Арқаның алтын сандығы (көрнекті қаламгер Мәди Хасеновтің 90 жылдығына орай)
Мәди Хасенов 1936 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қошқарбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Хасен ел басқарған байсалды, орнықты, шаруақор, адамгершілігі мол жан болса, шешесі Тұржан қолынан іс келетін өнегелі жан болған. Кіндік қаны тамып, балалық шақтың бал дәуренін өткізген осы жердің қарағайлы, таулы, қалың орманды көркем табиғаты өнерге талпынған жастың әсемдікті, көркемдікті ерте танып, ой қабілетін өрлетуге шарапатын тигізгені сөзсіз. Туған жердің сол көркем келбеті, жаны жомарт, көңілі дархан адамдары оның сонау елуінші жылдарда, студент кезінде жазған алғашқы әңгімелеріне де арқау болған-ды.
Көкше топырағының белгілі тумасы, сөзден маржан терген қауымның бел ортасынан ойып орын алған аяулы қаламгер Мәди Хасенұлы Хасенов әдебиетіміздің талантты өкілдерінің бірі болды.
1960-1980 жылдары әдебиет әлемінде танылған жазушының өзі қалап алған, өз жүрегі ұнатқан тақырыбы – оның көңіл күйі мен сыр-сипатын, парасат пайымы мен шеберлігін қалтқысыз танытатын қасиеттер десек, талант тынысы кең жатқан қарымды қаламгер Мәди Хасеновтің шығармашылық туындылары сонысымен бүкіл республикамыздың оқырмандар қауымына жақсы қанық дей аламыз. Оның қаламынан туындаған көркем шығармалар шыншылдығымен, парасатты ой-дүниесімен, асқақ арманмен астасып, замана талабын тап басып жатады. Десек те, жазушы мұраларының ғылыми ортада әлі күнге дейін зерттелмей келе жатқандығын ашық айтуға тиіспіз. Ал, мұның өзі кейінгі буынның жазушы қалдырған дүниелерді егжей-тегжейлі игере алмауына әкеліп отырғаны белгілі. Тек 60 жылдық мерейтойында баспасөз беттерінде жарияланған бірлі-жарымды үстірт материалдар талантты жазушы мұрасын толық танытпайды. Бүгінде аты атала бермейтін, кезінде өз заманының келелі мәселелеріне батыл да ашық үн қосқан қаламгер арамыздан ерте кетсе де, оның өлмес туындылары өз оқырмандарымен мәңгі жасары анық. Осы мақсатпен алдағы уақытта артына өшпес із қалдырған ел асылдарына ретті жерінде тиісті құрмет көрсетіп, бағасын беру кейінгі біздің үлесімізге тимек.
Мәди Хасенов 1936 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қошқарбай ауылында дүниеге келген. Әкесі Хасен ел басқарған байсалды, орнықты, шаруақор, адамгершілігі мол жан болса, шешесі Тұржан қолынан іс келетін өнегелі жан болған. Кіндік қаны тамып, балалық шақтың бал дәуренін өткізген осы жердің қарағайлы, таулы, қалың орманды көркем табиғаты өнерге талпынған жастың әсемдікті, көркемдікті ерте танып, ой қабілетін өрлетуге шарапатын тигізгені сөзсіз. Туған жердің сол көркем келбеті, жаны жомарт, көңілі дархан адамдары оның сонау елуінші жылдарда, студент кезінде жазған алғашқы әңгімелеріне де арқау болған-ды.
Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищеде оқиды. Мұны тәмамдаған соң бірер жыл «Үлгілі» бастауыш мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Әдебиетке деген құмарлық пен қабілет жас талапкерді 1956 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуіне, оны 1961 жылы жақсы бітіріп шығуына мүмкіндік береді. Университет қабырғасында жүргенде болашақ жазушының алғашқы тырнақалды дүниелері республикадағы «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» сияқты журналдарда жарық көре бастайды. Университеттің соңғы курсында оқи жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейді.
Алпысыншы жылдар елімізде «тың және тыңайған жерлерді игеру» саясатының күш алып тұрған кезеңі болса, Мәди Хасеновтің шығармашылық жолы да осыған тұспа-тұс келді. Болашақ жұмысын әлі жоспарлап үлгермеген ол Орталық Компартияның нұсқауы бойынша Целиноград өлкелік «Тың өлкесі» газетіне қызметке жіберіледі. Кейін облыстық «Коммунизм нұры» газетінде жас талап қаламын одан әрі ұштай түседі. Тыңдағы өмір тақырыбына арнап жаза бастаған әңгімелері мен болашақ көлемді шығармаларының кейіпкерлерін алғаш осы өңірде жолықтырады. Көркем әдебиетке деген ынта-ықылас, жазуға деген талап-талпыныс көп ұзамай өзінің жемісін бере бастады. Жас прозаиктердің 1966 жылы жарық көрген «Шұғыла» атты көлемді жинағында Мәди Хасеновтің бір топ әңгімелері топтастырылған. Журналистік қызмет пен жазушылық еңбекті ұтымды ұштастыра білген Мәди Хасенов ширек ғасырдан астам уақыт бойы өлкелік, облыстық газеттердің сапалы да мазмұнды шығуына елеулі үлес қосып келді. Қат-қабат газет жұмысына орай жолсапарға жиі аттануы, алуан тағдырлы адамдармен: диқандармен, шопандармен, жылқышылармен, сәулетші-кұрылысшылармен кездесіп сұхбат құруы жазушының тақырып ауқымын кеңейтіп, әдеби қорын молайта түскені сөзсіз.

М.Хасеновтің «Алғашқы ән» деп аталатын тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Жазушының осынау жинағына өскелең ауыл өмірін, еңбек адамдарының жарқын бейнесін, олардың достық, туысқандығы мен сүйіспеншілігін суреттейтін таңдаулы әңгімелері енген. Жазушының «Тұлпардың дүбірі» атты екінші кітабы 1971 жылы жарық көрді. Шығармаға аркау болған – халқымыздың ұлттық тағамы, шипалы сусыны қымыз баптау саласындағы мәселелер, шешімін күтпеген проблемалар еді. 1979 жылы «Жалын» баспасында жарияланған «Қайсар» повесі де өз заманындағы мән-маңызы зор өзекті тақырыпқа арналған. Автордың айтайын деген негізгі ойы – қалада институт бітірген Қайсар сияқты азаматтың өз мамандығымен бірге ауылға мәдениет туын қоса ала келуі.
Тың өңіріндегі журналистік қызметтің алғашқы он жылы М.Хасеновтің жазушылық қаламын әжептәуір шыңдап, өмірден көрген-білгенін әлдеқайда молайта түскендей. Көкейде сараланған осы дүниелерді көркем шығармаға айналдыру үшін енді әңгіме, тіпті повестің өзі тарлық ететіндей еді. Әдебиеттің күрделі жанрына ол осылайша қол созды, Бұған оның 1975 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген алғашқы романы «Нар тәуекел» толық дәлел. Бұл – өмірдің ылдиында қалып қоймай. оның өріне, құз-қиясына құлаш сермеген қажыр-қайратты парасат тұтқан адамның нартәуекелі. Бұл – қашан да қоғам мүддесін қорғап, сол үшін өзінен дәрежесі жоғары, мансабы биік басшылармен жағаласуға дейін барған батыл адамның тәуекелі болатын. Оқиғаның негізгі арқауы – жігерлі жас маман, басшылық жұмысқа жаңадан ғана жолдама алған совхоз директоры Мағжанның қызық та қиын қызмет жолы, сан тарау іс-әрекеті.
М.Хасеновтің 1987 жылы «Жалын» баспасында жарияланған «Тайталас» повесі тың игеру тақырыбына арналғандықтан, өмір шындығын сипаттауы жағынан өзіндік ерекшелігі бірден көзге шалынады. Сонау жылдары жердің талғамсыз тым көп жыртылып кетіп, оның құнарының кеми түсуі сияқты қиын кезеңдер жазушыны проблемалық мәселелер көтеруге еріксіз жетелейді.
Жазатын тақырыбын өзі өмір сүрген қоғамдық ортадан таңдаған М.Хасенов жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардын басында өз оқырмандарына деректі әңгімелер мен очерктерден құралған үш кітап ұсынды. Олар «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары» және «Қайнар бұлақ» деп аталады. Әрқайсысының көтеріп тұрған өз жүгі, оқырман көңіліне қозғау салар ой тұжырымы, жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі бар.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгердің ауыл шаруашылығының өзекті мәселелеріне арналған «Қиянат» романы әлі жарыққа шығып үлгерген жоқ. 1977 жылы «Сарыарқа» журналының бірінші санында кейбір тараулары ғана жарияланған аталмыш роман ауыл деп соққан жүректің ең соңғы лүпіліндей еді.
Иә, рухы биік, жаны жайсаң, ардақты жазушы еңбегі көзі тірісінде де жоғары бағаланып, оған 1979 жылы «Қазақ ССР-інің» еңбек сінірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. 1971 жылдан бастап ССР Жазушылар одағының және ССР Журналистер одағының мүшесі болған талантты жазушы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» және басқа да марапаттауларға ие болды.
Әдебиетке алпысыншы жылдары келген Мәди Хасеновтің алғашқы туындысы – «Алғашқы ән» деп аталатын әңгімелер жинағы. Оның қаламынан туған өмірдің сан саласын қамтитын тақырыптағы әңгімелері өз алдына бір төбе. Әсіресе осы жинақтағы «Інжу» әңгімесі кезінде оқырман қауымның көңілінен шыққан сәтті туынды еді. Жинаққа кірген әңгімелерде ауыл өмірі, еңбек адамдары, достық пен махаббат сияқты тақырыптар кең ауқымда суреттелген.
Қарымды қаламгер баспасөзде, өзінің ірілі-ұсақты очерктерінде түйінді мәселелерді де алға тартқан болатын. Деректі әңгімелер мен очерктерден тұратын «Берлинді алған батырлар» кітабында Ұлы Отан соғысы жылдарында гитлершіл фашистерге қарсы күрескен қазақстандық ержүрек жауынгерлер мен офицерлердің жау ордасы – Берлинге дейін баруы, шайқастағы ерлік істері айқын суреттелген. Автор Отан соғысы ардагерлерінің бүгінгі бейбіт өмірдегі, еңбектегі табыстарын да тартымды суреттеп береді. «Қаһармандық сыры» атты публицистикалық толғаумен ашылатын жинақтан оқырман Орал өңірінің түлегі, қазақстандық Кеңес Одағының Батыры, старшина Мәжит Жүнісовтің жаумен айқастың аяқталар шағында Прага үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқанын, Прага жұртшылығының қазақтың ержүрек жігітін аса қадір тұтып, оның бейітінің басын гүлге бөлегенін оқығанда тебіренбеу мүмкін емес. Жазушы осынау жайтты өз көзімен көрген.
Сол сияқты кешегі майдан жорықтарының сан-соқпақты ауыртпалықтарын қайыспай көтерген, соның куәсіндей кеуделері жауынгерлік орден, медальдармен жарқыраған қадірлі жерлестеріміз Баймұқан Алтынбеков, Қоңдыбай Жексенбаев, атақты Жамбыл өз жырын арнаған Волхов майданының ержүрек жауынгері Дүйсекей Сейітов сияқты ардагерлердің ерлігіне сүйсінбей қалу мүмкін емес. Жазушы осынау ардагерлердің ерлігі мен адамгершілігін, шексіз патриоттық сезімін терең пайымдай білген. Оның «Тың тарландары», «Қайнар бұлақ» дейтін кітаптарынан елді кеңестендіру дәуіріндегі қоғамдық істерге белсене араласқан қарт коммунистердің бейнесін жүрекке берік түйесіз. Автордың ықыласы ауған Төкен Сүлейменов, Хакім Тәшмағамбетов, Рахым Қайсарин сондай адамдар. Мәди Хасенов сонымен қатар, Социалистік Еңбек Ерлері Нұрғабыл Малғаждаров, Михаил Довжик, Жұман Исабеков, Қайыржан Ескендіров, Савелий Галущак, Кенжебек Алпысбаевтардың ерен еңбектерін де өз шығармаларына арқау еткен.
1970–1980 жылдардағы қазақ әдебиетінде орын алған тақырыптардың бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру болатын. Астық молшылығын жасау ұранымен елімізде тың игерудің дабылы қағылғанда, партия мен үкіметтің осынау саясатының асығыс та сыңаржақ екенін іштей сезе тұра көнбістік, кеңпейілдік танытып, кең-байтақ қазақ жеріне мың-мыңдап ағылған тыңгерлерді олардың түр-тұлғасының бөтендігіне, тілінің өзгешелігіне қарамастан, жомарт пейілмен қарсы алып, төріне шығарған, ыстық ықылас танытып, ақ адал дәмін ұсынған ауыл тұрғындарының қайырымдылығын, адамгершілігін кім білмейді.
Көкірегі ояу, көзі ашық есіл азамат үшін қоғамдағы болып жатқан ірілі-ұсақты проблемалар өз шешімін табуы керек болса, М.Хасенов те туған жердің табиғаты төңірегіндегі мәселелерден қалыс қалмаған сияқты. Сондықтан да жазушы қаламынан туған «Тайталас» повесінің өмір шындығын сипаттауы жағынан өзіндік өзгешелігі бірден көзге шалынады. Шығармада Қазақстанның солтүстік өлкесіндегі тың жерлерді игеріп, халық кәдесіне жарату жолындағы үлкен жорық бастан-аяқ қамтылмаса да, соның бір ең қиын кезеңі, түйінді проблемалары суреттелген.
Алпысыншы жылдардың басында тың атырабында көтерілген қара дауыл барған сайын үдеп, жүздеген мың гектар егінжайдың бетіндегі құнарлы қабатты шаң-тозаңға айналдырып, әлдеқайда ұшырып алып кетіп жатты. Тың табиғатының осынау оқшау құбылысына үлкен күдікпен қарап, бұл жерден үміті азайып, көңілі суи бастағандар да болмай қойған жоқ. Алайда өз кәсібіне жан-тәнімен берілген, Жер-ананы сүйе білген байырғы диқандар табиғаттың жел эрозиясы сияқты алапатына тосқауыл қойып, оған қарсы күрес жүргізудің әдіс-тәсілдерін іздегені белгілі. «Тайталас» повесі міне, осындай тартысқа құрылған. Бұл – табиғаттың қатыгез құбылысы мен адамдар арасындағы тайталас. Бұл – өз ісіне шын берілген диқандар мен билігі мол, бұйрығы өктем адамдар арасындағы тайталас. Бұл – ғылыми ізденіс пен көп жылғы тәжірибенің қарадүрсін іс-әрекетіне қарсы тұрған тайталасы.
М.Хасеновтің шығармашылық жолы тың игеру кезеңіне тұспа-тұс келгені белгілі. Қарымды қаламгердің осы жылдары ел шаруашылығындағы елеулі өзгерістерді қырағы көзімен көру үстінде сана мен ой елегінен өткізе білуі заңды құбылыс. Ендеше журналистік жолсапарлардағы ойға түйген материалдар жазушының тың игеру тақырыбына қалам тербеуіне себеп болғаны даусыз. Сын сағатта ел мұңын мұңдаған қаламгер үшін бұл тосын жаңалық емес-ті. Елім деп соққан жүректің қашан да халық жадынан табылуы сөзсіз. Жазушы қарапайым халық арасынан шыққан еңбек адамдарын ерекше жоғары қойып, сол арқылы еңбек адамдарының жаңа бейнесін жасайды. Шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі – Нұрғали үнемі халық мұңымен мұңдаспайтын тоғышар адамдармен қақтығыста шыңдалып, ақыры өз мақсат-мұратына жетеді. Сондықтан да жазушы шығарманың басында «Рақат іздесең, бейнетінен қорықпа, Қуаныш іздесең, қайғысынан қорықпа», – деген ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнның нақыл сөзін бекерге алмаған сияқты. Мұның өзі оқырманды жаңа бір тың дүниемен қауыштырар сәттің бастамасы іспетті, әрі болашақ оқиғаларға да ерекше әр беріп тұрғандай.
Шығарманың алғашқы бөлімінде басты кейіпкері Нұрғали бірден іс-әрекет үстінде көрінеді. Бүлінген шаруашылықтың сырын жазушы бірден ашқан, оның өзін қайнаған ауыл тіршілігіндегі көріністерден-ақ аңғартады. Бұған Нұрғалидың анасының: «Күннің көзі көкке өрлесе-ақ болды, бір қызыл жел көтеріліп берекені кетіруші еді, ақыры міне, алапат...», - деген сөздері дәлел. Нұрғали болса тосыннан келген алапатқа қарсы қандай айла-тәсіл қолдану керектігін ойлап, мазасыз күй кешеді. Оның әрбір іс-әрекетінің өзі шығарманың басында кейіпкердің шаруашылық жайына оң көзбен қараушы, әрі жанашыр адам екендігін бірден танытады. Жазушы шаруашылыққа келген табиғат апатын әсерлі берген: «Егін шөліркеген балапандай балғын сабағын төмен иіп, жүдеңкіреп тұр. От-жалынның деміндей ыстық желге ол қаншаға шыдар екен. Аптап аңызақпен күресуге оның шамасы келе ме? Буыны қатпаған балауса егіннің нәзік тамырлары тереңге бойлап, тіршілік нәрін тарта алар ма екен?» Бригадир Нұрғалидың күдігі де, қиналысы да осымен сабақтасып жатады. Ал осындай күдік, күмәні көп ой жетегінде келе жатқан Нұрғалидың «бұрқыраған қою шаңның аяғы төңіректі түгел қамтыған қара дауылға ұласқан» көрініске тап болған сәтін сипаттағанда жазушы шынайы өмірді дәл бейнелеуге, оқырман жүрегіне жеткізуге тырысқан. Бұл тек табиғат апатына қарсы күрес қана емес, ой мен күдіктің шарпысуы, адам бойындағы түрлі қасиеттердің жан арпалысы. Өйткені қандай да бір нәубеттің адам жүрегіне өзіндік ізін қалдырарын ойласақ, сол қара күшке қарсы тұрар мұқалмас жігердің әр адамнан табыла бермейтіндігі белгілі. Ендеше жазушы болашақ қаһармандарын ашық айқасқа түсірместен бұрын оларды алдымен іштей жан күйзелісіне түсіреді, істің байыбына барғызады, өзіндік көзқарастарын қалыптастыра отырып, мәселенің басын ашуға тырысады. Ендеше Нұрғали да тағдырдың талай теперішін, өмірдің ащы-тұщысын көрген еңбек адамы. Әйтсе де мына көрініс оның алдын кес-кестейтін сияқты. Алабөтен келген Жер-Ананың дертіне дауа болар шипаны қайдан іздемек? Осы сауалға жауап таба алмай қиналған сәтте Нұрғалидың арқа сүйер адамы – ғалым Мирас. Қара торы жігіттің өзі мен сөзі бірден баурағандықтан, Нұрғали оны Жер-Анаға жанашыр адамдардың бірі деп таниды. Әрине, табиғаттың төтеннен келген осынау тосын құбылысы жер маманы Мирасқа да оңай тимейді. Қарапайым диқанның жер жағдайы, топырақ тағдыры туралы ол: «Кеше тың дабылы қағылғанда құлашты тың кеңірек сермеп, жерді ұлан-асыр ғып айырып тастаппыз да, оның алдағы жағдайына жете көңіл бөле қоймаппыз. Сонын зардабы енді білініп жатыр», - дейді. Ғалым сөзімен берілген астарлы ойдың ар жағындағы шындықты жазушы кейіпкердің жан толғанысы арқылы ашық береді, әрі осы арқылы оқырманның өзіне ой тастайды.
Шығармада көп ұлтты халықтар достығы ерекше дәріптеледі. Басты кейіпкер Нұрғали мен Володя Гаврин арасындағы достық шығарманың өн бойында айшықталады. Алғашқы танысу сәтіндегі Гавриннің бейнесін жазушы «Үстіне әскери сарғыш бушлат, басына былғары кепка киген, жирен жүзді, қапсағай орыс жігіті» деп суреттейді. Гаврин Жер-Ананың мүшкіл халін терең ұғынушылардың және сол мақсатта күресушілердің бірі. Сонымен қатар қазақтың салт-дәстүрін, қонақжайлылығын, тамаша мәдениетін жетік білетін саналы азамат. Ол сонау жылдары алғаш тың игеруге Қазақстанға келгенде жергілікті халықтың көрсеткен қамқорлығын үнемі есінен шығармайды. Әсіресе Алпысбай ақсақалдың жас жігітті жылы шыраймен қарсы алып, көрсеткен ыстық ықыласы әсерлі баяндалады. Шығармада Мақпал ана бейнесі сәтті шыққан. Жазушы қарт ананы ақылшы, қазақы салт-дәстүрді ерекше қастер тұтатын жан ретінде бейнелейді. Ол отбасының берекесі мен ұйтқысы бола жүріп ақыл-парасатымен өзгелерден дараланып тұрады. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамын ғана ойламай, туған балалары мен немерелерінің саналы азамат болып қалыптасуын тілейді. Заман ағымын жете түсінген қарт ана қашанда жастардың жоқтаушысы, өткен өмір белестеріндегі ауыр күндерді еске ала отырып болашақ жастардың жаңа өмір салтанат құратындығына сеніммен қарайды. Не нәрсенің болсын әділін айтатын Мақпал ана әлдекімдерге ұқсап заман ауыртпалығын жастарға артпайды, қайта оларды жөнге салып алға жетелейді. Дегенмен сырт көзге байсалды мінезімен көрінген қарт ананың жүрегін езген қайғы дерті де жоқ емес. Ол – сонау сұм соғыста хабарсыз кеткен ұлы Жанғалидың қайғысы. Ана жүрегі ұлын өлдіге қимайды, ажал тырнағына қайтып қисын. Талай жыл жолын күтіп сарғайған ана үміті әлі де үзілмек емес, күндіз-түні алаңдаумен күй кешкен ана жүрегі бір жақсылықты күтеді. Жанғалидың қоңыр домбырасын шаң жуытпай сақтаған ана немересінің өнерге әуестігін байқап: «Төлешжан, бұл сұм соғыста хабар-ошарсыз кеткен ағаңның домбырасы ғой. Сені күтіп көп жылдар бойы үнсіз тұрды бұл домбыра. Оның күмбірлі үні, міне, енді-енді ғана шыға бастады. Жанғали ағаңның орнын сен бас, қоңыр домбыраны енді өзің сөйлет, құлыным», - деп ақ батасын береді. Жүрекке шемен боп қатқан ана қасіреті Нұрғалиға да батады. Ағасынан күдер үзсе де, оның майданнан жазылған соңғы хаты көңіліне неше түрлі ой салады. Бұл хатында Жанғали украин жерінде Ольга деген қызға үйленгенін айта келіп, соғыс алапатының оларды айырып жібергенін, ендігі жерде артында қалған ұрпағын інісіне аманат ететінін жазған болатын. Дегенмен анасына бұл жайында тіс жармауды өтінгендіктен, Нұрғали бұл сырды ішінде сақтап, кейін соғыс біткенде жан-жаққа хат жолдап, Ольга Петренконы іздеуге кіріседі. Алайда ешбір жауап болмайды. Сұм соғыстың ащы шындығы анасымен бірге жас Нұрғалидың да көңілін суыта бастағандай еді. «Жақсылықтың ерте кеші жоқ» дегендей, ақыры ана үміті ақталып, Жанғалидан қалған ұрпақ Азамат әкесінің суреті арқылы анасының аманатымен әкесінің елін іздеп табады. Жазушы оның туған жерге деген сағынышын арман-қиялымен ұштастырып, асқақтата суреттейді. «Тұлпар тегін табады» демекші, ата жұртты аңсап келген Азамат әр шаңырақтың табалдырығын аттап, төріне озған сайын жаңа бір қасиет танығандай сүйсінеді. «Менің ата-мекенім ауызға тегін ілікпеген екен ғой. Қонысы қандай кең болса, көңілі де сондай дарқан екен-ау», - дейді ол ризашылық сезіммен. Талапты жас бірден алғырлығымен көзге түсіп, қайнаған жұмысқа араласып кетеді. Шаңыраққа келін түсіріп, немере сүйгізіп, Мақпал әжесін қуанышқа бөлейді. Бұл жерде жазушыға тән қасиет – көркем ойлау жүйесінде ұлттық шеңберде қалып қоймағандығында, ұлттық эмоция мен ұлттық психологияны өзге ұлтқа жатсындырмай сіңіре алатындығында. Жазушы түрлі оқиғалар, тартыстар жер бетіндегі барша адамға тән, жеке ұлтқа арналған, бейімделген оқыс оқиға жоқ деген идеяны алға тартады.
Шығармада тәрбие мәселесі де аз көтерілмеген. Жазушы қатардағы қызметкер Бопанның маскүнемдікке салынып, отбасының шырқын бұзған қалпын жүгенсіздіктің, ар-намыстың жоқтығынан деп түйеді. Қоғамдағы моральдық жағынан азғындауға түскен жаңа ұрпақты жайлай бастаған дерттен арылудың жолын іздейді және бұл түйткілді мәселені көп болып қолға алудың маңызы зор екендігін ашық айтады. Шығармада Бопанның қатарға қосылуына көмектескен Нұрғали, Оңғарсындар қоғамдағы жеке адам мүддесін ғана ойлаушылар емес, бүкіл ұрпақ мәселесінің тізгінін қолға алушылар ретінде көрінеді. Қай проблема болмасын өмірмен терең сабақтасып жатады. Талғампаз жазушы шығармадағы Нұрғалидың салиқалы ойы арқылы ұлттық салт-дәстүр, туған тіл аясындағы проблемаларды да айналып өтпейді. «... Қазақ азаматы ғой деп қазақша жөн сұраса, шала-шарпы білсе де орысша жауап беріп, ана тіліне, туған халқының салт-дәстүріне мұрын шүйіре қарағанын көргенде Нұрғали балағат сөз естігендей ренжіп қалатын». Бұл жерде жазушы өзі өмір сүрген қоғамдағы ана тілдің хал-ахуалын шыншылдықпен бере білген, әрі осындай бір қысқа детальдарға айтар ойын сыйғызып жіберген. Тағы бір байқайтынымыз – Нұрғали еңбек жолында өмірден түйгені мол сергек жан, жан-жағындағы өзгерістерге жіті көз жібере алады. Ол айналасынан өзгелерге үлгі болар, ұлты үшін жан аямай тер төгетін жан иесін іздейді, ондай жанды табады да. Ол – ғалым Мирас. Жас күнінде балалар үйінде тәрбиеленіп, орта мектепті орысша тәмамдаған жігіттің аз уақыт ішінде ана тілін меңгеруі таңданарлық құбылыс.
Шығармада Дуанбай қарт бейнесі тамаша сомдалған. Бүкіл Ақбазар атырабының тірі шежіресіне айналған қария сонау бір кезеңде жаяу-жалпылап жүріп егін салып, мал өсірген, сөйтіп бүгінгі іргелі колхоз-совхоздардың өркендеуіне үлес қосушылардың бірі. Көпті көрген дана қарт өзі білген дүниелерді жастармен бөлісуге қашанда әзір. Қияға көз жіберіп, шаруашылықтағы өзгерістерді көре біліп, кез келген қиындықтан жол таба алады. Туған жердің бүгінгі хал-ахуалын жүрегімен ұға білген Дуанбай қарт кезі келгенде көкейінде жатқан ой орамдарын жайып салады. Ол әрине, тың игеру идеясымен астасып жатады: «Тың көтердік дейсіндер. Осы дақпыртпен жердің бетін қисапсыз айырып тастаған жоқсыңдар ма? Өзгені былай қойғанда, анау Барлыкөл, Ащылы алқаптарын жыртуларың қалай? Ол жерлер бұрын мал жаюға жарайтын, енді өрт жүріп өткендей, әне, шаңдағы шығып жатыр», – дейді қария өзінің бір сөзінде. Кезінде жоспарды орындаймыз деп жүріп ауыл іргесіне дейін талқандап жыртып тастаған жерлердің аянышты көрінісін жазушы шығарманың әр тұсында кейіпкерлердің ішкі ойымен дәлелді түрде ашады.
Шығармадағы басты кейіпкер Нұрғали мен оның қарсыластары арасындағы тартыстан ауылшаруашылық майданындағы шындықты бүкпесіз ашуға тырысқан автордың өзіндік шеберлігін тануға болады. М.Хасенов жағымсыз кейіпкерлерге бар қаһарын төгіп, жамандық атаулының бәрін солардың басына үйіп-төгуден аулақ. Олар да өз мақсаттары үшін күресушілер, бірақ өресі тар адамдар. Шығармадағы қара дауыл оқиғасы, эрозия мәселесі арнаулы білімі жоқ болса да, көкірегі оқу Нұрғалиды қатты күйзеліске түсіреді. Сөйтіп өзінше белсене күрес ашуы шығарманың өн бойында нанымды шықкан.
Әдебиет әлеміне «Алғашқы әнімен» келіп, сан салалы ғұмырында ауыл тағдырын бар шығармасының өзегі еткен М.Хасеновтің тұңғыш романы «Нартәуекел» де ауыл еңбеккерлерінің тағдырымен тығыз байланысты. Жазушының өмір шындығын танып білу, сол таныған дүниесін бейнелеу шеберлігі, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазушының өмірлік тәжірибесі, суреткерлік табиғаты негізінде қалыптасатынын ескере отырып, Мәди Хасеновтың материалдардың өзін сұрыптап, саралап пайдаланған. Олай болса өмірдегі Ғелман бейнесінің романдағы Мағжандай көркем образға айналуы шынайы таланттың ерен табысы емес пе. Осыған қатысты романдағы Мағжанның жұбайы Ұлсын-Ұмсын Досмағамбетова өз естелігінде былай дейді: «... Біз Мәди екеуміз бала жастан тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Зерендінің қарағай-қайың зерлеген әсем өңірінде, Қошқарбай тауының бөктеріндегі ауыл – екеуіміздің қимас ұямыз, алтын бесігіміз болатын. Мәди өсіп ержетіп, ат жалына жармасқан атпал азамат болды, мен тұлымы желкілдеген қаршадай қыздан бір шаңырақтың қазан-ошағын ұстаған келіншегі, бесігін тербеткен анасына айналдым. Бірақ тағдырдың жазуымен дәм-тұзымыз айырылысқан жоқ. Бірде Уәлиханов ауданының Қойтас совхозында тұрған жылдары, Целиноград қаласында тұратын Мәди үйімізге келіп мейман болды. Совхоз директоры болып істейтін ерім Ғелман сыйлас, сырлас адамдар еді, орайы келсе, сұхбаттасып, армансыз әңгімелесіп, бір серпіліп қалатын. Бұл жолы да Ғелман Мәдиге өзін толғандырып жүрген көптеген сырлардың бетін ашқан...». Журналистік кызметте жүріп, сол кездегі ауыл өміріне жете үңілген жазушының алған тақырыбының өміршендігін осымен ғана шектемейміз. Қоғамдық өмірдегі жылт етер жаңалықты өмірмен байланыстырған автор қаламынан туған кезекті туындының замана келбетін керемет дәлдікпен жеткізуімен құнды екендігін ескергеніміз жөн. Жазушы ауылшаруашылығында артта қалған, жоспарды орындамаушы бірде-бір еңбеккер, бірде-бір ұжым болуға тиіс емес және күрделі мәселелерді шешудің басты шарттарының бірі – ұйымдастырушылық қабілеті мол, білгір басшының болуы деген ой айтады.
«Көк те күңгірт, жер де күңгірт. Селт еткізіп, ойыңды бөлер бір дүние болсайшы. Баяғы сол жылбыраған жаңбыр, бозғылт мұнар» деп келіп, автор «Мағжанның көңіл күйі де күзгі аспандай бұлыңғыр еді», - дейді. Табиғаттың осы бір жансыз кейпі Мағжанның бүкіл жан қозғалысын, жүрек арпалысын, үміт пен күдік араласқан ойын білдіргендей. Жазушының кейіпкердің алай-дүлей көңілін күңгірт қара бояулармен өрнектеуі, сөйтіп, табиғат көрінісін адам психологиясымен астастыра суреттеуі ұтымды шыққан. Мағжанның биік адамгершілік сипаты, басқарушылық қабілеті жан-жақты көрсетіледі.
Шіркін, уақыт жылыстап, жақсымызды алыстатып, көзден әкеткенмен, көңілден әкете алмайтыны белгілі ғой. Кеше ғана салмақты мінез, сабырлы қалпымен жарқырап жүрген журналист жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері М.Хасеновтің өмірден өткен күнінен қанша алыстасак, рухына соншалықты жақындаймыз. Өйткені, ол қызметтес болып, аралас-құралас бірге жүрген журналистер, ағайын-туыстары үшін ғана ардақты емес, ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек үстінде жарияланған проблемалық, публицистикалық мақалаларын бірнеше кітап болып жарық көрген повестері мен романдарын сүйсініп оқыған мыңдаған оқырмандарына да жақсы танымал, қадірі асқан жан еді.
М.Хасеновтің шығармашылығына терең көз жібере отырып, оның туындыларының түгелдей ауыл адамдарының өміріне, кәсібіне, тұрмыс-тіршілігіне арналғанын байқаймыз. Журналистік еңбек қадамын «Тың өлкесінде» бастап, оны өмірінің соңғы сәтіне дейін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жалғастырған М.Хасенов ұзақ жылдар елден тысқары жүрсе де туған жерден қол үзген емес. Оның жұдырықтай жүрегі кішкентай Отаны Қошқарбай ауылы, Зерендім, Көкшетауым деп соққандығына шәк жоқ-ты. Бір кезде болашағы жоқ деген асыра сілтеушіліктің «құрбаны» бола жаздаған ауылының тәлкекті тағдыры жайлы жазушы газет беттерінде жазғанын былай қойып, түрлі мемлекеттік органдарға, өзі сыралғы дос болып кеткен ел ағаларына жалынып та, наз қылып та талай айтушы еді. Жазушының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында бәлкім суреткер азаматтың перзенттік жүрекжарды осы өтініштері ескерілген болуы керек, аудан басшыларының көмегімен Қошқарбай ауылы қайта түлеп шыға келді. Бір кезде жазушы шығармаларында көрініс тапқан шаруашылықтың жетілдірілген салаларынын туған ауыл келбетімен ұштасқанын көріп ақ адал арманның орындалған тұсы осы ма дерсіз. Сонымен қатар жерлестерінің жаңадан салынған мектеп үйіне Мәди Хасенов есімін беруі жазушыға көрсетілген ыстық ілтипаттың бір белгісі дер едік.
Қарымды қаламгер, дарынды журналист, жалынды публицист, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мәди Хасенов тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Оның барлық саналы ғұмыры, бүкіл шығармашылық еңбек жолы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Арқа ажары» газетінің шежіресімен қоса өрілді.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін қаламы қолынан түспеген талантты жазушы журналистиканың да, көркем әдебиеттің де қарсаңға салсаң сыр бермейтін қаранары болды. Кезінде бірге әріптес болған азаматтар да «Оның бала күнінен қалыптасқан сабырлылығынан, салмақтылығынан, бипаздай асықпай сөйлейтін әдетінен, аса кербез салтанатты қимылынан айнығанын көрген емеспіз» десе, үзеңгілес досы, ақын-жазушы Төлеген Қажыбайдың:
«Тайпалған тағалы аттай тарлан едің,
Өмірдің тас қиясын таңдап едің.
Қаламның қарымына қанат байлап,
Ғаламның бар болмысын барлап едің», -
деп жырлаған тұстарынан адамгершілік пен азаматтыққа тән небір асыл қасиеттерді бойына дарытқан жазушының келісті де келбетті бітімін аңғарамыз. Талғампаз жазушы, түйінді мәселені дәл тауып кезінде көтере білетін білгір журналист, адал жар, қамқор әке, әдебиет майданында «алғашқы әнін» әдемі салған, кешікпей «тұлпарша дүбірлеткен», содан кейін «нар тәуекелге» бел буып, «қайсар» ғұмыр кешкен ардақты азаматтың ғұмыры келте болса да, оның артында оқырман жүрегіне жол тапқан шығармалары, ұрпағы қалды. Мәди аға есімін ұзаққа апарар арқау солар болмақ. Ендеше ақиқат ғұмыр кешкен, алыс-жақынды болжап, адалдықтан ауытқымай өткен жазушы бейнесі жүрегімізден мәңгіге орын тебері сөзсіз.
Аян ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты
