып, болашаққа бірге қадам басудың жолы. Қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік өзгерістер әдебиетке де әсер етеді. Әдебиет сол құбылыстарды бейнелейді, талдайды, бағалайды. Сондықтан бүгінгі әдеби процесте жаңа ізденістер, жаңа бағыттар болуы заңды. Бірақ біз түркілік тамырымыздан еш ажырамауымыз керек. Әуезов және оның төл шәкірті Айтматов  сынды алыптардың мектебі – біз үшін рухани бағдар. Әдеби байланыс пен интеграцияны күшейту – ортақ міндет. Түркі халықтарының әдебиеті бір-бірін байытып, толықтырып отырғанда ғана әлемдік әдеби кеңістікте өз орнымызды нығайта аламыз.

Бүгінгі әдеби үдеріс туралы айтқанда, ең алдымен рухани тұтастық мәселесіне тоқталғым келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқсаныншы жылдардан бастап екі мыңыншы жылдарға дейінгі кезеңде түркі халықтарының әдеби байланысы тым әлсіреп кетті. Бұрынғыдай тұрақты аудармалар, өзара шығармашылық қолдау да азайды. Мысалы, қырғыз жазушыларының шығармалары қазақ тіліне сирек аударылды. Айтматовтан кейінгі буынның еңбектері көрші, ең жақын тілге де жүйелі түрде жетпей отырды. Бұл – тек қырғыз әдебиетіне ғана емес, жалпы Орталық Азия кеңістігіне тән құбылыс еді.

Шын мәнінде, рухани көпір үзілмеуі керек. Әдебиет халықтарды жақындастыратын ең сенімді құралдардың бірі. Егер біз бір-біріміздің шығармаларымызды оқымасақ, аудармасақ, онда ортақ рухани кеңістік те әлсірейді. Сондықтан әдеби интеграция – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Қырғыз әдебиеті тәуелсіздік жылдарында түрлі сынақтарды бастан кешірді. Кеңестік кезеңде қалыптасқан жүйе ыдыраған соң, жазушылар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Кітап шығару ісі тоқырады, экономикалық қиындықтар шығармашылыққа да әсер етті. Соған қарамастан әдебиет өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Қайта жаңа бағыттар, жаңа ізденістер пайда болды.

 

«Топан» романы апат туралы емес, адам жанының күрделі мәселесі туралы 

 

Енді өз шығармашылығым туралы да қысқаша айта кетейін. 2025 жылдың тамыз айында Нью-Йоркте менің бір романым ағылшын тілінде жарық көрді. Бұл – Шыңғыс Айтматовтан кейін қырық екі жыл өткен соң қырғыз жазушысының еңбегінің Нью-Йоркте басылуы еді. Роман америкалық сыншылар тарапынан сондай-ақ «Букер» сыйлығының бірнеше  иегерлері тарапынан да оң пікірлер алды. Чикаго университетінің өкілдері мен тәуелсіз әдеби сарапшылар шығарманың көркемдік деңгейіне жоғары баға берді.

Бұған дейін «Жан жаза», «Топан» (орысша «Потоп»), атты романдарым жарық көрген еді. «Топан» романы Мәскеуде басылып, бірқатар әдеби марапаттарға ие болды. 

Ал «Жан жаза» романы ұзақ жылдар бойы жазылды – шамамен он бес жыл толғаныс, ізденіс, қайта қарау кезеңінен өтті. Бұл шығармада философиялық, діни, тарихи мәселелер бар. Александр Македонский (Ескендір), түрлі символикалық кейіпкерлер арқылы адам жанының күресі, рухани жауапкершілік мәселесі қозғалады. Романның негізгі идеясы – адамға берілген жан аманаты және сол жан алдындағы жауапкершілік мәселесі десем де болады. Менің шығармаларым әр елде – Ресейде, Ұлыбританияда, Италияда, Түркияда басылып шықты. Жуырда мажар тіліне аударылып, соның тұсаукесеріне барып келдім.

Енді бауырлас халықтардың әдебиетіне оралайын.

ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлеміндегі әдеби байланысты нығайту мақсатында қазақ, өзбек, түркімен, әзербайжан авторларының шығармаларын аудару мен жариялау ісіне де ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жылдары жас жазушылар фестивальдерін ұйымдастырып, түрлі ел қаламгерлерін бір алаңға жинадық. Мұндай кездесулердің нәтижесінде жас ақын-жазушылар бір-бірімен танысып, шығармашылық байланыс орнатты. Бұл – әдеби интеграцияның нақты көрінісі.

Кез-келген жазушының өз жазу мәнері, өз ішкі әлемі болады. Мен үшін шығармашылық – ұзақ процесс. Мысалы, «Жан жаза» романын жазу барысында талай рет ой өзгерді, бағыт түзетілді. Алғашқы идея басқа арнада басталып, кейін мүлде жаңа философиялық кеңістікке ауысты. Шығармада магиялық реализм элементтері де бар, бірақ оны белгілі бір ағыммен ғана шектеу тіпті де дұрыс болмас еді. Өйткені әдебиет тірі организм. Ол жанның қозғалысын, адамның ішкі драмасын бейнелейді.

Ал «Топан» романы жөнінде айтсам мен оны адамзат тағдырына қатысты кең ауқымды шығарма деп қабылдаймын. Біз кейде «адамзаттың бәрі бір қайықта» дейміз ғой. Осыбір ой романның негізгі өзегі. Қазіргі кездегі дағдарыстар, рухани күйзеліс, қоғамдық қақтығыстар – бәрі де ортақ жауапкершілікке тіреледі. Бұл жағынан келсек, «Топан» романы тек апат туралы емес, адам санасының, адамгершіліктің сынағы туралы шығарма. Бұдан да анығырақ айтсам, «Топан» - апат туралы емес, адам жанының күрделі мәселесі. Бұл романды оқу оңай емес деп айтатындар бар. Шынында да, шығарма бірден ашыла салмайды. Кейіпкерлердің ішкі әлемі, философиялық астары, символдық қабаттары өте терең. Бір оқығанда толық игеріле қоймауы мүмкін. Бірақ кәсіби әдебиет әрқашан дайын, жеңіл дүниелерге жауап бермейді. Ол оқырманды ойлануға, іштей ізденуге шақырады. Егер адам шығармамен бірге жүрсе, қиындықты «сүйреп» өтсе, сонда ғана мәтіннің ішкі қуаты ашыла түседі.

 

Менің өмірімде екі Сұлтан Раев бар

 

Жалпы, жазушының шығармашылық әлемі әрқашан күрделі болады. Әр қаламгердің өз кеңістігі, өз өмірбаяны болады. Мен шығармашылық өмірімді екіге бөліп қарастырамын. Өмірімде екі түрлі әлемде өткіздім десем де болады. Бірі мемлекеттік қызмет, ұйымдастырушылық жұмыс болса, екіншісі жазушылық әлем. Бірі нақты шешімдер мен жауапкершілікті талап етсе, екіншісі – еркін қиял мен рухани тереңдікті қажет етеді. Кейде таңертең ресми мәселелерді ойлап отырсаң, кешке мүлде басқа әлемге – көркем ойдың кеңістігіне еніп кетесің. Бұл әрине, шығармашылық процестің табиғаты. Осылайша менің өмірімде біріне бірі еш ұқсамайтын екі Сұлтан Раев бар десем еш артық айтқаным емес. Шығармаларымды көбіне ұзақ уақыт бойы ішімде шайқап, толғанып барып жазамын. Ең әуелі миымда пісіремін. Студент кезімде жазылған повестерім кейін ғана жарық көрді. Ал романдарым тәуелсіздік кезеңіндегі ізденістердің нәтижесі болды. Драматургия саласында да көптеген еңбектерім бар. Бірқатар пьесаларым Қырғызстанда ғана емес, Қазақстанда, Өзбекстанда сахналанды. Лондон театрында қойылған шығармаларым да болды. Әрине, театр  жазушы үшін бөлек әлем. Онда сөз ғана емес, сахналық әрекет, режиссура, актер ойыны арқылы ой ашылады. Бұл да шығармашылықтың ең маңызды қыры.

Жоғарыда айттым. Әдебиет – тоқтаусыз қозғалыс деп. Жазушы үнемі ізденісте болуы керек. «Жан жаза» мен «Топан» романы адам жанының терең иірімдерін зерттеуге арналған шығармалар дедім. 

Қашанда инттеллектуалдық әдебиет жеңіл қабылданатын дүние емес. 

Ол кейде күрделі, кейде ауыр. Бірақ сол күрделіліктің ішінде көптеген шындықтар бар. Егер оқырман мен жазушы арасындағы рухани байланыс орнаса, онда шығарма өз мақсатына жетеді. Менің бар тілегім – оқырман сол байланысты сезіне алса екен деймін.

Мысалы, «Жан жаза» романымның түйіні – адамзаттың рухани апаттан сақтануы туралы ой. Шығарманың шарықтау сәтінде бір ақсақал кейіпкердің айтатын мынадай сөзі бар: «Бұл көшетті бүгін отырғызыңдар. Ертең кеш болады. Ертең – ақырзаман басталуы мүмкін». 

Бұл – жай ғана сөз емес, философиялық ескерту. Яғни, адамзат рухани азғындауға ұшырамас үшін бүгін әрекет етуі керек. Ертеңге қалдырылған игілік – жүзеге аспай қалуы мүмкін дегенді ишаралауым еді.

Романда ақырзаман ұғымы физикалық емес, рухани күйреу ретінде беріледі. Адамдар ата-ана, бала, отбасы, ел ұғымдарын жоғалтқанда, бір-біріне сенуден қалған кезде, шынайы апат сонда басталады. Бұл – бомба жарылысы емес, бұл – жүректің қаңырап бос қалуы.

 

                                    Киелі кітаптардан көп дүниелер үйрендім

 

Мұны айырықша айтып отырғаным, мен 1986 жылы Құранды қырғыз тіліне аудару ісіне қатыстым. Ол кезең менің дүниетанымымды түбегейлі өзгертті. Қасиетті мәтіндерді оқыған сайын бір нәрсені терең түсіндім. Кез келген дінде үміт сәулесі бар. Құранда да, Інжілде де адамзатқа зор мүмкіндік беріледі. Тіпті ақырзаман туралы ескертулердің өзінде де үміт сәулесі сақталады. Менің жоғарыда айтып отырған романдағы «екі көшет» символы да осыдан туған еді. Ақсақалдың екі көшет беруі – үміттің белгісі. Яғни, дүние күйреп бара жатса да, адамға үміт жүктеледі. Адамзат ең соңғы сәтке дейін жақсылық жасауға міндетті десек те келеді.

Сондықтан рухани апат дегеніміз – ең әуелі рухани құндылықтардың құлдырауы. Соның кесірінен қоғамда түрлі жарылыстар, қақтығыстар болуы мүмкін, бірақ ең қауіптісі – ішкі жарылыс. Адам өз жанын жоғалтқанда, мейірімнен айырылғанда, нағыз апат сонда болады.

Шығармадағы форма мен мазмұн мәселесі мен үшін әрқашан маңызды мәселе.  Мен ешқашан форманы іздеп, кейін мазмұнды соған сыйғызуға еш тырыспаймын. Керісінше, идея пісіп-жетілген кезде, соған лайық форма өзі табылады. Әр тақырыптың өз табиғаты бар. Егер мазмұн философиялық болса, форма да терең, символдық сипат алады.  Ал драматургияда көбіне бес-алты кейіпкермен ғана шектелемін. 

Себебі маған атмосфералық кеңістік жақын. Көп адам қатысатын жаппай көріністерден гөрі, жеке тұлғаның ішкі драмасын ашып көрсету әлдеқайда маңыздырақ. Әр кейіпкердің өз тағдыры, өз философиясы болуы керек. Сонда ғана шығармада шынайлық пайда болады.

Менің «Меккеге қарай ұзақ жол» пьесамда да абсурд, магиялық реализм мен діни-философиялық астар бар. Бірақ бұл форманы әдейі таңдаған жоқпын. Тақырыптың өзі соған итермеледі. Кейде шығарма реализмге жақын болса, кейде символизмге, кейде тіпті абсурдқа барады. Өмірдің өзі көпқабатты болған соң, әдеби форма  бір ғана өлшеммен шектелмеуі керек. 

 

Залдан сұрақ…

 

-Сұлтан аға, сіз сөз басында ТҮРКСОЙ аясында түркі халықтар әдебиетін қолдау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді дедіңіз. Осы орайда сұрайын дегенім, ТҮРКСОЙ арқылы қазақ жазушыларының қандай еңбектері қай тілдерге аударылды? Сол жұмыстарға бір тоқталып өтсеңіз?

– Рахмет. ТҮРКСОЙ аясында біз аударма ісіне ерекше мән береміз. Ең алдымен классиктерден бастадық. Қазақ әдебиетін әрине, Абайдан бастадық. Шәкәрім, Сәбит Мұқанов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов сынды қаламгерлердің шығармалары түрік тіліне аударылып, жарық көрді. Бұл жұмыстар әлі де жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мысалы, Абайдың «Қара сөздері» түрік тілінде басылып шықты. Түрік оқырмандары бұл еңбекті үлкен қызығушылықпен қабылдады. Анкара мен Ыстанбұл университеттерінде Абай шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Шәкәрім шығармашылығы бойынша да алдағы уақытта Анкара университеті мен Назарбаев университеті бірлескен ғылыми жиын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Олжас Сүлейменовтің шығармалары бірнеше тілге аударылды. Жақында оның еңбектерін басқа да түркі тілдеріне аудару жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің этнография, тарих саласындағы зерттеулері де түрік тіліне тәржімаланып жатыр. 

Мысалға Серікбол Қондыбайдың еңбектерін айтсам болады.  

Біздің мақсат қазақ әдебиетін түркі кеңістігінде кеңінен насихаттау, ал түркі халықтарының әдеби мұрасын өзара бірімен бірін таныстыру. Бұл – рухани интеграцияның ең маңызды бөлігі деп санаймын.

PSКездесу соңында Сұлтан Раев осы дәрісті ұйымдастырушыларға әсіресе Ұлттық академиялық кітапхана басшылығына өз алғысын білдірді. Сондай-ақ бір өзі бір әдебиет институттың жұмысын атқарып келе жатқан, көрнекті қаламгер, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлына түрік тілдес мемлекеттердің  достығы мен мәдени, әдеби интеграциясын нығайтуға қосқан үлесі үшін  берілетін Алтын медалін (ең жоғарғы сыйлығын) табыстады. Біз де «Әдебиет порталы» атынанан Амангелді ағамызды осы жоғары марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan