«Мені жұмыстан шығаруды өзі бұйырды ма?»
Стефан Цвейгтің «Лепорелла» деген новелласы бар (осы жазушының бір ғажап қасиеті – үлкен әңгіме, тіпті хикаят дерлік дүниесін новелла атайды, сөйтіп новелла жанрын зәу биікке көтере алады).
Жас кезіңде басқаша боласың. Адамнан мін іздеп тұрмасаң да, қараңғылықты, надандықты, топастықты жек көресің, соны жек көретініңді және жасыра да алмайсың. Стефан Цвейгтің бұл шығармасын екінші курста оқығанда әсер басым болып, бар болғаны оқиғадан шошынғаным есімде. Ал қазір Лепорелланы жек көрмейсің, керісінше аяйсың. Байғұстың бары сол болса қайтеді ол? Егер әлі қолына түсе қоймаған, оқып үлгермеген оқырман болса, сол «Лепорелла» жайында қысқаша айтайық.
Бір барон болады, ол өзі сауықшыл, сайрандап өмір сүргенді жақсы көретін, аңға шығамын деп әйелдермен қызық қуып кететін адам еді. Оның үй қызметшісі болады, шын аты Кресценция, 39 жаста. Ол некесіз туған, он екі жасынан қызметте жүрген әйел. Жазушы оның түр-әлпетін кеспірсіз деп суреттейді, оның өмірінде ақша, базар, ошақ, шіркеу деген бірнеше ғана ұғым бар, газет, кітап оқымайды, көп сөйлемейді, мінезі аса тұйық, ертеден кешке дейін тыным көрмейтін еңбекқор адам.
Ал баронның оған жасаған алғашқы «жақсылығы» сырттай қарағанда болмашы нәрсе. Ол оның туған жерін біледі, сол жердегі қонақүйде оның пісірген асы бұғы етін жеген болып шығады, әзілдеседі, арқасынан қағады, ақша береді. Бірақ дәл осы бес минуттық қарым-қатынас Кресценцияның ішкі әлемінде төңкеріс жасайды. Міне, шығарманың ең қорқынышты жері осы.
Жооооқ, «ол баронды сүйіп қалды» деу келмейді, ол баронға өзінің өмірін түгел арнайды, және содан мағына табады. Бұған дейін оның өмірінің мәні еңбек пен ақша еді. Ақша жинауының өзі белгілі бір себебі бар: қартайғанда кедейлер үйіне түспеу. Жалғыз мақсат қылғаны сол. Енді өмірінде барон пайда болғаннан кейін бұл мақсаттың орнына «Мен барон үшін не істей аламын?» деген сұрақ келеді. Цвейг мұны өте дәл көрсетеді. Кресценция қызмет қыла жүріп, бірте-бірте өзінің кішкентай әлеміне баронның көзімен қарап, сезіне бастайды. Оның бүкіл «өмірі, ұмтылысы мен қалауы» өз денесінен баронның денесіне көшіп кеткендей.
Бұл кәдімгі махаббат емес. Бұл өзін-өзі жоғалту. Жазушы Кресценцияның баронға қатынасын бірнеше рет итке ұқсататын жері бар. Тіпті оның баронды «өз қожайыны, тіпті құдайы» ретінде танығанын суреттейді.
Адалдықтың өзі жақсы қасиет. Бірақ адалдықтың ішінде субъектілік сақталмаса, ол қасиет болудан қалады. «Сен не істесең де дұрыс. Сен үшін бәріне дайынмын. Сенің жауың менің жауым. Сенің қалауың менің қалауым» дейтін болса, не болады?
Барон Лепорелланың шексіз қызметін өзіне ыңғайлы болғандықтан қабылдай береді. Ол оған жылы сөз айтады, кейде ақша береді, театрға билет береді, еркелетіп құлағының сыртынан қағады, оның үнсіздігін ұнатады, оған өз ойын ашық айта бастайды. Барон үшін бұлар кәдімгі күнделікті ұсақ-түйек нәрселер. Ал Лепорелла үшін бұлардың әрқайсысы бағалы сәт, қасиетті жәдігерге айналады. Ол барон берген сыйлықтардың бәрін сандықшасында сақтайды. Баронның өзімен ақылдасқанына шексіз бақытты сезінеді.
Осы жерде Цвейг мойындауға ауыр нәрсені, айталық, бір адамның назар аударуға тұрмайтын «болымсыз мейірімі» екінші адамның бүкіл өміріндегі жалғыз ғана жылу болуы мүмкін екенін көрсетеді. Барон мұны түсінбейді. Сондықтан ол өзінің қандай психологиялық күшке ие болып отырғанын байқамайды. Лепорелланың трагедиясы оның «надан» болғанында ғана емес, ол өмірінде жылу көрмеген адам еді. Өмірінде ешкімнен жылылық көрмеген адам кішкентай назарды да ерекше қабылдайды (сондықтан біреуге көмектескенде, оның сезімін пайдаланбау керек. Өзіңнің берген жақсылығың басқа адам үшін қаншалықты маңызды екенін білмеуің мүмкін).
Байқасаңыз, Цвейг бізге Кресценцияның қалыптасу тарихын әдейі беріп отыр, оның некесіз туғанын, он екі жасынан қызметші болғанын, өмір бойы бел жазбай еңбек етіп келе жатқанын. Ешкім оны адам екен демеген, санаспаған. Оның сымбаты да әйелдік тартымдылықтан ада, өзі де кісікиік. Барон оны «Лепорелла» деп атайды. Бұл Моцарттың «Дон Жуан» операсындағы Дон Жуанның қызметшісі Лепореллоға байланысты әзіл ғана болатын. Шындап келгенде бұл мазақтау сияқты қылық, әйтпесе, қожайынының анау-мынау «жорықтарын» жасырып жүретін еркектің атын әйелге тели ме? Бірақ Кресценция бұл атты керемет ат сияқты қабылдайды.
Неге? Өйткені оған бірінші рет біреудің берген рөлі ұнайды. Ол енді жай қызметші емес. Ол енді жай қызметші емес, Лепорелла! Яғни баронның ерекше адамы.
Ол оған «Сен менің ең сенімді адамымсың» деген рөл береді. Сондықтан ол баронның жақсысын да, жаманын да көрмейді. «Барон жақсы адам болғандықтан мен оны жақсы көремін» демейді, «Барон болғандықтан ол менің бароным» дейді. Сондықтан барон әйелін алдап жүрсе де, оны ақтайды, оның көңіл көтеретін әйелдерін үйге кіргізуге көмектеседі. Тіпті жас қыздарды баронға өзі тауып береді.
Бұл кезде Лепорелла бұрынғы «жансыз» қалпынан мүлде өзгерген, ашылып сөйлей бастайды, тіпті әзілдейді, қажет жерінде қулық жасайды. Яғни барон оны қалыпты адамға айналдырғандай болады. Яғни ол бұрын байқалмаған қабілеттерін көрсете бастайды. Бірақ бұл қабілеттер қайда бағытталған? Өзін дамытуға емес. Баронның өмірін ұйымдастыруға. Ол баронның көңілдестерін байқайды, олардың мінезін түсінеді, олармен тіл табысады, қажет болса алдайды. Басқаша айтқанда, Кресценцияның интеллектісі оянады. Бірақ оның ақыл-ойы еркіндікке емес, қызметке бағытталған. Адамның қабілеті оянуы оның рухани дамып жатқанының белгісі бола бермейді. Қабілеттің қандай мақсатқа жұмсалып жатқаны да маңызды. Осы тұста бір күшті деталі бар: өмірі аузын ашпайтын Кресценция алғаш рет ән айтады. Автор оны «қараңғыдан жарыққа әрең шыққан» дыбыстар ретінде сипаттайды. Біртүрлі оқып отырып өзің мұңайып қаласың ба…
Бірде барон ұзақ уақытқа жоғалып кетіп, сауық-сайраннан оралған кезде әйелі екеуінің арасында ашу-араздық туады. Бұл кез келген отбасында болуы мүмкін, болып та жататын жағдай. Сол кезде Барон ашумен: «Мұның бәріне біржолата нүкте қойылуы керек» деген мағынадағы сөз айтады. Лепорелла оны сөзбе-сөз қабылдайды. Барон «әйелімді өлтір» деген жоқ. Бірақ Лепорелла үшін оның сөзі бұйрыққа айналды. Баронның әйелі газдан өледі. Бұл суицид деп ұйғарылады. Кресценция да соны растайды. Бірақ оқырман оның баронның сөзіне жауап ретінде істеген әрекеті екенін түсінеді. Цвейг мұны полиция детективіндей дәлелдеп бермейді. Неге? Өйткені оған қылмыстың механикасынан гөрі адамдардың моральдық жауапкершілігі маңызды. Лепорелла оған ашық қастық жасап өлтірді ме? Иә, мәтін соған өте қатты меңзейді.
Жазушы осы шығарма арқылы көп нәрсе айтады: мысалы, иттердің иесіне адалдығындай адалдықты адам өз бойына шақтағанда, бұның мәні өзгеріп кетпей ме? Мысалы, Лепорелла сияқты қандай жағдайда да иесіне адал болып қалатын, тіпті ол үшін жанын қиюға бар, ол үшін ештеңеден аянып қалмайтын қызметшің болған бақыт па, сор ма? Цвейгтің ұлылығы да осында: ол «мынау жақсы, мынау жаман» деп төрелік айтпайды. Ол бізді бір адамның ішкі әлеміне кіргізіп, «мына адам осындай болып қалай қалыптасты?» деген сұраққа мәжбүрлейді.
Әйелінің өлімінен кейін барон оның кінәлі екенін ішкі түйсігімен сезеді. Лепорелла үйге келгенде, ол өзінің соңынан ілесіп жүріп келе жатқан аяқ дыбысының өзінен қорқады. Тіпті оған қарауға шамасы келмейді. Автор бұны ашып айтпайды (Цвейг бәрін айтып қоймайды, оқырманға өзі ойлануға мүмкіндік береді). Лепорелланы сондай жағдайға жеткізген өзі екенін, оны адам ретінде көрмей, оның шексіз адалдығын пайдаланғанын, оның алдында әйелінің ар-намысын кемсіткенін енді барып түсінеді.
Барон оған жұмыстан кетуге тура келетінін айтқанда, Лепорелла «Мен не істедім?» деп сұрамайды. «Не үшін?» деп те сұрамайды. Ол бір ғана нәрсені білгісі келеді: «Мені жұмыстан шығаруды баронның өзі бұйырды ма?» Яғни ол үшін мәселе жұмыста емес, «Ол мені енді қаламай ма?» деген сұрақта. Ол енді соны білгісі келеді. Соңында ол бароннан алған барлық затын сандықшасына салып, оның үстеліне қалдырады. Ақша, билет, сақина, майда-шүйде сыйлықтар… Содан кейін Дунай каналының көпірінен секіріп өледі. Ол баронсыз өзінің кім екенін білмегендіктен өлді. Ал анау заттар: театр билеттері, аңшылықтан келген ашықхаттар, күміс сақина, ақша, фотосурет… Бұл заттар оның баронға деген адалдығының дәлелі сияқты. Бұл сандықшада Лепорелланың бүкіл өмірі жатыр. Ол өз өмірінде жинаған заттарының бәрін сақтаған. Бірақ олардың ішінде өзінің жеке тарихына қатысты нәрсе жоқтың қасы. Оның өмірі баронның берген заттарынан құралған.



Лепореллалардың басқа нұсқалары бар бізде. Олардың сөздік қорында: «Маған басшы солай деді». «Бәрі солай істейді». «Мен тек тапсырманы орындадым». «Менің ниетім жаман болған жоқ» деген сөздер болады. Жәәә, бұл енді басқа әңгіме.
