Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының жаңа кітабы таныстырылды

«Фолиант» баспасынан жарық көрген кітапқа автордың шағын төрт романы енгізілген. 

Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының жаңа кітабы таныстырылды - adebiportal.kz

Белгілі жазушы, драматург, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Интерадам» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. 

«Фолиант» баспасынан жарық көрген кітапқа автордың шағын төрт романы енгізілген. Әдеби кешке белгілі қаламгерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен оқырмандар қатысты. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, әдебиеттанушы ғалым Рахымжан Тұрысбек, ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов, жазушы, журналист Шархан Қазығұл және басқа да зиялы қауым өкілдері болды.

Кеш барысында автор жаңа еңбегінің жазылу тарихына тоқталып, қазіргі әдебиеттегі өзгерістер, оқырман талғамы және шағын роман жанрының мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы тарихи шығармалар, балалар әдебиеті, деректі және көркем проза жанрларында қалам тербеп, бірнеше роман жазған. Сондай кітаптың бірі – бүгін оқырманға жол тартып отырған «Интерадам». Басылым еуропалық үлгіде, оқырманға өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы форматта әзірленген. 

Қаламгер мұндай шешімді қазіргі оқырманның сұранысымен байланыстырады. 

– Бүгінгі қоғамда көлемді романдарды басынан аяғына дейін оқуға уақыт бөлетін адамдар азайып барады. Сондықтан жазушылар оқырман талғамындағы өзгерістерді ескеріп, терең ойды ықшам көлемде жеткізудің жолдарын іздеуі керек шығар. Мәселен орыс жазушысы Иван Тургеневтің көптеген романдары көлемі жағынан шағын болғанымен, көркемдік қуаты мен адам психологиясын бейнелеу шеберлігі арқылы әлем әдебиетінен орын алып отыр. Жапон әдебиетіндегі Юкио Мисима мен Кобо Абэ шығармалары да шағын болғанына қарамастан күрделі философиялық мәселелерді көтеріп, оқырманды терең ойға жетелейді. Ал біздің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және «Алтын Орда», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» мен «Елең-алаң» секілді көлемді шығармаларын оқуға бүгінгі оқырманның төзімі жете бермейді. Кейде қазақ оқырмандарының көркем әдебиеттен алшақтауына әсер ететін көп себептердің бірі кітап көлеміне де байланысты болуы мүмкін-ау деген ой келеді. Сондықтан оқырманды қызықтыратын өзекті тақырыптарды ықшам әрі көркем түрде жеткізуге ұмтылдық, - дейді автор.

«Интерадам» романы – шынайы өмірдегі адам мен интернет кеңістігіндегі бейненің арасындағы қарым-қатынас. Шығармада «Интерадам Х» деп аталатын жұмбақ кейіпкер интернет алдында отырған адамға электронды хаттар жолдап, оның өмірі, мінезі, достары, жақсы қасиеттері мен кемшіліктері туралы айтады. Бір қызығы, жұмбақ кейіпкер хат алмасып отырған адамның өміріндегі көптеген жайтты біледі. Ал өзінің кім екенін сұрағанда, тек «Интерадам Х» деп атауды ұсынады. 

– «Интерадам» – бүгінгі өмірдегі сіздер мен біздер және интернеттің ішіндегі адам. Интер-бейне дейміз бе, интер-образ, интер-кейіпкер дейміз бе, сол екеуінің арасындағы сөз алмасу, пікірлесу, ой талқысына түсуі. Мен бұл романды осыдан 6-7 жыл бұрын жазған кезде бүгінгі жасанды интеллект туралы жазайын деген жоқпын. Бірақ компьютердің ішіндегі, әлеуметтік желіде отырған адам жасанды интеллектінің бір көркем бейнесі сияқты жазылған секілді. Соған қарағанда, менің де ойым сәл ертерек оянған болуы керек, – деді қаламгер.

Жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Интерадамды» қазіргі қоғамның рухани ахуалын көрсететін заманауи шығарма ретінде бағалады. Ол жазушының әдеби тәжірибесіне тоқталып, оның «Олигарх қазақ» романы мен драмалық шығармаларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа туындының тілдік ерекшеліктеріне ризашылығын білдіріп, Жолтай Жұмат-Әлмашұлының жазу мәнерін Сәбит Мұқанов прозасымен салыстырды.

– Жолтай бауырымыздың қалам жазудағы тәжірибесі ұшан-теңіз. «Олигарх қазақ» дейтін романы бар, драмалары бар, әбден төселген. Сондықтан ол романның шарттарын жақсы біледі. Ал мынау – заманауи роман! Кәдімгі қазіргі біздің қоғамға, осы күнгі оқырмандарға арналған роман. Романның тілі кәдімгі Сәбит Мұқановтың тілі сияқты түсінікті. Шамасы жас күнінде Сәбит Мұқановты көп оқыған болу керек. «Интерадаммын. Маған қазақ та, өзбек те, қырғыз да, француз да, жапон да, қытай да – бәрі дос. Бәрімен жақын адамдай қарым-қатынастамын. Оларға қазақ едім деп айтпаймын, айтқым да келмейді». Міне, романның қасіреті осында! – деді Серік Негимов.

Сондай-ақ шығарманың тағы бір тұсында кездесетін «қабылан көзденіп» деген тіркеске назар аударып, жазушының бейнелі тілін жоғары бағалады. 

– Романда ана тілінен алыстау, ұлттық әдет-ғұрыпты менсінбеу, тарихи тамырдан ажырау сияқты мәселелер қозғалады. Бұл құбылыстар қазіргі қазақ қоғамы үшін де өзекті. Бұл шынында да қазіргі заманның адамы туралы роман. Біз көп нәрсені білеміз, бірақ істемейміз. Ойлаймыз, жақсы сөз сөйлейміз, оны жүзеге асырмаймыз. Жақсы ой бар, бірақ жақсы әрекет жетіспейді. Сондықтан бұл роман – дәріс, бұл роман – тағылым. Оны оқыған кезде қазіргі қоғамымыздың жағдайын көреміз, – деді профессор.

Кешке қатысқан генерал-лейтенант, қоғам қайраткері Абай Тасболатов та жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, оның жастар тәрбиесінде маңызды екенін айтты.

– «Интерадам» кітабын Қарулы күштер өкілдеріне де оқуға кеңес берер едім. Қазіргі әскери технологиялардың өзгеруі, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен дрондардың кеңінен қолданылуы интернет пен цифрлық технологиялардың адам өміріндегі ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан романда көтерілген мәселелер әскери ортадағы жастар үшін де маңызды, - деді генерал-лейтенант Абай Тасболатов.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған дәрігер, халық емшісі, ақын әрі сазгер Толқын Ақанұлы интернеттің адам психологиясына ықпалы туралы пікір білдіріп, интернет пен смартфондардың кең таралуы адамдардың күнделікті әдеттерін, қарым-қатынасын және психологиялық жағдайын өзгертіп жатқаны айтты. 

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек Жолтай Жұмат-Әлмашұлының шығармашылық жолына тоқталды.

– Урбанизация кезеңіндегі жаңа адамның бейнесі, қарапайым қарым-қатынастар, ауыл мен қала арасындағы дүние – мұның бәрі Жолтайдың қаламгерлік қасиетінің биіктігін көрсетеді. Қазіргі байыған қазақтардың ішкі дүниесі, психологиясы, әлеуметтік ахуалы шығармаларында көрініс табады. Жаңа романның талаптарына, көркемдік қуатына, жинақтау мен қорыту шеберлігіне келгенде де қаламгердің ізденісі байқалады, – деді ғалым.

Ал жазушы Шархан Қазығұлның айтуынша, романның негізгі тақырыбын тек интернетпен шектеуге болмайды. Шығармада урбанизация, өркениеттің дамуы және адамның табиғи болмысының өзгеруі сияқты күрделі мәселелер қамтылған.

Урбанизацияны тек қалалардың өсуі немесе жаңа ғимараттардың салынуы деп түсінуге болмайды. Бұл үдеріс адамның өмір салтына, дүниетанымына, мінез-құлқына және ұлттық құндылықтарға деген көзқарасына да әсер етеді. 

– Бұл роман жазылған кезеңде жасанды интеллект қазіргі деңгейде кең таралмаған еді.  Жүкең жасанды интеллект деген жоқ кезде-ақ осы романды жазып, қазіргі жасанды интеллектінің табиғатын ашып көрсеткен. Романда интернеттегі хат алмасу бар. Х адам өзі хат жазып отырады. Ал қазір жасанды интеллектіден өзіңіз туралы бірдеңе сұрасаңыз, өзіңізден де жақсы жауап қайтарады. Қандай кемшілігіңіз бар екеніне дейін айтады. Сондықтан Жүкеңнің осы құбылысты ерте сезгеніне ризамын, – деді Шархан Қазығұл.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan