Қиялдағы үй немесе баланың өліміне кінәлі кім?

Қиялдағы үй немесе баланың өліміне  кінәлі кім? - adebiportal.kz

Әкесі мен баласы, қайдан келгендері белгісіз, қалай осы жағдайға тап болғандары да белгісіз, қараусыз қалған лашықты паналап, жақын маңдағы мейрамхананың қоқысқа тастаған тамақ қалдықтарымен күн көреді. Қоқыс ақтарып тамақ табатын бала, ол қоқысты ақтарып жатқанда басқа балалар мазақтап, қорлайды.  Кейде аз, кейде көптеу тамақ табылып, жұпыны лашықта кейде тоңып, кейде...бірақ, ол екеуі соған аса бір қайғырмайтын да сияқты. Қарын жұбатып алып, әңгімеге кіріседі. Екеуінің жалғыз сүйікті тақырыбы – бассейні бар зәулім үй туралы әңгіме. Үй болғанда, іші кірсе шыққысыз болып, әр бөлмесі өзне шақырып, бұрыш-бұрышы, бөлмесінің әр бұрышы, әр бөлігіне дейін ойластырылған, тіпті мөлдір суы терезенің ар жағы көрінетіндей бассейні бар керемет үй. Әке мен бала сол үй туралы сағаттап айтады. Екеуі ақылдасып отырып, бір күні  мына бөлмесін жақсартады, келесі күні басқа бір деталь қосады. Сөйтіп әкесі мен баласы жоқ үйді бар қылып, жоқ байлықты өздерінікі етіп, қолдарынан келмейтін өмірді ойша жасап алады.

Шынайы өмірлері со күйі, қырық тесігінен  күн сығалаған жаман лашық, жалба-жұлбасы шыққан төсек, тозған киім... бірақ қиялдағы үйлері күн сайын, әңгімелеген сайын әдемі бола түседі. Бұл үй олардың баспанасы ғана емес, шынайы өмірден қорғанатын жалғыз мекені еді. Ақшаң болмаса, сүйенішің болмаса, жұмысың, жағдайың болмаса анау күресінге бір-ақ лақтыра салатын қатал өмір оларға ешқандай таңдау қалдырмаған кезде, осы үй туралы қиялдары  қырықтағы әкесі мен алты жасар баласының қолынан келетін жалғыз қуанышына айналады.

Шегініс жасайық. Сюгоро Ямомото деген жапон жазушысы бар. Орысшаға аударылған «Қызыл сақал» деген кітабы бар еді, автордың өмірі ойыңда жүретін жақсы әңгімелері қаншама (самурайлар туралы жазғандарынан бөлек, детектив те жазған). Ямомото  өзі жазушы ғана емес, киносценарист болғандықтан, онысы жазуынан да білініп тұратын сияқты, әйтеуір, оқып отырып кино көргендей болып отырасың ғой. 

Сюгороның кейіпкерлері басқаша, біртүрлі ерекше, біреу ойдан шығарылған трамвайын жүргізеді, біреу жоқ үйін салады, біреу өзімен-өзі сөйлесіп, өзімен-өзі шахмат ойнайды. Сырт көзге бұл әрекеттер оғаш, тіпті мағынасыз көрінуі мүмкін, бірақ олардың ішкі әлеміне үңілсек, сол әрекеттердің артында бір қажеттілік жатыр: керек болуға, сүйікті болуға, біреуге тиесілі болуға, бір нәрсені жақсы көруге, өмірден мүлде безіп кетпеуге...

Күн сайын таңертеңнен кешке дейін аузымен трамвайдың дауысын салып, қиялындағы трамвайды айдап көше бойымен жүретін, өз шаруасымен кетіп бара жатқан адамдарды тіркеп алып, баратын жағына «жеткізіп салатын» Рокутян деген жас жігіт туралы «Бежит по нашей улице трамвай» деген ғажап әңгімесі де естен кетпейді. Басқа жұрт жынды деп есептейтін сол жігіттің тазалығын автор ғана түсінетін сияқты. 

Ал біз қазір  «Дом с бассейном» деген әңгімесі жайлы айтамыз. Осы әңгіме жайында «Қазақ әдебиетінде» қысқаша тоқталып  өткеніміз бар, осы жолы тарқатып айтсақ дедік. Айтпақшы, о баста жазушының өз аты Симидзу Сатому болған, кедейліктен орта мектепті де бітіре  алмай қалған екен де, кітап дүкені бар туысының арқасында көп кітап оқып, жетіліп, кейін өзіне кітап оқуға көмектескен адамның атын алған екен.  Адамның жақсылығына алғыс айтып, құрмет білдірудің бір үлгісі деңіз бұны!

Жалғастырайық, сөйтіп әке мен бала  тап қазір ештеңеге иелік етпесе де, өз беттерімен ештеңені өзгерте алмаса да, екеуі тірі жанға керек болмаса да, қиялдағы үйлері бар еді және сол үйде өздері ғана қожайын еді. Еркін еді. Қаласа бассейнге түседі, қаласа... бәрі өздері қалағандай. Ол екеуі неге үй туралы айта қалса, бір-біріне ерекше жақын болып, қызу әңгімелеп, бір-бірін рахаттана тыңдайды? Өйткені, әкесі мен бала тек сол қиялдағы үйде ғана шексіз бақытты. Үй туралы әңгіме олардың өмірлеріне мағына береді. Үйдің өзі жоқ болғанымен, сол үйді бірге армандаған сәттердегі қуаныштары шынайы, дәл сол сәтте бір-біріне жақын . Сол қиялдағы үйлерінде ғана ешкім оларды қорламайды, аш қалдырмайды, ешкімнен қорқудың қажеті жоқ.

Біз қазір бәріміз ақылды болып алдық, шетімізден прагматикпіз, содан да адамның өзі жарымай отырып, түк пайдасы жоқ қиялға берілуін әлсіздік деп ұғамыз, ал бірақ, қиял дегеніңіз де кейде өмірдің ауыртпалығына төтеп берудің амалы да сияқты ма. Ия, кейде адамды құлатпай ұстап тұрған нәрсе оның шынайы жағдайы емес, сол жағдайдан тыс елестете алатын «болашағы». Алдында жылт жоқ, әбден үмітсіздікке түскен жанның да бірдеңе ғып өмір сүруі үшін бір себеп керек болады ғой, шығармадағы әкелі-балалы  екі бейшараның да сүйенетіні сол бассейні бар үй туралы қиялдары еді. Бұл шығарма маған адамның кейде шындықтан қашып қана қоймай, ең болмаса қиялдың ішінде адам болып қалуға тырысатынын көрсететін сияқты.

 Ия, қиялдың адамды шындықтан алыстатады, бірақ, қиял кейде адамның жанын сақтауы мүмкін, адам шынайы өмірде ештеңе өзгерте алмаса да, өз ішіндегі әлемін сақтап қалуға тырысқандықтан да қиялына жармасуы мүмкін, бірақ қиялдың құтқарушы күші бәрібір шектеулі.

Бір күні бала бұзылған тамақтан уланды ма, ішіне әлдене жақпай ауырып қалады. Баланың іші қатты ауырғанда, әкесі оны дәрігерге апарудың орнына бассейнді, бөлмелерді  айтып, сол баяғы қиялдағы үй туралы сөйлей береді. Бәлкім, ол осылай баласының көңілін басқа жаққа бұрғысы келген шығар, бәлкім, шынайы жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсінуге шамасы жетпеген болар, бәлкім, өзі де осы қиялдан басқа ештеңеге сенуден қалған шығар, бірақ осы тұста оның дәрменсіздігі адам төзгісіз күйге жетеді. Өйткені балаға енді қиялдағы ғажайып емес, нақты көмек керек еді. Оған дәрігер керек. Оны құтқаруға болатын сәт өтіп бара жатыр, ал әкесі жоқ үй жайлы әңгімесін жалғастыра береді.

Автордың осы тұста шыдамы таусылып, оқиғаға араласуы бекер емес. Ол әкесіне жанұшыра үн қатып, баланы көтеріп, тез арада дәрігерге апаруын талап етеді. Әдебиетте автордың оқиғаға тікелей араласуы кейде көркемдік кемшілік ретінде бағаланып жатады, өйткені автор оқырманның орнына сезініп, оның орнына қорытынды жасағандай болады, бірақ, бұл жерде автордың бейтарап қалуының өзі орынсыз көрінер еді.

Соңғы сәттегі әке мен баланың сөздері ерекше трагедиялық сипат алады. Әке әңгімесі арқылы баласына басқа бір бақуатты өмірді, басқа «әлемді» сыйлап, іші бақытқа толы үйдің суретін салып береді, ал бала сол үйге сену арқылы әкесінің де үмітін сақтап тұрғандай болады. Өйткені бала болса да үлкен адам сияқты сабыр сақтап, жаны қыдырып жатса да әкесінің бассейні бар үй туралы әңгімесін мыңыншы рет тыңдап, қиялына қосылады, сөйтіп өзі қиналып жатса да әкесінің көңілін аулайды. Бала алты жаста болса да, әкесінің әлсіздігін сезетіндей, оған сүйеніш болғысы келетіндей әсер қалдырады (жүрегі бар адам оқып отырып осы жерде көңілі бұзылар еді). Және ол соңғы сәтіне дейін әкесіне сенеді. Әкесі де баласын жақсы көретін шығар, бірақ махаббаттың болуы мен сол махаббаттың адамды құтқара алуы екі бөлек нәрсе ғой. Әңгіменің ең ауыр тұсы да осы жерде. Үйдің қабырғаларын ойша тұрғызуға болғанымен, ойша төбесін жабуға, бөлмелерін безендіруге болғанымен баланың аштығын қиялмен баса алмайсың, аяқ астынан жабысқан ауруын қиялмен емдей алмайсың ғой, әкесінің әрекетсіздігінен бала қайтыс болады.

Біз бейшара әкесін өзімізше түсінеміз, бірақ бұл оның жауапкершілігін жоққа шығармайды. Баланың өлімі соның дәрменсіздігінен болып отыр. Өте кедейлік адамды  тек ас пен баспанадан айырмайды екен, ол тіпті адамның ерік-жігерін, таңдау қабілетін, өз болашағын өзгерте алатынына деген сенімін де жойып жібереді екен. Ол өмірмен күресуден қалған, не істеу керегін білмейді, әрекет етудің мағынасын жоғалтқан. Ол тіпті ұлын өлімнен құтқаруға болатын мүмкіндіктің өзін сезіне алмайтын дәрежеге жеткен. Бұл жай ғана дәрменсіздік емес, адамның  айналасындағы адамдардың өмірі түгілі,  өз өміріне де, де ықпал ете алмайтын күйге түсуі өте қорқынышты болады екен. 

Автор сұрақ тастайды: ол адам неге бұндайға жетті? Өз өміріне ықпал ету мүмкіндігінен айырылған  адам бала түгілі, өзі үшін жауапкершілік ала ала ма?  Неліктен алты жасар бала мейрамхананың қалдықтарымен күн көреді? Неліктен баланың ауырып жатқанын көріп, көмекке келетін ешкім жоқ? Бүкіл елде назар аударатын, мейірі түсетін бір адам жоқ па? Неліктен екі адамның бүкіл үміті жоқ үйге сыйып кеткен?

Бассейні бар үйдің ішінде бәрі бар еді:  бөлмелері кең еді, қабырғалар әдемі, есік-терезелері қандай, тек сол үйге кіріп, бақытты өмір сүруге байғұс баланың ғұмыры жетпей қалды. 

Әңгіме аяғында  әкесінің ұлының қабіріне барып, сол бассейні бар үй туралы әңгімесін қайтадан жалғастыруы әңгімені тіпті ауырлата түседі. Ол өткенді өзгерте алмайды, жоғалған өмірді қайтара алмайды, бірақ, сол қияли әңгімемен ұлын қуантуға деген үміті әлі бар. Мүмкін, ол баласы арғы өмірде жатып қиялдағы үй туралы сол әңгімені күтіп жатқандай, тыңдап жатқандай сезінетін шығар. Мүмкін, қиялдағы үй енді әкесі үшін баласымен арадағы жалғыз ғана байланысқа айналған шығар...

Жастау кезімде бұны немқұрайлылық туралы әңгіме  деп түсіндім, ол қате тұжырым болыпты, бұл әрекетсіздік жайлы. Содан кейін барып осы жердегі үй туралы  қиялдың басқа бір мағынасы ашылды. Әкесі сол қиялын айтып отырғанда баласы оған тірі сияқты, қиялы оған тек жоқ нәрсені бар етіп көрсету емес, жоғалған нәрсесін ішкі дүниесінде сақтап қалудың амалы болып тұр. Бейшара адам енді баласы екеуінің ортақ әлемін сақтап қалуға тырысады. Оның бұл әрекеті қаншалықты аянышты болса да, сол арқылы әке мен баланың арасындағы махаббаттың соңғы жұрнағы көрінеді. 

Адам байғұстың ең үлкен қайғысы  - оның кейде жоқ дүниеге сенуінде емес, шынайы дүниеде сенетін ештеңесінің қалмауында ма дейсің...

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan