Біз шағын ғана бұл жазбамызда тәуелсіздіктен кейінгі прозалық шығармалардың идеялық және тақырыптық ерекшеліктеріне тоқталдық. Әрине, осы 35 жылдың бедерінде жазылған бүкіл прозалық шығармаға толыққанды тоқталып өту еш мүмкін емес. Бұл үлкен ғылыми монографияның жүгі болар еді. Мына дүниені баса айтқымыз келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет ұлттық идеяны көтеруде көп рөл атқарды. Әсіресе, әңгіме жанры стильдік және тақырыптық тұрғыдан жаңаша сипат алып, әдебиетке енді ғана келген жас жазушылар кеңестік реализм шеңберінен шығып, адамзаттық аумақта қалам тартуға әрекет етті. Жоғарыда ұлттық идея дедік. Жалпы бұл мәселе алпысыншы жылғылардың да, одан кейінгі алтын көпірліктердің де шығармашылықтарында көп көтерілген мәселенің бірі болды.
Ер мен елдің есімі қашанда пар айтылады ғой. Бұлай болуының өзіндік себептері де болса керек. Кешегі 1986 жылы қанды алаңда «ақырып теңдік сұраған» қазақ жастарының ар жағында өзге де ерлік жорықтарын жіпке тізбегенде І.Есенберлиннің «Қаһары» мен М.Мағауиннің «Аласапыран» шығармалары әлгі өрімдей жастарға өз әсерін тигізбеді деп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламасы анық. Осы желтоқсан оқиғасын айтқанда төмендегі қаламгерлер шығармасына аялдамай кетуге болмайды.
Тәуелсіздікке түрткі болған желтоқсан оқиғасы еліміз егемендік алғанға дейінгі тыйым салынған, «жабық» тақырыптардың бірі болып саналды. Талай қазақтың қыз-жігіттерін қыршынынан қиған, жазықсыз жандардың көз жасынан тұратын бұл тақырыпқа біраз жазушыларымыз қалам тартты. Әңгіме-повестерде аталған тақырыпқа қалам тарқан қаламгерлер деп А.Алтай мен М.Байғұтұлын, Қ.Түменбай мен Ж.Қорғасбектерді айтуға болады.
Мысалы, Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімесінде 1986 жылы сотталып, қоғамнан аластап, шеттетілген, желтоқсан қасіретінің құрбаны болған жас жігіттің тағдыры бейнеленеді. Қаламгер бұл образ арқылы ұлтсыздану мен жаһандану қасіретіне душар болған бір ұрпақтың трагедиясын суреттейді.
Ал Асқар Алтайдың «Прописка» атты әңгімесінің тақырыбы да желтоқсан оқиғасына тиесілі. Әңгіме Арқат есімді жігіттің жеті жылдан кейін өзінің туған ауылына қайтып келуінен басталады. Мұнда келудегі басты мақсаты паспорт алу үшін пропискаға тұру әрі желтоқсан оқиғасына қатысты қудалаудан бассауғалау қасіреті болатын. Мәселе қаладан қуылған қазақ ұлтының наласы мен шері, пропискаға отырудың соры. Алайда бұл жеке бастың қайғысы емес, бүкіл қазақ қоғамының басына түскен ауырпалықтың өзі десек те келеді. Жазушы Қуандық Түменбайдың да да желтоқсан тақырыбына тиесілі «Қобыздың мұңы», «Мұнар күн», «Қазанама оқушы» іспетті әңгімелері бар. Онда желтоқсан оқиғасының зардаптарымен оның адам басына тудырған қасіреттері әңгіме желісінің негізгі арқауы болады.
***
Тақырыбымыз тәуелсіздіктен кейінгі проза болғандықтан, енді осы жерде Сәкен Сыбанбайдың «Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ прозасы» деген мақаласынан бір шымшым үзінді келтіре кетсем деймін.
«...Расында да, әдебиеттің дамуы, өзгеруі, өсуі – ұзақ та күрделі процесс. Ол бірнеше кезеңге ұласып, ондаған жылдарға созылуы да мүмкін.
Отыз жыл – әдебиет тарихы үшін аз ғана уақыт болғанымен, ондағы үрдістердің бағдары мен хронотоптық параметрлерді айқындау үшін жеткілікті мерзім.
Тәуелсіздік кезеңінде өнімді еңбек еткен қазақ прозашылардың легін шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқы лек ішінен әдебиет әлемінде ХХ ғасырдың сонау 60-70-жылдары-ақ әйгіленіп үлгерген Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Қажығали Мұханбетқалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Дүкенбай Досжанов, Кәдірбек Сегізбаев және т.б. сөз шеберлерін көре аламыз. Бұлар тәуелсіздік дәуірінде де қолынан қаламын тастамай, қаншама жақсы шығармалар жазды, оның ішінде, әрине, романдар да, хикаяттар да, әңгімелер де бар. Осы аталған авторлардың бесеуі (Ә.Тарази, Т.Әбдіков, Қ.Мұханбетқалиев, Б.Нұржекеев, Д.Досжанов) 1991 жылдан кейін жазылған шығармалары үшін Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Екінші топқа да әдебиетке сол кеңестік жылдары араласа бастаған, жазушы ретінде кеңінен танылуы өткен ғасырдың 80-жылдарына дөп келген қаламгерлерді жатқыза аламыз: Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Асылбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Әлібек Асқаров, Тұрысбек Сәукетай және т.б. Бұл жазушылардың да шығармашылық белсенділігі тәуелсіздік жылдары еш толастаған жоқ, өз туындылары арқылы бұл буын да қазақ прозасының деңгейін биіктете түсті.
Үшінші топқа еліміз егемендігін алмай тұрып, яғни, өткен ғасырдың 80-жылдары-ақ шығармалары арқылы таныла бастаған, бірақ прозашы ретіндегі бастапқы елеулі табыстары 90-жылдарға тура келетін Рахымжан Отарбаев, Жанат Ахмади, Жүсіпбек Қорғасбек, Талаптан Ахметжан, Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Гүлзат Шойбекова, Таласбек Әсемқұлов, Талғат Кеңесбаев, Құлтөлеу Мұқаш, Әбділдәбек Салықбай және т.б. қосуға болады. Өздерінің жазушылық дарынын тәуелсіздік жылдары дәлелдеген бұл буын ХХІ ғасырда да арынын ірікпей, әдеби процеске белсене араласып келеді.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақ прозасының осы үш буыны қатар қалам сілтей отырып, стильдік және жанрлық тұрғыдан бір-біріне әсер ете отырып, жаңа дәуір прозасының қалыптасуына мұрындық болды» дейді.
Әрине, біз автордың пікірімен толыққанды келісе отырып осы үшінші топқа Асылбек Ықсан мен Дидар Амантайды, Айгүл Кемелбаева мен Нұрғали Оразды қосқан болар едік.
ХХІ ғасырда әңгіме жанрына тағы бір талантты буын өкілдері келіп қосылды. Осы тізімнің санатына Дәурен Қуат пен Қанағат Әбілқайырұлын, Мәдина Омарова, Қойшыбек Мүбәрәк, Үміт Зұлхарова, Дархан Бейсенбек, Әсем Қоспағарова, Жадыра Шамұратова, Әлібек Байбол, Қанат Тілеухан, Бану Дәулетбаева, Арман Әлмембет, Алмас Мырзахмет, Алмас Нүсіп, Мәлік Отарбай, Ләзиза Имашева, Айнұр Шамшейтова, Аягүл Мантаева, Серік Сағынтай, Жәмила Мамырәлі, Мирас Мұқашев, Мәди Алжанбай, Бейбіт Сарыбай, Ерболат Әбікенұлы, Нұрлан Қабдай, Мерей Қосын, Бақытгүл Сәрмекованы, ілгеріде классик Мұхтар Мағауин ерекше пікір білдірген «Дауыс» әңгімелер жинағына шығармалары енген Бақытбек Қадыр, Әлішер Рахат, Есбол Нұрахмет, Досхан Жылқыбай, Санжар Бекжан, Берікбол Батан, Сафина Ақтай, Темірлан Қылышбектерді қосуға болады.
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қаламгерлер бүгінгі әлеуметтік мәселелерді негізгі тақырыбы ретінде алды. Қазіргі отбасылардың ажырасу мәселесі пәтер жалдау жайы да тақырыптан тыс қалмады.
Осы пәтер мәселесін айтқанда Ерболат Әбікенұлының «Пәтер іздеп жүр едік» деген әңгімесі еске түседі. Әңгімеде Алматыны алты айналып, жетім бұрышты жеті айналса да өздеріне лайық пәтер таба алмай сандалған жас отаудың жай күйі сөз болады. Ал, ажырасу мәселесіне келгенде Қанат Тілеуханның «Қайтқан қыз» әңгімесі қаперге оралады.
Қ.Әбілқайырдың «Қағаз қаласын» ащы әлеуметтік сатира десек те болады. Мұнда қазақ қоғамда орын алған көптеген келеңсіздіктер мен әлеуметтік мәселелер қамтылады. Әлем әдебиетіндегі сан қилы тақырыптар да қазақ қаламгерлері арқылы сипат алып, өзгеше дамыды.
Айталық, Мәдина Омарованың «Жұмбақ» өзі пародия деген атау берген қысқа әңгімесі түнгі он екілер шамасында соғылған қоңырау дауысынан басталады. Бір қарасаңыз ішімдікке удай мас адамның дауысына ұқсайтын дауыс иесі
«-Сәлем! Біз... Біз бүгін көлік апатында ұшырадық» деп телефон шалады.
Біз деп отырғаны Берік, Бақыт және белгісіз кейіпкер. Оқиғаның мән-жайын жете түсіне алмаған оның ойына «көлік апатынан адамдар аман қалып па?» деген сауал ғана келеді. Суық сұраққа суық жауап «Бәріміз аман емеспіз». Ол телефон тұтқасын қойған соң жалма-жан орнынан атып тұрып жедел жәрдемге, құтқару қызметіне қоңырау шалады. Қаладан шыққаннан кейінгі көпірдің маңына такси ұстап өзі де жетеді. Шығармада оқиғаның бір сағаттық уақыт екендігін жазады. Десе де әлгі көлік апатынан үшеуі де қайтыс болып кетіпті. Ең қызығы, өлген уақыты - бүгін таңертен. Шығарма тақырыбы осы жерден ашылады. Бір сағат бұрын өзі телефонмен тілдескен жанның таңертең қайтыс болып кеткендігі қалай? Сонда қалай болғаны деген күмәнді ой туады. Мәдина Омарованың осындай готикалық шығармалары кімді болсын бейжай қалдырмасы анық.
***
Тәуелсіздік тұсында туған прозалық туындылар түрлі эксприменттерге баруымен де оқырманның назарын аударады. Бір жағынан қаламгерлердің мұндай тосын тақырыптар мен көркемдік амал-тәсілдерге баруы жаңа заман талабынан туындап отырса керек. Әсіресе шығармада символиканың рөлі ерекше басымдық алды десек те болады. Сөз басында осы 35 жылдың бедерінде жазылған бүкіл прозалық шығармаға толыққанды тоқталып өту еш мүмкін емес дедік.
Енді ойымызды қорытындылайтын болсақ, қазіргі қазақ әдебиеті кешегі саяси идеологияның салдарынан бұрмаланған ұлт тарихын қайта зерделеуде, жалпы руханияттағы (дін, тіл, мәдениет, әдебиет) ақтаңдақтардың орнын толтыруда зор еңбек сіңірді. Ұлттық әдебиеттің саясат құрсауынан (изоляциядан) босап, әлемдік әдеби кеңістікпен ықпалдастығы (интеграциясы) айқын аңғарыла бастады. Әдебиетімізде дәстүрлі реализммен бірге өзге де модернистік, постмодернистік ағымдар мен құбылыстар пар өмір сүре бастады.
Бұл тұста заманауи әдебиеттің тақырыптық аясы айтарлықтай кеңейіп, бүгінгі қоғамның әлеуметтік проблемалары, жаңа заманның тыныс-тіршілігі, оның алып келген жағымды-жағымсыз жаңалықтары қазақ әдебиетінің негізгі тақырыптарына айналды. Олардың иерархиялық қатарынан елі мен жерін қорғаған халық қаһармандарын (хан, би, батыр), дәуірдің кері әсерінен қалыптасқан қоғам кейіпкерлері (қылмыскер, жезөкше, нашақор т.б.), тіпті мистикалық (елес, аруақ, сайтан), діни-мифологиялық (періште, пайғамбар) бейнелерді де кездестіруге болады. Қазіргі әдеби кейіпкерлер жүйесі де типологиялық тұрғыдан елеулі өзгерістерге ұшырады. Бұл тұста кеңестік идеология қалыптастырған жағымды, жағымсыз бейнелер стереоатипі толығымен жоғалды десек те болады.
1991 жылы Қазақстанның өз егемендігін жариялауы қоғамның барлық саласына, соның ішінде ұлттық әдебиетке де өзінің оң ықпалын тигізді. Соның арқасында шеттегі қандастарымыздың Отанына оралу мүмкіндігі туды. Осы жылдар аралығында Иран, Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай тәрізді жат елдерде туған қандастарымыз қазақ әдебиетінде зор қуат болып қосылды. Сондай қаламгерлер қатарынан марқұм Жақсылық Самитұлын, Тұрсынхан Зекенұлы мен Тұрсынәлі Рыскелдиевті, Иманғазы Нұрахметұлы, Бодаухан Тоқанұлы мен Абай Мауқараұлы іспетті аға буын қаламгерлер есімін айтпай кетуге болмайды. Осы шеттен келген қаламгерлер тізіміне қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген, замандасымыз, Ғалымбек Елубай есімін де ерекше ілтипатпен қосқан болар едік...
