Бұл күні адамдар Көкшетау қаласының ортасында орналасқан Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театрына көп жиналды. Үлкендер, жастар бар, зал халыққа толы болды. Жұртшылық бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Федерациясы психология ғылымдары Халықаралық академиясының құрметті академигі, ақын, жазушы, журналист Есенгелді Сүйіновтың «Көкшетау, сенің ұлыңмын!» атты шығармашылық кешіне келді. Кештің шымылдығы «Кербез сұлу» халықтық фольклорлық ансамбльдің орындауындағы Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Іле-шала Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалды.
Аталған кештің тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, белгілі ақын, Серік Жетпісқалиев алды. Жүргізуші кеш иесінің өмір жолымен және шығармашылығы туралы әсерлі ой айтты.

«Есенгелді Сүйінов бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты ежелгі Мәдениет, қазіргі Қарасай батыр ауылында дүниеге келген.
Бұл өңірде атақты Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жұмағали Саин, Мұса Асайынов, Кәрім Ілиясов сияқты таланттар туған. Егер бәрін тізбектеп жаза берсе ұзақ тізім болар еді. Осындай киелі өңірде дүниеге келуі де Есенгелдінің ақындық жолды таңдауына әсер еткен секілді. Осы тұрғыда оның ерекше сезімталдығын, аңғарғыштығын, ойының адал, пейілінің тазалығын атап өткім келеді. Ақынның айтылған асыл қасиеттерін жұртшылық әуелден бағалаған. Әлемнің даңқты әдебиетшілері мен әдебиет сыншылары «Бала кезінде қиындық көрмеген адамнан жазушы шықпайды», «Тағдыры жоқ адам ақын болмайды» деген тұрғыда пікірлер қалдырған. Менімше Есенгелі де тағдырлы ақын. Мектепте оқыған балалық шағында, алдында асқар таудай әкесінен, арада екі жылдан соң ардақты анасынан айырылып, қабырғасы қайысып, теперіш көріп өседі. Орта мектепті бітіріп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне екі рет барып, оқуға түсе алмайды. Жас кезінен журналист болсам деген арман оның көкірегінде ұялайды. Сонда да тауы шағылмай, алған бетінен қайтпайды. Әскерден келген соң үшінші рет барып, журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп, бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жұмыс істейді.
Жас кезінде Марфуғамен танысып, бір-бірін сүйіп, қосылып, дүниеге үш нәресте келіп, бақытты өмір сүрді. Марфуға Бектемірова да өзі секілді өлең жазады екен. Сөйтіп екеуі ерлі-зайыпты ақындар атанды, кітаптарын шығарып, елге танымал болды. Бірақ өкінішке орай зайыбы Марфуға өмірден ерте өтті. Ақылы мінезіне, көркі біліміне сай Марфуғадан айырылу ағамызға оңайға түскен жоқ. Ол үшін аспан айналып жерге түскендей болды.
Есенгелді туған-туысқандарының, дос-жарандарының, тілектес жандардың демеуімен, жылы сөздерімен, жұбатуымен есін жиып, қатарға қосылды. Қыздай қосылған қосағының орны Есағаң үшін ерекше бөлек еді.
Есенгелді Сүйінов өзінің сүйікті жары, «қазақтың дегдар ақыны» атанған Марфуға Бектемірова шығармашылығын насихаттаумен үзбей айналысып, оның кітаптарын шығарып, оқырмандармен бірге еске алу кештерін жиі өткізіп жүр. Жалпы маған Есенгелді ақынның бейнесі - Бурабайдың Айнакөлін айналып, сыңарынан айрылып, қаңқылдап ұшқан жалғыз аққуды көз алдыма елестетеді», - деді Серік Жетпісқалиев.
Алғашқы құттықтау сөз Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміреноваға берілді.

«Ұлт әдебиеті мен мәдениетіне өздерінің елеулі үлестерін қоса білген Есенгелді Сүйінов пен оның аяулы жары, белгілі ақын Марфуға Бектемірованың шығармашылығы мен мағыналы ғұмыры өскелең ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге. Ән мен жердің асыл бесігіне айналған Көкше топырағынан шыққан қос ақынның шығармалары қоғамымызда өзінің лайықты орнын алып, жастарды отаншылдыққа, елін, жерін қастерлеуге баулумен келеді. Жерлес ақынның содан бері қанша жылдар өтсе де, өмірден ерте кеткен қазақтың аяулы ақыны Марфуға Бектемірованың соңында қалған шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарып, есімі ел жадында қалуына жұмсап келе жатқан күш-жігері мен сүйген жарына деген шынайы сүйіспеншілігі қашан болсын, жоғары бағаға лайық. Бүгінде өз туған еліңізге қадам басып, жерлестеріңізді қол жеткен жетістіктеріңізбен қуантып, жырсүйер Көкшеңіздің өздеріңізді бағалай білер осы көпшілік қауымымен қауышып отырған кешіңіз құтты болсын. Сізге алдағы өміріңіз бен шығармашылығыңызға зор жетістіктер тілеп, жыр өлкесінде қанатыңыз талмай, тек алдан көріне беріңіз дегіміз келеді», – деп Алтынай Әміренова ақын Есенгелді Сүйіновке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хаты мен сыяпатын тапсырды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижанов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Есенгелді Сүйіновтың шығармашылығы туралы келелі баяндама жасады.
– Туған жерін, көгілдір Көкшесін көруге, жүрегінің сағынышын басуға келген ең бақытты сәтінде ақын інімізбен бірге болуды азаматтық парызымыз ғой деп келдік. Ақынын халқы іздеген, халқы ақынын іздеген осынау күн ертең тарихтың бір парағы болып қалады. Ал бүгін, залда отырған ондаған, жүздеген жастардың жүрегіне от құйып, рухын көтеріп кететіні сөзсіз. Көкше елі ешқашан таланттан кенде қалған емес. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Сәкен сынды дала өркениетінің ізі мұнда сайрап жатыр. Көкшенің әр тасы сөйлейді, әр жусаны сыр шертеді, ақ қайыңы сызылтып ән салады. Әдебиет әлемінде Көкшеден шыққан тағы бір ақын бар. Ол – өздеріңіздің алдарыңызда отырған – Есенгелді Сүйінов. Некрасовша айтсақ, ақын болу да, азамат болу да парыз. Көркемдік ой, сұлу сөз бен, шырайлы тіл, ұйқас пен талғам үйлескен жерде үлкен поэзия қалыптасады. Сол мехнаты көп «толғауы 90 қызыл тіл» ғана көркемдік өлшемі бар дүниеде - әр ақын өз орнын табады. Осындай ақындық жолды Есенгелді Сүйінов те бала кезінен таңдап алыпты. Өлең жазуды 5-сыныптан бастаған ол бүгінде еліміздегі танымал ақындардың қатарына қосылды.

Биылғы жыл тағы да Көкше үшін берекелі жыл болды. Диқандар екінші жыл қатарынан бітік егін өсіріп, мол астық жинады. Құтты болсын! Сол секілді ежелгі Көкшенің тумасы, көрнекті ақын, жазушы Есенгелді Сүйінов үшін де биылғы жыл берекелі жыл болды деп атап өткім келеді. 2025 жылдың сәуір айының соңында Есенгелдіге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Осы жылдың 19 мамырында ақынға Мәскеу қаласында Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының «Орыстың ұлы жазушысы және ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Иван Алексеевич Бунин атындағы әдеби-қоғамдық сыйлығы дипломымен және «И.А. Бунин (1870-1953)» медалімен марапатталды. Сонымен қатар қазан айында «Золотое перо Руси» атты Ресей Ұлттық конкурсында Есенгелді Сүйіновтың жоғарыда аталған «Көк биенің көз жасы» әңгімесі үздік шығарма деп танылды. Мен Есенгелдіні туған інімдей жақсы көремін, адамгершілігін, еңбексүйгіштігін, жазушылық қасиетін, өзінің бітім-болмысын бағалаймын.
Қаншама жылдар өтсе де өмірден ерте кеткен қазақтың аяулы қызы, талантты ақыны Марфуға Бектемірованың шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарып, есімін ел жадында сақтауға жұмсаған күш-жігері үшін, сүйген жарына деген шынайы сүйіспеншілігі, мөлдір махаббаты, адалдығы, тазалығы үшін қадірлеймін. Бүгін Есенгелді туған жеріне келіп, Сіздерді көріп мауқын, сағынышын басып отыр. Туған жерінің жаршысы болып жүрген осындай өзі ақын, өзі журналист, өзі жазушы, үлкен марапаттардың иесі Есенгелді Сүйіновке құрмет көрсетіп жатқан киелі Көкше еліне рахмет айтамын, - деді академик Уәлихан Қалижанов.
Шығармашылық кеште Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова, Есенгелдінің қос апасы Баян мен Оркен Сүйінқызы, еңбек ардагерлері Күлзия Дүкенбаева мен Мағауия Сматаев, Ақмола облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекова сөйлеп, ақынның шығармашылығы жөнінде жылы лебіздерін білдірді.

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері Есенгелді Сүйіновтың нәзік сезімге толы, сыршыл өлеңдерін жатқа оқыды. Республикалық байқаулардың лауреаттары Баян Жұбанова мен Жеңіс Бақберген ақын сөзіне жазылған «Өзіңді күтіп», «Сағындым сені» әндерін әуелете шырқады. Республикалық байқаулардың лауреаты Айгерім Әзімқызы орындауындағы Марфуға Бектемірованың сөзі мен әніне жазылған «Ақ қайыңға» әнін жұртшылық ұйып тыңдады. Келушілер кіре берісте қойылған кітап көрмесін тамашалады.

Қорытынды сөз кеш иесі Есенгелді Сүйіновке берілді. Ол кербез де сұлу Көкше өңірі ежелден ән-жырдың мекені болғанын, қазақ әдебиет дамытуға осында туған Еркеш Ибраһим, Жанайдар Мусин, Естай Мырзахметов, Ибрагим Салахов, Нұрмияш Көбенов, Төлеген Қажыбаев, Баймұрат Азнабаев, Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев, одан кейін Мағира Қожахметова, Жабал Ерғалиев, Қорғанбек Аманжолов, Өмірзақ Мұқаев, Марфуға Бектемірова, Қайырбай Төреғожин секілді ақын-жазушылардың сүбелі үлес қосқанын, олардың еңбегін ешқашан ұмытпау қажеттілігін атап көрсетті. «Үлкендердің ізін басып жаңа толқын өсіп келе жатыр. Солардың қатарында Алмас Темірбай, Қуаныш Оспанов, Мерген Тоқсанбай бар. Майра Қуанышеваны да осы лекке қосуға болады. Майра өлеңді жақсы жазады екен.

Осындай таланттар саны көбейе берсе екен. Бұлардың кітаптарын шығарып, шығармашылық кештерін өткізіп, барынша қамқорлық жасалса деген тілектемін. Өйткені жастар-біздің болашағымыз ғой»-дей келіп, Есенгелді Сүйінов жаңа өлеңдерін оқып, елмен қауыштырып, мәнді шығармашылық кешін өткізуге қолайлы жағдай жасаған Ақмола облысының басшыларына, жанашыр азаматтарға алғыс айтты.
