Бүгінгі естігіміз сол білімнің арқасы деп жүрміз ғой. Ал білдің бе? Енді осыны кәдеге жарат дейді – «қыл ым». Қараңызшы: «қыл ым» десек — «ғылым» шығады. Ғылымды кәдеге жараттың ба? Енді оны «қал», дамыт дейді — «ғалым» шығады. Осылайша ымға негізделген таным, сенім, ұғым деген тізбек адам өліміне дейін жалғасып жатады. Мұндай жүйе бірде‑бір халықтың тілінде жоқ. Онда қазақ тілі ең көне тіл болмағанда не болады?
Біз «қазақ», «түрік» дегенде көбіне атауына ғана қарап айтамыз. Бүгінгісі – кейінгі атаулар: «түрік» атауының да, «қазақ» атауының да қайдан шыққанын білмейміз. Ал шындап келсек, бәрі бар, бәрі жазылған. Тек бізде зерттеуге мүмкіндік берілмеді. Бұл ешкімнің жеке кінәсі емес: біреулер тарихшы болып бітірді, бірақ оларды қажет тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік бермеді, оқытпады. Оқытпаған соң оны қайдан білсін? Қараңызшы, Совет өкіметі орнағаннан бергі қазақ тарихшылары, кандидаты болсын, докторы болсын, академигі болсын, бәрінің қорғаған еңбектерінің тақырыбын қарап көріңіз, біреуінде де қазақ халқының тарихы жоқ.
Мысалға, біздің Ғылым академиясының Тарих институтын талай жыл басқарған, Қазақстанда «нөмірі бірінші тарихшы» деп танылған Манаш Қозыбаев ағамыз, Солтүстік Қазақстан университетіне де атын берді. Сол кісінің докторлық диссертациясының тақырыбына қараңыз: «КПСС Қазақстан Компартиясының Советтер Одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіндегі рөлі». Ал мұнда қай халықтың шынайы тарихы бар? Бұл тіпті соғыстың өз тарихы да емес, соғыс кезіндегі қиын‑қыстауда «жеңіске жеттік» деп, қазақ халқының, қазақ мемлекетінің оқ‑дәрімен, керек‑жарағымен қамтамасыз етілуін жақсы ұйымдастырғанын жазған дүние ғана. Ол да керек, әрине. Бірақ «тарихты жазыңдар» дегенде енді кім жазады?
Тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген академиялық төрт томдық пен бес томдыққа қараңыз: бұрынғыны қайталап, тек соңғы оқиғаларды ғана қайта жазған. Осы кемшілікті ескерген соң президентіміз тапсырма беріп, жеті томдық дайындалып жатыр. Оның қандай деңгейде болатынын білмеймін, екінші томы баспаға кетті, енді үшінші томды талқылап жатыр. Қалай шығады – оны да білмеймін. Егер жақсы болып шықса, құба‑құп. Өйткені тарих деген не? Қарапайым тілмен айтқанда – біздің ата‑бабаларымыздың өмірбаяны; әр кезеңде бастан өткерген заманақыр жағдайлары мен жасаған іс‑әрекеттерінің шежіресі. Ал осының өзі біздің жазба тарихта бар ма? Бізде: «пәлен мемлекет болды, пәлен кісі орнатты, тақталас болып құлады, қайта ыдырады, жеке хандықтар пайда болды, қайта бірікті, тағы ыдырады» – деген желі ғана. Бүкіл тарихтың өзегі –соғыс. Бірақ тарихтың өзі көбіне жеңгендердің қолымен жазылады, жеңілгендердің тарихы жоқ.
Осыны «әр халықтың тарихы жеңімпаздардың қолымен жазылады» деген сөзбен түйіндейді ғой. Жеңімпаздардың қошеметін алған, солардың саясатына бағынған адамдар жазған. Мәселен, Қытайдың тарихының атасы деп отырған Сыма Цянь – патша сарайының тарих бөлімінің бастығы болған. Қытайда бертінге дейін министрліктер секілді «тарих бөлімі» деген арнайы құрылым болған. Мәселе осында.
Осыдан кейін менің 1986 жылы «Алтын тамыр» деген кітабым шықты. Қарашада жарық көрді, бір апта өтпей Алматыда таныстырдым. Желтоқсанда көтеріліс болды, қуғын‑сүргін басталды. 1987‑нің басында «қазақ ұлтшылдығы» деген айып тағылып, қудалау жүрді. Сол кезде «кінәлі он тоғыз адамның тізімі Мәскеуге кетті» деген әңгіме тарады. Бір күні кешке, үйде шай ішкелі отырғанда телефон шыр етті (ол кезде сотовый жоқ, үй телефоны ғой).
«Қойшығарасыз ба?» – деп біреу хабарласты.
«Иә».
«Аман‑сау барсыз ба? Сақ болыңыз, бүгін он тоғыз адамның тізімі кетті, ішінде сіз де барсыз. Желтоқсан оқиғасының ұйымдастырушыларының қатарында», – деді. Мен сасып қалдым:
«Оған менің қандай қатысым бар?», – деп айтып едім, трубканы тастай салды.
Сонда қазақта қандай батыр жігіттер бар деп те ойлаппын. Бүгінге дейін солай ойлап келдім. Кейін осы әңгімені біреуге айтсам, ол басқаша пікір білдірді: «Ол – сіздің жанашырыңыз емес, КГБ‑ның адамы болуы мүмкін. Жанашыр болып сөйлеп, сіздің бар «қылмысыңызды» біліп алмақ болған», – деді. Мүмкін солай да шығар, мүмкін олай емес те шығар. Өз басым жамандыққа қимаймын: «Қазағымның бір азаматы аман қалсыншы» деп басын бәйгеге тіккен нар жігіт болды деп ойлағым келеді. Бірақ «мен едім» деп ешкім келген жоқ.
Содан соң, мен журналист болсам да, «Алтын тамыр» шыққаннан кейін Н. Назарбаев қасына алды. Президент аппараты жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің хатшысы етіп қойды, өзі төраға. Қарауымда қырық адам болды: ақын‑жазушылар, ғалымдар, саясаткерлер – қазақтың маңдайалды азаматтары. Солардың ішіндегі ең жасы, ең тәжірибесі азы бүгінгі президентіміз Тоқаев еді, жаратылысы жақсы жігіт, талай тапсырма берген. Мен ашқан үш жаңалығымның бірінің түпнұсқасын таба алмаған кезде, осы кісі Париждегі Луврдан соны алдыртып беруге көмектесті. Үлкен көмегі тиді.
Гумилевті білесіздер ғой. Марқұм Ақселеу бір жолы маған орыс тіліндегі бір кітап алып келді, өзі бір дана алса, маған да сондайын алатын. «Гумилевтің мына нұсқасын көрдің бе?» – дейді. «Гумилев бар ғой менде», — деймін. «ЖЗЛ-дан шыққан, қарасаңшы», – деді. Қарасам, шынында жүзжылдықтан екен. Бүктеліп тұрған жерін ашсам, әлгі он тоғыз адамның ішінде Ақселеудің де аты бар екен. Онда былай деп жазылыпты: «Одақтас республикаларда да Гумилевтің ізімен кетудің, қуатымен жүрудің белгілері шықты. Қазақстанда…» деп. Мен «Алтын тамырды» орысша «Предки» (бабалар) деп бергенмін, бізде тура соның «Ұлдар» нұсқасына ұқсап кеткенін сонда білдім.
Бірақ Назарбаев ерекше құрмет білдірген соң, мені ешкім қудалаған жоқ. КГБ да шақырып сөйлеспеді. Дегенмен, әлгіндей оқиғаның болғаны рас. Бәлкім, менің ешқандай қуғын көрмегенім де содан шығар. Өзім де Советтің зардабын отбасымнан көргенмін: әкемнің екі ағасы «халық жауы» атанып кеткен, Торғайда қайдағы «халық жауы» табылсын – бірақ сондайлар үйіне түскен екен, сонымен бітті. Қостанайдың ақ түрмесінде екеуі де қаза тапты. Содан кейін мен орыс халқын да, тілін де ұната алмай, өзімше өре түрегеліппін. Сөйтсем – ақымақтық екен. Халықтың да, тілдің де оған түк қатысы жоқ қой.
Басқа түскен соң аман‑сау қалу үшін орыс тілін үйренуге тура келді. Аударма да жасадық. Білесіз бе, айттым ғой, өзге тілді білемін, бірақ біздің тақырыптардың көбін орыстар аударған. Барсаңыз, жаныңыз тарихыңызға жақын бір тақырыпты жазған авторды табасыз; соны оқысаңыз, ол сізді аты‑жөнін де білмейтін басқа бір авторға жетелейді. Сөйтіп‑сөйтіп, біреу біреуге ұласып, кете бересіз. Алты жылдай солай жүріп, бірдеңе білген соң, бірінен бірі шыға береді, ананы білмесең, ойсырап тұрғандай көрінеді. Осылай іздеп жүріп, іздегеніңнің белгілі мамандарының бірі болып шығасың. Менің білуім де солай қалыптасты.
Қудалау басталған кезде, тапсырмамен Манаш Қозыбаев ағам «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жазды. Ол кезде үлкен форматпен шығатын, «Әдебиет және тарих» деген екі бетке тарихи тақырыптарға жазғандардың бәрі сыналатын. Соңында мен де сыналдым. Маған «Бөспебай» деген ат қойды. Бүгінгідей айғайлап, батыл айтқаным жоқ, бар айтқаным — ресми тарихтағы «түрік халықтары Алтайдан шыққан» деген концепция қате; түрік халқы Алтайдан шыққан жоқ, Алтай — кейінгі ұрпақтың бір басы ғана, түрік — адамзат баласы жаратылғаннан бар халық дегенім. Табиғи дыбыстардың да өз табиғаты барын, кірме тілдерде ондай табиғи дыбыстар болмайтынын айтып, аз‑маз дәлелдер келтіргем. Сөйтіп жазып жүргенімде «Бөспебай» атын қойды.
Мен ол кезде қызмет істеп жүрген адаммын, саясаттың салқынын білемін. Тапсырмамен жазылғанын да түсінемін. Қозыбаев ағам жазбаса, басқасы жазар еді — ағама ренжіген жоқпын. Бірақ ішімнен ант еткендей болдым: «Құдай жанымды аман қойса, Бөспебайдың көкесін көрсетемін», - дедім. Содан кейін бәрін сыпырып тастап, біржола тарихқа кірістім: журналистиканы да, қызметті де қойдым.
Мың да бір рахмет, Назарбаевтың өз инициативасымен мені Қытайға жіберді. Жанжанбаймен келісіп, үш бөлмелі үй, машина, үш аудармашы дайындап берді. Енді тыңдап‑ұғуым керек қой: иероглиф білмеймін, қытайша да жоқ. Қалай таңдаймын? Тарихшыға лайық аудармашы керек. Кітапханаға барып Сыма Цяньның, Бан Гудың, кейінгі Хань тарихын жазған Фань Хуанның үш кітабын алдым да, үшеуін де үш аудармашыға беріп көрдім. «Мынаны аудар», — десем, «болмайды ғой» дейді. «Сіз қытайша білесіз бе?» — деп қайырады. «Жоқ», — деймін. «Онда нені дұрыс, нені бұрыс деп тұрсыз?» — дейді. «Сен сияқтылар аударған нұсқаларды оқыдым, енді сенің деңгейіңді байқайын деп әдейі жасап отырмын», — дедім. Екеуін жаратып алмадым да, біреуін ғана қалдырдым. Бағыма қарай, ол — дұрыс адам болып шықты: қазақтың баласы, әкесі тарихшы екен, мектепте қытайша оқып‑бітірген. Бір жарым жыл екеуміз бірге жұмыс істедік.
