Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

29.09.2019 7708

Цветаеваның «күзі» 12+

Цветаеваның «күзі» - adebiportal.kz

Әлем – мың түрлі бояулардың мекені. Төрт мезгілдің өз сұлулығы, түсі, тылсымы бар. Дегенмен, солардың ішінде Ұлы суретшінің күзді бейнелеуі тым ғажап!

Біз күзді аңсаймыз. Міне, осы аңсар мен сағыныш – күз мезгілімен мәңгі сабақтас секілді. Оның жаны құлазып, жанары жәудіреп, сағынып келіп тұрғандай. Осыдан соң күлкінің мәні жоғалып, күрсініс әлеміне бейсаналы түрде енесің. Күздің сиқыры осында.

Күзгі таңның салқынымен ақындардың өлеңдерін, жазушылардың әңгімелерін оқу – ерекше әсерге бөлейтіні анық. Сөз сиқыры – сол табиғаттың бір бөлшегі. Одан бөліп қарастыру – ақымақтың ісі.

Бұл мезгіл туралы жазылған шығармалар бірінен-бірі асып түседі. Символдық теңеулер, табиғат пен адам арасындағы байланыс, торығу, тамсану, күрсіну – бәрі де шығармашыл тұлғаның көкірегіне сәуле құйып, ерекше шабыт береді.

1920 жылдан 1940 жылға дейінгі сюрреалистік ағым, 1960 жылдары қалыптаса бастаған постмодерндік ағым өкілдерінің күз туралы шығармалары мүлде бөлек. Ол шығармалардың идеясы мен тілі – «түзу» емес, қисық, қияли. Бірақ өте көркем!

Өлеңдерінен нәзіктік пен кірпияздық, сұлулық пен сыпайылықтың самалы ескен Марина Цветаеваның есімі оқырман қауымға жақсы таныс. «Жақсы таныс» болуының да өз себебі бар. Өйткені оның шынайы туындылары оқырман жүрегін баурап алып, саналарына өшпестей болып жазылған. Иә, біз сол шығармаларға қайта-қайта айналсоқтап келе беруге мәжбүрміз. Өйткені ол – классика.

Цветаеваның әлемі – асып-тасқан, бояуы көп, әсіре сезімге толы кеңістік емес, ол – таныштық пен тазалық мекені. Қызараңдап батқан Күн жамалындай сұлу әрі тылсым. Ақынның әлемді тануға деген ізденісі, сол әлемнің ішінен өзінің орнын айқындауы, өз жанымен тілдесуі тегін құбылыс емес. Бұл жүрек құлшынысы. Ендеше, ақынның өзін сөйлетейік.

Алқызыл түспенен,

Жидектер боялды.

Күз жайлы түспенен,

Жүрегім оянды.

Ақынның күзбен сырласуы осылай басталады. Оның ойынша, түстер – ғаламдық сиқырлардың бір бөлшегі. Ал уақыт пен кеңістік аталған құбылыстардың болмысын ашу үшін қажетті фактор. Адамның ішкі және сыртқы болмысында небір жұмбақтар сақтаулы десеңізші. Сол жұмбақтардың бірі – түс көру. Оны қиялдың қанат қағуы десек те болады.

Ақынның қолтаңбасы

Цветаеваның «Тарустағы күз» өлеңі – сағыныштан жаралған сұлу суреттердің галереясы. Бұл галереяны тамашалап жүріп, терең ойға батасың. Тұманына адасып, ақыл-ойың күзгі жапырақтай құбыла түседі.

Табылмас бір емі,

Бұл мезгіл жеткенде.

Қоңыр күз «күледі»,

Бізге

һәм

көктемге.

Адасқан ойлардың санадағы бейнесіндей, арпалысқан сезімнің жарқылындай бұл шумақ оқырманды беймәлім күйге бөлейтіні белгілі. Біз күнделікті күйбең тіршіліктің кесірінен айналамыздағы ғажайыптарға мән бермей жатамыз. Сол «Мән», мағына, тереңдік бізде неге жоқ? Табиғатты тану арқылы өзімізді танитынымызды неге түсінбейміз?.. Ал күз күрсіністен күледі. Шаттанғаннан емес.

Уақыт – Құдай жаратқан болмыс.

Күз – сол болмысты көрсетуші, танытушы, әйгілеуші құбылыс. Ендеше, мезгілдердің астарында бір тылсым бар. Әсіресе, күздің...

Біржан АХМЕР

Сурет poznavatel.info сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар