«Дүниеге келер әлі талай Қасым»

Мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 18 бен 45 жас аралығындағы 80-ге жуық ақыннан өлең келген.

81

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» - adebiportal.kz

Қарағанды қаласында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына орай «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты дәстүрлі республикалық мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 18 бен 45 жас аралығындағы 80-ге жуық ақыннан өлең келген. Қазылар алқасы өлеңдердің көркемдік сапасы мен стильдік ерекшеліктерін ескеріп, жүлдегерлерді анықтады. 

Мирас Асан, Қарағанды, 1-орын;

Мәрлен Ғилымхан, Орал қаласы, 2-орын;

Нұржан Қадірәлі, Тараз қаласы, 3-орын;

Ұларбек Нұрғалымұлы (Астана), Сезім Мергенбай (Түркістан облысы), Төлеген Меллат (Алматы) ынталандыру жүлдесіне ие болды.

Мирас АСАН

Ақтық дем

            (реквием-баллада)

Оянды шайыр дерт меңдеп,

Баяғы шабыт жоқ келмек,

Денесін жапқан суық тер,

Қалшылдап ерні көкпеңбек,

Шемен де шемен шер бойда,

Жазылған тағдыр маңдайға,

Жазғырып кімді кектенбек?

Таусылып дәм-тұз татары,

Ғазалды ғұмыр-сапары,

Осымен тәмам шектелмек,

Шақырып бір жол түнекке,

Тамады үнсіз жүрекке,

Жарының жасы көп кермек...

 

Шара жоқ қанат қағарға,

Талпынар үміт жоқ алда,

Аттанбақ шайыр аз күнде,

Қиямет-қайым ғаламға,

Қажыған,

Шөккен,

Ортайған,

Дәрмен жоқ бойда, әл тайған,

Ақтарар сырын қаламға...

Бір шығып есі бір кіріп,

Жанарын жасқа тұндырып,

Қарайды ұзақ адамға...

 

Өлі ме шайыр тірі ме,

Күрмелген қызыл тілі ме,

Шаттықты күннің кешегі,

Қалмаған ғайып бірі де...

Жатқандай жалғыз жау іші,

Ажалдың ащы дауысы,

Келеді құлақ түбіне.

Кеудені жөтел қысады,

Қан лоқсып жиі құсады,

Тағдырдың ауыр жүгі ме...

 

Ағарған шашы – таң аппақ,

Жүзіне үрей қонақтап,

Оянды Қасым дертті іші,

Қысады жөтел сағаттап...

Босағада тұр ақ Сәпен,

Бозарған жүзі ақ сәтен,

Жұтады жасын сораптап...

 

Келіңдер жақын қос гүлім,

Қос гүлім менің – қос бұрым,

Сендерді көрсем ұмытам,

Тағдырдың озбыр өштігін,

Перзенттен қымбат жоқ асқан,

Өздеріңменен жарасқан,

Өмірмен менің достығым...

Болыңдар аман қос гүлім,

Қос гүлім менің – қос жырым...

 

Тұруға қуат, әл кемшін,

Қалмаған бойда дәрмен шын,

Айналған жайдақ төбеге,

Кешегі асқар тау мен шың...

Таусылып дәм-тұз татарға,

Аттанам бақи сапарға,

Жалаңдап жетсе тергеушім...

 

Қош Сәпен, қош бол, тағдырым,

Санаулы сағат, әр күнім,

Сен едің жарық шұғылам,

Жүрегімдегі таң нұрым,

Жазу ғой, бекер мұңданба,

Сүремін ғұмыр жырларда,

Өзгертпес Құдай жарлығын,

Есіктен ажал аттаған,

Сәтінде Сәпен аттанам,

Қалдырып саған барлығын...

Дөңбекшіп екі жағына,

Сырқаты батты жанына,

Үзіліп кетпей үлгерсе,

Айтпағы қанша жарына,

Белес те белес, бел, адыр,

Шақырып жатыр дала, қыр,

(Талықсып кетті тағы да...)

Сыйынып баба, аруаққа,

Жүр екем дейді ел жақта,

Өндір жас, бала шағы ма?

Айқара құшақ серпіліп,

Жетіппін дейді ентігіп,

Қазылық-Қарқаралыға...

 

Апыр-ай, Қызыл Көшен бе,

Шыр етіп туғам осы елде,

Шалқалап әкем шыққан үй,

Шапқылап тұсау кесерде,

Жанарын жасқа бұлаған,

Құшақтап мені жылаған,

Көшен бе сонда, шешем бе?!

Салдың бір тағдыр жолға сан,

Кеткелі ұзап мен қашан,

Соға алмай саған есенде...

 

Үзілді кіндік ертерек,

Әкетті дауыл желкелеп,

Аунаған жоқпын құмыңа,

Туған жер, саған еркелеп,

Есіме түссе бола ма,

Бұлыңғыр, күңгірт сол ара,

Көңіл тоқ кездер көрпе көк,

Бұлт торлап тағдыр көгімді,

Жауыр ғып арқа, жонымды,

Арбаға жектің дертелеп...

 

Қайғыға батып тізеден,

Тақырлап шашын күзеген,

Көзімді ашсам бала тұр,

Жетім бір үйде, мұз еден,

Шемен боп қатқан шер бойға,

Жазылған тағдыр маңдайға,

Жазуды кім бар түзеген?

Дегені жүрер әлдінің,

Жаттап тұр жырын жарлының,

«Советтік ұлан біз өрен!..»

 

Әкетті дауыл әрі алып,

Дауылды жеңген жоқ алып,

Жетімдік деген жебе бар,

Жауырынға тиген қадалып,

Үмітті жол жоқ, мұратты, 

Есте жоқ күндер шуақты,

Зар-мұңмен өткен балалық...

Өгей шал қамшы үйіріп,

Жетімдік – жазмыш бұйрық,

Соңыма түсті шам алып...

 

Оралым менің, Оралым,

Ақ Жайық, Шаған – қоғалым,

Алдымнан шықтың асқақтап,

Қолымда домбыра, қаламым,

Оралым деген – Ақ Сәпен,

Айдай бір жүзің ақша екен,

Жанарың жақұт, жанарың!

Арнадым ғазал жалынды,

Арнадым ғажап әнімді,

Ұялып төмен қарадың...

Содан соң, сосын, сосын ба,

Тағдырдан сый көп Қасымға,

Лап етті соғыс – қаралы үн!

Будақтап түтін мұржадан,

Әкетті вагон зырлаған,

Қолымда қару-жарағым...

 

Салатын шалқып ән қайда,

Ел мен жұрт қалып шалғайда,

«Советтік менің өз елім»,

Аттандым қанды майданға,

Отан деп қолға ту алдым,

Жүректі жаспен суардым,

Кірдім де кеттім ойранға!

Елім деп туар ер жігіт,

Зеңбірек-тажал зеңдіріп,

Бойымнан әл-күш тайғанда...

Дариға сол қыз, бердің дем,

Жапырып жауды жеңдім мен,

Қанша дос опат қайранда...

 

Күрсінді шайыр тереңнен,

Майдандасының көбі өлген,

Үстімде ауыр сұр шинел,

Ақсаңдай басып келем мен...

Жүректі бомба жауға аттым,

Өтпей де қалып сау қаппын,

Ажалдың оғы көбемнен...

Жөтелді Қасым тағы ауыр,

Есікте жары – қарауыл,

Қайғыдан ерні кезерген...

 

Өткен жол – өмір, бұралаң,

Дауылға кім бар шыдаған,

Ақсаңдай басып келемін,

Қып-қызыл өрттен дін-аман,

Шайырын есен жұрт көрді,

Жеңіс боп қайта тіктелді,

Жығылған туым, құлаған!

Алдымнан шықты ақ Сәпен,

Ақша бір жүзі ақ сәтен,

Жанарын жасқа шылаған...

 

Талықсып кетті тағы ұзақ,

Бөлменің іші аңызақ,

Төсекте жатыр дертті ақын,

Әрі дос дүние, әрі жат,

Жүрегіндегі жәннаты,

Түсіне кірді Алматы,

Біртүрлі суық, қаңырап...

 

Біртүрлі суық қала сұр,

Бауыр аз,

Дос аз жанашыр,

Қабылдағысы жоқ түге,

Жалынды жырды жаңашыл...

Жойылды,

Жойды,

Жыртылды,

Сөреге жетпей қырқылды,

Сөзінің шіркін, көбі асыл...

 

Селт етсе қане, нән қала,

Ашқан жоқ құшақ қармана,

Жертөле тамда жырладым,

Жерімді байтақ, кең дала.

Үмітке мойын қайыртпас,

Шалдықтым дертке айықпас,

Запыран кеуде, зар-нала...

 

Ай жаттым қанша, жаңылдым,

Сырғиды уақыт – сағым күн,

Жаныма келген жолдас жоқ,

Жағдайын сұрап халімнің,

Жығыла бермес жиі нар,

Маңына ертең жиылар,

Тереңдеп қазған қабірдің,

Кетпей бір жатқан есе ме,

Маңдайға жазды пешене,

Бұйрығы Құдай-әмірдің...

 

Жалғыз жол алда көлденең,

Құқай ма Қасым көрмеген,

Асырмай қойды жоқшылық,

Асауды тұлпар кермеден.

Бұғалық салды мойныма,

Жамады қайғы қайғыма,

Жүректе шемен, шерлі өлең,

Тарылды маған келгенде,

Дүние шіркін кең деген...

 

Тағдырға жазған жоқ айла,

Сиреді көп дос маңайда,

Тар кезең талқы, өткелде,

Біреуге біреу қарай ма?

Жүз көштім пәтер пәтерден,

Пәтер жоқ Отан әперген,

Жыр жаздым лашық, сарайда....

Шын адал сонда Қасымға,

Сәпенім ғана қасымда,

Кедейлік көнбес оңайға...

 

Айтпаққа шама жоқ әрі,

Жолдардың тұйық торабы,

Солғындап соққан жүрекке,

Сәпеннің жасы тамады,

Көшемін қазір дүниеден,

Жалғанның пенде – қонағы.

Жылама, Сәпен, тый, жасты,

Ертеңге жырым мирас-ты,

Сабырлық қылсаң жарады,

Басылар дауыл, ашылар,

Оқуға мені асығар,

Жас ұрпақ, еркін жалауы!

 

Деді де шайыр дем үзді,

Сапарға көшті негізгі,

Боздаған дауысын Сәпеннің,

Босағадағы жел үзді,

Ажал кеп ашты есікті,

Келте ғып ғұмыр кесіпті,

Сапырды дауыл теңізді...

 

Аттандым міне, жолға алыс,

Тіршілік тәмам жанбағыс,

Кеудемнен ұшқан ақтық дем,

Сапарға соңғы самғап ұш,

Махаббат,

Майдан,

Ғадауат,

Жанартау-жырға аманат,

Тіршіліктегі қалған іс,

Жас ұрпақ алар керегін,

Семсерім, сертім – өлеңім,

Ақынның жыры – ар-намыс.

Ыстықсың нұрлы дүние,

Жалғанға мәңгі кім ие,

Базарың бес күн алданыш!

 

Мәрлен ҒИЛЫМХАН

Шағанда

Сіркіреп жаңбыр жауғанда

Байқарсың өзің анықтап:

Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауаңда сенің қалықтап.

                       ​​ ​(Қасым Аманжоловтың «Орал» өлеңінен)

 

Сыр ақтарғансың Шағанға,

Жағада күрең жапырақ дірдек қағар ма?! 

Өткен күн жайлы ойлау да ауыр екен ғой

Туған жерінен жырақта жүрген адамға.

 

Теңселткен долы жел еді,

Санада қалқып ескі жылдардың бедері,

Жайыққа талай жаныңды жайып салғансың,

Алқынған асау толқындар сонда не деді?!

 

Толқындар сені шақырды,

Толқындар сүйді ырғалып тұрған ақынды.

Асыққан ағыс шерленген жүрек дауысын

Құпиялы өзен тұңғиығына батырды.  ​

 

Сауалдар тағы қинамақ,

Шағанға келдің естеліктерді жинап ап.

...Адамдар бір сәт батады екен ғой тереңге,

Адамнан ұзап кетеді екен ғой кейде бақ.

 

Таныспын қоңыр күзіңмен,

Тар көшелерде өлеңнің жолы тізілген.

Толқығаныңды тоғайларға айтқан шығарсың,

Мен жалғыздыққа жақындай бердім ізіңмен.

 

Ізіңмен кеттім даладан,

Ізіңмен сенің ұзадым жасыл қаладан!

Өзің секілді сенімді арқалай жөнелдім,

Қолдайды ғой деп,

қорғайды ғой деп бар адам...

 

Өзіңдей сосын алданғам,

Тек екеуміз бе тобыр ішінде дағдарған?!

Сонда да неге алыстамаймыз аз уақыт

Өзін қапыда жоғалтып алған жандардан?!

 

Жап-жасыл орман – жанарда,

Оралдан кету оңай болмады маған да.

…Түн ортасында жамырап қоя береді,

Жанымыз біздің шашылып қалған Шағанда.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Өзге емес, өзіңе айтам өз жайымда…

(Қасым Аманжоловқа. Толғау )

«...Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын»

                                             Қ. Аманжолов

 

Шыбын жаны шоқ қылғанша тозақты,

Шыбын құрлым көрмей өткен азапты,

Мен жоғалтып алдым аға, еліңді – 

Сол баяғы қазақты...

 

Сөге көрме,

Басқа кімнен сұраймын,

Табылса екен ләйім.

Мына қауым білмек түгіл Қасымын,

Танымайды Құдайын.

 

Қалай,

Қашан жоғалттым деп өкіріп,

Жүз ойланып, мың толғанам өкініп.

Жасандылық қана оларда – шынайы,

Адалдығы – өтірік.

 

Бұл жұрт қазір мүлдем басқа,

Рас, аға!

Рухың мені бауырына баса ма?!

Сатқындықтың мерейтойы – әр күні,

Алаяқтық – асаба.

 

Һәм ол тойға – созылатын бес күнге,

Бармас үшін өгеймін деп шештім бе?

Сахнада сальса билеп саясат,

Әділдікті шақырмаған ешкім де!

 

Елім қайда боздап кетті боталап,

Ізін көрсем сүйер едім жата қап.

Мына тойдың мұңлы әншісі Муза емес,

Арсыздықтан аяғы ауыр махаббат.

 

Бұл думанда достық қана түнерген,

Ол қанша рет таяқ жеген бұл елден.

Сосын оны мүгедек қып тастаған,

Оралатын үйін өртеп жіберген...

 

Қалай ғана көз жаздым деп ізгі елден,

Күнде өзіме мың көр қазып, жүз көмем.

Сотқарлығы сорақы боп тұр, аға

Біздің сұмдық – сұрапылдан Сіз көрген.

 

Күлі болып шығам кіріп отымен,

Елім қайда,

Еңіреймін,

Өкінем.

Сіз көрген өрт – батыры көп алау ғой,

Бізде – оқ өтпес зиялылар шетінен.

 

Бар жылуым – қарашаңырақ, кәрі ошақ,

Ар-Анамның ауырғаны жара сап...

Бұл соғыстан аман қалса жарар ед(і),

Жетім өсіп келе жатқан болашақ!..

 

Мен көрген жұрт,

Сіздің елдің танысы...

Оларға жат жүрегімнің дауысы.

Қариясының өз басынан басқаға,

Өз жасынан асатын тек қарғысы.

 

Елім қайда,

Қаным – тарих,

Жасым – жыр,

Көзін тиын жапқан бірақ ғасыр бұл...

Ал жастары өз Отанын қорғаудан,

Аманжолов көшесінде қашып жүр...

 

Түсімдегі ел,

Қайда,

Кәні өңімде?

Сол елді мен қимас едім өлімге.

Қашқындар мен қанішердің барлығын,

Ұстап тұрмын осы тойдың төрінде.

 

Бір Қасымым,

Бір Отаным,

Бір Құдай,

Қайнап қаным бұрынғыдай бұрқырай,

Қан мен оттың исі сіңген шинельмен,

Кіріп келсең осы тойға, шіркін-ай!

 

Тұрмас едім және қарап мен шетте,

Қопарылып шығар ма еді қанша өкпе.

Беттеріне түкірер ең жанартау,

Біздің соғыс бітер еді – сол сәтте!

 

Түбі солай болатынын сеземін,

Күтіп тұрған сардарыңмын кезегін.

Алашым да кіріп келер артыңша,

Қасиетті өз елім!

 

Қолымызда шындық пен жыр – қосатар,

Сұрмергендер сабыр сарқып, кеш атар...

Жасандылық көрге қарай көш түзеп,

Төрімізді босатар.

 

Медаль емес,

Ордень емес,

Шерлене,

Демократиям шын думан боп елге де,

«Алып кел» деп айтқызбай-ақ сонда аға,

Домбыраңды басар едім кеудеңе!

 

Ұларбек Нұрғалымұлы

Қасымның жыры

«Қарқара құстың қайтқаны,

Сүреңсіз күздің болғаны».

                          Омарғазы Айтанұлы

 

Қай мезгіл екен, білмеймін оны,

Пірәдар біреу түс көрген.

Қарқаралыдан қаңқылдап ұшқан,

Қарақара деген құс көрген.

 

Қанаты жақұт шағылып күнге,

Жүріпті ұзақ айналып.

Арпалысыпты аса алмай бұлттан,

Аяғына арқан байланып.

 

Айқара құшақ ашпаған өмір,

Ұқсатам соны ақынға.

Ақын болғанда, басқа ақын емес,

Ұқсатам жалғыз Қасымға!

 

Қасымның жолы қасқа жол емес,

Тар қысаң, қия, қар, мұздық.

Өзінің жайын өзіне айтқан,

Қасымның досы – жалғыздық!

 

Бір шаттық аңсап, бір бақыт күтіп,

Жамалы күздей сарғайған.

Соғыстан аман келсе де бітпес,

Қасымның жолы  –  қан майдан!

 

Мейірімге шөлдер ақын жүрегі,

Болса да шайқас қатал-ақ.

Қасымның жары  –  соғыс жесірі,

Қасымның жаны – махаббат!

 

Оқ пенен өрттей лапылдап, лаулап,

Өзі бір кешкен соғыстың.

Жалындай қаулап өлең боп кеткен,

Басылмақ емес сол ұшқын!

 

Қасымның сөзі  –  тілі ұшындағы

Жақұты жауһар тілектің.

Қасқайып өткен Қасымның өзі  –

Ұраны қайсар жүректің!

 

Дәриға-ай, шіркін Қасымның әні,

Кеткелі қашан аспандап.

Күбір-сыбырлы үйшіл мен күншіл,

Енді оған қалай қас болмақ!?

Енді оған қалай дос болмақ!?

 

Қызығар енді қиянатшылар,

Қасымның үйі ғажап тым!

Қарағанды, Орал, Алматыда емес,

Кеудесінде екен қазақтың!

 

Шалғыңнан дауыл тұрғызып дәйім,

Қасымның жыры шалқып ұш!

Байланған жерге шыжымын үзген,

Жақұт қанатты жалқы құс!

 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Қасым-ғұмыр – құс жолы

Қасым!..

Сенің өмірің – жылдар шідер тағатын,

Қысқа уаққа қамалған ұза-а-ақ сапар болатын.

 

Ұза-а-ақ сапар болатын...

Түйінделген тек ерте.

Өз бойыңнан ұзарып үлгерместен көлеңкең...

Соңғы деміңді алғанда үзілді де сыбыр бір,

Соңғы нүктең қойылды талтүсінде ғұмырдың.

...

Туған жерге бір соқпай қиян-кескі тағдырың

Өз ішіңде көтердің тауқыметтің барлығын.

 

Өз ішіңде көтеріп жүрдің марқұм әкеңді...

Шешеден де тірі қап, жетімдікке ет өлді.

 

Көкірегіңді тырналап, кексе шер мен қыжыл мұң,

Ізің қалды қайтпаған қырқасында Қызылдың.

...

Қайда бастап бармады шақша басты, о, тірлік?

Бірақ, сенің руһыңды жеңе алмады жетімдік!

...

Кіндігіңді жерге емес, қара өлеңге байлап ап,

Жұлым-жұлым жаныңды Жайық желі аймалап,

Өз ішіңде тым-типыл тынып жатқан дауыл да

бас көтерді қара өлең аққан сәтте қаныңда.

 

Жоғалтқаның, тапқаның, бастан кешкен сәттерің,

Шала мастық шаттығың, өкінішің, әттеңің,

Көрмегенің, көргенің, кешпегенің, кешкенің...

Бәрі-бәрі өлең боп, мәңгілікке көшкенін

сенің ішің сезді анық.

Ал біз оған куәгер!

Жырларыңды бұл күнде жатқа оқуға құмар ел.

...

Соғысқа да сенімен бірге аттандық мына біз,

Дариғашыл көңілге ортақтасып құла дүз

Жатқа оқылған жырлар мен әуелеткен әндерді

дымын ішке тартып ап, тыңдады да тербелді.

 

Сол өлеңдер – қараңғы, түнек басқан дәуірдің

жүрегіне шам жаққан жарығы еді жаныңның.

 

Сол өлеңдер – көңілшек көз жасындай көктемнің,

Қанатына айналды аңсар жанның мөп-мөлдір.

 

Сол өлеңдер арқылы алып-ұшқан, тым албырт,

Сыздап жатқан жараның сарысуын шығарды ұлт.

...

Қасым!..

Сенің өмірің – жылдар шідер тағатын,

Қысқа уаққа қамалған ұза-а-ақ сапар болатын.

 

Ұза-а-ақ сапар болатын...

Түйінделген тек ерте.

Өз бойыңнан ұзарып үлгерместен көлеңкең...

Соңғы деміңді алғанда үзілді де сыбыр бір,

Соңғы нүктең қойылды талтүсінде ғұмырдың.

...

О, дариға, жетімдік!..

О, дариға, кем көңіл!

Жұлдызындай маңдайдың жылт етті де, сөнді өмір.

 

Жылт етті де...

Сөнген жоқ!

Қалды артында құс жолы,

Қалды артында сөздер мен сазға айналған іш шері.

 

Қалды артында сезімі, дариғашыл көңілі,

Қалды артында ғазауат, махаббаты ең ұлы.

 

Қалды артында мұра боп қайтпас, қайсар мінезі...

Жұлдыз біткен бытырлап сөнсе дағы бір өзі...

Аспан жақтың қараңғы жүрегіне шам жағып,

Қасым-ғұмыр айналды құс жолына жап-жарық!

Төлеген МЕЛЛАТ

 Сардар

(Қасым Аманжолов рухына)

Жарқ етті орман, жасынды көрдім,

Қасымды көрдім түсімде.

Қабарған өңі ғасырды көрдім,

(Қып-қызыл өрттің ішінде)

 

Сол орман сонша жиілей берді,

Кешсе де апат, ауыр күй.

Өртімен қызыл бүйірлей келді,

Өтінде біздің ауыл-үй.

 

Жасынсыздағы жалаңдайды екен,

Тұтанып іштей жасырын.

Қасымдар несін алаңдайды екен,

(Ойламай қамын басының)

 

Жан ұқпас сірә жасынның күйін,

Қаулаған өрттің кәрлі өңі,

Өртенген шығар Қасымның үйі,

Қасымның үйі бар ма еді?!

 

Шұбалып жатыр (шарлаған жолы)

Табанын ыстық от қарып.

Өлеңге жетсе қармаған қолы,

Жанады көзі шоқтанып.

 

Танымайтұғын рухты қайсар,

Такаппар ма еді дүние?

Заманға лайық тынысты байқар,

Мінезге сонда кім ие?

 

Шығады дауыс ғаламат, өктем,

Қып-қызыл өрттің ішінен,

Сол дауыс — өлең аманат еткен,

Құлындай жетті кісінеп.

 

Шымырлап сонда өлеңнің өзі,

Ақындық жүрек қағысықа,

Қайғы мен нала дегенің көбі,

Айналып кетті намысқа.

 

Ақ алмас жыры еленбесе айып,

Түспеген тантып әр ізге.

Өз атын емес, өлеңге шайыр

Мінезін жазды бәдіздеп.

 

Ғасырлар жалғап өлеңнің демін,

Ақынға ғұмыр келте өрген.

Өрт емес бәлкім, біз көрген оның —

Жүрегі шығар өртенген.

 

Жалғыздық — асқақ туынды сірә,

Жасайды ерлік қайғыдан.

Ерліктің өшпес рух жырына,

Айналып кетті қайғылы ән.

 

Тағдырдан тасыр жараланса да,

Жаңылған емес жырынан.

Құзардан айға қараған сонау,

Жаралы бөрі ұлыған.

 

Қалмастан қапы қалтарыстарда ,

Салды өзін өр мен еңіске.

Өмір мен өлім арпалысқанда,

Өлеңі жетті жеңіске.

 

Шарпылған Таңір шапағатына,

Жүрегі — майдан, жыр — қару,

Маздаған ыстық махаббатына,

Табылар ма екен бір дәру.

 

Жарқ етті орман, жасынды көрдім,

Қасымды көрдім түсімде.

Қабарған өңі ғасырды көрдім,

(Қып-қызыл өрттің ішінде)

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan