(сапарнама)
Туған жер – тұғырым
Рухани жаңғыру
«Атам қонған ен далам...»
1.
Қыркүйек айы. Күн тамылжып тұр. Түс ауа Семейден шыққан жолаушылар пойызы Алматы бағытына қарай зулап келеді. Вагон терезесінен көсіле жатқан кең өлкеге көз тіктім. Аласа төбелер мен жусанды дала сырғып, қалып барады. Дархан даланың ұшы-қиыры жеткізер емес. Анда-санда төбе басында, болмаса жол бойында көрінген өлілер мекені – бейіттерге қарап, аруақтар рухына Алладан рақым тілеп, бет сипаймын.
Туған елге жылына бір рет жол түседі. Онда да белгілі себеппен. Бұл жолғы сапар барысы – Аягөз ауданының 90 жылдығына қатысу, дәм тартса ел аралау.
Қазақстанның қай өлкесін алмаңыз, шежіре-сырға толы. Аягөз ауданы да солай.
...Аягөз – деген – аядай бұлақ деседі,
(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?)
Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,
Ая, көз, ая – Арулар елі кешегі!..
- деп Мұқағали Мақатаев жырлаған АЯГӨЗ арулардың ғана емес, батырлар елі, абыздар елі, ақындар елі ежелден...
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар, - деп атап көрсетеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында. – Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс...»
Аягөз – ел бастаған көсемдердің, сөз бастаған шешендердің, қол бастаған батырлардың мекені. Бүгінгі Аягөз қаласының іргесінде Мамырсу өзені бойында, ұлы Абылайхан ордасын тігіп, Хан Кеңесін өткізген. Дәл осы жерден, қу дауысты Құттыбай би бастаған бір топ елшіні Бежінге аттандырып, қытай-қазақ дипломатиялық қарым-қатынасы жасалған.
Аягөз – Еспембет батырдың туған жері. Аягөз – Қаракерей Қабанбай туы астына біріккен, Жоңғар шапқыншылығында жойқын ерлік көрсеткен Шынқожа, Бөдес, Бигелді, Бижігіт сынды батырлардың отаны.
«Аягөзде бір тамырдан тараған екі үлкен мектеп бар. Билер мектебі және ақындар мектебі. Жеті атаға созылған билер мектебі: Нар дауысты Нарынбай - Қу дауысты Құттыбай – Байғара – Ақтайлақ – Кеңесбай – Жарқынбай - Жұмахан болып жалғасса, ақындар мектебі: Ақтамберді, Ақтайлақ, Сабырбай, Кеншімбай, Әріп болып кете береді, - деп жазады қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділов. – Мұндағы Нар дауысты Нарынбай – Әз Тәуке заманында Ташкентке бек болған адам. «Жеті жарғыны» жазысқан атақты билердің бірі. Оның ұлы Қу дауысты Құттыбай – Абылай ханның арысқа салар абызы, 1760 жылы қазақ ордасының атынан Еженханға елші боп барған кісі. Ал одан өрбіген Байғара мен Ақтайлақ та – ұлысқа билік айтқан аса ірі билер. Ақтайлақ билік пен ақындықты қатар ұстанған. Құттыбай атасынан кейін арада он үш жыл өткенде, 1773 жылы Бежінге елші болып барған... Бірақ, бұл да ештеңе емес, ең ғажабы, жеті атаға созылған жаңағы билер мен Ақтамберді, Ақтайлақ, Дулат бастаған Сыбанның он жеті ақыны – Жанкөбек, Бикөбек, Бөрікбек деген ағайынды кісілерден тараған немере-шөберелер. Бұл қай елдің болсын тарихында сирек ұшырасатын құбылыс. Рекордтар кітабына жазылатын ғажайып генофонд. Бүкіл ұлт болып мақтанатын нәрсе...»
Дулат Бабатайұлы бабамыз:
«...Аягөз, сенің бойыңда,
Несібе, ырыс тегіс қой,
Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың – малдың кіндігі,
Ойың – өнім егіс қой,
- деп туған жері – Аягөзін жүрегі елжірей отырып жырласа, келесі бір өлеңінде:
Жоның жайлау кең алаң,
Атам қонған ен далам.
Мендей сені қызғанар,
Бауырыңда өскен қай балаң?
Көл қорыған қызғыштай,
Сен десе салам байбалам,
Жайлауыңды көргенде,
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам –
Ұйқы беріп, қайғы алам...
Бұл өлең шумақтарын Дулат Бабатайұлы бабамыздың ақындық мұраты, ақындық кредосы деуге әбден болады. Ел мен жер тағдыры, ата-қоныс жай-жапсары, туған халқының тәуелсіз-дербес өмірі, дәулетіне сәулеті сай тұрмыс-тіршілігі – ақынның асыл арманы еді...
Айта берсек, әңгіме желісі ұзап кетеді. Ал осындай текті тұлғаларды дүниеге әкелген Аягөз өлкесінің бүгінгі буыны, бүгінгі толқыны кімдер екен?!
Ақтамберді бастаған үлкен тұлғаларымызды айтпағанда, кешегі Сүбебек Нұрбаев, Оңғар Сүйіндіков, Төлеуғали Есімжанов, Төлеуғали Сүлейменов, Ерғазы Рахимов, Ғабиден Құлахметов, Таласбек Әсемқұлов, бүгінгі талантты толқын басындағы классик жазушымыз Мұхтар Мағауин, атақты ақын Несіпбек Айтұлы, әрі ғалым, әрі ақын Зұфар Сейітжанов, ақын-жазушылар Мыңбай Рәш, Жұмаш Кенебаев, Нұролла Сағатбаев, Талғат Ешенұлы, Ақберен Елгезек, Ринат Зайытұлы, Келіс Рақымжанов, Райымбек Құрманов, Ғабит Зұлхаров, Базарбек Ақсақалов, Марат Нұрпейісов, Жеңісхан Кенесарин, Ғабдул-Ғазиз Есенбаев, Қанат Жүнісов, Қалмағамбет Мұхаметқали, Бақытөмір Шалғынбай, Алдаберген Рахметоллаұлы, Ермек Дайырбаев, Қазыбек Байжұманов, Дастан Ақаш болып жалғасып кете береді. Бұдан өзге біз білмейтін, желкілдеп өскен құрақтай, таланты мен талабын қоса-қабат тізгіндеген жастар қаншама! Олардың шығармалары аудандық «Аягөз жаңалықтары», «Мөлдір сана», облыстық «Дидар», «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газеттері мен «Аягөз» журналы бетінде жиі жариялануда.
2.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мәдениет үйінде өткен «Аягөз ауданының рухани және тарихи-мәдени мұралары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияны аудан әкімі Б.Бай
ахметов кіріспе сөзбен ашып, Аягөздің өткені мен бүгініне қысқаша тоқталды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жиынға қатысушыларды Аягөз ауданының күндерімен құттықтады. Конференцияға Алматы, Астана қалаларынан келген С.Қорабай, Ж.Артықбаев, С.Дүйсенғазин, Тоқтабай Ахмет, М. Тоқтағазин сынды ғалымдар қатысып, шежірелі Аягөз тарихынан сыр шертті. Одан әрі мерекелік іс-шара ақындар айтысымен жалғасты. Еліміздің әр облыс, қалаларынан келген он төрт ақын сахна төріне көтерілген сәттегі көпшіліктің қошаметі ерекше болды.
Ауданның 90 жылдық мерекесіне арналған «Туған жер — тұғырым» атты республикалық жас ақындар айтысын, осы өңірдің тумасы, белгілі айтыскер ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин жүргізіп отырды.
Ақындар Аягөздің терең қойнауынан сөз қозғап, тарихынан сыр шертетін өлең-жырларын, дастандарын айтып, жыр бәйгесіне түсті.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», - деген емес пе? Қазылар алқасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған сарапшылар талқысынан кейін жеңімпаздар есімі көпшілікке жария етілді. Бас жүлдені Тараз қаласынан келген ақын қыз Аруна Керімбек жеңіп алса, 1 және 2 орындарға түркістандық Дәурен Ысқақ пен керекулік Нұрқанат Қайрат ие болды.
Одан соң той қаладағы орталық алаңда, гала-концертке ұласты.Оған белгілі күміс көмей әншілер, Аягөзден түлеп ұшқан Торғын Забирова, Ерлан Рысқали т.б. өнерпаздар қатысты.
Аягөз ауданының – 90 жылдығы тойында айтысқа қатысқан жас ақындар
Қоңыр әулие үңгірінде
Жолға таң бозынан үшеу болып аттандық. Жанымда – «Аягөз жаңалықтары» газетінің бас редакторы, ақын Ермек Дайырбаев пен айтыскер жас ақын, мектеп ұстазы Қазыбек Байжұманов бар.
Бағытымыз – Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі. Әйгілі Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» тарауында Абай шәкірттері мен балаларының осы Қоңыр әулие үңгірінде болғаны туралы суреттегенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ақселеу Сейдімбековтың «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабында да Қоңыр әулие үңгірі жайлы мәлімет бар. Заңғар жазушы Мұқаң, 1943 жылы елге келген бір сапарында «Ақын елінде» атты очерк жазып, Қоңыр әулиеге соғып, көп адаммен кіріп, тамашалап қолтаңба қалдырғаны да аян.
Қарауыл селосынан бізге әдебиетші, өлкетанушы Әсет Медеуханұлы қосылды.
ШҚО, Абай ауданы, «Қоңыр әулие» үңгірі осы Ақтас тауында
Қоңыр әулие үңгірі – Шыңғыстаудың сырт батысында, Шаған өзенінің жағасында, аудан орталығы Қарауылдан 90, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырымдай жердегі Ақтас тауында орналасқан, - деді Әсет аға әңгіме бастап. - Қоңыр Әулие үңгірінің пайда болуы жөнінде аңыз дерлік қызық әңгіме бар: әлемді топан су басып, Нұх пайғамбар кемесіне күллі хайуанның тұқымы мінген кезде біразына орын болмай қалады. Олардың қатарында Құлан, Қыран, Қоңыр әулиелер орын болмаған соң ағаштан сал жасап, Нұхтың кемесіне тіркеледі. Ағынмен келе жатқан кезде үш әулиенің салы үш жаққа кеткен екен дейді. Топан су қайтып, тау-тастар көріне бастаған кезде әулиелердің салы үш тауға бөгеліп қалыпты: Қызыл тауда Құлан әулие, Ақбеттауда Қыран әулие, ал Қоңыр әулиенің салы ең соңғы болып осы үңгірге тірелген екен...
Біресе өрге, біресе ылдиға бастаған бұралаң жолмен көлігіміз ақырын жүріп келеді. Шыңғыс тауды бөктерлеп ағатын Шаған өзенін бойлай жүргенде, оң жақ тұстан Ақтастың жалдары көрінді.
Қоңыр әулие үңгірі маңында шырақшының тұрғын үйі, қонақ үй, асхана салынған екен. Табан жолдың бәрі бетондалған, басы артық зат көрінбейді, аула жып-жинақы, тап-таза. Ағаш баспалдақпен жоғары көтеріліп, «Бисмилләһ» деп үңгір ішіне ендік. Үңгірдің кірер аузы кең. Ішінің биіктігі 7-15 метр шамасында, ені 40-50 метрдей, ұзындығы 130-150 метр болады. Үңгір ішіне электр жарығы тартылған, самаладай жап-жарық.
Бұрындары үңгір аузынан еңбектеп әрең өтіп, қырлы ауыр тастарды аңдап басып, жылтыраған, май басқан әрі қара күйе жер тастарға сүріне-қабынып құлап түсудің қаупі сейілген. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орай, Шығыс өңірінің басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен Қоңыр Әулие мүлде жаңғырып, келуші мыңдаған адамның үңгірді тамашалауына бар мүмкіндік жасалған.
Көзге көрініп жатқан көл суының ұзындығы 15-20 метр, ені 10 метр мөлшерінде, судың тереңдігі 1,5-2 метр, суы-мөлдір, тұщы, әрі мұздай суық.
Бұл үңгірдің ел кіріп, суға түсіп тамашалап жүрген бастапқы бірінші көлі. Ғалым зерттеушілердің басы қасында жүріп, ондағы жұмыстардың қорытындысымен жақсы таныс тарихшы, өлкетанушы жерлесіміз Б.Кәрібаевтың айтуынша, одан әрі жартасты көл суы солтүстікке созыла түсіп, екінші көлге апарады екен. Оның ұзындығы 30-35 м, ені ұзын дәліз тәрізді небары 5-7 метр көлемінде.
Одан әрі маман аквалангтар арнайы қайықпен 40 метр арқанды ұстап, қуатты фонар жарықпен әрі барғанда үшінші көлдің барлығын анықтаған.
Алайда ондағы көл суының көлемі мол, түбі тұнғиық, суы суық, тік жартастар қоршап, әрі төбеден тас төніп, қауіпті болғандықтан оны толық зерттеу мүмкін болмаған. Қоңыр әулие үңгірі өткен ғасырлардың бізге жетпеген көп жұмбағын жасырып, үнсіз жым-жырт, күңгірт тартып тұрғанымен талай сырды ішіне бүгіп тұр.
Алла ризалығы үшін, жақсы ниетпен келген біз де көлге шомылып, бірнеше рет сүңгідік. Бастапқыда тісіміз-тісімізге тимей дірілдеп тоңғанымызбен, біраздан соң денеміз ысып, жайбарақат күй кештік.
Қоңыр Әулие үңгірі киелі мекен ретінде одан әрі дамытып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп, келушілер үшін тиісті тұрмыстық жағдай жасау міндеттері күн тәртібінен түспесі анық.
Емдік қасиеті бар деп үңгірдегі көл суына түсу үшін еліміздің әр түкпірінен, сырт елден, тіпті шет жұрттан жолаушылап келушілер қатары өте мол.
«Балтаны қайрап қоймай ма?!.»
Кеңгірбай би кесенесінде:
Өлкетанушы, журналист Әсет Медеуханұлы, жазушы Толымбек Әбдірайым,
ақын-ұстаз Қазыбек Байжұманұлы.
Қоңыр әулие үңгірінен соң тобықты елі Би ата атап кеткен Кеңгірбай би басына барып, құран оқыдық. Бұл жерде де келген адамдар дем алатын қонақ үй, мешіт, асхана бар. Би атаның зираты төбе басында. Доғаша иілген Шыңғыс тау менмұндалайды, айнала-төңірек алақандағы әжімдей ап-анық көрінеді. Ары қарай Жидебай музейі төрт шақырым жерде. Абай-Шәкәрім кесенесіне барар жолдың оң жағында ұлы әжелеріміз Зере мен Ұлжан, Абайдың ағасы Құдайберді, Абайдың балаларын оқытқан Ғабитқан, үй қызметшісі Шәукембай жерленген.
Ұлылар мекеніне жетіп, құран бағыштадық. Айнала-төңірек тыныштық құшағында. Біз де үнсізбіз. Былай ұзай бере:
– Ғабитханды білеміз, ал ана Шәукембай деген кім болды екен? – деп сұрадық Әсет ағадан.
– Тобықтының ішінде руы Әнет Шәукембай, өмір бойы Абай үйінің қызметшісі болған, аузы ашылса жүрегі көрінетін адал, ақкөңіл, кейде аңқылдап сөйлей беретін кісі екен. Шәукембай қайтыс болғанда туыстары сүйегін алып кетеміз дегенде, Еркежан анамыз: «Шәукембайдың Абай шаңырағына еңбегі бір кісідей сіңді. Рұқсат берсеңдер, осы Жидебайда жерлейік» деп алып қалған екен.
Ел аузында қалған бір әңгіме бар еді, - деді Әсет аға әңгімесін одан әрі сабақтап. – Шәукембай бір күні күйбеңдеп, самауыр тұтатуға қажет ағашты жара алмай, қолындағы балтасы өтпей жатса керек. Сонда жаны кейіген ол:
– Көзі бақырайып, кешке дейін ет жеп, әңгіме айтқаннан өзге түк бітірмейді. Бір уақ қолқабыс жасап, балтаны қайрап қоймай ма? - депті төр үйде отырған Абайды меңзеп.
Қасындағы өзге үй қызметшілері:
– Ойбай, дауыстама, Абай атам естіп қояды, - десе керек.
– Несі бар, естісе ести берсін, - депті Шәукембай айылын жимастан.
Бұл әңгімені құлағы шалған Абай, сылқ-сылқ күліп:
– Шәукембай жөн айтады, шынында менікі дұрыс емес. Бұдан былай балтаны қайрап жүрейін, - деген екен.
«Шұбартау, сырға толы жазық далаң...»
1.
Ертеңінде таң ата тағы жолға шықтық. Бет алысымыз тарихы тереңде жатқан – Шұбартау өңірі. Бұл өлкеден де небір би, батыр, балуандар шыққан. Шақантай батыр, Жобалай, Байқотан, Томан сынды атақты билер, Ноғасбай балуан, Абайдың досы «даланың қызыл желі» атанған Бегеш шешен, Ер Самалдық, Уәйіс ақын, халық ақындары Кәкім мен Төлеу Көбдіков туған өлке бұл. Бұлардың бәрі Жастабан Керейдің Бегімбеттен тарайтын Бекназар-Қосай ұрпақтары.
– Атақты Жобалай мен Шақантай батырлардың серігі - Байғотан би сөзге алғыр, жүйелі ойға жүйрік, шешен адам болған екен, - деді ақын Ермек Дайырбаев. – Бабаң – Байғотан би өз елінде он екі жасында басқа билердің айтқан уәжіне риза болмай, өз ойын айтпақшы болғанда билер сөзбен қақпайлап: «Тоқта балам, тоқта! Билік айтатын болсаң атадан бала нешеу туады? – деп сынау үшін сұрақ қойыпты. Сонда Бабаң іркілмей:
– Атадан бала үшеу туады; біреуі өте туады, біреуі жете туады, біреуі кете туады, - деп жауап беріпті.
– Уа, балам! Сөзді тіл сөйлей ме, жақ сөйлей ме? – дегенде:
– Сөзді тіл сөйлейтін болса, тіл мінекей - деп тілін салақтатып жібергенде тілінің ортасында бармақтай қалы бар екенін ел көріпті. Сол жерде Бабаң бір даулы мәселенің билігін айтып, елге танылыпты.
Ел ішіндегі «Бабаң айтқан» деген әңгімелерді айтатын қариялар да азайды. Алла қаласа, бүгін кешке қонаға жетеміз деп жоспарлаған Малгелді ауылында, жасы 80-нен асқан Нәстілек Сәлменбетов деген ақсақалға жолығамыз. Ол кісінің «Алғабас ауылым – Малгелді мекенім» деген тарихи-шежірелік жинағы бар. Қолында болса, бір кітәбін алыңыз Тол-аға. Сол кітапта Шұбартау өңірінің тарихы жақсы қамтылған.
– Байғотан бидің тапқырлығы туралы Нәстілек ағадан есітіген бір әңгіме бар еді, тыңдайсыздар ма? – деді «Нива» машинасының рөлінде келе жатқан Кәдіржан Қабдықалымов.
– Жол қысқарсын, айтыңыз, - деді Қазыбек.
– Бабаң-Байғотан би қараша-желтоқсан айларының ішінде атпен келе жатып, бір ауылға қонбақшы болып, ауыл жанындағы қияқ шөпке атын арқандамақшы болып жатқанда, сол жердің жаңа байып келе жатқан адамы болса керек, айғайлап келіп:
– О, Баба? Мынау қыста жейтін жеріміз еді, атыңызды рұқсатсыз неге арқандайсыз? – деген екен.
Сонда Бабаң:
– Қолыңды жайшы, бата берейін дегенде, анау қолын жайыпты.
– Қонақ кетсе үйіңнен құт қашады,
Байлап қойсам атымның қарны ашады.
Осы қорып отырған жеріңді,
Ертең қар мен мұз басады, - деп, шапанының етегін сілкіп, атына мініп жүріп кетіпті. Содан аз уақыт өткенде, сол қыста жаңағы ауыл иесінің қорып отырған азғана жеріндегі қияқ шөбіне қар мен жаңбыр жауып, мұз қатып, ал өзге маңайындағы ел дін аман қалыпты.
2.
Қосағаш ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушыларымен кездесуден соң
Жолда Қосағаш ауылына соғып, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушыларымен кездесу кешін өткіздік. Одан кейінгі сапарымыз, бұрын Шұбартау ауданының орталығы болған – Баршатас селосындағы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы қазақ орта мектебінде жалғасты.
300 оқушы оқитын мектепте 18 кабинет, 3 мұражай бар екен. 1923 жылы ашылған мектеп әуелгіде С.М.Киров атындағы, одан соң № 1 мектеп аталыпты. 2006 жылдан бері Оспанқұл Меңаяқұлы атында.
Оспанқұл Меңаяқұлы кезінде Дағанды-Шұбартау болысын басқарған. Сол кезде Жорға ауылында алғаш мектеп ашқан. Кейін ұрпақтары Оспанқұл атамыздың атын бергізді.
Қазақ елінің мақтанышы Мұхтар Мағауин, Мыңбай Рәш, Төлек Тілеуханов, Несіпбек Айтұлы, халық артисі, атақты биші Шара Жиенқұлова, халық артисі Бекен Жылысбаев, композитор Еркеғали Рахмадиев, генерал-майор, ҚР Сенаты депутаты Нұржан Нұрсипатов осы мектеп түлектері екен. Аягөз ауданы бойынша 19 робототехника кабинеті ашылса, соның біреуі осы мектепте.
1928 жылы құрылған сол кездегі Шұбартау ауданынан Ұлы Отан соғысына 1500 адам соғысқа аттанып, 700-і ғана аман оралған. Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз деген жалаң ұран бойынша, 1970 жылдары екінші тың – комсомол жастар бригадасы құрылды. Сол жылдары Шұбартау ауданында 260-280 мыңдай қой болған.
Шұбартау өңірінде қазба байлық мол, дәрілік өсімдіктер көп. «Ақбастау», «Майлышат», «Тасқора», «Шат», «Құсмұрын» деген жерлерден алтын және мыс өндіріледі. Бұл өлкеден Кеңес одағы кезінде Ырыздықбай Тілеуберлин, Жанарбек Шүленбаев, Тілеуқабыл Өмірбеков сынды Социалистік Еңбек Ерлері шыққан.
Осы жолдардың авторы мен де, 1975-1976 жылдары Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде тілші болып еңбек етіп, осы жерден азаматтық борышымды өтеуге әскерге аттанғам. 1978 жылы Баршатасқа келіп, редактор Қуатжан аға Серіковпен, әріптестеріммен жүздескем. Содан бері 40 жыл уақыт өте шығыпты.
Баршатас ауылы ортасындағы, бір кездегі еңселі редакция ғимараты қазір қаңырап бос тұр. Көшеге қараған бес терезенің ағаш қақпақтары тарс жабық. Жүрегім шым ете түсті... «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген тәмсіл тіліме оралды...
Бұрынғы Баршатаста 7 мың халық болса, қазір 2 мың адам тұрады екен.
– Шұбартау жайлы екі-үш ай бұрын бір өлең жазып едім, оқысам бола ма? – деді айтыскер ақын ініміз Қазыбек Байжұманов.
– Оқи ғой.
Қазыбек қанатын қомдаған қыранша, бір жөткірініп өлеңін оқи жөнелді.
Шұбартау, сырға толы жазық далаң,
Мен сенде құлашымды жазып бағам.
Әсері сенен алған бір күнімнің,
Өмірлік ғұмырыма азық маған.
Шырқалған Шұбартауда жыр-ән қандай,
Келген жан қайтады екен құмар қанбай.
Шөктірген Асан-қайғы желмаясын,
Жерұйық бар ма әлемде Шұбартаудай?!
Тұлғалы ұлдарына қызығар жан,
Келіндер алтын алқа тізіп алған.
Баршадай сұлу қыздың ізі қалған,
Бақытты күйеулер де қызын алған...
Жобалай, Бабан,Шақантай,
Айдын – Шалқар, Мұқатай.
Шапқан өлке Шұбартау!
Дау шешімін Бегештер.
Тапқан өлке Шұбартау.
Уайыс, Төлеу, Шараны,
Баққан өлке Шұбартау!
Баршатас пен Бақанас,
Жерге де бай Шұбартау.
Жорға менен Емелтау,
Кенге де бай Шұбартау.
Көктал, Айғыз, Байқошқар,
Шуақ мекен – Шұбартау.
Малкелді мен Сарқамыс,
Жұмақ мекен Шұбартау.
– Әп, бәрекелді! – дедік біз Қазыбекті жаңа өлеңімен құттықтап.
– Әнге сұранып тұрған сияқты. Ешкім әнін жазбаса, өзім әуенін шығарам, - деді Қазыбек ойланып...
«Қош бол, терең ойым...»
Баршатастан ары Байқошқар ауылынан өтіп, Шыңғыс тау бөктеріндегі Құрқұдыққа жеттік. Бұл жерде Алаш арысы, даңқты ақын, әрі философ, Шәкәрім Құдайбердіұлының мүрдесі 30 жыл жатқан.
Осы тұстан 3-4 шақырым жерде, Шәкәрімнің Құралай Құр жайлауындағы Саят қорасында қажының тамы болған. 1931 жылы қазан айының басында Абзал Қарасартов пен С.Халитов бастаған ОГПУ адамдары Шәкәрімді мылтықпен атқан. Оны шұбартаулық Жарқымбай деген бала көрген. Бұл кісі бертінге дейін жұмған аузын ашпаған. Өзге де көрген адамдар бар. Ешқайсысы айтпаған, қорыққан. 30 жылдан соң ғана сүйегін алып, Абай атамыздың қасына апарып жерледі.
«...Аудандық партия комитетінің бақылау комиссиясның бастығы Олжабайдың қара қасқа атын жаяу жатқан Шәкәрімге әдейі жіберіп, ауданға келуге бұйырады, - деп жазады, төрт кітаптан тұратын «Абайдан соң» романының авторы, белгілі қаламгер Кәмен Оразалин, «Абай ауылына саяхат» аталатын деректі хикаятында. – Сол кездегі аудандық милиция бастығы Қарасартов ат жіберген соң, өз еркімен түнқатып ауданға келе жатқан Шәкәрімнің жолын тосқан жендеттер таң алдында оған кездеседі де, Қазақстанға келген отыз мыңыншы партизанның бірі атанған Халитов дейтінге «Ат!» деп бұйрық береді. Шәкәрімнің қолында «венчестр» мылтығы бар екен. Ол қолынан жараланып, тізгініне ие бола алмай қалған ақынның жанына енді Халитовты қалдырады да, өздері Шәкәрім бастап келе жатқан қашқындарды қуып жөнелген болады. Шындығына келгенде, күндіз жүруге қорқып, тау үстіндегі қысы-жазы бірдей қиялап жүретін соқпағымен келе жатқан ақынның сырына бұрыннан қанық Қарасартов әдейі оның көзін құрту үшін жолын тосқан еді.
Оның Халитовты Шәкәрімнің жанына жалғыз тастап кеткендегі мақсаты да ақынды бөтен адамға оңаша жерде әдейі аттыру қажеттігінен туғандығы кейіннен әшкере етілді. Қарасартовтың Шәкәрімді атуға арналған сапарында жанына ерткен адамдарының ішінде бірді бір жергілікті жердің кісілері болмаған. Сырларын білдіртпес үшін Қарасартов әлгі жендеттерді тек Тобықты еліне сіңген болмаса басқа жақтан жұмыс бабымен ауысып келгендерден іріктеп алған.
Халитов болса Қарасартовтар кезең асысымен-ақ Шәкәрімді аузынан атқан. Бұл сұмдық та кейіннен мәлім болды. Шәкәрімдей ұлы адамының қайғылы қазасына дейін де ашаршылықтың қанды шеңгеліне ілініп, күйзелген ел енді үмітсіздіктің терең тұңғиығына біржолата батқандай естерінен адасты...»
Шәкәрім 30 жыл жатқан Құрқұдық. Қасымда ақын Ермек Дайырбаев
«Құрқұдық» қазір мемлекет қарауында. Қасында «Рамазан» деген мал фермасы бар. Ар жағы – Абай ауданы, тобықтылардың жері. Бер жағы Шұбартау өңірі, бүгінгі Аягөз ауданы. Біз тұрған бұл жер – Шыңғыстаудың етегі.
Құрқұдықтан сәл жоғарылау жерге 3 адам жерленіпті. Басына қойылған құлпытаста: Исаұлы Кәрімқұл, 1873-1934. Тобықты ішінде Әнет. Иса келіні Қанымжан, 1876-1934. Медеу Тоқбайұлы, 1870-1934. Тобықты, Боранай-Қабас деп жазылған.
Кешегі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген қызыл империяның құрбаны болған қайран, Шәкәрім баба! Еліміз тәуелсіздік алар тұста ақталып, қара орман қазағыңа қайта оралдың-ау!
Аллаға шүкір!..
Менің есіме, біртуар ақын, философ, ойшыл Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы бабамыздың 1931 жылы жазған «Қорқыт Хожа Хафиз келді де...» деп аталатын өлеңінің соңғы шумақтары түсті.
...Қош бол,
Терең ойым,
Әлемді шарлаған.
Қиын іске әдейі арнаған.
Бар дене сезім таппас жұмбақтың.
Толғап,
Талай сырын барлаған.
Ақылға әкеп сынатқан,
Дұрыс ақыл ұнатқан,
Қайран ой.
Қайран ми,
Қоштастым жылап.
Кешікпей-ақ қалар деп,
Орын алған сауыттарың құлап...
Береке-бірлігі жарасқан
Біз осы сапарымызда Аягөз қаласындағы №9 бастауыш, Дулат Бабатайұлы атындағы, Қосағаштағы Ш.Уәлиханов атындағы, Баршатастағы О.Меңаяқұлы атындағы, Малгелдідегі Т.Есімжанов атындағы, Мәдениеттегі Е.Рахмадиев атындағы, Қарағаштағы Ж.Жабаев атындағы және Сарыарқа ауылдарындағы орта мектептерде оқушылармен кездесу кешін өткіздік. Ол мектептердегі кездесу кешін тәптіштей жазсақ, әңгіме ауаны ұзап кетеді...
Аягөз қаласындағы № 9 бастауыш мектебінде
Әсілі, бала біткен ойынқұмар, қиялшыл, жақсылық атаулыға талпынғыш. Олардың жаны таза, сөздері адал, тіпті қулықтары мен өкпе-реніштері де шаттық пен қуаныштан тұрарына тағы көз жеткіздік.
Компютер мен қалта телефонның «құлағында ойнаған» бүгінгі балалар бәрін білгісі келеді. Қойған сұрақтары да әр алуан. Жас өскіннің көрсем, білсем, оқысам, өмір сырын ұқсам деген талаптары қуантты. Бір өкініштісі, шалғай ауыл мектептеріндегі кітапханаларға балалар қызығып, тұщынып оқитын, тілі шұрайлы, ұлттық рухты көтеретін кітаптар жете бермейді. Осы мәселе аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қызмет істейтін үлкендердің назарында болғаны ләзім.
Сегіз мектепте өткен кездесу кешіне, оқушылармен бірге ұстаздар қауымы да, тіпті кейбір ауылда балалардың ата-аналары да қатысып отырды.
Осы тұста менің ойыма, хәкім Абай бабамыздың:
...Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, - деген өлең жолдары оралды...
Өзіміз аралап көрген, кездескен, сұқбаттасқан ауыл адамдарының жүздері жайдары, еңселері тік. Барға қанағат, болашаққа сенімді. Өрістегі ақтылы қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы санын көріп, көңіліміз тоғайды.
Осы орайда аудан әкімі, іскер басшы Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметов бастаған азаматтардың еселі еңбегін айта кетсек, артық етпес деп ойлаймын.
Мен әдеттегідей, жаттанды цифрлар мен сірескен деректерді тізбектеуден саналы түрде бас тарттым. Ең бастысы, қарапайым ауыл адамдарының тату-тәтті, береке-бірлігі жарасқан тірліктерін көріп риза болдым.
Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылындағы Байғара би Құттыбайұлы кесенесі
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы,
ҚР Мәдениет қайраткері.
Астана – Аягөз – Қарауыл – Баршатас – Малгелді,
Мәдениет – Қосағаш, Қарағаш, Сарыарқа.
Шығыс Қазақстан облысы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.