«Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!»
«Жолдастарым мені мұз араласқан лай қармен жауып тастады. Үстінен тақтай лақтырды. Оған отырған адам «Кеттік!» деді. Шана жүре жөнелді. Менің мойнымды, иығымды, бар денемді енді тіптен ауыртпалық басты. Ол мені жаншып барады. Демалу қиындай түсті. Дегенмен мен шыдадым. Лагерьдің алып есіктері сырқырай ашылды. Шана еркіндікке шықты», - деген бұл жолдар Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан үзінді еді.
Бүгін – қазақ халқының қоғамдық, мемлекеттік, мәдени-әдеби өмірінде ойып орын алған жазушы Сәкен Сейфуллиннің туған күні.
15 қазан – Ақынның туғанына 132 жыл!
«Жолдастарым мені мұз араласқан лай қармен жауып тастады. Үстінен тақтай лақтырды. Оған отырған адам «Кеттік!» деді. Шана жүре жөнелді. Менің мойнымды, иығымды, бар денемді енді тіптен ауыртпалық басты. Ол мені жаншып барады. Демалу қиындай түсті. Дегенмен мен шыдадым. Лагерьдің алып есіктері сырқырай ашылды. Шана еркіндікке шықты», - бұл Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романынан үзінді еді.
Аталмыш еңбегінде өзінің бастан кешкендерін кейінгі ұрпаққа жазып, мұра етіп кеткен жазушы 47 күн Колчактың азынаған азап вагонында қаншалықты қиындық көргенін баяндайды. Артынан Омбыдағы абақтыға жеткізіліп, онда бір жылға жуық уақыт отырған соң, 1919 жылдың 3 сәуірінде Колчак абақтысынан шанаға тығылып, мұз аралас қардың астына көмілген күйі қашып құтылған.

Қалың қазаққа сырбаз серілігімен танылып, сұңқар жазушы атанған Сәкен Сейфуллин жайлы мақалада сол замандағы шәкірттері мен ақынның жары, замандас қаламгерлердің естелік сөздерін келтіріп отырмыз.
Жазушының балалық шағы
Сәкен Сейфуллин 1894 жылдың 15 қазанында қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы Иманақ тауының етегінде дүниеге келеді. Азан шақырып қойған есімі – Сәдуақас. Отбасы бала кезінен еркелетіп, Сәкен атап кеткен екен. Анасының әлпештеген «Ақсәкені», ер жете келе, тұтас қазақтың «Сұңқар Сәкеніне» айналады. Ақынның арғы аталары орта жүздің Арғын, Қуандығынан тарайды. Қоғам қайраткері жайлы мәліметтер мен өмірдеректерін зерттеп отырғанда, Сәкеннің әкесі Сейфолла өз заманында ауқатты, беделді, текті болғанын аңғарамыз. Сөз сұңқары Сәкеннің бойындағы өр мінезі мен асыл қасиеттері тегінен дарыса керек-ті. Ақын жайлы естеліктердегі деректерге сүйенсек, ақынның әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбыраның құлағында ойнаған, саятшылықты жаны сүйетін нағыз өнерпаз жан болған екен. Сондай-ақ анасы Жамалдың да бала Сәкенге ықпалы өте зор болған деседі. Ақынның анасы турасында Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбіш өз естелік-сұхбатында былай дейді: «Бесікте жатқан Сәкенге анасы үнемі аңыз-әңгіме, жыр-толғаулар айтып өсірген. Тумысынан зерек болған бала Сәкен батырлар жырын, мәні терең даналық сөздерді жастайынан санасына түйіп ер жетеді», - деп, ақынның сәби кезінен анасынан алған әдемі тәрбиесі жайлы ой қозғайды. Ана сүтімен сіңген ғибрат пен тағылым өсе келе, ақынды әдебиет пен мәдениетке біртабан жақын етсе, нәрлі насихатты қағып алатын қағілезділігі оны білім жолында олжалы етеді. Әу баста әкеден үш ұл, үш қыз туылып, алты ағайынды болып тараған қаламгер отбасында тұңғыш бала болған. Тағдырдың жазғаны мен заманның қиындығынан, артынан ерген бес бауырдың төртеуі бала кезде көз жұмады. Ақынның өзі мен інісі ғана тірі қалады.
Ақынның ағартушылық жолы
Сол уақыттың талабына сай, алғаш сауатын ауыл молдасынан ашқан Сәкен, 1906-1908 жылдары Нілдідегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде әрі қарай білім алады. Екі жылдық оқуын үздік тәмамдаған соң, Ақмоланың приход мектебінде шәкірттік жолын жалғастырады. Одан соң, тағы екі жылдық қалалық мектепте оқиды. Ғылым-білім қуып, 1913 жылы Омбы педагогикалық семинариясына аттанады. Жазушының ең алғашқы мақаласы дәл осы Омбы қаласында оқып жүргенде, «Айқап» журналына жарияланған. Содан бастап, жас Сәкен Патша Үкіметінің назарына түседі. Дегенмен қаламгер қазақ жастарына арналған белсенді жұмыстарын жалғастыра береді. Ақынның ең алғашқы ұстаздық жолы гимназияда оқып жүргенде, 1912 жылы басталғанын бірі білсе, бірі білмес. Жастайынан білімге құштар бала Сәкен арабша хат таныған соң, орыс тілін меңгереді. Оның орыс тілін жетік білетінін байқаған медресе директоры оған Ғабдолла халфе медресесінде қазақ-татар балаларына орыс тілінен тегін сабақ беруге өтініш айтады. Бұл қызметінің өтеміне, медресе басшысы (директор) ақынға медресе кітапханасына емін-еркін кіріп, кітаптарды тегін пайдалануға рұқсатын берген екен. 1916 жылдың көктемінде оқуын аяқтаған соң, қаламгер елге қайта оралады. Ұстаздық білімін шыңдап, оқуын тәмамдап келген ағартушы Сәкен Ақмола уезіне қарасты Нұра бойындағы Ахмет Төре ауылында алғаш мектеп ашып, балаларды жинап, оқу оқытып, мұғалімдік жолын осы ауылдан бастаған.

Бұл туралы Сәкеннің сол уақыттағы алғашқы шәкірттерінің бірі Тәжиннің 1964 жылғы «Тың өлкесі» газетінде жарияланған «Ұстаз» атты мақаласында былай делінген: «Сәкен Сейфуллин Нұра өзінінің бойындағы Төре ауылында мектеп болады деген кірпіш үйдің шағын бөлмесінде жалғыз тұрады. Сабақ қыркүйек айында басталды. Сәкен аға аз уақыттың ішінде мектеп үйін жабдықтатқызды. Балалар оқытатын бөлмеге тақтайдан биік стол, орындық жасатқызды. Сабақтан соң 2-3 сағат ауыл жанындағы өзен жағасында бізге қызықты әңгімелер айтып беретін. Және серуен-сабақ барысында бізді орысша сөйлесуге шақыратын. Ол тез тіл үйренуге көмектесті», - деп жазылған естелік сөздері дәлел болмақ.
Ақын – 1914 жылы қазақ жастарымен бірге мәдени-әдеби «Бірлік» қоғамын құруға атсалысқан тұлға. Осы кезеңдері Сәкен өзінің «Өткен күндер» атты алғашқы жыр жинағын да жариялаған екен. Өзінен он жастай үлкендігі бар Міржақып Дулатовты ұстаз тұтқан «бірлікшіл» жастар қатарында Сәкен мен Мағжан Жұмабаевтан бөлек, Қошке Кемеңгеров, Мұсылманбек Сейітов, сол уақытта ауылшаруашылық мектебінде оқыған Смағұл Сәдуақасов сынды от жүректі азаматтар да бар еді.
Жалпы ұлт зиялысының белсенді қоғамдық-саяси қызметі Ақмолада басталғаны көпке мәлім. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басталғанда, қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деген зор сенімменен ақын қара халықпен бірге болады. «Өзекті жанға бір өлім!», - деп сол кезеңде көтеріліске бас болып, атқа қонған Тоқаш Бокин, Тұрар Рысқұлов, Амангелді Имановтарға жақ болып, елдің күйін күйттеген жазушы тіпті көтеріліске арнаған «Толқулар» атты өлеңін де жариялайды.
«Сұрапыл соққан күңіреніп,
Көл толқыны басылар
Тітіреп, дүмпіп жарылған
Жер толқыны басылар
Күйініш қайғы іс түскен
Ел толқыны басылар
Ел-жұртынан айрылған
Ер толқыны басылар.
Махаббат, қасірет толқыны
Басылмас ыстық жүректің
Басылмас қайғы толқыны
Кернеген шерлі көкіректің», - деген өлең жолдарынан қазақтың қасірет толған көкірек толқынын одан бетер күшейте түскендей. Алайда ақын осы әрекетімен орыс Патшасын биліктен кетіргісі келетін ақпан төңкерісін қолдайтын ниетін анық көрсеткен еді.
«Қырғыз-қайсақ» атауын «Қазақ» деп өзгерткізген
Демократиялық бағыттағы озық интеллегенцияның басын құрауды мақсат еткен тұлғаның осы жолдағы ірі бастамасы – «Жас қазақ» ұйымын құруы болды. Өзі басшы болып, Бәкен Серікбаев пен Абдолла Асылбеков секілді зиялылар мүше болған бұл ұйымның негізгі мақсаты – әділ сайлау, сауатсыздықты жою, қалың малға шек қою сынды қазақтың санасына сіңген ескілікті жойып, іргелі мәселелермен айналысу еді. Көтерген өзекті тақырыптары қалың бұқараға жылдам жету үшін тіпті дербес басылым да ашады. Бұған жазушының «Тіршілік» газеті туралы қолжазбасындағы мына үзіндісі дәлел болмақ. «Газет маған зор сенім білдіріп, басқартты. Сол арқылы мен «Тіршілік» газетінің 4-бетінен енші алып, өз алдымызға жеке «Тіршілік» атты бетін ұйымдастырдым. Оның редакторы өзім болдым. Кейін «Тіршілік» газетінің 7-8 санын шығардық», - деген жазушының сөздері бар.
1922 жылы Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлар кеңесінің Төрағасы болып сайланады. Ұлт зиялысы қалам қызметіне қызу қарқынмен дәл осы кезеңде араласқан еді. Себебі тегеурінді тұлға қазақ баспасөзін дұрыс дамытпай, өркениетке есік ашудың бекер екенін терең түйсінген-ді. Осындай игі бастамаларымен халықты «Еңбекші қазақ» газеті арқылы құлақтандыруды, көпшілікке ой салуды мақсат тұтқанын аңғарамыз. Солай келе, «Қазақты қазақ дейік, (тарихи) қатені түзетейік!» деген тақырыпқа сай 6 мақаласы бірінен соң, бірі жарыққа шығады. Ақынның бұл бастамасының жемісті нәтижесінде, 1925 жылы ұзақ жылдар бойы «қырғыз-қайсақ» аталған еліміз «Қазақстан» деп аталады. Кез келгеннің қолынан келмейтін мұндай салмақты да жауапкершілігі жоғары істі сол кездегі Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, небәрі 28 жастағы Сәкен Сейфуллин атқарған еді. Сәкен дегенде, «қазақ» атауы қатар айтылуы әбден орынды.
Десек те, өз мемлекетінің мүддесі үшін ашық күресіп, империяның астыртын саясатына қарсы шығу – мемлекеттік жоғары қызметтегі адам үшін аса қатерлі қадам еді. Себебі Сәкен Сейфуллин Мәскеу назарындағы ең ірі саясаткер болатын. Соған қарамастан, қазақ даласындағы қасіретті оқиғалар Сәкен қаламынан тысқары қалған емес.
Мысалы, ақынның «Ақсақ киігіндегі»:
«Қиырсыз, Бетпақ дала... қураған шөл...
Жалғыз-ақ сырғанайды қоңылтпақ жел
Меңіреу... тірі жан жоқ... жып-жылмағай,
Ел қайда? Ел алыста – шулаған ел!», - деген осы бір ұйқасы бөлектеу шумағында, аңдап қараған адам үшін ел күйі мен мұңы астарлай жеткізілгенін байқауға болады. 1924 жылы жазылған бұл өлеңі 1919-1921 жылдары қазақ даласы аштықтан бой көтере алмай, миллиондаған қара халықтан айырылған ауыр кезеңде, дала меңіреу, тірі жан жоқ күйге түскен аянышты хәлін жырлаған жазушының еңбегі еді.
Сондай-ақ, ақынның 1926 жылдың 6 қаңтарында «Анаға жауап» атты апасына жолдаған хатында:
Ердің ерін сынайтұғын
ұлы өткелден өткенмін,
Апа-ау, не бар, жылайтұғын,
Жолдан қайтсам, неткенім?
Жалшы үкімі тапқан жолым
Ұлы өзгеріс өткелім
Өткел дәмін татқан болып,
Жолдан қайтсам, бетке өлім!», - деген жолдардан Сәкеннің өр мінезді, рухты жолдарын оқуға болады.
Сәкеннің шығармашылығы
Сейфуллинді мәдениет пен рефолюциялық өнер мәселелері толғантты. Ол педагогтық институттың профессоры болды. Қазақстан студенттері қазақ әдебиетімен тұңғыш рет Сәкен жазып шығарған оқулық арқылы танысқанын да көпшілік біле қоймайды. Ақынның «Асау тұлпар», «Домбыра», «Қызыл ат», «Экспресс» атты жыр-жинақтары бірінен соң, бірі шыға бастады. Республика театрлары ақынның «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында» пьесаларын қоя бастады. 1917 жылы жазылған «Бақыт жолында» шығармасы, 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен саханаланған еді. Сәкен – өмір бойы қазақ халқының поэтикалық шығармаларын қадір тұтқан ақын.

Халыққа ұлы Жамбылдың поэзиясын алғашқылардың бірі болып таныстырған да қаламгердің өзі еді. Халық алдындағы партия мен революция жолындағы сіңірген еңбектері үшін 1936 жылдың мамыр айында КСРО жоғарғы атқару комитетінің жарлығы бойынша, ақын Жамбыл Жабаев пен Сәкен Сейфуллинге «Еңбек Қызыл Ту» ордені Колениннің қолынан бір мезгілде салтанатты түрде табысталады.

Қаламгердің қоғамдық, мемлекеттік істерінен бөлек, жазушылық, шығармашылық жолы да бір бөлек. Оның шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық романы. Кең тынысты бұл туындыда қазақтың жарқын келешегі үшін күрескен ерлердің төккен тері мен аққан қаны ашық суреттеледі. Шығарма 1927 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан бетте, «кітап түрмесіне» түседі. Жарыққа шығуға рұқсат берілмейді. Кітапта мемлекет саясатына қарсы астыртын дүниелер бар деп, 1932 жылы қайта өңделіп, көп тұсы кесіліп-қысқартылып барып қайта басылады.

1934 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы жазушыларының I съезі өткенде, Сәкен Сейфуллин Жазушылар Одағының негізін қалаушы ретінде сөйлейді. Одақтың бірінші төрағасы болып Ілияс Жансүгіровты сайлайды. Дарынды жазушы, ақын саналы ғұмырын қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында жұмсаған жан. Сонымен қатар, 1936 жылы Сәкен Мәскеуге қазақ өнері мен әдебиетінің тұңғыш рет өткізілген он күндігіне қатысады. Дәл осы жерде қаламгер қазақ халқы жайлы «өзім білеммен» шығарма жазып, мазақ қылып жүрген орыс жазушыларын сынап тастаған.
Тұңғыш қазақ әуе флотын қалыптастырған
Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлар кеңесінің Төрағасы болып қызмет еткен жылдары қолға алған тағы бір айтулы ісі – қазақ әуе флотын қалыптастыру. Қаламгер бұл жөнінде арнайы қаулы шығарып, бірнеше мақала да жазады. Өзі мемлекеттік істе жүрген жылдары өркениетті Еуропа елдерінде әуе көлігінің дамығанын айта келіп, Қазақстанға ұшақ алдыру туралы істі қолға алады. Қоғам қайраткері сол мақсатта Мәскеуге аттанып, артынша Орынборға ұшақ алдыртады. Солайша қазақ жеріндегі ең алғашқы Орынбор-Семей әуе рейсын ұйымдастырған жан болып тарих бетінде қалды. Дауыл, боран, жаңбыр мен қар-мұзға қарамастан, қазақтың көгінде заулаған тұңғыш ұшақты ақын ұшатын альбатросқа теңегені де бар деседі. Сөз сұңқары атанған Сәкен заманында әлеуметтік маңызы жоғары мәселелерді тереңінен толғап кеткен жан.

Сәкен сүйікті жар. Сәкен – әке
Ақын жайлы естеліктерді оқып отырып, жұбайы Гүлбаһрамның да мына сөздерін көзіміз шалды.
«Арысымның тағы бір мінезі мен үшін ыстық. Ол менің сөзімнен не ісімнен бір нәрсені ұнатпай қалса, оның терістігін көбіне әзілмен ғана жеткізетін еді. Сәкеннің енді бір ерекше мінезі әсемдік пен сұлулыққа құштарлығы болатын. Ол өз бойының сәні мен тазалығын қатты қадірлейтін. Оның кербездігі ақ жанының сыртқы айнасы сияқты еді. Олпы-солпы жүруді мейлінше ұнатпайтын еді. Үй ішінде мұнтаздай тазалық пен жарасымдылық болуын талап ететін» ,- дейді қазақтың маңдайына біткен қаламгері Сәкеннің сүйген жары.
Сәкен Сейфуллиннің екі баласы болады. Кейінгі ақпараттарда көбіне тек ұлы Аян жайында ғана айтылып жүр. Алайда ақынның қызы да болған. Есімі – Лаура. Ол жайында Сәкен Сейфуллиннің жиені Алтай Құсайынов өз естеліктерінде былай дейді:
«Біздің әулетіміз үшін Сәкен Сейфуллин есімі қасиетті де қастерлі. Өкінішке орай, тікелей Сәкеннен тараған ұрпақтары қалмады. Қызы Лаура туылған соң, 1932 жылы қайтыс болды. Ұлы Аян 1938 жылы сүзек ауруынан көз жұмған» ,- деген сөзі арқау болмақ. Қызынан кейін дүниеге келген ұлына «Аян» деген есімді ұлы суреткер Мұхтар Әуезов қойған екен.
Мұхтар Әуезов: «Сәкеннің ақиқаттығы жүрек пен сананы оятқан, қанаттандырған. Ол сенім туралы айтса, ол – шынайы сезім. Ол шындық туралы айтса, бұл – рухтың азабын шеккен шындық. Сондықтан бұл адамның өткен жолы ерекше. Жолында самғау да болды, жығылу да болды. Сәкен Сейфуллиннің жолы шынайы, жалынды ақынның жолы», - деп Сәкен жайында өз бағасын нақ берген.
Ал жазушы Сәбит Мұқанов Сәкен Сейфуллин жайлы өз естелігінде былай дейді: «Сәкен – коммунистік партияның өте іскер, өзінің жолына берік адал ұлы. Мен оныменен 1922 жылдың күзінде таныстым. Сол жылы Сәкен маған Орынбордың рабфагына түсуге жәрдемдескен еді. Содан бастап, өмірінің соңына дейін, мен Сәкенмен жақын дос болдым. Сонда байқағаным, бойындағы таусылмайтын қайрат-жігері, Үкімет басшысы бола тұра, үлкен жұмыстарды басқара отыра, жазушылық жұмысын да ұмытпай, әрдайым қадағалап отыратыны бар еді»,- дейді замандас қаламгер.
Сәкен шахматты жақсы ойнаған
Ақынның асыл жары Гүлбаһрамның естеліктерін зерттей отырып, Сәкеннің шахмат ойнағанды ерекше ұнатқанын байқауға болады. Мемлекет басқарған жылдары спорт саласында есімі елге танылған атақты Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ елінің батыры» атағын алуға да өз септігін тигізген екен.

Сәкеннің тұтқындалуы
«Ол біраз ғана күн Алматыға жақын тұста Байсерке ауылының киіз үйінде тұрған. Сол уақыттағы көңіл-күйі аса қайғылы еді. Ол түнерген және де тұйық болатын. Оның хал-жайын келіп сұраған адам болмады. Анда-санда Сәбит Мұқанов келетін. Сол уақытта оның жақын достары – Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин жазаға тартылған еді. Сәкенге нағыз жұбаныш болған кішкентай баламыз Аян ғана еді», - деген жолдарды жары Гүлбаһрам Батырбекқызының естелігінен оқуға болады. Солайша 1937 жылдың 24 қыркүйегінде Сәкеннің де қолына кісен түседі. Ал оған жабылған жалған жала бойынша іс 1938 жылы 25 ақпанда өткен сот отырысында қаралады. Небәрі 20 минутқа созылған отырыста қазақтың сұңқар ақынын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинді ату жазасына кесіп, ажал оғына байлайды. Деректерге сүйенсек, дәл сол күні Сәкенмен бірге өзге де 33 зиялы қауым ату жазасына кесілген екен.

Жазықсыз жала жабылып, ақын ату жазасына кесілгеннен соң, арада жылдар өтеді. 1953 жылы Сталин өледі. Саясаты құлдырайды. Кейіннен көптеген жазушылар мен ақындардың ісі қайта қарала бастайды. Сол тұста сырбаз ақын Сәкеннің де есімі ақталады. Нақтырақ айтсақ, 1957 жылдың 21 наурызында КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы ақынды ақтайды. Оның «Халық жауы» аталынып, есімі ақталғанға дейінгі уақытта, отбасы біраз қиыншылықтарды бастан өткереді. Жары Гүлбаһрам 7 жыл бойы Ақмоладағы лагерьдің азабын тартады. Ұлы Аян ауыртпалықты көтере алмай қыршыннан кетеді.

Сұңқар мінезді ақын Сәкеннің есімі ақталғаннан кейін, 1964 жылы ақынның туғанына 70 жыл деген тойы қазақ жерінде дүркіреп тойланады. Әуелі Алматы қаласында, кейіннен туған жері Жаңаарқа өңірінде аталынып өтіледі. Жаңаарқада өткен жиынға ақынның жиырма мыңнан астам жерлестері жиналады. Оның артынша Сәкеннің революциялық өмірінің бастауы болған Целиноград қаласында да қаламгер мұрасына арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Ғұмырын халқының бостадығы мен азаттық идеясына арнаған қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, ақын Сәкен Сейфуллин – жазықсыз құрбан болған жандардың бірі. Бүгінгі босағасы берік, керегесі кең, терезесі тең ел болуымыздың түбінде Сәкен сынды басын бәске тіккен ерлердің нағыз жанкешті еңбегі мен жаужүрек әрекеті жатқанын ұрпақ ұмытпаса екен дейміз.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды
