Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Төкен Әлжантегі. Әділін айтар сыншы жоқ...

Төкен Әлжантегі. Әділін айтар сыншы жоқ

30.03.2026

181

Төкен Әлжантегі. Әділін айтар сыншы жоқ - adebiportal.kz

Алдымызда жазушы Төкен Әлжантегінің былтыр «Алматы- Болашақ» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Ажал айтып келмейді» атты кітабы жатыр. Кітапқа он бес әңгіме мен шағын романы енген екен. Біразын оқыппыз, әсіресе, романы есте қалыпты. Бұндағы «Пандемия сілікпесі» осыдан бес-алты жыл бұрынғы елдің басында болған дүрбелеңді қайтадан көз алдыңа әкелсе, одан кейінгілері автордың өз сөзімен айтқанда: «бір басындағы адам жөппелдемеде түшкіріп қалса, екінші басындағысы жалма-жан «Жәрәкімалла» деп тілек қосатын шағын қаладағы» «Қызметтегі келіншектен» бастап жалғасып жүре береді. Адам өз өмірін өзі сыртынан қарап тамашалағандай әсер. Бұның ішінде «Адасқан махаббат та», «Атасының басын іздеген Қораш» та, «Әруақ атқан Пүшән» да, ел ішінде делқұлы атанса да ақырында ауылдағы жыр болған көпірдің салынуына себепші болған Дүйсен де бар. Солай. Адам байгұс кейде «Қайыңдының көкпарын» тамашалап яғни «Алданыш жетегінде» жүріп, кейде «Шыңыраудан шыққан шындықты» іздеп жүргенде... ақыры бір күні «Ажалдың ойынына» тап болады,  өйткені, «Ажал айтып келмейді». Айтпақшы, біздің осы кезең, дәл осы уақытты көркем шығармадан оқығысы келетін оқырманға айта кетейік, Қаңтар оқиғасын еске салатын «Тамырымен жұлынған өрік ағашы» да осы жинақта. 

Кезінде Халық  жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Мұзафар Әлімбаев: «Кемеңгерлікке ұмтылыс уақыт кеңістігінің келешегісіне де, бүгінгісіне де терең үңілудің айғағы емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда Төкеннің өз шығармаларындағы толғаныстары мені қатты ойлантты. Автордың айтқыштығына шынында да сүйсініп отырасың. Мысалы, «Құшақ көрмеген қыздай, қылық алмаған арудай кірпияз.» Осы психологиялық мінездемеден көз алдыңа қандай жанды сурет елестейді»,  – деп пікір білдірген екен. 

Біз кітапты оқып болғаннан кейін жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері Төкен Әлжан ағамызбен сұхбат құрған едік. Әуелгі сұрағымыз ағамыздың сазгерлігіне қатысты болды. 

 

«Жаңаарқаны» Моңғолия мен Қытайда да шырқайды

- Төкен аға, сізді білетіндер, оқитындар жазушы деп таниды, бірақ, сазгерлігіңіз бөлек бір қырыңыз. Атақты «Жаңаарқа вальсін» естімеген қазақ аз шығар, өзіміз әнші Қарақаттың орындауында тыңдадық, бұл белгілі бір мекенге арналып тұрғанымен, ел мен жерге деген махаббат сыйып кеткен, сөзі  мен сазы үйлескен ән. 

– Бала күнімнен өнерге жақындау болдым десем сенер ме едіңіздер? Мысалға: төртінші класқа көшкенде домбыра, сырнай, мандолин тартуды үйреніп алғанмын. Одан әрі екі қатарлы гармон, сосын кәдімгі баян тартуды меңгеріп мектептің, тіпті ауылдың баяншысы болғанымды қазір біреу білсе, біреу білмес те.  Одан кейін жоғарғы класқа шыққанда кәдімгі спортшы атандым. Сол кездегі Жаңаарқа ауданы палуандарының өткен ғасырдың алпыс, жетпісінші жылдары республикада шоқтығы биік тұрды ғой. Міне, соның бір шетінде мен де жүрген едім. 52 келі салмақта күрестім. Жықтым, жығылдым, әйтеуір көштен қалып қоймағаныма тәубә. Екі рет республикалық жарыстарға жолдама алғаным да бар. Ал, ән жазуға келгенім...

1982 жылы «Жаңаарқа» ән-би ансамбліне көркемдік жетекші болып жұмысқа орналастым. Жаңа бағдарламаның жобасын жасап дайындыққа кірісіп кеттік. Кәдімгі үйлену тойы. Содан, қорытындыда Исрайыл Сапарбаев ағамыздың «Ғашықтар әні» деген әнін жаңадан үйленіп жатқан жастар қосылып айтады. Осы тұста бірдеңе жетпей тұрды. Не дейсіз бе? Не бір дүлдүлдер шыққан жер туралы бір ән жоқ екен ғой. Масқара!

Ойланып жүргендікі ме, бірде өзімізбен бір командада күресіп жүрген Серғазы Зекенов деген азаматтың үйіне бара қалдық. Әйелі жаңадан босанған. Қоржын үйде тұрады. Содан шай ішіп отырғанда қолыма домбыра түсіп, соны тыңқылдата бастағанымда әлдебір әуеннің жобасы келгені. Әріде, бәрін тастап екінші бөлмеге өттім. Әйел бала тербетеді, мен әуенмен әлекпін. Не керек, таңғы төртке дейін ән дайын болды. Ертеңгілік дайындыққа келгендердің алдында айтқанымда ұжым бірден қабылдады. Солай шыққан ән бұл. Қазір Қазақстан тұрмақ сонау Монғол, Қытайдағы ағайындар арасына да кең тараған ән. «Дос» деген топ, Ұлболсын Кенжебай деген әншілер, тағы басқалары орындайды. 

–   Осы жерде алдымыздағы фотосурет  жайлы айтыңызшы.

Мына жерде мен «Жаңаарқа вальсін»  орындап тұрмын. Бүкілодақтық фестиваль лауреаты деген Москвадан алған медалім де бар ғой.

– Ол қай жыл?

1987 жылы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атағын алғам.

– Осы кезге дейін қанша ән жаздыңыз?

– Әндерім көп емес. Оншақты ғана. Әйткенмен далада қалып қойғаны жоқ. Соған шүкір деймін.

–    Сізге осындай ән жазсақ деп тапсырыс беретіндер бола ма?

– Болды. Солтүстіктегі «Қызыл ту» ауданының бір азаматы «Мен композитор емеспін ғой» дегеніме қарамай қолқа салып қоймады. Ақыры «Сүйемін сені, туған жер» деген ән өмірге келді. Қазір домбырамен жеке де, оркестрмен де орындалып жүр. Ал, «Балқаш вальсі» менің өз қалауыммен жазылды.

–   Сіздің бұдан бұрынғы эсселер топтастырылған кітабыңыздан Қорабай Есенов туралы дүниеңізді оқып едім, өзіңіз сазгерлермен араласасыз ба?

- Туған жерім Жаңаарқа маған разы шығар, осы жердің тумалары аталық Нияз батыр, Мамадайыр-Мамашық Өмірзақ батыр, дара әнші Игілік Омаров, қазаққа есімі әйгілі Қорабай Есенов, әнші Қарақойшы Мұхамедин туралы жеке-жеке әдеби шығармаларды дүниеге әкелдім. Бәрі де әдеби ортада жақсы бағаланды. Әні тағы бар. Біреулер айтады екен: «Осы әні үшін Төкенге ескерткіш қою керек» деп. Мен ойлаймын, «Оны білетін бала қайда» деп. Ескерткіш қоймаса қоймасын, атың жақсылар тізімінде жоқ болғасын не шара... Біз, қазақтар, өзі сондаймыз ғой.

Тіл ұшында тұрғанды айтып қалайын – Жаңаарқа ғана емес, Ұлы жүз Дулаттан шыққан, байдың ақыны деген желеумен кезінде тізімнен өшіріліп қалған Сарбас ақын, Керей Сегіз Сері туралы да кесек-кесек дүниелер, яғни романдар ұсына білдім. Олар да үлкен-үлкен жазушылар, ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алды. Ендеше, бұл да тегіннен тегін қалам ұстап жүрмегенімнің дәлелі шығар.

Ал, әлгіндегі сазгерлермен араласып тұру туралы айтсам, мен өзі қайда да жеке жортқанды қалайтын адаммын. Көп жағдайда ешкіммен аралас құраластығым жоқ. Ол үшін ешкім сөкпес те.

Өмірден көргені, түйгені шамалылардың қаламы қаптаған мұңнан арылмайды

–   Сіздің өлең де жазатыныңызды да білеміз, кейде әлеуметтік желідегі парақшаңызға салып отырасыз. О баста әдебиетке өлеңмен келген де шығарсыз, бірақ, осы күнгі жас ақындардың өлеңін қабылдамайтыныңызды айтасыз. Осының себебін айта аласыз ба?

– Кейінгі кезде өлең жазуды ермек деп түсінетіндер көбейіп кеткен сияқты. Өзің қара, салыстыр – өмірден көргені, түйгені шамалылардың қаламы қаптаған мұңнан арылмайды. Олары қарасы, көгі, қызылы, сарысы бар – бір сөзбен айтқанда түс-түске бөлініп кеткен. Мен таң қаламын, мұң дегенің бір ғана мұң ғой. Оны неге жіктейміз, жіліктейміз? Мұны айтсаң кейбіреудің сылтауы да дайын. Сөйтсек, ана бір ақын «қара мұң» депті, мына бір ақын сөз арасында «сарысын» қолданыпты т.т. Мен айтамын, «сол ақындарың өзінің пенде баласы екенін мойындап отырғаны ғой» деп. Өйткені, пенделер шатасып қалады. Соны шаймақ болып артынан «пендеміз ғой» дейді күрсініп. Мына бір сөзге назар аударыңыз. Мұны аты бар бір үлкен ағамыз айтқан екен: «Күншілдіктің шабалаңдаған күшігінің әупілі алыстан шықса – құлағыңды, жақыннан шықса – балағыңды тістейді, бірақ бәрібір жүрегіңді жаралайды». Осы сөз шындыққа жата ма? Жатпайды. Тыңдаңыз, «әупіл» күшікке телінбейді. Бұл үйінен асқан овчарка т.б. иттерге де келмейді. Бұл таза ауыл, қора күзететін, айбары басым төбеттерге қарата айтылатын сөз. Төбет көп үрмейді, анда-санда бір «әуп!» деп дыбыс салады да жата береді. Сөйткенмен сол дыбысының өзі маңайына айбар.

Тағы айтсам, қазір таза лириканы шам алып іздесең де таппай сарсыласың. Ал, поэзияның жаны – лирикада емес пе! Мысал керек пе? Алысқа және көпке бармай-ақ, кейінгі кезде аты шығып жүрген Ақберенге назар аударайын. «Ешкімге де бермеймін сұрамасын, Сұрамасын жанымның мұнарасын» – дейді ол. Қызға, қыз болғанда да сүйгеніне қарата айтылғаны деп түсіндім. Бірақ... Сол сүйгені адам ба, әлде зат, не бұйым ба, айырмай далмын. Олай болатыны, ғашығыңды әлдекімге сұраса беріп, не бермейтін ол зат, не бұйым емес қой. Мұның өзі сөзге мән бермейтінімізді көрсетеді.

Мен шығармашылықты өлеңмен бастағанмын. Өлең түгілі поэма да жазған адаммын. Және қазіргі жазып жүргендердің 90 пайызынан жоғары тұратынымды білемін. Оны мына өлең дәлелдесе керек. Ұзақтау болса да саған оқып берейін:

Қар – көбелек, қиял – қыз

Қар жауып тұр далада,

Қар жауып тұр,

Ақ мамыққа оранды жарлауыт, қыр.

Ақ көбелек ауада қалбаңдайды,

Тарқатқан соң базарын сайрауық кiл.

 

Көгiлдiрiн көңiлдiң тау асырып,

Таралғысын тартқан күн таласы нық.

Терезеден телмiрем терiскейге,

Жаным сынық,

Бүрсеңдер. Дала суық.

 

Ұшпақтасаң ұстатпас ұшқыр ағын,

Қандыра алмас адамзат құс-құмарын.

Ауысымдар санаға сiңiредi,

Жаз соңында қытымыр қыс тұрарын.

 

Ой мазалап тыншытпас қапталға өрiп,

Ойсыл қара күш алар от барда ерiк.

Телмiремiн әйнектен терiскейге,

Жаным жауып жатқандай ақ қар болып.

II

Ғажап, ғажап!

Не деген керемет күн!

Арасында қалқимыз көбелектiң.

Ақша жүзге қонақтап қар еридi,

Бiрақ оны дәл қазiр елемек кiм.

 

Шымыр ауа жиып ап шымшымағын,

Жая салған жаһанға сыр шуағын.

Қыз қарайды елiктей ерке назбен,

Су-су беттi сүюге құлшынамын.

 

Мүдiруi көп бүгiн қашпағынан,

Қас-қағым сәт – 

естi алар қас-қағым ән.

Ерiндерден тараса шырын бойға,

Нұр боп тамар тамшылар шаш талынан.

 

Демiкпе бар,

Сөзден де сыбыр өтiм,

Тiл жеткiзбес ол күннiң сүгiретiн.

Жанарымен жүрекке жалын құйып,

Мойындатқан махаббат құдыретiн.

 

Мойындағам бәрiн де – 

Басымды иiп,

Байлап бергем жанымды асылға ұйып.

Бiрақ, бiрақ...

Танытқан басымдылық,

Уақытқа жүгiнген басылды үмiт.

 

Қойған дейсiң бақытын шегелеп кiм?

Елес бүгiн сол бiр шақ, керемет күн.

Қайран сезiм қарасын көрсетпейдi,

Қанатында кеткендей көбелектiң.

 

III

Адастырған сананы қызық көп-тi,

Жер баспай-ақ ұштық бiз сүзiп көктi.

Бас айналған бақыттан шақта марғау,

Үп еткен жел бәрiн де үзiп кеттi.

 

Үп еткен жел

Демiнде ызғар басым,

Сыз алды өмiр дүние сызданғасын.

Қар – көбелек қалбаңдап шыр айналды,

Қылықты қыз үмiттiң үздi арнасын.

 

Уақытқа кiм баспақ жүгiнiсiн?

Жалған деймiз,

Жалғанның дүбiрi шын.

Қар жауып тұр далада,

Қар жауып тұр,

Соны көрiп қылп еттi бүгiн iшiм…

Өздері ешкімді оқымайды

Бұл өлеңіңіз қардың жауған сәтін суреттеуден бастап өмір жайлы толғаған өлең екен. Бағасын «Әдебиет порталының» оқырмандары бере жатар, біз әңгімені өзімізге жақындау прозаға бұрсақ.  Сіздің Желтоқсан оқиғасы жайлы романыңызды оқыдық, жалпы әңгімелеріңізді де оқыдық, оның ішінде кешегі ковид кезеңі де, былайша айтқанда осы елдің еңбек көрігін қыздырған кездері, одан жекешеленгені, жұмыссыздықтан дағдарып арақ ішкені, бір мезет тәубеге келгені бар, бір сөзбен айтқанда қазақтың бастан кешкенін, өткергенін жазасыз. Оның арасында көзі тірі кейіпкерлеріңіз де бар шығар? Прототиптер жайлы қызық деректер айтып беріңізші. 

– Қазақ әдебиеті қызық әдебиет. Қалам ұстағандар одан да қызық жағдайда. Өздері ешкімді оқымайды. Сөйтеді де өздерінше тон пішіп отырады. Нешеме жыл бойы «Қаламгерлер бүгінгі күннен алыста» деді байбалам салады. Неге алыста? Кейінгі кезде жазылған, мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Елең-алаң жалған-ай», «Ебіл-дебіл дүние» деп аталатын менің кітабымда осы байбаламға қарсы шығар шығармалар жетерлік еді ғой. Шым-шытырық тоқсаныншы жылдар, алай-түлей екі мыңыншы жылдар дүрбелеңі, ауыл тұрмысы, қалың қазақтың мұңы – бәр-бәрі тұрған жоқ па осы кітаптарда? Көрмеген. Көрмейді де. Өйткені, қазіргі жазушылар өзінің жазғандарын оқудан аспағандар. Асқандары да бар шығар, дегенмен олар жолдас-жоралары, көңілдес-көңілжықпастықты айналып қалғандар. Шын мәнінде жазушының міндеті өз заманы, өзі тіршілік кешкен ортадағы айтулы жағдайлар тізбегін келер ұрпаққа ұсына білу ғой. Біз осы үдеден шыға алдық па? Жоқ. Кешегі күнмен әуеспіз. 

Тарих дейміз де ағаларымыз салған соқпақты жағалаймыз келіп. Ең құрымаса оған қосып-алар да таппаймыз. Соның салдарынан қазақ пен жоңғардың арасын шаңдатамыз келіп. Басқа дүниелерді жылы жауып тастағанымызға неше ғасыр. Шын мәнінде кезінде қазақ қалмақпен ғана емес, қырғызбен де, орыспен де, қытаймен де шабысты ғой. Басқасы да жетерлік. Бірақ айтылмайды. Бәлкім өреміз жетпегенінен...

Прототипке келсек, бақытымның өзі сонда, мен өз кейіпкерлерімнің арасында тіршілік кештім, тас қабырғалардан қашықта әлі кешіп келемін. Қазақы тұрмыс-тіршілік, қазақы психологиядан тысқары қалмағаныма қуанамын. Қаланың қасаңдығына көндіккен емес, ен дүниенің арасында ауызын ашса көмекейі көрінетін жандардың қасында жүргеніме тәубә деймін. Прототипім солар.

–   Өзіңізді дәстүрлі әдебиеттің өкілі деп есептейміз. «Әке – балаға сыншы» дейді, қалай ойлайсыз, қазіргі авторлар дәстүрді жалғастырып отыр ма, әлде одан саналы түрде бас тартып отыр ма, бұның арты әдебиетке нендей өзгеріс әкелуі мүмкін?

– Менің жаным жаңашылдықтан гөрі ескішілдікке жақ болуы мүмкін, Коэльодан гөрі Стендальді, Камюден гөрі Мопассанды жаныма жақын тұтатыным содан шығар. «Мүмкін», «шығар» деп отырғанымның екінші астары да болуы ғажап емес. Бұрынғы күн аудармашылары мен бүгінгі күн аудармашыларында сәйкессіздік, алшақтық байқалады. 

Бұрынғылар тілге бай, сөзге жатық болушы еді, қазіргілер «тоқ-тоққа» үйір көрінеді. «Тоқ-тоқ» дегеніміз не? Сөзді тік мағынада, қарадүрсін қолдану. Бұл «Алхимикті» оқығанда да, басқа аудармаларға жүгінгенде де қара салады. 

Осыған сайысақ, аудармадан былай да қазіргі жастардың бәрін оқыдым деуден аулақпын, қолыма түскендерін бір қарап шығу дағдымда бар.

 

 Солардың арасынан әсіресе көңілімді аударғаны Абай Аймағамбеттің «Жұлдыз» журналында жарияланған «Толқынды күткен бала» романының үзіндісі болды. Шығарма басталған бетте жатық тіл, жарытымды образдар, жазушы стилі – бәрі үндесіп тұрғанына сүйсінгендей едім. Ал, оқуды аяқтағанымда есіме Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» түссін. Мынау тап сол ұлы шығарманың екінші варианты екен-ау деген күдіктің мазалағаны жасырын емес.

Әдебиетте қызғаншақтық бар

–  Қалай ойлайсыз, осы күнгі біздің жаңа деп жүргеніміздің өзі шын мәнінде ескі иедялардың заманауи нұсқасы емес пе? Әлде шынымен де жаңа нәрсе байқайсыз ба?

– Қазіргі әдебиетте қызғаншақтық бар, қызғаныш басым ба деп ойлаймын. Тіпті ұшқалақтық тамыр жайып алғандай. Өйткені, жақсы дүниелер көзден таса қалып қояды да, өзін-өзі жарнамалаған жолбикелер жарып шығып жатады. Бұл, мүмкін, топтық әдебиеттің нышандары шығар? Мүмкін, жеңілтектік пен жасандылықтың өріс алып бара жатқанынан болар, әйтеуір құлашты кеңге салар дүниелерді аңсайтын күнге жеткенімізді бағамдаймыз. Суреттеулер, болмысты табиғи жаратылыспен астастыра  жырғау жетіспей жататыны содан. Соның салдарынан кейбір шығармаларда адамды, оның мінез-құлқын танымайтын қалге жеткендейміз. Осының өзі-ақ заманауи өзгерістердің ескіге деген сағынышын байқатса керек. 

Біз заманмен бірге алға жылжығанымызбен ескінің құндылықтарынан нәр алатынымызды түсінуге тиістіміз. Басқаша жағдайда оқырмандарымызды тәрбиелемек тұрмақ, олардан айырылып қалатын күйге түскенімізді мойындауға тиістіміз. Негізі идея деген жасампаздыққа бастауға көш түзеу керек болса, адамзаттың керіге бет бұрғаны, әрине, өкінішті жағдай.

- Тәрбиелеу демекші, бұрын әдебиет тәрбиелейді деуші еді, қазір әдебиеттің міндеті –  адам тәрбиелеу емес дейтін болды ғой.

- Негізі адамды тану үшін әдебиетпен дос болған дұрыс қой. Әдебиет адам жанының бағбаны деп түсінген дұрыс.

–  Сонда бүгінгі мәтін мен классикалық шығарманың түбегейлі айырмасы неде болып тұр? Бір сөзбен.

– Анықтық пен қанықтықта. Классика табиғи болмыс пен шындықты мұрат тұтса, бүгінгі мәтін ертегі мен аңыздың айналасында қалып қойған.

–  Сонда қазіргі әдебиет адамды қалыптастыра ма әлде оқырманға бейімделе ме? 

– Шынымды айтсам бүгінгі әдебиет осының қайсысына қызмет ететінін біле алар емеспін. Бәлкім, оны келешектің балалары айтар. 

 

«Меценатың» – әдебиетке жасалған нағыз кесапат

–  Сіздің «Меценат» байқауы жөнінде сыни пікір білдіргеніңізді білеміз. Бұл байқаудың бағалау тетіктерін жетілдіруге бола ма, не ұсынар едіңіз? Өзіңіз де бірталай байқаудың жүлдегерісіз. Жалпы байқаулардың шарттары көңіліңізден шыға ма?

– «Меценатың» – әдебиетке жасалған нағыз кесапат. Түсіндірейін. 2023 жылы шешем қайтыс болды. Содан  қонағасысын бердік, жаназасын өткердік. Енді қырқын атап өтерде, сонсын жылын бергенде әлгі жаназа барысында құдайыға жиналғандарды тағы да шақыру керек емес пе, сол мәселеде қайраңға шығып қалған балыққа ұқсағанымыз жасырын емес. Дәптерге тіркелген анаған да, мынаған да телефон шаламыз, біреуі жауап бермейді. Осыны айтқанымызда кейбіреулер бізді мазақ еткендей кәдімгідей күледі. Сөйтсек жұрт қорқынышта екен. Телефонға жауап беруден қорқады. Алаяқтар деп ойлайды. Әбден үрейлендіріп тастаған. Ал, осындай жағдайда кім сенің жазған шығармаңа дауыс бергендей? Берген күнде кейіннен тексерген қосымша қоңырауыңа кім жауап қатқандай?

Алғашқы байқауға менің де қатысқаным бар. Кейіннен «Жұлдызға», одан кейінде кітапқа шыққан Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың, соның зардабын тартқан жандардың тағдырын суреттейтін романмен. Не болды? Жеме-жемде екі мыңдай ма екен дауысым алынып тасталыпты. «Телефон шалдық. Жауап бермеді» – деп түсіндірді оны ұйымдастырушылар. Ал, бас бәйгені алған шығармаға тіпті Жан Пьер Белмондо деген француз да дауыс қосыпты. «Француз дауыс берсе «Күлпеттің» мықты болғаны ғой» дедік те қойдық.

–  Қазір не жазып жүрсіз, жалпы сіз жазуды жоспарлы жұмыс деп түсінесіз бе, әлде... жазбасаңыз отыра алмайсыз ба? Жазуға деген мотивацияны қайдан аласыз?

 – Мен жазғым келсе ғана жазамын. Бұрында да, қазір де солай. Қасиетім – жанр талғамаймын. Кірісіп кеткенімді бітірмей тағы тыныштық таппаймын. Өлең дедік, проза дедік, ән дедік, солай отырып драмаға баратынымды да ұмыт қалдырмайын. Драмаларым Семейдің Абай, Атыраудың Махамбет, Қарағандының Сәкен, Жезқазғанның С. Қожамқұлов атындағы театрларында сахналанғанын көңіліме тоқ санаймын. Сонымен қатар, балалар әдебиетіне де ат басын бұрып қоямын. «Дарабоз», «Айбоз» сыйлықтарын алғаным өз алдына бір төбе. Бұрын балаларға арнап прозалық кітап шығарсам, тап осы сәтте өлең кітабын дайындап жатырмын. Сәтін салса келесі жылдың еншісіне бұйырар деген үмітім бар. Мынау соның бір тұтамы:

Өкен

 «Бу-у-уп, буп-буп –

Болыңдар сақ сендер.

Тук-а-тук, тук-тук,

Жүйткимін –

жол бер.

 

Тауды тау демей, 

Асамын тез-ақ.

Нуды ну демей

Басамын,

Ғажап!

 

Жарысам желмен,

Табаным темір.

Шапағат өрген,

Қызық қой өмір.

 

Бу-у-уп, буп-буп,

Болмаңдар күпті.

Тук-а-тук, тук-тук,

Мықтымын, мықты!

 

Бұлдырар жолда,

Сандаған мекен.

Қанағат барға –

Бәрінен өтем.

 

Бәрінен өтем,

Жеткізем.

Жетем.

Алғысын айтар,

Тәтем мен көкем.

 

Алғысын айтар

Жақын да, алыс.

Дамыл жоқ менде,

Күн бе күн шабыс.

 

Мазам болмайды,

Қызбаса шекем.

Демеңдер бөтен».

Бұл кім?

Бұл – Өкен.

- Бұныңыз пойыз болып ойнап жүрген бала туралы өлең екен. Балаларға жазу жайлы ойға қашан келдіңіз?  Бір жағдай әсер етті ме әлде соңғы кездері балалар әдебиетіне көңіл аудара бастағаннан ба?

- Ең алғаш әрқайсысы жарты бетке жетпейтін 3 әңгіме жазып немереме оқып бергенде оған ұнады. Сол үш әңгімем кейіннен «Дарабозды» алды. Осылай басталды. Негізінен Қарағандыдағы көршілерім орысы бар, қазағы бар жақсы біледі, аулада балаларды жинап алып футбол ойнайтынмын. Соған дағдыланған кішкентайлар менің сыртқа шыққанымды күтіп жүреді екен ғой.

 

-  Енді, аға, білгіміз келгені сіз алдыңыздағы кімдерді рухани жақын, аға тұттыңыз? Өзіңіз кейінгілерге  қандай ағасыз?

– Кейінгілерге қандай аға болғанымды іні, қарындастарым айта жатар. Ал, алдымдағы ағаларыма өкпем жоқ. Ешқайсы өңменімнен итермеді. Ақаң – Ақселеу Сейдімбек алғашқы жинағымды шығарса, Т. Айбергенов сыйлығын алуыма Қалағаң – Қалихан Ысқақ дәнекер. Сонымен қатар Өмір Кәріп ағамды ұстаз тұтсам, марқұм Дәуітәлі Стамбеков, Аманхан Әлімді әрі аға, әрі сыйлас, пікірлес дос санадым.

– Ана жылы 70 жасыңызды атап өтпедіңіз, кітаптарыңыз да ізін суытпай баспадан жарық көріп жатады, бірақ, таныстыру өткізе бермейсіз. Бұл қаламгерлік ұстаным әлде ұстамдылық па, басқалай себебі бар ма?

– Ел 40 жылдығын да атап жатыр ғой, мен 50, 60, 70 жасымды жарнамаламадым. 70-ке келгенімде балаларым тойханаға бастапқы жарнасын төлеп орынды алып та қойған екен, келісімімді бермедім. Неге? Жасандылықты жаратпадым. Жиналғандардың өтіріктен өтірік мақтағанын қаламадым. Жақсымын ба – былай-ақ айтсын. Оның үстіне Жазушылар одағы, туған жерім ишарат жасамады. Жанталаса жүгіріп жүргендерге жайылып сала беретіндердің өз-өзінен тарылғандарының маған бес тиынға керегі жоқ еді. Ақыры өз дастарханымда бала-шағаммен мәре-сәре болдым да бәрін жинақтадым.

Осы күнге шейін жиырма кітап шығарыппын. Алған марапаттарым да жетерлік. Солай бола тұра бір кітабымның тұсаукесерін өткізбедім. Жаратқан ие бергенінен айырмасын! Бәріне қанағат! 

Кейінгі уақытта бір ой мазалап жүр. Бізде сын жоқ қой, оны жазар сыншы жоқ. Әділін айтар сыншы. Олар таса-тасаға бұғынып қалған. Салдарынан әдебиет алыста, тым алыста адасып жүргендей әсер береді. Осыған орай, әзірге жеке тырбаңымды сәл тоқтата тұра әдеби сынға ойыссам ба деген ой мазалайды. Күшім жеткенше қалам тартармын, жетпесе оны да көре жатармын. Әйтеуір, әдебиетке пайдам тисе болар да. Аман болайық, ағайын.

- Әңгімеңізге рахмет, аға..

Қаламдас лебізі.

Толымбек Әбдірайымұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

- Т.Әлжантегі төрт романның авторы. «Қыс-қиғаш тіршілік», «Сегіз сері», «Сарбас ақын», «Ақ-қараның арасы» сияқты шығармалары оқырмандарының жүрегіне жол тапқан туындылар. 1988 жылы «Жалғыздан қалған тұяқ» повесі үшін Т.Айбергенов атындағы сыйлық иегері атанса, 2000 жылы «Жалғанның жанды қуыршақтары» повесімен Халықаралық бәйгенің жеңімпазы деп танылды. «Алма-кезек дүние», «Аңыз албарындағы ғұмыр», «Арландар апанында өлмейді», «Жалғыздан қалған тұяқ», «Бұлақтар күліп ағады», «Балдан тәтті ғұмыр» т.б. повестерінде жазушы өмір ақиқатын көркем тілмен боямасыз суреттейді. Адамның күрделі жан сезімдерін, көзге көрінбейтін терең иірімдерін айқара ашады. Өмірде кездесетін қарама-қайшылықтар, күштілік пен әлсіздіктің, тәкаппарлық пен шарасыздықтың теке-тіресі бар бұл туындыларда.

Адам ойына келе бермейтін өрескел, қажет десеңіз күнә істерді жасайтын ардан безген жандар ғой. Тойға барған кісінің ақшалай-заттай сыйлық жаксайтыны рас. Ал тірі жанды «сыйлық» етуді біреу білер, біреу білмес. «Сыйлық» әңгімесінде дәл сондай «тірі сыйлықты» көреміз. Ол «сыйлықтың» есімі – жиырманың ол жақ, бұл жағындағы сүп-сүйкімді бойжеткен – Назгүл. Жұмысқа жақында ғана тұрған жас қызды басшысы: «Мына мекен-жайға, мына кісінің алдына барасың да «мен сыйлықпын» дейсің. Болды. Қалғанын, жағдайға қарай, өздері шешіп алады» - деген соң келіпті.  Яғни, «сыйлық дегеніміз – қолжаулық». Той иесі қалай пайдаланса да, неге пайдаланса да өзі біледі... Сұмдық! Сүйенерлік тірегі жоқ, қорғансыз жас қызға жасаған мазақ! Қорлық! Әңгіме соңында еш нәрседен хабарсыз, баладай сенгіш жас қыздың той иесі «бостың» шақыруымен кетіп бара жатқанын көресіз. 

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan