Тамыр
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Түс көрді. Тілі аузына сыймай, қаталап жатыр екен. Шағырмақ күн тас маңдайынан өтіп, күйдіріп бара жатқан соң орнынан тізесі дірілдеп әрең тұрды да, қалт-құлт етіп ұзай берді. Бағыты – «Сарыиін» аталған тұс. Соған жетсе өзенге шомылып, өзегін өртеген оттан құтылары анық. Анау бір белден асса, арғы жағы жұмақ секілді. Тек соған жете алса...
Сары белден сәл асып еді, сағыныштан сарғайып кеткен Арқаның аңқа кептірер аңызағы алдынан көлбең ете қалды. Өзен көзден ғайып. Жоқ іздеген жан да көзге шалынбады.
- Тоқта! Анау не?
Өзіне өзі сұрақ қойған бұл көз ұшындағы сырғи дөңгелеген әлдебір затқа күн сала қарады.
Е-е, құдай-ай! Жел айдаған жалғыз қаңбақ екен ғой. Әлгі Жиреншенің заманындағы қаңбақ әлі ел кезіп, жер кезіп жүр.
Қадірі қашқан неме, тамырынан ажырағасын талақ болған қатындай қаңғиды да!..
Әлдебіреуге ашуланған кездегі әдеті есіне түсіп, шақшасын іздеп, шапанының қалтасын қармана бергені сол еді, оянып кетті.
Содан көзі ілінсеші. Көз алдынан жел айдаған қаңбағы құрғыр кетер емес. Тамырынан ажыраған қаңбақ беті ауған жаққа домалап барады. Домалап. Кейде сәл тоқтап, бұдан жөн сұрағысы келеді ме, қалай?..
Оған Көбей қарт не десін...
***
Жаратқан ием бұл тұқымның маңдайына жалғыздықты жазса керек, мұның әкесі Төбей де атадан жалғыз еді. Бұл да бір үйдің жалғызы боп ержетті. Есімін Көбей қойғанымен, мұның артынан ешкім ермеді. Ырымға сенгіш әкесі әлдебіреудің құдайысына барғанда торы аттың қоржынын толтыра жас талдың көшетін әкелгені есінде.
- Осы талдар өсіп, орман болар. Сенің де тамырың тереңге жайылып, ұрпағың көбейсін деп әкелдім, - деп еді әкесі, қоржын тамның қасына терлеп-тепшіп көшет отырғызып жатып. Оған анасы да дән риза, жүзі нұрланып, жас көшеттерді суарып мәз.
- Айтқаның келсін, отағасы!
Сол көшеттердің көбісін көк ешкі кеміріп, бір түбі ғана бойын биікке салып, жайқала өсті. Сәл қышқылтым алмасымен Көбей кей кезде тіс қажаушы еді. Е-е, ол да бір заман екен-ау...
Әкесі байғұс шала сауатты болса да, ауылдың малын бағып, мұны қатарынан кем қылған жоқ. Анасы жуас адам еді, ертелі-кеш үйдің тірлігімен таңды атырып, күнді батырды. Жарықтық әкесі мұны даңқты шопан болады деп ойлады ма, кім білсін, қасына таянса-ақ төрт түліктің жайын айта беретін.
Бірде әкесіне:
- Әке, менің мал бағатын ойым жоқ, көзіңе түссем соны неге айта бересің? – деп, күңк ете қалғаны бар.
Әкесі селк ете қалып, бұған аңтарыла қарады.
- Сонда кім болмақсың?
- Мектебімді бітірейін.
- Сосын?
- Сосын қой бақпаймын, қалаға кетем!
- Қалаға деймісің? Онда не бар? Мына мал-жанға ие болмайсың ба? Бізді қашанғы жүрер дейсің, балам-ау! Мына Қосқұдық – жеті атамыздан бері тамыр жайған жеріміз емес пе? Ата-бабамыздың моласына не дейсің, жүгермек?
- Мола күзетерің мен емес, әке!
Өмірінде әкесіне қарсы сөйлегені осы шығар, ащы өксік пен ыза аузынан қатар төгілді.
Шілденің шіліңгірінде сары самаурынды енді ғана алдына алған әкесінің күреңіткен жүзі қанталай қызарып, бұған оқты көзін қадады.
- Сенген қойым сен болсаң...
Содан соң ашуын кімнен аларын білмей, самаурынның қасында бір уыс болып, шәй құйып отырған кемпіріне айғай салды.
- Қит етсе осы баланы қорғап... Ал, не болды енді! Осының бәрі сенің кесірің!
Бұл үйден ытқып шықты. Әлдекімге деген ашу-ыза көкірегін жарып, жүрегімен қоса сыртқа ытқып шығардай, беті ауған жаққа жүгіре жөнелді. Белден асты, ойға түсті. Өкпесі өшіп, әлі құрыған сәтте бір нәрсеге шалынып, құлап түсті. Құлап түскені сол-ақ екен, өксіп жылап жіберді. Ұзақ жылады. Күн ұясына қонар кезде ғана басын көтеріп, айналаға қарады. Қаңбаққа шалынып құлаған екен. Әкесіне деген ашуын осыдан алардай, орнынан атып тұрды да, қаңбақты бір тепті. Қаңбақ қыңқ етпеді, құрсаудан босағанына қуанып, домалай жөнелді. Көбей сол тұста ұзақ отырды. Ақшам жамыраған кезде ғана үйге келіп, төсегіне құлай кетті.
***
Баланың айтқаны болды. Әкесі мен анасы «Сарыиіннің» тұсында мал бағып қала берді. Бұл қалаға кетті.
Содан соң...
Содан соң қалтасының түбі көрінген кезде ғана ауылды аңсайтын еді. Сүйретіліп жүріп оқуын бітірді. Бір мекеменің есік жағындағы ескі орынға отырды – қызметкер атанды. Жұмысынан қуықтай пәтерге қолы жетісімен қаланың тікбақай қызын алды.
Ауыл ше?
Әкесі мен анасы ше?
Иә, тойын жасайтын кезде шал мен кемпір кассадағы жинаған азын-аулақ ақшасын беріп, семіз жылқысын сойып, бұны шығыннан «құтқарған».
Бұл ауылға бармай кетті.
Айтпақшы, әкесі мен анасы қайтқанда барғаны рас. Кемпір-шалдың жылы өтісімен қолдағы малды сатты. Саман кесектен салынған ескі үйді кім керек қылсын, сағымы бұлдыраған сары даланың бір шетінде қабырғалары қалқайып қала берді. Үйдің қасында өскен жалғыз түп алма ағашының жапырақтары ғана мұнымен сыбдырлай қоштасты.
Содан бері де аттай желіп алпыс жыл өткен екен.
***
Астапыралла!
Оқыс шыққан қатты дауыстан селк ете қалған Көбей қарт қарсы беттегі үй жаққа ошарыла бұрылды. Әне бір үшінші қабаттағы пәтердің қожайыны бүгін тағы да тайыншадай төбетін сары самалдыққа шығарып, «сайрандатуда» екен, иті бар болғыр көшедегі қаңғыған ит пен мысыққа арсылдап, ауланы басына көтерді.
- Тексіз неме! Үйіне ит асырап... Әке-шешесінен көргені аз ғой, - деп күбірлей берді де, үнсіз қалды. Содан соң тағдырының салмағын да соған салғысы келгендей жалғыз таяғын сықырлата басып, кібіртіктеп, күндегі орнына бет алды.
Осы бір талдың көлеңкесіндегі орны ата-бабасынан қалған құтханасындай дерсің, осында жайғасса-ақ таққа отырғандай боп қалатыны бар. Отырып ап айналасын бақылайды да. Көршінің итінен бастап мына зәулім үйдің тұрғындары бұл кісіден мінездеме алса, Көбей қарт бәрін де оңдырмас еді. Тірліктері көкейіне қонбайды-ақ.
- Пәдеріңе нәлеттер!
Ашуын насыбайдан алатын әдеті есіне түсіп, шақшасын іздей бастады. Еспенің етегінен теріп әкелген қылшаның күліне көк базардағы ноғай шалдың ащы темекісін қосып үккен соң қайдан оңдырсын, ащы насыбайдың уытынан танауы дуылдап, екі-үш рет түшкіріп жіберді. Көзі жасаурап кетті білем, көк шапанының қалтасын қарманып, көлдей орамалын шығарды да, қос жанарын сүйкей салды. Содан соң бір сәтке байыз тауып, айналасына қайта көз жүгіртті. Кенет құлағына әлдебір аянышты сарын жетпесі бар ма?! Бұл қайдан шыққан дауыс?
Көбей қарт сол жағына көз салып еді, немересі Жалғастың еккен ағашының қасында құлап жатқан бос қалбырды жел үрлеп, әлгі дыбыс осыдан шығып жатыр екен. Әлде қурап қалған көшет жылады ма? Кім білсін...
***
- Ата, мына жерге тал отырғызам. Жайқалып өседі әлі, көресіз. Бұл – жеміс ағашы, ата! Көлеңкеде отырып ап, алма жеп отырасыз, жақсы емес пе?
Тәмпіштеу мұрыны сәл қусырылып, «ағынан жарылып» тұрған немересіне қарап отырып күлкісі келгені.
Бәтшәғар! Мұрнының тәмпіштігіне дейін тартуын қарашы Алмас әкесіне. Әй, бірақ өзінің мұрны да, тіпті өз әкесі Төбейдің де мұрыны осындай емес пе еді?
- Өзім жетісіп тұрғандай, менікі не?
Осындай ойға келуі мұң екен, талдың көлеңкесіндегі жекеменшік «тағынан» құдірет қашқандай, көңілі пәс тартып қалмасы бар ма?!
Немересі Жалғас әлі сабасына түсер емес. Қолынан ештеңе келмесе де жеті атасынан бері бақша егіп келе жатқандай, өркенің өскір неме тіпті еліріп апты.
- Тұқымың көбейгір-ау, тал егем деймісің? Дұрыс-ақ, құлдығым. Анау қағазға тесілген нәуетек әкеңнен сен озасың-ау түбі!..
Кенет Көбей қарияның көзі жалғыз немересінің қолындағы көшетке түсіп еді, көмейінен лықсыған көп мақтауы қожырап сала берді. Жау қайтарғандай боп тұрған немересінің қолындағы көшеттің тамыры жоқ екен. Тамыры жоқ...
- Жәкөнай! Сәл сабыр етші!
Немересі әлі желдей есуде.
- Күн сайын кешке екі шелек су құйып тұрам, ата! Сосын көктемде талдың түбін әктеймін. «Ютубтан» көргем, сонда жақсы өседі. Сосын...
- Жәкөнай! Мына көшетіңнің тамыры...
- Ата, егер бұл талға алма көп шықса, сатайық та...
- Айналайын-ай! Сөзге кезек бермедің-ау, құлдығым. Мына көшетіңнің тамыры жоқ қой. Қалай өседі ол?
Атасының айтқаны санасына енді жетсе керек, немересі қолындағы көшетке аңтарыла қарады. Күні бойғы арманы адыра қалғанына сенгісі келмей, тәмпіш мұрнын бір тартып, міңгірледі.
- Тамыры жоқ болса қайтеді екен? Су құйып тұрам ғой. Өседі. Көресіз әлі, жемісі мол болады...
Е-е, балам-ай! Тамыры – оның өзегі емес пе? Тамырсыз қайдан өсіп-өнсін?
Қария терең күрсінді.
- Ата, өседі дейім. Міне, мына жерге егем.
Осылай деген немересі қасындағы кепкісін теріс киген шикіл сары балаға иек қағып еді, ол мұрнын бір тартып, қолындағы күрегімен көшет отырғызатын шұқыр қаза бастады.
Атасынан қолдау болмағанына қапаланған немересі тамырсыз көшетті дайын болған шұқырға отырғызып, топырағын қайта үйіп, түбіне қалбыр шелектегі жылымшы суды лақылдата құйды.
- Болды, кеттік.
Кенет Көбей қарияның ойына бірдеңе түсті ме, немересіне қарап күңк ете қалды.
- Әй, тоқтай тұр. Тоқта деймін!
Жаңа ғана еңбегін жоққа бағалаған атасының енді өзімен сөйлеспекке ниеті ауғанын түсініп, Жалғас оған қабағын түйе қарады.
- Сен мына көшетті қайдан алдың?
- Оськаның әкесінен.
- Өскесі кім?
- Өске емес – Оська!
Немересі қасындағы шикіл сарыны көзімен нұсқады. Көбей қария енді шикіл сарыға бұрылды.
- Әй, Өске, сенің әкең мына көшетті қайдан әкелді?
Оськаның жауабы қысқа болды.
- Білмеймін, ата. Ә-ә, міне, әкем де келе жатыр. Өзінен сұрарсыз.
Көзтаныс қарияның өз ұлымен сөйлесіп отырғанын байқаған жігіт ағасы Көбей қартқа бұрылды.
- Ассалаумағалейкүм, ата!
- Бар бол, қарғам! Мына екі батыр бүгін тал егіп... Есімің кім еді?
Жігіт ағасы әңгімеге бейіл екен, қарияның бетіне күлімсірей қарап, ықыластана жауап қатты.
- Есімім – Арынғали, ата!
- Е-е, бәрекелді балам!
Көбей қария сөйлесетін кісі табылғанына қуанып, орнынан қозғалақтап кетті.
- Екі батырдың ісін айтам да, балам. Мына бір тамыры жоқ көшетті егіп... Баламысың деген!
- Е-е, мына талдың бұтағын егіп жүр ме бұлар?
Өзін Арынғали деп таныстырған жігіт ауланы басына көтеріп, қарқылдай күлді.
- Кеше Қосқұдықтың тұсына балық аулауға барғанбыз, ата. Таңертең дәл елге қайтарда әлгі қасымдағы жігіттің істеп жүргені ғой. Айдалада өсіп тұрған жалғыз талды сындырып. Жемісін теріп отыруға нерві жетпеген ғой. Мынау сол талдың бұтағы.
Арынғали тағы да арқырай күлді. Көбей қария тағы да селк ете қалды. Арынғалидың күлкісінен емес, әрине. Оның «Қосқұдық» дегенінен...
- Тоқтай қал, ұлым! Әлгінде сен «Қосқұдық» дедің бе?
Арынғали күлкісін тыйып, қарияның қасына жайғасты да, езуіне бір тал шылым қыстырды.
- Иә, ата. Мына Сарысу өзенінің бір тұсы ғой. Балығы мол. Соған жігіттермен барған едік кеше. Сол тұстағы ескі үйдің қасында жалғыз түп алма ағашы өсіп тұр екен. Алмалары пісуге жақындапты. Соны теруге Нуриктің уақыты болмай, бұтақтарын сындырып алған еді. Соны мәшинеге салып әкеп... Мынау сол Қосқұдықтағы жалғыз өскен талдың бір бұтағы ғой...
Арынғали қолындағы темекісінің күлін жапырағы солып, аянышты күйде тұрған көшетке сүйкей түсірді.
Бірақ оның бұл әрекетін Көбей қарттың байқайтындай шамасы жоқ еді. Арынғалидың «Қосқұдық» дегенін естіген соң-ақ қос құлағы бітіп, басы шыңылдап кеткен болатын.
Қосқұдық...
***
Қосқұдыққа барамыз дегелі Көбей қарттан маза кетті. Далаға да сан рет шығып-кірді. Кіргені бар болсын, бірдеңесін ұмытқандай қайтадан сыртқа ұмтылады. Әкесінің мұндай күйге түскеніне ұлы Алмас та, жалғыз немересі Жалғас та таң-тамаша.
- Әй, Алмас, сенбі күні жол жүреміз дедің бе?
Әкесінің мазасызданып жүргенін сезген жалғыз ұлы ықыластана жауап қатты.
- Иә, әке. Алла сәтін салса, сенбі күні барамыз.
- Көлігіңді сайлап қой, құлдығым. Сосын сол күні түске дейін жатып алып жүрмегін. Ертелете жолға шығамыз. Жалғасты да ала кетейік. Ата қонысын көрсін.
- Әрине, әке. Ол өзі де қала қоймас.
Көбей қарт сонда да байыз таппай, далаға шықты.
***
Көбей асықты екен деп күн асыға ма, сенбінің таңы да сабырды сарқып барып бір-ақ атты-ау!
Жұма күні кешкісін-ақ ұлы мен немересінің құлағына ертеңгі күннің шаруасын құйып қойып еді, онысы теріс болмаған-ау, екеуі де алагеуімнен тұрды.
- Шәй ішіп алайық та!
Ұлы келін жатқан бөлмеге қарайлап еді, бұл қолын әлсіз сермеді. Оятпа дегені. Содан соң өзі кеше ыңғайлап қойған дорбаны немересіне ұстатып, есік алдына шықты. Таң рауандап атар кезде жол талғамайтын үйдей көлік қаладан шығып, даланы бетке алды.
Ұлы Алмас көлік жүргізіп отыр. Немересі Жалғас көлікке мінісімен-ақ қайта ұйықтап қалды. Мұрыны пыс-пыс етіп, тәтті ұйқыға берілген немересіне қарап бір жымиған Көбей қарт көліктің терезесінен тысқа көз салды. Теректінің тұсындағы әулиенің мекенінен өте беріп, білетін дұғасын оқыды да, бетін сипады. Содан соң ұшы-қиырсыз кең далаға қайтадан көз салды. Дала бәз баяғы қалыпта екен. Шөптің басын баяу желпіген жел де, жұпары аңқыған жусан да, тіпті анау төбедегі шөкімдей бұлт та сонау бала күнгі көрген көріністері екені анық. Еш өзгермепті. Ал, бұл ше, өзгерді ме?
Осы сұрақты өзіне қоюы мұң екен, сап-салқын көлік кенеттен ысып кеткендей көйлегінің алқым тұсындағы түймесінің тағы бірін ағытып, алқына дем алды. Әкесінің жайын байқап келе жатқан Алмас көлігін жол жиегіне кілт тоқтатты.
- Сәл сергіп алайық, әке. Қайда асығамыз, таң жаңа атты ғой.
Ұлының айтқанымен үнсіз келіскен Көбей қарт көліктен тізесі дірілдеп әрең түсіп, лекіте соққан Сарыарқаның самалына кеудесін тосты.
Шіркін, дала! Төскейіңде өскен ұлды төсіңе басудан шаршамайсың-ау. Не деген пейілді едің сен? Ренішіңді сағыныш жеңіп кете ме әлде? Өзіңнен теріс айналған пендені де өзегінен теппедің-ау! Ерке самалыңмен маңдайынан сипап жатырсың, дала! Әлде түбі бір ораларын білдің бе екен?..
Қария даламен осылай табысты.
***
Қабырғаларын жаңбыр шайып, шөгуге шақ қалған ескі үйдің орнына бұлар түске қарай келіп жетті. Қолындағы таяғына сүйеніп, көліктен әрең түскен Көбей қарт тізесі дірілдеп, ескі үйдің іргесіндегі қыш кесекке отыра кетті. Отыра кетті де, өзінің кіндік қаны тамған өлкені енді көргендей, айналаға таңдана көз тастады.
Мұнысы несі? Сірә, бала күнін кездестірем деп ойлады ма екен? Кенет қарғаның қарқ еткенінен есін жиып алды. Үй іргесідегі арса-арсасы шыққан жалғыз түп алма ағашының ұшар басына қарғалар ұя салған екен. Шақырусыз келген қонақтарды кім жақтырсын, топ қарғаның қарқылынан Қосқұдықтың тұсы тыныштығынан айрылып, қорқыныштың мекеніне айналғандай еді. Төменгі бұтақтарынан жұрдай болып, берекесі қашқан жалғыз ағаш бір сәтке Көбей қартқа мұң шаққысы келді білем, жапырағын әлсіз ғана сыбдыр еткізді. Соны естуі-ақ мұң екен, қарияның көкірегі уылжып жүре берді. Сан жылдар бойы санасына сартап болып ұялаған сағынышын тұсау қайдан мүмкін болсын, Көбей қария да осы сәт босап кетті.
Мына қабырғасы ғана қалқайған ескі үй, жапандағы жалғыз тал, әудем жердегі өзен, тобылғылы сай, қарағанды қыр, тіпті қарқылдаған қарғасына дейін аяулы ғой.
- Қайтейін, - деді Көбей қария бір кезде өзіне-өзі. Бір жақсысы – ұлы мен немересі өзенге қарай кеткен екен, мұның міңгірін естімеді.
Кенет қаңғыған құйын кеп қалды да, қарға атаулыны қалбалақтата ұшырып, алма ағашының жапырақтарын жұлқып өтіп, бір алманы Көбей отырған тұсқа топ еткізді. Кәдімге көк алма. Бала кезінде тісін қамап алса да осы көк алманы қажалап жеуші еді-ау! Сол есіне түсіп, сәл еңкейіп, алманы қолына алды. Балалық шағының дәмін тағы бір татпақшы болып, алманы аузына апара берді де кілт тоқтады. Алма шіріген екен. Әлгіндегі құмарлығы қолмен сылығандай ғайып болды да, шапанының қалтасынан бәкісін алып, алманы орта тұсынан қақ бөліп еді, ішінен жыбыр етіп ақ бас құрт шыға келмесі бар ма?! Көбей қарт сәл тіксініп қалды. Содан соң саусағының ұшымен құртты шертіп жіберіп, алманың бүтін тұсын бәкісімен ойып алды да аузына салды. Қышқылтым алманың дәмі таңдайын дуылдатып, ұзақ талмады. Талмаған сайын алыстан талып жеткен балалық шағының дауысын естігендей, әлденеге елти түсті. Тіпті, дәл қасына келген баласы мен немересінің дауысын да естіген жоқ.
- Ата, өзен жаққа бармайсыз ба, әкем екеуміз балық көрдік, - деді немересі танаурап. Көбей қарт осы кезде ғана есін жиды. Қолындағы бәкісімен алманың шірімеген тұсынан кесіп алып, ұлы мен немересіне ұсынды.
- Туған жердің дәмі ғой, ауыз тиіңдер.
Ұлы әкесінің бергенін аузына атып ұрды да, немересі бар болғыр алманың дәмін ашырқанып, түкіріп тастады.
- Жаман неме, қаланың тәттісіне үйреніп алып...
Атасының айтқанына немересі бас ауыртып жатпай, қалқиған үйдің қабырғасын сүзе тоқтаған көлікке сүңгіп кетті де, атасының қаладан ала шыққан дорбасын алып шықты.
- Ата, тамақ ішеміз бе? Қарным ашты.
- Е-е, айналайын, сөйтейік. Түс ауып барады. Іштеріңе ел қондырып алыңдар.
Талдың көлеңкесіне жайған дастарқаннан Көбей қарт жарытып ас ішпеді. Қолмен үзілген таба нанның шетінен үзіп, ауыз тиді де қойды. Ұлы піскен еттен біраз қарбыта асады, немересі бар болғыр тәттілерді шұқылады. Көбей қарт бет сипап, орнынан тұрды.
- Сендер асықпай тамақтана беріңдер. Мен өзен жаққа барып келейін.
Ауыздары астан босамай жатқан екеуі үнсіз бас изеді.
Таяғына сүйеніп баяу басқан Көбей қарт өзенге де жетті. Әлгіндегі аңқа кептірген аңызақ қыр астында қалып, майда толқынды қуалай жеткен самал жел Көбей қарттың тершіген жүзін баяу желпіп өтті.
Өзен! Өзенім-ай, өзегім-ай!
Көмейіне әлдене тығылғандай болған қарт су жағасына тізе бүгіп, қос алақанымен мөлдір суды көсіп алды. Көсіп алды да, тершіген жүзін бір шайып өтті. Тағы шайып өтті. Тағы да... Шайған сайын туған жеріне деген сағынышы басылардай. Шайған сайын көп жыл бойы көңіліне жиналған кірден арылардай. Шайған сайын...
Көбей қарт су жағасында ұзақ отырды. Өзен мұны ұмытпапты. Өзен де мұны сағынған екен, майда толқындарымен аялай сипады, жағадағы қалың қамыс сыбдыр қағып, сыр айтты, тіпті өзеннің ақ шабағы да мұны көріп қуанғанынан суды шолпылдатып секіруге кірісті.
...Осы жағада бала кезінде де ұзақ отырушы еді. Арманы да көп болатын. Шірк-і-і-н деуші еді сол кезде, арманының түбіне жете алмай алағызып. Сол арманының бәрі де мынау Қосқұдықтағы қоржын тамнан кетіп, үйлері көк тіреген қалаға жетумен аяқталатын. Оған осы бір қоныс дүниедегі көңілсіз мекен болып елестеуші еді. Ал, қазір...
Ойға батқан Көбей қарт қасына келген ұлы мен немересін енді ғана байқады.
- Қайтпаймыз ба, әке?
Ұлының сұрағына Көбей қарт бірден елп ете қоймады. Сараңдау қимылдап, таяғына салмақ сала орнынан көтерілді де:
- Бейіттің басына барып бет сипайық та, - деді ұлына.
Көне бейіт. Бір заманда тастан қаланған төртқұлаққа сиыр сүйкенген бе, кім білсін, шеткі бұрышы ішке қарай опырыла құлаған екен. бейіттің іргесіне үшеуі де тізе бүгіп, Көбей қарт тамағын бір кенеп алып, қарлығыңқы дауыспен құран бастады. Құран оқылып біткесін бет сипасқан әкелі-балалы үшеуі төртқұлақтың ішіне көз салды. Қатар жатқан қос қабір жермен-жексен боп шөгіп кетуге сәл-ақ қалған екен. Арада өткен алпыс жыл тірі жүрген Көбей түгілі о дүниелік болған әкесі мен анасының мәңгілік мекеніне де өз ізін салыпты. Әлде қу жалғызының басына бір келіп құран оқымағанына қорынып, қос тілекшісі жерге батпандай енді ме?
Мына суық ойдан Көбейдің тұла-бойы тыз ете қалып, денесі түршігіп кетті.
Сасқанынан орнынан қалбалақтай тұрып, үстін де қақпастан таудай боп бейіт іргесінде тұрған көлікке қарай жылдамдата басты.
Ұлы мен немересі соңынан ілесті. Айтпақшы, немересі қайтар кезде ескі үйдің іргесіндегі жалғыз талдың біраз алмасын теріп алды. Тіпті, талдың басына өрмелеп шығып, қолы жетпеген тұстағы алмаларды бұтағымен қоса сындырып алды. Сытырлай сынған бұтақ жерге сусып түскен кезде қабырғасын біреу сындырып жатқандай болса да Көбей қарт үндеген жоқ. Тістене жүріп көлікке сүйретіле мінді де, көзін жұмды.
Қалаға жеткен соң да Көбей қарт томаға-тұйық қалыптан шыға алмады.
***
Кенет дәл қасынан маңқ етіп үрген иттің дауысы естілді.
Әлгі үшінші қабатта тұратын көршінің тайыншадай сары төбеті тамырсыз тұрып қураған талдың түбіне сарып тұр екен. Мына сұмдықты көрген Көбей қарт сексен жылдық сабырын ұмытып, қолындағы таяныш боп жүрген таяғын тайыншадай төбетке жіберіп ұрды. Қайраты қайта бастаған қариядан мұндай мінезді сары төбет те күтпесе керек, қураған көшетке сарығанына өкінгендей қаңқ ете қалып, көзден ғайып болды.
Көргені көңіліне сыймаған Көбей қарттың жүрегі атқақтай соғып, маңдайынан сұп-суық тер шыға келді. Орнынан тұрмақ болып еді, төбетке лақтырған таяғы көшеттің кепкен бұтағына ілініп, ақырын ырғалып тұр екен. Орындықтың арқалығынан ұстап, қалт-құлт етіп орнынан тұрып, қос адым жердегі көшетке ілігіп тұрған таяғын алмақшы болып, қолын соза бергені сол еді, тамырсыз тұрып қурай бастаған көшет жерге қарай қисая құлады. Таяғына қол соза берген Көбей қария да көшеттің қасына құлап бара жатты. Көшетте тамыр жоқ еді...
Лақап аты: ПЕГАС
