Кітапты оқи отырып, біз тек мәтінді емес, автордың жан дүниесін, қоғамға айтқысы келген сырын сеземіз. Кейде «Әдебиет порталы» – осы ішкі әлемді көре білуге, оны оқырманға шама-шарқынша ашық, адал жеткізуге тырысады. Таныстыру деген – насихат емес, түйсікпен сезіп, талдау арқылы оқырманды ойға жетелеу. Осы арқылы біз оқырманға әдебиеттің өміршеңдігін, оның бүгінгі күнмен байланысын көрсеткіміз келетін шығар. Әр кітаптың өз мінезі, өз тынысы бар. Әуелі оқисың, оқып отырып оқырман ретінде ішіңнен түйіп отырасың: «автордың мына дүниесі былай екен, мына дүниесінің ерекшелігі неде» деп…
Жазушы Қуаныш Жиенбай белгілі қаламгер, былтыр мемлекеттік сыйлыққа ат қосқан адамдардың біреуі. Атақ-марапаты жетерлік, бірақ, біз үшін Жазушы дегеннен мәртебелі атақ болмағандықтан, бәрін тізіп жатпадық. Өйткені жазушы жайлы айтқанда марапат пен атақтан бұрын, оның шығармасының соны идеясын (болса), ойдың салмағын, тілдік бояуын бағалау маңызды.
«Алматы-Болашақ» АҚ баспасынан биыл шыққан кітапта (384 беттен тұрады) отыз әңгіме бар екен. Оншақты күн жүріп оқып бітірдік, енді кітаптың мазмұнын емес, мәнін жеткізуге тырысайық.
«Мұз қала»
«Мұз қала» – адамның ішкі әлемі мен уақыт арасындағы күрес туралы әңгіме екен дедік. Қарапайым еңбек адамы Боранбай мұз қоймада жұмыс істейді (автор суреттеп отырған жер Қызылорданың балықшылар ауылы, сондағы балық сақтайтын қойма сияқты көрінді), өз ісіне адал, ұқыпты адам. Аптап ыстықта да текшелеп қаланған мұз кірпіштер арасында, суықтың ортасында жүргенімен, жүрегі жылы, адамгершілігі биік. Оның жұмысына деген көзқарасы мен өмірге деген сабырлылығын суреттеуінен жазушының кейіпкерге деген құрметі байқалады. Мұз қойма – Боранбайдың өмірінің бір бөлігіне айналған, бірақ сонымен бірге оның ішіндегі бір салқындықтың, ішкі жалғыздығының да бейнесі іспетті.
Бағдагүлдің қайтыс болғаны Боранбайға маңдайдан таспен ұрғандай ауыр соққы болып тиеді. Ол үшін бұл әйел жай таныс емес, өткен өміріндегі ең таза, ең ізгі сезімнің иесі еді. Жазушы осы сәтті салқынқандылықпен, сырттай бейтарап суреттеп, кейіпкердің ішкі күйзелісін сезінуді оқырманның өзіне қалдырады. Диалог аз, бірақ әр сөздің салмағы бар. Мұз қойманың ішкі көріністері, суық ауа, түн тыныштығы – бәрі кейіпкердің ішкі халін білдіреді. Автор сезімді ашық айтпайды, тек деталь арқылы жеткізеді. Бұл шынайылықтың әсерін күшейтеді. Боранбайдың «есеңгірей жаздауы» – оның жүрегіндегі жараның қайта ашылғандығы. Ия, «Мұз қаладағы» суық пен Боранбайдың ішкі отының контрасты – жазушының шебер тәсілі.
Шамасы автор осы контраст арқылы адамның шын сезімі уақытпен өлшенбейтінін Боранбайдың әрекетімен көрсете отырып, жылдар бойы үнсіз ғана жүрек түбінде Бағдагүлдің есімін сақтап жүрген Боранбайды өмірдің қатал шарттарына көнген, бірақ махаббатына сатқындық жасамаған жан ретінде көрсеткісі келген болу керек. Автор оның осы мұз қоймада сүйегі жатқан (алыстан келетін қызы келгенше жерлеуі бірер күнге ысырылған) Бағдагүлмен, ол арқылы – өткен өмірімен, жастығымен, өз жүрегі тоқтағанша өшпейтін сүйіспеншілігімен қоштасуын асықпай, табиғи ағыспен баяндайды.
«Куәгер»
Осы әңгімесінің басына автор: «осы әңгіменің сюжеттік желісін айтып, қағазға түсуіне себепкер болған марқұм Рақымжан Отарбаев еді» депті. Оқып біткенде біздің есімізге Рахымжан Отарбаевтың «Тоқтышақ» әңгімесі түсті. Ол әңгімеде бір ит бар еді. Өте сезімтал ит. Ерлі-зайыптылар ажырасып кетеді, ал ит неге бұлай болғанын түсіне алмай, екеуін де қимаған күйі, көзі мөлт-мөлт етіп... біресе оған, біресе бұған жүгіріп, екі ауылдың арасын шаң қылады. Екеуін де жақсы көреді. Тоқтышақтың әжесі айтпақшы «сағыныштан өлуге айналады». Қуаныш Жиенбайдың «Куәгерінде» де ерлі-зайыптының арасында кезек шапқылаған, екеуін де жақсы көргендіктен екі араны шаң қылған Ақмойнақ атты күшік бар. Хайуан болса да олардың адамға адалдығы осыншалық екенін көреміз. Жазушы Қ. Жиенбай иттің ішкі дүниесін сыртқы әрекеттер арқылы ашады. Иттің «көзі мөлт-мөлт» етуі не «құйрығын қысып» жүруі сияқты қысқа, нақты детальдар көп нәрсені жеткізеді.
Әңгіменің басында Ақмойнақтың адамға деген сенімі мен мейірімі айқын көрінеді. Ол үй иелерін қызғанбайды, керісінше олардың рақатына қуанады. Адамдар сияқты ол да өз орнын біледі, шекарасынан аспайды. Мұратхан мен Ақмоншақ арасындағы диалогтан олардың арасында сенімсіздік пен өкпе барын көреміз. Ерлі-зайыптының қарым-қатынасы бұзылған, ал осының бәріне куә болып отырған Ақмойнақ. Ия, Ақмойнақ күшік тек үй күзетшісі емес, отбасындағы өмірдің үнсіз куәгері. Ол адамдардың арасындағы дау-дамайдың мәнін түсінбесе де, ішкі күйзелісті сезіп, ит те болса өз бойынан өткізеді. Иттің «денесін жиып, дір-дір етуі» арқылы жазушы адамның қаталдығы мен хайуанның қорқынышын қатар суреттейді.
Ақмойнақ адалдықтың символы. Ол адамдар сияқты опасыздық жасамайды, сатқындықты білмейді. Жаңа айтқанымыздай, «Тоқтышақтағы» «сағыныштан өлуге айналған» деген анықтама бұнда да нақты эмоцияның көлеңкесін береді: сағыныш деген ішкі күй, Ақмойнақ та екі үйдің арасына үздіксіз қатынап, дәл осылай сағынады. Бұл жерде иттердің адалдығы адамның сатқындығына қарсы контраст. Қораның бір бұрышы, ағаш кереуеттің астында бүрісуі – иттің кешкен күйі. Ерлі-зайыптылар арасындағы сезім суып, арасы ажыраса да, ит бұрынғыдай екі үйдің арасын кезіп жүреді. Біздіңше, әңгіменің «Куәгер» деп аталуы да дәл, шынында да иттер бұларың не деп дауыс көтере алмайды, әділдікті талап етпейді, тек куә болады. Үнсіз куәгерлер. Ол екі адамның арасындағы бір кездегі сүйіспеншіліктің соңғы тірі куәсіндей.
Жазушы адам мен иттің арақатысы арқылы адамның рухани төмендеуін, мейірім мен адалдықтың қадірі жоғалғанын көрсетеді. Шығармада эмоцияны тікелей жазу аз, ал әрекеттер, детальдар, диалогтар арқылы беру жағы көп. Сол арқылы оқырман иттің қайғысын түсіне отырып, ит тек хайуан емес, жоғалған, бірақ әлі де тірі (бәлки шалажансар) сезімдердің белгісі екенін түсініп отырады. Шығармада ауыр үнсіздік тұрады. Бұл үнсіздік сағыныш пен жоғалту арқылы оқиғаның трагедиялық реңін күшейтеді.
Тіршіліктің философиясы
Кітаптағы әңгімелердегі басты нысана – адам тағдыры, қазақтың рухани болмысы және күнделікті тіршіліктің философиясы. Автор өмірдің сыртқы көрінісін емес, оның ішкі мағынасын ашуға ұмтылатындай. Әңгімелерінің бәрінде қарапайым адамдар бар: ауылдағы еңбекқорлар, бюрократиядан жапа шеккендер, адал қызметшілер... Бірақ сол қарапайым өмірдің ішінде үлкен адамгершілік мәселелер, әділет пен адалдық туралы ойлар жатады.
Мысалы, «Нөсер» әңгімесіндегі жаңбыр – жай табиғи құбылыс емес. Ол тазалық пен мейірімнің бір сипаты. Ел болып жаңбыр тілеп, тасаттық берсе де нәтиже шықпағаны, бірақ, жаңбыр жауса төбесінен тамшы сорғалайтын адам тұрғысыз жаман тамда тұратын Тілепбайға ел болып жақсылық қылудың артынша көптен тілеген жаңбырдың құюы – жазушының өмір заңдылығын меңзеуі. Жақсылық пен қайырым біріксе, табиғаттың да мінезі өзгереді. Бұл адам мен табиғат арасындағы рухани үндестікті көрсетеді.
«Түс көрмейтін кісі». Жазушының тұжырымына қарасақ, түрме, жындыхана, қорқыныш сияқты орта – сыртқы жағдай ғана. Ал негізгі мәселе адамның ар-ұяты мен рухани сынақтан қалай өтуінде. Мысалы, түрмедегі Ырысбайдың беделі – оның қорқыныш тудырар қаталдығында емес, өзінше ие болған беделінде, адам жанының сырын ұғуында. Ол – қоғамдағы моральдық биікті аңғартатын бейне.
«Құдайдың көзі» әңгімесіндегі Әбілмәжіннің әрекеті бір қарағанда жұмбақ, жасырын, бірақ ишарасы бар дүние. «Балшайымның балабақшасы» – осы уақыттың әңгімесі. Басында бүкіл жағдайы жасалған зәулім үйде бақуатты өмір сүріп жатқан отбасының үй қызметшісінің хикаясы сияқтанып басталып тарта берген. Үй қызметшісі болу тіптен оңай емес, жалпы істегенің біреуге, оның ішінде ақшасы да, таңдауы да көп адамдарға ұнау деген өте қиын нәрсе. Екінші жағынан ол – сол үйге қызмет ететін, сол үйдің құпиясын білетін адам. Біз тіпті бұдан шытырман оқиға күткен де сияқтымыз. Сөйтіп бір күні үй иесі осы керемет сәулетті үй-жайды қызметшіге қалдырып, өздері шетелге кетеді. Қызметші әлгі үйден балабақша ашады. Бұл адамның өмірінде шарықтау да, құлдырау да болатыны жайлы әңгіме.
«Төтенше табыс көзі», «Кішкентай ауылдағы үлкен оқиға» қарапайым адамдардың өмірі. «Арамтер» – бюрократияның үлкен-кішісі жоқ. «Дуадақтың дауы» – жалпақшешейліктің арты неге апарады? «Тынымсыз бір тәулік» –өзімен-өзі қалса жалғызсырайтын, қаланың тәртібіне көндіге алмай, шүңкілдесетін адам іздеп адақтап шығатын ақкөңіл, перзентінің бақыты үшін қатерге де бас тіге алатын Қылышбекті бәріміз танитын да секілдіміз.
«Үй қызметшісінің қолжазбасын» – Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы ма дедік. Сондай-ақ «Үрей» әңгімесіндегі Мұратбек Шерәлиев дегені Мұхтар Шаханов емес пе екен деген де ой болды, өйткені поэзиясы осынша аудитория жинаған ақын көп емес. «Елде жоқ ережелер» үкімет адамдарының мінез, әдеті, қарым-қатынастары жайлы. Бұны оқыған қызық. Неге осы қарапайым нәрсені қиындатып, күрделендіруге әуеспіз? Жүйеден бе? Санадан ба? «Жиделітоғайдағы жеті күн» – жұмыс барысындағы жауапкершіліктен қашып жындыхананы паналайтын «ойынның» ақыры туралы. «Құбыжық қаптаған түн» – шырқырап жылаған жас сәби тек сейфтен ұрлаған ақша орнына салынған кезде барып тыншу табады. Сәби таза жаратылыс, ол жамандықты жақтамайды. «Жеміс ағаштары піскен жоқ» – адамның соңғы сәтіндегі бой жазуы хақында. Адамның соңғы сәттегі аңсаған «атау-кересі» сол болды ма екен? Бірақ, қызы жіберген жеміс-жидек кешінде жетіп, ал әкелері таңда қайтыс болады... «Қыңыр» – әшейінде жуас Жолдасбектің әке-шешесінің сүйегі шыққан жерде той жасауға қарсы болып, бір түнде көшіп кеткені турасында. Қыңыр болса, қыңыр болсын, сүйсіндіретін мінез.
Өмірдің заңдылығын ғана емес, қисынсыз жағын да көрсетеді
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың кейіпкерлері күтпеген әрекет жасайды. Бұл жазушының көркемдік қолтаңбасы. Мысалы, «Қиян шеттегі қырық бес күндегі» Мінсізбай шетелге барып суға кеткен адамды құтқарады, «Мүрсәлімнің математикалық формуласында» өлім мен өмір орын ауыстырып кетеді. Бұл парадокстар кездейсоқ емес. Автор өмірдің заңдылығы емес, оның қисынсыз жақтарын да көрсету арқылы оқырманды ойлануға шақырады.
Айтпақшы, «Езуінен ақ көбік атқылаған түйе толқындар» деген суреттемесі ұнады. Қорыта айтсақ, автор әңгімелерінде өмір шындығы баяу, бірақ әсерлі, жүлгесін шебер тапқан ағыспен беріледі. Автор қазақ қоғамының өткені мен бүгінін, рухани өзгерістерді бейнелей отырып, адам бойындағы мейірім, адалдық, ар секілді мәңгілік ұғымдарды жаңаша қырынан көрсетеді.
